ҚЫНАЛЫ ПОЭЗИЯ. (Қажытай Ілиясұлының өлеңдеріне талдау)

ӘДЕБИЕТ
2946

Поэзия - әуелде ғұмырлық сананың бір атауы еді. Сөз қозғалысқа, ой ырғаққа айналған сәтте өлі сөздерге жан біткен. Келе-келе ол - Поэзия деген ұлы атауға ие болды. Демек, сөздің қозғалысқа енген сәті - поэзия деп аталды. Өлең бөлек, тақпақ бөлек, һәм поэзия бөлек. Поэзияны тақпақпен (яғни сөз ұйқасымен! Шатастыруға болмайды!..

Тоқырау заманында орыс поэзиясында бұрын-соңды көрінбеген бірер ағым пайда болды. «Білгіштер» оны - «үнсіз поэзия» деп атап, Белла Ахмадуллина бастаған бұл буын өкілдерін сөзсіз мойындай бастады. «Құпия бола тұра анық, анық бола тұра құпия көрініс өнер (искуство)» деп аталатынын сол сәтте әлгі «білгіштер» естен мүлде шығарып алған еді. Әйтпегенде, өр Махамбеттің үнімен, «Адамға табын жер енді» енді деп құпиялық (ғарыштық сезім) пен анықтық (тірі адам. Алайда, қазіргі көзқараспен тірі адам - анықтық өлшемі бола алмайды. Ақиқаты - сол атеистік дәуірде тірі адам анық өлшемі болғаны - рас! Ж.Х.) арасын қосақтап тұрған Тұран даласының ұлттық ақынын санадан тыс қалдыру мүмкін емес еді. Есесіне, әлгі «үнсіз поэзия» өкілі Р. Рождественскийдің тасы өрге домалай берген. Аллаға бас иген Толстойдың ұрпағын осыншама үрейлендірген нендей күш еді?!

Әрине, ол өзге ешкімге ұқсамас ұлттық реңкі, сонан кейін сол реңкіні тұла бойына сіңіріп алған ұлттық ақынның кең ауқымды поэзиялық тынысы болатын. Және де сол тынысты өшіру үшін «ұлтшыл», «әсіре түрікшіл» деген жалған атауды қазақ ақынына таңба етіп басқаны да рас. Сол арқылы шетсіз-шексіз өнерге 2х2=4 болатыны секілді дәлелді (теория) қажет етіп, есекті тұлпарға, тұлпарды есекке (оқыңыз! Т. Әлімқұловтың «Ақ боз ат» романын!) телігені. Соған көнген даңққұмарлардың кеудесін темір-терсекпен толтырып, көкке көтергені де рас еді.

Сол тұста нағыз үнсіз поэзия жазып. Ілияс Жансүгіров ақыннан кейін үзіліп қалған қазақтың тұрмыстық сезімін түртіп оятқысы келген тағы бір ақын жүріпті... Ол - бүгінгі біздің сөзімізге сол кездегі жазған өлеңдері арқылы куә болып отырған ақын, сазгер, атбегі, сатирик  Қажытай Ілиясұлы.

Біз бұған дейін шымшыма сөзді, орақ тілді (пародист), тамаша сатирик, атқұмар атбегі, саятқұмар құсбегі, һәм би өнерінің ғажайып білгірі есебінде білетін едік...

Қазақ ғылымына поэзия зерттеуден сара жол салған, өлең сөздің білгірі - академик, марқұм Зәки Ахметов ағамыз алғы сөзін жазған (марқұм академик кез-келген өлең кітапқа алғысөз жазбайтын Ж:ХJ «Тасжарған» кітабын оқығаннан кейін біз манадан бергі айтылған көп ойларға қалып, өткенді саралай келе қолға қалам алдық:

«Сәріден қолда құс қырындап,

Сақалын тарайды мұнар бұлт.

