Чиң Шүй – қытайдың әйел ақыны, Шаң Хайда туған. «Судың сыңсуы», «Poems of wu...
Төкен Әлжантегі. Махаббат мазары немесе «Отаутас»* туралы аңыз. (аңыз-дастан)
ДОСЫМА СЫР
Қарап тұрсам осы тау кескiнiне,
Iлеседi сезiм ой көшкiнiне.
Буырқанған талайдан жүрек тербеп,
Жыр жолдары тұсауын кестi, мiне.
Айта алман қай ғасыр беттерi бұл,
Безек қақты қай дәуiр шектерi бiр.
Сел боп аққан жастардан теңiз тұнған,
Санамызда зар заман өткелi тұр.
Тұлпар ақпай жұлдыздай –
майырылған,
Сұңқар ұшпай заңғарлап –
қайырылған.
Заман едi ол қос аққу көлде жүзген,
Тапа-тал түс сыңардан айырылған.
Ару бiткен құшақта тұншыға алмай,
Батыр өлген тағдырға үн шығармай.
Шаң астында бұлқынған шама едi,
Ашық-жарқын жарқырап күн шыға алмай.
Төнсе-дағы мың мәрте құзғын оған,
Сырды сұра тастардан мызғымаған.
Жылап тұрып айтар ед тiл бiтсе егер,
Заман сырын жүз тұрып,
жүз құлаған.
Суыртпақтап сұңқылын түр-түрiмен,
Сыбырлар ед табиғат мұң тiлiмен.
Сонда,
сонда бұлттар да борша-борша,
Үзер едi моншағын кiрпiгiнен.
Сақтаса да қатқылдық қатпарлығын,
Кезi келсе көбелер тоқ қарды күн.
Құлақ түргiн өткеннiң өкпегiне,
Парақтарын аңыздың ақтар бүгiн...
* «Отаутас» – Жаңаарқа ауданы жеріндегі төбе атауы.
БАСТАУ
Алаң да алаң,
алаң шақ,
Сезiлмес шырай тұщымы.
Тiзенi қаққан қорамсақ,
Сұстандырады кiсiнi.
Дойырдың iзi домбығып,
Долыға жүрек қамдасқан.
Жүзiнен тамар қанды ұғып,
Жарқылдасады алдаспан.
Шоқпардың басы шорланып,
Азалы сәттiң қақты үнiн.
Тор көздер күтер қорғанып,
Дар-дары шығар шақтарын.
Тықыршып тұлпар кермеде,
Тасты илеп,
тұяқ от қарыр.
Еңiсте,
танбас өрде де,
Бауырын жазар шақта бiр.
Шiресе шыдар талыстай,
Дауылға бетiн қаратқан.
Берiлмес жауға алыспай,
Жар бола гөр елге,
Жаратқан!
* * *
Басталды бәрi, басталды,
Шаң-тозаң шалды аспанды.
Тұяқтар таптап барады,
Домалап түскен бастарды.
Кiм болжар соңын тап басып?
От шашып семсер шақ па шұқ.
Қақырап сауыт сөгiлсе,
Құшағын сардар хаққа ашып.
Құшады жердi құшақтап,
Ұшады рухтар –
құс әппақ.
Соғыстың қатал заңы бар:
Майданда жең,
не пышақ қап!
Ырылға бөккен айнала,
Ырыққа көнбес ой - сана.
Ақырған және бақырған,
Жаңғырық көшiп қайда да.
Қайыра алмай сорды өктем,
Жүрегi айнып кермектен.
Даланың құты қашыпты,
Ыңырсыр аймақ қан бөккен.
Ащыға мыйды қыздырма,
Киесi болар тұздың да.
Аруды тербер арыстар,
Жемтiк боп жатты құзғынға.
***
Жiберердей тау қопарып,
тасты үгiп,
Келген жаудың аптығы да бастығып.
Шегiнгенде
Ердiң рухы артыпты,
Майдан салған өлiмге де бас тiгiп.
Өз елiне берiк қамал бола алған,
Сарбаздарда ендi қандай бар арман!
«Жендiк!» – дептi дүйiм жұртқа жар салып,
Қуаныштан жас сорғалап жанардан.
Тұрсадағы алақанға айды алып,
Дүрлiкпес ед дәл осылай жайда анық.
Жеңiс берген тәңiрiне сыйынып,
Ел тұрыпты еркiндiкке тәуба ғып.
Сол сәтте-ақ қара түнек ашылып,
Тербелiптi күн төбеге асылып.
Былдыр қаққан бұлақ шапшып,
тасынып,
Күлкiлерден күмiс толқын шашылып.
Берседағы тiрлiк атты көшке рең,
Пәни-бақи арасын кiм екшеген?
Жеңiстермен сабақтасар аға ұрпақ,
Және арманы тұяқ басар өскелең.
ТАНЫСУ
Жиналған жұрт бүгiн неткен көп едi,
Теңiз дерсiң асып-тасқан кемерi.
Ебiл-дебiл даурығысқан ез де жүр,
Мерген де жүр толғап тартқан жебенi.
Кемпiр де жүр ыңқылдарын сиретiп,
Шалдар да жүр сүйектерiн сүйретiп.
Қыздар да жүр көркiне көз тоймаған,
Толықсыған бөкселерiн билетiп.
Тағдыр жиып қойғандайын қатқылын,
Бала да жүр қара сирақ,
боқмұрын.
Тең-теңiмен толықсиды адамдар,
Жұмақ орнап,
жетiскендей тап бүгiн.
Жұмақ, жұмақ...
Жұмақ деген осы да,
Тән жылытар табиғаттың тасы да.
Әлден уақ бiр бәтәгөй сөз алды,
Әппақ қырау қонған сақал, шашына:
– Тор қыспаса белгiлi,
Құстың еркiн самғары.
Дымданса ат терлiгi,
Жолдың ауыр салмағы.
Тiрлiкте бұл түйткiл көп –
Болғанынан болмағы.
Жарық барда таусылмас,
Дүниенiң толғағы.
Ел басына күн туса
Бұғып қалсаң бақ –
Сарық!
Қажаспаса жебемен,
Кiмге дәру ақ сауыт.
Жаңбыр болып жауа алмас,
Қырық қатпар ақша бұлт.
Қадыр қалмас семсерде,
Осылмаса от сауып.
«Шүкiр» – дейiк жамағат,
Тәубеңдi де таңға арна.
Жетiлiппiз, жетiппiз,
Наза салмай жалғанға.
Жалғыз өскен жас қайың,
Емес екенбiз орманда.
Найзағайдай құйылып,
Жау қайырар қол барда.
Тұра аламын нық басып,
Жата аламын жазылып.
Күмбiрлейдi көкiрек,
Жан-жүйенiң сазын ұқ.
Қабыл алғын бәрiң де,
Сөйлей бермен қазынып.
Ел алдында бас иiп,
Ел атынан разылық!
Жасаған ба алдын-ала таңдауын,
Қолына алып күмiс сапты қанжарын.
Топ бастаған Нар батырға ұсынды:
«Ендi бұл зат саған лайық,
ал, жаным!»
Көкiрегiн қолмен басып,
иiлiп,
Алды жiгiт сыйды қымбат сүйiнiп.
Сонсын шолып жанарымен жан-жағын,
Сөз тастады жұртқа тұрған жиылып.
– Дарияға теңесем бiр көптi мен,
Сағасы боп құйыламын тек, кiлең.
Сондықтан да маған емес қымбат сый,
Халықыма ұсынылған деп бiлем!
Аламаннан қашан келген қатар бақ?
Бiреулердiң жүрегiнде от ойнап.
Бiреулерi қызғаныштан тырсиып,
Бiреулерге ашу шықты атойлап.
Бiрақ мұны елер, сiрә, кез бе едi,
Ұшқын атты Нар батырдың көздерi.
Ойқастады арғымағын ойнатып,
Көп қадалған бiр жанарды сезбедi.
