Ақмоланың облыстық театры туралы ащы шындық

ТЕАТР
7314

 

Сын - сынық салған сияқты. 

Сипап отырып сызатын жазу керек. 

Сындырып алсаң - сынықшы емес бүлікші болғаның...

Автор

 

Театрдың өткен жолы керемет, ал қазіргісі ше...

 

Театр бәсең көңілдің алапат өртке ұласар, адам бойындағы аласармас асқақ ойлардың қанат қағар немесе рухтанар мекені. Мен тек театрда ғана катарсис аламын. Бәлкім сіз де?! Бұл мақалада осы бір аяулы мекеннің біз білер, ел білмес, азға аян әмбеге беймәлім тұстары сөз болмақ. Қазақстандағы елу төрттен астам театрдың қай жыртығын жамап, бәрін қайдан түгендеп үлгермекпіз?! Осы мақаламызды тек Көкшетау қаласындағы Шахмет Құсайынов атындағы қазақ музыкалық драма театры жөнінде өрбітуді құп көрдік. Аталмыш ұжымның шығармашылық деңгейі қалай, облыстық басқарма тарапынан қандай қолдаулар тауып жатыр? Осындай сұрақтардың жауабын іздеп, 14 қараша күні Астанадан арнайы Көкшетауға ат басын бұрған едік. 

 

 

1996 жылдың 6 наурызында қазақтың халық жазушысы, драматург, сыншы, қоғам қайраткері Ғабит Мүсіреповтің «Ақан сері – Ақтоқты» трагедиясын Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген өнер қайраткері, режиссер Жақып Омаровтың сахналауымен Көкшетау төрінде қазақы кәсіби театрдың шымылдығы түрілді. Бұл театр бұрыңғы Көкшетау облысы, Айыртау ауданына қарасты Қоскөл ауылының тумасы, драматург, театр қайраткері - Шахмет Құсайыновтың атымен аталды. «Шахмет Құсайынов атындағы қазақ музыкалық-драма театрының» ашылуына Жақып Омаров пен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, театр актері, осы театрдың алғашқы директоры, көркемдік жетекшісі - М. Оспановтың сіңірген еңбегі орасан зор. 1996 жылы Алматыдан Т.Жүргенов атындағы мемлекеттік театр және кино институтын бітіруші түлектерді Көкшеге әкеліп, тақыр жерден театр тұрғызған режиссер Ж.Омарұлы мен М.Үкібайұлының еңбегін айтпай кетуге болмас. Міне сол жирма екі жылдық тарихы бар театрдың өткені мен бүгінін қағаз бетіне түсіріп көрсек. 

Театрдың құрылғанына бес-ақ жыл толған шағында бірден халықаралық деңгейге ұмтылып, 2001 жылы Мысырда өткен әлемдік театр фестиваліне Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, режиссер Гүлсина Мерғалиева сахналаған «Конвейер» спектаклімен қатысып, 5 жүлденің біреуін қанжығалап қайтқан.

 

 

Араға он жыл салып, 2011 жылы театр Украина елінің Қырым автономиялық республикасында өткен Антикалық өнердің ХІІІ «Боспор агондары» (агон – көне гректер мен римдіктердің түрлі жарыстық ойындары – ред.) Халықаралық театр фестиваліне бірінші болып қазақ елі атынан қатысып, театр режиссері Қуандық Қасымов сахналаған Альбер Камюдің «Калигула» тарихи трагедиясымен «Классиканы жоғары дәрежеде сахналағаны үшін» номинациясын жеңіп алып, Мәскеу мен Украинаның беделді театртанушылары мен сыншылары тарапынан жоғары бағаға ие болған. 

Ал 2013 жылы режиссер Фархадбек Қанафин сахналаған И.Лаузундтың «Кеңсе» («Офис») қойылымымен Ресей Федерациясының Татарстан Республикасы Қазан қаласында өткен жас режиссерлердің V Халықаралық «Ремесло+» театр фестиваліне Қазақстан және Орта Азия елдері арасынан жалғыз қатысып, дипломант атанса, 2015 жылы Белоруссияның Минск қаласында өткен «ТМД елдері және Прибалтика мен Грузия мемлекеттері жас театр қайраткерлерінің ІІ Байқауына» режиссер Болат Абдрахмановтың қиялынан сахнаға жол тартқан Теннесси Уильямстың «Құштарлық» трамвайы» атты драмасы барлығы он төрт мемлекет қатысқан халықаралық фестивальде Қазақстан атынан өнер көрсетті.

