– Зәуре, сосын, не болды?– Есіңде жоқ, айтпаймын.– Бірге қайттық па?– Қайдағ...
Бүркітке байланысты айтылып, ұлттық ұғымға айналған кей сөздер туралы
Табиғаттың тылсым сыры көп-ақ қой, деседе жаздың жаңбырлы болатынын сәуірден қалған бұлттан, қыстың жайлы болатынын дуадақтың қыстап қалуынан, қатты болуын қайтқан қаздардың төмен ұшуынан біліп, алдын ала болжаған ауа райына сай мал жайын қамдап көшпенді тірлік кешкен ұлы даланың иесі қазақ деген халық сол сырлардың біразына ғылымнан бұрын қанығып үлгерген секілді.
Аталарымыз қасқырдың қайсар мінезі, жылқының жүйріктік һәм жатырға шаппас тектілігі, қыранның алғырлығы сынды асыл қасиеттерін ерекше бағалап, оны адам бойында да болуы тиіс сындарлы сипатқа балаған. Адам баласы әрине Алланың өзге мақұлұқ біткеннен артық, абзал етіп жаратқан ерекше жаратылысы. Алайда Абылды өлтірген Қабылға інісін қалай көмуді қарға арқылы көрсеткен Құдай тағала адам баласының табиғаттан да үйренері аз емес екенін білдірсе керек.
Ал, апсан серісі қыранды қолға қондырып, қансонарда қызығына батқан қазақтың қыран жайлы ұғымы да ерекше, құрметі де бөлек. Содан да аталарымыз баласына «қанатың талмасын!» деп бата беріп, қыранға балайды. Еркіндігін қыранның самғауымен елестететін жұрттың мемлекеттік туында бүркіттің бейнеленуі де заңды құбылыс. Ендеше, қазақ сол қыранның қансонардағы қызығына батып қана жүрген жоқ, сол барыста ұлттың ұлы болмысын құрайтын ұғымдарды да қалыптастырды. Ол әрине сөз арқылы қалыптасады. Осы ретте соның бүгінге жеткен, қазірде қолданыста бар сөздердің бір парасы жайында әңгіме өрбітуді мақсат қылдық.
ТҮЛЕК. Ахмет пе, Ыбырай ма, тіпті одан да ары ма, кім болса да осы сөзді мектеп бітірушілерге алып келген адамғамың алғыс! Бұл, бүркітке, қыран құсқа байланысты сөз. Жаз бойы жемдеп, семіртіп, ескі жүнін тастатып әбден түлетіп алып қар жауғанда қайырып түлкіге салады ғой қыранды. Біздің осы күнгі мектеп бітірген түлектеріміз де тура сол секілді. 11 жыл бойы оқытып, білім беріп соңғы жылы аңға салған қырандай білімнің додасына саламыз. Алғыры һәм бағы мен бабы келіскен түлектер мемлекеттік грантты жеңіп алады. Мысалы оларды мектеп бітірген жыла орай «2018 жылдың түлектері» деп айтамыз. Түлек негізінен «құмтүлек», «тастүлек» делініп бүркіттің жасына қарата айтылады. Ол түлектер де бүркітті түлетуден шыққаны түсінікті.
ҰЯ. Сонымен бірге «Алтын ұя мектебім» дейміз. Ол да қыранның ұясынан шығып тұр. «Балапан ұядан не көрсе, ұшқанда соны іледі». Бұл «Әкесі қоңыз атпағанның баласы доңыз ата ма?» деген мәтелмен үндес мақал. Ұядағы балапанына аталығы мен енелігі, яғни ұябасары мен саршасы бұғы марал, таутекенің етін әкелетіндей қыран болса, балапаны да сондай текті қыран болады, ал, олар қоян мен тышқан әкелуге ғана жарайтын жарғақ аяқтар болса балапанының да барар жері алыс емес деген әңгіме ғой, қысқасы. Біз айта беретін тектілік осы жерде айтылып тұр. Ол ұяны мектепке де, отбасына да балауға болады.
ТҰҒЫР. Тағы да сол мектепке байланысты «түлеп ұшқан тұғырың», «тұғырынан түлеп ұшқан» деген сөздер айтылады. «Сұрасаң жағдайымды жаным Әсет, Жатырмын ұшайын деп тұғырымнан» деп нар Кемпірбай жырлайтыны және бар. Тұғыр – қыранның тағы. Тұғыр үш аяқты болады. Тақ демекші, Жүсіп Баласағұнның әйгілі «Құтты білік» кітабында мемлекет құрылымы жайлы жазатыны бар ғой, сонда тақ туралы да оның үш аяқты болатыны айтылыпты. Сөз орайында тілімізге оралып жатқан соң айта кеткеніміз болмаса бұл енді басқа деңгейдегі әңгіме... Сонымен «тұғыр» сөзі де біздің қазіргі сөздік қорымыздан «Тұғырнама» болып ойып тұрып орын алып, мемлекеттік саяси термин ретінде қалыптасты.
ТЕГЕУРІН. Әдетте «тегеурінді журналист», «тегеурінді қаламгер» деген тіркестерді жиі кездестіреміз. Бүркіттің бүкіл күші аяғында, аяғындағы негізгі күш тегеурінінде (тегеурін – артқы саусақ), сосын жембасарында (алдыңғы – бір саусақ). Бүркітің тегеурінді болса, қырандықтың негізгі бір сипаты сол болады. Бұл тұйғын, қаршыға, сұңқар секілді ұшып жүрген құстарды аяқпен теуіп түсіретін қырандарға да көп қолданылады. Ал, бүркіт тегеурінді болса түлкінің кеудесін бүре шеңгелдеп бір уыс қып бірақ сығады.
ШЕҢГЕЛ. Шеңгел – тегеурінмен алдыңғы үш тұяқтың арасы. Шыңғысханды «қан шеңгелдеп туыпты» дейтін аңыз сол қыранның шеңгелінен шығып «қанатың талмасын» деген секілді адами ұғымға ауысып кете барған. «Тегеурінім тегіс тисе шегедей» деп жырлаған әйгілі айтыс ақынын Құрманбек Зейтінғазыұлының жыры да солай. Ал, атақты Елбай жыраудың: Татусыздың белгісі – Бытырап шығар шеңгелден. Шеңгелден кетсе ел жұрты, Қайғымен қарттар шерленген, – деп келтін жыры да қыран шеңгелінің қазақ ұғымындағы кең ауқымын көрсетсе керек.
ШАЛҒЫ. Мұқағали ақынның «Жетелеп сонау жылдар қара шалды, Қарасазда жүруші ең, қара шалғы» деп жырлайтын кәдімгі шөп шабатын шалғының атауының өзі қыран қанатының атауынан шыққандай. Әдетте бүркіттің ең ұзын сыртқы төрт қанатын «шалғы» деп атайды. Бір жағында төрттен сегіз шалғы болады. Ал, оның сыртқы көрінісі, яғни формасы шөп шабатын шалғыдан аумайды. Сөзімізге сыңар езу әзіл қоса айтсақ, бүркіт шалғысының жасы шөп шабатын шалғыдан қалайда үлкен екендігін ескере отырып қай шалғының қай шалғыдан шыққандығын айта беруге болатын шығар.
ТОМАҒА. Осы бір сөзді біз көбінесе адам мінезіне байланысты қолданамыз. «Өзі бір томағатұйық адам екен» деп айтамыз. Томаға - бүркіттің басына кигізіліп, көзін жауып тұратын зат. Кейінгі қолданыста өте тамаша ауыспалы мәнге ие болған. Біздің мақсат бүркітке байланысты сөздерді түгендеу емес, әрине. Әйтпесе бүркітке байланысты қаншама мақал-мәтелдер бар. Мысалы: «Түлкі алмас қыран жоқ, құсбегісі кезіксе, жақсы болмас жігіт жоқ, ақылшысы кездессе», «Кәрі қыран – аңшының бастаушысы», «Сыншы сырын айтпайды, бүркітші шынын айтпайды», «Алса – құсым, алмаса – желпуішім», «Сонаршыға із керек, із танырға көз керек», «Жеріне қарай бұланы, тауына қарай қыраны», «Саятшы бапшыл болса бүркітке бақ», «Құс тұзаққа жем үшін түседі», «Бүркіттің сайрағаны – өлгені», «бүркіт аш болса алады, тазы тоқ болса алады», «Бүркіт бабына келгенде қасқыр алады, қаршыға бабына келгенде түлкі алады», «Бүркітін мақтағанның ұясын сұра, жігітін мақтағанның нағашыын сұра», «Құстың алғанынан салғаны қызық», «Қыран құс – ер жолдасы», «Ақиық қыран қартайса, жас жағалтайдан тепкі көреді», «Ажалды қарға бүркітпен ойнайды», «Алжыған бүркіт тышқаншыл», «Қыран ұясының ауызынан жем іздемес, қоян інінің аузындағы шөбін жемес», «Қыран құсты баптау қиын, тәтті тағамды сақтау қиын», «Алса – бүркіт, алмаса – лау мінген шүршіт» деген секіл тізбектеліп кете береді. Бұл мақалдың мәндеріне үңілсек, бәрі де бүр жарып шыға келетін бір-бір бұтақ.
