2024 жылдың алты айында Қазақстанның Экология және табиғи ресурстар министрлігі гидрометеорол...
Алматыда Фариза Оңғарсынова тұрған үйге ескерткіш тақта орнатылды
Алматы қаласында ҚР халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын Фариза Оңғарсынованың құрметіне 1981-1996 жылдар аралығында тұрған үйіне ескерткіш тақта орнатылды. Салтанатты шараға қала әкімшілігі басшылары, жазушылар, зиялы қауым өкілдері, қала тұрғындары мен Атыраудан келген делегация қатысты.
Қала әкімдігінің тікелей қолдауымен қойылған осынау мемориалды тақтаны бүгінгі ұрпақтың аға буынға көрсеткен құрметі деп түсінген жөн. Қала әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев ашып берген салтанатты рәсімде ақынның отты жырлары оқылып, қаламдас інілерінің жылы естеліктері айтылды.
Қазақстан Жазушылар Одағының төрағасы, ақын Ұлықбек Есдәулет:
- Әрбір өркениеттің, әдебиеттің деңгейі оның таланттыларының шыққан шыңымен есептеледі. Әрбір талант – әдебиеттің алтын қазығы! Фариза апайымыз әсіресе осы үйде тұрғанда өткір өлеңдер жазды. Қоғамның, әдебиеттің ар-намысы бола білді. Сонысымен де оқырманның көкейінде қалды. Бұл кісінің есімін ұлықтау ғанибет іс. Жазушылар Одағы ұсыныс жасап, оны қала басшысы Бауыржан Байбектің қолдап, бүгінгі ескерткіш тақтаның ашылып отырғаны әдебиетіміздің де мәртебесі деп есептейміз. Құтты болсын. Фариза апайымыздың есімі өшпейді, өлеңі өрлей береді. Және оған осы бір ескерткіш тақта белгі боп тұратынына сенемін", – деп атап өтті.
– Бесігін Атыраудың ақ толқындары тербеген Фариза Оңғарсынова Алматыға келіп өзінің өнермен, өлеңмен табысқан, халықтың ғұмырбаянына кірген жаңа өмірін бастады. Оңғарсынованың атын аңызға айналдырған дастандары, ардақты туындыларының барлығы дерлік ару Алматыда кіндігін кесті. Бұл қала оның бүкіл жастық шағына, абыройын асқақтатқан сырлы сәттерге куә. Фариза өлең қыздар поэзиясы немесе ерлер поэзиясы деп бөлінбейтінін, мұнда тек ұлы дарындардың даңғылы болатынын дәлелдеп кеткен жан. Ұрпаққа мұра болатын бұл игі істі бүкіл қазақ жырына жасалған құрмет деп есептеймін, – деді мемлекет және қоғам қайраткері, ақын Нұрлан Оразалин.
Айта кету керек, биыл Алматыда қазақ ақыны Фариза Оңғарсынова атына көше берілсе, тамыз айында Ақтөбе қаласында Фариза Оңғарсынова атындағы мектеп ашылған болатын.
madeniportal.kz