Астана – мол мүмкіндіктер қаласы

РУХАНИЯТ
794

Алған тәрбиең мен білімің, өзіңнің адамгершілік қасиетің қанша биік болғанымен, егер одан ақша «сауылмаса» бәрі бекершілік деп айтатын заманға тап келдік. Қолыңнан келген өнер өзіңді және отбасыңды асырамаса, ондай өнерде қаншалықты құн болмақ дейсің. Бір таныстан сұраған едім: «Жұмыста барсың ба?» - деп. Ол: «Көлік жүргізушісімін. Қазір ондай жұмыс жоқ. Үйде отырмын», - деді. Яғни ол өзін содан өзге мамандықты білмейтінін және оны игеруге құлықсыз екен аңғартқаны болар. 

Сондықтан нарық заманы деп лап қойған аласапыран секілді қоғамдық қатынасқа бой бермеу үшін бойдағы қабілетті сараптап, қандай нәрсеге бейім екеніңді анықтаған жөн тәрізді. Осы орайда белгілі экономикалық сарапшылардың айтуына қарағанда, орта және шағын бинесті дамытуға қолайлы аймақ Астана қаласы көрінеді. Осы тұжырымды өзге де халықаралық сарапшылар да қолдап отыр. Өткен жылғы Бүкіләлемдік банктің бизнес жүргізу рейтингіне сүйенсек, расында Астана қаласы еліміз бойынша ұлттық көшбасшыға айналып, Елбасының арнайы сыйлығына да ие болыпты. 



Кейінгі жеті-сегіз жыл көлемінде Астанадағы орта және шағын бизнес құрылымдары бес есеге көбейіпті. Бұл елорданың ішкі жалпы өнімінің жартысынан астамын құрап отыр. Бизнес саласы бүгінгі таңда жұмыс берумен қатар басты инвесторлық жүкті де көтеріп келеді. Осыған орай сауда және қызмет көрсету салалары бойынша жұмыс орнын ашып, еңбек етуге барлық жағдай мен жеңілдіктер қарастырылған. Сонымен қатар Қалалық қызмет көрсету орталығы да бизнес жүргізуге көп үлесін сіңіріп жатыр. Кәсіпкерлер мен инвесторлардың уақытын үнемдеп, бір терезе қағидаты бойынша бірнеше салаға қатысты қызмет түрлерін ұсына алады. Атап айтсақ, коммуналдық қызмет, архитектура, жер қатынастары сияқты салалар бойынша кедергісіз қызмет көрсетіледі.

Қалалық кәсіпкерлікті дамыту және инвестиция жөніндегі басқарма басшысы Әлішер Әбдіқадыров осы туралы өз ойын білдірген еді:

«Республикалық және қалалық бағдарламалар шеңберінде кейінгі уақытта жалпы құны 175 миллиард теңгені құрайтын 1163 жоба қолдауға ие болды. Осы орайда қала ішінде жеміс-жидек пен көкөніс саудасын жүргізетін жоғары талапқа сай келетін дүңгіршектер орналастырылды. Астана қаласының әкімі «Көше саудасына – 1000 орын» атаулы жаңа бағдарлама жасап, соны жүзеге асырған еді. Бұл бастаманың мұрындығын «Аstana» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамы ұстады. Сонымен қатар көшелерді абаттандыру саласына да жаңалықтар енгізіліп, алғашқы рет көше саудасы кәсіпкерлері арасында онлайн режиміндегі аукцион жасалды. Осы бағдарлама шеңберінде қазан айында гүл, көкөніс, газет, кәдесый сататын дүңгіршектермен қатар фаст-фуд және өзге де қызмет түрлерін көрсетуші нысандарға арнап 580 нүктелік жер телімі бөлінді. Осы орайда өз сайтымызда жаңадан ашылатын орынға конкурс жария етеміз. Екі апта аралығында ниет білдірген кәсіпкер қатысу үшін өтініш қалдыра алады. Содан соң жариялы түрде онлайн режимінде конкурс өткізіліп, бағы жанған кәсіпкер өзінің павильонын тұрғызатын жерге қол жеткізеді. Стандартты павильон он шаршы метр деп алынады. Ары қарай жер он жылға кәсіпкерге жалға тапсырылады. Қаізргі күнге дейін аталмыш бағдарлама бойынша жекеменшік орындардан 1,1 миллиард теңге инвестиция келіп, 1200 жаңа жұмыс орны іске қосылды».



«Astana» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыповтың айтуынша, кәсіпкерлер өз қалауы бойынша қаланың  белгілі бір ауданында қонақ­үй, жанар-жағармай стансасын немесе бизнес орталықтары құрылысын салуға өтініш бере алатын көрінеді. Өз тарапынан корпорация түскен өтініштерді зерттеп, олардың қаншалықты өзекті екенін талдап, анықтайды. Осы орайда кәсіпкерлердің берген он жеті жобасы мақұлданып, қаланың экономикасына 34 млрд теңге инвестиция құйылыпты. 

Шағын және орта бизнес осындай мысалдар негізінде Астана қаласының көркею жолына түскенін аңғартады. Бұл өз ретінде экономикалық дамумен қатар, әлеуметтік проблемаларды шешіп, жұмыссыздық мәселесіне де оң әсерін тигізіп жатыр. 

Кәсіпкерлікпен айналысуды мақсат еткен кез келген қала тұрғындары бизнеспен шұғылданам десе қала әкімдігіндегі арнайы бағдарламаларға ат салысып, бақтарын сынауларына әрқашан да жол ашық. Және олардың қиыншылықтарға жолықпай, жеңіл түрде кәсіптерін дөңгелентіп кетулеріне үлкен мүмкіндіктер қарастылыған көрінеді. 


З. Самалбекұлы  



Жаңалықтар

Елордалық өрт сөндірушілер Нұра ауданы Қабанбай батыр даңғылында автобустың жануын сөндірді, деп хаб...

Жаңалықтар

Әлеуметтік желілерде қайырымдылық қор құрылтайшысының қаржысын жымдықды деп айыпталып отырған Пери...