 

 

Көкшетау топырағында, өз шаңырағында 2004 жылы Қазақстанның халық жазушысы, драматург Сәкен Жүнісовтің 70 жылдығына орай, 2007 жылы Шахмет Құсайыновтың 100 жылдығына орай және 2009 жылы Ақмола облысының 70 жылдығына орай барлығы үш аймақтық фестиваль ұйымдастырылып өткізілуіне мұрындық болған.

Театр ұжымы алғаш рет 2007 жылы гастрольдік сапармен Қытай Халық Республикасында болып, Іле қазақ автономиялық облысының 4 ауданы мен Құлжа қаласында өнер көрсеткен. 

Ал өзінің 20 жылдығы қарсаңында театр ұжымы тұңғыш рет Астана мен Алматыда гастрольдік сапарда болған. 

Ел тәуелсіздігімен бірге жасап, бірге жетіліп келе жатқан Шахмет Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық-драма театрында бүгінде жүзден астам спектакль сахналапты. Осыдан жиырма екі жыл бұрын еліміздің тұс-тұсынан келіп, театр шаңырағын көтерген өрімталдай жас актерлар мен актрисалар бүгінде театрдың алдыңғы буын аға толқынына айналды.

Шығармашылық құрам қызметкерлері қазақ театр өнеріне қосқан зор үлестері үшін бірқатар марапаттарға ие болды.

Жалпы, бұл театр үшін осы жыл аспаннан шұға жауған, кеуделері марапатқа толған жыл болды. Яғни, 2006 жылы театрдың 10 жылдық мерейтойына орай театрдың іргетасын қалаушы жоғары санаттағы драма артистері К.М.Мырзаболатов, Қ.О.Қалқатаев, Ж.С.Құсайнова, Т.Көңбай, Ж.Ш.Қалдаров және А.Х.Жүнісова сынды өнер иелері Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігінің «Мәдениет қайраткері» төс белгісімен марапатталды.

2011 жылы театрдың қалыптасуына үлкен үлес қосқан Қазақстанның халық артисі - Ж.Е.Бағысова мемлекет алдында сіңірген көп жылғы елеулі еңбегі үшін Қазақстан Республикасының «Парасат» орденімен марапатталса, театрдың жоғары санаттағы драма артисі З.Т.Арзымбетова «Мәдениет қайраткері» төсбелгісіне ие болған. 

2012 жылы театрдың орта буын артистерінің бірі, жоғары санаттағы драма артисі Б.С.Имангазинов Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігінің «Мәдениет саласының үздігі» төс белгісімен марапатталды. 

2016 жылы Көкше көрермендерінің көзайымына айналған, театр репертуарын тіреп тұрған, жоғары санаттағы драма артисі Ж.Ш.Қалдаров жоғары мемлекеттік наградамен – Қазақстан Республикасының «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. 

 

Фонограммамен ән айтқан «Шәмшіні» кәсіби театр сахнасынан көремін деп ойлап па едіңіз?!.

 

Міне, бұл – өткені. Бүгіні – бөлек әңгіме. Театрда былтыр отыздан астам актер бар еді. Биыл жиырмаға жетер-жетпес қана екен. Оның жеті-сегізі ғана жоғары білімді, жоғары санатты артистер болса, қалғанын Ақан сері атындағы Көкшетау мәдениет колледжінің «Драма актері» мамандығын бітірген орта білімді актерлер толықтырып отыр. Театрда кәсіби режиссерлық білімі бар екі режиссер Ф.Қанафин мен Б.Абдрахманов қызмет істейді. Театр кәсіби суретшіге зәру. Музыкалық театр бола тұра оркестрді қойып, шағын ансамблі де жоқ. Фонограммамен ән айтқан «Шәмшіні» кәсіби театр сахнасынан көремін деп ойлап па едіңіз?!. Кәсіби театр дәрежесімен сатиралық скетчтар,  миниатюралық көріністер көрсетіп, концерт қойғаны қаншалықты ақылға қонымды?!. Сәл сабыр сақтасаңыз, соңына дейін оқуға шыдамыңыз жетсе, осы түйткілдерді тереңінен тарқатсақ дейміз. 

1-мәселе: Театрдағы көптеген артистердің жұмыстан кетуіне, шығармашылықтан қол үзуіне немесе басқа театрларға ауысуына не себеп? Былтыр Алматыдан Ж.Елебеков атындағы эстрада-цирк колледжін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Ж.Хаджиевтің шеберханасынан бітірген алты актер (Нәдір Сұңғатолда, Ерназар Махамбетәлиев, Жаңыл Рахметова, Рахат Жұмаханов, Абзал Жақып, Аяулым Сұлтанбек) келіп қосылып еді. Биылғы театр маусымында сол келген алтаудың бесеуі кетіп қалғаны аздай, жоғары білімі бар Қазақстанның халық артисі, профессор Т.Жаманқұловтың шәкірті Наурызхан Тинхан мен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, режиссер Әлімбек Оразбековтің шәкірті Ақжібек Саттарова да көкшелік театрдан қол үзіп, Алматы шаһарына сапар шегіпті. Осы театрда он жылдан бері еңбек етіп келе жатқан Зүлкәпіл Батихан, Баршагүл Малгаждарова, Асылбек Ташимовтар мүлдем басқа саланы сағалап кеткен. Мүмкін біріңіз «Кетсе, кете берсін. Кім жұмыстан кетпей жатыр?! Не көп - артист көп. Басқасы келер» деп ойларсыздар. Жоқ, мәселе артистердің адресіне тиесілі РЕПЕРТУАР деген мұнараның қисайып, құлағалы тұрғаны. Жастарды қойып, театр негізін қалап, репертуарды биіктетіп, түгендетіп тұрған көшбасшы актерлер - Жарас Қалдаров, Елтай Мұстанов, Гүлмира Жакилина, Бағлан Иманғазинов сияқты жетекші артистердің орынын әлі күнге толтыра алмай, бастапқы қойылымдарды қалыпқа келтіруге тырысып, сыртқа сырын ашпас жұмбақ өнердің күйреуге шақ күнін былайғы жұрт қайдан білсін?! Жоғарыдағы жүлде алған «Калигула», «Король Лир», «Офис», «Хан Абылай», «Ричард ІІІ» т.б көптеген кәсіби тұрғыдағы қойылымдардың адам жетпегендіктен, сахналанбай жатқаны жанымызға батады. Шыны керек, қазір Шахмет Құсайынов атындағы қазақ музыкалық-драма театрында айналымда жүрген небары онға жуық спектакль ғана бар. Оның жартысы балаларға арналған ертегілер. Ал кәсіби талапқа сай қойылымдар үшеуге жетер жетпес. Кілең бармақ басты, көз қыстының әдісімен атағын бұлдап, беделін құндап, мансабын пайдаланып қойғызған драматургиялық талапқа сай келмес қойылымдар шаш етектен. Соңғы бір-екі жылда режиссерлер Ф.Қанафин мен Б.Абдрахмановтың қойылымдарынан гөрі, театр директоры М.Оспановтың сахналаған спектакльдері театр репертуарынан жиі бой көрсететін болыпты. Сонда бұл «Шахмет Құсайынов атындағы Мұратбек Оспановтың театры болып бара жатқан жоқ па?» - деген ащы мысқыл қылаң ете қалады.  Аталмыш артистердің жұмыстан кетулерінің себебі сол жан бағуға жетпес 50 000 теңгелік жалақы. Не тұрар үйі жоқ көшпелі ғұмыр. Айтпақшы, театрға он жылдай қызмет еткен артист Зүлкәпіл Батиханға театрдың берген пәтері бар еді. Биыл жұмыстан кетуіне байланысты баспанасын тәркілеп алған екен. Сонда театрдың берген қуықтай қонысы он жылдық еңбектің өтеуі болмағаны ма? Бұл әрекеттері қаншалықты орынды? Қаншалықты құптарлық? Жақсы, материялдық себептер өз алдына. Артистердің театрдан кетуіне рухани, шығармашылық тұрғысынан тоқталсақ... 

