Өтен Ахмет. Бақытсыз «Жас түлектер» (Талдықорған дәптерінен)

ӘДЕБИЕТ
3201

10.10.2006. Заңды еңбек демалысымда мықшиып отырып жұмыс істедім. Театр туралы кітап баспаға кетті. Бір он күн демалайын деп сұрандым. Бүгіннен.

Одан түк пайда көрмесем де, кеудемді тік ұстап, таза жүріп келемін. Топқа қосылмаған қазақ үйірінен қуылған саяқ ат сияқты. Бұған менің көзім баяғыда жеткен. Оның үстіне қазақ боламын деп ру, тайпа, жүз шеңберінен шығып қалып, біреулердің бақшасына түскендей боп қаңғалақтап жүрген де жайым бар. Әрине, жас жетпіске таяғанда, қазақтың қанына біткен жікшіл мінезін ескерсек, жаңа ортадан дос, сыйлас-сырлас, жанашыр таба қою мүмкін де емес қой.

Осындай алашұбар көңілді бір демдеп қою үшін Елбасының жас шағын нысана етіп пьеса жазбақпын. Бұл ниетіме түрткі болған театрымыздың директоры әрі көркемдік жетекші - Мұрат Ахманов. Ол: «М.Әуезов «Тас түлек» деген пьеса жазған, білесіз ғой. Бәлшебектердің тас жүрек жастар тәрбиелеп жатқанын тұспалдаған. Ал бізге қазір жел өтінде тұра алатын жайнаңдаған отаншыл жастар ауадай қажет. Сондай дүние жазсаңыз қайтеді?». Өзім қоямын деп режиссер тапсырып тұрса, драматургте жан қала ма? Журналистік қызметімде Теміртау металлургтері арасында жиі болғанмын. Олардың өмірі туралы «Заңғар» деген роман жазып, Жазушылар одағы мен Теміртау металлургтерінің марапатын алғанмын. Әдебиетіміз үшін екінің бірі игере алмайтын тың тақырып. Қазақ жастарының ірі өндірістік мамандықтарды игеруі қоғам үшін қат мәселе. Осылайша екеуара ақылдаса келе, тәуекел дескенбіз. Ертеңнен бастап материал жинауға кірісем. Мен ол кісіні Теміртауда жұмысшы болған кезінен біршама жақсы білетінмін. Дерек, нақтылық жағы ғой енді іздейтінім. Кейінгі өміріне, ұстанған саясатында шаруам жоқ. Пьесаны «Жас түлектер» деп атаймын. Әдетте, 20-25 жас аралығында кім-кімнің де жан дүниесі, ниет-пиғылы таза болатыны белгілі ғой.

Жаны таза... Ондай адамның біз білетін қоғамда жолы болып мақсатына жеткенін әзірге көрген де, естіген де емеспін. Кімнің ісі қылмысқа жақын, жан дүниесі былық болса, сол адам «арсыз болмай бақ қайда» деп Абай айтқандай, атаққа жетеді, байлық жинайды. Неге? Мысалы, ірілерін алайық. Ленин, Сталин, Гитлер, Муссолини... Осыларды қарапайым логика, ұғым-түсінік тұрғысынан қандай адамдарға жатқызуға болады. Данышпандар ма? Жоқ, қанішерлер дейді тарихшылар мен қоғам танушылар. Алайда, дүниеге келген әрбір адам айналасына өзінің «менін» көрсетіп қалуға ұмтылады. Өзінің «мені» басқаның «менінен» артық та жоғары екенін дәлелдеуге тырысады. Және көпшілік есебінен. Неге миллиондаған халық, ұлт деп аталатын тобыр оларды әулие көріп, соңдарынан ереді, солардың айдаған жағына қарай жүреді. Жауған оқтың астында қара шыбындай қырылады. Сонда адамзат баласының жануарлар әлемінен айырмасы қайсы? Құрт-құмырсқа, шыбын-шіркейден бастап, піл мен китке дейін осы түйсікке бағынады ғой. Сонда, тағы да, бірден бір ақыл-естің иесіміз десек те, жеме-жемге келгенде, жан-жануарларға тән түйсіктен шыға алмай қалатын болсақ, адамбыз дегендегі жан-жануардан айырмамыз қайсы?

Қазақ қазақ ішінде жүрсе де рулық, жүздік ортадан басқа жерде шетқақпайға ұшырап, жолы кесіліп, тиесілі үлестен қағылып, жалғыздық көріп, жан күйзелісін тартар болса, біздің ұлттық тұтастық, ұлттық мүдде, мақсат-мұрат жайындағы туғаннан өлгенше еститін әңгімемізден не мән, қандай пайда бар? Өзімізді өзіміз алдау ма?

Қайда барсаң да ру-руға, ата-атаға бөлініп алып, өзді-өзі ерегіскен, бақталасқан жандарды көресің. Заң ортақ дейміз. Ауызбен. Іс жүзінде қандай заңды да әр топ өз пайдасына шешуге тырысады. Көбінше сүйтеді де. Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ дейміз. Дұрыс-ақ. Біріншіден, сүрінудің де сүрінуі, жаңылудың да жаңылуы болады. Екіншіден, жаңылу мен сүріну қайталана беретін әдетке айналса ше? Әлдебір арамза жексұрын лас қылығымен аты шықса да, шалқақтап жақсылар қатарында жүрсе ше? Әрине, қалай күн көрем десе де әркімнің өз еркі шығар, бірақ неге ондайлардан қоғамда жиренудің орнына табынатын кумир жасаймыз? Жоқ, менің кейіпкерім ондай болмайды.

07.01.2007. Пьесамды аяқтадым. Кеше қолжазбаны компьютерден шығарып оқыған едім, бүгін тағы бір қарап шықтым. 

Неге жаздым? Жағымпаздық емес пе?

Жұлдыз жорамалға жүгінсек, мен саршаянмын, Нұрекең жәй шаян. Жорамалшылар бұл екеуінің арасында ұқсастық көп болады дейді.

Мен сегізінші сыныптан кейін, 1956 жылы Қызылорданың Қармақшысынан Жезқазғанға келіп, мыс шахтасында кенші боп еңбек жолымды бастадым. 1957 жылы мектеп бітірген Нұрекеңнің жоғарғы оқу орнына түсу талабы әділетсіздікке кезігіп, ол комсомол жолдамасымен Теміртауға аттанған, сол жерде алғашқы еңбек жолын бастаған. Мен оның  өмірбаяндық кітабынан жас жұмысшы кезіндегі ой-арманы, мақсаты, түсінік-талғамы, өмір танымының сол кездегі маған қатты ұқсайтынын байқадым. Ол жақсы көретін «Весна на Заречной улице» деген әнді мен де қатты ұнататынмын.

2002 жылы «Жұлдыз» журналында жарияланған «Менің Президентім» деген эссем осындай шын түсінік, адал ниеттен туған болатын.

Міне, енді «Жас түлектер» деген пьесам дайын. Қазақта «Болар бала боғынан» дейтін мәтел бар. Мен оның жастай байқалған жақсы қасиеттерін ашуға тырыстым. Шығармада саясат жоқ. Өз күшіне, болашағына сенетін жайнаңдаған жас жігіт қана бар. Және ол жалғыз емес. Қасында өндірістік кәсіпті игерсек деген Қазақстанның түкпір түкпірінен келген өзіндей басқа да өрендер. 

Қазақ жастарының өндіріске келуі, өндірістік кәсіпті игеруі әлі күнге дейін мемлекет пен қоғамды мазалайтын үлкен мәселенің бірі. Пьеса осы тұрғыдан да құнды болуға тиіс деп топшылаймын. Кейін сыншылар әр жаққа ала қашпас үшін, әсіресе маған жағымпаз деген атақ тақпас үшін Нұрсұлтаннан бастап кейіпкерлердің аты-жөндерін түгел өзгертіп жібермекпін.

14.01.2007. Мұрат режиссер пьесамды алып, үш дана етіп көбейтіп, жоғарғы жаққа ала жүгірген. Бір данасын Мәдениет басқармасының бастығы Елеусіз Жанпейіске беріпті. Елеусіз десе елеусіз. Бойы тым тапал. Оның үстіне сөзге, ойға шорқақтау деседі білетіндер. 

Мұрат оған пьесаны басқа ешкімге бермеңіз, авторды ұстап отырмын десе керек. Анау да алдымен бізден өткені жөн ғой, президенттің туып өскен елі біз ғой депті. 

Мұрат одан шығып облыс әкімінің орынбасары Серік Мейірханұлына барған. Ол да пьесаға үлкен қызығушылық білдірген. Өзім тез оқып шығамын, сосын әкімге апарып көрсетемін депті.

Бұл өткен бейсенбі күні болған. Араға демалыс уақыты түсіп кетті. Мен Мұратқа асықпа дедім. Пьесаны Серік өзі ғана оқымайды, әдебиеттен түсінігі бар дейтін жақын біреулеріне міндетті түрде оқытып, пікірін сұрайды. Пьесаны әкімге содан кейін ғана көрсететін шығар.

Елбасының жастық шағын нысана етіп өндіріс тақырыбына пьеса жазу қандай қиын болса, оның сахнада қойылуы одан да қиын болары сөзсіз. Күні ертең іші тар, бәле іздеген біреулер спектакльден әлдебір жекелеген сөзді, көрініс әрекетті бұрмалап бықсытқандай болса, ол сөз Елбасыға жетсе, артының не боларын кім болжағандай... 

Сауысқаның түк емес, дүниеде шенеуніктерден сақ мақұлық жоқ...

04.07.2007. Режиссер Мұрат: «Көрерсіз, бәйгені шаппай алады. Бәйге алса, мұндағы сахналау мәселесі кедергі көрмейді, тез шешіледі», деп өзі қадағалап пьесаны Мәдениет министрлігінің гранттық бәйгесіне жіберткізген болатын. Бәйге қорытындысы шығыпты. Үміт артқан «Жас түлектер» ұшып кетіпті.

Грант алғандар сол баяғылар: Әкім Тарази, Роза Мұқанова, С.Балғабаев, Д.Исабеков, Т.Нұрмағанбетов. Қазылар алқасын Р.Нұрғалиев басқарыпты. Хатшысы Р.Мұқанова болыпты. Рымғали, әрине, «Мәмбет Мырқымбай тегі емес пе? Немесе телпегін теріс айналдырып киген оқулық» деген менің «Жұлдыз» журналында (2002 жыл) жарияланған сын мақалам үшін кеудесіне дық сақтап қалғаны анық. Он бірінші сыныптың әдебиет оқулығын қатты сынаған едім. Коммунистік дүниетаным көзқарасымен жазылған ана заманның оқулығы еді, мына заманда да сонымен балалардың миын шірітіп жатқаны үшін.

Менің бұл сыным Рымғалидың бүкіл ғұмырлық сүбелі ғылыми  еңбектерінің біразын жоққа шығарғандай болған еді. Соққы ауыр тигенін түсінемін. Ондайды ол қалай кешірсін, Өтен курстасым дұрыс айтты, ғылыми теріс жолда жүріппін, қателесіппін дей алмайды ғой. Сондықтан, әрине, ол мені кешірмейді. Дегенмен менің сөзім шындық еді. Түптің түбінде ол шындығым әділ айтылған сөз болып қалар деп ойлаймын.

Былтыр, 2006 жылы, жазушы Әкім Тарази да менің қатты айтылған сыныма ұшырады, Астанада өткен театр фестивалінде «Кенесары, Наурызбай» спектакліне жасаған қиянаты үшін. Ендеше, қолдарына билік тиіп тұрған соң Р.Нұрғалиев пен Р.Мұқанова қарымта қайтарудың қолайлы мүмкіндігін неге пайдаланбасын. Пайдаланған болар. «Жас түлектер» тоңқалаң асты. Бақылаушылары қаптаған кеденді жерде жолына бөгет қойылды. 

«Жас түлектерге» қандай мін тағылды екен? Саяси, әлде көркемдік? Қалай да грант, конкурс десе бар бәйгені белгілі бір топ қыл үстінен бөліп алатын өзгермейтін бір қалып бар. Бірақ сол бәйге алған шығармалардың кейін рухани құндылыққа айналып жатқанын көрмейсің. Біздің қазақ неге белгілі бір есімдердің төңірегінен, қай салада болмасын, айналып шықпай қалады. Әлде бұл коррупциялы, мафиозды қоғамға тән, соның басты белгілерінің бір сипаты ма?..

20.04.2008. Кеше, сенбі күні, «Жас түлектердің» ролдері бөлінді. Рол алған әртістердің сөздері жеке-жеке дайындалып, қолдарына берілді. Режиссер Мұрат Ахманов «Іске сәт!» деп, мен «Еңбегің жансын!» деп тілек жаздық. «Менің ұстазым Бәйтен Омаров өстуші еді», дейді Мұрат.

Пьесаны сахналауға әзірге ақша бөлінген жоқ. Мұрат сонда да бастап кетті. Өйткені маусымның 20-да Астанада Жамбыл Жабаевқа ескерткіш ашылмақ. Сол салтанаттың сценариін Мұрат екеуміз жазғанбыз. Сол күннің кешінде «Жас түлектерді» көрсететіндей болсақ қатып-ақ кетер еді», дейді ол. Сірә, облыс Астананың 10 жылдығына апарар жөнді ештеңе таппай отырған болса керек.

Пьеса Нұрекеңнің Украинада оқып, Теміртауда металлург болған жалынды жастық шағына құрылған еді. Мен мұнда екі нәрсеге жоламауға тырыстым: саясатқа, жағымпаздыққа. Егер дұрыс қоя алсақ, жақсы дүние болып шығарына титтей де күмәнім жоқ.

Ауылдан шыққан, қозы-лақтан басқа түк көрмеген қазақ жастарының қалаға келіп, өндірісші – металлург мамандығын игеруі, шынында, қызықты болуға тиісті ғой.

22.04.2008.

         -Ардақ Сыздықпен сөйлестім, - деді Мұрат.

         -Иә, не жайында?

       -Екі спектакльге ақша сұрағам, сессияда қаралмапты. Жұмысымыз тоқтап тұр, дедім ренішімді жасырмай тік сөйлеп. «Бикен Римованың «Қос мұңлығын» жоспарладың ба?», деп сұрады ол менен. «Ойда бар, қаржы жоқ», дедім. «Бір спектакль қою үшін қанша қаржы керек?», деп анықтай түсті Ардақ. «Жақсы спектакль шығару үшін екі миллион теңгедей қаржы жұмсалмай болмайды», дедім мен. «Қос мұңлықты» қоятын болсаң, келесі сессияда екі миллион теңге бөлгіземін», деді Ардақ.

Марқұм Бикен Римова найман, облыс қаржысының құлағында отырған Ардақ Сыздық та найман екен.

Иә, бізде бәрі осылай шешіледі ғой негізінен...                 

22.04.2008. Бүгін «Жас түлектерді» тағы бір тазартып қарадым. Мұрат оны облыс әкіміне көрсетпекші. Хат жазып бердім. Сметалық шығындарын қосып алып кетті. Қабылдай ма, қабылдамай ма, оны енді әкімнің көңілінің құрты біледі де.

10.07.2008. Мен қазақ бауырларыма қайран қалам. «Жас түлектер» және Бикен Римованың «Қос мұңлығын» сахналау үшін төрт миллион теңге қаржы бөлінетін болыпты-мыс деген сыбыс шыққан еді. Сол расқа айналған-ау. Бильярд ойнап жүрген едік, Мұрат маған біреулер тиісті жерлерге арыз айтыпты дегені.

         -Не үшін?

         -Екі пьесаны сахналауға төрт миллион теңге тым көп болады депті.

         -Қызық, ә. Осы біздің қазақтың миы кеуіп кеткен бе, қалай өзі? Адам баласының қиялына келмейтін қылықты қайдан тауып шығара қояды. Ешбір ақылмен, логикалық қисындармен түсіндіру мүмкін емес жексұрындық. Барлық жердің қазағының осындай ұқсастығы керемет: один к одному.

Мен Қарағанды телерадиокомпаниясын басқарып тұрғанымда тоғыз жас қазақ қызметкерге, өз табысымыз есебінен, пәтер алып бергенімді ойладым. Сонда олар рахмет айтудың орнына, неге бізге пәтер сатып алып берді деп үстімнен арыз ұйымдастырған еді. Сондағылары - бұл әрекетте заң бұзушылық бар ма, бар болса, қызметінен алынсын, сотталсын, ал пәтеріміз өзімізде қала береді ғой...

Мұраттың мына айтып тұрғаны да тап сондай нақұрыстық. Сірә, кейбіреулердің қазақ болудан безулері тегін емес-ау...

18.07.2008. Ақыры айдың он бесі күні өткен мәслихатта театрға төрт миллион теңге қаржы бөлініпті деген нақтыланған қуанышты хабар жетті. Бірақ әкімші директор Б.Тезекбаевтың айтуынша есепшотқа түскенше ақша бөлінді деуге болмайды. Оның үстіне осы айдың 23 күні облысқа Президент келеді-міс. Әкім ауысуы мүмкін. Мейлі ғой, дейміз, әкімдер келеді, кетеді. Ел орнында қала беретін шығар. Солайы солай ғой, дейді, сұңғыла білгіш Базарбек, жаңа әкім  бірден қаржы айналамын қолға алады емес пе... 

Қойшы, театрдың не жазығы бар, тоқтатып қоятындай, дейміз, қаржы бөлініп, оны мәжіліс бекіткен болса, көптен күткен сәтті күннің келгені де. Ендігі серт – өзімізден. Қойылым тағдырын режиссер мен әртістердің шеберлігіне тапсырайық. Бүгінгі қазақ жастарына романтизм дейтін қанатты арман керек, пьесамда соны тұспалдадым.

Еңбегі жоқ ел, өнбегі жоқ ел. Еңбектің мәнін, тілін тауып айта білсек, мұндай шығарма кімді болсын немқұрайды қалдыруға тиісті емес.

09.08.2008. Былтыр театрға жаңадан келген жас әртістер қатарында қобалжу көп. Енді қайтсін, облыста олар тұрмақ, жалпы театрды ойлап жүрген жан болсайшы. Жастарға пәтер түгіл, жатақхана беретін түрлері байқалмайды. Осы уақытқа дейін оларды театр өзі ұстап келді пәтер жалдап беріп. Ал алатын айлықтары ауыз шаюға да келмейді.

Өткен бейсенбі, 7 тамыз, түскі үзіліс кезінде бильярд ойнап жүргенімізде, Мұрат осы жайды сөз етті. «Жас түлектердегі» негізгі ролдерде театрға кейін келген жастар еді. Егер олардың алды кетер болса, орындарын алмастыру қиынға түспек. Жастар кетсе, театр демікпесі бар адамдай екі күннің бірінде талықсып қалатындай күйге ұшырауы сөзсіз. Ал облыста ақша көп. Оны қайда шашпай жатыр. Қазақ өнері – қазақтың рухани тағдыры ғой. Алайда оған көзқарас нөл.

Түстен кейін Мұрат шақырады деген соң, барсам, қызарақтап отыр. Қасында бас есепші Галина. Театрда қанша рет басшы ауысса да орнынан мызғымайтын бір қара жартас. Театрға қызын орналастырып қойған. Байы Вася ұста цехының меңгерушісі. Бір жылда бір шеге қақпайды, оны театрдың портфелсіз директры деп те атайды.

         -Интуициям сезген екен, -деді Мұрат, - Галина айтып келіп отыр, Мәдениет бөлімінің бастығы Елеусіз Жанпейісов «Жас түлектерді» қою үшін облыс әкімінен немесе тура президенттің өзінен рұқсат алу керек-мыс.

         -Бұл қайдан шыққан заң, -дедім мен күліп,- әдебиет пен өнерге мұндай бұйрық жүрмейтін сияқты еді ғой. Сталин заманында да бұлай болып көрмеген. Сосын қазақ театрында нені қойып, нені қоймау жөнінде Мәдениет бөлімінің бастығы орыс есепшімен неге әңгіме жүргізеді. Театрдың директоры – көркемдік жетекшісі сенің кім болғаның сонда?

Менің осы сөзімнен кейін Мұрат бір серпіліп қалды. «Расында мұнысы қызық екен, Жанпейіс секілді білімсізге облыстың мәдениетін басқартып қойған соң, біз қайтіп оңамыз», деп.     

09.09.2008. Театрға келсем, Мұрат Ахманов та осында екен, сағынысқан жандардай құшақтасып амандастық.

         -Былтыр келген жастардан тағы екеуі кетті, - деді Мұрат, - Айдос, Қанат, Махаббат. Павлодар театры мен Қызылорда театрынан да үшеу-үшеуден кетіпті.

         -Биыл бітіретіндерден ешкім келмей ме екен? – деп сұрадым.

         -Белгісіз. Жігіттерге айттым, сұрау салыңдар дедім. Сосын сөзін жалғастырып: - Болат Атабаевпен ренжісіп қалдым, -деді.

         -Жайша ма?

         -Біздегі, басқа театрлардағы тәуір деген жас әртістерді сол алып қойып жатыр. Жалғыз ол емес, Әкемтеатр да, ТЮЗ де.

      -Қызық екен, - дедім мен, - өздері өнер академиясында сабақ береді. Студенттер қойылымдардың көпшілік сахнасына қатысады. Бітіргендерді пашкесімен алып қалып жатады. Периферидегі әртістерге ауыз салғандары несі? Әлде облыстық театрларға келгендер бірден талантты болып кете ме?

         -Әрине, біз оларға бірден үлкен ролдер береміз, сондықтан тез ашылады. Соған қызығады да...

12.09.2008. Бүгін аяқ астынан апыр-топыр болдық та қалдық. Елеусіз Жанпейісұлы «Жас түлектердің» сахналық дайындығын баяндасын, содан соң ішкі саясат бөліміне көрсетсін депті. Спектакльдің макетін құшақтап үйіліп-төгіліп бардық.

Суретші Хамза және қойылым бөлімінің меңгерушісі, макетті Елеусіздің үстеліне орналастырып жатыр.

         -Мұның керегі жоқ. Спектакль қалай қойылады, соны видикке түсіріңдер, немене әлгі С2 ме, сондайға жазыңдар. Сосын Қазақстанға белгілі театр сыншысы, режиссер, драматург, тағы сондайлардан пікір алыңдар. Соларды саяси шешім шығаратын жоғарыдағылардың алдына жайып салыңдар. Мақұлдаса, сөз жоқ, қоя беріңдер.

Салымыз суға кетіп, қайтып келе жатып әлгі шарттарды қалай орындаудың жолын қарастырғанбыз. Әуелі пьесаны киносценарий түрінде толықтыру керек, сосын аузы дуалы кісілер –мамандардан кепілдік аламыз. Мә, саған!

Екпін басылып, үйге қайттым. Келе жатып ойладым: театр заңды тұлға, өзіне тиесілі құқықтары бар. Әлдебір режиссер, театр сыншысы мемлекет мекемесінің міндетін мойнына қалай алады? Қалай кепілдік береді? Қазылар талқысына түсіп жатса бір сәрі. Олардың артынан жеке-жеке мен қалай жүрем, бір жерден емес, әр жерден іздеп. Кеңкелестік болмай ма? Әрине, бұлай істеу бос далбасалық.

Мәселені шешудің тура, төте жолы бар. Пьесаны Қазақстан Магниткасын көтеріскен алғашқы қазақ жастарына арнау керек. Ондағы өмірде болған адамдардың аты-жөнін өзгерту керек. Болды. Одан спектакль ұтпаса, ұтылмайды.

Театрдағыларға осы ойымды жеткізбекпін. Бұған қарсы Елеусіз де ештеңе дей қоймас.

Ал егер менің пьесам қойылмасын деп жүрген болса, онда басқа айтар сөзім жоқ.

13.09.2008. Таңертең кешегі ойымды Мұратқа жеткіздім. Ол шығарма құндылығы оның Елбасының жастық шағына арналғандығында ғой. Негізгі мәйегі өзгерсе, бар қасиеті бірге кетпей ме деді.

         -Солайы солай. Мәдениет туралы заңда театр заңды тұлға ретінде көрсетілген. Дербес шешім қабылдауға еркі бар.

         -Көру керек екен, -деді Мұрат.

Құжатты қарадық. 22- бап. Атауы –Театр. Соның 2- тармағында «Театр репертуар қалыптастыруда ерікті» деп көрсетілген.

         -Елеусіз деген бір түсініксіз жан болды, -деді Мұрат. – Бірнеше театрда Президенттің жастық шағына арналған спектакльдер қойылды. Кино түсірілді. Түсіріліп жатыр. Нешеме роман жазылды. Оған арналған өлең-жырларда есеп жоқ.

         -Менің пьесама жол бермеудің жасырын амалы шығар.

      -Ау, театр қайраткерлері одағынан, Еркін Жуасбектен қағаз сұрасақ қайтеді, Мәдениет туралы заңға сүйеніп жазып берсін, - деді Мұрат жаңалық ашқандай қуанып. –Елеусіздің маңдайына апарып жапсырайық.

Ол телефон соғуға кеткен. Шақырды. «Елеусізге ондай қағаз керек болса, оның жарасы жеңіл, 29 қыркүйек 6 қазан аралығында академтеатр Талдықорғанда болған кезде жасап береміз», депті Еркін Жуасбек.

16.10.2008. Театрдың барлық қағаз жұмысы менің мойнымда. Сондай мәселемен Базарбекте отыр едім, үстімізге қасында бір жастау әйел бас есепші Галина Николаевна кіріп келді. М.Әуезов театры келгенде жаңадан ашылған «Айсер» ресторанында банкет берілген. Соның ақысын қуып жүр екен. Ресторан әлі заңдастырылмаған. Мөр жоқ. Есеп-шот ашылмаған. Есеп фактура бере алмайды. Қолдарында тек ішкен-жеген тағамдардың тізімі мен жалпы сомасы көрсетілген бір жапырақ қағаз ғана.

         -Ақшаны қолдарына қалай ұстата саламыз. Қаржы орындарына қалай есеп береміз, -деп шырылдайды Галина.

         -Біз ескерткенбіз, - дейді қонақ әйел. –Облыс әкімінің орынбасары Серік Мұқанов біледі. Ештеңе етпейді, есептеседі, көзін табады деген ол бізге.

Шынында қызық. Әуезов театрының гастролі біздің қаржымызды босқа шашқызып ойсыратып кетті. Әлі заңдастырылмаған ресторандағы бір кеште ішіп-жегендері бір миллион теңге болып театр мойнына артылды. Биліктен асқан зәлім бар ма? Олар оңтайлы сәтті пайдаланып бар шығынды театрдың өз мойнына аудара салды. Сөйтіп үш жылдан бері айтылып, он рет қайта жазылып, көркемдік кеңестен өткен, саханалау туралы бұйрық шыққан, декорациясы дайындалған, ролдеріне әртістер бөлінген, репетициясы жартылай өткізілген, мәслихат арқылы арнайы атаулы 1 миллион 900 мың теңге ақша бөлінген дүниемді жарға апарып құлатты да жіберді.

