ДИДАР АМАНТАЙ. ОТ ЖАҚҚАНДАР

ӘДЕБИЕТ
3239



Әңгіме/пәлсапа

Ол айсыз түнде от жағып отыр. Күшейген алаудың көк жалқын қызыл жалыны өзегіне байланып, жан-жағын төңіректеп, жайқап келе жатады да, ауаны қарпып, тік шаншылады, шалқып төмен құлағанда, төңкеріліп, теңселген қалпы сатылап басылады, жел тұрғанда, күркіреп тағы көтеріледі, тынышталса, көк жалқын қызыл жалын лапылдап жанып, бетін шарпиды.

Маңдайын ыстық қарыды. От қуатын ерте таныған боз жігіт оның тізгінге көнбейтін, ноқтаға сыймайтын асау дерт екенін байқады, бірақ, шексіз сүйді. 

Жанбасаңыз – жоламаңыз. 

Ойда жоқта, қапыда, жөпелдеме сәтте – қамсыз келсеңіз, қайғы Сізге көшеді, қападар жанды күйдіреді, шерлі жүректі өртейді. Әдетте, киіз туырлықты қазақ кейбір метафоралық теңеулерінде, арудың құшағы оттай ыстық деп кейіптеп жатады. Ал оттың құшағы ше.

Құшақ-құшақ отын құшақтаған пенде өрт көтеріп келе жатқанын білмейді. Тағдыры талайлы, жолы соқпақты, құдыреті күшті ұлы от, тегінде, өштескенді жібермейді. Өрт, бірақ, тізгінсіз кеткен от. Үнемі қарауда, ұдайы назарда. Еркін, бостан, ерікті от – қасірет. Тіпті, дұшпан. Ақыл жетегіндегі – дос.

Жолаушыға серік, панасыз адамға – қалқа, қайғылыға сыр ашатын жолдас. Бірақ, табиғаты басқа. Отаны – Алапат Жарылыс.

Дүние жаралғанда, от шықты.

От ғаламзатқа серік болды. Әуелі таңғажайып дос еді, кейін дұшпанына айналды. Қазақ оны тілсіз жау атады. От жаратты – оттың жамандығы ма. Демек, себеп біреу, оттан жаралған – пәлені өзінен тапқан жаратылыс. Кісінің жаманы топырақтан емес. Топырақтың бәрі жақсы. Құнары барда, адам да тоқ. Ойы сабыр тапқанда, жаңа ғана көк аспанға шаншыла қадалған алаудың кішірейіп, ақырындап қоламтаға айналып, өше бастағанын аңғарды. 

Қашықтан жарық көрінді. Қай бейбақ жан-жағын жайпаған оттан қосақ, жанына – серік таппақшы. Іздеңіз, шарқ ұрып іздесеңіз де, ізім-қайым жоғаласыз. Орнынан баяу қозғалды. Сөнген отты тастап, көрінген отқа қарай аяқ басты. Бірқалыпты сылбыр аяңдап, ілгері жүріп келе жатыр. Түнгі жорық-жортуылдың сілемденген соқпақ жолы қашанда ұзақ, шұбатылған ұзын-ұзын шақырымдар жұмбақ ұзан дауысындай құмығып алысқа кетеді, жеке ойдың дербес сапары, уайым-қайғы тұлғаланып айқын көрінетін тұс, топшылайтын, шерге толы ой-арман қайғыдан туады, қуаныштан қауіп, бақыттан қатер төнетін шақ. Әдетте, жақсылық – жарықтан, жамандық – қараңғылықтан келеді.

Күн еңкейді.

Сондықтан, от құшақтаған адам көрсеңіз, ол – жақсылық сәулесін шашып, жарыққа ұмтылған абыз, көне замандарда ілім құшақтаған пайғамбар.

Қара жаяу сапаршы жылдамдата басты.

Отқа ұзақ қараған адам әлемге алапаттанып қарайды.

От рухты көтереді. 

От пен ойдың арасында тығыз байланыс бар.

Пайғамбарлар ескі дағды, көне низамға бағынған жұртқа от әкелді. 

Пақырмыз, деді ол, төгіліп жатқан ой толастар емес, кенет, аяқтарын нық басып, алға ентелей, тіпті, қауырт, тездете, жылдамдата, асыға жүрді. 

От адамды пенделіктен пайғамбарлыққа жеткізеді.

Аласапыран ой бір сәт маза берер емес.

Қимылы – қунақ.

