​«БІРЖАНДЫ» ҚАЙТАЛАП КӨРДІМ...» (өнертану)

ӘДЕБИЕТ
2573

Сөз мырзамен кездесе қалған сәтте, тілім қышып, күні кеше ғана теледидардан «Біржан» фильмін қайталап көргенімді айтып қалып ем, ал кеп төгіліп ала жөнелсін.

Былай деді: « Сендер, сенің айналаңдағы әдебиетші – мәдениетшілерді айтам, қай нәрсенің де жақсы жағынан гөрі нашар тұстарын тез байқап, тек соны айтқанды құп көре бересіңдер. Осы кино жарыққа шыққан кезде жан-жақтан тиісе сөйлеп, түкке алғысыз етпекші болғандар көбейіп кетіп еді, енді жым-жырт. Неге? Өйткені ешқайсысы да киноны терең қазып, талдай алған жоқ, бәрі де атүсті тілге тиек етті, жеңіл-желпі баға берді. Жақсысын асырмады,аз-кем жаманы болса, жақсыға жорып жасырмады. Жарайды, кемшілік айтылуы тиіс делік, бірақ тиіп-қашпа кемшілік астарында киношылардың қыруар да қиын еңбегі көміліп қала беруі жөн бе? Обал-сауап қайда? «Біржан» фильмі қазіргі қазақ киноларының көбінен бәсі биік туынды, оны көре білетін көз, сезіне білетін жүрек керек!..Ыстық сезім керек!..» Осылай деді де, теріс айналды. 

Мен аз-кем ойланып тұрып қалғам. Әңгімені өзім бастап ем, енді соның кермек дәмін де, суық ызғарын да өзім тартып тұрмын. Рас, кешегі кезекті көру сәтінде мен де бұл фильмнің біраз тұстарына риза болып отырдым – сценарий авторы, менің қатарлас-қанаттас досым, марқұм Таласбек Әсемқұлов қалай-қалай төгілдіре жазған! Тіліне қояр мін жоқ! Біржанды да, мың жанды да өз тілімен шебер сөйлете алған. Рас, мен киноны көру барысында көңіл марқайтар көп көріністер мен сәттерді дөп басып сезіне алдым – режиссері, талантты азамат Досхан Жолжақсынов қандай тапқыр шешімдерге бара білген! Бірінен соң бірі қабаттаса өрбіген оқиға желісі кісіні жалықтырмайды, өзіне тарта түседі. Қазақтың сал-серілері де тап осы фильмде барынша анық, ашық, айқын сомдалып, алдымызға тартылған. Кино тілінде өз биігі мен деңгейіне көтеріле алған. Жақсысы жар салып, мен мұндалап, алдыңнан алақайлап шығып жатады. 

Алайда... көңілге еріксіз кептеліп, аз-кем кіді болып тіреліп қала беретіні – біз жас күннен оқып-естіп, тағдырына таң қалып өскен сал-сері Біржан осы фильмде неге сонша сылбыр? Қоянды жәрмеңкесінде жазықсыз таяқ жейді – үнсіз қала береді! Жан жары Әпіш « тоқал ала ғой» деп көңілдің арғы түкпіріндегі сезім дауылын бүркемелеп сөйлейді – үнсіз тыңдаумен шектеледі! Ләйлім Шырақ «мен емес, мені сыртымнан атастырып қойыпты» деп жылаулы сөзін лақылдата төгіп, қан жылап тұрады – тағы да тым сүлесоқ! Әрине, режиссердің әредік қай нәрсені де ыммен, астармен бергісі келген әдісі де тапқырлықтың бір сыры болар, бірақ Сері Біржан неге ең болмаса бір рет «жарылып» кетпеді екен? Соны ынтыға, аяғына дейін күтесің де отырасың! Сонда мейлінше көркем, барынша әсерлі, барынша ширақ шығар ма еді дейсің! 

Бірақ, адалын айталық, бұның бәрі де жақсы үстіне жақсылық бола берсе екен деген ниет қана, Сөз мырза! Жалпы, фильм өз мәресіне жетіп жығылғаны тағы да рас, бұл жағынан сенімен қосыламын, Сөз мырза! Біздікі – көру барысында қиялымызға қонақтаған ой... Сын емес, ой бөлісу...Бұдан былайғы кезде ойда жүрсе екен деген ізгі ниет ізі...

:Жолтай Әлмашұлы

author

Жолтай Жұмат-Әлмашұлы

ЖАЗУШЫ

Жаңалықтар

Оқиға Алматының Наурызбай ауданында қоғамдық көлік аялдамаларының бірінде күндіз орын алған, деп хаб...

Жаңалықтар

Журналист Гүлмира Әбіқай «Елге көмек» қайырымдылық қоры туралы тың мәлімет жариялады, де...