Армандағы аруҚарақшылар көзіне көрінбеген,Ойы пәк, ақ-қараға бөлінбеген.Жанары жамандыққа тоқтамаған...
Әдебиет шеберханасына үміткерлерге шығармашылық байқау жарияланды
Алматылық Ашық Әдеби Мектептің Жастар Әдебиеті Шеберханасы «Шеврон» компаниясымен және АҚШ Бас консулдығының жобасы American Space Almaty әлеуметтік алаңымен бірлесе отырып, тыңдаушыларға іріктеу жариялайды.
Сабақтар қазақ тілінде жүргізіледі. Шеберханада 16-20 жас аралығындағы жастар шағын прозаны жазуды үйренеді (соның ішінде психологиялық, шытырман оқиғалы, детективті, мистикалық әңгімелерді), әр жанрдың заңдылықтарымен, көркем шығармалардың композиция түрлерімен танысады, қазіргі «жаңа толқын» қазақ жазушыларының кітаптарын оқып, талқылайды, авторларымен кездесуге мүмкіндік алады.
Әдебиет шеберханасына үміткерлер шығармашылық байқаудың негізінде таңдап алынады.
Шығармашылық байқауға қазақ тілінде жазылған прозалық шығармалар ұсынылуы тиіс. Сонымен қатар үміткердің өтінімі және «Неліктен Жастар әдебиеті шеберханасында оқығым келеді?» атты эссе (көлемі 0,5 – 1 бет) бөлек файлдарда жіберілуі қажет.
Байқауға ұсынылатын прозалық шығарманың көлемі (әңгіме немесе ірі шығармадан үзінді) – 1,5 – 3 беттен аспауы керек.
Байқау жұмыстары 2018 жылдың 15 қарашасынан бастап, 31 желтоқсанына дейін litshkola@gmail.com электронды поштасына қабылданады.
Әдебиет шеберханасының сабақтары 2019 жылдың 19 қаңтарынан басталады.
Сабақтар наурыз айының соңына дейін, сенбі сайын сағат 17.00-19.00 аралығында өтетін болады. Өткізу орны: American Space Almaty, SmArt.Point, Алматы Тауэрс, Байзақов көшесі, 280.
Бір практикалық сабақтың ұзақтығы – екі сағат (120 минут). Оқыту курсы 8 практикалық сабақты және қазіргі қазақ жазушыларымен 4 шығармашылық кездесуді қамтиды.
Әдебиет шеберханасында білім алу тегін. Алматыдан тыс тұратын үміткерлер жол, тамақтану және жатын орын шығындарын өз мойнына алады.
Өтінім нысаны:
Өтінім файлында үміткердің аты-жөні, жасы, оқу орны (сыныбы, курсы, мамандығы), мекен-жайы, байланыс телефоны (үй мен ұялы телефондары), e-mail көрсетілуі тиіс. Мектеп оқушыларының қай ауысымда (бірінші, екінші) оқитынын көрсетуі керек.
Оқыту курсының соңында барлық шығармашылық тапсырмаларды орындаған қатысушыларға сертификаттар табыс етіледі.
Тыңдаушылардың үздік жұмыстары курстың жинағына енеді. Курс соңында жинақтың тұсаукесері өтеді. Әр авторға екі авторлық дана беріледі.
Жобаның үйлестірушісі Дина Махметова: +7 705 2600161 (ватсап)