Өз балаларын тәрбиелеу міндетін атқара алмаған 8 мыңға жуық ата-ана есепке қойылды, деп хабарлайды m...
Ақмоладағы айтыс әділетсіз болды
Редакция поштасына "Сұркөжек" деген автордан мақала келіп түсіпті. Мәселенің мәнісі түсінікті. Ақ-қарасы ажыратылып жазылған сияқты. Дегенмен сыналып отырған тараптың айтары болса, алаңымыз ашық! Әзірге осы мақаламен таныса отырыңыздар, ағайын!
Айтыс – безкат өнер. Айтыс – сөз бәйгесі. Айтыс – сөз көкпары. Ол жасы үлкен, мансабы биіктер емес, сөзі кесектер, ойы ұшқырлар топ жаратын бәйге. Сөзіміздің жарқын дәлелі мыңдап артылар. Мәселен Құлекенің ұлы Тілеуке түрінің кәрілігінен емес, сөзінің ірілігінен Шал ақын атанған жоқ па?! Беріден қозғасақ, Айтақынұлы Жандарбек оқушы кезінде көзге түсіп, ең алғашқы айтысында қос көлік мініп кетпеп пе еді?! Рүстем Қайыртай да оқушы кезінде оқ бойы озып, ат мінген. Айта берсең, таңды таңға ұруға болады. Сондағы қазылар баланың мерейін өсірмесе, меселін түсірмеген шығар?!. Ал Ақмола төрінде өткен айтыста бала ақынның бағы неге байланды, сағы неге сынды?!.
29 қараша күні Ақмола облысында «Бала ақын - жас дарын» деген солтүстіктегі бес облыс арасында аймақтық оқушылар айтысы өтті. Айтысқа төртінші болып шыққан тоғыз жасар Нұрғиса Елешұлы Көкшелік ағайынның намысын қорғап сахнаға көтерілді. Мінберге көтерілер алдында айтыс жүргізуші Тоқтарбек Қалдаров осы жас ақынға ерекше тоқталды. Әкесі Елеш Қабылханның өзі ақын, өзі ұстаз екенін, бүгінгі таңдағы Ақмола облысының атынан республика деңгейінде айтысып жүрген Нұрислам Әбділ, Жансая Қайымхан, Бағзор Ерболқызы, Ақтілек Қайымхан бастаған ақындардың да ұстазы екенін тілге тиек етті. Енді міне әкенің қанымен, ананың сүтімен ақын болып туған, тоғыз жасынан топ жарған, кеше ғана «Хабар» арнасынан «Ана мен бала» деген Қарақат Әбілдина жүргізетін бағдарламадан көрсеткен, жас ақын Нұрғиса Елешұлы деп сахнаға шақырды. Нұрғиса сахнаға шыққаннан-ақ, домбыра тартқанынан бастап қолдаушы елдің қиқуы, өнерпаздың өнеріне деген сүйсінісі айтысы аяқталғанға дейін толастамады. Тіпті қарсыласын тұқыртып тастап, кесек сөз, шымыр ұйқас, ойнақы мақамымен тыңдарманның бәрін тәнті етті. «Тілім тасқа» дегендер түкірумен болды. Шабыт беріп, шапалақ ұрғандар алақаны қызғанша соқты. Жас ақын айтысып болып, сахнадан түсе салысымен «Көкшетау» газеті, «Бұқпа» басылымы, «Көкше» телеарнасының журналистері жүгіре жармасып сұхбат алуға асықты. Ақын Алмас Темірбай сұхбат алушылардың алдын тосып: «Алла жазса финалдан кейін келіп сұхбат алыңыздар. Нұрғиса дайындалсын», - деп жас ақынның арынына риза болып, әрі жанашырлықпен ағалық қамқорлық көрсетіп жатты. Сосын не керек, айтыстың төрағасы Құдайберлі Мырзабек бірінші айналымның қорытындысын жарияларда «Нұрғисаны жаттап алған, әкесінің жазып бергенін айтып отыр, тоғыз жасар баланың аузынан бұндай сөз шығуы мүмкін емес» - деп, ақтық мәреге өткізбей тастайды. Бұны естіген жас жүрек боздай жөнеледі. Бұл оның алғашқы айтысы, тұңғыш рет топқа түсуі еді ғой. «Бұндай қазылығы құрысын, бұндай бәйгесі құрысын» - деп, әкелі-балалы қос ақын айтыстың соңын күтпей, жаралы жанына, өксікті көкірегіне медеу таба алмай сыртқа беттейді. Қазылардың сөзін естіген көрермен қауым наразы болып, Құдайберліге құзіреті жүрмегесін көпшілік жұрт орындарын үңірейтіп айтысты көрместен шығып кетеді. Елештің артынан іле-шала қазылардың төрағасы Құдайберлі Мырзабек жүгіріп шығып: «Мына халық кетіп жатыр. Қане Елеш балаңды шығаршы, тексерейін» деген екен, Елеш Қабылхан «Қалай айтысады. Бұл бұның бірінші рет айтысқа шығып тұрғаны еді ғой. Меселін қайтардың, бағын байладың. Пора-пора жылап отыр, көңіл-күйі бұзылды. Қалай шық деп отырсың? Бұндай бәйгең де, бұндай қазылығың да, берер мақтау қағазың да қажет емес» - деп, айтыс сарайынан кетіп қалады. Қазының кеш кірген ақылы Көкше төріндегі айтыстың шырқын кетірді. Әділ қазы дегендегі әділдігі осы ма? Кімнің суырып-салма, кімнің мықты екені онсызда екінші айналымда білінетін еді ғой. Қазіргі айтыста кім жазғанын айтпай жүр? Кім дайындалмай жүр? Тақырыбы алдын-ала белгілі болғасын, ішкі дайындығын жазып, жаттайтыны бесенеден белгілі ғой. Шындық сүйгіш, адалдықты ту еткіш бола қалғанына қалай таң қалмайсың. Осыдан бір ай бұрын СҚО-дағы Ерік Асқаров атындағы ақындар орталығы мен Көкшелік Көкен Шәкеев атындағы ақындар мектебінің оқушылары арасында мүшәйра өтті. Сол байқауда он жасар Жансая есімді қыздың өзім шығардым деген өлеңі мүлден қисынға келмейтін, тым терең, өте мықты өлең еді. Біреудің жазып бергені тайға таңба басқандай болатын. Бұрын сонды Көкшетаудан көрмеген, әдеби ортадан кезіктірмеген, қаршадай қыздың бұнысына таң қалмастан, күман келтірместен «Бас бәйгені» берерде осы тура биде туғандығы неге ұстамады десеңші?!. Жалпы Көкшетауда айтыс өтсе осы Құдайберлі Мырзабектің бүйректен сирақ шығарып отыратынына бірнеше мәрте куәгер болғанбыз. Айтысты жүргізсе, жас ақындармен жарысып, байқұс ақынның айтайын деген түйінін айтып қойып, қазы болып отырса, алдарынан арқан керіп, қайта-қайта тоқтата беретінін талай көргенбіз. Ендігі жасағаны міне осы.
Естуімізше «Нұрғисаның байқауға жасы келмейді, айтыс ережесі бойынша 12 жаспен 16 жас арасындағы оқушылар ғана қатысуы керек еді, ал әкесі Елеш «Балам тек өнер көрсетсе болды, жүлдесі маңызды емес» деп қояр да қоймай қатыстырған дейді. Бұның байыбына бару үшін, аймақтық айтысқа қатысқан ақындар арасынан облыс ішілік іріктеу айтысын өткізген кездегі болған жайттармен хабардар болып едік. Әсілінде, айтыс жүргізушісі, ұйымдастырушы Тоқтарбек Қалдаров ақын Елешке баласының жасы сай келмейтінін ескертіпті. «Бұған дейін шәкірттерімнің бәрін 12 жастан топқа қостым, бұл балам пісіп дайын тұр, мәселе жасында емес, сөзінде ғой, апарып көрейін, іріктеуден өтпесе көзім көреді, шыңдала берсін, бірінші тыңдап барып жауабын берерсіздер» деп, іріктеу айтысқа қатыстырған екен. Іріктеу айтысында қазылық еткен Алмас Темірбай бастатқан ақындар таң қалып, тәнті болып Тоқтарбек Қалдаровтың қарсылығына қарамастан төселе берсін, біздің болашағымыз осы Нұрғиса, әлі-ақ ертеңгі аймақтық айтыста дәлелдейді деп, қазылық құзіретімен іріктеуден өткізген екен. Ол іріктеу айтысы алыстан ат арытып аудан-ауылдан келіп отырған ақындардың ешбір көрермені жоқ, не жолын ақтар сыйлығы жоқ, ОХШО-ның мәжіліс залында қатысушы ақындар мен жетекшілері арасында жабық түрде өткен екен. Көрерменсіз, қиқусыз айтыс – айтыс болып па?!. Мейлі іріктеу болса да. Тым болмаса жас ақындарға «№3 Дарынды балаларға арналған қазақ тілінде оқытылатын мектеп-интернаттың» жатақханасындағы оқушылардың алдында жасаса да болар еді ғой. Жалпы Ақмола облысы айтыс өткізуден, жастардың талабын ашудан, басқа бәйгелерге қосудан артта келе жатыр. Жылына екі-ақ рет айтыс өтеді екен. Ол қай ақынның талантын ашып, кімнің суырып салмалығының дамуына үлес қоссын? Жарайды, ол бөлек әңгіме. Сол іріктеу айтысында Ерейментаудан шәкірт әкеліп отырған белгілі айтыскер ақын Ерлан Дәулет «Бүгінгі айтыстың жеңімпазы Елештің ұлы Нұрғиса болды. Тіл көзден сақтасын» деп өз қалтасынан 10 000 теңге байғазы ұсыныпты. Сөзіміздің өтірік емесіне бұл да бір дәлел.
Өзі бұл Елеш деген ақынның Ақмола облысына сіңірген еңбегі орасан екен. Бұланды ауданында Ермек Нұғыманов әкім болып тұрғанда Қараөзек ауылдық мектебінің қабырғасынан «Ер-Керей» ақындар мектебін ашып беріпті. Әкім кетісімен ақындар мектебі жабылып қалыпты. Соған қарамай жоғарыда аталған шәкірттерді үйіне шақырып тәрбиелеп келеді екен. Ол аздай Көкшетау, Петропавл қалаларында өтетін айтыстарға шәкірттерін өз ақшасына, өз көлігімен апарып, жатын орнын, тамағын да өз қалтасымен көтеріп жүрген жан екен. Мұндай жанкештілікке «жарайсың» дегеннің орынына, мына жасап отырғанымыз қай сасқанымыз?!
Сөз соңында Ақмола облысы ақын деген халыққа құрметпен қараса екен, жас шыбықтың тамырына балта шаппаса екен, қазылық етушілер бұндай қателікке бой ұрмаса екен дейміз. «Баяғыда біздің ауылда соғыс ардагері Мысаң деген ақсақал, мен алжиын дегенмін-ау, өзімді сендердей жас сезініп, сендермен күрескім келетінді шығарыппын», - дейтін еді. Сол секілді сіздермен күреспекке қайдағы дәрмен, десе де мендік ішкі пікірім, жан айқайым ғой. Айналайын ақын Нұрғиса, жігерің жасымасын, сағың сынбасын, талабыңа нұр жаусын. Сенен үлкен үміт күтеміз. Сол айтыста жаным ашып, жүрегім ауырып кетіп қалған, сені танымасам да туыстығым болмаса да, талантқа деген тағзым етуші көрермен ретінде айтарым осы.
СҰРКӨЖЕК