ЛАУ МІНГЕН ШҮРШІТ. Мысалы соңғы мәтел туралы белгілі ғалым Ақеділ Тойшан және Бекен Қайратұлы бүркіт жайлы зерттеу еңбектерінде біреудің әйгілі Тіней бүркітшіге айтқаны екен деп қолданады. Ал, осы сөздің мағынасы жайлы бұрыннан көп ойланушы едім. Мектепте оқып жүрген кезімде Болатбек Құрманғалиұлы деген әдебиет мұғалімі «осы сөзді әкеңнен сұрап берші» деп тапсырма да бергені есімде. Кейін Қытайда тұратын белгілі жазушы, сөз зергері, ғалым Серік Қауымбайдың қытайдың «Білім және үйрену» журналына (2008 жыл, №6 санында) жариялаған «Тіл тазалығы – рух тазалығы» деген мақаласында осы мәтел жөнінде айтыпты. Сөз шешімі әкемнің айтқанымен жобалас шықты. Ғалым сөзі әрине ғылыми дерек, айқын анықтамаға арқа тірей отырып айтылады ғой, біз сол Серік Қауымбайдың шешімін оқып көрейік.
Бұл мәтелдің тым арыдан келмегені «лау» деген сөзбен байланыстырған ғалым «Лау» әсілі Шыңғысханнан басталған көлік қатынас жүйесі. Бұлайша 40 шақырым жерде бір өртең болып, сонан хабаршы шартсыз ат жаңалайтын. «Лау» сол хабаршыға берген құқық қағаздың аты. Ондай болса бұл мақал ең ары есептегенде XIII ғасырдың басынан мәлім. Дегенмен бізге керек болып отырғаны бұл мақалдың қай кездің туындысы екендігі емес, қайта ондағы мағыналық, тілдік мәнер. Бұл мәнерді ашу үшін «шүршіт» деген сөздің тіке өз мағынасына қарап көрелік», дейді де ары қарай:
«1. Бөтен адам, жат кісі, басқа біреу. 2. Түкке түсінбейтін дүлей, ақымақ адам, оңбаған жексұрын. 3. Ертеде қара қытайларды (кідандарды) және мәнжулерді қазақтар осылай атаған. Сонда «шүршіт» деген сөздің өзіндік төл мағынасы: «бөтен, дүлей, оңбаған, жексұрын» деген сөздермен өрнектеледі. Ал, қара қытайлар мен Мәнжулердің «бөтен, дүлей» атануының себебі өз-өзінен түсінікті. Олар ең алдымен түркі ұлттары емес. Салты мен жосыны басқа. Бұл оның бөтен атануының дәлелі. Сонан соң, олармен тіл ортақтық табуға болмаған. Ұлттық ғадатымызда тіл ұқпаған адамды «дүлей» деу бар. Осыдан барып олардың шүршіт аталғаны мәлім. Енді мақалдың өзіне келейік. «Алмаса лау мінген шүршіт». Неге бұлай? Мұнда сөздің ішкі мәнер жақындығы мен қимылдың ұқсастық қисыны рөл ойнап тұр. Саятшылық қимылды тілімізде «Салбурын» деп атайды. Бұл ескі түркі тілі мәнері бойынша «аямау, өлтіріп тірілту» деген мағына береді. Міне, бұл лаудағы ат пен салбурындағы аттың қимылдық жақындығы. Ал, күні бойы аттың үстінде отырып алып, далақтап шаба беруді ғана білген «шүршіт» - аласатқан шабыстан қан сорпасы шыққан аттың үстінде томағасын тартса жылжымай отырып алған бүркіт. Міне, бұл бұлардың тұлғалық жақындығы. Бұл екеуінен де ешбір пайда жоқ. Екеуі де көліктің жұты. Ондай болса бұл мақалдағы ұйқасым өз мәнерін дұрыс тапқан деуге болады» деп қисындайды. Зерттеушінің пікірі осындай. Мінеки, бүркіт жайлы бір мәтелдің мәніне үңілу үшін қанша тарихқа тереңдеп баруға тура келетінін осыдан-ақ көруге болады.
