Күнбатысты қараңғылық қаптаған, Күнi батып, жаңа таңы атпаған. Түнерiп жүр түннен туған пе...
Қоңыр күздегі «Қоңыр Мұң»
Биыл Көкшетаудың жеті ақыны «Алдаспан» сериясымен жеке жыр жинақтарын шығарып жатыр. Осылардың қатарында Бақытбек Бекмұратұлының «Қоңыр мұң» атты жинағы да оқырмандарына жол тартты.
«Нұр Отан» партиясының Ақмола облыстық филиалының қолдауымен жарық көріп жатқан кітаптардың тұсаукесері де алыс емес. Ақмола облысы әкімінің орынбасары Айна Ермекқызының назарындағы бұл тұсаукесер Көкшетау төріндегі Мәртебелі Поэзияның салтанат құрған күні болмақ. Ал, оған дейін ақын Ерболат Баятұлының Бақытбектің «Қоңыр мұңы» жайлы не жазғанын оқи отырайық.
«Талаптың мініп тұлпарын, тақымын қысқан бір бала» демекші аламанға шапқан бәйге атындай, іштей қара таласып, үзеңгі қағыстырып, құйрық тістесіп келе жатқан жас ақындардың нөпірі баршылық. Солардың арасында жыр дөненін өзінше баптап, үкілеп жыр бәйгесіне қосып жүрген таланты жастың бірі Бақытбек Бекмұратұлы. Болмысы ала шапқын елеуреген ентікпеліктен ада, бір мінезді, сырт қарағанға біртоға көрінетін осы бір ақын азаматтың өлең өлкесіне ат шалдырғанына да біраз уақыт болып қапты. Уақыт жүйрік қой. Бақытбек ақын аз жазады, аз жазса да саз жазады. Өз табиғатын, өлең табиғатын іздеп жазады. Ұлы поэзияның алдындағы жауапкершілікті жақсы сезінеді. Ізденіп, үйреніп жазады.Осының өзі ақынның аса талғампаздығын, талапшылдығын аңғартса керек. Шынайы ойдан,шымыр сөзден шын өлең туса керек. Өлеңдерінде пәлсапалық ой түюге бейімді. Оның өлеңдері ойландырады, толғандырады. Ақылды өлеңнің үлгісін көрсетеді.Уақыт, заман, қоғам туралы толғаныстарын образды түрде бере біледі. Ол бір өлеңінде былай дейді:
«Ит тіршілік тыншымды алды қыңсылап,
Ми талшығын жұлқылайды мың сұрақ.
Жүрегімнің жырмен таңдым жарасын,
Қара түннің етегінен жыртып ап.»
Осы шумақтың ішкі көркемдік ырғағы мен ой түзілісі ақын жүрегінің нәзік, бұйығы мазасыздығын, жан арпалысын, қалыпқа сыя бермейтін өзіндік болмысын әдемі жеткізіп тұр. Қазақ поэзиясының дәстүрінен алыстап кетпеген өзіндік бір нақышы бардай. Олай дейтініміз Абайдың «мен көрдім дүние деген иттің к..н», «жүрегім менің қырық жамау қиянатшыл дүниеден» деген терең философиялық һәм биік поэтикалық үлгісінің иісі аңқып тұрғандай.
Бақытбек ақынның өлеңдерінде қазақы болмыс жақсы әдіптеліп, өз кестесінің өрнектері айшықталып түсіп жатады. Көшпелі өмір көріністерінің көк сағым картиналары көлбеп жатады. Өлеңдерінде тазалық, табиғилық басым болатыны да содан шығар.
Бар бақыт байланғандай бір басыма,
Ақ бұлттай жөңкілейін шыңға асыға.
Шаттықпен шабарман жел сүйіншіле,
Сұрау сал сұлу қыздың сырғасына.
Ақынның, «Ән» деген өлеңі де осыған дәлел. «Ән кетеді мөлдіреп көз жасындай, жалғанның ағып түскен жарығында» деген өлең жолдары өмірдің жалғандығын білдіретін баба қазақтың қара өлең үлгісінің жаңа бір түр тапқан, мазмұн іздеген жаңалығындай көрінеді.
«Сағат тілі – уақыттың кірпігі, Секунд сайын тамшы сәттер үзілген» деп ұлы уақыттың өлшемін өзінше бейнелі тілде әдемі жеткізеді. Өлеңнің түйінінде философиялық ой түюге дағдыланған. Бұл – ақынның мықты жетістігі дер едім. Сыртқы дүниеден гөрі оның ішкі мазмұнын шендестірген бұл тіркестер «Түймедақ» атты өлеңінде өрілген.
Жуындырған жаздың жылы жаңбыры,
Күнді сүйген бұл Түймедақ таң гүлі.
