немесе «ескі дауды» жаңаша үрлегендер ақиқатқа жетуден үміт үзбейдіЖақында Ресей Федерац...
Ырысбек Дәбей. Даңқты шежіре немесе ақын азабы
Қазіргі таңда қазақ оқырмандары мен зерттеушілері арасында дәстүршіл және жаңашыл қазақ поэзиясы тақырыптарына байланысты үлкен бір дискуссия жүріп жатқаны белгілі. Жаңашыл қазақ поэзиясы қандай болу керек? Дәстүр мен жаңашылдықтың сабақтастығы қай деңгейде? Әрине, бұл сұрақтарда әркімнің өз жауабы бар. "Мәдениет порталы" осы бір дускуссия аясында қазіргі қазақ поэзиясының хәл-ақуалын бағамдау және XX ғасырдың соңы мен XXI ғасырдың басында дүниеге келген қазақ ақындарының "түсініксіз" һәм "түсінікті" өлеңдерін талдау, талқылау мақсатында «Папирус» айдарын ашып отыр. «Папирус» айдарында әр аптаның дүйсенбісі бір ғана ақынның өлеңдері жарияланып, аптаның қалған күндері сол жарияланған өлеңге жасалған анализдер мен пікірлер оқырман назарына ұсынылатын болады.
Бұған дейін "Мәдениет порталы" Тілек Ырысбектің "Қайран қытай кеспесі..." және Бекзат Смадиярдың "Бұл кезең - ұмыту кезеңі..." атты өлеңдер топтамасына жазылған талқылар мен талдауларды жариялады. Күні кеше Ұмтыл Зарыққанның "Кафка" топтама өлеңдеріне жазылған Мерей Қарттың "Шытырман шығармашылық ғұмырға ие ақын", Нарқұлан Райханның "Біз қоңызбыз ба?" анализдері "Папирус" айдарында жарық көрген болатын.
Ұмтыл Зарыққанның «Мәдениет» порталына жарияланған өлеңдерін оқыдым. Бұрын да иіріміне үйіріп әкеткен таныс жолдар, ауыр мәтіндер. Кейде даңқты шежіре де зор азап болатын сынды. Есіңе ескі жырлар оралады. Атам заманда жұтылған кішкентай жұрттың азабы мен тозағын арқалап, ақыры өзін арқыраған өзенге атып, ақ жал толқындарға ағып кеткен үлкен ақын айтқандай ол - азап, ақын азабы. Мәселен «Құсадағы» «Сары өзен бойындағы сағымдай ойнаған кіл қарамойнақтар» да әлгі асау толқындардың жалына жармасып жан үзген ақын толғауындағыдай аңсар, азап. Немесе «Мәтіндегідей» құсаның құсасы. Ондай азаны терең түйсікпен сезініп, тегеурінді сөзбен бере алуы Ұмтыл ақынның үлкен жетістігі дер едім.
Топтамада құлшыныс, құштарлық, асқақтық үйлесім тапқан. «Даңқты шежірені» сыдыра баяндау немесе пафостық менмендік байқалмайды. Әрине, мұның бәрі жақсы ақынға тән эстетикалық талғам. «Ықылымнан келген осы бір күйде не құдірет барын білмеймін. Сақ заманынан қазып алған тас домбыра сияқты тұнжыраймын не жыламаймын не күлмеймін.
«Бөкен жарғақтағы» осынау жолдар беймаза үнсіздікке шомған ақынның аса бір қызық сипаттамаларының бірі – тас домбыра, тас адам. «Уақыттан да алыс, кеңістіктен де биік» кезеңнен жеткен әуез - ол да бір шерлі шежіре. Енді соның нәзік ноталары тудырған толқынды сөзбен кестелеу де, жалпақ тілмен айтқанда адамгершілік. "Даңқты шежіре, Сары өзен" туралы сөз болғанда есіме алып піл туралы аңыз түсіп отыр. "Аптап ыстық жер-әлемді күйдірген Құдайдың бір күні еді. Қаталап кеп суға бас қойған алып жануарды батпақ сорып, шүңетіне шым батырды. Одан бері мыңдаған, миллиондаған жылдар өткен болуы мүмкін. Мына қаңқасы жануардың аса алып болғанын көрсетеді...". Мәлім бір қаладағы мұражай қызметкері ауыз жаппай сөйлеп (қаншама қызметкерлер ауысты екен деші), алып жануардың даңқты шежіресін баяндайды (қазір де біреу баяндап жатқан болуы мүмкін).
Біздегі біраз ақын-жазушы потенциалын бейне сол мұражай қызметкері секілді баяндау мен түсіндіруге жұмсаған секілді көрінеді кейде маған. Меніңше "қаламына сырын сөйлер" ендігі буынның айқай мен аттаннан ауаша, уақыт пен кеңістікті жымдастырып, шет-шекарасыз тұтастыра алатын шығармашылық қуатқа талпынуын құба-құп көрер едім. Ол жағынан Ұмтыл ақынның ұмтылысы бар.
ақын, жазушы