Әппақтығы жаңа жауған қар-сынды,
Нәзiктiгi бой көтерген тал-сынды.
О, жасаған,
бұған қандай дауа бар,
Көрер емес ару қызды –
Баршынды.
Тiрлiкте бұл болар не бiр керемет,
Шайтан келiп шақырса да ерер ед.
Қыз дәл қазiр қараңғы түн iшiнде,
Шалқып жанған отқа ұмтылған көбелек.
Құбылғанда ынтызарлық күйi мың,
Баса алмай бiр желiктiң құйынын.
Жұртты киiп алға шыққан Баршынға,
Батыр салды сонда көздiң қиығын.
Сәл бөгелдi,
Бiлiнбедi тыныс та,
Оғандағы сезiм қонды тым ұшпа.
Осы сәтте қайсар жүрек дiр еттi,
Қаймықпаған қарсы шапса қылышқа.
Ойхой, жалған!
Кiм өтпеген соқпақ бұл,
Сабылысқан шырын ғана татпақ кiл.
Мына екеу де шиырламақ сол iздi,
Уақыт та қалғандайын тоқтап бiр...
ТАБЫСУ
Түн едi бұл,
айлы түн сүттей әппақ,
Қыз-жiгiттер келер деп күтпей-ақ бақ,
Әзiл-қалжың,
күлкiмен жарастықта,
Жүре бердi кiшкене қырды бетке ап.
Қыр тұрған-ды ауылдың ту сыртында,
Зораятын сұлбасы түн сылқымда.
Бергi бетi жазық-ты,
сәл бойласаң,
Перде болар шұңғыл көп бiр сиқырға.
Тұрар дейсiң қайсыбiр түн арланып,
Енсең егер ғажайып құмарға анық.
Одан әрi атты адам тақиясы
Тепеңдейтiн,
кетедi шұбарланып.
От түстi ме, о, адам, өзегiңе,
Табиғат та тылсымды сезедi де.
Тал бүркептi,
мап-майда құмын жайып,
Терiстiктен құлаған өзенi де.
Қызық кешiп көрмеген биылға түк,
Күн өткерген жас жұтып,
құйын қатып.
Жастар босап қарекет,
қарбаластан,
Жiбердi әне даланы дуылдатып.
Ауыл жатты бұл топқа құлақ түрiп,
Еңсе езген салмақты лақтырып.
Ақбоз үйдiң үстiне шуақ тұнды,
Қараша үйде де тұрды шуақ күлiп.
Көңiлдерi осы сәт жылып бүгiн,
Ұлықтар да ұмытты ұлықтығын.
Бойжеткен боп жүргенiн кемпiр аңсап,
Шал отырды сағынып жiгiттiгiн.
Қыза бердi,
ойын да қыза бердi,
Сiлкiндiрiп маңайды,
құба белдi.
Әлден уақыт жаршымыз айқай салып,
Дәл ортаға жұлқынып шыға келдi:
– Елдiң қамын ер жейдi,
Салмақ түссе көтерiп.
Жауға намыс бермейдi,
Шүкiршiлiк етелiк.
Ер силаған ел едiк,
Қадыр тұтқан кемелдi.
Бiр өзi бiр төбелiк,
Қарсы ал, халқым, өрендi!
Iзет етiп батырға тiзе бүгiп,
Тұрған кезде самалдан түз елiгiп.
Өрiс берсе жiгiттер қызғанышқа,
Мүләйiмге жығылған қыз емiнiп.
Саққа қашқан берместен ойға тыным,
Аяқ артты арқанға Нар батырың.
Сонсын,
сонсын қарады жан-жағына,
Дегендейiн:
«Шық берi қай батылың».
Түсетiндей аспаннан жұлдызы ағып,
Баршын жүзi нарттай боп тұр қызарып.
Ұмтылмаса ертерек елден бұрын,
Кететiндей батырды бiр қыз алып.
Бұйырардай өзгеге тұщынары,
Тар кеудеде жүрек те қысылады.
Ауа жетпей қарманған кезде мынау,
Көмек қолын кiм сезiп ұсынады?
Төгiлгенде нұр-шуақ тап қасынан,
Көңiл жайса қанатын аққа ашып әм.
Жаныққанмен
Бәрiбiр мүмкiн емес,
Аттап өту ұяттың қақпасынан.
Болса да арын беретiн ағысқа рең,
Шабынса да илiкпес шабыспа әлем.
Қара тасты қақ тiлер қаһарланса,
Жiгер-жебе байланып намысқа әрең.
Бас игендей болғанда құрыққа мың,
Көз алдынан өткерген қылықтарын.
Ерiп келген жеңгесi алға бастап,
Ұмытар ма тоң жiгiн жылытқанын.
Күн десең де сияды,
гүл десең де,
Шомылдағы шуаққа гүлде сен де.
Былқ-сылқ еткен жүрiсi желi тартар,
Ғалам жүгiн арқалар тiл – көсемге.
Көлге көрiк бере алар,
елге көрiк,
Дәме құяр езге де,
ерге – желiк.
Сұлулыққа исiнген батырдың да,
Жүре бердi көз алды дөңгеленiп.
Бойламаққа ынтығып тұныққа әрi,
Iңкәрлiктiң ашылды құлыптары.
Жүректердiң лүпiлi арна тауып,
Махаббаттың атты алдан күлiп таңы.
Жеңге тұрды мәз болып жол ашқанға,
Батыр менен ару қыз жарасқанда.
Нар болса – тау,
Баршын бұл – шынар сынды,
Құзға бiткен таранып,
талас бар ма!
Тамсандырған тәнтi ғып талайларды,
Екi жаста көз қарыр арай бар-ды.
Бiр адамдар қарады қызғанышпен,
Бiр адамдар сүйiнiп қарай қалды.
Сезiм, сiрә, сияр ма шар ғаламға,
Ұмтылмай ма, салып бiр:
«барды аламға».
Шыр айналды дүние шыбжың қағып,
Төрт дәу жiгiт арқанды толғағанда.
Аспан кеттi осы сәт төңкерiлiп,
Тыныш жатқан сiлкiндi тау керiлiп.
Қозыдайын жұлдыздар жамырасты,
Алтын тақта отырған айға келiп.
Жер-жаһанды бiр тылсым орап алып,
Елiктiрiп, елiтiп барады анық.
Жерге орнығып,
қонақтар рай танытпас,
Көңiлдер де ұшырған шағала ғып...
Қойып қойған иiрiп барша жұртты,
Созылар ед көрiнiс қаншалықты.
Былайғы топ тықырши бастады да,
Соны көрiп, жаршы да жар салыпты:
– Жүрдектiгiн уақыт ойламаппын,
Ауып барад ортадан тайғанақ түн.
Бастамасам жаңа ойын,
беймәлiм-ау,
Iлiгерiм кәрiне қай қабақтың.
Жақсылықтан бар ма жан күдер үзбек,
Сусағанды сезiмге түн емiзбек.
Ал, кәнеки, қыз-жiгiт сабылайық,
Жүрек iздеп...
дем берер сүйек iздеп.
– Мұның дұрыс!
– Иә, сәт!
– Ал, басталық...
– Әнебiр қыз...
– Өзiң-ақ жармас барып...
Үздiктiрiп үмiттi үкiлейдi,
Көз жеткiзiп тұрса да болмасқа анық.
Арты – соқпақ,
Алды – айдын күдiктiң де,
Ғанибетi жалғанның –
сүлiк тiлде.
Даңғазалап маңайды жастар әне,
Бара жатыр сiңiсiп тұнық түнге...
***
Тұщынды жаны, тұщынды,
Сәукеле әрi домалап.
Ай бетiн жауып қысылды,
Жатпады бiрақ табалап.
Сезiмге иiп маңай да,
Ентiгiн басты толқындар.
Жүрегiн тосты арайға,
Жанарда ойнап жалқындар.
Сөге алар дейсiң кiм мұны,
Шырынға батса шырмалып.
Адалдықтың ақ түндiгi,
Кете барғандай ұрланып.
