Ел мен Елес (мінездер миниатюрасы)

ӘДЕБИЕТ
1791

Үш достың мінезі

Олар түйдей құрдас. Бір жылы оқу орнына түсіп, ә дегеннен табысып, жұбы жазылмас дос болып жүретін-ді. Ең қызығы – үш жігіттің мінездері үш түрлі. Сөйте тұра бірінсіз-бірі тұра алмайтындай. Қашан көрсең бір-бірін іздеп жүргені.

Мінездері қалай дейсіз бе! Оны екі ауыз сөзбен қалай айтып бере қояйын.

Олар осыдан екі жеті бұрын кезекті демалысқа шығып, елдеріне кеткен болатын. Сол сапардан бүгін ғана оралған сыңайлы. Сағынысып жолыққан үш достың бүгінгі бас қосуынан әңгіме өрбітіп көрелік.

* * *

Әуелі жатақханаға шикіл сары Сағын келіп кірді.

Содан соң ұзын бойлы Ұзақ есік қақты.

Ал, одан кейін қыр мұрынды Қасымның сопақ басы көрінген-ді.

Әй, бір сағынысып-ақ қалған екен.

Отыра қалып, елде өткен екі апталық демалыс күндері жайлы әңгімені соғып кеп берді. Әуелгі әңгімеші – Сағын.

– Сендер мені автобусқа отырғызып жібердіңдер ғой, ә! – дейді ол. – Содан қасымда отырған бір жігітпен дереу тынысып ала қойдым. Өзі бір өте елгезек жан. Сөйлесе келе «ішкілікке қалайсың» деп едім, елп ете қалды. Онсыз да басы ауырып отырғаны байқалды.

– Бар болса неге ішпеске! – деді.

Кезекті бір аялдамада дүңгіршек бар екен, бір жарты алдық та жол қысқарсын деп аз-аздан қылғытып отырдық. Бөтелкедегі ащы су таусылғанша мен де ауылға жетіп қалыппын. Үйге келдім де, амандық-саулық біліскен соң, көрші үйде тұратын сыныптас досымды іздедім. Ол да табыла кетті. Екеуміз дүкен жаққа барып, екі жарты алып, түн ортасына дейін ермек еттік.

Ертесіне тұрсам, басым сынып барады. Тағы да досымды іздедім. Іздегенге-сұраған деген. Сол сәтте екінші бір досым есік қағып тұр. Екеуміз дүкен жаққа беттедік.

Ұзын бойлы Ұзақ шыдай алмай:

– Ау, аяғында не болды? – деді. – Тек арақ ішке­ніңді айта бересің бе?

– Содан үшінші күні ауылда той өтті, – деді Сағын. – Сол тойда екі-үш жігіт оңашалап, бір жартыны ортаға алып, әй кеп ішпейміз бе...

Ұзақ айтты:

– Әй, сенің демалысың түсінікті болды, – деді. – Енді мен айтайын.

– Ал, айт.

– Мен де поездға отыра сала бір қызбен таныстым, – деді ол. – Өзі біздің облыстың тумасы екен, жолымыз бір болды да, әңгімеміз жараса кетті. Содан поездың ресторанына алып бардым. Екеуміз кофе іштік. Әртүрлі қызғылықты әңгімелер айтылды. Қысқасы, өте жақын болып сырластық.

– Аяғы не болды? – деді Сағын да шыдай алмай. 

– Не болсын! Елге жеткен соң ол өз бағытымен, мен өз бағытыммен кете бардық.

– Е, телефонын да алмадың ба?

– Соны сұрауды ұмытып кетіппін.

– Ал, содан...

– Сосын үйге барып, бір күн демалдым да, қаладағы достарымды іздедім. Біреуі хабарласты. «Орталықтағы кафеде отырмыз, тез жет» деді. Жетіп бардым. Сөйтсем олар үшеу, ал қыздар... төртеу. Төртінші қызбен дереу танысып алдым да, түні бойы қала көшелерімен қыдырдық. Аспан­дағы жұлдыздарды санадық.

– Ал, ертесіне? – деді Сағын.

– Не істеуші едім. Келесі күні достарыммен мейрамхана барып, көңіл көтеріп отырғанда тағы бір қызбен таныстым. Ой, өзі бар ғой, нағыз сұлудың сұлуы...

– Содан?

– Ілгі қызбен апта бойы көңіл көтердім. Екеу­міздің бармаған жеріміз қалмады десе де болады.

Осылайша Сағын мен Ұзақ ұзақ сөйлесіп, бөлмені басына көшіріп отырды.

Ал, қыр мұрынды Қасым үнсіз.

– Сен ше? – деді екі жігіт енді ғана оны есіне түсір­гендей. – Сен неге үндемейсің?

– Не айтатыны бар, – деді Қасым. – Елге бардым да, ағайын-туыстарды араладым. Үлкендерге сәлем бердім. Барған үй қой сояды. Соны жейміз.

– Сосын?

– Сосын әңгіме айтылады. Өткен өмірлері жайлы. Ой, өте қызық... тыңдай бергің келеді.

– Содан?

– Содан тағы бір ақсақалға сәлем бердім. Ол да әңгімені әріден қозғап...

– Әй, сенікі түсінікті, – деді Сағын. – Қызық емес. Оның несін айта бересің!

– Неге қызық емес, – деп Қасым ашуланып қалды. – Қариялар біздің қазынамыз....

Енді бұл отырыс Сағынға тым тартымсыз бола бастады.

– Осылай отыра береміз бе? – деді ол. – Сыртқа шығып, сыра ішіп дегендей...

– Менің бір қызбен кездесуім бар, – деді Ұзақ сағатына қарап қойып.

Сөйтті де ол екеуі дереу киіне бастады.

– Қалған әңгімені түнде бас қосқанда жалғастыра жатармыз, – десті олар.

Қасым үндеген жоқ.

Бөлмеде жалғыз қалды.

Қалтасынан қойын дәптерін алып, ауылдағы бір ақсақал айтқан кісінің мекен-жайын іздеді. Осы қалада тұратын шежіреші қарт... Сол кісімен жолығуға өте асығулы. Оған қоятын, жауап ізде­ген сұрақтары да баршылық.

* * *

Мұндайда Елес айтады: «Әркім өз ойының же­тегінде жүреді.»


Едрес

Жасы он алтыға толған соң, енді өзіне төлқұжат алу керек болып, Едрес аудан орталығына үш рет барып қайтты. Әуелгіде суретке түсіп кел деді. Суретті әкелді.

Тиісті қағаздарды толтыр деді. Оны да толтырды. Ал, үшінші рет келгенінде... төлқұжат беруге жауапты кісі бұған ұзақ қарады. Содан соң:

– Осы сенің есімің қалай? – деп сұрады.

– Едрес.

– Қазақта ондай есім жоқ. Болған да емес.

– Неге болмасын. Менің атым – Едрес.

– Е, солай ма? Едреспін де.

Құжат толтырушы азамат неге екені белгісіз, өзінен-өзі күліп алды. Ұзақ күлді.

* * *

Үйге келген соң апасынан:

– Менің атым шынымен-ақ Едрес пе? – деп сұраған. Апасы аң-таң.

– Оны неге сұрадың?

– Аудан орталығындағы төлқұжат беретін ағай мені мазақ етіп күлді.

Апасы баласының мұңлы жүзін байқап, қасына отырғызды.

– Мұның өз сыры бар, балам! – деді. – Сенің о бастағы азан шақырып қойған атың басқа.

Сосын әңгіме айтты.

Бұл шаңырақта Едрес дүниеге келгенше үш ұл туып, үшеуі де жас кезінде шетіней беріпті. Осыған қапа болған отағасы күйіне сөйлеп:

– Әй, мен шұнақ құдайға не жаздым! – деп аһ ұрады.

Сол жылдары осы ауылға, қайдан ауып келгенін кім білсін, жалғыз сары орыс пайда болады. Аты – Михей. Кімнің үйінде тамақ болса, сол үйде қона жатып, оны-мұны жұмыстарын істей беретін.

Дәл осы күндері Едрес те дүние есігін ашыпты. Анасы «баламның өмірі ырысты болсын, Ыдырыс қоямын» деп шешіп отырған. Соны ести сала әлгі Михей:

– Едрес! Едрес! – дей беріпті.

Бұл ат әкесіне де ұнаған сыңайлы. 

– Мен балама елде жоқ есім беремін, – деп жар салады.

– Ау, қандай есім? – десіпті көрші-қолаң.

– Баламның аты – Едрес болады.

* * *

Бұл әңгімеден соң Едрес ойланып қалды. Қазақта мұндай есім жоқ, әрине! Демек, өзгерту керек. Әлде... осы күйі жүре бере ме? Қайтпек керек!..

Апасымен ақылдасып еді, ол:

– Өзім азан шақырып, Ыдырыс деп атағанмын, тек әкең көнбей қойған, – деді.

– Онда сол Ыдырысқа қайта ораламын. Өзгер­темін атымды...

Сөйтіп, төртінші рет аудан орталығына бар­ғанда, төлқұжат толтырушы ағайға:

– Менің шын атым – Ыдырыс, – деген.

Төлқұжат толтырушы ағатайы енді қуана қостап, арқасынан қағатын болар деп ойлаған. Қайдан? Ол аяқ астынан ашу шақырды.

– Әй, қазақтар-ай, – деді. – Осындай былық-шылығың болмаса қазақ болармысың. Мен қалай оп-оңай өзгерте алады екем?

– Едрестің орнына Ыдырыс деп жазасыз.

– Жоқ, жаза алмаймын.

– Неге?

–Өйткені, «Туу туралы куәлікте» сенің атың – Едрес.

– Болса ше!

– Мен құжатқа сүйеніп қана қағаз толтырамын, бала!

– Сонда не істеуім керек?

– Оны ана ауылдық кеңес бастығына барып айт. Солар «Туу туралы куәлігіңді» қайтадан жазып берсе, мен қарсы болмаймын.

– Олар келісе ме?

– Оны білмедім. Ол енді сенің шаруаң. Әйтпесе мен Едрес деп жазамын да, төлқұжатыңды қолыңа ұстатамын.

* * *

Едрес осы оқиғадан соң екі-үш апта бойы ауылдық Кеңес кеңсесінің алдын тоздырды. Бірде төраға жоқ, ал енді бірде хатшы келмей қалады. Тіпті ол екеуі де табылған күні тағы бір күрмеулі мәселе табыла кетеді.

«Барлық құжаттар архивке өтіп кетіпті. Оны табу үшін біршама уақыт қажет...»

Астанаға шұғыл түрде оқуға жол жүруі керек-тін.

Көп күтуге уақыты да аз.

Сосын амал жоқ, Едрес деген есімге келісім бере салды.

Едрес болып төлқұжат алды.

* * *

Міне, сол Едресіңіз бұл күнде үлкен азамат болған. Әуелде осы есімді онша ұната бермейтін-ді. Бірте-бірте бойы үйреніп кетті.

«Ау, Едресі не, Ыдырысы не! Атта тұрған не бар екен! Ең бастысы – қазақтығыңды жоғалтып алмасаң болғаны да.»

Оның көңіліне демеу болатыны – осы ой.

* * *

Мұндайда Елес күйініп айтыпты: «Бұл қазақтың түбіне жететін «Әй, жарайды» болады әлі.»

Жолтай Әлмашұлы

author

Жолтай Жұмат-Әлмашұлы

ЖАЗУШЫ

Жаңалықтар

Елордалық өрт сөндірушілер Нұра ауданы Қабанбай батыр даңғылында автобустың жануын сөндірді, деп хаб...

Жаңалықтар

Әлеуметтік желілерде қайырымдылық қор құрылтайшысының қаржысын жымдықды деп айыпталып отырған Пери...