Акутагава Рюноскэ. Әулие

ӘДЕБИЕТ
2613

Ертеде бір адам өмір сүріпті. Ол Осака қаласын аралап жұмыс іздейді. Толық аты-жөні белгісіз, бірақ ауылдан қалаға қызметке тұру үшін келген соң оны елдің барлығы жай ғана Гонскэ атап кеткен.

Жұмыс тауып беретін кеңсені тауып кіргеннен кейін Гонскэ ұзын трубка сорып отырған шенеунікке былай дейді:

- Шенеунік мырза, менің әулие болғым келеді. Мені әулие болып шығуға үйрететін жерге жұмысқа орналастыруыңызды өтінемін.

Шенеунік сол отырған жерінде төбесіне жай түскендей отырып қалады.

- Шенеунік мырза, құлағыңыз керең бе? Менің әулие болғым келеді деймін, сондықтан маған қызмет тауып беруіңізді сұраймын.

Шенеунік біраздан кейін өз-өзіне әрең келеді де:

- Өте өкінішті,-дейді трубка соруын одан әрі жалғастырып,-біздің кеңсеміз ешкімге әлі әулиелік қызмет тауып берген емес. Мүмкін сіз басқа жерге барып, бағыңызды сынарсыз?

Бірақ Гонскэ ашық жасыл түсті шалбарының қалтасына қолын салып айқайлауға кіріседі.

- Сіз өзіңіз біртүрлі сөйлейді екенсіз. Кеңсеңіздің сыртында не жазылып тұрғанын білмейсіз бе? «Қалаған қызметіңізге орналастырамыз» деп тұр. Егер «кез келген» деп жазатын болсаңыздар, кез келген қызметке орналастыруға тиіссіздер деген сөз. Әлде сіздер жұртты алдаумен айналысасыздар ма?

Егер мәселеге бұл қырынан қараса, Гонескэнікі дұрыс болып көрінеді.

- Жоқ, ол жазуда жалған бірде бір сөз жоқ,- дейді шошып кеткен шенеунік,- егер әулие болуға үйрететін жұмыс керек десеңіз, ертең келіңіз. Ал біз сол екі арада ыңғайлы қызмет тауып қоюға тырысамыз.

Әйтеуір бір нәрсе етіп уақытты соза түсу үшін шенеунік Гонскэнің өтінішін қабылдап алып қалады. Бірақ әулиелікке үйрететін қызметті қайдан табуға болатынын ол байқұс қайдан білсін. Сондықтан Гонскэні шығарып салғаннан кейін ол жақын арада тұратын дәрігердің үйіне қарай тұра жүгірді. Келу себебін түсіндіріп болғаннан кейін:

- Енді не істесем екен? Әулие болып шығу үшін адамның қандай жұмыс істеуі керек екенін сіз білмейсіз бе?,- деп сұрайды.

Бұл жағдай дәрігерді де қатты таң қалдырады. Ол тіпті аулада өсіп тұрған қарағайға қарап, біршама уақыт ойланып қалады. Осы кезде әңгімеге дәрігердің жауыз әйелі араласқан. Оны ел «кәрі түлкі» деп атайтын. Шенеунікке ол:

- Ал сіз оны біздің үйге жіберіңіз. Біздің үйде ол екі-үш жылда әулие болу амалына үйреніп шығады,-дейді.

- Шынымен бе?,-деп қуанып кетеді шенеунік,- сіздерге келгенім мұндай жақсы болар ма! Көп-көп рахмет. Дәрігерлер мен әулиелер арасында әлдебір ұқсастықтың бар екенін бұрын да сезіп жүруші едім. Енді көзім анық жетті!

Көкірегі соқыр шенеунік осылайша қайта-қайта басын иіп шығып кетеді. Дәрігер шенеунікті әрең шыдап шығарып салады да, ол кете салысымен әйеліне дүрсе қоя береді:

- Есің дұрыс па өзіңнің? Не істегеніңді білесің бе? Ол сорлы жұмысты істеуін істеп, әулиеге айналмаған соң айқай-шу шығармай ма? Масқарамыз шықпай ма содан кейін?

Бірақ көкбет қатын ақталуға тырысқан да жоқ.

- Аузыңды жап одан да!,- деді ол бет бақтырмай,- сен секілді ақымақтың ақылымен жүрсем, мына қатыгез әлемде бір табақ күрішке зар болып өтер едім.

Сонымен келесі күні шенеунік Гонскэні ертіп дәрігердің үйіне келеді. Бұл жолы ол үстіне елтаңбаның суреті сызылған хаори киіп алыпты, мүмкін ол алғаш рет танысуға келгенде осылай киіну керек деп есептейтін болар. Енді сырт көзге оның қарапайым шарудан еш айырмашылығы жоқ еді. Оны ешкім бұлай елестетпеген болуы керек. Дәрігер Гонскэге ел естіп, көз көрмеген жабайы аңға қарағандай қарады. Гонскэнің көзіне тесілген ол:

- Сені әулие болғысы келеді деп естіп жатырмыз. Бұндай шешімге итермелеген не нәрсе? , -деп сұрайды.

- Соншалықты еш нәрсе емес. Жай, әншейін, бірде Осака қамалына қарап, тіпті Тоетоми Хидэеси секілді біртуар адамдардың өздері өледі деп ойладым. Демек, істеген істерің қаншалықты ұлы болса да, бәрібір өлесің деген сөз ғой бұл. Ал менің өлгім де, қартайғым да келмейді.

