Әдебиет – өмірдің өзі емес, өмірдің көркем бейнесі екендігі белгілі Яғни, көркем шығармал...
Ганс Андерсен. Су перісі
Алыстағы теңіз суы көктікеннің гүліндей көкпеңбек, шыныдай мөп-мөлдір, тереңдігі сондай, ешқандай зәкір жете алмайды. Оның тереңдігін өлшеу үшін нешеме сатыларды бір-біріне жалғау қажет десеңізші. Теңіз түбінде де ел-жұрт өмір сүреді.
Ойлап қалмаңыздар, оның асты тап-тақыр құм деп. Онда судың толқынымен ырғалып, сіз бұрын ешқашан көрмеген ағаштар мен гүлдер өседі. Ағаштардың бұтақтарының арасымен жер бетіндегі құстарға ұқсайтын балықтар жүзіп жүреді. Ал осы теңіздің ең терең тұсында су патшасының сарайы орналасқан. Сарай қабырғалары маржан тастан өрілген, ал кәріп тастан жасалған үлкен терезелері толқынның соғуы мен қайтуына орай бір ашылып, бір жабылып тұрады. Төбесі бірыңғай қабыршақпен жабылған. Қабыршақтың әрқайсысында жарқыраған інжу моншақ бар. Бұның біреуінің өзі кез келген ханшайымның тәжін әшекейлеуге жетіп артылар еді.
Теңіз патшасының әйелі баяғыда марқұм болғандықтан, оның шаруашылығымен қарт шешесі айналысатын. Кемпір жалпы жаман адам емес, бірақ өзінің текті жерден шыққандығын білдіргісі келіп тұратын мақтаншақтығы бар. Өзінің дәрежесін асыруға тырысып құйрығына он екі устрица (устрица – жеуге жарайтын қос қабыршақты моллюск) жапсырып жүретін. Ал ең мықты деген ақсүйектеріңнің өзі ондайдың алтауын ғана жапсыратын. Шаруаны ол жап-жақсы атқарды. Шешелерінің жоқ екенін білдірмей, әсіресе кішкентай немерелеріне жақсы қарады. Олар алтау еді, бәрі де әдемі. Әсіресе ең кішкентайы – нәзік, аппақ өңді, екі беті раушан гүліндей алаулаған, ал тұңғиық көздері теңіз суындай көкпеңбек. Тек оның да аяғының орнында балықтыкі сияқты құйрығы бар.
Күн сайын ханшайымдар сарайдың кең бөлмелерінің қабырғаларын жарып өскен гүлдердің ортасында асыр салып ойнайды. Кәріп тастан жасалған терезелер ашық болса, біздегідей қарлығаштардың үйге ұшып кіргені сияқты, балықтар да ішке жүзіп кіріп, балалардың қолынан тамақ жеп, үстерінен сипатуға ерік беретін.
Есіктің алдында үлкен бақ бар. Онда қып-қызыл және қара-көк түсті ағаштар өсіп тұр. Оның жемістері алтындай жалтылдап, гүлдері оттай алаулап, бұтақтары мен жапырақтары тынымсыз тербеледі. Жері шетсіз-шексіз созылған өзгеше көкшіл түсті майда құм болғандықтан, теңіздің түбін емес, аспанның үстін басып жүрмін деп ойлап қалуың ғажап емес. Мұнда төбең де аспан, аяғыңның асты да аспан болып көрінеді. Желсіз тымық кездері теңіз түбіне түскен күннің бейнесін байқауға болатын. Қауызынан шуақ төгілген қан қызыл гүлге ұқсайтын.
Бақта әрбір ханшайымның өзіне тиесілі жері бар. Оған олар гүл егемін немесе жеміс ағашын отырғызамын десе де өз еріктері. Біреуі егіс алаңын китке ұқсатып жасайтын, ал екінші біреуі оның су перісіне ұқсағанын қалайтын. Ал ең кішкентайы алаңды күнге ұқсатып, дөп-дөңгелек етіп жасап, оған алқызыл гүл екті. Кенже қыздың мінез-құлқы өзгелерінен бөлектеу таңқаларлық еді, ылғи ойға батып жүретін. Әпкелері үсті-бастарын суға батқан кемелерден тауып алған әртүрлі заттармен әшекейлесе, ал ол тек қана сонау жоғарыдағы күнге ұқсайтын жарқыраған ашық қызыл түсті гүлдерді тағатын. Оның және бір ұнататын заты – күйреген кемеден құлап судың түбіне түскен, ақ мәрмәр тастан жасалған баланың мүсіні еді. Мүсіннің қасына ол мәжнүн тал екті. Мәжнүн тал жайқалып өскен кезде, оның бұтақтары ескерткішке асылып салбырап, күлгін түсті көлеңкесі құмдақта тынымсыз ырғалып, ағаштың тамырын өбіп тұрғандай әсер берді.
Бәрінен де ханшайым судан жоғарыда өмір сүретін адамдар туралы әңгіме тыңдағанды ұнататын. Қарт әжесі оған адамдар мен жануарлар, кемелер мен қалалар туралы білгендерінің бәрін айтып беретін. Әсіресе оны жер бетіндегі гүлдердің, бұндағыдай емес, исінің бұрқырап тұратыны, тоғайлардың жап-жасыл болатыны, ал бұтақтан бұтаққа қонып ерсілі-қарсылы ұшқан балықтардың тынымсыз ән шырқайтыны қатты таңдандыратын. «Балық» деп әжесі құстарды айтатын. Өйткені туғалы құсты көрмеген олар оның не екенін білмейтін.
– Сендер он беске толған кезде судың бетіне шығып, жартаста ай сәулесіне шомылып отырып, өтіп бара жатқан кемелерді, сонау алыстағы қалалар мен орманды тамашалауға рұқсат етіледі, – деді әжесі.
Биыл ханшайымдардың ең үлкені он бес жасқа толады. Олардың арасы бір жастан болғандықтан, ең кішкентайына судың бетіне шығу үшін аттай бес жыл тосуға тура келеді екен. Бірақ әрқайсысы судың бетіне шыққан кезде көрген қызықтарын басқаларына айтып беруге келісті, өйткені әжелерінің айтқандары оларға тым аз көрінді.
Судың бетіне шығуға бәрінен де құштар, арманшыл кенже қыз әрбір түні терезенің алдында отырып, құйрықтарын бұлғаңдатып балықтары топ-топ боп жүзген теңіз суы арқылы жоғарыға көз тігетін. Ай мен жұлдыздар бұл арадан, әрине, анық байқалмаса да, жердегі біз қарағаннан, аса зор боп көрінсе керек. Егер олардың астынан қап-қара бұлт жүзіп өтсе, оның кит екенін аңғару қиын емес. Кейде ол жолаушылар таситын кеме болуы да мүмкін. Бірақ кеменің астында аппақ қолын созып, әдемі су перісі қарап тұр деген ой ондағы адамдардың қаперіне кірмес, сірә.
Міне, енді ең үлкен ханшайым он бес жасқа толып, оған жоғарыға жүзіп шығуға еркіндік берілді.
Ол қайтып оралғаннан кейін қаншама әңгіме айтылды десеңізші! Әсіресе оған теңіз тыныш кездері, ай нұрына шомылып, жағадағы тіршілігі қайнаған қаланы тамашалау қатты ұнапты. Қаптаған жұлдыздар құсап, онда сандаған от жылтылдайды, көңілді музыка үні естіледі. Айлақтағы экипаж әскерінің шуылы, мұнаралары сорайған шіркеулерден соғылған қоңырау үні айналаны азан-қазан етеді. Оған баруға болмайтын жақ, өзіне ынтықтырып тарта түседі.
Кенже қыз оның әңгімесін есі кетіп тыңдады. Ал кешкілік ашық терезенің қасында тұрып, қара көк су түбінен жоғарыға ынтыға көз тастап, адамдары құжынаған үлкен қала туралы ойлады. Тіпті құлағына қоңыраулар үні келгендей болды.
Келер жылы екінші әпкесі де он бес жасқа толып, оған да судың бетіне шығып, қалаған жағына жүзуіне рұқсат етілді. Ол теңіз бетіне шыққан кезде, күн батып бара жатқан кез болатын, осы бір сәт көкейіне ұялағаны сондай, мұнан артық сұлулық жоқ деп есептейді. Аспан дегенің алтынмен жалатқандай сап-сары. Ал көкте жүзген ақша бұлттардың сұлулығын айтсайшы! Кейде олар ақ, кейде қызыл және күлгін көк түсті болып көрінеді. Күнге бет алған ақ бұлттар керуені жабайы аққулар тізбегін көз алдыңа елестетеді. Ол теңіз бетіне қонақтаған дөңгелек күнге қарай жүзіп еді, күн бірте-бірте суға батып, бұл жетем дегенше, айналаны шарпыған қызыл алау ғайып болды.
Ал бір жылдан кейін үшінші әпкесі су бетіне көтерілді. Бұл бәрінен де батыл қыз еді, ол тура өзеннің теңізге құятын тұсына дейін жүзіп барды. Ол жүзімдіктері жайқалған төбелерді, бау-бақшалары сыңсыған әсем сарайларды көрді. Құйқылжытып сайраған құстардың әніне куә болды. Күннің қатты ысығаны сондай ол қайта-қайта суға сүңгіп, салқындап алып отырды. Бір жағалауда оған суға шомылып жүрген тыр жалаңаш балалар ұшырасты. Су перісі олармен бірге ойнағысы келіп еді, бірақ олар қорқып тұра қашты. Олардың орнына бір кішкентай аң шығып, шәуілдеп кеп үрсін. Тіпті маза бермегесін кейін қайтуына тура келді. Әлгіндегі үрген ит екен, бұл оны өмірінде тұңғыш рет көріп тұрғасын, ажырата алмады. Бұл сапарын, ну орманды, көгілдір төбелерді және қанаттары жоқ болса да суда балықша жүзген балаларды, ұмыта алмас, сірә.
Төртінші қыз аса батыл емес еді, ол ашық теңіздің бір тұсында болып, сол араны аса керемет деп есептеді. Теңіз көз ұшына дейін шетсіз-шексіз созылып жатыр, төбедегі аспан алып әйнек күмбезге ұқсайды. Ал алыста жүзген кеме ақ шағаладан аумайды. Енді бір тұста шапшаң дельфиндер сан түрлі өнер көрсетіп, таңдай қақтырады. Киттер танауларынан су атқылатып, айналада фонтандар қаптап кеткендей әсер берді.
Содан кейін ең соңғы әпкесінің де кезегі келді. Оның туған күні қыста болатын, сондықтан да ол басқалар көрмеген қызықты көрді. Жап-жасыл теңіз суының әр жерінде мұз таулар жүзіп жүрді. Кейбірі тіпті адамдар салған шіркеулерден де үлкен еді. Олар мың-сан алмас моншақтардан құралғандай көз қарықтыратын. Ол солардың ішіндегі ең үлкеніне мініп алып еді, долы жел ұзын шашын желбіретті. Теңізшілер одан қорқып, бұл жерді айналып өтті. Кешке қарай аспанды бұлт торлап, найзағай ойнап, күн күркіреді. Тулаған теңіз үлкен мұз кесектерді аспанға атты. Кемелер желкендерін түсіріп, айнала танымастай өзгеріп, қорқыныш басты. Ал ол ештеңені елең қылмай, мұз таудың үстінде, теңіз суына дамылсыз түскен найзағайдың ирек-ирек жарқылын тамашалап отырды.
Алғаш рет теңіз бетіне шыққанда, соншалықты қатты әсерленген әпкелері, енді бойжеткен қыз атанып, жоғарыға қалаған уақыттарында көтеріле алатындықтан, бұрынғыдай не болса соған таңданбайтын болды. Жер бетіндегі өзгеше өмір оларға қызықсыз көрініп, бұдан былай: «Өз үйім – өлең төсегім, теңіз түбінен асқан тіршілік жоқ», – дейтінді шығарды. Кешкілік олар бірін бірі қолдарын айқастыра құшақтап, су бетіне көтерілетін. Олардың бәрінің де, адамдардың даусынан да анағұрлым әсерлі дауыстары бар еді. Кемелерге қауіп төніп, дауыл тұрған кездері, олар кемелерге жақын жүзіп кеп: «теңіз түбі сондай тамаша, қорықпай тереңге түсіңдер» деп, теңізшілерді азғырып, мұңлы ән айтатын. Бірақ теңізшілер олардың тілін түсінбейтін де, бұл дауыл шығар соғып тұрған деп ойлайтын. Дегенмен де, теңіз түбіне түскен күнде де олар ешқандай рахат көрмес еді, өйткені кеме қирағанда, адамдар суға тұншығып, теңіз патшасының сарайына өлі күйінде жететін.
Әпкелері сапарға шыққан кезде, кенже қыз жападан-жалғыз қалып, олар қашан оралар екен деп жолдарын тосып, жылағысы келетін. Бірақ су перілеріне көз жасы берілмегендіктен, іштегі шерін тарқата алмай қиналатын.
– Қашан мен он беске толар екенмін! – деп армандады ол. – Мен өзімнің су үстіндегі өмірді, ондағы адамдарды жақсы көретінімді білемін!
Ақыры ол он бес жасқа толды.
– Міне, енді сен де бойжеттің! – деді әжесі. – Келе ғой бері, сені де әпкелерің құсап сәндейік!
Сөйтті де ол ханшайымның басына маржан тастармен араластырып өрілген лала гүлдерінің дестесін кигізді, содан кейін құйрығына оның биік дәрежесін білдіретін сегіз устрица жапсырды.
– Қатты ауырды! – деді перизат.
– Сұлулық үшін бәріне де төзуге тура келеді! – деді әжесі.
Әттең, өзіне салса мынау басындағы зілдей ауыр дестені де, басқа әшекейлерді де сыпырып тастар еді. Бұған өзінің бағындағы алқызыл гүлдер қандай жарасар еді, бірақ қайтерсің.
– Қош болыңдар! – деді де ол жүзе жөнелді, біраздан соң жеңіл қалқып, ауа көпіршігіндей боп, су бетіне шыға келді.
Ол басын судан шығарған кезде күн енді батқан шақ еді, бірақ бұлттар қызыл арай шапақ нұрдан әлі де толық арылмаған болатын. Бозғылтым аспанда жымыңдаған жұлдыздар жаңа-жаңа пайда болыпты. Ауа жанға жайлы, тұп-тұнық. Теңіз моп-момақан. Үп еткен жел жоқ. Жақын маңайда жалғыз желкені ғана көтеріліп, үш діңгекті кеме тұр. Оның үстінде белдеу ағаштарға және киім-кешек салынған жол сөмкесі сияқты заттарға жағалай матростар жайғасқан. Палубадан музыка үні және ән шырқаған дауыстар естіледі. Ал қараңғы түскен кезде, кемеде сан түсті жүздеген шамдар жанып, бейне бір алуан ұлттың жалауы желбірегендей болды.
Су перісі каютаның терезесінің дәл тұсына жүзіп келді, толқын оны демеп көтерген кезде ол іште не болып жатқанын анық байқады. Онда сәнді киінген адамдар көп екен, бірақ араларындағы ең әдемісі үлкен қара көзді ханзада еді. Жасы он алтыдан аспаған болу керек шамасы. Оның туған күні тойланып, кемеде сол себепті де мереке боп жатса керек. Матростар палубада биді қыздырып жатты, ханзада олардың қасына жақындаған кезде, әуеге ондаған ракеталар атылды. Айнала күндізгідей жап-жарық болып кетті. Перизат қорқып, судың астына сүңгіді. Әлден уақытта судан басын шығарғанда, жұлдыздар теңізге бейне бір жаңбыр болып төгілді. Ол мұндай фейерверктерді өмірінде көріп тұрғаны осы. Алып күн аспанда шыр көбелек айналып, ғажайып отты балықтар құйрықтары бұлғаңдап көкте жүзді, осы әсерлі суреттердің бәрі сол заматында теңіз бетіне шағылысты. Кеме үстінде жарық болғаны сондай, ондағы адамдар тұрмақ, тіпті керілген арқанға дейін анық көрінді. Жас ханзада қандай әдемі еді десеңізші! Ол бәрінің де қолын қысып, алғысын айтып, жарқылдап күлді. Ал музыка үні бір тынған жоқ.
Кеш болып кетсе де, су перісі көзін кемеден, кемедегі сұлу ханзададан бір алмады. Сантүрлі жарықтар сөніп, ракеталар атқылауын доғарды, зеңбіректер гүрсілі де басылды. Бірақ оның есесіне теңіз тереңінен гуілдеген жайсыз дыбыс естіле бастады. Су перісі толқынмен тербеліп жүріп, каютаға көз тастаумен болды. Кеме желкендері бірінен кейін бірі керіліп, орнынан қозғалып жүре бастады. Бірақ көп ұзамай толқын көтеріліп, бұлт түнеріп, найзағай жарқылдады. Дауыл тұрып, матростар желкендерді қайта түсіре бастады. Бұдан соң кеме қаңғалақтап, алай-түлей толқындардың қақпақылымен зымырап кете барды. Ал толқындар қап-қара алып таулардай болып көтеріліп, арындап кеп соғады. Бұл су перісі үшін жәй бір серуен болса, матростарды үлкен әбігерге салды. Кеме аққу сияқты боп судың астына сүңгіп кетіп, жал-жал толқындардың үстіне қайта шығады. Бірақ ақыры толассыз соққыға шыдамай, кеменің бүйір ағаштары қирап, толқын палубаға лап қойды. Бұдан соң кеменің діңгегі қамыс сабағы құсап шорт сынып, кеме бір жантайып құлады да, су трюмге құйылды. Су перісі адамдар басына қауіп-қатер төнгенін бірден сезді . Бір сәт айнала көзге түртсе көргісіз қап-қараңғы болып кетті де, найзағай жарқылымен жанталасқан адамдар қайта көрінді. Әркім әлі келгенше аман қалудың жолын қарастыруда. Ол ханзаданы көзімен шолып іздеді. Міне, ол кеме екіге бөлінгенде суға құлады. Алғашында ол «ханзада судың түбіне батса өзіме келер» деп қуанды да, іле адамдардың су астында өмір сүре алмайтынын, олардың бәрінің әкесінің сарайына өлі күйінде жететінін есіне алды. Жоқ, жоқ, ол өлмеуге тиіс. Енді бір сәт те аялдамай, жазым етер демей, сынған бөренелер мен ағаштардың арасымен жүйткіп жүзді. Біресе төменге сүңгіп, біресе толқындардың үстіне шығып, ақыры жас ханзадаға жетті. Ол әл-дәрмені құрып шалажансар күйге түсіпті. Аяқ-қолдары икемге келмей, көздері жұмылып, енді болмағанда, өліп те кететін екен. Демеп, судың бетіне шығарып, енді екеуін қайда апарарын толқынның еркіне берді...
Таңға жақын дауыл басылды. Кемеден жұрнақ та қалмапты. Ханзаданың қан-сөлсіз өңіне әр берейін дегендей, күн жарқырап шықты. Бірақ оның көзі әлі жұмылулы еді.
Су перісі оның шаштарын қайырып, кең маңдайынан сүйді. Ханзада өзінің бағында тұрған, мәрмәр тастан жасалған мүсінге ұқсайтындай көрінді. Ол оны тағы бір рет сүйіп, аман қалуын тіледі. Тезірек адамдары бар жағаға жетсем деп ойлады.
Зарықтырып барып, алдарынан құрлық та көрінді. Биік таудың басын аққулар табыны құсап ақ қар басыпты. Ал етегінде бау-бақша қоршаған әлде шіркеу ме, әлде ғибадатхана ма, соған ұқсас ғимарат тұр. Бақшада апельсин, лимон ағаштары және бойшаң пальмалар өскен. Теңіз осы араға келгенде, сұғына ішке еніпті. Терең болса да түсіп-шығуға өте ыңғайлы шығанақ екен. Мұнда жағалауды тамашалауға арналғандай үлкен жартас та көрінеді. Су перісі ханзаданы ақырындап демеп, осы араға жүзіп кеп, оны жағалаудағы жұмсақ құмның үстіне жатқызды.
Осы сәтте ғимаратта қоңырау соғылды да, улап-шулап бір топ қыз бақшаға шықты. Су перісі жартастың тұсына таяу барып, өзінің кеудесі мен шашын суға жасырды. Ал бетін судың көпіршігінен енді ешкім де ажырата алмайды. Сөйтті де ол бейшара ханзадаға біреу-міреу көмекке келе ме екен деп күтті.
Әлден уақытта жартасқа бір қыз таяп келді де, жағалауда ес-түссіз жатқан адамды көріп шошып кетіп, жалма- жан басқаларды көмекке шақырды. Өзге қыздар да жүгіріп-жүгіріп келді. Бәрі жабылып ханзаданың бетін шапаттап, аяқ-қолын уқалап, есін жиғызды. Су перісі, оларға қарап ханзаданың күлгенін байқады. Ал ол бұған қарап күлген жоқ, тіпті өзін құтқарған кім екенін де білмейді. Ханзаданы биік үйге алып кеткен кезде, мұңға батқан су перісі көңілсіз күйде жүзіп, үйіне қарай бет алды.
Бұдан соң ол бұрынғысынан да томаға тұйық үндемейтін күйге түсті. Әпкелері судың бетіне бірінші рет шыққанда не көрдің деп сұрағанда, ол ләм-мим деп аузын ашпады.
Таңертеңгілік және кешкілік мезгілде су перісі ханзаданы қалдырған жерге жерге жүзіп келетін болды. Ол биік таудың басындағы қардың ерігенін, үйдің артындағы бақшадағы жемістердің піскенін, оны қыздардың қалай жинағанын көрді. Бірақ ханзаданы содан кейін кездестіре алмады. Сол себепті де үйге ылғи мұңайып қайтып жүрді. Өзінің бақшасында отырып, сүйкімді мәрмәр мүсінді аялай сипап, жұбаныш етті. Басқа ештеңеге көңіл аудармады. Ол қарамағасын, гүлдер мен шөптер бейберекет өсіп, сабақтары бір-бірімен бытысып-шытысып, бақшаны көңілсіздік жайлады.
Ақыры ол шыдамай, басынан өткен жайды әпкесінің біріне айтып берді. Одан әпкесінің бәрі естіді. Әпкелері құпиялап бір-екі достарына айтыпты. Олардың бірі ханзаданы білетін болып шықты, кемедегі туған күнді тойлау кешін де көрген, тіпті оның шыққан тегін, патшалығының да қай жерде екенін жақсы біледі екен.
– Ал енді бірге жүзіп барайық, сіңлім, – деді әпкелері. Олар құшақтасып топ болып жүзіп, ханзаданың сарайына таяу маңнан судың бетіне шықты.
Сарай жарқыраған қымбат сары тастардан салыныпты. Ондағы мәрмәр баспалдақтардың бірі тура теңіздің жиегіне дейін созылыпты. Үйдің төбесінде алтын жалатқан күмбез көрінеді. Айнала қоршаған бағаналардың ортасында жанды адамдар сияқты мүсіндер тұр. Айнадай мөлдір терезелерден сәнді бөлмелер ынтықтырып өзіне тартады. Терезелерге жібек перделер тұтылып, едендерге қымбат кілемдер төселіпті. Ал қабырғаларға майлы бояумен салынған суреттер ілінген. Қарасаң, көз тоймайды! Қонақ күтетін үлкен бөлменің ортасында фонтан атқылайды. Мөлдір моншақтар әйнек күмбезге тиюге шақ қалып, иіліп кейін қайтуда. Төбеден түскен күн шашыраған су мен хауызды айнала өскен таңғажайып гүлдерді нұрландырып, ерекше әр берген.
Өзі үшін ерекше жанның қай жерде тұратынын біліп алған су перісі, енді сарайға әрбір кеште немесе әрбір түні келетін болды. Және тым жақын жүзіп келетін, бұндай батылдық бір де бір әпкесінің қолынан келмес еді. Ол тіпті, теңізден жырылып аққан көлшікті бойлап, суға ұзын көлеңкесін түсіріп тұрған балконның астына дейін барды. Бұл арадан жұлдыздарды тамашалаған ханзаданың жүзіне ұзақ қарайтын, ал ол оны аңдамай, жападан-жалғыз тұрмын деп ойлайтын.
Ханзаданың, музыканттарын ертіп, жалаушалары желбіреген сәнді қайығымен серуендеп бара жатқанын талай көрді. Су перісі қамыстың артына тығылып, сығалап қарайтын. Егер әлдекім оның желмен желбіреген күміс шашақты ақ үлбірек желегін көре қалса, қанатын жайған аққу ғой деп ойлайтын.
Сондай түндердің бірінде, қолына шырақ ұстап, балық аулап жүргендерден ханзаданың қайырымдылығы туралы естіп, өзінің жақсы адамды құтқарғанын біліп қуанды. Бір сәт, ханзада шалажансар кезде, оның басын сүйеп кеудесіне қойғанын, шашын қайырып, маңдайынан сүйгенін есіне алды. Ал ол пері қызы туралы ештеңе білмейді, бұл оның түсіне де кірмейді.
Су перісі адамдарды жақсы көрген сайын, олардың өміріне қызығушылығы арта түсті. Жер үсті әлемі, су асты өмірінен әлдеқайда қызықты сияқты көрінеді. Жер үстінде өмір сүретіндер кемеге мініп теңізде қыдыра алады, бұлтқа төбесі тиген биік-биік тауларға шығады. Қарасаң көзің талатын шетсіз-шексіз созылған ормандары мен жазық даласын айтсаңшы! Су перісі адамдарды білген үстіне біле түскісі келді. Бірақ әпкелері оның барлық сұрақтарына жауап бере алмады да, енді әжесінен сұрауына тура келді. Әжесі теңіздің үстіндегі тіршілікті басқалардан гөрі жақсы білетін және оны «жоғарғы әлем» деп атайтын.
– Егер адамдар суға батпайтын болса, онда мәңгі өмір сүре ме, өлмей ме? – деп сұрады ол.
– О не дегенің! Олар да өледі, олардың өмірі әлдеқайда қысқа. Біз үш жүз жыл өмір сүрсек, олар бар болғаны жүз жыл жасайды. Өлген кезде бізді көмбейді, біздің бейітіміз жоқ, денеміз көбікке айналып кетеді.
– Мен өзімнің бар ғұмырымды адамдардың бір күндік өміріне айырбастар едім, – деді қыз.
– Ақымақ! Ондай ой басыңа келмесін. Біз оларға қарағанда әлдеқайда жақсы өмір сүреміз.
– Яғни, мен де өлемін, су көбігіне айналамын. Содан кейін толқынның сарылын естімейтін боламын, ғажайып гүлдерді, күннің алтын шапағын көрмейтін боламын. Ақыры көбікке айналады екенмін, онда маған соншалықты көп өмірдің керегі не? Одан да, қысқа да мәнді өмір сүру үшін, адамдардың арасына барсам болмас па?
– Ол үшін жер бетіндегі адамдардың бірі , ата-анасынан да артық көріп, сені сүюі тиіс. Ол есіл-дертімен саған беріліп, бар жүрегімен сені сүйіп, жар етіп, өмір бойы сендікпін деп басын иіп, тағзым етуі керек. Бірақ олай болуы мүмкін емес! Өйткені біздегі сұлулық болып есептелетін балық құйрық, оларға әбес болып көрінеді. Адамдардың сұлулық туралы түсінігі мүлде басқаша. Олардың ойынша: сұлу болуың үшін икемсіз екі тіреуішің болуы керек. Олар оны «аяқ» деп атайды.
Пері қыз ауыр күрсініп, өзінің балық құйрығына мұңая көз тастады.
– Өмір сүрейік – күрсінбейік! – деді әжесі. – Еркімізше сайрандайық, үш жүз жыл аз ғұмыр емес. Бүгін сарайда сауық кеші!
Міне, керемет деп осыны айт, мұндайды жер бетінен кездестіре алмайсың. Би залының қабырғалары мен төбесі мөлдір, қалың шыныдан жасалған. Қабырғаларға жағалай қара қошқыл және жасыл шөп түстес, ортасында алаулаған оттары бар, үлкен-үлкен қабыршақтар қойылған. Көгілдір оттар залдың ішін де, сырттағы теңізді де біраз тұсқа дейін жап-жарық етіп тұр. Балықтар топ-тобымен жақын маңға жүзіп келсе, үстері сәулеге боялып, дөп-дөңгелек қабыршақтары сансыз алтын-күміс теңгеге ұқсап кетеді.
Залдың ортасында кең арна боп су ағып жатыр. Онда су перілері ән салып, би билеп жүр. Бұндай әсем дауыс адамдарда жоқ. Арманшыл қыздың әні бәрінен де әсерлі шықты. Ән аяқталған кезде бәрі ду қол шапалақтады. Өзінікіндей ғажап дауыс судың астын да, үстін де шарлап іздесең табылмайтынын біліп, бір сәт бойын қуаныш кернеді. Іле жер бетіндегі өмір, көрікті ханзада есіне түсіп, күрсініп салды. Жұрт көңілденіп, у-шу болып ән айтып, би билеп жатқан кезде, ешкімге білдірмей шығып кетті. Ол өзінің бақшасына жүзіп барып, мұңайып отырды. Кенет жоғарыдан сырнай үні естілді де, елең ете қалды. «Қайықпен қыдырып жүрген сол ғой! Мен оны қалай ұнатамын десейші! Өзімнің ата-анамнан да артық көремін! Мен оған бар есіл-дертіммен, бар жүрегіммен берілгенмін. Керек болса бар бақытымды соған сыйлар едім. Онымен бірге болу үшін, қандай тәуекелге де бел буамын. Қазір әпкелерім әкемнің сарайында би билеп жатқанда мен теңіз мыстанына барамын. Мен оған баруға бұрын қорқушы едім, бұл жолы қорқынышты қалайда жеңемін. Мүмкін ол маған көмектесер, ең болмаса ақылын айтар».
Сөйтті де ханшайым өзінің бақшасынан жүзіп шығып, ағыны қатты сарқырамаға қарай бет алды. Соның арғы жағында су мыстаны өмір сүреді. Ол өмірі бұл жолмен жүріп көрмеп еді. Жолында тұлдыр құмнан басқа, өсіп тұрған шөп те, гүл де көрінбейді. Асау су, диірменнің тасындай бұрқырап-сарқыраған дыбыс шығарып, жолындағының бәрін ағызып, иірімге түсіріп жатыр. Су перісіне мыстан қожалық ететін өлкеге жету үшін осындай сарқырамалардың арасымен өтіп, әбжілдік танытуына тура келді. Одан кейін жалмауыз «өзімнің батпақты өлкем» деп атаған, қоймалжың, ыстық, лайлы су кездесті. Денесі күйіп қалмай, одан да аман-есен өтті. Енді алдындағы соңғы сын – жалмауыз кемпірдің үйін қоршай орналасқан қорқынышты тоғай. Құмда жеті басты жыланға ұқсайтын, жартылай аң, жартылай өсімдік полиптер өсіп тұр. Олардың құрт сияқты жыбырлаған ұзын бұтақтары, кәдімгі жанды қолға ұқсайды. Полиптер түп тамырынан бастап тынымсыз ирелеңдеп қозғалып, епті қолдарымен қасынан өтіп бара жатқандарды шап беріп ұстаған күйі қайтып босатпайды. Су перісінің бойын қорқыныш билеп, жүрегі дүрс-дүрс соғып, тұра қашқысы келді. Бірақ ханзаданың бейнесі көз алдына елестеп, алға қарай жүр-жүрлегендей болды. Полиптердің созылған саусақтарына ілініп қалмайын деп ұзын шашын басына айналдыра орап, қолдарын кеудесіне айқастырып, әлгі жексұрындардың арасымен әрең өтті. Жүзіп келе жатып жолында нешеме сұмдықты: суға батқан адамдардың қаңқасын, аңдардың сүйектерін кездестірді. Бір суперісіне бірнешеуі қатар тас кенеше жабысып алыпты. Ақыры тұншықтырып өлтірген. Мұндайға қалай жаның түршікпесін!
Ашық тұстағы алаңқайда, іркілдеген жиіркенішті сарғыш қарындарын көрсетіп, шалқалап үлкен семіз су жыландары жатыр. Орманның ортасында адамдардың сүйегінен салынған үй көрінеді. Соның қасында, адамдардың кішкентай үй шымшығына аузымен қант бергеніндей, бақаға тамақ беріп су мыстаны отыр. Айналасында жыландар мен бақа-шаяндар өріп жүр. Жиіркенішті немелерді «балапандарым!» деп еркелетіп, ойқы-шойқы кеудесінде емін-еркін жорғалауға ерік беріп қойыпты.
– Білемін, білемін, неге келгеніңді! – деді мыстан кемпір. – Ойға алғаның ақымақтық іс болса да, сорыңа қарай, мен саған көмектесуге дайынмын, сұлуым! Сен құйрығыңның орнына, адамдар сияқты жер басып жүру үшін екі тіреуіш болғанын қалайсың. Көрікті ханзада ғашық болса дейсің.
Сөйтті де «аха-ха-лап» күлді. Оның қатты әрі дөрекі күлгені сонша үстіндегі бақа мен жыландар шошып кетіп, суға шолп-шолп етіп түсті.
– Мейлі, сен дер кезінде келдің! – деп сөзін жалғастырды жалмауыз. Егер таңертең келгеніңде, кеш болатын еді. Онда мен саған келесі жылға дейін көмектесе алмас едім. Мен саған ішірткі дайындаймын, сен оны алып, күн шыққанша жағаға жетіп, сонда отырып бір тамшысын қалдырмай ішесің. Сол кезде сенің құйрығың екіге айрылып, адамдар айтатын екі аяқ пайда болады. Бірақ жаның көзіңе көрініп, өткір қанжар қадағандай ауырлықты сезінесің. Оның есесіне сені көрген жұрт таңдай қағып, мұндай сұлу қызды өмірі кездестірмедік дейді. Сен өзіңнің ырғақты жүрісіңді сақтап қаласың – бір де бір биші саған тең келе алмайды. Әйтсе де әрбір қадам басқан кезде пышақтың үстінде жүргендей күй кешіп, аяқтарың қанайды. Егер осыған шыдайтын болсаң, мен саған көмектесемін.
– Шыдаймын, – деді су перісі дірілдеген дауыспен.
– Адам қалпына енгеннен кейін сен қайтып су перісі бола алмайсың, осыны есіңде сақта! Теңіз таңғажайыптарымен, әпкелеріңмен, туған үйіңмен біржолата қош айтысасың. Ал егер ханзада сені ата-анасынан да артық көріп, жан-тәнімен сүймесе, жар етіп алмаса, өміріңе қатер төнеді. Ол басқа жанға үйленген күннің ертеңінде, таң шапағы атқанда, жүрегің бөлшек-бөлшек боп жарылып, содан соң көп ұзамай, су көбігіне айналасың.
– Солай-ақ болсын! – деді су перісі. Соны айтқан кезде өңі құп-қу болып кетті.
