Меруерт Алтынбек. Мылқау клоун (әңгіме)

ӘДЕБИЕТ
3302

Қараңғы. Ол көп қабатты үйлердің іргесіндегі қоқыс бөшкелерінің тасасында құнысып отыр. Кеше кешкісін аудан кезбелері берген  қонақасыдан соң әлі нәр татқан жоқ. Бас та жазған жоқ. Не істерін, әры қарай қалай әрекет жасарын жоспарлап та отырған жоқ. Жан төзгісіз ауруға шыдамай есінен танып қалған адам секілді, ұзааақ сыздаудан  түк сезбей меңірейе қалған жанын құшақтап, әлдилеп қана отыр. "Маңдайыма өз болмысымнан қасірет шегу жазылса не шара? Менің жаным- тағы қоғаммен үндесе алмай азап шегеді. Мен-жүрексіз әлемнің шарттарына мойынсұна алмаймын! Адам бола тұра жан-жануарларға тән қылық жасау қолымнан келмейді. Яғни, ит секілді сүйекке таласпаймын, шыбын секілді  тезек аңдымаймын, жылан секілді қау шөптің тасасына тығылып тұрып жемтігіме атылмаймын!...   Осы отырысымда жаныма әлдекімді жуыта көрмесін.  Жуй қалса «Неткен жансың?», "Қоқыс арасында не бітіріп отырсың?" деген сұрағына жауап таба алмасым анық. Неткен жан екенімді ұғындыра алсам қане?...
Әуелі бетіне шамның жарығы түсті. Ешкімді көруге зауқы жоқ. Жүзін жасыру үшін басын салбыратып отыра берді. 
-Жаным-ау!, сенбісің?-деген дауыстан тұншығып жатқан сезімдері өре түрегеліп, жүрегі лүпіп қоя берді! Сонда да оны сағынғаны жайлы ләм-мим демеді. Әйел жанына жақындап, жұмсақ алақанымен шашынан сипалап, басын кеудесіне тартты. Оның есімі-Гүлдария. Атын атауға аузы бармай, Гүлім дейді өзін. Тегінде, сүйген жарын  аузы барып  атымен атайтындардың махаббатының ұлылығы сезікті... Гүлімнің құшағында- ашқұрсақ жанының  мауығы қанатын секілді. Жанның мейірім мен махаббатқа ашығуын жалғыздық азабын тартқандар  ғана түсіне алар. «Бір-біріміздің жанымызды жайландыра алуымыз-біздің бақытты болуымызға мүмкіндік бергенімен, тірлікте бәрі басқаша. Біз-бақытты емеспіз!   Оған кінәлі-мына өзім!  Мен оны қорғай алмағандығым үшін өзімді қор сезінемін. Қорғай  алмайтын себебім-адамдармен сыйыспаймын.  «Қоғаммен біте қайнасу-әділетсіз, немқұрайлы, көнтерілі болуды  талап етеді»- деп,   өзгелерді жазықты ету арқылы өзін ақтап алатын пенде атаулыға тән дағдыға басып бара жатып, онысын дереу  тұншықтыра қойды. «Өзіммен-өзім  жекпе-жекке шыққан кездерімде-бақытсыздығыма   кінәлі өзім екен арлана отырып талай мойындағам... Мен-әлсізбін! Жан баласымен жұғыса алмайтын ынжықпын! Ал, жуыса алмайтын себебім- болмысым бөлек... Міне, тағы да өзімді алабөтен жан санап, ақталуға ойысып барам... Ылғи да ішімде екі дауыс тайталасып жатады: Бірі-сәтсіздіктеріме өзгелердің немқұрайлылығын, аярлығын, жазғырады. Екіншісі-айналама жат болуыма-қара басын сыйлата алмайтын өз босбелбеулігімді кінәлайды... Гүлім-менің сорлылығымның құрбандығы болды. Өкініштісі де осы!».
-Іздемеген жерім жоқ. Қайда жүрсің?-деп жыламсырады. 
-Мені іздеп өзіңе-өзің қастық жасайсың, Гүлім! Мені сені бақытты ете алмаймын! Саған  масыл боламын... Бас тартшы менен!
- Өтінем, аяшы мені! Өзіңнен басқа кімім бар? Пора-пора жасы иегінен сорғалап, шам жарығымен шағылысып, жылтырайды..
- Дүние-ай, сені  жылатқым келіп пе еді! Бәрі менің қырсыздығымнан.  Әсілі, мен табиғаттың қателігі болармын. Жаңылысып адам боп қалған ағаш шығармын! Өмірге бейімді айла-тәсілдерден құр алақандығыма қарағанда нақ солай! Мен-жер басып жүру үшін, ізгі жанымды тағы  қоғамның ыңғайына қарай илеуге құмбыл емеспін.   Менің жаным-адам бетпердесін киген аңдардан гөрі табиғаттың бейбіт нысанына көбірек ұқсайды.   Сондықтан, мен-бұл дәуірге жатпын! "Сонда қай дәуірдің адамымын? Өткеннің бе, болашақтың ба?"- деп, іле-шала өзіне-өзі жауабы жоқ сұрақ қойды. 
-Енді кеш, тым кеш. Тіпті, өзіңе қол салғың келсе де... Өйткені, менің аяғым ауыр.
  Естігенін миы бірден қабылдай қоймады. Гүлім  сықырлаған сүйектерінен  қапсыра құшақтағанда ғана,  араларының бұрынғыдан да жақындай түскенін сездірген бір сәуле түсті санасына. Ол сәуленің ләззатымен қатар тастай ауыр салмағы бар екені денесін түршіктіріп өтті... Осы мезетте, тәспідей аударылып, сол бір сұмпайы қылығы тізбектеліп жатты көз алдында: Ескі жайманы жіп қылып, ауладағы ағашқа асылып қалғаны. Гүлімнің шырылдап жүріп құтқарып алғаны. Бұл оқиға алғаш рет өз еркімен жұмыстан кеткен күні орын алған. Гүлімді өзінен құтқарғысы келіп еді сонда... 
-Қашан?
-Әлі сегіз ай күтеміз.
Екеуі қол ұстасып жүріп келеді. Түн-үстеріндегі көнетоз киімдерін   өсекші көздерден жасырып қалды.

***

Ағаштың жіңішке бұтағымен тоң боп қатқан  қарға сурет салып отыр. Қар картинасының көрінісі мынадай: Сұрғылт күз. Көңілсіз күн-құрт-құмырсқасымен сыпыра есептегенде санаса сан жетпейтін тіршілік иелеріне құлықсыз көз салады. Ақжарқындығынан айрылып, біртоға тұйық кейіпке ауысқан. Ауаны иық қалшылдатар салқын діріл кезіп жүр. Көк пен жердің арасын жалғаған тұман-қабырғаға ілінген торғын пердедей көлкілдейді. Күз ызғарынан қаймығып, қол-аяғын жинап алған күннің тұрпаты- сүт қосылған шәй бетінде қалқыған бір тілім лимонды еске түсіреді. Аулада қол ұстасқан қыз бен жігіт-әлсіз күнге көз алмай қарап тұр. Күн де оларға шарасыз кейіпте көз тігеді. Үшеуі үнсіз тілдесуде. 
-Кел, бауырым жүрек жалғап алайық.
-Бұл қайдан келген салтанат?
-Бір қайырымды жаннан жеткен жарылқау. 
Желім стақандарға сылдырай  құйылған  зәмзәм су ешбір шапалақ-сөзсіз, қолпашсыз өңештерден сырғи жөнелді. Екі аш төрт қолдарымен суық мәнті, оливье салат, домалақ бауырсақтарға жауға шапқандай лап қойды. 
-Ақсақал, ағыңнан жарылшы. Не арманың бар?-деп сұрады бұл, адам жанын зерттеуге құмар сұңғылалығына салып.
- Шырағым, арман жайлы айтып мына саған күлкі болмай-ақ қояйын. Дәл осы кезде  суыққа тоңбай, қуықтай болса да өз үйімде  қара нанымды кеміріп отырсам деп қана армандаймын. Басқаны армандауға қақым да жоқ болар!-деп жақтырыңқырамай дүңк еткізді қария.
-Алтын күмбезде отырса да жаны жай таппайтын жандар болады. Жалғанда жайбарақа ғұмыр кешу-жүрегі соқыр жандарға ғана тән. Көзі көрмейтін зағип адам-сермелген аяқ қолымен-ақ жанындағы адамның тәнін жарақаттауы мүмкін. Сол секілді, рухани соқыр жандар -әдейі істемей-ақ, басқалардың жанын жаралауға қабілетті. Қай соқырдың да аты соқыр...


***

Сол күні әкелері ішіп келген. Ата-анасы жанжалдасып, қарындасы Күміс екеуі түн ортасы ауғанша ұйқтай алмады. Үй-ішін еңсені езген ыңғайсыздық кезіп жүр. Шаңырақтары-жел өтіндегі сынғалы тұрған өсімдіктей  сезілген, сонда. Бір жамандықты сезу ме, әлде, дисгормониядан қорқатын нәзік жанының негізсіз үрейі ме?...  Таң алдында ұйықтап кеткен екен. Өң мен түстің арасында жатып, әкесінің үйге кіріп-шығып жүргенін, масаң дауыспен «Әй қатын, шәй қой!»-дегенін естіп жатты. Ары қарай қалың ұйқыға батса керек. Оянса, көршінің үйінде жатыр. Бүртүрлі мазасы жоқ. Беті мен қолдары  беті ашық жараға тұз сепкендей боп, ашып ауырып барады.  Түнде үйлерінің өртеніп кеткенін, өзінің терезе түбінде жататындықтан ғана  аман қалғанын естіді, сосын.  Сол сәтте-өзін әйнекті сындырып,  құтқарып алғаны үшін Асқар ағаны жек көріп кетті! Жалғыз қалғанынша отбасымен бірге өртеніп кеткені абыройлы болар ма еді?...
Сол түннен оң жақ беті мен білегінде  ұмытылмас ұлы қайғысын үнемі есіне салып тұратын күйік ізі қалды.    Оңтүстіктің шалғай ауылында туып өскен он жасар Әзімді, тағдыр желі Астанадағы балалар үйіне айдап әкелді. Өмірінде тірідей орыс көрмеген бала аяқ астынан орыс тілді ортаға тап болып, не істерін білмей мәңгірді де қалды. Мұндағы қазақ тілі мен қазақ әдебиетінен басқа оқулықтың бәрі орыс тілінде жазылған екен. Сабақ та орыс тілінде өтеді. Ауылдағы мектебінде орыс тілі мен орыс әдебиетінен беретін мұғалімнің өзі оқушыларға қазақ тілінде сөйлейтін. Кейбір озат оқушылардан басқалары орыс тілінде жарытып сөйлей алмайды. Отбасынан айрылып қайғыдан қан жұтып жүрген ол- жат жер, жат тіл, жат адамдарға үйренісе алмай бойкүйездікке салынды. Әсіресе,  мұндағылар мен өзінің арасындағы тілдік айырмашылықтан өзге менталдық шақырымдар тым ұзақ көрінген. Олар өзі көріп өскен балаларға мүлдем ұқсамады. Тіпті, 2-3 жастағы сәбилердің өзі бала емес, эмоциядан ада жанды қуыршақтар секілді. Жыламайды да. Күлмейді де. Тамақ, су, кәмпит сұрамайды. Тым тәртіпті. Дәрет сындыру үшін де тәрбиеші белгілеген уақытты күтеді... Ересектеулері де сол. Эмоциясын ішке жұтып өскендіктен бе адамға тән сезімдердері кемшін, суық... Бұл балалар  жетім еместей көрінеді өзіне.  Мына жерде жетіммін деп қамығып жүрген жалғыз өзі сиқты... Көзін ашып көргені балалар үйі болғандықтан-мұндағы балалардың отандары осы жер. Демек, балалар үйі бұл балалар үшін қалыпты жағдай. Нағыз жетім-мына өзі ғой! Ата-анасын танып-біліп қалған баланың оларды жоғалтуы... Жан төзгісіз қасіретке шыдап жүрген өзін аяп, жанын қоярға жер таба алмайды...
Балалар үйінде бір де бір досы болмады. Келгеннен қате орысшасымен    масқарасы шыққан. Ары қарай мысқыл әжуа қыр соңынан  қалмай қойды. Тіпті, қазақша сөйлесе де ішектерін тартып, күлкі етеді... Ызаланып, аузына құм құйып алды.  Кенедей жабысқан келемежден сонда да арыла алмай,  «мылқау клоун» атанды.  Өзіне қарай шошайған саусақтар, асқақтап менсінбей қараған жанарлар. Елемеу,  онымен қандай да бір қарым-қатынас жасауға арлану... бұларды көру- күнделікті күн тәртібіндегі жағдайға айналған. Қанша ызаланғанымен, тіпті, төбелес шығарса да, жалғыз адам топқа қарсы ештеңе істей алмасын біліп, есе қайтару жайында мүлдем ұмытқан. Жүре келе өзінің басқалардан төмендігіне көндігіп, мысы басылып қалды. Үндемей күлкі шақыратындай бет-жүзімде бір кінәрат бар ма деп тығылып жүріп, дәретханадағы айнаға қарайды. Нәтижесінде- тілі ділі ғана емес,  түрінің де басқаша екеніне көз жете түседі. Қалқиған құлағы мен әнтек ашылып тұратын ауызы, аңғал жанары-бейкүнә момындығынан ғой. Оң жақ бетіндегі тыртығы да өңін қашырып, қадірін төмендететіндей. Ал, олар  өзіндей емес, жүздері жинақы, жүйкелері тастай. Құдды бір, жас көшетті жан-жағынан қаумалап, өсірмей қойған арамшөптер дерсің!  Қау өскен қу шырмауық, шым, қарасора, текесақалдар жерін тарылтып, күн сәулесінен қақпайлап тұрғандай өзін... Бәрі жабылып Әзімнің бағын байлап жатқандай... Күні бойы «кім тиісер екен?»- деп,  үркектеп, мазасызданып  жүреді де кеш батып, төсегімен табысқанда  миы саябырсып, біршама жеңілдеп қалады. Ал, түсінде-өзі армандаған нағыз адамдар ғана өмір сүретін Ізгілік планетасында қалықтап  жүргені...
Күлкі бола берген соң сабақты қазақ тілінде айтып жүр.   Әйтеуір, орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Лидия Алексеевнадан басқа ұстаздарға өзінің қазақшасы кедергі болмағаны көңілге медет. Лидия апаймен де мәселе оңынан шешілді.   Сыныптасы Гүлдария өз еркімен бұл екеуіне аудармашылық етуге кіріскен.  Қысық қара көздерінен сығылаған мейірімді жанарымен өзіне еш жазғырмай қарайтын жалғыз сыныптасы да осы қыз. Бірақ,  Гүлдарияның қызметін пайдаланған сайын бұл өзін қор сезінеді. Орыс тілін білмейтін сауатсыздығы жүйкесіне тастай ауыр салмақ түсіріп, әбден титықтатты.  
Гүлдариямен  жалпылама сәлемдескені болмаса жақын араласқан емес.  Бұл қызбен достасу- Әзімге қол жетпес арман! Тілін түсінетін жалғыз сыныптасы болғаннан ба? Әлде, отбасымен бірге келмеске кеткен ана тіліндегі алғаусыз әңгімелерді сағынғаннан ба?... Колледжге түскен жылы Гүлдариямен достасудың орайы келе қалды. Әзімнің бағына орай Гүлдария да  аспаздықты таңдаған екен. Әрі қарай тағы бірге оқитындарын кездейсоқтық деп ойламағаны-қызбен батылы барып тілдесуіне жол ашты. 
Сол күні  Гүлдария сәкіде кітап оқып отырған. Қазір барамын да «не оқып отырсың?»- деп сұраймын деп жоспар құрды. Бірақ, жанына жетіп бара алмай тосылып қалды. «Ол да мені өзгелердей қор санап, менсінбейтін шығар. Маған аудармашы боп, жаны ашығандықтан ғана көмектескен ғой.»-деген ойларға шырмауынан шыға алмай тұр. Бір-екі-үш! Ал, кеттім! Жо-жоқ, тоқтай тұр. Жауап бермей қойса не істеймін?...  «Елемесе-жоғалтар ештеңем жоқ.»-дегенге өзін күштеп көндірді.  Бір-екі-үш! Кеттім! Бар күшін бойына жинап жанына барды да «Не оқып отырсың?»-деп сұрады. «Қалың қалай?»- деді ізінше амандаспағаны есіне түсіп. Даусы тым бәсең әрі  сенімсіз шыққандай сезілді, өзіне.
Дина Рубинаның «Пәтердің күнгей бетінде» романы. Әйел жазушыларды оқуға тырысамын. Әсересе, отбасы балалары бар әйелдердің еңбегін. Олар жазған кітапқа-сағыныштың, зарығудың табы сіңгені күмәнсіз.-деп, Гүлдария еш  жатырқамастан ашылып сөйлеп кетті. 
-Сен ата-анаңды білесің бе?-деп сұрады сосын, жасқаныңқырап. Сөзінен отбасы көрген жан екенін аңғарып қалып.
-Ата-анам-қаланың жергілікті кезбелері. Өзім бұл жерге жеті жасымда қараусыз қалған бала ретінде  келгенмін-деп, көңілсіз күлімсіреді ол.  
-Содан бері сені іздеп келмеді ме? 
-Келмеді. Бәлкім, келген де болар? Оларды маған жібермеген ғой! Іздемегендеріне сенбеймін. Мүлдем сенбеймін!-деп, қыз  ызадан қызбаланып, қызарып кетті.
-Ата-анаңды өзіміз іздеп табайық-деді, Әзім батылдана түсіп.
-Ата-анам менің қамқорлығыма зәру. Оларды бағып-қағуым үшін табыс табуым керек.  Ішімдіктен емдетіп, ел қатарына қосқым келеді. Мамам мен папама жаңа киімдер кигізер ем, өз қолыммен дәмді ас пісіріп берер ем...  Гүлімнің жүзіне өзі айтуға қорқатын «егерде тірі болса» деген қорқыныш жазылып, тосылып қалды. Ол өзінен жабырқаған жанына сүйеу болады деп үміт күтетін секілді. Бұл да оны өзімді қорсынады деп, бекер сезіктенетініне көз жеткізді.  Сол күні екеуі ұзақ сұхбат құрды. Еңбекке  араласып табыс табатындарын, алғашқы жалақыларына қалта телефонын алатындары жоспарлады. Әзім ұлы суретші болатынын, Гүлдария-хирург-дәрігер болатынын айтып армандады.  «Ақша ұстап көріп пе ең?» деп сұрады ол Әзімнен. Сонау үйі өртенетін жылдары  мектепке барарда ата-анасының қолына 200 теңге ұстататынын күндерін еске алды.  «Ал, мен өмірімде ақша  ұстап көргем жоқ. Оларды тек теледидардан көріп, кітаптан оқығанмын.»-деді Гүлім бүртүрлі ұялып.  «Жақында шәкіртақы алады екенбіз ғой. Өз ақшам болатынына  толқып тұрмын!»-деп, қуаныштан шалқыды, ізінше. Қыз доспейілділік көрсеткен сайын Әзім де оны өзімсіне бастады. Жүрегінде қыз-қыз қайнап тұрған отбасылық аяулы естеліктерімен бөлісіп, шабыттана сөйлеп кетті! Сөйлеп жатып,   әкесі анасы мен  қарындасының өзінен алыс еместігін анық сезді. Бақса, үшеуінің жаны қарсы беттегі сәкіге жайғасып,   Гүлдария екеуінің жараса кеткендерін қуана бақылап отыр екен!  Гүлдария иегін алақанына тіреп, бұған жымия қарап отыр. Көз алдынан балалар үйіне дейінгі өмірі тізбектеліп өтіп жатты. Аузы сөйлеп жатты. Ойы Гүлдарияда. Мына қыз өзін түк те жатырқап тұрған жоқ. Басқалар сияқты менсінбей кемсітіп те тұрған жоқ. Кіршіксіз тап-таза көңілін өзіне бағыттап, нөсер жауындай аяусыз төгіп тұр. Балалар үйіне келгелі мынадай құрметке  бөленгені осы. Көңіл. Сарқылмайтын,  су тегін көңілге сусап қалған екен. Тегін де болса бұл адамның адамға бере алар ең үлкен сыйлығы екен-ау!  
-Ата-анам неге кезбе болды екен? 
-Сен оларды жазғырма. Бәлкім, олардың болмысы басқа шығар. Қатігез қоғаммен үндесе алмай азап тартатын жандар...
-Балаларын өз болмысының құрбандығына айналдыруға бола ма, айтшы?!-деді ол сөзін бөліп. Бақытты ете алмаса баланы неге туады?  Гүлім бетін алақандарымен жауып, жылап жіберді. Әзім оның шашынан сипалап қана отыр. Жұбатуға сөзі жоқ.
- Мені тумағанда ғой! Өмір бір бақытсыз жанға азаяр еді.  Олар маған өз бақытсыздықтарын мұра етті! Сонда да, мен өзімді емес, ата-анамды аяймын!  Олар суыққа тоңып далада жатқанда, жетімдер үйі маған хан сарайындай  көрінеді. Ата-анамның  ыстық-суығын бөліспей жайбарақат өмір сүріп жатқаным үшін өзімді оларға сатқындық жасағандай сезінемін!
-Кезбелер-жаны ауыратын адамдар. Біздің қоғам тән ауруын  қатты құрметтейді! Жан ауыруы-өзіне лайықты құрметті көрген емес. Жаны ауыратын адамды-өзі тілеп алғандай аяусыз жазғырамыз да   күресінге лақтыра саламыз!   Маскүнем кезбелердің де  әулеті, дос-жараны бар. Бірақ, адамның адамға жақындығы оның еркіндігі мен дүние-мүлкіне нұқсан келгенше  баянды. Осы тұсқа жеткенде адами қарым-қатынастардың арасына сына қағылады. Әрі қарай оқиға түрлі бағытта өрбиді... Өкінішке орай.   
-Менің інім далада туып, бір жасында шетінеп кетті!-деген Гүлдария әлі де солқылдап отыр.
Қос мұңлық құшақтаса кетті. Бұл-құмарлықтан емес, ортақ қасіреттен  айқасқан құшақтар. Көздерінен аққан жасты қыркүйектің  себелеп бастаған суық жаңбыры аймалап жатыр.                        

***

Гүліммен достасқалы  Әзім оның алдында қысылып-қымтырылмайтын халге жетті. Басқалардың жанында өзін кем санап қорғаншақтап тұратыны- Гүлдарияның  жанында ұшты күйлі жоғалып кетеді.  Қараңғы үйде жағылған білте шамындай боп, көңіліне әлсіз де болса жарық ұялатқан кішкентай жеңісі-үлкен жеңістерге талпынысын арттырды. Өзін-өзі жеңу үшін өзімен күресуді мықтап қолға алуы керек! Бір күні курстасы  Абылайдан қаламсап сұрады. Абылай таңданған түр танытты да қолындағы қаламсабын бере салды. «Жазып болған соң қайтар. Байқа, жоғалтып алма!. Кішкентай балаға ақыл айтып жатқан сияқты.  Әуелгіде, қорқынышын жеңіп, сұрағанын ала алғанына жүрегі жарыла қуанған. Артынша, болмашы нәрсені абырой көргеніне  намыстанып, екіұдай күйге түсті. Неге екенін, Абылай қаламын қайтарып алғаннан кейін де өзіне  қарағыштай берді. «Мылқауға тіл бітіпті. Қараңдар!»- деп, жар салып, мазақ ете ме деп, сезіктеніп еді.  Олай болмады... 
Гүлденген мамыр айы. Ақшам самалы жаз демін үрлеп тұр. Сол кеште Гүлімді күтіп отырған. Саябақтың қараңғы түкпіріне сүңгіп,  кілімше жайқалған көк шөпке костюмін жайып жата қалды. Айнала тым-тырыс.  Әлдебіреулердің жақындап келе жатқан аяқ дыбысы естілді.  Күбір-күбір сөйлескен екі адам қалың түкпірге қарай өтіп кетті. Шәй қайнатым уақыт өткен соң құлағына үзіліп-талып,   көмек сұрап жалбарынған дауыс жетіп жатты. Сосын, сыбырлағандай болып, шыңғырған үн шықты.   Жалма-жан дауыс шыққан жаққа қарай жүгіре жөнелді. Шоғырланып өскен талдарға жақындағанында-қыз баласына қиянат жасалып жатқаны ұға қойды. Талдарды айналып жете бергенінде-шабуылдаушы мұның келе жатқанын көріп, құрбанын тастай қашты. Бұл соңынан қуып келеді.  Ауылда жүргенінде ылғи да жүгіруден  алға шығатын. Арадан қанша жыл өтсе де желаяқтығын жоғалтпаған сыңайлы. Міне, желдей есіп отырып, ағараңдап қашып бара жатқан қашқынды өкшелеп қалды. Ол бұл уақытта зорығып та үлгерген  сияқты.  Шығатын есікке жете бергенде оны қолға түсірді. Зорлықшыны қапсыра көтеріп алып,  келген ізімен кері қарата сүйрей жөнелді. Адам аяғынан таса жерге апарып сазайын бермек. Ешкім көрмейді ау деген қалтарысқа жеткеннен екеуі айқаса кетті. Әзірге, қарсыласына дес берген жоқ. Зорлықшының ойы өзін ұрып жығу емес, ұрымтал сәт бола қалса пайдаланып қашып кету екенін де біліп отыр. Айқасып жүріп, қарсыласын біреуге ұқсатып, шырамытқандай болды. Көп ұзамай, тарих пәнінің мұғаліміммен төбелес жүргенін білді. "Қойыңдар енді, тоқтаңдар!"- деген дауыс та бөтен емес. Облыстағы  балалар үйінен келген курстасы Айғаным екен. Айғанымды танып, оған алаңдаған сәтін пайдаланып, мұғалім сытылып шығып, қашты да кетті. 
-Соңынан қумай-ақ қойшы!-деп өтінді Айғаным алыс жұлдыздай дірілдеп. Үзілген түймелерін қолдарымен жауып, кемсеңдеген күйде. 
- Ағай маған сабақ үлгеріміңді көтер деп қосымша кітап беріп еді. Бүгін сол кітапты саябаққа әкеп беруімді сұраған. Саябаққа отбасымен серуендеуге келетін шығар деп ойлап ем... «Кешігіп жатсам кетіп қалма. Күте тұр» деген. Мұғалім әбден күттіріп,  ымырт үйірілген шақта келді.  Кітапты алған соң,  жатақханаға дейін жеткізіп салмақ болды. Арғы есіктен шығайық, сол жақтың жолы жақын деп, әдейілеп түкпірге әкелген екен ғой!  Жолай   көк майсада отырып, аз-кем әңгімелесуді ұсынды. Келістім. Көк шөпке жайғасқан соң, қолымнан ұстап алып, өзімді ұнататындығын айтты. Емтиханда көмектесемін, оқу біткен соң жақсы жұмысқа орналастырамын деп, айналдырып бақты. Мен-бірден-ақ, бас тарттым. Кетуге ыңғайлана бергенімде, тарпа бас салды!
-Енді қайттік?
-Бірдеңе етсек,  маған өшігіп алады. Өтінем, арамызда қалсыншы!
-Ешкімге тіс жармаймын-деді амалсыз.
Мұғалім бірнеше күн жұмысқа шықпады. Сосын, түк болмағандай кейіп танытып жүрді. Арадан апта өтіп, оқиғаның ізі суй  бастағанда Айғанымға шүйлігіп бастады. Екі есе артық тапсырма беріп қинады. Сабақ айтқанда, тақырыпқа қатысы жоқ сұрақтарды төпейді кеп. «Байқа, бұл түріңмен емтиханнан құлайсың!»- деп қорқытады. Қылмысына куә болған екеуді адам құрлы көрмей басынғаны Әзімнің ашуын қоздырды! Содан Айғанымды зорлағандай етіп,  директорға ертіп келген. Директорға кіргенімен, Айғаным  жеме-жемге келгенде сөзден тайқып кетті.
-Ботақанов, қане айт не арызың бар? Директор  мезі болған кейіп танытып отыр. Әзім оқиғаны бастан аяқ баяндап берді.
-Оны қайдан шығардың? Дәлелің бар ма?
-Сенбесеңіз, қыздың өзі айтып берсін.
-Айғаным, Ботақановтың айтқандары рас па?
-?
-Айғаным, шыныңды айт!
-Жоқ!
Қыз булығып жылап тұр. Оның  жанарынан үзіліп түсіп жатқан моншақтардың себебін екеуінен басқа ешкім білмейді. Әзімнің әділдік орнатпақ болғаны- аяғынан тартқан ұйыққа айналып,  мұғалімге жала жапты деген талқыға қалды. Сол үшін отырса-опақ, тұрса-сопақ болды.  Енді-енді ортаға сіңісіп келе жатқан бозбала-ымырт үйірілгендегі   намазшам гүліндей  боп қайта жабылды.  Содан, арада ай өтпей, дәл емтихан алдында оқуын тастап кетті.  Гүлім онымен бірге кетті. 
-Сені қойшы, қызға обал болған екен!
-Өзегімді өртейтіні де сол. Гүлдария мен үшін   болашағын құрбан етті. Менің оған қорған болар қауқарым жоқ...  Содан бері қанша рет жұмыс ауыстырсам да еш  жерде тұрақтап қала алмадым. Жүрген ортаммен тіл табыса алмаймын. Бәрі жабылып мені жер еткілері келіп тұратын сияқты... Қайда барсам да жат болам.  Бүртүрлі болғаным үшін көрінгеннің түртпегіне айналам да жүремін. Сол баяғы он жасымда жамаған «мылқау клоундығымнан»  арыла алар емеспін. Мазақ болмайын деп,  томаға тұйық жүрсем де, айналамдағылар мені сыртымнан сөз етіп күледі. Өзімді жер етіп жатқанда ләм демегеніммен өзгенің жазықсыз жапа шеккеніне қарап тұра алмайтыным тағы бар. Сол қылығымнан бүгін де жұмысымнан айрылдым... Гүлімге не бетімді айтар екем?...
-Не боп қалды?  
-Кешегі митинг күні-  жұмыстағы бір жігітті көшеден ұстап алып, екі тәулікке қамап қойған екен.  Оның жас босанған әйелі мен бес баласы барына да қарамастан жұмыстан шығарып жіберіпті. Нақақ қиянат жасалып жатқанда шыдап тұра алмай іске араластым. Төрт көзіміз түгел жиналып, асханада түскі ас ішіп отырғанымызда тамағымды кенеп алып, ең үлкен бастыққа қарап тұрып, қызып сөйлеп кетіппін! Бетіме лап етіп, ыстық қан тарағанын білемін. Сөз деген өзінен-өзі ағытылып жатыр. Ішімнен құлағыма дейін қызарып кеткен шығар деп қоям. Бастықтан көзімді тайдырып, жан-жағыма қарағанымда, қызметтестерімнің езулерінен мысқыл көрдім. Мені шынымен де сайқымазақ санайтындай. Күлмегендері бетіме қарай алмай, мен үшін ұялып, жер шұғып отыр екен. Іштерінен «Мына мылқауды-ай, ә!» деп, таңданыстарын жасыра алмай. Өзгені құтқарам деп, өзімнің күлкі болғанымды аңғарған соң, сөзімнен жаңылып,  тұтығып қалдым... Бастығым тамақ ішіп болдым дегенді білдіріп, екі қолымен бетін сипады да түк естімегендей орнынан тұрып кетті. Күлкі болғаныма бір, еленбегеніме екі жер болып, мәңгірген қалпымда сыртқа ытқи жөнелдім. Енді мұнда қалуға бетім шыдамасын біліп, әлгі жігіттің соңынан өз еркіммен жұмыстан мен де кеттім.  Мен-қиындықтармен күресуге қауқарсызбын. Қиындық көрсем-зәре-құтым қалмай қашып кетемін! Жолымдағы ең үлкен кедергі ішімде  жатқанын білсем де-өзімді жеңіп, өзгелердей болуға әл-дәрменім жетер емес! Мен әлсізбін, ағатай! Өмір мықтыларды ғана сүйеді. 
-Мен де әлсізбін.-деді ақсақал көзі жасаурап. Бірақ, енді қартайдым. Енді қандай болғаным маңызды емес...  
-Гүлім болмағанда еш ойланбастан қатарыңызға қосылар ем. Аш қасқырлар арасындағы үркек қоянның күйін кешкенше, сайын дала құшағында тып-тыныш өмір сүргенім абзал болар еді...
-Арқаның суығы -50 градусқа дейін барады. Бірақ, адам жүрегі ауа райынан мың есе суық...  

***

Ол аспаз болып орналасқан гипермаркеттің маңайына Қайыр шал көшіп алған. Ғимараттың артқы жағында  ағаштар қау өскен. Сол тұмса табиғат кезбелерге кәдімгідей пана боп тұр.  Пісіру бөліміндегі жалғыз жігіт болғандықтан ба, жұмыстағы қыз-келіншектердің Әзімге ілтипаты бөлек. Суыртпақтап сұрақ қойып, қыз-қырқын оны мылқаулығынан айықтыра бастаған. Сонда да, әжуа тудырар бірдеңе айтып қоймауға тырысып, аузынан шыққан әр сөзін  абайлап, емен-жарқын ашылатын кезі аз. Әр күні ол жұмыс істейтін бөлімнің шаруасы алуан   түрлі тамақтар, салаттар мен тіскебасарлар пісіруден басталады. Күнделікті пісіру жоспары орындалған соң, кешеден қалған  асты жаңасымен ауыстырады. Сатылып үлгермеген  тағамдар түгелімен қоқысқа жіберіледі. Қоқыс бөшкелерінде кір-қоңмен араласып жататын есіл тағамдарды ит-құсқа беру жайы қарастырылмаған.  Бір күні жұмыстан қайтып бара жатып, аялдама артында бүк түсіп жатқан Қайыр шалды көріп қалды. «Тиінің болса бөліссеңші, басым ауырып өліп тұрмын. Қарным да аш» дегені. Оған қоқысқа кетіп жатқан тамақтар жайлы айта салып еді. Содан бері Қайыр гипермаркеттің терезесін торуылдауды бастады.  Күн бесінге таяғанда терезе аңдыған ақсақалға  бүйірі бұлтиған пакетті лақтырып кеп жібереді. Ол да  аспаннан түскен асты асқан әбжілдікпен қағып ала қояды. Кейде, өз орнына ашықауыз Вованы жібереді. Онысы, көзге түсіп, күзетшілерге күмән туғызбайын дегені. Үнемі, қолын қалтасына салып, жапалақ көздері жыпылықтап, аузы ашылып жүретін бозбала-сайын даланың төл ұлы. Әке- шешеден  пойыз жол маңайындағы қамыстардың арасында туып өскен. Содан ба, ыстық-суыққа төзімді. Жаратылысынан аршыған жұмыртқадай болуға тиісті бет-жүзін өзі айнадан алғаш көргелі-дақ-дақ боп қоңырқай тартқан әрі жел қағып жарылып кеткен.  
   Таяқ тастам жерде терезе маңына жуй алмай үркектеп,  тұрған Воваға жақында деп ишара білдірді. Бозбала сәл ғана алға жылжыды. Воваға орама, мәнті, палау, неше түрлі салаттар мен қуырылған бәліштер салынған пакетті лақтырып кеп жібергенінде, арт жағынан бір қарулы қол өзінің қолын шап беріп ұстай қалды. Күндердің күні қолға түсетінін іші сезгенімен, кезбелерді жарылқаудың ләззаты өз басының қаупінен басым түскендіктен, бұл іске нүкте қоя алмай жүрген. Алғаш келгенінде білместіктен өзі  пісірген самса бауырсақтан дәм татып көрем деп, ұсталып қап, 1-2-рет айыппұл  алғаны бар. Салынған айыппұлдар ұрының айлығынан ұсталып, күзетшінің айлығына қосылады екен. Дәніккен  күзетшілердің әй-шайға қарамайтыны содан. Бұл жолғы жағдайы ұрланып  жеген тамақтан әлдеқайда ауыр боп шықты. Аса ауыр жағдайларда салынатын айыппұлдың көлемі екі есе екендігі ескертілді.
-Тегін тамақты сатып семірейін деген екенсің!-деген қауіпсіздік қызметінің басшысы қызметіндегі дәу сары жігіт ежірейе кеп.
-Пысығын ай-ә?!-деп, бас шайқасты қасындағы екеу.
-Үндемегеннен үйдей бәле шығады!-деп,  үшеу қарқ-қарқ күлісті.
-Ойбай-ау, жуындыға кетіп жатқан тамақтар ғой! Не адамға не ит-құсқа бұйырмай қоқысқа көміліп жатыр. Жаным ашыған соң кезбелерге беріп жүр едім. Жазғыра көрмеңіз!-деп шырылдап жатыр.
-Қалай өтірік айтады, ә?!-деп, қолдау іздеп, жан-жағына қарады бастық күзетші.
-Соны айтам.
-Жуындыға кеткен тамақ па жаңа піскен тамақ па оны бір Құдай біледі! 
Әзімнің қаны басына шауып кетті! 
-Ей, сен мені кім деп тұрсың?!-деп, дәу сарының жағасынан ала жөнелді... Әуелі, үшеуден біраз таяқ жеді. Намысын қайрап,   енді күшіне еніп келе жатқанында әкімші қыз кеп ажыратып алды. 
-Бірінші боп қол көтерген біз емес деп жамырасты үшеуі. 
-Ия, үшеуі менен қорғануға мәжбүр болды!-деді Әзім  қырсығып.   Әкімші қыз өз еркімен жұмыстан кетуіне арыз жаздырып алды. «Үш күн ішінде жиырма бес күндік жалақыңызды есептеп, карточкаңызға жіберем. Ал, айыппұл салынбайды».
***
Тағы не болды?-деп сұрады Гүлім?
-Ештеңе.
Өңменінен өтіп кетердей боп қараған көздерден ығып, төменшіктеп барып, орындыққа жайғасты. Жарылған қабағының қаны тоқтағанымен орны удай ашып тұр. Жазғырғандай боп көрінгенімен әйелінің өзінен жұбаныш күтетінін біледі. «Екі айдан соң босанатынымды ұмыттың ба?»-дегенді көзбен ұқтырып тұр.  
-Әлі басыңа тимеді ме?
-Уайымдама Гүлім,  бір мәнісін жасаймын. 
-Несие  алғанша шыдай тұрғаныңда ғой! Зейнетақы қорына алты ай ақша аударылған соң несие алып, кішігірім кәсіп ашамыз деген жоспарларының күл-талқаны шықты...
-Енді еш тарықпаймыз! Сенші маған, Гүлім! Бұл оның уәде кейпіндегі тілегі. 
-Сенемін. Ол да ырымдап жақсы сөз жарым ырыс дегенге иланғысы кеп тұр. 
-Үш күннің ішінде ақшамды аламын. Пәтер ақысын төлейміз.
-Кел, шәй ішейік. 
  Екеуінің кіршіксіз сезімі  тіршіліктің лаңынан қашанда биік тұрады. Гүлім етсіз қуырылған картоп пен тілімденген нан әкеп қойды дастарқанға. Үн-түнсіз қарай шәй құйып берді.  Жатақхананың сыз бөлмесін    сиқырлы  гармония жайлап кетті. Оның сиқыры-ақтауға келмейтін жағдайларды да қабылдай алатындығында. Гүлім Әзімнің болмысынан ата-анасына ұқсас белгілер табады. Тіс жарып айтпаса да келіншегінің өзі жайлы ойларын Әзімнің іші сезеді. 
-Айтшы, шын адамдар жұмақта ғана ма? Олай болса, нағыз өмір де жұмақта шығар? 
-Өлім қайғысын жеңілдету үшін   жұмақ жайлы аңыздармен көңілімізді алдарқатамыз. Бұл қорқынышымызды біршама жеңілдетсе де- құзырына берілген жалғыз ғана өмірі барын әр адам сезетін шығар.  Қателіктеріміз бен күнәларымызды ақтап алу үшін  бұл дүниені жалған дүние деп те сөгеміз.  Сонда да, шындығымызда көрініс тауып, көріп отырған   жарығымыз-күмәнді жұмақтан мың есе артық! Ашық мойындамасақ та мұны да іштей түсінеміз. Түсінбесек, жақсы өмір сүруге ұмтылмас  ек! 
-Сенің ата-анаң тірі!- деп, Гүлімге қуана қарады. Адамдардың наным-сенімдерге суық логикамен қарайтынын-төрт құбыласы түгел адамға тән қасиет деген топшылауына иланып...
-Мүмкін-деді ол езілген жүрегінің табы жүзінен көрініп. 
-Төрт құбыласы түгел!-деп, мырс етті  өзін-өзі әжуалап.
-Не?
-Ештеңе.
Әдетінше бір нүктеге қадалып, ойға батып кетті. Жаралы жанының арман-тілегінен туған Ізгілік планетасы мен ізгі адамдар-о дүниеде емес, осы дүниеде жүрген шығар. Бәлкім, О дүние Бұ дүние емес, жалғыз дүние бар шығыр?!... Өлгендердің жаны О дүниеге кететін болса, марқұм отбасының жаны неліктен Бұл дүниедегі өзін айналшықтап жүр? Бұл дүние біз ойлағаннан әлдеқайда шексіз... Өзімізбен парралель тірлік кешіп жатқан басқа адамдар  болса ше?. Ол адамдар-Жер тұрғындары секілді ала-құла, шала-шұрпы емес, нағыз адамдар  болуы да мүмкін-ау... 

***

Алақанында Гүлімнің анасынан қалған  аметист көзді алтын сақина. Әбден салыстырып аяғынан тозып жүріп,   Анет ломбардқа тоқтады. Күніне 0,2 пайызбен 100 000 теңге  несие берілді қолына. Бірден базарға барып, көтерме бағамен жұқа колготкилар, іш киімдер мен шұлықтар алды. Ендігі бағыты- Встреча ауданыдағы шайтан базар. Үлкен пакеттерге салынған тауарларын екі жағына көтеріп алып, көздеген жеріне мысықтабандап келе жатыр. Тісін қайрап, бойын буған қорқынышпен тайталасып келеді. Базарда дәл өзінікіндей майда-шүйде сатып екі әйел тұр екен. Гүл егілген жерді қоршаған бетонның үстіне селдіретіп тауарларын жайып тастапты. Әзім екі әйелден алысырақ тұрғысы кеп,  қоқыстан тауып алған қораптарын  жол жиегіне қойып, үстіне үйме төбе қып, тауарын жайып тастады.  Қолдарын айқастырып алған екі әйелдің өзін әңгімелеп  тұрғандарын көңілі сезіп тұр. Байқаса, өзінің тауары олардікінен әлдеқайда көп екен. Алушылардың бәрі маған келетін болды-ау деп, қашпаған қашардың уызын жалғыз өзі ішіп қойғанына  ыңғайсызданып, қызарып кетті! Әзімнің жаны әрқашан әділдік пен теңдікті қалайды. Олай болмаған жерде гармония жоғалатынын  біледі. Сол себепті, азық-түлік алуға барса да торғайдай тізілген саудагерлердің бірінен-картоп, екіншісінен, пияз, үшіншісінен-сәбіз, төртіншісінен-капуста, келесісінен-жеміс-жидек алып, ешқайсысының көңілін қалдырмауға тырысады. Өз әрекеттерінде әділдік пен теңдік орнату үшін қанша уақыты кетсе де, игілік үшін жасалған іске уақытын да басқасын да құрбан етуге әрқашан дайын! 
-Еркек басымен қатындардың нанына таласып неғып жүр?
-Соны айтам да! Құрылысқа барса, айына 500-600 мың табар еді! 
-Жалқау ғой! Қазір жұлынып тұрған еркекке табысты жұбыс көп-деп, көршілері  әдейі дауыстарын зорайтып сөйлеп тұр. Бұл оның көрмей жүрген түртпегі емес. Екеуінің нанына таласуға келгені үшін, іштей өз кінәсін сезіп  тұрғаны рас енді...
Мойын тамырларын бұрап, басын қайқаңдатып келе жатқан жігіт спортшыларға тән дағдымен оқыс бұрылып, «қысқа шұлықтар қаншадан?»-деп сұрады.
Үш жүзден.  Жігіт бесеуін бірден сатып алды. Артынша, бүйірін таянған екі әйел  жетіп келді.
-Әй, неге 300-ден сатасың? Сауданың берекесін қашырма! Тым құрыса,  350-ден сат!
- «Дәл осы шұлықты 300-ден алып ем»-деп күмілжіді. 
-«Шұлық алмағаныңа бір жыл болыпты ғой!»-деп, екеуі қыран-топан күлкіге батты. Өткен жылы  оптом 150-ден болған. Қазір, 200-ден. Демек, 350-400-ден сатамыз.
-Келістік! Әбден күлкі боп еті үйреніп  кеткендей ме?... Әйелдердің күлгені  шамына тимеді. Бұрынғыдай қорлану сезімін қоздырмады. Осы кезде өзінің  күлкі болам-ау деген қорқынышқа беріліп,  мазасызданбағаны есіне түсті. Кімге қалай көрінем деп емес, керісінше, келгелі тауарын өткізуді ғана ойлапты. Гүлімнің сақинасын  қайтарып ала алмай қалудың қорқынышы  басқа қорқыныштарынан асып түскендіктен болар?. Әлде, қорқынышын жеңе бастады ма?... Әлгі спортшы жігіт  бірден бес шұлығын алып кеткеніне мерейі тасып, көбірек тауар сатса, кешке дейін 20-30 мың теңге пайда табатыны жайлы қиялдап тұр. 
Сәске мезгілінде ары-бері өткен кісі қарасы аз. Бір кезде 40-50 метр жердегі гүл сататын дүңгіршектен ұлтының өзбек не тәжік екені белгісіз қоңқақ мұрынды  әйел шығып, әй-шәйға қарамай тауар жайылған жәшігін төңкеріп кеп жіберді!
-Мұныңыз не?  Әзім  ашуға мініп, тұтыға сөйледі. 
-Рұқсатсыз неге тұрсың?-деп,  қатқыл үнмен дүрсе қоя берді әйел.
-Рұқсат? Оны кім береді?
-Әй, шырақ! Жабайы саудаға рұқсат берілмейді! Сондықтан, табаныңды жалтырат!
-Өзіңіз не істеп тұрсыз?  Әзім, өзін қорғап, дауласуға дайын тұрғанына таңданып қалды. Бұрын ешкімге қарсы келуге қақысы жоқтай көрінетін...
-Мен бұл жерде сен туылмай жатып тұрған адаммын. Бұл біздің территория, ұқтың ба? Сосын, мен далада емес, дүкенде тұрмын-деген гүл дүкенін көрсете. 
Дауласуға құлқы болғанымен,  жеме-жемге келгенде, әйел адаммен ұрсуды ар санап,  үндемей қалыс қалды.
-Қазір кетпесең де түбі кетесің! Мұнда шыдаған адам тұрады деп, тұмсығын көтеріп, маң-маң басып кете барды.
Түс ауа бастаған. Ақпанның аязы  тоңдырса да аяқтарын бір-біріне соғып, шыдап тұр. Әлгінде, заттарын  көтеріп, Гүлжан сауда үйіне кіріп, бір жылынып алған. Тапқан пайдасын ойша есептесе он мыңға жетіп қалыпты. «Отыз мыңға жетпей қоймаймын!»- деп, алақанын ысқылап қойды. Сағат бестен асқанда  тұтынушылар лек-легімен келе бастады. Жаурап тұрғаны ұмытылып, маңдайынан бұрқ етіп тер шықты. Жан-жақтан жамыраған сатып алушыларға айтып-түсіндіріп, сатып әрең үлгеріп жатыр.  Тауар алғандарды: «Көп рақмет!», «Игілігіңізге киіңіз!», «Маған берген ақшаңыз   мың есе боп қайтсын!», «Тәңір жарылқасын!», «Бала-шағаңыздың қызығын көріңіз!»,  деген разылық сөздердермен шығарып салып жатыр. Сатып алушылармен өзара гармония орнап, өзін еркін, қажетті сезінді. Бұл уақытта таза табысы 20 000-нан асып түскен.
-Бұл аға лейтенант Жақып Құрманғазы! Азамат, рұқсат берілмейтін жерде сауда жасап тұрғаныңыз не?-деді қатқыл дауыс. Мыналар қайтті екен деп қараса, көршілері сөмкелерін сүйретіп қашып барады екен. 
-Азамат, естімей тұрсыз ба? Тез жиналыңыз да бөлімшеге жүріңіз!
-Неге?
-Айыппұл төлейсіз. 
Үн-түнсіз соңынан еріп келеді. 
Он минуттай жаяу жүріп, бөлімшеге жетті. Хаттама толтырып, қол қойылған соң, «Сізге бүгін ескерту берілді. Келесі жолы көрсем айыппұл саламын»- деді. Бір бәледен құтылғандай боп аялдамаға келе жатыр. Аялдама шайтан базардың түбінде. Бұл жеткенде екі әйел орындарына қайта жайғасып алған екен. 
-Әй, бері кел!-деп, шақырып алды автобус күтіп тұрған жерінен.
-Жұмысыңды істей бер. Енді келмейді. 
Бұл уақытта ымырт үйіріле бастаған. Темекі қорабынан жасалған жәшігін тауып алып, тауарларын қайта жайып қойды. Жаңағыдай ағылған сатып алушылар жоқ. Дәл жанынанан жанған шамдар самаладай жарық беріп тұрса да әрі-бері өткен жандардан онша қайыр болмады. 
-Ее, шырағым біз қанша рет айыппұл алдық. Оны төлеп жатқан ешқайсымыз жоқ. Менің қарызым миллионнан асады. Ха-ха-ха! 
-Бірнеше жылдан соң айыппұл деген өзінен -өзі күйіп кетеді. 
-Бірақ, Каспийіңді бұғаттайды. Ақшаны туыстарыңа саласың. Екі әйел  мұны  айналшықтап, әңгіме айтып жүр.
Айыппұл салам дегенді естісе де кепілдегі сақинаның жайы маза бермей, ертеңіне тағы келді. Келгеннен жан-жағына қараумен екі көзі алақ-жұлақ. Тауарын тездетіп сатып тастап, басқа жұмыс қарастыруы керектігін ойлағанда, тұла бойы қыл көпірдің алдында тұрғандай қалтырап кетеді...
-«Сауда қалай?»-деген  көрші әйел жауап күтпестен әңгімесін бастап кетті: Өткен жылы осы біздердің кесірімізден учасковый жігіт асылып өлді. Аты-Ардагер еді. Байғұс бақандай бес жыл көше саудагерлерімен күресті! Ол кезде бұл жер он шақты саудагерден тұратын тәп-тәуір базар еді. Ардагер күн құрғатпай тырқыратып қуады. Біз уақытша жасырынамыз да, қайта айналып тұрып аламыз. Айыппұл салады. Төлемей арқамызға рюкзак қып асынып  жүреміз. Өзі бір  жуас бала еді. Мәжбүрлеудің орнына «кетіңіздерші!»- деп, жалынатын. Айыппұл салса да «жоспарды орындауым керек!»- деп, ақталып жүргені. Бір күні «жұмыс істей алмайсың!»- деп,  басшылық қатты сөгіс беріпті. Біздерді қуып кетіре алмасын білді ме, бейбақ ашу үстінде ағашқа асылып қала салыпты. Кейін әлгі Жақып келді. Келе кәріне мініп, мына жердегі базарды жоқ қылды. Ардагер сияқты емес, мінезу қату. Мәймөңкелесіп отырмайды. Кет дегенде кетпесең-тауарыңды түгелімен тәркілеп, айыппұл салады. Әкеткен тауарлардың орнына аттың құнын берсең де иілмейді. Безірейген бәле өзі! Сонда да Күнсұлу екеуміз  әбден қасқыр боп алғанбыз ғой! Қашып пысып жұмысымызды әлі істеп жүрміз. Тауарымыз анау Гуляның дүкенінде тұр. Мына жерге аз-аздан әкеп қоямыз да сатылғанының орнын толықтырып отырамыз. Алда-жалда, азын-аулақ затты  әкетіп қалса да көп шығынға түспейсің ғой. Сосын, Күнсұлу екеуміздің біріміз-алдымыз бен оң жағымызға, екіншіміз-артымыз бен сол жағымызға қарайлап, сақ тұрамыз. Форма киген біреудің төбесі көрінгеннен  тез жиналып, қашып кетеміз. Осылай өлместің күнін көріп жүрген жайымыз бар. 
Жан-жағына алақ-жұлақ қарап отырып, бүгін де қас қарайғанша жұмыс істеді. Бағына орай бұл күні қуғыншы келмеді. Кешкісін  қалған тауарларын  екі әйелге көтерме бағамен өткізіп, Гүлімнің сақинасын азат етіп алды. Баянсыз болса екі күндік көше саудасының арқасында кәсіпкерліктің өзіне қол екендігін түсініп, іштей учаскелік инспекторға, саудагер әйелдерге, тұтынушыларға алғысын жаудырып келеді. Автобус жақтауына сүйеніп, ертеңгі күніннің белгісіз сынағына амалсыз мойынсұнып барады.
***
Сәуірдің соңы кеп, тал-ағаштар ашық жасыл реңк бере бастаған шақ. Перзентханаға баратын сөмкені  есік аузына  қойып, әне-міне деп отырған кездері. Гүлім-кешкі ас қамымен жүр. Әзім-ас үстеліне газет төсеп,   құрғақ пастельмен сурет салып отыр: Ерте көктем. Сидиған тұлдыр ағаштарды көп қабатты үйлердің қабырғасына салынған сурет дерсің! Жерде қардың еріген және ерімеген екі күйі жатыр. Еріген қар суы- күнге шағылысып айнадай жалтырайды. Қар бейнесінен түгі қалмаса да бу боп ұшып, аспанға баратынына бақытты секілді. Ерімегені-өзін күннен айырып тұрған көлеңкені жаратпағандай қабағын түйіп, кіржиіп тұр. Ағаш бұтағында жерге қарап ойға батқан жалғыз құс отыр. Аспанда-бір топ құс қиқулап би билеп жүр...
Бүгінде ол құл базардың тұрақты жұмысшысы. Өзіндей жігіттермен бірге   қар күреп, ауланың шөбін шауып, жүк  тасып, егістікке барып, қолайы келген жұмысқа жалданып, табыс табады. Мылқаулығын әлі де толық жеңе алған жоқ.  Жан-жағына жұғымды болу үшін темекі тартып, сыра ішуді де үйренді. Аптасына бір рет  жігіттермен сыраханаға барып тұрады.  Бірер саптыаяқты сыздықтатып алған соң  кіммен болса да шұрқыраса жөнеледі. Өкінішке орай, сөйлеу қабілеті мастығымен бірге жоғалып кетеді. Сонда да, шылым мен сыраның арқасында жігіттермен  әңгімелесетін  ортақ тақырып тауып алған. Сыраханадан кейін «бас қалай?»-деп сұрап, кешегі күнді еске алудың өзі бірге ішкендерді жақындатады емес пе? Өтірік ұмытып кеткенсіп, «бір тал шылым берші»- деп сұрау да бірер ауыз сөз алмасуға сеп болады екен. Біра ауыз сөздің қадірін өзіндей кім ұғар? 
Гүлім Әзімнің жайын айтып,  дәрігермен сұхбаттасыпты. Дәрігер оған-«Тревожное расстройство личности» деген диагноз қойыпты. Әзім өз ауруының  қазақша баламасын   іздеп таппады. Дәрігерден сұратуға тағы ыңғайсызданды. Диагнозының дұрыс қойылғандығына көзі жеткізбек боп, ғаламтор шарлаған соң,  шынымен ауру екендігіне көз жеткізді.  Ауруы жайлы Википедияның жазғаны мынау: Тревожное расстройство личности-расстройство личности характеризующееся постаянным стремлением к социальной замкнутости, чувством неполоноценности, чрезвычайной чувствительностью к негативным оценкам окружающих и избеганием социального взаймодействия. Люди с тревожным расстройством личности часто считают, что они не умеют общаться, или что их личность не привлекательна, и избегают социального взаймодействия из-за страха быть осмеянными, униженными, отверженными или что к ним будут испытывать лишь неприязнь. Чаще всего на тревожное расстройство личности впервые обращают внимание в период 18-24 лет, связывая его с кажущимся или реальным отвержением от родителей или сверстников в период детства.
-Ас дайын! дегеннің үстелді босат екендігін жазбай танып, бояу қағаздарын жинап тастады. Жаңа піскен ет пен қазының иісі мұрнын  жарып,  аяқ астынан, көңілінде  кемпірқосақ туа қалды! Бұл екеуі қанша уақыт етсіз ботқа мен қантсыз қара шәйді місе тұтты. Күрішті қара суға қайнатып жеген кездерінде, келісі 4000 теңге тұратын қазы алып, ет асып жеу дегенің  түстерінде ғана кіретін. Демек, мылқаудың да ризығы бар. Басындағы ауыр ойларды сілкіп тастап, алаңсыз ет жеуге кірісті.  
-Қазы жемегеніме тоғыз жылдан асыпты.
-Мен алғаш рет жеп отырмын. 
-Қалай екен?
-Сұмдық дәмді!

Жаңалықтар

Елордалық өрт сөндірушілер Нұра ауданы Қабанбай батыр даңғылында автобустың жануын сөндірді, деп хаб...

Жаңалықтар

Әлеуметтік желілерде қайырымдылық қор құрылтайшысының қаржысын жымдықды деп айыпталып отырған Пери...