Біріншіден, театр репертуарына зер салсаңыз, кілең сапасыз, айқайы мен ұраны басым, дидактикалық қойылымдардан аяқ алғысыз. Терең философия, көркем лирика, өткір комедия, күрделі трагедия ойнай алмаған артистің жаны қалай рахаттансын, рухы қайдан байысын?! Соңғы жылдары фестиваль дегеннің не екенін ұмытып, үй айналып өз ішінде бықсыған өнер қайдан өссін?! 2006 жылдан бері қолпаштап, жігерлендірерлік мемлекеттік марапат, құрмет тұтар төс белгі берілмесе, кімнің жұмыс істеуге ынтасы болсын?! 

Ал соңғы кездегі театр саласына қатысты марапаттардың Ақмола төріндегі театрдан айналып кеткендігінің себебі мынада – бұрын Қазақстандағы 54-тен астам театрды ҚР Мәдениет министрлігінен өзге, Тұңғышбай Жаманқұлов басқаратын «Театр қайраткерлер одағы» басқаратын, ұйымдастыратын. Қазір театр рухниятының тізгінін Асанәлі Әшімов басқаратын «Қазақстан театрлар ассоциациясы» қоғамдық бірлестігі ұстап отыр. Бұл ассоциациялық бірлестікке мүше болып кіруі үшін әрбір театр 300 000 теңге көлемінде жарна төлеп, тіркеледі екен. Кім төлеп тіркелді, солар сыйлыққа да, сияпатқа да ие болады. Бір ғана әттең-айы Ш.Құсайынов театрының бұл бірлестікке мүше еместігі. Әйтпегенде бес жылдан бері Ақмолалық театр атынан Қайрат Мырзаболатовты «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» төс белгісіне ұсынғанымен, еш нәтиже бермей келеді. Тек Қ.Мырзаболатовты қойып, театр жастарының ішінде «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығына, тіпті түгел республика деңгейіндегі барлық театрлардың жылдық еңбегін қорытындылайтын «Сахнагер» ұлттық театр сыйлығына, тым болмаса «Үміт» театр марапатына осы театрдағы жанкештілердің ешқайсысы иегер болып көрген емес. 

2-мәселе: Көкшедегі көркемдігі жағынан көз тартатын ғимараттардың бірі осы Ш.Құсайынов атындағы қазақ музыкалық драма театры. Жоғарыда атап өткендей, МУЗЫКАЛЫҚ деген атауға лайықты жағдай жасалмаған. Репертуарда музыкалық жанрдағы бірде-бір спектакль жоқ. Музыкалық сауаты терең, орындаушылық шеберлігі жоғары артистер өздерін көрсете алмай, эстраданың сүйемелдеуімен қор болып жүр. Кейбірі «плюсовка» жазып алуды әдетке де айналдыра бастаған. 

Театр ғимараты көз тартқанымен, артистердің физикалық шынығуына, күнделікті ауыр жұмыста ауқаттануларына назар бөлінбегендігі қынжылтады. Артистің тілі ғана емес, денесі де, бұлшық еттері де «сөйлеп» тұруы керек. Болбыраған, салбыраған бейне артист мүсініне жараспасы анық. Осы ретте әр кәсіби театрда жаттығу залы барын және болуға тиісті талаптардың бірі екенін естен шығармағанымыз абзал. Бұл театрдың ақсап тұрған бір тұсы – осы. Және жоғарыда күнұзақ жұмыста артистер уақытылы ауқаттанып, әлденіп жүруі туралы сөз еттік. Бұл – менің шығарған заңым емес, К.С.Станиславскийдің өзі театрдың маңызды бөлмелерінің бірі «Асхана» екендігін, тіпті ас мәзірінің аса майлы, әрі суық, сондай-ақ дәмсіз болмауы керектігін атап көрсеткен. Бұл театр ғимаратында асхана бөлмесі болғанымен, қолданысқа неге берілмейтіні бізге беймәлім. 

3-мәселе: Мұқтаждық. Мәжбүрлік. Кәсіби театр дәрежесімен сатиралық скетчтар, миниатуралық көріністер көрсетіп, концерт қойғаны жөн бе?!. «Қысылғаннан қыз болдық» дегендей, театрдың бұл амалының себебі мынау... Театр – мемлекеттік мәдени мекеме. Спектакль көрсететін, билет сату арқылы мемлекетке пайда түсіретін коммуналдық қызыналық кәсіпорын. Мемлекет тарапынан жылына 6 қойылым қоюға, фестивальдерге қатысуға, шығармашылық іс-сапарға шығуға 12 млн.-дай қаржы бөлінеді екен. Ал билет сату, спектакльдер көрсетіп, іс-сапармен жүру арқылы мемлекет қазынасына 18 млн. пайда түсіруі міндеттелінеді-мыс. Осы ретте театрға деген сұраныстың деңгейі мен ұсыныстың мөлшері есепке алынары хақ. Көкшетау кішкентай қала. Жұрт бір көрген спектаклін екінші рет келіп көруге құлықсыз. Әрі қарапайым көрерменді қойып, Көкшетаулық зиялы қауымның өзін театрға шақырту жібертіп шақыртқанның өзінде, әзер келеді деседі. Кейбір өңірлік авторлар өз пьессалары сахналанатын күні ғана келсе келер, басқа күнде бас сұғып та кірмейтін көрінеді. «Адам бүгін театрға ертең адам болып қалу үшін барады», - депті француз режиссері Робер Лепаж. Сонда біз адамдықтың биік сатысына қашан шығып үлгергенбіз?!. Міне осы түйткілдерді еңсеру үшін, еңселі театр есебін түгендемек ниетпен, ел алдына шығып тамаша ойнап жүр. Арзан әзіл айтып, сұйық сөз сапырып, бетін ыржитып жұртты күлдіріп тұрғанымен, кәсіби драма артисінің іші егіліп жылап тұратынын кім түсінсін?! Қайтпек керек? Бәлкім апталық жұмысты арттыру керек пе? Мысалы: Бұл театрда сейсенбіден жексенбіге дейін күніне бір-ақ рет қойылым көрсетіледі. Ал басқа театрлар сияқты неліктен күніне екі уақыт спектакль ойнамасқа. Таңертең немесе түскі уақытта ертегілер. Кешкісін спектакльдер. Бір жағынан арзан жалақыға кім жанын қинасын?!. Анда тартсаң – аяғыңа, мұнда тартсаң – басыңа жетпейтін шолақ көрпе жамылған кедей мәдениет-ай! Көрпеңе қарап, көсіле алмай, бүк түсіп жатып, көндігіп те қалыпсың-ау... 

 

Сіз маған ақпанда келіңіз, мен сізге сол кезде жасалған жұмысты көрсете аламын...

 

Көкейкесті сұрақтарға жауап іздеп Ақмола облыстық мәдениет басқармасының бастығы Бикенев Рустам Төлегеновичтің кабинетіне бас сұқтым. Әңгімеміз ұзаққа созымады. Айналасы жиырма минуттық сұхбат құрдық. Менде сұрақ үстіне сауал жаудырып қоя бердім, ол кісі де айтқанынан қайтпады. Барлық сұрағыма бергені бір ғана жауап. Тек соны қайталаумен болды. 

 

 

- Шахмет Құсайынов атындағы қазақ музыкалық драма театры жөнінде. Музыкалық статусы бар театрда ұлт аспаптар оркестрі былай тұрсын, шағын ансамбль жоқ. Артистер «плюсовкамен» ән айтып жүр. Штаттан ансамбль ашу жоспарда бар ма?

- Мен мәдениет басқармасына басшы болып сайланғаныма көп болмады. Биылғы жыл бітсін. Сіз маған ақпанда келіңіз, мен сізге сол кезде атқарылар жоспарды, жасалған жұмысты көрсете аламын.

- Театр артистерінің еңбектері қаншалықты бағаланып жатыр? Театр негізін қалаған аға буынның өзі елуді еңсеріп қалды. Табаны күректей жирма екі жылдан астам еңбек етуде. Мемлекеттік марапаттар, мемлекеттік ордендер табыстау биылғы жылдық қорытынды да жүзеге аса ма? Мәселен, 5 жыл қатарынан «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» төсбелгісіне Қайрат Мырзаболатов ұсынылады екен. Неге еш нәтиже жоқ?

- Иә, бір артисті ұсындық. Әкімдіктің қаралымында. Сіз маған ақпанда келіңіз мен сізге сол кезде атқарылар жоспарды, жасалған жұмысты көрсете аламын.

- Кәсіби драма театры деген статусы бар облыстың білдей бір театры неге жыл сайын «Жаңа жыл» науқанында сатиралық скетчтар, миниатюралық көріністер көрсетіп, концерт қояды? Бұл қаншалықты кәсібилік сұранысқа сай?!.

- Неге ойнамасқа. Артистер халықтың сұранысын өтеу керек, көңілдерін көтеру керек. Қажет болса ертегілер ойнауы керек.

- Ертегінің жөні бөлек. Мен КВН-щиктердің деңгейіндегі, мысалы «Нысана» әзіл-ысқақ театрлары ойнайтын жеңіл миниатураларды айтып отырмын.

- Мен сізге тағыда айтамын. Менің бұл қызметке келгеніме көп уақыт болған жоқ. Сондықтан сіз маған ақпанда келіңіз, мен сізге сол кезде атқарылар жоспарды,  асалған жұмысты көрсете аламын.

- Театр репертуарының 70-80 пайызы драматургиялық талапқа сай келмейтін әлсіз туындылар. Көркемдігі төмен, фабуласы қарапайым, кілең кассалық тұрмыстық комедиялар. Философиялық, күрделі туындылар сахналамақ ниетпен сырттан режиссер шақыру, артистердің біліктілігін арттыру сынды тың жобалар жоспарыңызда бар ма?

- Айтыңызшы сіз қандай мақсатпен келіп отырсыз?

- Мен театрға жаным ашып, жас театртанушы болғасын әрі қазір Астана қаласындағы «Мәдениет» порталындағы театр бөліміне жауапты редактор болғасын келіп отырмын.

- Жоқ, сіздің театрға жаныңыз ашыса, осы мәселелерді артистердің, труппаның алдында айтар едіңіз. Сіз қазір маған театрды жамандау үшін келген сияқтысыз. Мен барып көрдім, театрдың деңгейі жақсы, артистердің бәрі білікті, сауатты.

- Рустам Төлегенұлы ...

- Жоқ. Былай істейік. Біз сізге театр труппасын жинайық. Көркемдік кеңесті шақырайық. Сіз сол жерде осы мәселенің бәрін айтыңыз. Әйтпесе екеуара әңгімеміз сыртынан өсектегендей көрінеді.

- Жақсы. Онда қазір-ақ жинаңыз. Мен дайынмын.

- Қазір мүмкін емес. Біріншіден театр директоры М.Оспанов мерзімдік демалыста. Сондықтан сіз осы жыл бітсін, ақпанда келіңіз сол үлкен жиында сізді тыңдайық.

- Ақпанға дейін 3 ай бар ғой. Уақыт созбай, ертерек кездеспедік пе?

- Мен сізге тағы да айтамын. Мен бұл қызыметке жаңадан орналасып жатырмын. Жылдың басында мемлекет бюджетін есептеп, атқарылар істерді жоспарлаймыз. Сіз маған ақпанда келіңіз, мен сізбен сол кезде атқарылар жоспарды, жасалған жұмысты театр ұжымымен бірге талқылайтын боламын.

- Жақсы. Сау болыңыз.

Міне сәтін салса ақпанда айтылар әңгіменің түп төркіні осы. Облыстық театрларды дәріптеу, есті көрермен қалыптастыру, елді-мекендегі театр руханиятын ұдайы насихаттау «Мәдениет» порталының басты нысанасы болмақ. Артист атаулының ақшасы арзан болса-дағы, атқарар еңбегі атанға жүк боларлық екенін есте сақтағанымыз абзал. Осындайда «Артистің бәрі адам, адамның бәрі АРТИСТ емес» - деген Әкім Таразидің сөзі еріксіз еске түседі. 

 

P.S

 

Театр бәсең көңілдің алапат өртке ұласар, адам бойындағы аласармас асқақ ойлардың қанат қағар немесе рухтанар мекені. Мен тек театрда ғана катарсис аламын. Бәлкім сіз де…

 

Нұрислам Әбділ, театртанушы

Суреттер интернеттен алынды



Жаңалықтар

Елордалық өрт сөндірушілер Нұра ауданы Қабанбай батыр даңғылында автобустың жануын сөндірді, деп хаб...

Жаңалықтар

Әлеуметтік желілерде қайырымдылық қор құрылтайшысының қаржысын жымдықды деп айыпталып отырған Пери...