Бес жыл ішінде Қазақстандағы мектеп кітапханалары қалай өзгереді

Жаңалықтар
2661

Бүгінде білім саласындағы мектеп кітапханалары қорында 200 миллионнан астам әдебиет бар. Оның ішінде 38 миллионы – көркем әдебиеттер мен мерзімді басылымдар.

Пабло Пикассо. Кітап және ару

Алдағы бес жылда мектеп кітапханалары көркем әдебиеттермен жүз пайыз қамтылып, материалдық-техникалық базасы жақсарады. Бұдан бөлек, кітапханашылар жалақысы өседі. Бұл туралы білім және ғылым министрлігі "Оқулық" ғылыми-практикалық орталығының директоры Ғани Бейсембаев мәлімдеді, деп хабарлайды "Мәдениет порталы"

Оның айтуынша, бүгінде білім саласындағы мектеп кітапханаларының қорында 200 миллионнан астам әдебиет бар. Оның ішінде 38 миллионы – көркем әдебиеттер мен мерзімді басылымдардың тізімі. 

"Дей тұрғанмен бұл басылымдардың сапасы көңіл көншітпейді. 80-90 жылдардың аяғында шыққан көркем әдебиеттер және олардың өзі 20-30 пайызы жарамсыз екені анықталып отыр. Соған байланысты мектеп кітапханаларын шұғыл түрде көркем әдебиетпен толықтыру мәселесі қолға алынып отыр", - деді Бейсембаев "Оқуға құштар мектеп" жобасының тұсаукесерінде. 

Ол мектеп кітапханаларын көркем әдебиетпен қамтуға 5 жыл уақыт қажет екенін атап өтті.  Әр жыл сайын кітапханалардың 20 проценті төрт бағыттағы көркем әдебиеттермен толықтырылып отырмақ. Олар: отандық классиктердің ең үздік шығармалары, қазақ тіліне аударылған әлем әдебиеттері, қазіргі замандағы ақын-жазушылардың шығармалары, анықтамалықтар, ғылыми-танымдық және оқу-әдістемелік әдебиеттер тізімі. 

Пабло Пикассо. Үстелде кітап оқып отырған ару

"Оқуға құштар мектеп" жобасы аясында тек қана көркем әдебиеттермен  толықтыру жеткіліксіз екені түсінікті. Сондықтан да жол картасындағы екінші бағыт – мектеп кітапханаларының материалдық-техникалық базасын нығайту. Бүгінгі күні ол сын көтермейтін жағдайда. Тіпті жаңа мектептердің өзінде кітапханаға жеткілікті орынның бөлінбейтіні көрініп отыр. Сондықтан бұдан былай балалардың кітап оқуға құштарлығын дамыту үшін міндетті түрде арнайы оқу залдарының безендірілуіне мән беріледі", - деді орталық директоры. 

Сонымен қатар, айтуынша, мектеп кітапханаларын жаңа компьютерлермен қамтамасыз ету қажет. Мектеп кітапханашылары да назардан тыс қалмайды. 

"Үшінші бағытта осы жұмысты үйлестіретін мектеп кітапханашыларының әлеуетін көтеруге мән беріліп отыр. Бұл – мектеп кітапханашыларын жалпы аттестациядан өткізу, оларды арнайы курстардан, оқытудан өткізумен қатар, педагогикалық жоғары оқу орындарында дайындалатын кітапханашы мамандығын педагог-кітапханашы деген мамандыққа алмастыру, сонымен қатар, мектеп кітапханашыларының айлығын көтеру мәселесі де жол картасында нақтыланған", - деді Бейсембаев. 

Пабло Пикассо. Кітап оқыған екі ару

Ол жоба аясында мектеп кітапханалары толығымен цифрланатынын айтты. Биылдан бастап оқулықтардың барлығы дерлік ұлттық деректер базасына енгізілген, болашақта көркем әдебиеттер де осы базаға енеді. 

"Осы мәселелердің барлығы қолға алынған жағдайда, бес жылдың ішінде мектеп кітапханалары түгелдей дерлік көркем әдебиеттермен қамтылады.  Кітапханашылардың әлеуеті көтеріліп, жалақысы көбейеді. Материалдық-техникалық база үш жылдың ішінде жеткілікті әлемдік деңгейге көтеріледі", - деді орталық директоры. 

"Оқуға құштар мектеп" жобасы аясында бес жыл ішінде PISA оқу сауаттылығы деңгейі бірнеше есе артады деп күтілуде, деді ол.

madeniportal.kz

Шоу-бизнес

Актриса Жұлдыз Әбдікәрімова жаңа жылдық әннің әуезімен әуежай алдында биледі, деп хабарлады madenipo...

Жаңалықтар

Жетісу облысында Алакөл аудандық сотымен Экология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығ...