ӨЗ ҚҰҚЫҒЫМЫЗДЫ ТАЛАП ЕТЕТІН УАҚЫТ ЖЕТТІ!..Біз еңсеміз езілген, рухымыз жаншылған ұлтпыз. Сан ғасырлы...
Қойшығара Салғараұлы: Қатені түзету - таным талабы, ілгерлеу кепілі
(жаңаша пайымдау)
Бүкіл адамзат баласына тән ортақ Ататарихты, шын мәнінде, жан-жақты танып-білгіміз келсе, алдымен, «тіршілік» атты өмір жолында үздік-создық шұбатыла жылжып, сан тарапты бетке алып, ертеңінің асуына жарыса өрмелеп бара жатқан бүгінгі әртүрлі жұрттан құралған халықтар керуендерінің әуелде жер шарының қай өңірінде жасақталып, қайда, қалай аттанғанын; жолай қайда ерулеп, қайда қонғанын; кімдердің кімдерден қашан, қалай бөлініп, қай бағытқа кеткенін; олардың онда не істеп, не қойғанын - бәрі-бәрін түгендей саралап, сараптай зерделеуіміз шарт. Бұл - баршаға ортақ таным талабы. Сонда адамзат баласы алғаш жаратылған жері - атажұртта қалғандардың да, солардан ірге ажыратып, әр жаққа тарап, сан мыңжылдықтарды артқа тастап, үдере тартқан әлгі керуен құрамындағыларының да тірлігін жеке-жеке талдап, тап басып тани алмағанымызбен, ұзаққа созылған салқар көштің ұлы жобасынан біршама хабардар боларымыз хақ. Бұл ортақ тарихты тану үшін аз жетістік емес.
Бірақ, өкінішке қарай, біз бұлай істей алмай келеміз. Содан да болар әлі күнге түпбастауымыз беймәлім; бұрынғымыз бұлыңғыр; кейінгімізге талас көп. Оның бұлай болуының себебі де сан алуан. Оны және бұл күнде әркім өз таным-түсінігіне қарай әр түрлі түсіндіреді. Алайда, бұл арада, негізгі айтпағымыз бұл емес, басқа болғанан кейін, орын алған осы себептердің бәрін санамалап, саралап талдап жатпаймыз. Өйткені, бұл - өз алдына арнайы талдауды керек ететін, маңызы зор, жеке зерттеудің тақырыбы. Сондықтан біз өз тарапымыздан, өз ой өрісіміздің деңгейі тұрғысынан, осы сан алуан себептердің тек түпбастауының әуелде жекелеген адамдардың эгоизмі (өзімшіл менмендігі) негізінде басталып, кейін қалай өркен жайғанына қатысты қысқаша пайымдаумен шектелмекпіз.
Әлем халықтарының мифологиясы мен байырғы діни кітаптарының берер деректерінен он сегіз мың ғаламды Жаратушының жер бетіндегі барлық жан иелерін жаратқанда, солардың күнін көріп, өмір сүруіне және ұрпақ өсір3п6 –ркен жаюына мүмкіндік беретіндей етіп, әрқайсысына өзіне лайықты қарым-қабылет, сана-сезім, тіл (аң-құс та өз тілінде бір-бірімен сөйлеседі) бергені мәлім. Осылардың ішінде Жаратушы тек адамзат баласын ғана басқалардың бәрінен ерекшелеп, біріге ойласып іс тындыруға жетерлік ақыл мен сөйлесуге икемді ғажайып тіл беріп, айырықша махаббатқа бөлеген.
Міне, бар қателік, біздің пайымдаумызша, Құдай берген осы артықшылықты адам баласы қаз басып, қатарға қосылысымен, адамдық ортақ қалыпты жетілдіруге пайдаланбай, пенделік тоғышарлықтың жетегінде кетіп, жер бетінде қыбырлаған өзге жан иелерінің бәріне қожалық жасауға, өзінің өзгеден артықшылығын пайдалануға жұмсаған өзімшілдігінен басталған сыңайлы. Осы бағытта түрлі қиындықтарды бастан өткеріп, түрлі асуларды игеру арқылы өзіндік тәжірибе жинаған адамдар енді өзгелерді былай қойып, өзді-өздері, біріне бірі үстемдік жасауға кіріскені байқалады. Бұған Жаратушы Жалғыздың әуелде адамзат баласының бәрін бірдей етіп жаратқанымен, олардың болмыс-бітімін, күш-қуатын, сана-сезімін бір деңгейде бірдей етіп қалыптамағаны да септігін тигізген. Өйткені біреуде күш-қуат басым, біреуде ақыл-айла мол дегендей. Адам бойындағы қарым-қабылетті айқындайтын осы әртүрлілікті, алдымен, Қара күштің, яғни Дене күшінің өз пайдасына шешіп, үстемдікке ие болғаны, соған сай алғашқыда әлсіздердің әлділерді сағалап, соларды пана тұтқаны да зерде мойындар шындық. Осыдан біреудің өзіндей, бірақ өзінен күші басым біреуге бағыныштылығы туындаған.
Бұл - адамның эволюциялық дамуының бастапқы кезеңінде пайда болып, кейін оның табиғи заңдылыққа айналуының бастапқы бір көрінісі еді.
Тіршілік керуені толассыз алға жылжи берді. Алға жылжыған сайын өмір сүру де күрделене түсті. Осы күрделілік Қара күшті кері серпіп, енді тарих сахнасына Ақылдыларды шығарды. «Ақылды алып та жығады, шалып та жығады» деп, халықтың өзі өмірден түйіндегеніндей, ақылдылардың біртіндеп күштілерді де, әлсіздерді де бірдей игеріп, оларға өз қалауларын орындату мақсатында саналы түрде түрлі айла-амалдар қолданғанын көреміз. Осылардың арасынан қайраты артып, ақылы асқандары дараланып, біртіндеп өз топтарының көсеміне айналып, үстемдік билігінің тізгінін тікелей өз қолдарына алып, өзгелерді өз дегенінің талабына сай жүргізе бастайды.
Бұл - адамды адамның игеруінің саналы түрде жүзеге аса бастағанының бастау көрінісі еді.
Осылайша бір адамның өзіндей екінші бір адамды билеп-төстеуіне, әмірін жүргізуіне жол ашылады. Билікке қол жеткізгендердің бұдан әрі өзіне бағынышты тәуелділердің көп болуына, сол арқылы табысының артып, иеліктерінің барынша кеңейіп, тіршілігінің жақсара беруіне жанталаса күш салғанын түсіну онша қиындық туғызбайды. Адамдар арасында бұрынғы күнкөріс үшін болатын талас-тартыс, енді иеленетін жер үшін, меншік үшін өліспей беріспес саналы шайқасқа айналады. Осындай шайқастарда үнемі жеңіске жетуге деген мүдделілік бұрынғы үйір-үйір болып, жеке жүретін топтар басшыларының өзара тіл табысып, күш біріктірулерінің қажеттілігін алға тартады. Алғашқыда туыстық, қандастық негізде ұжымдасқан мұндай топтар кейін келе өзара қырқыста жеңген жағының жеңілген жақтың адамдарын өз құрамына қосып алуы арқылы көбейіп, енді маңайына «көп қорқытады, терең батырадының» шындық екенін дәлелдей бастайды.
Мұның нәтижесі: алғашқы қауымдық құрылымнан шыққандардың өкілдерінің соңғысын кешегі өткен ХХ ғасырдың басына дейін жеткізген, ғұмыры тым ұзаққа созылған рулық-тайпалық жүйені өмірге әкелді. Ал бұл, өз тарапынан, бері келе түрлі ру-тайпа бірлестіктері мен түрлі мемлекеттік құрылымдардың негізін қалауға жол ашты. Осыдан кейін жер шарының әр түпкірінде бірінен бірі бөлініп шыққан бектіктер мен кінәздіктер, хандықтар мен корольдіктер, қағындықтар мен патшалықтар, ұлыстар мен империялар бой көрсете бастады. Олар түрлі әлеуметтік жағдайлар туғызған оқиғалардың талабына қарай өзара бірде бірігіп, бірде іштей ыдырап, сапырылсып жатты. Осындай түрлі мемлекеттік құрылымдарға бірігулер мен бөлінулер - адамдарды әуелгі түпбастау туыстық тұтастығынан айырып, олардың әртүрлі жұрттар пен халықтарға жіктелуіне мүмкіндік туғызды. Сөйтіп әр халық өзіндік салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын қалыптастырды. Олар кейін бірін-бірі жаулап алу мақсатындағы түрлі қырғын соғыстардың салдарынан еріктен тыс бірігіп, еріктен тыс ыдырап, бір-бірінен оқшауланып кетті. Соған орай уақыт өте келе бұрынғы жаратылыс тегінің бірлігін ұмытып, бірін-бірі бөтенсініп, өзара жаттай жауласатын болды.
Жауласу нәтижесі - өмір сахнасына жеңімпаздарды шығарды. Үнемі жеңіске жеткендер өздерін Жаратушының айырықша ықыласына бөленген, өзгелерден артық жаралған ерекше жандар санап, өздерінің жеңілгендерге үстемдік жасауын өзгелерге табиғи заңдылық, Құдайдың қалауы ретінде қабылдатуға қол жеткізді. Осылайша жаратылыстағы күштінің әлсізден, ақылдының ақылсыздан артықшылығы - тіршілік сапарындағы бүкіл адамзат баласының түпбірлік тұтастығын бұзып, олардың «біз» және «басқалар» болып бөлініп, іштей қақ жарылуына жол ашты. «Біз» аз, «басқалар» көп еді. Аздың көпті бағындырып, өздеріне тәуелді етуге ұмтылған астамшыл менмен өзімшілдігі (эгоцентризмі) – төңірегіндегілердің санасына: «біз – артық жаралғанбыз, жоғарымыз, ал басқалар – төмен», «біз – қабылеттіміз, басқалар – тоғышар», «біз – мәдениеттіміз, басқалар – жабайылар» деген тәріздес ұғымдарды сатылай сыналап кіргізіп, оларын өзгелерге мойындатып бақты. Сөйтіп жоғары билік тізгінін ғасырлар бойы қолдан шығармай, әкеден балаға мұрагерлік жолмен жалғастырған тұтас патшалар әулеті қалыптасып, олар өздерін Күн нұрынан жаралған «Күнтегілерміз», ал осылардың билігінің тұрақтылығына, ұзақтығына діни тұрғыдан жол ашқан абыздар әулеті (дінбасылар әулеті) өздерін Ай сәулесінен жаралған «Айдың бауырларымыз» (Старшие и малдшие братья Луны) деп атандырды. (қараңыз: Салғараұлы Қ. «Жер-жаһанда арғыатаңның ізі бар». Астана. 2015. 49-77-бб.) Билеушілер мен дінбасы әулеттерінің осылайша өздерін айырықша жаратылған жандар етіп көрсетіп, басқа жұрттан ерекшелеулерінің салдарынан өмірге «ақсүйектер», «қара сүйектер» деген ұғымдар пайда болды. Мұның ақсүйектері - паташалар мен дінбасылар әулеті; қарасүйектері – былайғы бұқара жұртшылық еді. Әуелдеменмен тоғышарлықтан тамыр тартып, күнделікті қарапайым тірліктен көрініс берген осынау таным-түсінік кейін тарих жазу мүмкіндігіне қол жеткізген «біз» деп аталатын өзімшіл аз топтың өкілдерініңқаламы арқылы ақиқаты анықталған өмір шындығы ретінде хатталып, жаратылыс заңдылығы секілді қабылданды.
Міне, осының салдарынан бүкіл адамзат баласы ғұмырнамасының тұтас желісі тартылмай, ортақ «көрпені» әркім өзіне қарай тартып, өз үлестерін дәріптеу үдерісі басталды. Жекелеген адамның эгоизмінен басталған бұл тірлік қауымдастық эгоизмге ұласты. Қоғам ілгерлеп, адам санасы жетілген сайын бұл кемшілік түзетілудің орнына одан әрі жетілдіріле, күшейтіле түсті. Осылайша айқын басымдықты иеленген «біздер» тарихты бірыңғай өз еншілеріне айналдырып, «басқалар» деп аталынатындардың тарихын біржола назардан тыс қалдырды. Олар туралы тек солармен соғысқан кездерін баяндағанда ғана еске алды. Онда да оларды бар мүмкіндігінше «жабайы», «жыртқыш», «тағы» етіп көрсетуді дәстүрге айналдырды. Бұл жағдай кейін жекелеген халықтардың тарихын былай қойып, әлем халықтарының ортақ тарихын жазуға талпыныс басталғанда да одан әрі жетілдіре жалғасты.
Бұл кезде тарих жазушылар тарапынан адамзат баласының бүкіл өмір жолы екі кезеңге бөлініп қарастырылды. Олар: «Тарихқа дейін» («до Историй») және «Тарихтан кейін» («после Историй»)деп таңбаланды. Мұның алғашқысына – адамзат баласы жаратылғаннан бастап, христиан эрасына дейінгі VIII ғасыр аралығы; ал кейінгісіне әлгі х. э. дейінгі VIII ғасырдан бермен қарайғы кезеңдер жатқызылды. Мұнда да адамзат баласының өсіп-өніп, әр тарапқа өркен жайған ұрпақтарын бұрынғы ескі дәстүрмен екіге бөліп, оның бір бөлігін «тарихи емес халықтар», ал екінші бөлігін «тарихи халықтар» деп атады.
Бұл баяғы «біз» және «басқалар» деп бөлінудің ғылыми тұрғыдан алғаш заңдастырылуы еді. Бірақ атаулардың аты өзгергенімен, мән-мағынасы өзгерген жоқ, сол қалпында қалды. «Тарихи халықтарға» – Жаратушының ерекше мейірі түскен, өркениетті, мәдениетті жасауға қабылетті халықтар»; ал «Тарихи емес халықтарға» бұған керісінше: «Жаратушының қарғысына ұшыраған, ізгілікті, аяушылықты білмейтін жауыз, «Тарихи халықтар» жасаған игілікті қиратушылар, тонаушы жабайылар, тағылар» деген анықтама берілді.
Уақыт өте келе осы анықтамалар негізінде бірінен бірі туындаған түрлі ғылыми тұжырымдамалар (концепциялар) жасалынды. Осы тұжырымдамалар қалыптастырған таным-түсінік адамның өзіндей екінші бір адам баласын құлақкесті құлына айналдырып, оны мал ретінде пайдалануына, ұрып-соғуына, басқа біреуге сатуына, өлтіруіне құқық берілді. Бұл кезең кейін «Құл иеленушілер дәуірі» деген атпен жалпы тарихқа еніп, өз жалғасын тапты. Реті келген соң айта кетелік: осының зардабы күні бүгінге дейін жойылмай, кәрі қойдың жабағысындай жабысып әлі келеді. Біріккен Ұлттар Ұйымының деректері бойынша әлемнің әр түпкірінде қазіргі таңда 27 миллион адамның құлдықта жүргені осының бір айғағы («Алматы ақшамы». 02.06.2015. www. Muftyfn,kz).
Бұл – адалдықтан аттап, эгоцентризмнің ықпалында кеткен байырғы тарихшылар (ғалымдар) тарапынан адамзат баласына және оның тарихына жасалынған қиянатты қадамының бастауы еді. (Бәлкім, мұны тек тарихшылардың ғана емес, соларды кезінде теріске шығармай, жөн көріп, одан әрі жалғастырған бүкіл адамзат баласының ортақ қателігі деп бағаласа да артық болмас. Қ. С.).
Қате басылған бірінші қадамның одан кейінгі жасалынар мың қадамның дұрыс болмауына әсерін тигізетіні сияқты алғашқы тарихшылардың осы бір қателігі де кезінде түзетілмегендіктен, кейінгі толып жатқан әділетсіздіктер мен қиянаттардың дүниеге келуіне жол ашты.
Қашанда қателікті түзету – естіліктің белгісі, ілгерлеудің кепілі. Ілгерлеп даму үшін өмір тәжірибесі молыққан, ғылым-білімді игеріп, ой-санасы жетілген қоғам өзінің алдындағылардың кезінде жіберген қателігін қалтқысыз көріп, уақытында түзеп, соны қайталамау арқылы жаңа жетістіктерге қол жеткізбек. Мәселеге осы тұрғыдан келгенде, кезінде эгоцентризмнің жетегінде кеткен өресіз тарихшылардың өзімшіл менмендікпен ғылыми айналымға енгізіп жіберген осынау қате тұжырымдарын басқалардан бұрын өздерінің ғылыми-техникалық деңгейі бойынша адамзаттың өзге бөлегін артта қалдырып, әлемдік өркениет сахнасына шыққан кейінгі еуропалық жұрт түзетіп, қиянаттың жолын кесуі керек еді. Оған мүмкіндік те бар еді.
Бірақ, өкінішке қарай, олай істелмеді. Олар да өздеріне дейін қалыптасып үлгерген қағиданың жетегінде кетіп, өткендердің қателігін түзетудің орынына, керісінше, оны одан әрі жетілдіре дамытып, өзімшіл сайтани менмендіктің шырқау биігіне көтерді. Енді адамзат баласын екіге бөлудің сыртында, олардың баршасына ортақ Жер-Анасын «Батыс» және «Шығыс» деп екіге бөліп, бірін-біріне қарсы қоюды шығарды. Апайтөс алып Азияның батыс бөлігін мемлекеттер шегерасын сызғандай қолдан шегара жасап, «Европа» деген «құрлық» жасады. Өкініштісі, ғылымға еркін араласып, өз үстемдігін жүргізіп келе жатқан «еуроцентризм» деп аталатын осы еуропалық өзімшіл менмендік ағымның өкілдері билік тізгінін кейінгі кезге дейін өз уыстарынан шығармай, ұрпақ санасын өз қалауларына қарай қалыптастыруға өлермендікпен әрекеттеніп келді.
Осылайша еуроцентризмнің туын биікке көтерген еуроцентристік бағыттағы ғалымдар өздерінен бұрынғы эгоцентризмнің сойылын соққан байырғы әріптестері қалыптастырған тарихи сананы енді өз замандарының таным-түсінігіне қарай бейімдеп, үйлестіру мақсатында, баяғы «тарихи халықтар», «тарихи емес халықтар» деген түбі шикі атауларды қолданыстан біржола шығарып, оның орынына өзге сырт жұртты алдарқатуға жарар мүмкіндігі бар басқа жаңа атаулар тауып, оны бірден ғылыми айналымға енгізіп жіберді. Сөйтіп бұрынғы «тарихи халықтар» енді «отырықшылар», ал «тарихи емес халықтар» «көшкіншілер»[1] деген атауларға ие болды.
Бірақ бұл атаулардың да аттары өзгергенімен, заттары, яғни мән-мағынасы ешқандай өзгеріссіз, сол баяғы қалпында қалды. Нақтырақ айтқанда, отырықшылар – өркениеттілер, мәдениеттілер; ал көшкіншілер – жабайылар, тағылар. Бүкіл саналы ғұмырын көшкіншілер тарихын зерттеуге арнаған өткен ХХ ғасырдың авторы, орыс ғалымы Л.Н. Гумилевтің: «ХІХ ғасыр бүкіл прогресшіл өркениетті тек отырықшы халықтар жасаған, ал Орталық Азияны бейне бір тоқырау, болмаса жабайылық пен тағылық жайлаған деген тұжырымдаманы (концепцияны) бізге мұра етіп қалдырды. Бұл тұжырымдаманың ең жаман жері - оның қателігінде ғана емес, оны ешқандай сынауға жатпайтын ғылымның жетістігі ретінде ұсынылуында»[2] (Гумилев Л.Н. Хунны в Китае. Санкт-Петербург. 1994.стр.6) – деп ой түюі, осындай қитұрқы орын ауыстырудың мәніне көз жеткізгендігінен болса керек. Ал «ХІХ ғасыр қалдырды» деген осы мұраның ХХ ғасырдан да қаймағы бұзылмай өтіп, ХХІ ғасырдың табалдырығынан аттағаны да бұл күнде ешкімге жасырын сыр емес. Бұл арада Л. Гумилевтің «Орталық Азияны» деп отырғаны соның ежелгі замандардан бергі тұрақты тұрғындары - көшкіншілер жөнінде екенін түсіну тарихтан хабары бар кім-кімге де онша қиындық туғызбайды ғой деп білеміз.
