Төкен Әлжантегі. Алтын балық ұстаған Амандық пен Сейпен (әңгіме)

ӘДЕБИЕТ
5079

- Иә, сәт!

- Ақ балығым ақ балық – қармағымды қап балық!

Осыны айтқан екі бала қармақтарын алға қарай шиыра лақтырғаннан кейін талдан қиылған саптарды суға сұғынып өскен түбірге сүйей құмдауытқа жантайыса кетісті. Күндегі әдеттері: ауылды сыртынан орағытып өтетін, қос қапталын тал көмкерген арнаға байланар қарасу бетін анда-санда шолп еткізер балықтарға қолдары жетпесе де, уақыт өткізудің амалы деп біліп, мына тұсты ермек орнына айналдырып алған. Екеудің секпіл бет, ұзынша келген, сидасы – Амандық та, домалаңдаған, толықша, қызыл шырайлысы – Сейпен болатын. Сыныптастар. Үшіншіні аяқтағандары көктемде. Сәтін салса, күзде төртіншінің табалдырығын аттамақшы.

«Сәтін салса» деп қорғана сөйлеудің мәні бар. Бір кездері ақар-шақар тірлік кешкен ауылдан сән қашқалы бірнеше жылдың жүзі. Жаз шыға көш бетін аудан, қала жаққа қарай бұратындардың қарасы әсіресе соңғы бір-екі жылда молайған. Салдарынан, түтін кеміген, түтін кемігеннен кейін бала саны азайып, ауылдағы мектептің жабылатынынан ел хабардар. Сонда дейді де, сонда Амандық пен Сейпен қайда барып, қай туыстың қабағын бақпақшы? Біліп болмайтын бір жағдайлар өтуде...

Бұларға салса, үлкендерді түсінбейді-ақ. Су іздесең суы, ну іздесең нуы бар, өздері тілдерінен қағынып айтатын «пейіштің бір пұшпағындай» мына аймақтан бәрінің қашатындары неліктен екен? Малдарын бағып, жағдайларын күйттеп жүрмей ме, қағанағы – қарық, сағанағы – сарық болып. Жоқ, абыр-сабырға үйір. Аяқ астынан жиналады да, баратын жақтарына «шүйт» деп тартып отырады. Сондайда арттарына қайырылып қарамайтындары жұмбақ. Неліктен? Туған жерден қадыр қашқанының нышаны ма? Бүйте берсе әркімнің топырақ басып тірі жүргені де бекершілік-ау, сірә...

- Уф! - деді осы сәт Амандық күрсіне.

Сейпен елең етті:

- Не болды, досым-ау?

Амандық күмілжіді:

- Жәй, әншейін... Тезірек есейсек деп армандап жатқаным да.

- Есейсең не, сен де құйысқан көтерер ме едің?

- Жо-о-ға, тәйірі. Әйткенмен, серуен құрарым ақиқат-ты.

Сейпен бірауық бөгеліс тапты. Тек әндем шамада ғана:

- Серуеніңнің жөні басқа. Қалаға барып, ана Жанғазы мен Болаттарды тауып алсақ қызыққа кенелер едік, шіркін! – деді дауысы жарықшақтана шығып.

- Мен ең әуелі хайуанаттар бағын тамашалар едім. Бақта арыстан бар дейді ғой. Ол ақырса басқа аңдар жым болатын шығар, ә?!. Балықтардың да түрлері көп деп естігенмін.

- Ғажап! Онда қара суға телміріп отырмас едік, ертеден қара кешке шейін сабырымызды резеңкеше созып...

Сейпен әлдене есіне түскендей басын кекжең еткізе көтеріп, сілейді де қалды.

- Амандық! Қалытқың көрінбейді ғой! – деді сол қалпында апырақтай.

- Тәйт, әрі! Көрінбегені қалай?!

- Солай... Ізім-ғайым...

Амандық орнынан апыл-ғұпыл көтерілген бойы қармақ сабына қарай тұра жүгірді. Көзі суда. Әне, қамыстан қиылып арнайы жасалған қалытқы су бетіне ойнап шыға келді де әп-сәттің арасында қайта батып кетті. Құдды әлдебіреу қиястықпен бір тартып, бір жіберіп тұрғандай. Яғни...

- Қапты! – деп бақырды мынаны көргенде қуанғанынан айқай салған сида бала.

- Қой, әй, әзілдеме...

- Қапты деймін, қапты!

- Ойпырмай, ә...

Сөйткенше Амандық түбірге сүйеулі сапты аспандата тартып қалды. Мына кереметке қараңыз, бұл жолы қармақ судан бос шыққан жоқ, шақырайған күнмен шағылысқан әппақ балықты артқы жақтағы көгал үстіне жеткізіп, шоршытты да тастады.

- Үйірімен үш тоғыз! Үйірімен үш тоғыз! – деді ебіл-дебіл жеткен Сейпен дәл сол сәтте қарыс сүйем балықты ұстамақ болып жанталаса қарманып. Бірақ, жылп-жылп еткен жарықтық уысқа тұрақтай қоймады.

- Әй, байқа, аңдаусызда өлтіріп алма, - деп ескертті Амандық досын кездейсоқтықтан сақтандыра, - Мұны үйге алып барып, кәритаға су толтыра, соған салып қоямыз.

- Мынадай қапырықта ма?

- Әрине, қажет деп тапсаң салқын су құямыз ғой.

- Ал, үйге қалай жеткізбексің?

- Көйлегіме орап аламын. Сөйтсем дымқылдығын сақтап тұратын шығар.

- Болмайды!

- Неге?

- Байқаусызда өліп кетсе обалына қаламыз. Одан да жағалаудан жақсылап ойық қазайық. Соны суға толтырамыз да, соған жібереміз. Күнде келіп тамашалап тұруымызға жақсы.

Жөнге жығылған Амандық уәж айта алмады.

Екеулеп ойық жасап, оған уыстап су тасып, енді балықты жібермек кезде Сейпен шегін ішіне тарта және таңырқасын:

- Әй, мынау жәй балық емес, алтық балық қой! Мынаны көрдің бе? Мына жерлерінің сап-сарылығы мамамның саусағындағы жүзіктің түсінен ауса-шы!

Желбезегі мен жон арқасын нұсқайды. Шынында алтын тектес жылтырақ бояу күнмен шағылысып көз арбайды.

- Ендеше обал-дағы! Онда бұған не істесек болады? – деп сұрады мынаны көргенде Амандық дегбірсіздене.

- Не істемекпіз?.. Қоя береміз, әрине.

Балықты қимағандай сида бала тығыла қалғанда Сейпен қайтадан үн қатты:

- Бірақ...

- Тағатты тауыспай айтарыңды айтсаңшы!?

- Бірақ, жәй жібермейміз, үш түрлі тілегімізді жеткіземіз. Әлгі ертегі бар емес пе, шал мен кемпір және алтын балық туралы. Дәл сондағы жағдай біздің басымызға да түскен сияқты. Біз де айтайық айтарымызды, алтын балық сөзімізді жерге тастамас. Солай емес пе?

Амандық досының арқасынан қаға ыржиды:

- Сенде мый бар, Сейпен, мый бар! Онда менің қармағымды қапты ғой, мен бастайын.

- Ал, баста!

- Ың-ң-ң...

Ыңылдай аз-кем бөгелген Амандық:

- Айтсам ба... Алтын балық, біздің ауылдың адамдарын кері қайтаршы, ә? - деп үлгерместен араға Сейпен килікті:

- Ана Жанғазы, Болаттарды сағындым! Екеуін қалдырма, жарай ма!?

- Басқаларды да алаламайық – барлығын оралт! Олар келсе мектебіміз жабылмай, шадыман өміріміздің жалғаса береріне мен сенемін. Солай!

Үлкен шаруа тындырғандай екі бала сәл тыныстап барып әлдене айтпаққа қайтадан оқталғанда Амандық бір қолымен өзінің, екінші қолымен Сейпеннің ауызын баса қойды.

- Тс-с-с, үндемейік! Біз үш тілекті де айтып қойдық. Ендігіміз артықтау шығар. Оның үстіне, шартты бірінші болып біз бұзсақ алтын балық ашуланып жүрер. Ал, ол ашуланса сынған астауын күзеткен ертегідегі кемпірдей дымсыз қалармыз. Солай емес пе, ә, балығым?!

Су іздегені ме, алтын балықтың ауызын бір ашып, бір жұмып жатқанын көрген балалар мына қылықты оның түсінгені деп ұғынып, сандарын шапақтаса мәз болысты.

Ал оны қайтадан қара суға жібергенде бүкіл ауыл адамдары тайлы-таяғымен үдере көшіп келгендей Амандық пен Сейпеннің бойын қуаныш кернеп тұрған.

2017 ж.

Төкен Әлжантегі

author

Төкен Әлжантегі

Шоу-бизнес

Актриса Жұлдыз Әбдікәрімова жаңа жылдық әннің әуезімен әуежай алдында биледі, деп хабарлады madenipo...

Жаңалықтар

Жетісу облысында Алакөл аудандық сотымен Экология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығ...