Қазақстанның өнер саласына үлесімді қосқым келеді - Данэлия Төлешова

Жаңалықтар
1369

Санаулы күндерден соң Беларусь астанасында «Junior Eurovision-2018» халықаралық балалар ән байқауы басталады. Осыған орай, Астанадағы Орталық коммуникациялар орталығында Минскімен бейнебайланыс ұйымдастырылып, айтулы өнер бәсекесінде ел намысын қорғайтын Данэлия Төлешова қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдарының сауалдарына жауап берді.

«Уақыт жақындаған сайын қобалжу үстіндемін. Қазір қызу дайындық жүріп жатыр. Маған сахнаға шыққан, өнер көрсеткен ұнайды, ән айтудан ләззат аламын. Мені қолдайтын және сенім білдіретін адамдардың барына қуанамын, бұл үлкен жауапкершілік. Қазақстанның өнер саласына өз үлесімді қосқым келеді. Осы байқауға қатысуда маған қолдау көрсетіп, өнерде көмектесіп жатқан барлық адамдарға алғысымды білдіремін», - деді Данэлия Төлешова тікелей эфир арқылы өткен баспасөз мәслихатында. 

Айта кетейік, бүгін Минискіде «Junior Eurovision-2018» халықаралық балалар ән байқауының ашылу салтанаты өтеді. Онда жеребе тартылып, 20 мемлекеттен келген қатысушылардың сахнаға шығатын реттік номері анықталады. 

Ашылу салтанатын «Хабар» телеарнасынан Астана уақытымен сағат 23:00-де көруге болады. 

25 қараша күні «Junior Eurovision-2018» балалар ән байқауының гранд-финалы болады. Қазақстандықтар оны «Хабар» арнасынан Астана уақытымен сағат 21:00-де тамашалай алады. 

Байқаудың ережесі бойынша, қатысушылардың өнерін 3 ересек және 2 баладан тұратын қазылар алқасы, сондай-ақ көрермендер дауыс беру арқылы бағалайды. 

Көрермендердің дауыс беруі (қазақстандықтар үшін де) 23-25 қараша аралығында junioreurovisioin.tv сайтында өтеді. Қазақстандық өнер сүйер қауым Данэлия Төлешоваға да дауыс бере алады. 

«Бүгінде ұйымдастыру жұмыстарымен айналысатын барлық команда Минск қаласында. Д.Төлешова, техникалық топ, журналистер мен өзге де мамандарымыз қызу дайындық жүргізуде. «Хабар» агенттігі Қазақстан атынан хабар тарататын жалғыз ақпарат ұйымы және ұйымдастырушы компания. Қаржы мәселесі де біздің агенттіктің бюджетінен шешілді», - деді Астанада баспасөз мәслихатына қатысқан «Хабар» агенттігі басқарма төрағасының орынбасары Ринат Кертаев.   

Айта кетсек, аталған байқауға Данэлия Төлешова «Өзіңе сен» әнімен қатысады, әннің 60% қазақ тілінде, 40% ағылшын тілінде жазылған. 

Аталған байқауға келсек, 15 жылдық тарихы бар сайысқа 9-14 жас аралығындағы жасөспірімдер қатыса алады. Қазақстан өз кезегінде алғаш рет қатысқалы отыр.

ТАНЫМ

Бүгін белгілі этнограф, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР мемлекеттік сыйлық иегері Ақселеу...

Заң

Астана қаласының тұрғыны әнші Қайрат Нұртастың әйелі Жұлдыз Әбдікәрімованы жалған мәлімет таратты...