- Демек, сен әулие болу үшін кез келген жұмысты істеуге барсың ғой? , - деп сұрайды дәрігердің айлакер әйелі.

- Иә, түбінде әулие болып шығу үшін мен кез келген жұмысты істеуге бармын.

- Онда сен маған жиырма жылға қызметке тұр. Сонда ең соңғы жылы мен саған әулие болудың сырын ашамын.

- Олай болса мен дайынмын. Рахмет, сізге, мейірімді жан!,-дейді Гонскэ.

- Бірақ сен жиырма жыл бойы тегін жұмыс істеуге тиіссің.

- Әрине, әрине.

Сол күннен бастап Гонскэ дәрігердің үйінде жұмыс істеді. Су тасыды. Отын жарды. Тамақ істеді. Үйдің іші мен ауланы сыпырды. Онысымен қоймай дәрігердің артынан дәрі салынған дорбаны көтеріп жүрді. Осы уақыт ішінде ол бірде бір рет өз қызметі үшін ақы сұраған жоқ. Ол тәрізді қызметшіні бүкіл Жапониядан іздеп табу мүмкін емес еді.

Осылайша жиырма жыл өтті. Гонскэ осында алғаш келгендегі кезіндей үстіне елтаңбаның суреті сызылған хаориін киіп, қожайындарының алдына барды. Алдымен жиырма жыл бойы олардың көрсеткен төзімі мен мейірімі үшін рахмет айтты. Содан кейін ол:

- Ал енді шарт бойынша мені әулие болу өнеріне үйретулеріңізді сұраймын,- деді. Бұны естіген дәрігер не деп жауап берерін білмей сасып, абдырып қалды. Жиырма жыл тегін әрі адал қызмет еткеннен кейін Гонскэге «әулиелікке үйрете алмаймыз, кешір» деген ыңғайсыз ғой. Дәрігер салқын ғана:

- Мен емес, қарапайым адамды әулиеге айналдыратын құпияны ң әйелім біледі ,- дегеннен өзге амал қалмаған.

- Мақұл, мен сені әулиелікке үйретемін, бірақ қаншалықты қиын болып көрінсе де, сен менің айтқандарымды мүлтіксіз орындауға тиіссің. Егер менің бұйрықтарымның ең болмаса біреуін орындамайтын болсаң, тағы жиырма жыл ақысыз қызмет етесің. Егер бұны да істемесең, қарғысқа ұшырап, азаппен өлесің.

- Сөзсіз орындаймын. Сіздің әрбір айтқан сөзіңізді сөзсіз орындаймын.

Гонскэ қуанышы қойнына сыймай, әйелдің ауызына қарады.

- Олай болса аулада өсіп тұрған қарағайдың басына өрмелеп шық,- деді дәрігердің әйелі. Ол, әлбетте, әулие болудың амалын білмеймтін. Тек қана Гонскэге өте қиын, орындалуы мүмкін емес бұйрық беріп, тағы жиырма жыл тегін қызметке пайдаланғысы келген. Гонскэ бейшара қожайынының дауысын ести салысымен қарағайдың басына шықты.

- Тағы, тағы өрмелей түс,- деп бұйырды дәрігердің әйелі қарағайға шығып бара жатқан Гонскэге қарап.

Міне, Гонскэнің елтаңбалы хаориі қарағайдың ұшар басында желбіреді.

- Оң қолыңды жібер!

Гонскэ бар күшін салып, сол қолымен жуан бұтаққа жармасып, ақырындап оң қолын босатты.

- Енді сол қолыңды жібер.

- Тоқта!, - деп айқайлады дәрігер, - егер ол сол қолын да жіберетін болса, жерге құламай ма? Өліп қалмай ма?

- Білмейтін ісіңе араласпа!,-деп жауап қатты әйелі,-Маған сенсеңші... Ей, Гонскэ, сол қолыңды жібер дедім ғой мен саған.

Оның дауысын ести салып Гонскэ жалма жан сол қолын жіберді. Негізінде қарағайдың ұшар басына өрмелеп шығып алған адам екі қолын да босататын болса, жерге құлайды. Шынымен де Гонскэнің денесі қарағайдан бөлініп шықты. Бірақ ағаштан алшақтаған Гонскэ жерге құлау туралы ойлаған да жоқ. Ол ауада қалқып тұрып қалған.

- Сіздерге көп рахмет,- деп айқайлады ол жердегілерге,- сіздердің арқаларыңызда мен әулиелер қатарына қосылдым.

Осы сыпайы сөздерді басын иіп айтқаннан кейін ол көгілдір аспанды бойлап өз жөнімен жүре берді. Бірте-бірте бұлттардың арасына сіңіп көрінбей кеткен...

Дәрігер мен әйелінің әрі қарайғы тағдыры туралы белгісіз. Қарағай болса бұл оқиғадан кейін де ұзақ тұрды. Содан кейін Тацугоро Едояның өзі төрт адамның құшағы жетпейтін бұл ағашты өз бағына қайта отырғызып алыпты деседі. Ол қыста, қар жауған кезде ерекше әсем болып кетеді екен.

Қазақ тіліне аударған: Мәдина Омарова

author

Акутагава Рюноскэ

ЖАЗУШЫ

Жаңалықтар

Елордалық өрт сөндірушілер Нұра ауданы Қабанбай батыр даңғылында автобустың жануын сөндірді, деп хаб...

Жаңалықтар

Әлеуметтік желілерде қайырымдылық қор құрылтайшысының қаржысын жымдықды деп айыпталып отырған Пери...