БАУЛУ. «Еңбекке баулу», «баланы баулу» деген секілді мағыналарда қолданылатын бұл сөз де бүркітке байланысты сөз. Әлі есімде, бала күнімде әкем жұмыртқа жарғанына екі-ақ күн болған қызылшақа балапанды алып келді. Мойыны қылжыңдап бос жатыр, көтере алмайды. Енді оған дәл ұябасар бүркіт секілді ұя салу керек қой. Сонда ұяны жұмсақ емес, қарағайдың, аршаның жуан бұтақтарынан салып жатқан әкеме біреу «Неге жұмсақтап салмайсың? Балапанның ұясы жұмсақ болмай ма?» деді. Сонда әкем «Ұя жұмсақ болса, балапан жата береді де, сарбуын болып қалады» деп қысқа қайырды. Кейін толықтай түсіндім. Жалпы бүркіт кеудесімен немесе шалқасынан жатып ұйықтамайды ғой, отырып ұйықтайды. Атқа алып жүргенде де күні бойғы ырғақ жүрісте екі аяқпен отырады. Балапан күнінде буыны қатты бекімесе ұзақ күн алып жүргенге жарамай құлап түсетін жағдайлар да болады екен. Ал ұядағы қатты бұтақтар балапан сәл ғана жата қалса батып, қайта-қайта тіктеліп отыруға мәжбүрлейді, сөйтіп сарбуын болмай тез жетіліп, мықта бекиді екен.
Бұл бізді «балаңды аясаң аяма» дейтін аталарымыздың бала тәрбиелеу қағидасымен ұп-ұқсас дүние. Қазір бәрін аузына төсеп, салулы төсек, салқын үй дегендей аялаймыз деп буынын бекіте алмай ұрпағымыз көкежасық көкжөтел болып, сол баяғы бабалар баулыған қырандық сипатқа жете алмай жатқан секілденеді де тұрады.
ҚОНАҚТАУ. Қазақтың бай тілінде аңшының, құсшының, түйешінің, жылқышының өз тілі болады. Мысалы, бүркітті «ұйқтады» демейді «қонақтады» дейді. «Томағасын алды, көзін ашты» демейді, «томаға тартты» дейді. Сол секілді бүркіттің қонақтау жайынан қысқа бір қызық жағдайды айта кеткенді жөн санадық.
Бүркіт әдетте мойынын қайырып тұмсығын екі топшысының арасына салып қонақтайды. Ал, түзде жүрген бүркіт түнде қонақтағанда кеудесін жартасқа тіреп қойып қонақтайды екен. Әкемнің айтып келе жатқан әңгімесінің арасындағы осы бір жағдай сөз бола қалғанда «неге олай?» деп сұрап қалғанымда әкем, «Бүркіт пен үкі екеуі өш қой! Түнде бүркіт қонақтағанда жемсауы ашық қалады емес пе? Көзі түнде көретін үкі бүркіт қонақтап отырғанда жемсауына шеңгел салса болды, оп-оңай жарып кетеді, бүркіттің ең әлсіз жері – жемсауы» деді. Мінеки, бұл сөзіміздің басында айтқан әлі ғылым аша бермеген табиғат құпияларының бірі болса керек.
ШЫРҒА. Бүркітті қолға үйретер кезде түлкінің құйрығы немесе басқа да аңға ұқсайтын затты сүйрелей көрсетеді. Бүркіт оны ұстаған кезде иесі қасына жүгіріп барып, жемқалтасынан ет алып жұлғызады. Былайша айтқанда алдап «аңға» түсіру. Оны ұстаған соң ет беріп, дәметтіру. Келесі жолы да аңды ұстаған соң «сыйлыққа» кенелетінін түйсіндіру.
Осы сөз туралы біраз ойлана келіп, «шырға тарту», «шырғаға түсіру» дегенді де өз өміріміздегі үлкен ұғымға, терминге айналдырып жіберу керектігін алға тартқым келеді. Біз күнделікті тұрмыста арнайы орайластырылған парамен ұсталған адамдар туралы тек орысша «подстава» деген терминді қолданамыз. Ал осыны «шырғаға түсіріпті», «шырға тартыпты», «шырғалапты» десе өте түсінікті және төл сөзімізден шыққан өз терминіміз болар еді.
***
Ұлттың ұғымына, болмысына айналған бұл сөздер туралы түпкі түсінік құсбегіліктің қайта оралуымен қазақ санасында қайта жаңғырмақ. Демек, ұлттық спорттарымыздың дамуы - спорттың ғана дамуы емес, ұлт болмысының бүтінделуі.
Ұларбек НҰРҒАЛЫМҰЛЫ