Қарт жанын тартады құрулап,

Бойдағы аңшылық, құмарлық...» - дейді ақын «Саятта» деген өлеңінде. Өлеңді бір деммен, үзіліссіз жүгірте оқып шыққан адамға қарапайым әңгіме, жеңіл өлең іспетті сезілуі мүмкін. Сәл кідіріс жасап, өлеңге ой жүгіртіп, сөз төркініне бойласаң, көкірегіңді көтертпестей, мұңды да, сырлы өлең екенін түсінгендейсің! Мұңы жеңіл, ақ мұң, бірақ санаңнан өшпестей. Сырлылығы - баба тауларының уақытты тоздырған тас қынасы тектес, алуан түрлі көне бояулылығы. «Сәріден қолда құс қырындап» атқа қонатын көшпелі қазақы тірлік. Қыспаққа да, тозаққа да, бел жаздырмас қиянатқа да төзе беретін көшпенділер төзімі. Бұл сырт көзге аңдап қараған тұста ғана көрінетін көрініс, мүмкін бейнет! Бірақ, ақын көңілінде сол бейнетті тірлік мәңгілік әсемділікке айналған. Ендеше өлеңді толығымен тағы қайталап бір оқиық:

«Сәріден қолда құс қырындап,

Сақалан тарайды (!) мұнар (!) бұлт.

Қарт жанын тартады (!) құрулап (!)

Бойдағы (!) аңшылық, құмарлық.

 

Астында жарау ат (!), тоқ бүйір (!),

Бөктерге тартты тік қыстақтан (!),

Болса да бет алды көп шиыр (!),

Таниды-ау (!), тың ізді тіс қаққан!..

 

Жөнелді бір сәтте құйғытып,

Көз жазып шыжымды бүркіттен (!).

Қараймын жаныма күй бітіп (!),

Қалпына (!) нүктедей (!) бір түрткен!..»

Өлеңдегі сөздер түгелімен қозғалысқа енген. Сәрі - көшпенділер ұғымындағы тазалықтың белгісі. Тауық, торғай шырылдап шақырмас бұрынғы өшпес тірлік - мәңгіліктің отауы. Ал, «нүктедей» бір белгі - алғырлықтың, уақытты сезгіштің көрінісі болса, мұнар бұлттың сақалын тарауы - құздардың биіктігінің өлшемі. «Шыжымды бүркіттен» көз жазу - қыран құстың алғырлығы мен аңшы қарияның тақуалығының, қарттығының бейнелі тұспалы. Ғажайыбы ақын бұл жерде:

«Таң сәріден қолына құсын қондырып,

Аңшы қарт аңға аттанды», - деп қарабайырлыққа салынбаған. Өзге ешкім айта алмас, тек өзіне, ұлттық ақынға тән әсте шеберлікпен алуан-алуан көрініс, алуан-алуан көңіл-күйді табиғи әсемдік арқылы бірер сөздермен ғана бейнелеп шыққан.

(Қараңыз!)

«Қарт жанын тартады құрулап» дейді ақын. Сөз басындағы «қарт» деген анықтауышты кейінгі ерекше тапқырлықпен қолданылған (үйлестірілген) «тартады», «құрулап» деген екі сөз кеміп кетіп, жаңағы «сақалын тараған» мұнар бұлтқа сіңіріп тұр. Өзінен ойы биік, ойынан сөзі биік ақсақал қарт пен белін мұнар (қою емес, сұйық мұнар! Ж.Х.) бұлт ораған құзар шыңды бір-біріне сіңіріп жіберген. бұл фәниде қарт пен құзардың қайсысының көргені көп екенін (яғни қайсысы үлкен екенін) білу, қайсысының бар екендігі оқырманның еншісіне қалдырылған!..  Бұл екі символды бір-біріне қарсы қойып, қай бірінің көргенін оздыруға қимайсың! Екеуі де әлімсақтан бері бірге жасап, бірге тұрып келе жатқандай. Көне, көне бола тұра - жаңа, жаңа, жаңа бола тұра - көне, «жаныңды құрулап тұратын» мәңгілік тірліктің құшағында тұрғандай әсер аласың...

Көргені көп, көргенінен басып өткен таулары биік қарттардың өмірінің соңында мұңдасатыны да, , сырласатыны да, арқа сүйер тірегі де осындай шың, құздар екені - анық! Әйтсе де, сәрідегі бұлт сол биік құздарды емес, қолына құс қондырған қарияны белбеулеп, орап тұрған сияқты. Соны көрген, соны көкірегіне түйген ақын тек сол биіктермен, қарттармен сырласып, соларға мұңын төккендей... Иә, фәниден озар шағында дана қариялар ғана шыңдармен сырласады. Ақтық сөзін тағылар ғана мекен ететін ақ құздарға күбірлейді. Сол көк құздың биігінде мүйізін жерге салып, мүлгіп тұрған тарғыл таутекемен кеңес құрады... қоштасады... Бұл - қиыр жайлап, шет қонған қазақтарға, қазақ ақындарына ғана тән ұғым. Нағыз ұлттық ақындардың ғана тұла бойына бітетін қасиет. Онсыз, дәл сол өлкенің мәңгілік мекеншісі іспетті іспетті «тың ізді» көре біліп, әрі оны дәл сол қалпында бейнелеу, өлең ету мүмкін емес. Тек Қажытайдың ғана айта алатын, тек сондай бір ақын адамның ғана көре алатын мұндай ғажайып суреттемені мейлі жүз, мың жыл бұрын оқысаң да, мейлі жүз, мың жылдардан соң оқысаң да сол қалпында көз алдыңа елестейді. Бейнелі қозғалысты көрініс өзгермек емес. Бұл - мәңгілік.

Сөз қадірін білместен қолға қалам алу сөздің киесін қашырады. Бұл қағиданы Қажытай Ілиясұлы бала кезден етсүйегіне сіңіріп өскендей. Ұйқас біткенді көпірте өлең ету емес, ана тілінің құрсағында ашылмай жатқан сөз қорынан қажетіне керегін алатындығы анық байқалады.

«Астында жарау ат тоқ бүйір

Бөктерге тартты тік қыстақтан...»

Біздің манадан бергі қарабайыр тілмен айтып жеткізе алмай отырған «тау қазағы» деген сөзді ақын «Бөктерге тартты тік қыстақтан...», деп қайталанбас көркемдікпен суреттейді.

«Тік қыстақ» деген сөздің де астарынан тау қойнындағы жалғыз үй көзге ұрғандай анық көрінеді. Іргесінен көңнің иісі аңқыған, киіз туырлықты қазақы қоңыр үй. Оның да осы тау қойнында қанша уақыт бұрғаны белгісіз! Уақыт өлшемі көркемдікпен қосыла келіп, сені тағы да қызықтыра бастайды. Еріксіз аңшы қартты көз алдыңа қайта елестетесің. «Астында жарау ат, тоқ бүйір» екенін оқыған тұста оның әлі де ауыл іргесінен алыстай қоймағанын аңғарасың. Алда ат бүйірін босатарлық бірнеше белес-белеңдер де бар сияқты...

Міне, «Тасжарған» кітабындағы кез-келген өлеңді оқыған тұста осылайша өлең соңынан еріп ұзақты шарлайсың, ұмытылмас ойға қаласың! Біз «үнсіз поэзия» деп, еліктеп, орыс ақындарының соңынан еріп жүрген тұста (1960-1970-жылдары) қазақ ақыны Қажытай Ілиясұлы осындай керемет өлеңдерді жазған екен. Өкініштісі, сол кезде мұндай көркем поэзияның орнына «Ұлы Ленин», «Даңқты Революция» деп сөз саптаған ақындардың кеудесі темір медальдарға толтырылып, солардың атақ-даңқы артып жатты. Бүгінде қазақ поэзиясы соның зардабын шегуде. Мұны ақын Серік Ақсұңқар «Анти поэзия» деп атапты. Мүмкін солай да шығар. Бірақ, сол «антипоэзияға» қарсы нағыз өлеңдержазып, уақыттың келерін күтіп, заманға байланбай жүрген нағыз ақындар болғанын білсекші?! Солардың бірі - біз сөз етіп отырған, ақын Қажытай Ілиясұлы.

«Тасжарған» кітабына енген өлеңдердің дені 1964 - 1972 жылдар аралығында жазылған. Көптеген өлеңдеріне ақын өзі ән жазған. Мұның бір жағы - ақынның сан қырлы талаттылығын байқатса, келесі тұсы - ақын көңіліне салған уақыт мұңы мен тағдыр сызығын аңғартады. Тағдырдың айдауында шекарадан шекара асып, бозбалалық дүние-танымы мен өмірге деген құлшынысы қалыптасқан елін артта қалдырған ақынның көңілінде қаяу бар. Соны тарқату үшін ол жаңа ортаға келісімен Жұматай Жақыпбаев, Жұмекен Нәжімеденов сынды тарландармен тату достасқан. Соларға ғана айтып, солармен бөліскен көңіл жырларын өзгелерге жеткізуге асықпаған. Қыранды қыран, тұлпарды тұлпар танитыны секілді бұл үш достың (ошақтың үш бұты іспетті! Ж.Х.) үшеуі де тамаша ақын, тамаша күйші, тамаша спортшы, бір сөзбен айтқанда атам қазақтың соңғы серілері болғаны таңқалдырады.

Қажытайда сол екеуінде жоқ бір артықшылық болған-ды. Ол оның тамаша бишілігі мен атбегілігі. Ерді ер өнерімен қызықтырып, шабытқа шабыт, ақылға ақыл қосып жүрген сәттері Қажытайдың үлкен поэзияға күш-қуат бергендей. Көңілін тәтті күй кернеп, көкірегін әсем сөздің ырғағы керіп жүргендей.

«Күйдірме, күйдің нарқын елемесең,

Мейлі сен кім болсаң да төбелесем!» дейді ақын тағы бір өлеңінде [15].  Сөзді ұғатынға астарлап, ұқпайтындарға тура айту нағыз қазақы мінез болса, әрбір өлеңнің ішкі толқынына (бұлқынса бұлқынтып, мұңданса мұңайтып...т.б.) сәйкес сөз саптау - шеберліктің белгісі. Жоғарыда келтірілген екі жол өлеңде «төбелесем» деген сөз айтылып қана тұрғаны болмаса, төбелес жоқ, төбелес - еркелікке, «еркелетем», «аяймын» деген сөздерге айналып кеткен сияқты. Бірақ, сөз астарында «Әй, балақай! Күйдің нарқын қадірле!» деген үлкен ескерту тұр. Ол ескерту - бабалардан Қажытайға жеткен өнердің киесі, киелі рухы іспетті. Қажытай сол рухтың дегені айтып тұрғандай.

Қандай да бір ақынды толық біліп, түсіну үшін оныңжазған әрбір сөзін үтір, ноқатына дейін мән беріп оқу қажет. Әрбір сөздің тасасында жатқан терең ойларға іждағаттылықпен мән беру ләзім. Тек өлең сөз ғана емес, айнала табиғаттың өзін-өзіне толық көрсету үшін сондай іждағаттылықты, көрегендікті қажет етеді. Ақын Қажытай Ілиясұлының бойында ондай қасиет жетіп артылады. Сөзіміз дәлелді болу үшін тағы да өлең оқып көрелік:

«Үніңе тағдыр өзі шешен еткен,

Құлағын ата-бабам төсеп өткен.

Бұлтиған бұзаушықтай (!) сұрша құсым,

Боз болып атануың не себептен?!»

Өлең тереңдігін айтпас бұрын «бұзаушық» деген жалғыз сөздің өзін анықтап алу қажет. Онсыз өлең сыры ашылмайды да. Демек, бұл бұзаушық - сиырдың бұзауы емес. Кәдуілгі қара апамыздың бұлғаған (қайнатқан!) қара сабынының қазан түбінде қалған қалдық, жұғындылары. Яғни, қара қазанға қайнатылған сабынның жұғындысынан жасалған кішкентай сықпа. Көлемі жұдырықтан аспайды. Және де бұзаушықпен таза кірді, беті-қолды жуады. Көрінген кірге сала беретін қазіргі күннің «хозяйственное мылосы» емес. Апалардың ақ жаулығы мен аталардың ақ жейдесін жууға ғана арналған таза сабын. Онымен өзге кірді жууға қатаң тиым салынады.

Ақын Қажытай ата-бабасы даусын тыңдап өскен «сұрша құсты» сол қасиетті бұзаушыққа теңеп, алақанына салып, аялайды. Оның пәктігін өзгенің игілігі үшін өзі таусылып жоғалатын бұзаушықпен теңеп, бұл құстың да таусылмай жүргеніне қайран қалады. Сол арқылы ақын өзі де бұл фәниде мәңгілік емес екенін сездіріп тұрғандай. Сездіріп қана емес, сол арқылы оқырманның ойына терең бір мұңды ұялатып тұрғандай. Мұңды өлең. Бірақ, «мұңайдым», «кетілдім», тоздым», «таусылдым»...т.б. деген бірде-бір күйрек сөз жоқ. Өлеңнің басқы жолдындағы үнге айналған тағдыр (!) ғана болмаса, өлең жалпылама суретке құрылған...

Міне, ақынның кез-келген өлеңі осылайша қазақ ақынына ғана тән ұлттық бояу нақыштармен өріледі. Баяғыда қазақ тілінде жазылған өлеңдердің барлығын оның ұлттық ойланымына мән берместен, қазақ поэзиясы деп жүрмедік пе?! Сол тұста классик ақын Ілияс Жансүгіровті «этнографикалық өлең жазатын» ақын деп жаңсақ түсінетінбіз. Қызығы - сол киіз үйдің күлдіреуішінен түскен күн сәулесін көріп, соны өлең еткен қазақ ақынын ескілікке балайтындығымыз еді. Ілияс Молықбайдың күйін тыңдап, қалай тебіренген болса, Әбікеңнің «Қоңыр» күйін тыңдаған тұста Қажытай да дәл солай елжіреген.

«Қағасың күңірентіп, майда (!) ғана,

Кім білген, қадіріңді қайран аға?!» - деп, өксік ата жырлаған (оқыңыз!). Әбікеңнің «Қоңырын» естігенде өксік ататыны: ақын күйді тыңдап отырып,

«Бір тістем, қолы жетпей, шайнамаға,

Кебінсіз сүйек толса, бай далаңа...

Тіл шешпеген түйінді күйің шешіп,

Қабырғаң қайысыпты-ау, қайран аға!» - деп,көмусіз қалған аталардың ақ сүйегін көре білген. Тоталитарлық жүйенің қылышынан қан тамып тұрған тұста айтар ойын сөзсіз күй арқылы жеткізе білген Әбікеңнің керемітіне қайран қалған. Кезек өзіне келген тұста ойын күймен емес өлеңмен жеткізген. Бұл өлең сол зобалаңды тұста 1969 жылы жазылған. Мүмкін, Қажытайдың көп өлеңдері бұған дейін еш жерде жарияланбай келуінің себебі де, осындай саяси көзқарастардың кесірінен бе екен?!.

Жасырары жоқ барлығы да «Ленин» деп жазатын, осы есіммен сөз бастайтындықтан, бәрі де «арманым», «ғашығым» деп тебіренетіктен, Сырбайдың өлеңдерін маңайындағы кейбір ақындардан ажырата алмайтын кез болған. Сол тұста Қажытай: «Күйдірме күйдің нарқын елемесе...», - деп, ұлы өнерге араша түсіпті. Күй - қазақы ұғымда тек, әуенге ғана арналған атау емес, ол - көңілдің алуан сырлы көріністерінің де атауы. «Көңіл күй», «Жай күй», «Мал күй»...т.т. Күйге тиістің бе, жанға тиіскенің. Ал, Алладан жалғыз мәрте берілетін жанға тиіскізіп қойып, қандай адам тыныш тұра алмақ?! Ақын, сазгер, сатирик өлеңдері оқырманын осылайша әр алуан ойларға қарай жетелейді. Оның өлеңдерін байыптап оқыған сәтте баз бір өлеңдер сияқты бір сөзін де алып тастай алмайсың. Әр сөзі көңілден өрбіп, жүйелі әрі шынайы қазақы сезіммен тасқа қашағандай шеберлікпен өрілген. Өрімі де - бәйге атының қамшысындай, қолың тисе (көзің түссе) тамсанып қана отыратын өлмес те, өшпес өлеңдер!..

Жүкел Хамай

2003ж. Алматы-Айнабұлақ.


author

Жүкел Хамайұлы

АҚЫН

Спорт

Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының экс-ойыншысы Ұлан Қонысбаев Euro-football.ru сайтына берген с...

Жаңалықтар

Бұл ерекше жүздесу Лондонда өтті. Ең ұзын және ең қысқа әйелдер кездесіп, бірге шәй ішіп, әңгімелест...