Павлодар облысының тұрғыны интернетте белгісіз бойжеткенмен танысып, мүлкінен айырылды, деп ха...
БІРІНШІ ПІШІП, СОСЫН КЕСЕЛІК
Әлдекімнің асығып-үсігіп жүріп қадап кеткен «Мемлекеттің қорғауында» деген жазушасы бар тақтайшадан, ешкімнің үрке қоймайтыны рас. Тіпті, басбұзарлық «ынтығын» оята түсетін тәрізді. Себебі, тек материалдық құндылыққа көзі тұнып кеткен жұрт үшін ол тарихи ескерткіштің немесе киелі орынның еш маңызы жоқ. «Рухани жаңғыру» атты бүгінгі бет алысымыз - сол кереғар түсінікті жойып, ұлттық қасиет-қадірімізді паш ететін жасампаздыққа жол ашу болар.
Осы орайда Парламент Мәжілісінде таныстырылған тарихи-мәдени мұра нысандарын қорғау туралы заң жобасы - іргетасы үгітіліп кете қоймаған кешегі тарихымыз бен сыйынар кие-иемізді мүлдем жоғалтып алмай, ертеңгі ұрпаққа мұра ету мақсатынан туындаған қадам.
Түркістан қаласы облыс орталығына айналған күннен бастап, бұл киелі аймаққа қадірмен ғана емес, қорқаулық ниетпен де көз тастағандар аз емес. Қазақ жеріндегі алақанға сап аялап ұстайтын жаухардың талайы - осы Түркістан төңірегінде топтасқан. Осындай уақыт тостырмайтын кешенді керек жобаның жеделтетіліп қаралуында да салмақты себеп бар.
ЮНЕСКО мен Бүкіләлемдік мұра тізіміне енгізілген сәулет ескерткіштері елімізде баршылық. Осыған дейін «Судан өткенше қызыңды алайын, судан өткен соң қызыңды ұрайын» деген принциппен келгеніміз жалған емес. Абыр-сабыр өткен соң, бірте-бірте бәрі ұмытылады. Бұдан да маңызды шәруалар шығып жатады дегендей.
«Қазақстанның болашағы – туризмде» деп, осыдан оншақты жыл бұрын дабылдаттық. Не бір басқосу, талқылар да өтті. Дастарқан басындағы ұмыт қалған бос әңгіме сияқты - сондағы қабылданған қарарлар да қайда қалғаны белгісіз. Жеріміздің бір ғана тұмса табиғаты: өзінің балғын жұпарымен, алаулы көркімен көрінген шетелдігіңді талдырып түсірмесіне кім шәк келтіреді. Ал ұлан-байтақ еліміздің әр түпкіріндегі қасиет пен киеге оранған кешегі ұлылықтың белгілері қаншама. Осы киелі Түркістан, іргедегі Талхир, Қаялық, Қарамерген, Маңғыстау өңірі т.т мінәжат орны ғана емес, қазақ халқының рухани тұғыры, желбіреген жалауы ғой.
Болашақта қабылданар заң шеңбері - осы саланың жетік мамандары мен ғалымдарының түйген ойымен қалыптасатын берік қағида болуына тілектеспіз.
З. Самалбекұлы
Madenietportal.kz