Балалар әдебиеті – балалар өмірінің энциклопедиясы. Ең бастысы – балалардың рухани...
ҚАЛАУЫН ТАПСА ҚАР ЖАНАР
Қазан айының алғашқы сенбісінде «Алматы әдеби ашық мектебі» өзінің оныншы, мерейтойлық оқу жылын бастап кетті. Бұл мектептің іргетасы 1999 жылы Ольга Борисовна Маркова деген жанкешті адамның еңбегі арқасында қаланған еді. Сырттай қарағанда жұқалтаң, бойына осынша сұрапыл күш-қуат сыймайтындай, тіпті, оны айтпағанда отыздың ішіндегі жас адамның арбаға таңылған мүсәпір кейпі жүрегіңді езілтеді.
Ольга Борисовна Маркова (әдеби псевдонимы О. Марк; 1963 жылы 16 желтоқсанда Кентау қаласында дүниеге келген. 2008 жылы 5 желтоқсанда Алматы қаласында дүние салды.) – қазақстандық жазушы, әдебиеттанушы, әдебиет сыншысы, «Мусагет» мәдениет және гуманитарлық ғылымдарды дамыту қорының құрылтайшысы және соның президенті болды.
«Әлеуеті әлдеқайда мол Қазақстан мәдениет министрлігінің қолынан келмеген дүниені Ольга Борисовна жүзеге асырды.» деп сол кезде, оның еңбегі лайықты бағасын да алды. Ол жетекшілік еткен «Мастер-класс» (Шеберлік сабақтары) талапкер жазушыларға арналған республикадағы жалғыз оқу орны еді.
Жаңа әдеби толқын туды. Марат Исенов, Ербол Жұмағұлов, Михаил Земсков, Ксения Рогожникова, Анна Рогожникова, Айгерім Тәжи, Илья Одегов, Павел Банников, Жұлдыз Алматбаева, Венера Жаналина, Елена Тикунова, Мерей Исмаилова... Осы сияқты және өзге де жүздеген қазақстандық ақын-жазушылар, журналистер мен сыншылар, редактор, драматургтер Ольга Борисовнаның тәлімі мен өнегесі арқасында өздерін танып, танытуға мүмкіндік алды.
Бір ғажабы, біз бір нәрсені істемек болсақ, алдымен мемлекеттік органдарға қолдау сұрап тұра жүгіреміз. Жан-жаққа хат бұқыратып, лауазымды адамдардың босағасын тоздырып, айғайлатып, ұрандатып, ақыр аяғында, алсақ - онымызды қылғытып қойып, яки басы бар, аяғы жоқ шілдепарам бірдеңе жасап, қарамызды батырамыз...
Ольга Борисовна ешкімге алақанын жаймай, іскерлік тұрғыда Голландық бір компаниямен серіктестік жасай алды. Өзі көз жұмғанша сол шетелдік демеушілердің көмегімен сүйікті ісін атқарды.
Ольга Маркова (44жасында) қайтыс болған соң, оның жолын көп толғанбай Михаил Земсков деген азамат жалғап кетті. Ол ВГИК-тің кинотану-сценарий факультетін (В. И. Ежов шеберханасы) тәмамдаған. Бірнеше кітап пен киносценарийлар авторы. Мәскеу Жазушылар одағының мүшесі.
«Алматы әдеби ашық мектебі» жобасы жоғарыда аталған «Мусагет» қоғамдық қорының мұрагері ретінде әдебиетшілер дайындау ісін сапалы түрде жалғастыру үстінде екен. Басты мақсаты: қазіргі заман талабына сай, оқырман мен қаламгер сұранысын қанағаттандыратын, кәсіби әдебиет кеңістігін қалыптастыру болып табылады.
Осы орайда мектеп жетекшісі Михаил Земсковты сөзге тарттық:
- Повесть, әңгіме жазуды қоя тұрғанда, өз ойын, өмірбаянын қағаз бетіне қанықты етіп түсіруге әркім-ақ ынтық. Өкінішке орай көңілдегідей болып шыға бермейді. Күнделікті күйбең тірліктің салпаңынан арнайы курстарға барып, яки екінші бір жоғары білім алуға да мұрша жоқ.
Сол тұста отандық әдебиеттің мәртебесін көтеру мақсатында елімізде әдеби шығармалар байқауы жарияланған еді. Осы игі шараны қолдаған қадам секілді - Алматы қаласында әдебиет мектебінің де тұсаукесері өткізілді. Енді қаламгерлікті қалаған немесе қаламдарын ұштағысы келген кез келген талапкер, осы білім ордасынан тәлім алуына мүмкіндігі бар. Олар роман жаза ма киносценарий жаза ма өз еркі.
Осы мектептің бастапқы дем берушілері «Кимрель» мәдени орталығы мен жаңа авторларды қолдауға ниетті бір алматылық баспа орны болатын. Қазіргі кезде Шеврон компаниясымен серіктестік қатынастамыз.
- «Мусагет» қорының дәстүрін жалғап келе жатқан көрінесіздер. Өз тараптарыңыздар енгізген қандай жаңалықтарыңыз бар?
- «Мусагет» тұсында дәріс: кеңінен отырып, әңгіме-дүкен құратын «Мастер-класс» негізінде өткізілетін. Біз сол дәстүрге қосымша жаңалық енгіздік. Сондықтан да мектеп деген атауға ие болды. Курсымыздың алғашқы семестрі келесі жылдың мамыр айына дейін жалғасады. Стилистика, әдебиет тарихы, киносценарий шеберлігі, әдеби аударма, әдебиет сыны және тағы басқа да маңызды пәндерді қамтитын лекциялар оқылады. Сондай-ақ қазіргі таңда поэзия, проза, балалар әдебиеті, драматургия мамандықтары бойынша оқу жылы соңында дипломдық жұмыстар қорғалып, арнайы сертификат тапсырылады.
Осы орайда алдыңғы қатарлы қазақстандық филологтар мен жазушылар және ақындар талапкерлердің өз стилі мен жанрының қалыптасуына өз үлестерін қосып жатыр. Сонымен қатар ТМД елдерінің белгілі ақын-жазушыларын шақырып, шеберлік сабақтарын өткізіп тұрамыз.
Қараша айынның соңына таман балалар әдебиеті бойынша Марина Яковлевна Бородицкая (Мәскеу) мен Валерий Михайлович Воскобойниковтың (Санкт-Петербург) практикалық семинарын жоспарлап отырмыз.
- Отандық әдебиетті дамыту - үлкен игілікті іс. Осы орайда Қазақстан Жазушылар одағының үлесі неліктен байқалмады?
- Сонау бір жылдары сабақ өткізетін орын таппай, қиналып жүрген кезде ЖО-на соққанбыз. Шығарып салма уәдеден өзге еш көмек көрмедік. Сол жолы орыс тілді «Простор» журналы редакциясына да бас сұға кеттік. Бір-жар авторымыз бен кейбір ұстаздарымыздың шығармалары жарық көрген сияқты. Арамыз жарасып, шығармашылық қатынас орнады деп айта алмаймын. Сол сияқты ЖО-да естен ұмыт болды.
- Сіздер, тек қана орыс тілінде ғана дәріс бересіздер ме?
- Соңғы жылдары қазақ тілді талапкерлерді де тартып көрдік. Неге екені белгісіз, сан жағынан да ынтадан да енжарлық танытады. Жиналған бес-алты тыңдаушы үшін арнайы ұстаз жалдап, оқыттық та. Нәтижесі ауыз тұшынтарлық болмады. Өкінішке орай, таза қазақы қауымға қарағанда орыс тілді қазақтардың әдебиетке ұмтылысы әлдеқайда озық.
Әңгіме соңында «таза қазақылар» ақын-жазушы болып іштен туады немесе оларға тылсым сыбырлап, құдырет ғайыптан дари ма деген ойға қалдым.
Біреуге сын айтып, енді біреуге мін тағуға да құлқым қалмады. Іштей жер болып, өзіміздің жалпақшешей, даңғаза тірлігімізден жеркендім.
Талғамсыздықты дәріптеп, білім мен біліктен қашқан қандай жұртпыз деп қайран болдым!
З. Самалбекұлы