– Сонымен қатар, сен менің еңбегіме ақы төлеуің қажет екенін ескер. Еңбегім тым қымбатқа түседі. Сенің ғажайып үнің бар, сен сол дауыспен ханзаданы өзіңе ғашық еткің келеді. Бірақ сен сол даусыңды маған беруің керек. Мен баға жетпес ішірткіме, сендегі ең қымбат нәрсені алсам деймін. Өйткені мен оған өткір болу үшін өзімнің қанымды қосамын ғой.
– Егер сен менің даусымды алсаң, онда менде не қалады?
– Сенің сүйкімді жүзің, ырғақты әсем жүрісің және іштегіні үнсіз ұғындыратын мөлдір көздерің – адам жүрегін жаулап алуға жетіп жатыр! Қорықпа, жаныңды көп қинамаймын: тіліңді шығарсаң болды, кесіп ала қоямын. Сиқырлы дәрімнің өтеуі сонда ғана қайтады.
– Жарайды, – деп келісті басқа амалы қалмаған су перісі. Мыстан дәрі жасау үшін қазанды отқа қойды.
– Тазалық – зор байлық, – деп ол бір бума жыланмен қазанның ішін сүртті.
Содан кейін ол сояудай тырнақтарымен кеудесін тырнап еді, қара қошқыл қан қазанға құйылды. Сүт пісірім уақыттан соң қазаннан көтерілген бу әртүрлі кейіптегі құбыжықтарды елестетіп, зәре-құтты қашырды. Мыстан сәт сайын қазанға әртүрлі қоспаларды қосып отырды. Қазан сақырлап қайнаған кезде, қолтырауынның жылағанындай дауыс шықты. Ақыры ішірткі дайын болды. Оның түсі бұлақтың суындай мөп-мөлдір еді.
– Ал! – деді мыстан ішірткіні су перісіне беріп.
Мұнан соң тілін кесіп алды да, су перісі сөйлемейтін, ән де айта алмайтын мылқау болып қалды.
– Кейін қайтқан кезде полиптерге ұсталып қалатын болсаң, ішірткінің бір тамшысын шашып жібер, сонда олардың қолдары сан бөлшекке бөлініп кетеді, – деп ақыл берді мыстан.
Бірақ су перісі өйтіп әуре болмады, мұның қолындағы жұлдыздай жарқыраған құтыны көріп-ақ , полиптер үрейлері ұшып, теріс айналды. Ол енді орманды да, батпақты өлкені де, сарқыраманы да ешқандай кедергісіз тез жүріп өтті.
Міне, әке сарайы. Би залындағы оттар сөнген. Бәрі ұйқы құшағында. Су перісі ішке кіруге батпады. Ол енді сөйлемейтін болып қалды, бір жағы туған үйімен біржолата қоштасайын деп тұрған жоқ па? Соны ойлағанда жүрегі сыздап қоя берді. Ол баққа еніп, әпкелерінің егіс алаңынан бір-бір тал гүл жұлып алды да, теңіздің қара-көк бетіне қарай көтерілді.
Ол ханзаданың сарайының қасына келіп, кең мәрмәр баспалдаққа отырды. Күн әлі шықпаған, ай сүттей аппақ сәулесімен айналаны нұрландырды. Су перісі қолындағы дәріні ішіп еді, тұла бойы қанжар сұққандай ауырып, ес-түсінен айрылып, құлап түсті. Есін жиған сәтте теңіз бетінде ойнаған күн сәулесін көрді. Іші удай ашып барады. Үш-төрт қадам жерде бұған таңдана қарап көрікті ханзада тұр. Сонда ғана ол бағана дәрі ішкені есіне түсіп, жалма-жан құйрығына көз тастап еді, балық құйрық жоғалып, орнына аппақ екі аяқ пайда болыпты. Ол анадан жаңа туғандай жалаңаш еді, сондықтан тез арада ұзын, қалың шашымен қымтанып ала қойды. Ханзада одан: «Кімсің, қайдан жүрсің?» – деп жөн сұрады. Бірақ ол сөйлей алмайтын болғандықтан, бір нәрсені ұқтырғысы келгендей қара-көк көздері мөлдіреп, мұңая, ұзақ қарады. Содан соң ханзада оның қолынан ұстап, үйге қарай жетелей жөнелді.
Су перісіне жібек және муслим сияқты қымбат маталардан тігілген көйлек кигізіп еді, ол сарайдағы ең сұлу қыз болып шыға келді. Бірақ сол баяғыша ән де айта алмайды, сөйлей де алмайды. Бірде ханзада мен оның ата-аналарының алдына, сәнді киім кигізіп, алтын әшекей таққызып, күң қыздарды алып келді. Олар шетінен ән салды, біреуі тіпті керемет шырқады. Ханзада риза болып күліп, қол соқты. Бір кезде өзінің әлемді шарлап іздесең таптырмайтын даусы болғаны есіне түсіп, мұңайып қалды. Әттең, ханзада білер ме еді, бұның оның қасында болсам деп, күмістей сыңғырлаған даусынан айрылғанын!
Бұдан соң қыздар әсем әннің ырғағымен би биледі. Осы арада су перісі де шыдамай кетіп, қолдарын мың бұралтып, аяғының ұшымен жеңіл қалқи жөнелді. Оның әрбір қимылы сұлулығын аша түсті, ал көздері күң қыздарының әнмен айтып жеткізе алмағанын жүрекке жеткізіп тұр еді.
Бәрі де таңдай қағып тамашалады. Әсіресе ханзада:
– Менің кішкентай Олжатайым қалай билейді, қараңдаршы! – деп мәз-мәйрам болды. Ол су перісін кездейсоқ тауып алдым деп ойлайтын, сондықтан да оны «Олжатай» деп атайтын.
Ал су перісі билей берді, билей берді. Ал аяғы жерге тиген сайын өткір пышақ тілгілегендей удай ашыды.
– Енді сен ылғи да менің қасымда жүресің, – деді ханзада. Тіпті оған өзінің бөлмесінің қасынан бөлме беріп, барқыт жастықта ұйықтауға жағдай жасады.
Ол енді оны ылғи да қасында ертіп жүру үшін қызметкерлеріне оған арнап атқа мінгенде киетін ерлер кәстөмін тігуді бұйырды. Бұдан соң олар сан түрлі шөптің иісі мұрын жарған, қалың ағаштарының желкілдеген жапырақтары мойныңды қытықтап ойнаған, құстары сайраған орманның ішінде қыдырды. Биік-биік таулардың басына өрмелегенде, су перісінің аяғынан қан тамшылады, оны басқалардың бәрі байқады, бірақ ол жайраңдап күліп, ханзаданың соңынан еріп, ең бір ұшар басына шықты. Аяқтарының астындағы бұлттар, жылы жаққа бет алған құстар легі құсап, жүзіп бара жатты.
Ал түнде, ханзада сарайындағылар ұйықтаған кезде, су перісі мәрмәр баспалдақпен төмен түсіп, өзінің оттай алаулаған аяғын салқын суға салып дамылдап отырып, туған үйін, теңіз түбіндегі тіршілікті еске алатын.
Бір күні әпкелері қол созым жерге келіп, мұңлы ән шырқады. Ол басын изеп, ишара білдіріп еді, олар мұны танып: «Неге сонша бізді ренжітіп кетіп қалдың?» – деп сұрады. Содан кейін олар әрбір түні жүзіп келетін болды. Бір жолы ол көптен бері судың бетіне көтерілмеген кәрі әжесін және тәж киген су патшасының өзін де көрді. Олар бұған қарап қол бұлғады. Бірақ әпкелері сияқты жерге тым жақын келе алмады.
Күн артынан күн өткен сайын ханзада су перісін жақсы көрген үстіне жақсы көре түсті. Бірақ ол оны сүйкімді жас баладай ұнатты, жар етіп алу ойына да кіріп шықпады. Ал оған қалайда жар болу қажет еді. Егер бұл ойы жүзеге аспайтын болса, онда ол су көбігіне айналып кетеді.
«Сен мені жер бетіндегілердің бәрінен де жақсы көресің бе?» – деп, сұрап тұрғандай еді су перісінің көздері, ханзада оны құшақтап, маңдайынан сүйген сәтте.
– Иә, мен сені сүйемін! – деді ханзада. – Сенің жүрегің жылы және жан-тәніңмен маған берілгенсің. Сен мен көрген бір қызға ұқсайсың. Енді оны кездестірмейтін де шығармын. Бірде мен кемемен жүзіп бара жаттым. Аяқ астынан дауыл көтеріліп, кеме аударылып, толқындар мені бір шіркеуге таяу жағаға шығарып тастады. Онда жас қыздар құдайға құлшылық қылып, қызмет етеді екен. Солардың бірі мені тауып алып, ажалдан арашалап қалды. Мен оны бар болғаны екі-ақ рет көрдім. Сонда да жер бетінде одан артық жан жоқ деп есептеймін! Сен соған ұқсайсың және менің кеудемдегі оның бейнесін бірте-бірте ығыстырып бара жатырсың. Ол қасиетті шіркеуге қызмет етеді. Ал менің бақыт жұлдызым сені маған жіберді. Сенен еш уақытта айрылмаймын!
«Әттең! Ол өзін құтқарып қалған жан мен екенімді білмейді! – деп күйінді су перісі. – Мен оны толқындардың арасынан жағаға алып шығып, шіркеудің қасындағы тоғайға жатқыздым. Өзім теңіздегі су көбігіне тығылып, біреу-міреу көмекке келмес пе екен деп күттім. Ал ол ұнатқан қыз содан кейін ғана барып көмекке келді. – Су перісі терең күрсініп салды. Жылағысы келді. Бірақ ол жылай алмайды ғой. – Ол ұнатқан қыз шіркеу үшін жаратылған. Сол арадан шықпайды. Сондықтан екеуі ешқашанда кездеспейді. Ал мен оның қасындамын, оны күн сайын көремін және оған қызмет етіп, бар өмірімді арнауға әзірмін!»
Міне, енді ханзада көрші корольдің ай десе аузы бар, күн десе көзі бар сұлу қызына үйленеді екен, соған кемесін жабдықтап жатыр деген сөз шықты. Сырт көзге ханзада көрші корольдің елімен танысуға бара жатқан сияқты, ал шын мәнінден ол ханшаны көруге бара жатыр еді. Су перісі жұрттың сөзіне күлді де қойды, ол ханзаданың ішінде не жатқанын бәрінен де артық білетін.
– Мен жолға дайындалып жатырмын! – деді ол. – Ханшайымды көріп қайтуым керек. Ата-анам да солай еткенімді қалайды, бірақ олар мені зорлап үйлендірмейді. Ол қызды мен, сірә, сүйе қоймайтын шығармын. Ол қыз мен ұнатқан қызға ұқсамайтын болу керек. Егер ақыры қалыңдық таңдауым қажет болса, онда сені таңдағаным дұрыс болар, менің сүйікті, көздері сөйлейтін Олжатайым!
Сөйтті де ол мұның шиедей қызыл ернінен сүйді, ұзын шашын алақанына салып ойнады, содан кейін кеудесіне – адамзатқа тән бақыт пен махаббатты аңсаған жүрегінің тұсына басын қойды.
Көрші корольдің еліне жүретін шақ та туды.
– Сен кемеден қорықпайсың ба, менің құртақандай олжатайым? – деді ханзада кеме қозғалып жүретін сәтте.
Содан кейін ол теңіздің тымық шағы мен дауылды кездері туралы, иірімде өмір сүретін сан түрлі балықтар туралы, сүңгуірлердің су түбіне терең бойлағанда көретін кереметтері туралы әңгімелей бастады. Су перісі күліп қана тыңдады, өйткені теңіздің түбіндегі тіршілікті бұдан артық білетін кім бар?
Айлы түнде, кеме жүргізушіден басқаның бәрі ұйықтағанда, ол бортқа жақын келіп, мөлдір толқындарға көз тікті. Сол кезде оған әкесінің сарайы көрінгендей болды. Әне, күміс тәж киген әжесі мұнараға шығып, кеменің түп жағынан көз алмай қарап тұр. Сәлден кейін су бетіне әпкелері жүзіп шықты. Олар бұған мұңая қараған күйлері қолдарын бұлғады. Ал бұл оларға мен де сендерді байқадым дегендей бас изеп, жымия күліп, мұнда оған бәрі жақсы екені туралы білдірмек еді, қасына жас теңізші келіп қалды да, ол жайдан хабар беріп үлгермеді. Әпкелері суға сүңгіп кетіп, ал юнга бұл жалт ете қалған теңіз көбігі екен деп ойлады.
Таңертең кеме мерекедегідей безендірілген қаланың айлағына келіп кірді. Қоңыраулар соғылып, биік мұнаралардан керней үні шырқалды. Алаңда қолдарына жалт-жұлт еткен қылыш пен желбіреген жалау ұстап, иін тірескен солдаттар тұр. Мереке басталып, кеш артынан кеш өтті, бірақ ханша әлі көрінер емес. Ол корольдіктің игі жақсыларының ұйғарымымен уақытша алыстағы бір шіркеуге тәрбиеленуге беріліп жіберілген екен. Ақыры ол да келіп жетті.
Су перісі қызға көзі тоймай қарады. Ол мұндай сүйкімді қызды өмірінде көрмеп еді. Оның беті сүттей аппақ, ұзын қара кірпіктерінің арасынан көкпеңбек көздері күлімдеп, адамды өзіне ынтықтырып тартады.
– Бұл сен ғой! – деді қуанып кеткен ханзада. – Судың жағасында ес-түссіз жатқанымда сен ғой мені құтқарып қалған!
Сөйтті де қып-қызыл боп ұялып кеткен қалыңдығын кеудесіне басты.
– Аһ, мен қандай бақыттымын! – деді ол су перісіне. – Арман етуге қорыққаным жүзеге асты! Сен менің бақытымды тапқаныма қуанатын шығарсың, өйткені сен мені шексіз сүйесің ғой.
Су перісі оның қолынан сүйді. Ал жүрегі ауырғаны соншалықты быт-шыт боп жарылуға шақ тұр еді: оның үйленуі бұның өмірін жоқ қылады.
Шіркеуде қоңыраулар соғылды. Хабаршылар көше-көшені кезіп, ханшаның күйеуге шығатыны туралы елге жар салды. Шіркеудің басты бөлмесінде қымбат ыдыстарда хош иісті шайыр түтіндетілді. Діндарлар түтінделген ыдыстарды жас жұбайлардың бастарынан асыра айналдырып, пәле-жаладан аман болуларын тілеп, ырым жасады. Күйеу мен қалыңдық қол ұстасып, епископтың батасын алды. Жібек көйлек киіп, алтын әшекей таққан су перісі қалыңдықтың шұбатылған ұзын көйлегінің артқы етегінен ұстап жүрді, бірақ үйлену рәсіміндегі ду-думан оны елең еткізер емес, ол тек өзінің өмірде жоғалтқаны мен өлер сәті туралы ғана ойлады.
Сол күні кешке ханзада жас жұбайын алып елге қайтуы қажет еді. Зеңбіректер дүрсілдеп, жалаулар желбіреді. Палубаның үстінде жас жұбайларға арнап алтын жалатқан қымбат қызыл матадан тігілген шатыр орнатылды.
Кеменің желкені керіліп, ақырын қозғалып, елге қарай бет түзеді.
Қараңғы түсісімен, кеменің сантүрлі шамы жағылып, матростар палубада биді қыздырды. Су перісі алғаш рет су бетіне көтерілгенде, кеменің үстінде осыған ұқсас жайды көргені есіне түсті. Міне, енді ол қимылына көз ілеспей, қырғидан қашқан қарлығаштай боп, шыр көбелек айналып билей жөнелді. Бәрі таң қалып қарап қалды. Ол өмірі бұлай билемеп еді! Оның нәзік аяқтары жерге тиген сайын пышақпен тілгілегендей азап шекті, бірақ бұл ауру жүрегінің ауырғанымен салыстырғанда түк те емес еді. Ол өзінің бар махаббатын арнап, сол үшін жан төзгісіз қиындықты бастан кешіп, керек десең туған-туысқандарын, туған үйін, ғажайып даусын жолына құрбан еткен адаммен соңғы кешті бірге өткізеді. Әттең ол бұның бірін де білген жоқ. Онымен бірге ауа жұтып, жұлдызды аспанды, көк теңізді тамашалау үшін бір түн ғана қалып еді. Содан кейін ол үшін мәңгілік қара түнек түн орнайды. Ән мен би түн ортасы ауғанша жалғасты. Су перісі жүрегі сыздап ауырса да, жайраң қағып билей берді. Ханзада сұлу қалыңдығының бетінен сүйді, ал ол оның қалың бұйра шашымен ойнады, содан кейін екеуі қол ұстасып өздерінің көз тартатын шатырларына кірді.
Кеме үстінде тыныштық орнап, тек қана жүргізуші ғана қалды. Су перісі жақтауға сүйеніп, шығыс жаққа қарап күннің шығуын тосты. Күн шыққан сәтте жүрегі бөлшек-бөлшек боп жарылып, содан кейін су көбігіне айналатынын біледі. Кенет су бетіне әпкелері көтерілді, олардың өңдері де дәл мұныңкіндей құп-қу еді, желмен бірге желбірейтін шаштары жоқ – қырықтырып тастапты.
– Біз сені құтқару үшін шашымызды мыстан кемпірге бердік. Ал ол бізге мына пышақты берді. Көрдің бе, қандай өткір! Күн шыққанша, сен бұны ханзаданың жүрегіне сұғуың керек, ыстық қан екі аяғыңа шашырағанда, олар қайтадан балық құйрыққа айналып, сен бұрынғыша су перісі боласың. Теңізге түсіп, бізбен бірге үш жүз жыл өміріңді сүресің. Бірақ тезірек қимылда! Күн шыққанша не сен, не ол өлу керек. Ханзаданы өлтір де, бізге қайтып орал. Көрдің бе, аспанда қызыл арай пайда бола бастады. Асыққаның жөн! Әйтпесе, көп ұзамай күн шығады да, сен өлесің!
Осыны айтты да олар, терең күрсініп, суға сүңгіп кетті. Су перісі қымбат қызыл матадан тігілген шатырдың етегін көтерді. Қалыңдық басын ханзаданың басына түйістіріпті. Су перісі еңкейіп, оның кең маңдайынан сүйді. Үлгере алмай қалып жүремін бе дегендей, асығыс аспанға көз тастады. Таң шапағы айналаны арайландырып келе жатты. Содан кейін ол қолындағы пышақты көтеріп, ханзадаға назар аударды. Ол қаннен қаперсіз ұйқыға кетіпті. Түс көріп жатыр ма екен, былдырлап, әйелінің атын атап қояды. Оған әйелінен басқа ешкімнің керегі жоқ! Су перісінің қолындағы пышақ дір-дір етті. Сәлден кейін ол оны суға лақтырып жіберді. Пышақ түскен жер теңіз түбінен қан шапшығандай боп, қып-қызыл болып кетті.
Ол соңғы рет оған үзіліп қарады да, теңізге секірді, сәлден кейін денесінің көбікке айналып бара жатқанын сезді.
Күн тас төбеге көтеріліп, өткір сәулесімен өлі көбікті жібіте бастады. Біраздан соң су перісі өмірге қайта келгенін білді. Ол жадыраған күн көзін және айналада қаптап ұшып жүрген ерекше бір жаратылысты байқады. Солардың арасынан кеменің ақ желкенін және аспандағы қызыл бұлттарды көзі шалды. Әлгі ерекше жаратылыс иелерінің даусы музыка үніндей боп естіледі. Әуезді дауыстары аспанда қалықтап, жер бетіндегі адамдарға естілмейді, тіпті олардың өздері де адамдарға көрінбейді. Олардың қанаты жоқ, бірақ мөп-мөлдір денелері аспанда жеңіл қалқиды. Су перісі өзінің де теңіз көбігінен бөлініп, солар сияқты болғанын білді.
– Мен кімге бара жатырмын? – деп сұрады ол аспанға көтеріліп бара жатып. Оның даусы да ерекше музыка үніндей болып шықты.
– Ауа қыздарына бара жатырсың! – деп жауап берді өзгеше жаратылыс иелері. – Біз жан-жаққа ұшып, елге жақсылық жасағанды қалаймыз. Адамдар қапырық ауадан өліп кететін ыстық жақтарға жетіп, салқын жел соқтырамыз. Біз әуеде сан түрлі гүлдің хош иісін таратып, адамдарға сергектік пен қуаныш сыйлаймыз. Бізбен бірге бұлттың ар жағындағы әлемге жет! Сен онда жер бетінде таппаған бақыт пен махаббатқа кенелесің...
Су перісі өзінің мөлдір қолдарын күнге қарай созды, сол кезде көзінде тұңғыш рет жас пайда болғанын байқады.
Кемеде бұл кезде абыр-сабыр басталып кетті. Су перісі ханзада мен оның жас жұбайының өзін іздеп шарқ ұрғанын көрді. Олар бұның суға секіргенін біліп, толқынға мұңая көз тастады. Су перісі білдірмей келіп ханзаданың маңдайынан сүйіп, оған күлімдей қарап, басқа әуе балаларымен бірге көкте жүзіп жүрген алқызыл бұлттарға қарай бет алды.
Орыс тілінен аударған Сәбит Дүйсенбиев