Ғылымда үстемдігін жүргізіп, өткеннің тарихына қалауларына қарай төбебилік жасауға әбден машықтанып алған еуроцентристік бағыттағы ғалымдар соңғы ғасырларда өзгелермен санасуды біржола жиып қойып, әр халықтың төл тарихын тек бірыңғай еуропалық таным-түсінікте ғана жазуға, жаздыруға қол жеткізді. Соған орай өздерінің жеке тұжырымдарын, жоғарыда Л. Гумилев айтқандай, «талдап, талқылауға жатпайтын ғылым жетістігі» ретінде ғылымға енгізді. Осы арқылы өз танымдарын өзгеге теліп, адамзат баласының кейінгі ұрпақтарының өмір сүру салтының еуропалық таным-түсінікке үйлесіп, сай келетіндерін – «өркениеттілер», «мәдениеттілер»; ал оған сай келмейтіндерін – «жабайылар», «тағылар» деп тану заңдылыққа айналды. Еуропалық емес халықтардың дүниені еуропалықтардың таным-түсінігімен зерделеп, болмысқа солардың көзімен қарауы - білімділіктің, ғалымдықтың белгісі болып саналды. Осының салдарынан көшкінші халықтар уақыт өте келе ғылыми танымды былай қойып, тіпті, өздерінің қалыптасқан қарапайым өмірлік төл танымын да еуропалық таныммен алмастыруға мәжбүр болды. Бұған көрнекі айғақ ретінде қазіргі таңда Шығыс халықтарының алыс пен жақынды өз таным-түсінігімен ажыратудан қалып, өздерінің дәл жанындағы өңірді «Қиыр Шығыс» («Дальний Восток»), ал өздерінен тым алыста, батыс елдерімен шектесіп жатқан шалғай өңірді «Таяу Шығыс» («Ближний Восток) деп атап, атау мәнін осы мағынада танып жүргендерін айтсақ та жеткілікті. Мұның тек еуропалықтар үшін ғана солай, ал өздерінің таным-түсініктеріне мүлде кереғар екенінде қазір ешкімнің шаруасы жоқ. Өкінішке қарай, бұл және тек географиялық танымға ғана қатысты емес-ау!..
Ең ғажабы – сол, өзгенің таным-түсініктеріне жасалған осындай қиянаттардың кейде ешқандай мақсатсыз, саясатсыз, тек білмегендіктен кеткен қате екендігін кейін өздері білсе де, соны түзетіп, шындықты қалпына келтіруді де қажетсінбейді. Мұхиттың арғы жағындағы Америка атты алып құрлықтың кезінде аты-жөні ешкімге белгісіз ұсақ саудагер Америго Веспуччидің атымен аталып кетуі де, елінен Үндістанға барам деп шығып, адасып Америкаға барған Христофор Колумбтың құрлықтың тұрғындарын білместікпен «үндістер» деп таныған қателігінің де кейін өзгертілмей, сол күйі ғылымға енуі де осы айтылғанның тағы бір дәлелі болса керек.
Қазіргі ұрпақтың тарихи санасы, міне, осындай жағдайда, яғни еуропалық таным-түсінікте жазылған тарих негізінде қалыптасты. Сол себепті де байырғы отырықшылар мен көшкіншілердің бүгінгі ұрпақтары бұл күнде өздерін қанша жерден жан-жақты білімдіміз, тарихи сауаттымыз дегендерімен, әлі күнге өздерінің ежелгі арғы ата-бабалары жөніндегі тарихи таным-түсініктері осындай. Ішкі түйсік қарсылығына қарамастан, бірі - өздерін ежелгі өркениеттілердің, екіншісі - өздерін ежелгі жабайылардың ұрпағымыз деп сезінеді. Өйткені тағылым алар ортақ тарих танымы ұрпақ санасын осылай қалыптастырған. Біздің жаратылыс тегі бір адам баласын бөлшектеп, жіктеуді «адамзатқа жасылынған әділетсіздік, тарихына жасалынған қиянат» деуіміз де осындай пайымдаулардан туындайды.
Қалай дегенде де, әуелде өзімшіл менмендіктің (эгоцентризмнің) ықпалымен «біз және басқалар» деп бөлінуден басталған бұл жіктелудің жалпы адамзат баласы үшін баршаға бірдей, ортақ тарихын өз болмысында танып, білуіне тигізген зардабының орасан болғаны анық. Олардың бәрін саралап көрсету де арнайы зерттеудің міндеті. Бұл арада жаратылыс тегі бір адамзат баласын екіге бөліп, бірін біріне қарсы қоюдың зиянды зардабының бірі ретінде кезінде жабайылықтан басталып, кейін адамдардың өздерін өздері қасап қырғынға ұшырататын «соғыс» деп аталатын сұмдықты өмірге әкеліп, оны күні бүгінге дейін жалғастырып келе жатқанын айтсақ та жеткілікті. Соғыс арқылы өзімшіл менмендігінің қажетін өтеп, өзгелерге үстемдіктерін орнатуды көздеген эгоист пенделер жазықсыз тектестерін өздеріне тәуелді етіп бағындыру мақсатында түрлі қысастыққа барып, қақтығыстарға ұрындырып, қырғынға ұшыратудың саналуан сылтауын тауып, содан жеңіске жетуді барынша дәріптеді. Осыған байланысты адамзат баласының ортақ тарихының өзегі тек соғыстар тарихымен өрілді. Неғұрлым көп халықты қырғынға ұшыратып, басқа елдерді жаулап алушылардың билеушілері жаһандық тарихи тұлғаға айналып, ұрпаққа үлгі етілді. Олар туралы романдар жазылды, фильмдер түсірілді. Кейінгі ұрпақ соларды біліп, солардай болуға ұмтылды. Жаратылыс бастауында біреудің өзіндей басқа бір адамды өлтіргенін көрсе, жаны түршігіп, «жауыз», «қанішер» деп айыптайтын адам баласы келе-келе жүздеп, мыңдап өлтіргендерді «батыр», «қаһарман» деп ардақтап, төбелеріне көтеретін күйге жетті. Олардың өзгені емес, өздеріндей адамды өлтіріп, қырып жатқаны ешкімді ойландырмады. Соғыс – болатын, болуға тиісті табиғи заңдылықтай қабылданды. «Жеңіс құрбандықсыз болмайды» деген қағидаға айналды. Шабылған елдің адамдарының жазықсыз шеккен қайғы-қасыреті, тартқан азабы мен мұң-зары ешкімді толғандырмады.Тарих оларға көңіл бөлмеді, оларды ұмыт қалдырды. Тек жеңгендерді дәріптеп, желпілдетуді жалғастыра берді, жалғастыра берді.
Осының салдарынан адамзаттың жыртқыштыққа еті үйреніп, көзі көндігіп кеткені сондай, жыртқыш аң мен құс атаулының алымдылығы мен шалымдылығы адамдық қасиеттің биік бір символына айналды. Жаратушы Жалғыздың бәрінен артық етіп жаратқан Адамы енді өзін біреу жыртқыш аң-құсқа теңеп: «арыстан» десе айбарланып, «қыран» десе қоқиланатын күйге жетті. Жыртқыш аң-құстың бейнесі мықты елдердің Елтаңбасын (гербін) «айбындандырды». Жеңіске деген көзсіз құштарлықтың салдарынан тіршіліктің тынысын тарылтып, Табиғатты улап, адамзат баласын аймағымен жойып жіберетінін біле тұрып, жеке басының пенделік амбициясын жеңе алмай, атақ-даңқ үшін, өзгеден ерекшеленіп көзге түсіп, қарабасының жағдайын түзеп алу үшін жаппай қырып-жоятын сұрапыл қаруларды ойлап тапқандар тіршілік атаулының қас жауы ретінде бағаланып, бүкілхалықтық тұрғыдан айыпталу орнына «ұлы ғұлама» деп ұлықталып, халықтық құрметтің шырқау бигіне көтеріліп, барынша марапатталып, түрлі сыйлықтарға бөленді. Соған сай қырып-жоятын қарулардың небір түрлері өмірге келді. Бұларға керісінше, осындай қырып-жоятын қаруды ойлап тапқандардың жолын кесіп, олардың жауыздық тірліктері қайталанылмау үшін ондай «өнертапқыштарды» қатты жазалаған ізгі жандарды тарих атаусыз ұмыт қалдырды. Олардың есімдері оқулықтарға еңгізілмеді, өнегелік істері үлгі етіліп оқырманға ұсынылмады.
Ал өмірде ондай адамдар болды және олар аз да емес еді. Соған айғақ ретінде бір ғана қарапайым мысал: 1775 жылы француз өнертапқышы Дю Перрон деген біреу мемлекеттің келешегіне байланысты айтары барын мәлімдеп, корольдің қабылдауын талап етеді. Король келісімін береді. Кездесу өтетін сарай бағына Дю Перронның көмекшілері мұқият жабылған бірнеше жәшікті әкеліп, өздері кетіп қалады. Сөйтсе, Дю Перрон жауды жайратып салатын керемет қару жасапты. Дю Перронның көрсеткені ол кезде «теңдесі жоқ қырғын қару» деп бағаланған қазіргі пулеметтің атасы екен, бір сәтте 24 оқ себетін көрінеді. «Осыны қолдану арқылы ұлы мәртебелім жауын жеңіп, өз шегарасын қалауынша кеңейте алады» деп мақтаныпты өнертапқыш.
Бірақ ол өзі күткен құрметті көре де, мақтау сөзді ести де алмайды. Король Людовик ХVІ бұл жаңалықты «адамды қырып-жоятын айуандық қару» деп тауып, «Дю Перронды қаныпезер, адамзаттың жауы» ретінде жазалауға әмір береді және оның өнертабысы басқа бір монархтың қолына түсіп кетпес үшін қиратылады (Горбовский А. «Көне заманның құпия сырлары туралы». // «Шарапат». Алматы. 1973. 89-б.). Қырып-жоятын қаруды ойлап табушы өнер иелерінің кез келгеніне сабақ болатын, ойландыратын осындай оқиғаларды қай тарих оқулығынан көрдіңіз?!. Өз басым көргенім жоқ.
Мұның бәрі өткеннің өнегесін алға тартып, ұрпақты ізгілікке баулып, тағылым берер шынайы Тәрбие Мектебі - Тарихтың әу бастан тәлімгерлік міндетінен жаңылып, өзімшіл пенделіктің қажетін өтеу тұрғысынан жазылуының, соның дәстүрге айналуының салдары еді.
Егер олай болмай, тарих жаратылыс тегі бір адамзат баласын әубастан екіге бөліп, біріне бірін қарсы қоймай, оларды тек бірлікке, бауырмалдыққа, адамгершілікке, ізгілікке, мейірімге үндесе; жеңгендікті желеу етіп, қанды қырғынның соңын тойға айналдырмай, жазықсыз жапа шеккендердің қайғы-қасыретіне жан ауыртып, аза тұту арқылы соғыс атаулыдан безіндірсе; тірліктің мәні қырқысып жеңуде емес, адамдық жарасымда, табиғи үйлесімде екенін санаға сіңіре білсе, күні бүгінге дейін тиылмай келе жатқан зорлық-зомбылық, соғыс секілді адамдыққа жат қылықтар тамыр жайып, өріс алмай, көрінген жерінде көктей солар ме еді, қайтер еді.
Бірақ мұның бәрі қазір бос қиял сияқты. Басқаша болады дегенді өзімшіл менмендіктің қосын жеккен сыңаржақ тарих қалыптастырған бүгінгі сана қабылдай да алмайды, осы айтылғандардың бәрін қияли бос әңгіме көреді.. «Утопия» деп ұрт томпайтады. Өйткені адамзат тарихының бастауында жіберілген алғашқы қателік кейін жазылған тарихтардан жалғасын табу арқылы мұндай адамдыққа жат қылықтардың бәрін табиғи заңдылыққа айналдырып жіберген. «Жеңгенге сот жоқ» деген үкім баяғыда-а-ақ шығарылып қойылған.
Алайда, осыларға қарамастан, шындықты бүгіп қалуға тағы болмайды. Қабылдау, қабылдамау әркімнің өз еркі, бірақ айту, айта беру – міндет. Өйткені, адамзат баласын екіге бөліп, бірін біріне қарсы қою арқылы өз дегендеріне жеткен байырғы менмен өзімшілдердің кейінгі ұрпағы «мемлекеттік саясат», «ұлт мүддесі», «халық игілігі» деген тәріздес жұлынқұрт ұғымдарды жалаулатып, сананы ылайлап, қара халықты өз дегендеріне көндіріп келеді. Соның салдарынан халық өзінің халықтық құдыреттілігінен айырылып, жекелеген адамды жойдасыз орасан билікке ие ететін, соның ойлағанын жүзеге асыратын ессіз тобырға айналды. Осының бәріне, тобырлық сананың қалыптасуына әділетсіздікпен жазылған сыңаржақ Тарих кінәлі екенін біле тұрып, оны қалай айтпауға болады. Айтпау - қасіреті мол ауыр күнә. Алда әлі сан мыңжылдықтарға жалғасатын тіршілік бар. Сондықтан, «Ештен кеш жақсы» дегендей, кеш те болса айтуды парыз көрдік!
Тирандар, диктаторлар көктен түспейді. Олар да екі аяқты, жұмыр басты пенделер. Ерекше жаратылған құдырет те емес. Өзінің тәрбиелік төл міндетінен айырылған жасанды Тарих миын аталаға айналдырған тобырлар оларды қолдан «құдай» жасайды. Мұның солай екеніне айғақ ретінде адамзат ғұмырының түпбастауындағы дара билікке жетіп, ойына келгенін істегендердің ұзақ тізімін жасап жатпай-ақ, есімі жұрттың бәріне белгілі, ХХ ғасырдың өкілі - Адольф Гитлерді алайықшы. Қазіргі тарих оны адамзаттың қас жауы, сан миллион адамды жазықсыз қырғынға ұшыратқан жауыз, фашист, нацист деп мойындатып қойды. Бәріміз де «солай» деп қабылдаймыз. Ең ғажабы, бұл және Бірінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан, қолына қару алып, қарсыласына қарсы оқ атқан, адам өлтірген қатардағы жауынгер Гитлерге емес, кейін неміс халқының көсемі, Германияның дара билеушісі болған Гитлерге қатысты түсінік. Бұл кезде ол қолына винтовка немесе автомат алып шайқас алаңына шыққан жоқ. Шықпаған соң тікелей өзі ешкімді атқан да, өлтірген де жоқ. Керісінше, Құдайдың берген қабілетін пайдаланып, Бірінші дүниежүзілік соғыстан күйреп шыққан Германияны тым аз уақыттың ішінде қалпына келтіріп, Әлемнің мықты елдерінің алдына шығарды. Сол-ақ екен неміс жұрты оны теңдесі жоқ ерекше жанға айналдырып, аспанға көтерді. Қолдан «құдай» жасады. Халқынан қайыру көрмей, ойға алғанын орындатқызып үйренген диктатор аз жылда әсіреұлтшылдық дертін қоздырту арқылы халықты қалың тобырға айналдырып жіберді. Халықтық қасиетінен айырылған ессіз тобыр бір адамның қайда бағыттаса, солай қозғалатын жанды қуыршағына, сойыл соғар дүлей күшке айналды. Сөйтіп сол адамның нұсқауымен Россияға тосыннан лап берді, жазықсыз адамдарды қырғынға ұшыратты. Сан миллиондаған адамның өмірін жалмаған Екінші дүниежүзілік соғыс өрті әлемді шарпыды.
Бірақ нақақтан төгілген қанның, қиылған жанның киесі жібермеді. Соғыс қолдан жасалған «құдайдың» жеңілумен аяқталды. Тарих Гитлерді айыптаумен тынды.
Ал енді ойласып көрелікші. Осы сұмдықтардың бәрін ол жалғыз өзі жасады ма?!. Тіпті соғысу идеясының иесі сол болғанымен, басқа елдің адамдарын қырғанға ұшыратып, жерін жаулап алу мәселесін ол жалғыз шешкен жоқ қой. Төңірегінің келісім батасын алып, сол ортақ ұйғарымды халқына жариялады, халқы қолдады, бүкіл неміс халқы, неміс елі соғысқа жұмылдырылды, неміс әскері соғысты. Жекелеген жандардың қарсылығы болмаса, бүкіл ел қолдады.
Егер осы соғыста, Гитлердің жоспарлағанындай болып, неміс армиясы жеңіп кеткен күнде не болар еді?!. Саясат ығындағы қолбала тарих ескі әдетімен оны әлемнің атақты жаугерлердің, мысалы, Цезарьлар мен Шыңғыс хандардың қатарына қойып, дәріптеп жатар ма еді, қайтер еді?!. Олар да өз замандарында бейіт елді қырғынға ұшыратып, адам қанын суша ағызғандар еді ғой. Мақсат, мүддесінде не айырмашылық бар?! Олар да бейбіт жатқан басқа жұртты қанға бөктірген жоқ па?! Мұнда адам шығыны аналарға қарағанда көп болды ғой десеңіз, ол безбүйрек жетесіз ғалымдар ойлап тапқан қырып-жоятын қарулардың, жетілген техниканың әлегі. Қазір осындай өзін «құдай» санап, әлемге билігін жүргізгісі келген бір есерсоқ шығып, соғысты бастап жіберсе, адам баласының миллиондап емес, миллиардтап қырылары хақ. Ендігі соғыстың сұмдықтығы да сонда. Тек Құдай оның бетін әрі қылсын!
Мен, бұлай дегенде, Гитлерді ақтау ниетінен мүлде аулақпын. Бір бұл ғана емес, жалпы бұрынғы-кейінгі тирандардың, диктаторлардың, мейлі ол қай халықтың өкілі болса да, бір де біреуінің тірлігі ақтауға да, мақтауға да жатпайды. Олар – гений жауыздар. Бұл – басы ашық мәселе. Гитлердің де адамзат алдындағы қылмысы мен күнәсі бір басына жетіп артылады. Бірақ, бұл арада, біздің айтпағымыз ол емес, басқа. Мұнда бар мәселе – адам санасын айран қылған жасанды тарихта; сол жасанды тарихтың «халық» деп аталатын құдыретті халықтық қасиетінен айырып, оны ессіз қалың тобырға айналдыруында; сол ессіз тобырдың өздеріндей бір адамды құдайға айналдырып, соның «ақ» дегенін алғыс, «қара» дегенін қарғыс етуінде; тарихтың сол тобырлардың сорақы қылықтарын айыптамай елеусіз қалдырып, оларды «халық» деп әспетеуінде; соның салдарынан адамзат баласының бірі-біріне жасар қастандықтарының әлі күнге дейін тиылмай келе жатқандығында. Біздің мұның бәрін ортақ тарихымыздың бір кемшілігі деп ортаға салуымыз да осыдан. Егер Тарих бар кезде періштелік тазалықпен жазылып, жаратылысы бір адамзат баласын екіге бөліп, оларды бір-біріне қарсы қою арқылы үстемдікке ұмтылған менмен өзімшіл топтың идеологиялық қаруына айналып, халықтың санасын бүлдірмесе, олар тирандардың айтқанын екі етпейтін құлы - ессіз тобырға айналар ма еді, өздеріндей өзгелердің жазықсыз жәбір-жапа шегуіне жол берер ме еді?!.
Ортақ бастау тарихымыздағы осындай келеңсіздіктердің біріне бірі ұласып, әр халықтың өзінің түптегін дұрыс тануына да зиянды зардабын тигізіп келе жатқаны анық. Әсіресе бұдан отырықшылардан гөрі «көшкінші» деп аталған халықтардың тарихының шеккен зардабы тым орасан. Бұл ретте, ең алдымен, өздерінің сыңаржақ көзқарастарын өмір заңдылығына айналдырып алған еуроцентризм өкілдерінің көшкінші халықтардың тарихын адамзат тарихының құрамдас бір бөлегі деп сабақтастыра зерделемей, әдейі бөліп тастап, олардың бастау тарихын «жазба дерек жоқ» деген сылтаумен зерттеу аясынан мүлде тысқары қалдырғандығын атап айтқан жөн. Соның салдарынан олар (еуропалықтар) өз тарапынан көшпелі өмір салттың болмысын жан-жақты зерттеп, танып білмей-ақ, тек отырықшы елдердің өкілдері кезінде қалдырған көне жазбаларда кездесетін мардымсыз мәліметтер арқылы ғана кесіп-пішіп, оларға қатысты сырттай ғылыми тұжырым жасауды әдетке айналдырып алды. Ең болмаса, бұл көне жазба мұраларды қалдырған адамдардың (авторларының) барлығының бірдей кезінде көшкінші халықтармен соғысқан, соларды өз елінің бітіспес қас жауы санаған отырықшы елдердің өкілдері екені де ескерілмеді. Солардың қарсыласын мейлінше тұқыртып, тек бірыңғай жексұрын етіп көрсетуді мұрат тұтқан, жеккөрушілік сезімге толы, дұшпандық көзқараспен жазылған жазбалары, ой-пайымдаулары (мәліметтері) бейне бір көшкіншілер болмысын танытатын нақты ғылыми зерттеулердің нәтижесіндей-ақ ғылымға енгізіліп, сол арқылы көшкінші халықтардың бас-аяғы жоқ үзік-үзік құранды тарихы жазылды. Осы тарих арқылы, жоғарыда айтқанымыздай, ғылымда адамзат баласының белгілі бір бөлігі «жабайы, тағы болған» деген ұғым қалыптасты.
Бұл ретте еуроцентристік бағыттағы ғалымдар тек өзінікін ғана жөн көріп, өзгенің пікірімен санаспайтын өзімшіл өлермен өркөкіректерге тән мінезбен өздері әркез кездесіп, танып-білген өмір шындығын да қаперлеріне алмады. Өйткені бір ел басқа бір елдің шегарасын басқыншылықпен бұзып, бейбіт халқын қырғынға ұшыратып, елін тонап, байлығын талауға салса, сол шабылған елдің адамдарының оларды, тіпті, неше жерден дамыған, өркениеттің шырқау биігіне көтерілген елдердің өкілдері болса да, оларды міндетті түрде «жауыз», «қанішер», «жабайы» деп атайтыны табиғи заңдылық екенін, басқаны айтпағанда да, кешегі отарлау дәуірінде еуропалықтардың өздері де өз көздерімен көріп, өз құлақтарымен талай естіді, бастарынан кешірді ғой. Мұның сыртында, отырықшы елдердің жазба тарихынан басқыншылардың жаулаған елінің тұрғындарына жәбірлеудің, қорлаудың, азаптаудың жан түршігерлік неше түрін көрсеткенін талай оқыды емес пе?!. Ендеше 1014 жылы Византия императоры Василийдің әмірімен тұтқынға түскен 15 000 бауырларының көзін ағызып, суқараңғы соқыр еткенін көрген болғарлардың; болмаса Арыстан Жүректі Ричард Палестинаны жаулап алғанда, жауынгерлердің тұтқынға түскен 3000 адамды түгел өлтіріп, олардың ішін жарып, «жұтып қойды» деп ішек-қарынынан алтын мен асыл тас іздегенін көрген палестина тұрғындарының; немесе Италияның Кремон қаласын алғанда қолға түскен тұтқындардың басын кесіп, сол кесілген бастарды Рим императоры Фридрих Барборостың жауынгерлерінің доп қылып ойнағанын көрген кремондықтардың оларды өркениетті, мәдениетті елдің адамдары екен деп ардақтап дәріптемегенін, керісінше, «жабайылар», «жауыздар», «жыртқыштар», «қанішерлер» деп лағнет айтып, қарғысын жаудырып, зар еңірегендері ешқандай дәлелдеуді керек етпейтін шындық емес пе?!. Болмаса, дінді желеу етіп, мұсылман елдеріне қарсы ХІ ғасырдан басталған «Крест Жорығын»[3] жасаған батысеуропалықтардың ашкөз жабайылықтары, тіпті, жауланған елдің адамдарын былай қойып, жаулаушылардың өздерінің кейбірінің жанын түршіктіріп, төбешаштарын тік тұрғызғанын жабайы тағылық, қанішер жауыздық демей, адамгершіліктің, өркениеттіліктің, мәдениеттіліктің көрінісі еді дейміз бе?! Егер олай болса, Крест жорығына қатысып, бәрін өз көзімен көрген француз хронисті Робер де Клари батыс адамдарына: «готовых продать за обол жену и детей»[4] (Робер де Клари. Завоевание Константинополя. Москва. Наука. 1986.), - деп баға бермес еді ғой. Сондай-ақ осы Крест жорығына қатысушылардың Константинопольді қалай тонағанын өз көзімен көрген император Алексейдің қызы Анна Комнинаның оларды «тағы жабайылар» деп жиіркенішпен жазғаны да сол кездің өз шындығы емес пе еді (Анна Комнина. Алексиада. (пер.. и коммент.. Я. Н.Любарского. М. 1955.). Немесе мұхиттың арғы жағында өз тірлігімен өздері болып жатқан бейбіт жұртты алтын іздеп барған еуропалықтардың қалай қырғанын, өлтірілген үндістердің етімен иттерін асырағанын көрген майялардың оларды өркениеттің өкілдері демей, жыртқыш аюандардан да өткен жексұрын жауыздар, қанішерлер деп қарғысын жаудырғаны сол кездің жазбаларынан қазір сауатты жанның бәріне аян. Бірақ «жазба деректерде осылай жазылған» деп, бұл күнде соған сүйеніп, бүгінгі батысеуропалықтардың ата-бабаларын ешбір тарих «жабайылар», «тағылар» демейді ғой. Олай болса, осындай өмірлік шындықтарды нақты біле тұрып, есте жоқ ескі замандардан қалған көне жазба деректері авторларының оңтүстік өңірлерге Ұлы Даладан әр кезеңде жаугершілікпен келіп, елін жаулап, жерін иеленген көшкінші халықтарды «жабайы», «тағы» деп жазғанын қалайша осы халықтардың нақты болмысын танытатын тарихтық дерек деп қабылдауға болады?!. Неге көшкіншілер тарихы тек соларға ғана негізделіп жазылуы керек?!
Бұл деректер де, барлы-жоғы, көне жазба авторларының елін шауып, бейбіт бауырластарын қырғынға ұшыратқан жаулаушылардың (көшкіншілердің) сол кездегі іс-әрекетіне қатысты берген бағасы, жеке өз көзқарастары ғана емес пе!?. Басқаша айтқанда, көне жазба деректердегі «жабайы», «тағы» деген анықтауыштар отырықшы халық өкілдерінің елін шапқан көшкіншілерге деген ыза-кегін, жек көрушілік сезімін білдіретін, дәрменсіздіктерінің орнын толтыру ретінде айтылған жеке кемсіту қыжылын ғана көрсетпей ме?! Олардың қалдырған жазбаларындағы «жабайы», «тағы» деген сөздердің мәні де, мағынасы да, жоғарыда айтқан, Робер де Клари мен Анна Комнинаның жазбаларындағы «жабайы», «тағы» дегендерімен айтылу салмағы да, сөздік мағынасы да бір ғой. Сол себепті де қазір «жазба деректерде осылай жазылған екен» деп, жаңа айтқанымыздай, ешкім батысеуропалықтардың ата-бабаларын «жабайылар», «тағылар» деп жатқан жоқ. Оны сол кезде болған тарихи оқиғаның бір шындығы деп қана қабылдайды. Өйткені болған оқиғаға байланысты сезім әуенімен айтылған сөздердің ешқайсысы белгілі бір халықтың халықтық болмысының ақиқатын танытатын, бұл жерде, олардың жабайы болған, болмағанын анықтап беретін тарихи дерек бола алмасы хақ. Олай болса, «жазба дерек» деп көшкіншілерге қатысты қағазға түскеннің бәрін алтынға балай бермей, ондағы мәліметтің мән-мазмұнына үңіліп, оның кезінде неге, не үшін, қандай мақсатпен жазылғанын анықтап, ғылыми зерде елегінен өткізу қажет. Онсыз шындыққа жету қиын, тек бір жаңсақтықты екіншісімен жалғастырып, қателіктер тізімін ұзарта береміз.
Осы орайда сөз ретіне қарай «жабайы» делінген көшкінші халықтар тарихынан олардың қай заманда да соғыс кезінде аяусыз қатыгездіке барғандарымен, жеңіске жеткеннен кейін жаулап алған елінің халықтарына «жабайылар» дейтіндей тағылық мінез танытпағанын да айта кеткеннің артықтығы болмас. Олар жаулап алған халқының не тіліне, не дініне, не салт-дәстүріне тиіспеген, көп жағдайда өздері жергілікті халықпен араласып, солардың тілін, дінін, салт-дәстүрін қабылдап, бітеқайнасып сіңісіп кеткен. Бұған есте жоқ ескі замандарда солтүстіктен оңтүстік өңірлерге жаугершілікпен толқын-толқын құйылып, қазіргі таңда «адамзаттың ежелгі өркениеті» деп танылған өркениеттерді жасасқан көшкінші халықтардың өкілдері: Африкаға барған гиксостардың, Месопотамияны жаулаған шумерлердің, Италия жеріне жеткен этрускілердің, Кіші Азияға орныққан хеттердің (хаттардың), Үнді жеріне келген арийлердің, Қытайда қырғын салған сиуңнулардың (хуннулардың) және басқа толып жатқан халықтардың өмір жолдары айғақ. Өкінішке қарай, керісінше, «мәдениетті», «өркениетті» делінген отырықшы елдер тарапынан мұндай қылықтар байқалмайды. Олардың жаулап алған елінің салт-дәстүрін жойып, тарихи жадын өшіруге; тілін тұқыртып, дінін өзгертуге барынша мақсатты түрде кірісетін әділетсіз тірліктеріне айғақты ежелгі халықтардың тарихынан молынан кездестіруге болады. Бұл және қай халық екеніне қарамастан, отырықшы отарлаушылардың бәріне бірдей тән, ортақ жағдай.
Осындай жағдайлардың бәрін біле тұрып, еуроцентристер жасаған ешқандай өмірлік негізі жоқ сыңаржақ тұжырымдардың (концепциялардың) ғылымда үстемдік алып, өз ықпалын жүргізуі - көшкінші халықтардың шынайы болмысынан бірден бір дұрыс мағлұмат беретін олардың өздерінен қалған Ауызша Тарихты ұмыт қалдырды. Сол арқылы көшкінші халықтың өзінен шыққан тарихшыларды ауызша тарихтың берер деректерін көне жазба мәліметтерімен салыстыра зерделеп, өткен замандар шындығын өз тараптарынан айқындау мүмкіндігінен де айырды. Бұрын тарихты тек жазба дереккөздері дерегіне сүйеніп жазу - өркениетке ертерек қол жеткізгендердің өздерін өзгелерден артық етіп көрсетуге тырысқан өзімшіл кеудемсоқ менмендігінен өріс алса, ол енді отарлаушылардың кешегі отарлау дәуірі кезінде отты қарудың күшімен қырып-жойып жаулап алған елдерінің халқының ұрпағының санасын қалыптастыру идеологиясына қызмет етті. Сөйтіп көне жазба деректердегі «жабайы», «тағы» деген сөздерді мейлінше алаулатып, жалаулатып: «міне, көрдіңдер ме, сонау есте жоқ ескі замандардан бері жабайы, тағы едіңдер, сендерді ел қатарына қосып, мәдениетті еткен біз» дегенді ұрпақ санасына тықпалаудың тиімді құралына айналдырды. Бұған айғақ ретінде, басқаны айтпай-ақ, кешегі Совет өкіметі кезіндегі қазақ халқының тарихын өзінен шыққан бір тарихшыға жаздырмай, басқа ұлттың өкілдеріне ғана жаздыруын және оларды тек бірыңғай жазба дереккөздеріне ғана сүйенуге мәжбүрлеуін айтсақ та жеткілікті. Өйткені бұл - бәріміз бірдей куә болған кешегі күннің шындығы.
Осындай себептермен ауызша тарихтың дерегі еш кәдеге жарамай, қажетсіз болып қалды. Оның бәрі бос қияли әңгіме, мифтік аңыз, ертегі, әрі кеткенде бар шындығы «өздерін өздері дәріптеуі» деп бағаланды. Ауызша тарихтың табиғатын түсінуге, оның деректерін саралай талдап, зерделеуге көшпелі өмір салттың болмысынан мүлде бейхабар еуропалық таным-түсініктің дәрмені жетпеді, жеткізейік деген ниет те болмады. Соның салдарынан даланың ауызша тарихының (ДАТ-тың) дерек беру тәсілі мен образға оралған ойлардың астары ашылмай, шешілмеген жұмбақ күйінде қала берді.
Осы орайда бұлай деуіміздің мәнін аша түсу әрі әр халықтың тарихын еуропалық таным-түсінікпен шектелмей, сол халықтардың өздерінің таным-түсінігімен сараптаудың қажеттілігін көрсету үшін, көрнекі айғақ ретінде, ауызша тарихтың түрік, үйсін, қырғыз халықтарының бәрінің шығу тегіне қатысты хатқа түскен ауызша тарихтың ортақ бір дерегіне талдау жасап көрелік.
Бұл дерек бойынша: «Ерте заманда жауласқан екі елдің бірі екіншісіне тосыннан шабуыл жасап, адамдарын түгел қырып, үйлерін өртеп, бар малын тігерге тұяқ қалдырмай айдап әкетеді. Жұртта тек аяқ-қолы шабылған бір бала ғана аман қалады. Осы аяқ-қолы кесіліп, қанға бөгіп жатқан баланы кейін қасқыр асырап, ержеткізеді. Баланың өлмегенін естіген жау жақтың ханы оны өлтіруге арнайы адам жібереді. Әлгі адам келсе, шынында бала тірі екен, қасында қасқыр, төбесінде ет тістеген қарғалар ұшып жүр дейді... Құдайдың құдыретімен аман қалған осы баладан өсіп-өнген ұрпақтан кейін тұтас бір халық пайда болады» («Сүй кітабы» («Сүйшу»). 84-буманың 49-баяны және «Жыу кітабы (Жыушу») 50-буманың 42-баяны). Бір-біріне ұқсас үш аңыздың ортақ дерегінің мазмұны осындай.
Ауызша тарихтың осы дерегін еуропалық таным-түсінікпен талдасаңыз, бұл, шынында да, қияли ертегі, миф сияқты. Оған тарихи дерек деп қарауға да, сенуге де болмайды. Өйткені, біріншіден, аяқ-қолы кесіліп, айдалада жалғыз қалған баланың басқа бір адамның, онда да медицинадан хабары бар адамның көмегінсіз тірі қалуы мүмкін емес, көпке бармай, өзінен-өзі қансырап өледі. Екіншіден, қасқырдың табиғаты белгілі, қан көрсе, қасындағы серігінің өзіне ауыз салатын жыртқыштың қанға бөгіп жатқан баланы асырау орнына, оны сол жерде пәрша-пәршасын шығарып, жеп қояры даусыз. Бұл – шынайы өмірден жұрттың бәрі білетін шындық. Бұған талас жоқ.
Енді ауызша тарихтың осы дерегін көшкіншілердің өздерінің таным-түсінігі тұрғысынан талдасақ, мұнда ешқандай әсірелеу де, миф те жоқ. Бұл бар болғаны кәдуілгі өмірде болған тарихи оқиғаның образға оралып берілген нақты баламалық көрінісі ғана. Көшкіншілер ұғымында: қырғын тапқан елдің жұртында аман қалған бір бала – сол елдің халқының түгел қырылмағанын, жұртында өсіп-өнер тұқымның қалғандығын білдіретін символдық тұлға. Басқаша айтқанда, бұл - сол шабылған елдегі бас көтерер ересек азаматтардың бәрі түгел қырылып, жұртта қайрат қылар қауқары жоқ, дәрменсіз бала-шаға, кемпір-шал ғана қалды деген сөз. Баланың аяқ-қолының кесілуі соның айғағы. Өйткені баланың аяқ-қолының кесілуі - шапқыншылардың шабылған елдің асыраушы азаматтарын түгел өлтірумен бірге қорек қылар азық-түлігін де, аяқ артар көлігін де түк қалдырмай сыпырып әкеткенін білдіреді. Бұған көшкіншілердің жұмсар баласын, асыраушы азаматын - «қолым», «қол-қанатым»; ал мінетін көлігін - «аяғым», «аяқ-ылауым» дейтіні куә. Мұны, басқаны айтпағанда, «аяқ-қолы кесілді», «қолды-аяқтай» тіркестерінің күні бүгінге дейін қазақтар арасында дәл осы мағанасында қолданылатыны да дәлелдейді. Кешегі Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі қиын кезеңде қолғанат етіп жұмсап отырған баласы мен аяқ ылау жасап отырған жалғыз атын белсенділер (бригадирлер) шөп шабу науқанына зорлықпен алып кеткенде, қысқы отын-суын дер кезінде дайындап ала алмай қалған қарттардың: «көрмейсің бе, мыналардың аяқ-қолды бірдей кесіп, кәріп қылып қойғанын» деп, бір-біріне мұң шағып, ренішін білдіріп отырғанын өзіміз де талай естіп, көріп өстік.
Осы ретте мұндай ұғымның басқа шығыс халықтары үшін де жат еместігін және оның тым ерте заманнан бар ұғым екенін де еске салуға болады. Мысалы, х. э. дейінгі ІІ ғасырда өмір сүрген қытайдың әйгілі жиһанкезі Жан Чиәннің (Жан Кяньнің) өзі болған батыстағы елдер жайында айта келіп, патшасына (императорына) усундардың күнмиіне «император қызын» әйелдікке беру арқылы оларды сиуңнуларға қарсы соғыста одақ қылуға болатынын айтып: «Егер осылай істесек, сиуңнулардың оң қолын кесер едік» дейтіні бар (Бичурин Н.Я. Собрание сведений о народах, обитавщих в Средней Азии в древние времена. Т. ІІ. М.- Л. 1950. Стр. 155-156). Осы бір деректің өзі-ақ ауызша тарих дерегінің бәрі бірдей қиялдың жемісі еместігін, табиғатпен қойындаса егіз өскен көшкіншілердің болған тарихи оқиғаны көркемдік көрпесіне орап, тұспалдап жеткізудегі тәсілі, образды ойлаудың көрінісі екенін анық көрсетсе керек.
Ауызша деректің бұдан кейінгі «аяқ-қолы кесілген баланы қасқырға асыратуы да, үстінде ет тістеген қарғаларды ұшыртуы» да осы айтылғандардың айғағы. Мұнда да мифтік ештеме жоқ, бәрі далалық тірліктің өз шындығы. Мұны өз болмысында түсіну үшін асырар азаматтарынан, тұтынар мал-мүлкінен, ішіп-жер азық-түлігінен бір сәтте түгел айырылып, жұрдай болып, айдалада қаңғып қалған дәрменсіз жандардың алғашқы уақыттардағы күнкөрісінің қалай боларын көз алдыңызға елестете алсаңыз жетіп жатыр. Сонда теріп жер жеміс-жидегі жоқ, жалаңаш жайдақ далада оларға тек қасқыр өлтірген жас өлексеге ортақ болудан басқа амал жоғына көз жеткізесіз. Бұған әйгілі Шыңғыс ханның тікелей атасы Бодончардың ағалары қуып жібереннен кейін айдалада осылай өлексе жеп күн көргені де дәлел. Бұл ретте «Моңғолдың құпия шежіресі»: «Бодончар қасқыр жеген жемтікті теріп жеп,.. бір қыс өткізеді» (Моңғолдың құпия шежіресі. Өлгей. 1979. 25-б.) деген дерек береді.Ал мұндай жағдайда, мына ұшы-қиыры жоқ, далиып жатқан байтақ даланың қай жерінде, қай қырқасының астында жас өлексенің бар екенінің жедел хабаршысы - жемтікке үймелеп, ұшып-қонып жүрген қарғалар екені тағы белгілі.
Міне, ауызша тарихта берілген: «баланы қасқыр асырауының, үстінде ет тістеген қарғалардың ұшып жүруінің» көшкіншілердің өз танымымен талдағандағы деректік ақпараты осындай. Ал бұл - бір осы жағдайда ғана емес, ауызша тарихтың кез келген деректерінің де өзіне тән осындай шешуі бар деген сөз. Тек өкініштісі - ғылымда өз үстемдігін орнатқан еуропалық таным-түсінік ауызша тарих дерегін көшкіншілердің өз таным-түсінігі бойынша талдап, тануына әлі күнге ырық бермей, не өздері тануға талпынбай, оларды шындығынан жалғандығы басым көне жазбалардың «жабайылар» деген дерегіне тәуелді етумен келеді.
Ауызша тарихтың бір қайнар көзі – шежірелік деректер екені белгілі. Өйткені дүниежүзі халықтарының қай-қайсысының да төл тарихының бастауының түпнұсқалық негізі осы шежірелік деректерде жатыр. Бірақ шежіренің тарихи-әлеуметтік дерекшілдігіне, әсіресе өздерінен жазба дерек қалмаған көшкіншілер үшін оның танымдық мән-мағынасының әмбебаптығына қарамастан, қазіргі тарих ғылымы осы шежірелік деректерге әлі күнге әрі кеткенде тек жанама, қосымша дереккөзі ретінде ғана қарап келеді, «жанұялар (әулет) тарихын қалпына келтіруге мүмкіндік беретін тетік» (А. Сейдімбек) ретінде қарайды. Алайда мұндай түсінік шежіренің шын мәніндегі мазмұны мен қызметін толық ашып бере алмайды.
Жалпы, бұл ретте, еуропалық таным-түсініктегі шежірешілдік пен көшпелі өмір салт тудырған шежірешілдіктің арасында айтарлықтай айырмашылық барын естен шығармаған жөн. Көшкіншілер үшін шежіре, ең алдымен, адамдардың жады арқылы ұрпақтан ұрпаққа дәстүрлі түрде беріліп келген, саналуан айтушылар мен тыңдаушылардың таным, талғам сүзгісінен өткен тарих. Бұл – тарихтың негізгі өзегі – әр кезеңде басынан өткерген тарихи оқиғалар жөніндегі халықтың өзінің естелігі. Мұнда ататекті түсіндіре таратып, кімнің кімнен өрбігенін айқындайтын есімдер тізбегін нақтылаумен бірге ру-тайпалардың пайда болу, қалыптасу тарихынан жүйелі кең мағлұмат беріледі. Онда және қазақтың этнолог ғалымы А. Сейдімбектің сөзімен айтқанда: «...халықтың қария сөздерінің аясында ұрпақтың генеалогиялық сабақтастығы ғана баяндалып қоймайды, ең бастысы, нақтылы тарихи оқиғалармен бірге тұлғалар туралы эпикалық жыр-толғаулар, тарихи аңыз-әңгімелер, ғибратты шешендік сөздер мен мақал-мәтелдер, әсіресе, ситуациялық мысалдар генеалогиялық ақпараттың негізгі мазмұнына айналып отырады. Яғни қазақ шежіресін (шежірешілдігін) халық болмысының барлық қырын сан алуан үлгіде паш ететін тарихи ақпарат қоймасы десе болады. ...Өткен тарихтың көпшілік ортада ауызша баяндалуы, сөйтіп этнос тарихының ұжымдық жадқа (памятіне) айналуы, ең алдымен шежіре деректерінің объективтілігі мен шыншылдығын қамтамасыз етіп отырған» (Сейдімбек А. С. «Қазақтың ауызша тарихы.Астана. «Фолиант».2008. 13-б.). Шежіренің осындай қасиетіне мән бермей, оның айтпағын жан-жақты талдап, танып тұшынбай, тарих тұңғиығының тереңіндегі шындықтың бүгінге жеткен жаңғырығының баламасын ажырата тану да, одан нақты бір тұжырым жасау да мүмкін емес.
Осыған орай, заманында зерттеу нысанынан тысқары қалған көшкіншілер тарихының төлтума болмысын өз мәнінде танып-білуге кедергі келтіріп жүрген себептердің тағы бірі – көшпелі өмір салты тудырған мемлекеттік жаралымды еуропалық тәжірибеден алынған қоғамдық формациялар қалыбына салып, кесіп-пішуден өрбитінін де айта кеткен жөн. Көшпелі өмір салтты өмірге келтіруші де, оның ғұмырының ұзақ болуын қаматмасыз етуші де – рулық-тайпалық жүйе. Өйткені, рулық-тайпалық жүйе – табиғатпен қойындаса өмір сүрген адамдар бірлестігінің жергілікті жағдайға сай өзіндік төлтума өмір салтын тудырып, ұжымдық мүдденің біртұтастығын орнықтыруға, шаруашылық-мәдени типін қалыптастыруға негіз болған ерекше қоғамдық құрылым. Бұл ретте «рулық-тайпалық жүйенің еуропалық түсініктегі әкімшілік, территориялық, саяси құрылымды алмастырып тұрған ұлы жүйе» екенін түсіну қажет. Сонда адамзат баласы тарихының бастауындағы табиғи үйірлестіктен шығып, адами қауымдастыққа иек артқан жан иелерінің бір бөлегінің көшпелі өмір салтқа ойысқан кезінен бастап, кешегі Х1Х ғасырдың алғашқы ширегіне дейінгі аралықта өмір сүрген бүкіл хандықтар мен қағанаттардың, ұлыстар мен ұлы ұлыстардың мемлекеттік құрылымының негізі тек осы рулық-тайпалық жүйе болғанын білуге мүмкіндік туады. Өкінішке қарай, көшпелі өмір салтты өздері бастан кешіріп, қызығы мен шыжығының дәмін татып көрмегендер негізін қалаған дәстүрлі ресми тарих бұл мәселенің байыбына жетіп, көшкіншілер құрған мемлекеттердің ішкі құрылымының болмысын өз мәнінде танып-білуге әлі күнге көңіл бөлмей, ескі сүрлеуді шиырлаумен келеді.
Ресми тарих байырғы заманда Ұлы Даланың шығысында әр кезеңде өз алдына жеке шаңырақ көтеріп, бірнеше ғасыр бойына дәуірлеп тұрған, мысалы, Ғұн (Сиуңну), Сиәнби, Жужан (Жуан-жуан), Түрік секілді далалық ірі мемлекеттердің болғанын жазады. Оларды «қағандық» (қағанат) немесе «далалық империя» деп атайды. Ресми тарихтың жасаған ғылыми тұжырымдарына қарасақ, осы мемлекеттердің де, олардың халықтарының да бір-біріне ешқандай қатысы жоқ, әрқайсысы әр кезеңде бейне бір басқа құрлықтан ауып келіп, осы өңірді жаулап алып, жаңадан өздерінің жеке мемлекетін орнатып, біраз дәурен сүргеннен кейін із-түзсіз ғайып болған секілді.
Бірақ солай екен дейін десең, осы мемлекеттерді құраған рулар мен тайпалардың әрқайсысының тарихына өз тарапыңыздан байыптай үңіліп, салыстыра зерделеп, жеке зерттей бастасаңыз, басқа жағдайға тап боласыз. Олардың ешқайсысының басқа жақтан ауып келмегенінін, бәрінің де осы өңірдің тұрақты тұрғандары екенін көресіз. Жаңағы аталған мемлекеттердің де, тіпті, олардан кейін тарихқа танылғандарының да, аттары әр түрлі болғанымен, заттары бір болып шығады. Басқаша айтқанда, бұл мемлекеттерді кімнің қашан, қалай атағанына қарамастан, олардың сонау ежелгі замандардан бері иеленген жерлері де сол бір жер, оны мекендеген тайпалары (халықтар) да сол баяғы тайпалар (халықтар). Оларды қазір ғылым тілінде «түріктектес, түріктілдес тайпалар»[5] деп атау қалыптасқан. Мұндағы бар айырмашылық: тарих тегерішінің айналымында осылардың ішінен қай тайпа (халық) билік басына келсе, мемлекет сол тайпаның атымен аталып отырғаны ғана, басқаша айтқанда, өзгеріп жатқан тек мемлекеттердің атаулары, ел есімі ғана. Түптеп келгенде, еш өзгеріс жоқ: халықта сол халық; жерде сол жер, із-түзсіз ғайып болып кеткен де ештеме жоқ. Ал мемлекеттердің аты әр түрлі болғанымен, оны құрған халықтың құрамында сырттан ауып келген басқа жұрт болмағаннан кейін, олардың тұрмыс-тіршіліктерінде де, әдет-ғұрыптарпында да, тілі мен дінінде де пәлендей өзгеріс болмайтыны белгілі. Мұрагерлік жолмен бір-бірімен сабақтасып жатқандықтан, олардың мемлекеттілігінің тарихында да үзіліс жоқ. Мұны осы тұрғыда қарастырып, сабақтастыра салыстырып зерттеп жатқан тарих ғылымы тағы жоқ.
Бұл – шындық. Бірақ мұның бәрі: көшкіншілер тарихына еуропалық таным-түсінікпен емес, тек олардың өздерінің таным-түсінігі арқылы талдап, зерттегенде ғана айқындалар шындық. Осы шындықтар өз мәнінде танылып, айқындалмағаннан кейін қазіргі таңда көшкіншілер тарихында ақтаңдақтар да көп, түйіні шешілмеген мәселелері де жетіп артылады. Бір бірімен қайшыласқан кереғар пікірлердің туындап жататыны да содан. Бұларды болдырмау үшін көшкіншілердің тарихы олардың өздерінің таным-түсінігі тұрғысынан ауызша тарих дерегі жазба дерек мәліметтерімен салыстырыла зерттеліп, бүгінгі жетілген ғылымның соңғы жетістіктерінің, әсіресе, генеалогия ДНК-сының деректері негізінде қайта пайымдалуы парыз.
Осы орайда ретіне қарай айта кететін тағы бір мәселе бар. Ол – ресми тарихта әу баста «көшкіншілер» деген атау көшпелі өмір салтын тұтынатындардың бәріне ортақ болғанымен, кейінгі ғасырларда бұл атаудың негізінен Орталық Азияның тұрғындарына, оданда гөрі нақтыласақ, бірыңғай түріктектес халықтарға қатысты қолданылатындығы. Мұның бұлай болуының басты себебі, біздің пайымдауымызша, ХІ ғасырда мұсылман елдеріне қарсы ұйымдастырылған аты шулы «Крест жорығынан» басталып, ұзаққа созылған ортағасырлық текетірестің еуропалықтар санасында түрік халықтарына деген дұшпандық көзқарасты қалыптастыруында жатқан секілді. Өйткені мұсылмандарға қарсы жорыққа шыққан крестшілердің бетін қайтарып, оларды үлкен жеңіліске ұшыратқандар негізінен арабтар не басқа халықтар емес, түріктектес халықтардың жауынгерлері болатын. «Құртамыз» деп барып, құрта алмай, жеңіліп масқара болған батысеуропалықтардың кейін соның өшін өздерінің тарих жазу мүмкіндіктерін пайдалану арқылы қайтарып, түрік атауын былайғы жерде мүлде ататпай, оның орнына «жабайылар» деген анықтауышы бар «көшкінші» («номад», «кочевник») атауын оларға біржола еншілеп бергені байқалады. Кешегі өткен ХХ ғасырдың басына дейін адамзат тарихында «түріктектес» деген терминнің қолданылмай, оның орынына бірыңғай «моңғолтектес тайпалар» деп аталып келгені де осы айтылғанның бір дәлелі. Мұндағы бүкіл көшкіншілерге ортақ тек ретінде телініп отырған «моңғол» атауына ие халықтың өзі барлы-жоғы түріктектес халықтардың кейін өнген бір бұтағы ғана екені ешкімді толғандырмады. Моңғол тарихына қатысты бірден-бір сенімді дерек – Рашид ад-Диннің «Жылнамалар жинағында» моңғолдардың түріктектес халықтардан тараған бір бұтақ екені мейлінше анық, нақты деректер арқылы ашып-ақ айтылып, жазылса да, ешкім оған мән бермеді (Рашид ад-Дин. Сборник летописей. т.І. –М.-Л. 1952.стр.71-80).
