Қоғам белсендісі, кәсіпкер Марғұлан Сейсембай өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында көпшіліктің сұ...
«СУ БАР ЖЕРДЕ, НУ БАР»
Еліміздегі су ресурстарының негізгі көлемі жер үсті сулары болып келеді. Олардың 44% Ресей, Қытай, Өзбекстан, Қырғыздан келетін трансшекаралық өзендерден қалыптасады. Сондай-ақ келешекте осы мемлекеттер жерінен келетін судың тапшылығы да болуы ықтимал деген күдік те негізсіз емес, Оған себеп мемлекет аралық келісім-шарттардың ұтымды яки ұтымсыз жасалуына байланысты көрінеді.
Сонымен қатар ауыл шаруашылығы тұтынушылары тарапынан да олқылықтар бар. Суды тасымалдау кезіндегі шығын көлемі жоғары. Яғни пайдайлы әсер коэффициенті төмен. Және соңғы тұтынушыға тиесілі су бағасы да төмен. Осының салдарынан су үнемдеу жағы ақсап, тиімсіз технологиялар мен дақылдарды пайдалануға мәжбүрлейді. Бұның кесірінен су шаруашылығы мен ирригациялық жүйелерге: пайдалануымен қатар жөндеу және техникалық қызметтер көрсетуіне кедергілер туындайды.
Су ресурстарының сапасы
Басты себеп су объектілерінің ластануы болып табылады. Еліміздегі жер үсті су объектілерінің ластануына түрлі өнеркәсіп орындарымен қатар ауыл шаруашылығы және коммуналдық қызметтер саласының да үлесі мол.
Сондай-ақ сарқынды суларды төгу алдында қайта тазалаудан өткізу дұрыс жолға қойылмаған. Небәрі 29%-ті құрайды. Ал Ұлыбританияда 94%, Сингапурде 100%. Бұл өз кезегінде жер асты суларын ластауға душар етеді.
Өзен суларының ластануына осындай сарқынды сулар ғана себеп емес, жағалай отырған елдімекендердің зиянды қалдықтарды төгуі, даладан ілесетін улы химикаттар сияқты қосындылар әсер етеді.
Жауапкершіліксіз қараудың нәтижесінде - табиғи баланс бұзылып, сол төңірекке экологиялық қатер төнуі де ғажап емес.
Судан зардап шекпеу жолдары
Зор-зобалаңсыз қалыпты жағдайда өз бетімен ағып жатқан өзен, тыныш қана тыныстаған көлдер адам затына зиян емес, жақсылық ұялатар. Соңғы кездері бірінен соң бірі бүйірден киіп кетіп жатқан табиғи қатер тұла-бойды түршіктіруде. Көктем келе су тасқыны үдеп, су қоймалары аузы-мұрнынан асып, опырлып, елдімекендерді басуда. Ал ыстық аптап орнаған сәтте өзен арналары құрғап, жердің де елдің де еріндері кезереді. Бұл жағдайда табиғаттың салғанына не дауа дерсің. Ал адамның тікелей қатысы бар жәйттерге көз жұма қарауға болмас. Төтенше жағдайлар туындаған кездегі іске қосылуы тиісті сутежегіш және суреттегіш гидротехникалық құрылыстардың сапасының нашарлығынан туындаған қатерді ақтауға болмайды.
Су тапшылығы мен оны ретсіз пайдаланудың салдарынан әсіресе ауыл шаруашылығы саласы қатты зардап шегеді. Осы орайда судан зиян көрмеудің алдын алған жобалар іске асырылып та жатыр. Сырдария өзені бойындағы Көксарай суреттегіші салынып, Сырдария өзенінің арнасы ретке келтіріліп, сондай-ақ Арал теңізінің солтүстік қапталын аман сақтауға арналған су шаруашылығы бойынша көлемді жобалар жүзеге асырылды.
Су саласындағы мемлекеттік саясат
Бүгінгі таңда нарықтық қатынастарға орай басқару және шаруашылық функцияларының ара-жігін аша отырып, су саласын дамытудың негізі қалыптастырылып, су ресурстарын басқарудың бассейндік қағидаты енгізілді.
Су саласын өркендету барысында жерасты сулары ресурстарын пайдалануға да аса көңіл бөліне бастады. Оны ұтымды және кешенді зерттеу қолға алынды. Осы шараларға байланысты тиісті заңнамалық база құру мақсатында «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» заңға тәуелді актілер де қабылданды.
Су саласының келешегі
Су ресурстары саласын басқару жөніндегі 2040 жылға дейінгі ұзақ мерзімді перспективалық болжамды жобаны жүзеге асыру - 2021 жылға арналған индикаторлар мен көрсеткіштерді игерген жағдайда ғана қамтамасыз етіледі.
Осыған байланысты суғару әдістерінің: тұрақты және көлтабандап суарылатын сұранысын қамтамасыз ету; ирригациялық және дренажды желілерді қалпына келтіру; мелиорациялық ахуалды жақсарту; судың зиянды әсерінен сақтау; суға тәуелді табиғи объектілердің қажеттілігін орындау; өнеркәсіп орындарының суды тиімді пайдалануын реттеу сияқты өзекті шаруаларды атқару Қазақстан Республикасының Агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған Мемлекеттік бағдарламасында көзделген.
«Судың да сұрауы бар» деген халық тәмсілі осы орайда орынды ескерту болып саналады. Орынсыз ысырапқа жол бермей, үнемді пайдалану мәдениетіне қадам басуымыз керек. Соңғы кезде өрісті етек алып келе жатқан тамшылатып суғару әдісі де құптарлық қадам. «Су бар жерде, ну бар».
З. Самалбекұлы