Қысқа, бірақ, сұлу болып келеді,
Білесің ғой, гүл біткеннің тағдыры.
Ақын жүрегі қашан да албырт, аңсарлы һәм жараланғыш. Мезгілмен, мекенмен кейде дүрдараз да болып қала береді. Сағат тілімен ілесе шапқысы келмейді. Ақын үшін кеңістік пен уақыт шиырлы, қиырлы.
...Қайтемін, қала, саған босқа налып,
Болмаса, болмысың жоқ астаналық.
Адамдар тасқа айналған... Ақ қайыңдар,
Жылайды жапырағын жасқа малып.
Жақсы өлең қашанда жан азығы. Жақсы өлең жазу үшін жақсы ақын болмақ керек десек те, әуелі де жақсы адам болмақтың мәні зор екен. Ол туралы бізге дейінгі талай мықтылар айтқан. Не қылғанмен өлең де болмыстан жаралады, соның көл бетіне жарқырап түскен алтын шапағындай іңкәрлі, шуақты дүниесі болып көз тартады. Мен ағасы һәм қаламдас досы ретінде Бақытбек Бекмұратұлының өмір өзеніндегі, өлең өлкесіндегі өзіндік ұстанымына әрқашан ризашылық пейіл танытып келемін. Енді, міне, алғашқы жыр жинағын ұсынып баршамызды бек қуантып отыр.
Жыр жинағың құтты болсын, бауырым! Оқырманға ақ жол!
Ерболат БАЯТҰЛЫ,
ақын, жазушы.
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,
Филология ғылымдарының кандидаты.
Назарларыңызға Бақытбек Бекмұратұлының бір топ өлеңдерін ұсынып отырмыз. Оқып, бөлісе отырыңыздар!
ҚОБЫЗ
Қобызыңды, қанекей, шал, қарағым,
Таңырқасын көшесі тар қаланың.
Көк бөріңді ұлытып ұзақ-ұзақ,
Бозінгенін боздатшы сары даланың.
Шанағынан қобыздың шашқылап мұң,
Кірпіктерден жалғанған жас құлатқын.
Қақаманды босатшы, сергіп қалсын,
Жын-перісін қуалап кешкі бақтың.
Шыңғырып енесі өліп қалған құлын,
Сөйлетші қарашаның солған гүлін.
Қорқыттан қалған басшы бір мақамға,
Ұғынсын бұл өмірдің жалғандығын.
Шіркіннің, сарнайтыны-ай ыңыранып,
Жүректі əкетердей жұлып алып.
Қайғыдан күрсінеді қаңғыбас жел,
Басына қара ағаштың шығып алып.
Ағашы қарағайдың түбі ме еді?!
Сарыны, о, не деген тұнық еді?!
Алыстан арқыраған үн келеді,
Ішегі бесті айғырдың қылы ма еді?!
Мұңлы саз бірде шықпай, бірде шығып,
Толықсып күрт үзілді, үн кесіліп.
Қобыздың шанағынан ұшып шығып,
Қоңыр қаз барады əне түнге сіңіп.
ДОМБЫРА
Қасиетіңді барша халық ұғады,
Шанағыңнан ғажайып саз шығады.
Болашаққа аманаттап кетейік,
Бабамыздан қалған асыл мұраны.
Күйлеріңді іңкəр көңілім сағынар,
Күмбірлетсем талай аңыз табылар.
Домбырада əлдиі бар анамның,
Домбырада қазағымның жаны бар.
Домбырада аққу құстың үні бар,
Домбырада ақындардың жыры бар.
Пернелерде ақ саусағым жүгіртіп,
Əнге бассам ақ жүрегім тынығар.
Əкелерден аманат боп қалғасын,
О, Домбыра, сенің күйің самғасын!
Даңғыр-дұңғыр музыкаға елітіп,
Домбырадан жерінгендер оңбасын.
Домбырамен əсем əнге саласың,
Домбырамен жаның табар жарасым.
Аспанымда аққу құстай қалықтап,
Күй тербесін қазағымның даласын.
ДИАЛОГ
- Жаз да өтті осымен, күз келеді.
- Жаңбыр тағы жауады түніменен.
- Жылатарсыз бір күні сіз де мені?!
- Ойлайсың ба солай деп шыныменен?!
- Жаз да өтті осымен, күз келеді.
- Құстар ұшып кетеді мекеніне.
- Жоғалтарсыз бір күні сіз де мені?!
- Қоштасып кет, өтінем, кетеріңде.
- Жаз да өтті осымен, күз келеді.
- Суықтарға ұрынып гүл тоңады.
- Сағынарсыз бір күні сіз де мені?!
- Соны ойласам жүрекке мұң толады.
- Жаз да өтті осымен, күз келеді.
- Жапырақтар тапталар табандарға.
- Ұмытарсыз бір күні сіз де мені?!