Шындығына келгенде, «түрік» атауы тек ХІХ ғасырдың аяғында дат ғылымы В. Томсен Орхон-Енесей ескерткіштеріндегі беймәлім құпия жазуды оқудың кілтін тауып, оны 1893 жылдың 15 желтоқсанында Данияның Ғылым академиясының Президиумының алдында жалпы жұртқа жария еткенінен кейін ғана барып, біртіндеп атала бастағаны мәлім. Онда да түрік халқы тек х.э. кейінгі VI ғасырда шаңырақ көтерген, ресми тарихта «Түрік қағанаты» деп аталатын мемлекеттің тұрғындары ретінде ғана танылды. Өкініштісі - «түрік» аталған осы мемлекеттің тұрғындарының да, сондай-ақ олардың ежелгі ата-бабаларының да және олар пайдаланған жазудың да осы алтыншы ғасырдан да бұрын болғаны, соған қарамастан, бұлардың бір де біреуінің, атап айтқанда, не халқының, не олардың ата-бабаларының, не жазуының осыған дейін неліктен «түрік» деп аталмай келгені ешкімді ойландырмады. Соның салдарынан «түрік халқы VI ғасырда Алтайда пайда болған жас халық» деген тұжырым тарих ғылымына еніп, ақиқаты анықталған ғылыми тұжырымдама ретінде берік орнықты. Осыдан кейін жалпы жұртта VI ғасырдан бұрын түрік халықтары болмаған деген ұғым қалыптасты. Сол себепті кейінгі заман ізденушілері түрік халықтарының көне тарихын тек Түрік қағанатының тарихынан бастауға мәжбүр болды. Ал бұл түрік халықтарының бастау тарихы, яғни VI ғасырға дейінгі бүкіл тарихы зерттеусіз қалды деген сөз еді. Осыған байланысты түріктектес халықтардың тарихына қатысты куәлік берер есте жоқ ескі замандардан жеткен заттық айғақтар мен жазба мұралар жан-жақты зерттеліп, ақиқаты анықталмай-ақ, жер бетінен із-түзсіз жоғалып кеткен тегі белгісіз халықтардікі деп танылып, соларға телу дәстүрге айналды. Осыдан келіп, адамзаттың ортақ бастау тарихы сол адамзаттың бір бөлігі түріктектес халықтардың тарихынсыз жазылды. (Солай екеніне көз жеткізу үшін «Әлем тарихының» алғашқы томдарын оқып көрсеңіз жетіп жатыр).
Осы айтылғандардан ой қорытсақ, ортақ тарихымыздағы осындай олқылықтардың орын алуының басты себебі: тарих жазушылардың әу баста өзімшіл менмендіктің (эгоцентризмнің) қосын жегіп, Ататарихтың өткеннің өмір тәжірибесін алға тарта отырып, адамзат баласының ұрпағын адамдық қалыптан шығармай, бірлікке, кісілікке, парасаттылыққа, бауырмалдыққа, мейірімділікке, жарасымды үйлесімділікке және тағы басқа осылар тәрізді ізгі қасиеттерге баулып жетілдірер тәлімгерлік қызметін ескермей, оны әр заманда үстемдік етуге ұмтылған билеуші топтардың қажеттілігін өтеудің құралына айналдыруынан деп білген жөн бе дейміз. Соның салдарынан тарих – ата-бабаларымыздың сан мыңжылдық тірлігінің тәжірибесінен жинақталған, тағылымы мол өмір мектебі болудан қалды. Тіршілік керуенінде толқын-толқын болып, бірін-бірі ауыстырып жатқан ұрпақтар сол өмір мектебінің тәрбиесін ала алмай, үдере соққан кезеңдік саясат желінің жетегінде кетті. Нәтижесі – бүгінгі бәрімізге ортақ бастан өткеріп жатқан тірлік: соғыстар, дағдарыстар, жарылыстар, жазықсыз құрбандар, босқындар... Мұның бәрі - адамзат баласының адамдық қалыбына ақау түскендігінен, шыққан түптегіміздің бірлігін ұмытып, бір-бірімізді бауыр тұтып, жанашырлық таныта алмағанымыздан болып жатқан тірлік. Құдай бізді әуелде жер бетіндегі бүкіл жан иелерінің бәрінен ерекшелеп, Адам етіп жаратты. Сондықтан Жаратушының осы берген артықшылығын бағалап, алдымен, өзіңнің Адам екеніңнің мән-мағынасын жете танып, сол арқылы басқаларға, яғни хайуанға да, мақұлыққа да ұқсамай, Адам болып өмір сүру – біздің қай-қайсымыз үшін де жаратқан Жалғыздың да, аялаған Табиғаттың да, өсірген Қоғамның да алдындағы басты парыз болмақ. Осы киелі парызды ойдағыдай өтеуде баршамызды ата-баларымыздың өмір тәжірибесін жинақтап, тағылымды тәрбие мектебінен өткізетін құдырет – болмысты боямасыз көрсететін Ақиқат қолымен, періштелік тазалықпен жазылған Ортақ Тарихымыз екенін естен шығармайық. Тарихты қолдан қайта жасауға болмайды. Бірақ бар тарихқа байыппен қарап, кезінде түрлі-түрлі себептермен орын алған кемшіліктерді ғылыми зерде елегінен өткізіп, екшеп отыру; жақсысынан үлгі-өнеге алып, жетілдіру; жаманынан безініп, алда оның қайталануына жол бермеу – бәрімізге ортақ міндет болса керек. Бұл ретте әр тарихшының оқумен тапқан білімін, өмірден түйген білігін домбыраның қос шегіндей үндестіре, үйлестіре білумен бірге, қаламына өзінің Арын қатаң төреші еткені жөн. Сонда ғана ұлтына, адамзатқа адал қызмет етіп, ұрпақ санасын дұрыс қалыптастыратын шынайы тарих жазылмақ.
[1]Ежелгі гректердің «көшіп жүретіндер» деген мағынаны білдіретін «nomados» деген сөзінен шығарып, еуропалықтар бұл терминді «номад»» деп алса, оны орыстар өз тілдеріне «кочевник» деп аударды. Дәстүрлі ресми тарих ғылымында қазір бұл термин, негізінен, Ұлы Дала тұрғындарының баламасы ретінде қолданылады. Осы Ұлы Дала тұрғындарының ежелгі бір өкілі - қазақ халқы өздерін ешқашанда «көшкінші» («кочевник») деп атамағандықтан және өздерін «таза, бірыңғай көшкіншіміз» деп санамағандықтан, соған байланысты бұл атаудың бұған дейін қазақ тарихы ғылымында орныққан қазақша баламасы болмағандықтан, қазақ тарихшылары орыс тарихына енген әлгі «кочевник» атауын өз кезегінде тікелей тәржімалап алуға мәжбүр болды. Содан оны, яғни «кочевникті» бір аудармашы: «көшпелі», екіншісі: «көшпенді» деп тәржімалады. Қазір осы екі атау да бір-біріне синоним сөз ретінде қолданылып келеді. Мұның «көшпелісі» бұрын, бұған дейін тек белгілі бір атау сөздің анықтауышы ретінде, мысалы, «көшпелі ел», «көшпелі алтын», «көшпелі құм» деген тәріздес тұрақты сөз тіркестерінде ғана қолданылатын. Ал «көшпенді» сөзі жаңадан, қолдан жасалған, жасанды сөз еді. Тіл ғылымы қалыптастырған заң бойынша кез келген термин белгілі бір ұғымның басыбайлы аты, төл құжаты болғандықтан, ол тек «кім», «не» деген сұрақтарға жауап беретін атау тұлғалы сөз болуы шарт. Оны көркем шығармаларда қолданғандай түрлі синоним сөздермен алмастырып қолдануға болмайды. Осы тұрғыдан келгенде, қазіргі қазақ тарихында қолданылып жүрген «көшпелі», «көшпенді» сөздері терминдік талапқа жауап бермейді. Сол себепті біз өз еңбегімізде термин талабына сай, «кім» деген сұраққа жауап беретін, ұғымдық мағынасы айқын «көшкінші» сөзін «кочевник» сөзінің баламасы етіп алуды жөн көрдік. Көпшесі – «көшкіншілер». Бұл жөнінде осы жолдар авторының «Ұлы қағанат» (Астана. 2008 ж.39-44 беттер.) атты кітабынан толығырақ мағлұмат алуға болады.
[2]«Девятнадцатый век оставил нам в наследство концепцию, согласно которой только оседлые народы создали прогрессивную цивилизацию, а в Центральной Азии будто бы царили либо застой, либо варварство и дикость. Самое плохое в этой концепции было не то, что она неправильна, а то, что она предлагалась как достижение науки, не подлежащее критике» (Гумилев Л.Н.)
[3]175 жылға созылған уақыт ішінде майда-шүйдесін есептемегенде, Азияға ірі-ірі сегіз «Крест Жорығы» жасалынған. Оның біріншісі — 1095-1099; екіншісі — 1147-1149; үшіншісі — 1189 -1192; төртіншісі — 1199-1204; бесіншісі — 1217-1221; алтыншысы —1228-1229; жетіншісі — 1248-1254; сегізіншісі — 1270 болған.
[4]«қатыны мен баласын бір тиынға сатуға дайын». Обол - Византияның қола монетасы.
[5]Бұл арада «түрік», «түріктектес» дегендердің шартты атау екенін есте ұстаған жөн. Өйткені көзден кетіп, көңілден өшірілген ескі замандарда бұл атаулардың болғанын айғақтайтын әзірге нақты дерек жоқ. Бірақ, солай дегенмен, бүгінгі «түрік тілі» деп аталған тілмен сөйлеген адамдардың, тайпалардың, халықтардың сол есте жоқ ескі замандарда болғаны, өзгелермен бірге өмір сүргені кәміл және олардың бүгінгі «түріктектес» деп аталатындардың арғы ата-бабалары екеніне де дау болмаса керек.