Құлады сәтте қамалы,
Шақырар ендi басқа әлем.
Қыз дәурен ағып барады,
Үзiлген тамшы жаспенен.
Өкiнiш, бiрақ, жүрген бе,
Жатқанда жапан бақ тiлеп.
Ләззаттың дәмiн бiлгенге,
Кермек те бүгiн тәттiрек.
Сыбырды сыбыр демейдi,
Шарпысып тынбай демге дем.
Рахатқа түндi бөлейдi,
Арасы түстiң өңменен.
Махаббат жайса құзырын,
Құлдыққа мойып өтесiң.
«Сүйемiн - н!» – деген үзiк үн,
Екеудiң қиды некесiн.
***
Уақыт – жүрдек қайықтан,
Бар ма екен, сiрә, оза алған.
Селкеулiгiнен айыққан,
Бiлiндi таң да бозарған.
Қауызын жарған қамсыз күн.
Келедi,
құшақ жайып көр.
Арлы менен арсыздың,
Тiрнегiне мың айыпкер.
Тiршiлiк барда тiнтiнiс,
Сабылдыратын осы кез.
Қиуы қашып, шiркiн, iс
Шабындыратын осы кез.
Бәрiне қолды сермеп құр,
Сабыр қылатын осы кез.
Санада сайрап өрнек бiр,
Сағындыратын осы кез.
Сағыныш табы салмақты,
Қылп еттi қыздың iшi де.
Әшекейлердi қармапты,
Содан соң мiнiп күшiне:
«Несiне ендi қысылам,
Мойындап тағдыр құрығын.
Шолпымды сый ғып ұсынам,
Сендiк деп қолаң бұрымым.
Жеттiк-ау мынау таңға ақыр,
Сертiм сол:
бiрге көрерiм.
Алқамды бердiм,
ал, батыр,
Төсiме шықтың дегенiм.
Бiлезiк -
өлсем,
бiр белгi,
Қоңсы ғой ақ пен қаралық.
Еске сап өткен күндердi,
Бiлегiм жатсын оралып!
Қош!» – дедi Баршын қатайып,
Жанары ғана өзгермей.
Ылаңға толы от алып,
Уақытты жеткен сезгендей.
Елеңге құлақ елiгiп,
Тосылды көңiл күй атқан.
Бiр сырға дала желiгiп,
Дүбiрлеп жатты тұяқтан...
ШИРЫҒУ
Үмiтi бар жiгiт едi қызда анық,
Қар жастанар,
керек кезде мұз қауып.
Ноян жүрдi аңдып басқан қадамды,
Сыр берместен сабыр бағып,
сызданып.
Орта ауып,
тұрар шақта тасқа шық,
Жоғалғанда жыңғыл қуып қос ғашық.
Iшiн жалап алай-түлей ақ жалын,
Жаны күйдi,
жатқандайын от басып.
Қылар айла қалмаған соң ақыры,
Ойлап-ойлап тапқан барлық ақылы.
Ақбоз үйге аттың басын тiредi,
Бай болатын осы ауылда жақыны.
Келе сала баян еттi мән - жайды,
Есiрiк боп,
өсiрiп кеп толғайды.
«Алдаспанның өткiр жүзi жалынсын,
Тiрi жүрiп тiлiмделсем –
сол қайғы!»
Жiгiт сөзiн тауысқанда қинала,
Жаны ашып бай отырды тумаға.
Дедi сонсын: «Он асқанға – бiр тосқан.
Әке – қолда!»
Көзiн қысты қулана.
Ешкiм шешпес өңi түгiл түсiнде.
Бар ед мұның өз есебi iшiнде,
Әке – досы,
ендi күйеу болса егер,
Атақ-мансап тасыр осы кiсiңде.
Ноянменен шабысады Нар батыр,
Екi бас та құм қабумен қалды ақыр.
Әмеңгерi сонда өзi болмай ма,
Ақ мамықтай аруыңның, бұл пақыр.
Аршын төстi алақанға көмiп бiр,
Жалын құйып, жанын сәтке елiктiр.
Сонда өзi-ақ ұмтылмай ма тереңге,
Есiн бiрде жиып,
тағы өлiп бiр.
Ақ сазандай әппақ дене ойнақтап,
Суи қалған қанынды сәт қайнатпақ.
Тұғырыңнан түскен жоқсың – қайрат тап,
Сонсын, сонсын...
армансыз-ақ ойнап бақ.
Қиял, шiркiн, бас бiлмеген көк дөнен,
Жерге қонды ұшып-ұшып көкпенен.
Дiттегенi нысанаға дөп тиiп,
Құлақ шыңып,
жаңғырығып кеттi әлем.
Отырды да ұзақ толқып,
ыңырсып,
Сөз тастады аяздайын тымырсық:
«Екi жастың арасына,
арман жоқ,
Бола бiлсем жалғастырар шығыршық.
Алтын ғана лайық шығар құймаға,
Шұрқ етпе,
шүкiр, барда сыйлы аға.
Дәл сол қызды қатын етiп әперем,
Емешегiң сонша үзiлсе,
қу бала!»
Бiрi ойды, бiрi сөздi малданып,
Сағым шалған үмiттерге алданып.
Беттей бердi тоқтар жерi қыз үйi,
Баршын, Нардың гүл тағдырын қолға алып.
***
Алағай заман, бұлағай...
Өзегiн құртқа өргiзген,
Бәйтерек қалмас құламай.
Қайыстай қатқан кер тiрлiк,
Шалжияр төрде құдадай.
Ұлдары теңдiк таппаған,
Қыз – жәудiреген құралай.
Ұшпа жел шықса үрпиiп,
Жанарын қалмас шыламай.
Бәсiре тартар, бәс тiгiп,
Қисайса кетер қастығып,
Қарадан, қалқам, жүр абай.
Қанатын қыран қаға алмай,
Жанатын алау жана алмай,
Ұлыған қасқыр ордасы
Шабаланған көп қабардай.
Қайраның қайда қарсылар,
Тырағай уақыт,
тырағай.
Бұза алар бәрiн шамаң жоқ,
Жаратқанға тек бас иiп,
Тәңiрден медет сұрағай...
***
Қатаңдықты осындайдан танисың,
Қабағынан қалбақтады пәни шын.
Қорқаудайын шыға келдi жонданып,
Қыз әкесi сезген сәтте қан исiн.
Құйын қуар жан едi бiр қырсық-ақ,
Көз орнында қып-қызыл боп тұр шырақ.
Қылымсыған жас тоқал да жоғалды,
Дәл бүйiрден тепкi тиiп,
қыңсылап.
Кез жетсе де қаралыққа тойынар,
Түрi де жоқ неден болсын тайынар.
Қолға түссе қыз бен жiгiт дәл қазiр,
Шайнамай-ақ жұта салар жайы бар.
Көрiп әке булыққанын тым қатты,
Бай да ойын жалғастырып сырғақты:
«Азғырған-ау, сiрә, бiреу баланы...»
деп тағы бiр қоңырсытты жұмбақты.
Нағыз соққы.
сипау емес қаңғыма,
Ауыр тиер санасы бар жандыға.
«Ненi тантып отырсың сен,
қасында, –
дедi ашумен, – тағы бiреу болды ма!?
Дiттегенiн бүге-шiге ойға өрiп,
Жаны күйген болып бай да рай берiп.
Дедi: «Несiн қазбалайсыз анықты –
Iшiгiне тiгiлмей ме сай бөрiк».
Селк еттi әке өз-өзiнен шошынып,
Тiлге тиек тақты сонсын ашынып:
«Осы әулеттiң бiр күшiгi болды ғой,
Жеңгесi ме,
отырғаның жасырып?!»
Жасап алған жоқтан тоқып,
ойдан бар,
Iштей күліп,
iштен ғана жайраңдар.
Екеуара бiр-бiрiне көз қысты,
Кесiм түсiп:
«Ат артына байлаңдар!»