- Уақыттың ісіне шараң бар ма?!
- Жаз да өтті осымен, күз келеді.
- Мезгіл де бір қонақ қой кеткен қонып.
- Еске аларсыз бір күні сіз де мені?!
- Қайта оралшы сол кезде Көктем болып.
ҚЫЗ-КӨКТЕМ
Кешігіп келе жатыр осы көктем,
Қыс та бір қырсық шал ғой өші кеткен.
Білмеймін алда қанша ғұмыр жатыр,
Артымда отыз қалды жосып өткен.
Сағындым қыз-көктемнің күншуағын,
Суық жел, суық сөзден тұншығамын.
Қараймын құбылаға қайта-қайта,
Қалаймын жүрегімнің тыншығанын.
Қар мен жер құрақ көрпе ала-құла,
Ау, қашан оянады қала мына?!
Бұтағын алма ағашқа асып тұрған,
Қараймын қара ағаштың қабағына.
Қайыңның жүрекке ұқсас жапырағын,
Қағазға салып кейде отырамын.
Көктем мен қыс күрескен кешқұрымда,
Жүректің қоңыр мұңын сапырамын.
Мінезін табиғаттың түсінелік,
Бұл дағы Жаратқанның ісі делік.
...Түнімен ұйқысырап шықтым білем,
Қыз-көктем қайта-қайта түсіме еніп.
ТҮЙМЕДАҚ ГҮЛІ
Маған Түймедақ гүлі ұнайды...
Қыз күнделігінен.
Қар жауып тұр... Қар жауады түнімен,
Бүгін тағы ұйқым қашты шынымен.
...Түймедақ деп аталатын әдемі,
Жарығым, сен жаздың нәзік гүлі ме ең?!
Осы гүлді ұнатады көңілің,
Осы гүлге құмар қылған сені кім?!
Таң алдында қауызына шық тұнған,
Түймедақпен егіз бе, әлде, өмірің?!
Мүмкін, талғам биік болар сендегі?
Елеуреген түсінеді ел нені?
Ақ желегі сенің әппақ сезімің,
Ал, сарысы сағыныш қой мендегі.
Жуындырған жаздың жылы жаңбыры,
Күнді сүйген бұл Түймедақ таң гүлі.
Қысқа, бірақ, сұлу болып келеді,
Білесің ғой, гүл біткеннің тағдыры.
Гүл солады... Сөнер біздің сезім де,
Ал, ғұмыры өзіңменен өзімде.
Сабағынан үзілгенде Түймедақ,
Таңның шығы қалар сенің көзіңде.
...Бұлт астынан ай қарайды ұрланып,
Ал, мен болсам сені ойлаймын мұңданып.
Терезеден телміремін ақ қарға,
Түймедақ гүл шығатындай бүр жарып.
ҰЛЫМ...
Жетімек мейірім жылаған,
Махаббат таусылған әлемде.
Жүрегім аспаннан құлаған,
Ақ қардай аппақ еді әуелде.
Күдік жоқ, күйік жоқ көңілде,
Шынайы ем, тұнық ем, арлымын.
Жалған боп жаралған Өмірде,
Жоғалтып алдым ба барлығын?!
Адамдар жүрегі бүлінген,
Ішінде тозақы жарыстың.
Жер шары кірпікке ілінген,
Бір тамшы көз жасы Ғарыштың.
Қоғамның бұзылған бұл күнгі,
Аярлық еседі бетінен.
Сен де осы періште күлкіңді,
Жоғалтып алмашы... Өтінем?!
Қылығың қайғымды таратқан,
Өзіңнен өзімді таныдым.
Жоқ едік, әу баста жаратқан,
Алланы ұмытпа, жарығым!
Сағаттың тілімен үгіліп,
Таусылып келеді ғұмырым.
Аллаға жүрекпен жүгініп,
Жақсылық тіледім, құлыным!
ҚАРА ШАҢЫРАҚ
- Біздің үйдің бұл қара шаңырағы,
- Енді қайдан мұндай үй табылады?!
Әкем менің қарайды күрең белге,
- Киіз үй де даланы сағынады.
- Ақ қайыңнан сүйегін қиып еді,
Көрген адам көз алмай сүйінеді,
Әкем менің қарайды көк аспанға,
- Біздің қара шаңырақ биік еді.
- Кең жайлауға тіккенде жарқырамақ,
Бұйырмаған бұл да бір жалпыға бақ,
Әкем менің қарайды ұшқан құсқа,
- Керегесі ақ үйдің алты қанат.
– Киіз үйді көрер ме еді құрып тағы,
Он жыл болды жиып сап, ұмытқалы,
Әкем менің қарайды күн нұрына,
- Сəмбі талдан иілген уықтары.