Олай бұлғалақтатып, былай бұлғалақтатып, ақырында пьесаны Астанаға көрсетіп алу керек дейді қайдағы жоқты шығарып. Кімге көрсетеді? Иә, пьесаның басты кейіпкері Сұлтан бейнесіне Елбасының жұмысшы болған жастық шағын прототип етіп алғаным рас. Алайда Сұлтан бастаған шығарма кейіпкерлері қойшы ауылдан шыққан жас жігіттер. Ондайлардың өндіріске келуі, жұмысшы мамандықтарын игеруі бұрын да, қазір де, алдағы уақытта да әдебиеттегі маңызды тақырыптардың бірі болып қала бермек. Пьесада саясатқа сүйкенген жер жоқ. Мақсат - кешегі ауыл жастарының тәуекелге бел буып, өндіріске келіп, қазақ баласы үшін мүлде тың мамандық қалай металлург болғанын көрсету. Неге осыншама шырғалаңға түскеніне түсінсем бұйырмасын. Қысқасы, спектакльге бөлінген қаржыдан Әузов театрының ішіп-жеуі үшін босқа шашылған ақшаның орнын толтыруға рұқсат беріліпті.

Ал театрдың бюджет ережесінде қонақтардың ішкен-жегеніне төлесін, қымбат сыйлық алып берсін деген бап жоқ. Оның үстіне қазір қаржыдан тарылып тоқырау ма, дефольт па, сондай бір пәлелер өршіп тұрған жағдайдамыз.

Өтімді жаңа өнімің түгіл, идеяңды ұрлайтын заманда сақтанбасқа болмайды. Ал Мұрат анда жаз, мұнда жаз деп жанымды қинап жіберді. Ақыры мынау. Тіпті театр қайраткерлері одағының төрағасы Еркін Жуасбектің қолдауы да түк әсер етпеді. Дастархан басында ол әкім С.Үмбетовке қаратып, пьесаның маңыздылығын түсіндірген болып сөйледі де. Бәрібір билік оның сөзін қыстырмады. Егер үн-түнсіз дайындап алып, бірден сахнаға шығарып жібергенде ғой...     

27.10.2008. Қазанның 21 күні театрда Республика күніне арналған жиналыс өтті. Сахнаның үстіне, сахнаның алдына жаңадан алынған кілемдер төселді. Оған жұмсалған ақша тағы да «Жас түлектерге» бөлінген 1 миллион 900 мың теңгенің есебінен болды. М.Әуезов театрының әртістері мен басшыларының жемсауын бітеуге жұмсалғаны бар, сөйтіп «Жас түлектер» талабына жете алмай, орта жолда сахна үстінде құлап, омыртқасы үзілді, әкім аяғының астына төселген кілемнің садақасында кетті... 


P.S. Өзі айтып жазғызған еді, сосын да шығар, осы пьесаны сахналауға Мұрат Ахманов қатты құштар болды. Ғ.Мүсірепов атындағы Жастар театрында да талпынып байқады-ау деймін. Кейбір үзіктерін көрсетті білем. Одан әріге бара алмағандай. Себебін өзі болмаса, мен білмеймін. Теміртаудағы орыс театры да қызығушылық білдірген. Директоры егер бізде жолы болмаса, Украинадағы әріптестермен сөйлесем, соларға қойғызам деп те күшейген. Қырым мен Донбастың басына төнген қара түнекке байланысты Украинаны қырсық шалды деп, ақырында ол да үнсіз кетті.

Сөйтіп бақытсыз, бақсыз «Жас түлектер» сахна әлеміне шыға алмай, жастық қайраты мен жалынды армандары тұншығып қалды...

Өтен Ахмет

author

Өтен Ахмет

ЖАЗУШЫ

Жаңалықтар

Елордалық өрт сөндірушілер Нұра ауданы Қабанбай батыр даңғылында автобустың жануын сөндірді, деп хаб...

Жаңалықтар

Әлеуметтік желілерде қайырымдылық қор құрылтайшысының қаржысын жымдықды деп айыпталып отырған Пери...