Еліміздегі Отбасын қолдау орталықтарының саны 200-ге дейін артады. Бұл жайында Сенат депутаттарының...
Эколог Мэлс Елеусізов бұрын балабақша болған шағын үйде тұрып жатыр екен
Фото: Нурбол Ынтымакулы
Әлеуметтік желіде белгілі қазақстандық эколог, қоғам қайраткері Мэлс Елеусізовтің қарапайым өмірін көрсететін видео кеңінен тарап кетті. Ғаламтор қолданушылары оның өмірін қызу талқылап жатыр, тіпті кейбіреулер видеоның шынайылығына күмәнданады. Белгілі экологтың үйін "лашық секілді" деп бағалағандар көп. "Шын үйі емес, саяжайы" деп жатқандар да жетерлік. Ақиқатын білу үшін Massaget.kz тілшісі Мэлс Елеусізовті арнайы іздеп барып, қалай өмір сүріп жатқанын өз көзімен көріп келді, деп хабарлайды
Мэлс Елеусізов бұрын балабақша болған шағын үйде тұрады екен.
"Бұл бұрынғы балабақша ғимараты. Балабақша 90-жылдары қараусыз қалып, талан-таражға түскен. Сосын босқа құрып кетпесін партиялық қажеттіліктер үшін алдық. Көріп отырғаныңыздай, мұнда жөндеу жұмыстары жүргізілмегелі біраз болған. Мен қызыммен осында тұрамын", – деді Елеусізов бізді қарапайым үйінің табалдырығында қарсы алып.
Еске сала кетейік, 2015 жылы Мэлс Елеусізовтің үйі өртеніп кеткен. Тілсіз жау кесірінен эколог үйсіз, ол басқаратын экоодақ штаб-пәтерсіз, жануарлар тәлімбақсыз қалған.
Кіреберісте бізді бірнеше ит қоршап алды, олардың арасында тазы және төбет тұқымды иттер бар. Осыдан-ақ тәлімбақтың енді осы жерден орын тепкенін аңғарамыз. Мэлс Хамзаұлы жақында аздап ауырып қалғанын айтты. Оның сауығып кеткеннен кейінгі бірінші жұмысы - осы иттерді тамақтандыру.
"Олар мен ауырып жатқанда аш қалды. 2 күн ауырып, жатып қалдым. Төсектен тұруға шамам болмады. Енді-енді сауығып келемін", - деді Мэлс ағамыз.
Мэлс Елеусізов материалдық игілікке ұмтылмайтынын жеткізді. Алайда бар өмірін сарп еткен экологиялық жобалардың мемлекет тарапынан тиісті қолдау таппағандығына налиды. Сондай жобалардың бірі - қоқыс қалдықтарын қайта өңдейтін эксперименттік алаң болған екен. Мэлс Елеусізовтің сөзінше, 2008-2015 жылдары Алматы әкімі болған Ахметжан Есімов "тұрғындарға кедергі" желеуімен алаңды жаптыртқан.
"Материалдық игіліктер мен үшін ешқашан бірінші болмады. Үйім өртеніп кеткеннен кейін осында қоныстандым. Балаларымның жеке өмірі, өз отбасы бар. Олар жеке тұрады. Дегенмен жобаларымның қолдаусыз қалғаны мені тығырыққа тіреді. Менде қазір қоқыс және қалдық су мәселесін шешуге септігі тиер 3 патент бар. Бірақ үкіметке қанша ұсынсам да қолдау болмай келеді. Алматының бұрынғы әкімі де менің жақсы жобамды қысып тастады. Әкіммен арамыздағы текетірес - мен оны ағаштарды кесіп тастағаны үшін айыптағанымнан басталды. Кейін қоқыс сұрыптайтын алаңды жаптыртып тастады. Бірақ ол алаңға тұрғындардың еш шағымы болмап еді, керісінше, қала тазалығына үлкен үлес қостық. Билікте отырғандар өздерінің қателіктерін көрсететін экологиялық бастамаларды көргісі келмейді", - деп ашынды Мэлс Хамзаұлы.
Бақшаға кіріп, Мэлс Хамзаұлының алма мен алмұрт өсіріп жатқанын көрдік.
"Алма ағаштары жас, ал алмұрт өз бабында. Бірақ теруге денсаулық жарамайды", - деді ағамыз.
Бақша аумағында "Регата" жобасының көлігі де тұр. Елеусізов негізін қалаған Іле-Балқаш регатасының тарихы 2000 жылдан басталады. Өз уақытында үлкен туристік қозғалыс жасауға мүмкіндік берген жобадан тек мына ескерткіш қалыпты.
Қарапайым өмір сүру жағдайына қарамастан, Мэлс Елеусізовтің болашаққа жоспары үлкен. Ол үйін жөндеуден өткізіп, балаларға пайдалы техникалық дағдыларды үйренетін шеберханаға айналдыруды армандайды.
"Мен балаларға қарапайым, бірақ маңызды техникалық дағдыларды үйрететін шеберхана мектебін ашқым келеді. Бүгінде ағаш ұсталары және техниктер азайып барады. Бұл өмірге қажет дағдылар болып табылады. Әзірге қаражат қарастырып жатырмын", - деп қоғам қайраткері жоспарларымен бөлісті.