Ұлықбек Есдәулет: Қазақ даласындағы ежелгі мәдениеттердің бәріне ие болуымыз керек

РУХАНИЯТ
2100

Готтардың тарихын терең зерттеген - германиялықтардай, Рим империясының бүгінгі мұрагері - италиялықтардай ежелгі мәдениет иелерінің заңды ұрпағы ретінде өзімізді танып-білуіміз керек. «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласына байланысты Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ұлықбек Есдәулет осындай пікір білдірді.

Ұлықбек Есдәулет атап өткендей, «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы бір жарым жыл бұрын жарияланған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасының заңды жалғасы болып табылады. 

«Президенттің бұл мақаласында еліміздің тарихы кеңінен қамтылған. Қадыр Мырза Әлі ағамыздың «Біздің тарих бұл да бір қалың тарих, оқулығы жұп-жұқа бірақтағы» дегендей біздің оқулығымыз жұқа болып, шынын айтқанда өз тарихымызды өзіміз білмей өскен ұрпақпыз. Біз басқа ұлттардың, басқа мемлекеттердің тарихын көп оқыдық. Өз ұлтымыздың тарихын бізден жасырып келді. Жерімізден Алтын адам табылып жатса, «ол скифтердікі, оның қазаққа қатысы жоқ» деді. Алтын адам кезінде Шіліктіден де табылған. Алтын адамның обаларын І Петрдың заманынан бері арнайы экспедициялар шығып, тонап келген. Ол мұралар Эрмитажда тұрғанымен қазаққа қатысы жоқ етіп көрсетті. Отырарды Иран мәдениетіне апарып тіреп тастайтын. Отырар кітапханасы деп мақтансақ, ол кітаптар сенің тіліңде болмаған дегенге дейін барды. Ал енді айналып келгенде Мысырды билеген мәмлүктердің өзі біздің тілде сөйлеген. Оны біз емес, керек десеңіз, Израиль ғалымдары айтып отыр», - деді Ұлықбек Есдәулет Мәдениет және спорт министрлігінде өткен брифинг барысында. 

Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы өз сөзінде атап өткендей, қазақ тарихы өлең-жыр болып тасқа қашалғанымен, оны да моңғолдарға тиесілі деген түсінік таңылған. 

«Айналып келгенде мойындалмай келген дүниелерді осы мақала игеруге, меншіктенуге, үйренуге, келешек ұрпаққа өзіміздің қандай тарихы терең ұлт екенімізді дәлелдеп, негіздеп беруге жол ашып отыр. Ұлтымызға өткенін білу маңызды деп есептейміз. 30 елдің қатарына кіру үшін әлемдік өркениетке қосқан үлесің де мол болуы керек. Ал енді біз қандай үлес қостық. «Ұлы даланың жеті қыры» осыны түгендеп беріп отыр. Біздің скиф заманынан бергі «кентавр» деп жүргендері сақтар болып шығады. Ал атпен біте қайнасқан халық кім - ол қазақтар! Солтүстік Қазақстандағы археологиялық қазба Ботай мәдениеті ретінде танылып, сол жерде ежелгі дәуірде ең алғаш рет жылқыны қолға үйреткен кім дегенде - біздің қазақтар болып шықты», - дейді ол. 

Ұлықбек Есдәулеттің айтуынша, осы елдің азаматтары болғаннан кейін бәріміз де осы жердің тарихына ие болуымыз керектігін айтады. 

«Готтардың тарихын өз жерінен шыққандықтан немістер иемденіп отыр. Рим империясы қазір дүниеде жоқ болса да, ол қазіргі Италияның тарихы. Сол сияқты ежелгі мәдениет иелерінің заңды ұрпағы ретінде өзімізді тануымыз керек. Металлургияның дүниежүзінде ежелгі үш-ақ ошағы бар екен. Сол ошақтар өзіміздің Алтай мен Жезқазғанда табылған. Ал металл қорытудың басталған жері - мәдениет емей немене! Табылған Алтын адамдардың киімдердің өзі - зергерлік өнердің шыңы. Бұл бір мәдениеттің белгісі. Қалалық мәдениеттің тарихымызда болғанын Тараздағы ежелгі құбырдың, Түркістанда моншаның табылуы дәлелдей түседі. Міне, сондықтан сол ежелгі мәдениеттердің бәріне ие болуымыз керек», - дейді Ұлықбек Есдәулет.

author

Ұлықбек Есдәулет

ЖУРНАЛИСТ

Шоу-бизнес

Актриса Жұлдыз Әбдікәрімова жаңа жылдық әннің әуезімен әуежай алдында биледі, деп хабарлады madenipo...

Жаңалықтар

Жетісу облысында Алакөл аудандық сотымен Экология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығ...