***Бүгін бәрі керемет, т...
Дәурен Айманбетов. МЕҢ (цикл)
Дәурен Айманбетов. 1984 жылы 2 қарашада дүниеге келген. Республикалық, облыстық біраз жыр додаларының жеңімпазы. 2015 жылдың ТО (ОҚО) «Жылдың үздік ақыны», 2016 жылдың Республикалық «Алтын қалам» номинацияларының иегері. «Сары жапырақ – сарғайған жүрек», «Аяулы адам» атты жыр кітаптарының авторы.
Мең-1
Ойымнан шықпай бейнең еніп алып,
Ғашық қып кеткендігің сенің анық!
Көзіңнің ұшындағы меңіңе ауып,
Сезім бұл көрсетпекші не бұғалық.
Кіршіксіз қыз қалпың сол балаң өңді,
Қаратқан бəденіңмен бар əлемді.
Жұматай мен боламын саған енді,
Сен - Лəйлəм боп қаласың қара меңді.
Бетіңнің шұңқырында күлкі үйілген,
Өтінем, айныма осы гүл күйіңнен.
Көзді арбар оңай емес бір түйір мең,
Шықпай жүр, айттырушы жұрт үйіңнен.
Қашанғы ағызады көңіл селін,
Тəтті де келеді екен меніңше мұң.
Жаңа бір жыр жинағын бастап кеттім,
Ішінен орын алар меңің сенің!
Мең-2
Хақ Тағала бояуымен не түрлі,
Сызарында сенің сұлу бетіңді,
Қаламынан қара сия бір тамшы,
Ажарыңа тамып кеткен секілді.
Сол бір тамшы меңге айналып əп-əсем,
Қонған сынды, айнаңды алып, қара сен!
Қылқаламнан шедевр боп туылған,
Қай ананың жəудіреген баласы-ең?
Ұйқыдағы қайта оянып дерт ішкі,
Ғашық жанның күйін кештім ең күшті.
Қара түсті жақтырмайтын жан едім,
Сүйіп кеттім меңің үшін сол түсті.
Меңің керім, үстіндегі көз керім,
Өзің керім, сөйлеген əр сөздерің.
"Əлем мисі" атанғандар басынан,
Сені көрсе шешер еді тəждерін!
Өз-өзімді мүмкін болмай қолға алу,
Дертті болсам, қара меңдім, сен - дəру!
Жұматайдай жырлап өткен Лəйлəсін,
Ынтықтырып бара жатсың, меңді ару!
Мең-3
Сан гүлдердің ішінен бөлек өңді,
Бір гүл көрдім өзі əппақ, ерек енді.
Құмырсқа-бел сабағы үзілердей,
Күлтелері - үлпілдек. Жəне меңді.
Самал соқса ырғалған биі əдемі,
Иіскер-ем, бұйығы, ұяң еді.
Күн сəулесі құласа мөлдірейді,
Күлтедегі қап-қара сия меңі.
Көбелектер де үйірсек тіпті өзіне,
Үйірсектеу мөп-мөлдір шық та өзіне.
Көрсе-қызар сұлуды жұла салар,
Түспесе екен бұл меңдім жұрт көзіне.
Осылайша ой кешіп мен бір ізгі,
Ақ гүлдегі мең санап теңбіл ізді,
Алақанмен аялап біраз тұрдым,
Өзім ғашық еске алып меңді қызды.
Мең-4
Қымыз толы ішіне тостағанның,
Үңілумен отырдым, мас болармын.
Қымызда да мең болады екен, тоба...
Даяшысын шақырдым ресторанның.
Қазақ келсе, ең кемі қой асыңыз,
Тарқап еді қымызсыз қай асымыз.
Білегіне шашығын іліп алып,
Тез табылды жанымнан даяшы қыз.
Ғашықтықтан күйіп жүр жиі бетім,
Басымдағы жасамай - түйір етім.
Бірінші рет ішкендей сусынды бұл,
Шатастырып меңменен киік отын.
Жан-тəніммен қап-қара меңге құлап,
Сол сиқырың жүргені сендегі ұнап.
Қара түйір зат көрсем мең көрініп,
Көз алдыма келеді келбетің ақ.
Мең-5
Əттең, менің кейіпкерім ғанасың,
МЕҢің сондай бағасы жоқ қара асыл.
"Көз тимесін дидарыңа" -деп сенің,
Күйе жағып қойғандайын анашың.
Неге құштар - дейтін едім - бар ақын,
МЕҢ мен үшін жай бір термин ғана-тын,
Жалт бұрылып қарағаның əлі есте,
Ары қарай... қара МЕҢің... қара түн...
Содан бері жүзі өтпей-ақ бір айдың,
Сапарға ертіп кетті алысқа жыр-айдын.
Ноқаттайын МЕҢің маған кəдімгі,
Мұғжизасы болып қалды құдайдың.
"Нешінші жыр, МЕҢ жайында", де бұл күн,
МЕҢсіз-дағы сұп-сұлусың, керім тым,
Осы өлеңнен кейін менің достарым,
Сұрары хақ екеніңді сенің кім.
...Əттең, менің кейіпкерім ғанасың,
МЕҢің сондай, бағасы жоқ қара асыл.
Сені ешкімге көрсетпеймін, айтпаймын,
Кейіпкердей жұмбақ болып қаласың.
Мең-6
Қара шашты қарындас қара меңді,
Неткен ғажап жан едің марал өңді.
Әзағамның* жырлаған Меңтайы* ма-ең,
Күйін кешіп Ерболдың* барам енді.
Қарындасым, қарақат көзі мұңлы,
Достық сенің қайтемін сезіміңді.
Жақсы көрем дегенің көншітпейді,
Көргендейін өз ағаң, өз ініңді.
Қалам алып, хат жазған жақында ағаң,
Жауап тізген келмеді хатың маған.
Қара меңге құштарлық тарқар емес,
Меңтай неге қоймаған атыңды анаң?
Ауыр екен, ғашықтық тиелсе мұң,
Үміт деген артса да иен сенім.
Қара меңге кетсе де ес, ең бастысы,
Ақ меңіңді — Ар дейтін сүйем сенің.
Сүйем тағы жаныңды мақтанымды,
Сүйем ессіз жұтына пәк тәніңді.
Қара меңді сүйемін жыр туғызып,
Ақын еткен тып-тыныш жатқан ұлды.
Қара шашты ғашығым, қара меңді,
Мендік болмай жазылмас жарам енді.
Ерініңмен балдайын, ерінімнен,
Қондырар-ең бір сүйсең маған емді.
Мең-7
Сұлулығың көзді арбайтын қараған,
Сен арбаған мына өңірде көп адам.
Алла өзіңді жаратарда зейін сап,
Әрлегендей көркіңді тыс шамадан.
Жымиысың, жарқыраған жас кейпің,
Ерітеді-ау жүректі де тас дейтін.
Қанша үміттің кеудесіне от жақтың,
Жанартаудың шоғындайын өшпейтін?
Ауылыңда бар әңгіме сен жайлы,
Сен жайлы да, сендегі әсем мең жайлы.
Әр жігітке сені теліп көршілер,
Болашағыңды өздерінше болжайды.
Хаттарды әрбір, ғашықтардың жыр-гүлін,
Саған тасып үлгермей жүр сіңілі, інің.
Ұйқы бермей қас қарайса ысқырып,
Мың құбылар терезеңнен бұлбұл үн.
Қай ауыл ол, болар сендей келінді,
Көргім келер сен таңдаған теңіңді?
Сыймай-сыймай сонда өзіме қалармын,
Қимай-қимай сенің қара меңіңді.
Мең-8
Кірді ақыры Шымкентке мені ұғар күз,
Өзің қашан келесің, меңі бар қыз?
Жапырақтар жауғанын бақылайық
Күнін айтшы, бұ күздің жолығар біз.
"Мені ұғар күз" дегенім - сарғайғаным:
Өзіңді аңсап, өзіңнен шалғайдағы ұл.
Сені маған бермейді "калалық" деп,
Өздерінен болаын аңдайды ауыл.
Кетсем бе екен сондағы қызығыңды ап,
Ең әдемі өзіңдей қызын ұрлап?..
Келер болсаң осы айдың атын саған,
Берер едік "Меңді" деп, біз ырымдап.
Қыркүйекті атар-ек: "меңді күз" деп,
Келсең не етті қалаға енді біз деп?
Жолы қыздың жіңішке, жолым - ұлы,
Ауылыңдамын, қайдасың, келдім іздеп?
Аулыңа да жетіпті мені ұғар күз,
Бәлкім, осы дәл қазір жолығармыз?
Шықсаң еді, аяулы меңі бар қыз,
Кетейікші әз бақыт соңынан біз.
Мең-9
Қыз алдында білмейтін мен қысылу,
Тіл байланды алдында меңді сұлу.
Бір ұққаным бүгіннен мына өмірді,
Оңай болмас өзінсіз енді сүру.
Тайдыра алмай көзімді жанарынан,
Тас жұтқандай қарлығып тамағым ал.
Арбауына әбжылан түскендейін,
Күйін кештім қорғансыз бала қыран.
Қиял қуып, аспанға гүл ұшыра,
Қарай бердім жүрісі, тұрысына.
Мүсініне тамсанған сайын менің,
Түсетіндей өзі кеп уысыма.
Әкім де емен қарайтын жер дауын кеп,
Әмір берер соншалық Перғауын ба ек.
Ауылының есімін алып тастап,
Қойғым келді меңі үшін "Меңді ауыл" деп.
Қайсы қазақ өзіне жар етері,
Ауылы қарт Қаратау дәл етегі.
Осы сәттен Қаратау - Меңтау болып,
Аталса деп біздің бас дәметеді.
Дәл өзіндей сұлу жоқ меңдес керім,
Болса алдына алыстан келмес те едім.
Шымқаланы - Меңқала дейін енді,
Болмаса қарсы егер жерлестерім.
Кездесуді дәл мұндай неғылайын,
Қоштасудан тұрған соң соңы дәйім.
Бір меңі үшін арудың қиялидай,
Біртүрлі боп барамын, о, құдайым.