Қаңқылдамас қанды жерде қара құр,
Тiрелген соң тайынар ма орға ақыр.
«Кiм тастаса Нардың басын алдыма,
Баршын қыздың иесi де сол пақыр!»
Сөз түгестi,
iс те шапты насырға,
Аттанды топ ұқсап отты жасынға.
Тағы бiр зар азынамақ аймаққа,
Көз жасына тұншыққан бұл ғасырда.
ШАБЫСУ
Ойлануға мұрша да жоқ,
атүстi,
Шолақ-шолақ екi жақ тiл қатысты.
– Жекпе-жек! – деп Ноян тұрды елеуреп,
– Жекпе-жек! – деп топ шуласып жатысты.
Қайықтайын қарсы жүзген ағысқа,
Шапты батыр,
шапты батыр намысқа.
Сауытсыз-ақ қанжар қармап,
от құшпақ,
Шiрегенге шыдас берер талыс та.
Су себе алмай қанатымен құс құрлы,
Үрей торлап жанардағы ұшқынды.
Жүрек суып,
үмiт-күдiк астасып,
Баршын жаны осы сәтте ышқынды.
Қабаттасып өмiр менен тұрды өлiм,
Соны сезiп iшке тартты күн демiн.
Бұлақ басы,
құрақ жиып сыбырын,
Қонақтапты көкорайда гүлге мұң.
Тау ырғалып,
қалтырады мүк тасы,
Осы айқаста тұр тағдырдың тұтқасы.
Екi боздақ бiр-бiрiне атылды,
Қанды алаңнан бiрдiң анық шықпасы.
Бет қаратпас алған қаһар жанығып,
Қос жалынның, ұғар болсаң, жанын ұқ.
Қарш-қарш етер алмас жүздi алдаспан,
Екi қыршын сiлтескенде шабынып.
Жүз талаурап,
қабарады қас-қабақ,
Ажал аузын ашқан сайын ашқарақ.
Мына айқас бұрынғыдан басқарақ,
Сәтiн салса турап-турап тастамақ.
Мыйды керней сан тарау ой құйылып,
Жатқан ару, ұғар болсаң, күйiн ұқ.
Баршын көзiн тарс жұмып алыпты,
Тәңiрiнен жеңiс тiлеп сыйынып:
«О, құдырет, бiр аласың бар ма едi?
Тiлегенiң әлде сенiң қан ба едi?
Олай болса, батырды ая,
жалынам,
Нар жолына құрбандыққа шал менi».
Ару тұрды өз-өзiнен күбiрлеп,
Салды дейсiң ой да,
қыр да,
дүбiр көк.
Шақұр-шұқыр шайнасады алдаспан,
«Бiр өмiрдi құлатамын бүгiн», – деп.
Ел тыныпты iшке алып демдерiн,
Күтiп кiмнiң кiмдi бүгiн жеңбегiн.
Ажал кiмге құрып қойды өрмегiн,
Кiмге жаяр екi құлаш көр демiн?
Айырмады, қанша өттi арада,
Уақытпен санасатын шама ма!
Бір мезетте...
Ноян қалды сенделіп,
Толқындайын соғылған кеп жағаға.
Жеңiс! Жеңiс!
Жүрек жұлқып бұлқынды,
Ару жанның жанарында күн күлдi.
Байыз тауып тұру қайда мұндайда,
Құшақ жайып сүйгенiне ұмтылды.
Кiмнен ғана сәт сағатта қысылмақ,
Құшып жарын,
мауық басып тұщынбақ.
Мың-мың құсты кеудесiне қондырса,
Мың-мың құсты көк төрiне ұшырды ап.
Жеттi-ау ақыр!
Жетпедi ме?..
Ғаламат!..
Көкiрегiнде батырдың да қара дақ!
Сөнер жанар үзген тамшы барады,
Қан-сөл қашқан беттi бойлап домалап.
Қара, Баршын,
қарап қалғын,
көз iлме,
Мұрсат алғын бәрiн-бәрiн сезуге.
Соңғы сөзi ақтарылмай қалыпты,
Сәл жымиған рай танытқан езуде.
«Сүйем», – деуге асықты ма,
кiм бiлген?
Бәлкiм, тоят тапқан қаздан түнгi iлген...
Бәрiн жаю мүмкiн емес, жасырған,
Күңгiр аспан, күңгiр дала, күңгiр рең.
Күңгiр... күмбiр...
Күңгiр... күмбiр...
Сау ма адам,
Тағдыр талып, аман қалған сауғадан.
Аспан астын сақ-сақ күлкi шарлады,
Шалықтаудың салқынынан аумаған.
Күшiн жиып бойындағы ақырғы,
Есi кiрiп сүйедi қыз батырды.
Сонда сездi,
масаттанған бай екен,
«Таста әрi!» – деп ол қызға ақырды.
Қыз үлгердi қарашығын қадап та,
Ажал құсқан қанды қолды садаққа.
«Нарды атқан осы сұм, ә?
Осы сұм!»
Ащы өксiк кептелдi кеп тамаққа.
Сонсын,
сонсын басқа ойды қақпайлап,
Жүрегiне серiк етiп отты айғақ.
Нардың белiн қармай берiп тапты да,
Ақ алмасты жеңіне тықты кек қайнап.
Байдың одан хабары да жоқ бiлем,
Қорқаудайын арбасқан бiр тоқтымен.
Тұрып-тұрып:
«Тоқалымсың бұйырған», –
Дедi күлiп,
жүзiн жайып тоқ күрең.
Өткен түнгi қиял қашып айға асқан,
Қыз қарғысын айтты күнге қайғы ашқан.
Адал түнiн арамдауға қимады,
Албастымен алдындағы май басқан.
Қыстыққанда қаны теуiп басына,
Сiлтедi қыз ақ алмасты ашына.
Бәрi тынды,
Өзiдағы құлады,
Нар батырдың кеудесiне асыла.
Шақта осы құтырынды жел тұрып,
Буырқанды асыр-тасыр көл тымық.
Найзағайлар жасындарын лақтырды,
Қорғасын бұлт көк төрiнде жөңкiлiп.
Төрткүл әлем дәл осылай жанықты,
Дүниенi ылаңға бiр салыпты...
Махаббаттың белгiсiндей мәңгi өлмес,
Тау да мынау сонда орнап қалыпты.
ДОСЫМА АЙТАР ТАҒЫ БІР СЫР
Асыр салар арқар ойнап,
арқар ойнап басына,
Бара қалсаң осы тауға –
«Отаутастың» қасына.
Киiз үйдi кескiндеген
тасқа қарап осынау,
Махаббаттың мәңгiлiгiн
мойындағын, досым-ау.
Етегiнде талдары бар
желмен шашын тараған,
Селкеу тартса сезiм, шiркiн,
сергiтуге бар оған.
Құлақ салсаң жапырақтың
сыбдырына осынау,
Қос ғашықтың арман-мұңын,
ұғарсың сен, досым-ау.
Сылдыраған бұлақ үнi
жар жағалап ән салған,
Екi жастың сағынышы
сенi, менi қарсы алған.
Шарап емес судан жұтшы
мөлдiреген осынау,
Сонда жастың кермектiгiн
түсiнер ең, досым-ау.
Өлi деме тауға қарап,
өлi емес тiрi ол,
Бұзылмаған шырғалаңда
адалдықтың пiрi ол.
Қына жапқан жақпар тастар
мүлгiп жатқан осынау,
Сенiмдердiң берiктiгiн
көрсеткендей досым-ау,
Солай,
солай,
солай, досым,
махаббатты жоқ деме,
Тiршiлiкте сусындайды
пәк сезiмнен от дене.
Ғашықтықтан түлеп ұшар
жүректегi бар арман,
Мына әлем ғашықтықтан,
махаббаттан жаралған.
Махаббаттың ұлылығын
ұғынсаң сен осынау,
Сонда ғана өмiрдi шын
сүйе аласың, досым-ау!
Төкен Әлжантегі