Есте жоқ ескі замандардан бері өзгермейтін қағида, от ұстап келген адам – не абыз, не пайғамбар. Екі бастан анық, деді ол, жазуымызда, от жаққанда, ұйықтап жатқан ізгілік оянып, сөніп жатқан әлем тұтанғандай көрінеді, деп айттық. Сығырайған оттың күші мен жайылған өрттің күші тең.

Кез келген жанған отта әлемдік өрттің қуаты бар.

Әлемдегі барлық от – алғашқы оттың шашыраған ұшқындары.

Су мен отқа қарсы тұра алатын ештеңе жоқ.

Тобылғы қырқаның етегіне түсіп, жатаған аршалардан ырғып, төбеге шыққанда, қарсы алдынан – аузын айға білеген арыстандай күркіреп – жанып жатқан от көрінді, төңірегін пышақтап шимайлаған, қанжардай тілгілеген алау, ертегі алыптарындай алапат биік еді. Ол көңіл күйі бірден өзгерсе де, қуанышын жасырғысы келді, бірақ өзін-өзі ұстай алмай, ілгері тұра ұмтылды.

4-5.11.2017

УАҚЫТТЫҢ ІЗІ

Әңгіме/пәлсапа

Бірақ, жүріп тұрған сағат уақыттан ауытқуы мүмкін, демек, сағат пен уақыт арасындағы сәйкестік тұрақты емес, кейде сағат ескі уақытты көрсетіп, жаңа уақыттың туғанын аңғармауы да хақ.

Ұйқысы қашты. Ол кірпігі айқаспай – ояу, сергек жатыр. Түнгі Алматы мүлгіп тұр. Таңғы мезгіл суытып кетті. Елең-алаң. Уақыт, расында, сағатқа тәуелді емес. Сағат уақытсыз өмір сүре алмайды. Уақытты көрсетпесе – сағаттың мәні жоқ, алайда, уақыт сағатсыз-ақ өмір сүре береді. Мәңгіліктің Өзі – құдыреті күшті Құдайда ғана уақыт жоқ.

Ол басында, үш тәулік бойы тоқтамай ұйықтағанын білген жоқ, тіпті, күнпарақ та айнымай жиырма сегізінші сәуірді көрсетіп тұр еді. Рәсуа күндер құлдыратса да, қынжылтса да, қызығушылығы басым еді, алайда, мәнін түсінгісі келді, ешкім үндеген жоқ, қоңырау шалғандар кеше, яғни жиырма жетінші сәуірде хабарласқандарына сенімді болса керек. Бірақ, күллі Алматы жиырма бесінен жиырма алтысына қараған түннен бастап бәрі тегіс оянбай ұйықтағандарын сезген жоқ.

Бәрі қатар, бірдей ойлағанда, уақыт өзгереді екен, түпнұсқадан алшақтап, дүниеге жаңа үлгі келеді, яғни мезгілді сәл жылжытамыз, мерзімдер орын ауыстырады. Сондықтан, барлық қала тұрғындары кеше жиырма жетісі екендігіне күмәнсіз, бірақ, олар жиырма бесі мен жиырма жетісін шатастырып алғандарын түсінер емес, үш күн бұрынғы уақиғаны кеше өткендей көрген жұрт бір-біріне таң атпай жарыса әңгімелеп жатқан шығар, бірақ, Алматы, үш күн болды, Фейсбукте жоқ, оны өздері де аңғармайтын сияқты, сұраған жұртқа аса мән бермей, немқұрайлы клавиатураны тырсылдатып басып жауап бере салады. 

Әдетте, қажет уақыт бізді оған тәуелді етеді. Үнемі шарқ ұрып іздейміз, қашанда бізге уақыт жетпейді. Бірақ, адамдар уақытын ұрлап алсаңыз, оны байқамай да қалады екен...

Уақыт – Жаратушыдан тиген енші, Құдай берген дәулет. Туғанда уақытқа баймыз, қартайғанда – жарлы, өмір сүріп жатқанда – мырзамыз.

Әсілі, уақытымызды өмір бойы оңды-солды жұмсаған сайын жасымыз да ұлғая түседі. Жас келген сайын уақытымыз да азаяды, енді біз – кедейміз. Күнімізді, айымызды, жылымызды ұрлатып, барымыздан тоналған біздің – уақытымызды да – белгілеп қояды.

Десек те, белгісіз уақыт көрінбей қалады екен, оны білмеген соң, керісінше, шарқ ұрып іздемейміз. Бар уақытты жоқ деп ойлаған жұрт қателігін дәл аңғарып, айқын таныған кісіні ақыл-есінен ауысқан адамдар қатарына жатқызып, күдікпен қарайтынымыз рас.

Оқшау ойлы пенде айтқаны жалған, бірге ойлағандікі рас екен. Қоғамдық көқарасқа, қалыптасқан шындық бейнесіне күмән келтіргендер мәжнүн атанады. Сонда не істемек, қайтпек керек. Үш күндік ұйқының уақыты қайда жұмсалды, үш күндік тарих жазыла ма, әлде жұрт кешелері де көп нәрсені ұмытқандай, біртіндеп бәрін ұмытып ары қарай көш түзеп, керуен тартып кете бере ме...

Тарихсыз уақыт бола ма, жалаңаш уақыт қалай есте қалады. Бір қаламгер сомдаған сұңғыла қаһарман уәжіндей , адамзат бақытқа жеткенде, уақытты іздемейді, өйткені оның керегі жоқ. Әлде Алматы жұртшылығы тегіс бақытқа жеткен аяулы да армансыз жандар ма екен.

Сонда, уақыт қалай төреші, әдетте, уақыт жарықтық куәгерлікке жарамайды, кейде көргенін ұмытып қалады, сондықтан уақыт мәңгіліктің бақылауында болуы тиіс.

Уақытты тарих тізгіндеп отырады. Бірақ, үш күндік жоқ тарихтың көрінуі әлде жоғалуы немесе ешқандай хабар-дерексіз қалғаны, уақыттан адасып, пормадан шатасқаннан емес пе. 

Тарих, білеміз, екінші тараптан – уақыттың ізі. Жүріп өткен жолы. Уақытты таңбалайтын белгі. Алайда, үш күндік уақыттың тарихы қайда, шимайланған ізі, сойдақтап жазған қаламы қай жерде қалды, мазмұнсыз порма, яғни уақыт өмір сүре ала ма, жоқ па, кім біледі. Түсінгеніміз, яғни, тарих – уақыттың баласы.

Уақыт тарихты бесігіне бөлеп өсіреді.

Тарихи уақиғалардан уақыттың сүрлеуін көруге болады.

Алайда, уақытсыз да әлем өмір сүре береді екен, яғни уақыт табиғи емес, шартты, қолдан жасалған дүние. Уақыттың сағаты қоғамның қолында не қалтасында сыртылдап соғып тұрады, сондықтан, сіз ауыстырғанмен көптің сағаты сол күйінше қалады, уақыты келмей, сағатыңызды бекерге бұрамаңыз, оны уақытынан бұрын түзету, тіпті, жалпы, салғырт, немқұрайлы қарау қашанда зая да қауіпті, әр нәрсенің өз уақыты қоғамдық сағаттың тілінде өмір сүреді, меншікті сағатыңыз қоғамдық уақыттың соңынан еріп отырады, ол басын көтеріп сағатқа қарады да, қалғи бастады, сосын кірпіктері айқасып бірден ұйықтап кетті. 

05.11.2017

ПӘЛСАПАШЫ

Әңгіме/пәлсапа

Өзен арнасынан шыққан тәрізді. Әлде, от пен су қатар жатса керек, әдеттегіден гөрі, мүмкін, әлдеқайда жақын – дыбысы гүрілдеп естіледі. Қу ағаштардың дүрілдеп жанғаны тасыған өзен шуылынан құмығып, құлаққа тұңшығып жетеді. 

Демек, отқа ғашық – оттан өледі. Тегінде, қарағай ағаштары арасынан жарып түскен сәуленің тігінен шаншылғанына қарағанда, түс мезгілінде тас төбеге шыққан, шалқып жатып ақ шаңқан шұғыласына шомылған, жарқыраған шырайлы күн, суға түскен жапырақтай көкте қалтырап, ашық айдында ақырын қалқып жүзеді. Ол қайта теңселіп кетті. Рас, құшақтаған сайын құшағы өртенеді. Көкірегіне түскен шоқ жалыны біртіндеп қабырғаларын қарып, сосын, жүрегін өрт шалады.

Көз жұмғанша, жағы түскенше, дүние қоштасқанша – сөнбейтін өрт. От ұшқындана сытырлап жанады.

Иә, ертеңіне аламан жұрт, оқып-тоқыған кітабынан кетті, дейді, жиған-терген білімі көкірегіне толып, кең омырауына сыймай, бір сәттік өкініші мәңгілік күйінішіне айналып, жан сарайын сыздаған жарасы ауыртып, ішін жайлап келе жатқан, көк жалқын қызыл жалын тілінен тамған от кеудесін тілгілеп, бейуақ мұңлық күйіктен өлді, деп жар салады. 

Әдетте, өсек-аяң қалың өртке дауыл тигендей ел-жұртқа, ауыл-аймақ, ағайын-туғанға жылдам тарайды. Мазмұн тез өзгереді, әз мағына мәнінен айырылады. Жолай қауесет пен шындық арасына қойылған айырым-белгі бұлыңғыр тартып, анық шекара көмескі күйінде, көз көрген уақиға деген сөзге айналып, жалғанға қосқаны, жолда жамалғаны көлемін үлкейтіп, аңыз-әфсана туады.

Алау соққан желден ұйтқи түседі. Енді отқа тесіле қарап отыр. Өмір – түс, тіпті, ойдың жемісі, әлде, мүмкін, кім біледі, тілдің тұңғышы. Сөзден туған перзент. Ғұмыр. Сөз жоқта, болмысты көрген адам бар ма, барында – сөздің өзінен оқимыз.

Пристуствие, деді ол бір құшақ отын көтеріп келе жатып. Бар. Бұл – болмыстың негізгі қасиеті. Мен – бармын. 

Болу дегеніміз болмыс. 

Қайыра орнынан көтерілді. Болмысты, деді ол, сосын отқа қарады, сонау замандағы көне гректерден бастап, жиырмасыншы ғасырдағы Мартин Хайдеггер, Эдмунд Гуссерль, Жан-Поль Сартр тәрізді пәлсапашыларға, ойшылдарға шейін түгел зерттеді. Ол өзін кенет Ницшеге ұқсатты. Ұзақ түндер өзен жағасында алау жаққан ұлы ойшыл туысын оттан тапқаны рас. 

Ницше от еді – ақыры жанып өртеніп кетті. Суықта қызуына жылынған ел оның жаужүрек пәлсапасынан қауіп көрді, жүрегін жалынға қақтап, ойын көшеде жақты. Бірақ, қайта күбірлей сөйледі ол, қараңғы түн лапылдап төңірегіне жарық шашқан от перзенті, мәңгілік сұрақтар, зады, әлі күнге шейін көше жағалап, тастан қаланған ірілі-ұсақты қалаларды елестей кезіп, аралап жүр.

Далаға жетті.

Алайда, дүние өзгеріп, болмыс ашылса да, түсінік кешегі танымнан әрі аса алған жоқ. Болмыстың қуаты – тілдің құнарында. Тіл, Хайдеггердің айтуынша, болмыстың мекені. Тіл – болмысқа пана, уақытқа – серік. Тіл уақытты мәңгілікке сүйрейді. 

Ол биік жанған от алдында түрегеп тұр. Болмыс – қатысушы, қатынасушы нәрсе, болмаған нәрсе – болмыс емес. Құнарлы тіл болмысты мәнге толтырады. Құрдымнан құтқарады. Рас, болмыстың қазасы – тілдің ойда өмір сүрген бейнесінің, қиялдағы күшінің жойылуы. Түсінік неғұрлым айқын болған сайын болмыс соғұрлым көмескіленеді. Анық түсінік болмысты жояды.

Көне лұғаттар мен заманауи кітаптардың бәрінде жазылғандай, тегінде, ілімсіз таным, танымсыз ілім жоқ. Ілім – таным жолы. Кең мағынасында. Танымның жаратылысты тану әдіс-тәсілі – ілім. 

Ілім – таным-түсініктің жеткен тереңі. Задында, ілім таным-түсінікті жетелеп отырады. Бірақ, Абай айтпақшы, бір қайғы жүз қайғыны қозғайды. Немесе, ақыл алтау, ой жетеу, дейді Абай. Сондықтан сауал таусылмайды. 

Абайдың түсінігінде, ой да, қайғы да – сауалдың баламасы. 

Қайғы сауалдан туады, оймен аяқталады. Ой мазалайды, мазалап сұрақ туындатады, сосын, жауап іздеген ойдың сауалы біртіндеп, баспалдақтап қайғының өзіне айналады. 

Бәріне не болды, деді ол. Қапелімде ойын қайғы басты. Теріс бұрылды. Задында, пәлсапада қандай айып бар, ешқандай, себеп-салдар, ой әрекетке шақырмайды, тек ой тастайды. Пәлсападан туған перзентпін, жәндік емеспін. Жәндікте ой, жануарда аяушылық жоқ, себебі адамда ғана сана бар.

Құмырсқа, жолыңды біл. Бейнетқор жәндік – туа біткен дағдының құлы. Адам. Нәпсінің шегі. Жан-жануарды, жәндік атаулыны билеген нәпсіні адам ғана тоқтатады. Сабыр да адамда. Ойдың нәтижесі. Ұлы сезімдердің атасы – Адам, анасы – Хауа. Адамгершілік – Адамша дегендіктің белгісі. Кісілік. Ең биік ой – Құранда, кешегі Бабылдың түпнұсқасында. Дос, ол күлді, қайдағы дос.

Адамның серігі – ой, қасиетінің басы. 

Ой ұшқары болса да, ұшқыр болса да – ой.

Қайғы да, қуаныш та парасатқа негіз.

Пәлсапаның даңғыл жолы осы: ой – сауал – қайғы. Жауабын тапқан пәлсапаның бәрі – пәлсапа тарихына айналады. Енді, ол – өмір сүріп отырған пайымдаушы пәлсапа емес, ізденісі тоқтаған, ойы тоқтаған пәлсапа. Мұражайда тұрған тарихи жәдігер. 

Кеше айттық, тарих – уақыттың ізі. Пәлсапаға уақыттың әмірі жүрмейді. Ол – қашанда бүгінгі күн, маңызы ешқашан жойылмайды. 

Сондықтан, пәлсапа аяқталмайды.

Тиіс.

Пенде ақыл-ойына анық, деп ойлап үлгерді ол, пәлсапа сауалдан басталады, шексіз мұратқа ұмтылады. Яғни, шексіз мұрат – шексіздік. Уақыт тәрізді. Түбі, шексіз уақыт мәңгілікке әкеледі.

Ой жылдам туады, кенет жарқ етеді, сосын, қапелімде жоқ болады. Пәтуасыз, тұрлаусыз, айнымалы, көшеді де жүреді. Қашанда, ойдың табиғаты – көшпелі. Есінде, сұрақ – пәлсапаның азығы. Жақсы сұрақ – терең пәлсапаның алғышарты. Яғни, сауалын таппаған пәлсапаның өмір сүруге қабілеті жоқ. Жалпы, пәлсапаның басты тақырыбы – шексіз кеңістік пен шектеулі уақыттың мұратын, шалқар ғарыштың түп мағынасын, ғаламның мәнін, дүниенің негізін іздеген сауал.

Болмыс – болған да, болатын да емес, бар. Тура қазір, тап қасымызда, ойда, белгіленген түсінік сөз қалыбында өмір сүріп отыр. 

Құбылыстың сипатын көріп, заттың құпиясын ашқан, өзара байланысын, дамуы мен өзгеруін топшылаған, табиғат пен қоғамның сырын аңғарып, әлемнің құрылымын пайымдаған, мазмұны терең, түсінігі кең болмыс категориясы – кез келген пәлсапалық жүйенің іргетасы. 

Көнеден келе жатқан шежіредегі ғұламалар мен данышпан ойшылдар бұл ұғымды теңіздей телегей ой-толғаныстардың пәлсапалық қайнары, түпқазығы, бастапқы негізі тұрғысында санады. 

Болмыс ұғымын тұңғыш қолданған Парменид еді: ол, дүниеде бар нәрсе – бар, жоқ нәрсе – жоқ, деген пікір ұстанды. 

Парменид дүние нағыз болмыс емес, бірақ, оған, тегі, ой елегі арқылы жетуге болады, яғни ойлау мен болмыс бір-біріне тең, деді.

Рас, екеуін де сөз билейді.

Төңіректің бәрі – елес, ертеде әжем айтқан ертегі. Мен де жоқпын, деді ол, мен – сөзбін. Әлем – ұлы Құдай айтқан әдемі метафора. Ештеңе жоқта, сөзден жаралдық, енді, түсінікте өмір сүреміз, сосын, топыраққа айналамыз. 

Тәңірі сөйлегенше... 

Бастауында, күбірінен он сегіз мың ғаламға – өмір, демінен – бізге, пенделердің алғашқы адамына жан бітті. Ешкімде мағына жоқ, мағына – Жасағанда. Уа, Жаратқан Ие, көрмегенді көргендей көрдік. Ниетімізге қарай – несібе, пейілімізге орай – ризық. 

Тасып ағып жатқан өзеннің гүрілі естілді. Әміріңізге – құлдық. Ол құлап түсті. Қарағайлы орман, таулы қырат етегінде, жақпар-жақпар сандық тас шоқылары арасында, от пен суға кезек қарап қимылсыз жатты.

31.10.2017

author

Дидар Амантай

ЖАЗУШЫ

Шоу-бизнес

Алматылық блогер Дархан Жолшыбеков оқырманына зәулім үйін сыйға тартады, деп хабарлады madeniportal....

Жаңалықтар

24 қарашаға арналған валюта бағамы жарияланды, деп хабарлады madeniportal.kz. Ұлттық банктің дерегі...