- Замандарың не болар бұдан арғы,
Ұмыт болып қаншама мұра қалды,
…Əкем менің ешкімге бой бермей жүр,
– Киіз үйде күтем, – деп құдаларды.
ПЕЙЗАЖ
Келе жатыр таң атып, бозторғайдың шырылы.
Бара жатыр жоғалып, түндегі айдың сынығы.
Қоңыр белде жайылған көп жылқының ішінде,
Шапқылап жүр биылғы кер биенің құлыны.
Қойлар жатыр қотанда, маңғазданған төбеттер,
Таңның нұры аялап, көк шалғынды өбектер,
Қырдан асып жоғалған қара жолдың бойымен,
Кəрі еменді қолтықтап, келе жатыр теректер.
Биік таулар ұйқыда, таң алдында көз ілген,
Айдында аққу сыңсиды өзін жалғыз сезінген.
Көл шетінде ақ боз үй, ал, аспанда ақша бұлт,
Ақбоз үйдің қасында ақ боталы бозінген.
Тыныштықты бұзғысы келмейтіндей тіршілік,
Ызыңдайды жел ғана əлденеге қырсығып.
Қол ұстасқан шеткерек қос қайыңның түбінде,
Балбал тастар қарайды күншығысқа күрсініп.
Келе жатыр таң атып, бозторғайдың шырылы,
Бара жатыр жоғалып, түндегі айдың сынығы.
...Қарап тұрды қызығып, қарап тұрды сағынып,
Көзін алмай суреттен көшпенді елдің бір ұлы.
ЖӘДІГЕР
...Кесені қолыма алып қарай бердім,
Ішінде нақақ көзден жас бар ма деп?!
Сұлтанмахмұт Торайғыров.
Музейде жәдігер бар он мыңдаған,
Кездер аз көрерменді таң қылмаған.
Кейбірі көрмеде тұр көрем десең,
Кейбірі Рухани жаңғырмаған.
Біразын көп алдына ап барады,
Біразына жаздырып акты алады.
Жиналған жәдігердің көпшілігі,
Арнайы қорда тұрып сақталады.
Бір күні у-ду болдық жамырасып,
(Қашан да құпияға бәрі «ғашық».)
Жәдігердің барлығын көрсек дедік,
Қордағы қораптардың бәрін ашып.
Жәдігер көкпар емес өңгеретін,
Кейбірінің құны жоқ тең келетін.
Әр қораптан көрсетті жәдігерді,
Қор сақтаушы бөлімді меңгеретін.
Мына бірі қамшы екен алтындаған,
Ал, ананың жағасы жалтылдаған.
Мына біреу құты екен қолдан соққан,
Ал, анауы саптыаяқ сарқылмаған.
Ал, білезік ақынның анасынан,
Бұл құмыра құмды көл сағасынан.
Ана бір қасқыр ішік бір батырға,
Мұра боп қалған екен бабасынан.
Сал-серінің, ал, мынау домбырасы,
Бұл атақты бақсының даңғырасы.
Баяғыда жоғалтып алдық деген,
Осында екен қазақтың мол мұрасы.
Жарқырап, жалт-жұлт етіп көзіңді алар,
Көрсетті бір қораптан қалың медаль.
Лениннің басы бар төсбелгілер,
Кеудеге дүние емес тегін қадар.
Қолыма келіп тиді соның бірі,
Жазылған парағында аңыз-жыры.
Кремльде қадапты кеудесіне,
Алаштың арыстарын атқан жылы.
Ойладым «бағы» жанған жан ба екен деп?!
Құны да біразырақ бар ма екен деп?!
Медальді қолыма алып қарай бердім,
Қызылы бояу ма, әлде, қан ба екен деп?!
Бақытбек Бекмұратұлы 1988 жылдың 7 қаңтарында Моңғолия Республикасының Бай-Өлке қаласында дүниеге келген. 1992 жылы ата қонысы қазақ даласына табан тіреп, 1994 жылы Еңбекшілдер ауданы, Қасқат ауылында мектеп табалдырығын аттаған. 2005 жылы Ақжар ауданы, Ащыкөл ауылында орта мектеп тәмәмдап, Ш.Уәлиханов атындағы КМУ-дың филология факультетінде білімін жалғастырған. 2009 жылы жоғарғы оқу орнын бітіріп, 2011 жылға дейін Ақжар ауданының Дәуіт ауылында мамандығы бойынша мұғалімдік қызмет атқарды. 2011 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін облыстық Әдебиет және өнер музейінде ғылыми қызметкер болып жұмыс істейді.
Өлеңдері 2010 жылы «Көкшетау жас ақындар антологиясы» мен 2016 жылы Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай жарық көрген «Тәуелсіздік тағдырым» атты жас ақындар антологиясына енген.
«Жас жүректің аңсаған жаз арманы», «Қоңыр мұң» атты жыр жинақтары жарық көрген.