Рухани дүние емес, байлық бәсекеге айналып келеді– Әдебиет жарық дүниенің есігінен сығалаған к...
ЭТИОЛОГИЯЛЫҚ ЕРТЕГІЛЕР
1. Қазақтың бұрынғыдан қалған сөзі
(Жыл басы)
Қазақтың есептерінде жылдан үлкен мүшел дегендер бар. Мүшел – он екі жыл болады. Сол жылдардың аттары әр хайуанның аттарына ұқсайды. Мысалы: Әуелі жыл мүшелде – тышқан, екінші – сиыр, онан соң – барыс, қоян, ұлу, жылан, жылқы, қой, мешін, тауық, ит һәм доңыз. Сол жылдарды білетін қазақтарға кісінің қай жылда туғанын айтса, адамның жасын тауып береді.
Бұрынғыдан қалған сөздер бойынша сол хайуандар жыл ағасы болуға дауласыпты. Сонда жылқы айтыпты: «Мен адам үстіме мінсе, алысын жақын етемін, менің күшім болса, көреді, сүтім болса, ішеді, қылыма шейін арқан, жіп еседі, адамға менен пайдалы мал жоқ, жыл ағасы мен боламын», – дейді. Түйе айтты: «Сен адамның жұмысын қыласың, арпа, сұлы, шөп асайсың, тамағың үшін құл болдың. Міне, мен, сен көтере алмайтын ауырды көтеріп неше айлық алыс жолдарға барамын. Аш болдым деп арпа, сұлы сұрамаймын, көде болса көде, жусан болса жусан, не кез келсе соны қорек етіп, табылса, су ішіп, табылмаса, шөлде де жолға жүре беремін. Жыл басы болу маған лайық», – дейді.
Сиыр айтты: «Адам егін ексе, меніменен егеді, сүтімді ішеді, құрт-май істейді», – деп.
Қой айтады: «Мен болмасам, қазақ үйін немен жабар еді? Жүнімді алып киіз істейді, жабағымменен киіз тігеді, арқан-жіп істейді, сүтімнен құрт-май алады», – дейді.
Ит айтты: «Мен болмасам, сендердің көбіңді не ұрлап, не қасқыр жеп тауысар еді. Сендердің баршаларыңның мен бақташыңмын, дұшпан көрінсе, үріп, абалап иеме хабар беремін».
Тауық айтты: «Мен болмасам, кісі ерте тұрып жұмысына бармай ұйықтап қалар еді. Мен таңертең тұрып шақырып, хабар айтамын «таң атты» деп. Көп отырса, «жұмысыңнан қаларсың жатар уақыт болды» деп, түн ортасында шақырамын, кеш болса, тағы шақырамын, «мезгіл болды» деп», – дейді.
Тышқан не айтарын білмей тұрды да, бір түрлі қулық ойлап, жиылған көпке айтты: «Бұл таласқанмен ешнәрсе өнбес, күнді қарап тұралық та, кім бұрын көрсе, сол жыл басы болсын», – дейді.
Өзгелері қарап тұрғанда, түйе өзінің биіктігіне сеніп, «менен бұрын кім көреді» деп, тышқанның сөзін қостап, бәрі де қарасып тұрды. Біраздан соң тышқан жорғалап түйенің үстіне шығып, өркешінің басына мінді де отырды. Мұнан соң күнді бәрінен бұрын тышқан көріп, хабар беріп, жыл басы болғаны.
«Түйе бойына сеніп құр қалды», – деген сөз осыдан қалған екен.
2. Төрт түлік малдың кеңесі
Қой, сиыр, жылқы, түйе төртеуі бір күні жайылып отырып кеңеседі. «Қайсымыз қандай жерге, қандай кісіге бітсек, жақсы болар еді?» – деген сөзді айтысады-мыс.
Сонда сиыр айтыпты: «Қалың қорық – нуға бітем, қоры үзілген қуға бітем».
Қой: «Күнгейлі қаратасқа бітем, жүн жеп, жабағы тышқан насқа бітем».
Жылқы: «Бетегелі белге бітем, найза ұстаған ерге бітем».
Түйе: «Жалмаң құлақты сорға бітем, ел ішіндегі зорға бітем».
3. Түлкі мен қоян
Әуелі түлкінің құйрығы жоқ еді. Әрқашан қасқырменен тату тұрмаған себепті құйрығының жоқтығы жүрген ізін жасыра алмай, оған бек қатты залал келтірген. Соның үшін қасқыр әрдайым түлкінің артынан түсіп, аңдып жүріп, бір күні қасқыр барып оның ініне кірген. Әгәрдә түлкі іннің басқа жағындағы аузынан шығып кетпесе, өлтіріп тастар еді. Әлден соң түлкі ағаш ішіне кіріп кетіп, ағаштың түбінде тұрған қоянды көрді. Ол мезгілде қояндардың құйрығы ұзын болып, шапшаң жүргендеріне ыңғайсыз болып тұрушы еді. Сол жерде түлкі қоянды ұстап алып, өлтірмекші болып жатқанда, қоян сұрапты: «Мені өлтірме, саған құйрығымды сыйға берейін», –деп уағда қылады. Мұнысына түлкі көніп, екеуі сол жерде құйрықтарын айырбастайды. Сонан бері түлкінің құйрығы ұзын болып, қоянның құйрығы қысқа болып қалған екен.
4. Сауысқан мен көкек
Ертеде сауысқан мен көкек бір орманды мекендепті. Олар ұялары болмай, ағаштың бұтақтарын паналап күнелтіпті. Көкек күнде ерте тұрып алып: «ұя керек», «ұя керек», – деп, көршілерінің мазасын кетіреді. Бір күні сауысқан көршісіне:
– Екеуміз бірігіп берік ұя істейік. Әуелі саған, содан кейін маған салармыз, – дейді. Көкек:
– Менің ұя салатын қуатым да, қауқарым да жоқ. «Керек, керек» деп қақсай берсем, құстың бәрі ағайыным, көп болып көмектесіп, ұя салып берер, – деп келіспейді.
Сауысқан көкектің көмегін күтпей-ақ, ұя салуға кірісті. Ол ұясының қабырғаларын жас бұтақтармен мықтап байланыстырды. Іші-тысын саз балшықтармен сылады. Кішкене бұтақтардан құрастырып, шағын қақпалы есік жасады. Ұяның астына мамықтан төсек төседі. Ал көкектің «керек, керек» деп қақсай-қақсай даусы қарлығып, тілі сақау болды. Ол кейінгі жылдарда «керек» дегендегі р-ды айта алмай, «керек» деудің орнына «келек, келек» дейді. Сондықтан жұрт оны кекетіп «көкек» деп атайтын болды. Сол көкектің күні бүгінге дейін өзімдікі деген ұясы да, үй-іші де жоқ. Жұмыртқасын кез келген ұяға табады, оны басқа құстар басып, балапан шығарады. Шібилер жетім өседі.
5. Мысық неліктен тышқан жейді?
Ерте, ерте, ертеде мысық пен тышқан өте тату өтетін дос екен. Олар тапқандарын бөліп жеп, ойнап-күліп жүріпті.
Сол кезде адамзат жыл мүшелдерін белгілеу үшін бір жылы хайуанаттарды жинап сайлам жүргізбек болыпты, бұл сайламға бүкіл хайуанаттардың барлығы қатысуы керек екен. Ертең сайлам жүргізіледі деген күні ұйқышыл мысық «Тәңертең ұйықтап қалып сайламнан құр қалмайын» деген ойымен қағылез досы тышқанға:
– Ағайын, ертең сайламға бірлікте барайық. Ұйқының қаттылығын өзің білесің, таңертең мені сөзсіз оятып қой, ертерек барайық, – депті.
– Қам жеме, мысық аға, мен таң атпай оянғаныммен, сені оятпай қайтіп жалғыз барамын, – депті тышқан. Бірақ ол түніменен ойға батып «Сайламға қатынасатындардың саны көбейіп кетсе, маған жыл тимей қалуы мүмкін» деген байламға келіп ертесі таңертең алаң-елеңде орнынан тұрып, қасындағы мысықты оятпай өзі жалғыз сайламға жетіп барады.
Сайлам барысында тышқанның жолы оңынан келіп, он екі жыл мүшелінің біріншісі болып сайланады.
Тышқан қайта оралғанда орнынан енді тұрған мысық:
– Сайламға қашан барамыз? – деп сұрайды.
– Әлі ұйықтап түс көріп тұрсың ба?! – дейді. Тышқан мазақтай күліп, –сайлам аяқтағалы қашан, мен сайланып қана қалмастан, біріншілікті қолдан бермедім.
– Мені неге оята салмадың? – дейді мысық ренжіп.
– Ұмытып қалыппын, – дейді тышқан.
– Ашуланған мысық мұртын едірейтіп:
– Оңбаған, бетсіз! Тұқымыңды құртайын, – деп оқша атылып барып, тышқанды бас салып, қылқындырып өлтіреді де, жеп алады. Бірақ мысық әлгі тышқанды өлтіргенімен, жыл мүшелікке ие бола алмайды. Сөйтіп, күні бүгінге дейін мысық тышқанды көрді болды, бас салып қысып, мылжа-мылжасын шығарып жеп алатын болыпты.
6. Ит неліктен ырылдайды?
Бұрынғы заманда бір байдың бір ит, бір мысығы бар екен. Иті кәрі, мысығы жас екен. Күндердің бірінде әлгі бай ит пен мысыққа жұмыс тапсырыпты. Ол:
– Екеулерің ана ауылдағы қызыма мына алтын жүзікті апарып келіңдер, мысық сен жүзікті алып жүр. Ит саған жол бастасын, сақтанып жүріңдер, жүзікті жоғалтып қоймаңдар, – дейді.
Олар жолға шығып, жарым жолға келгенде алдарынан бір өзен кез болады. Өзенде көпір жоқ екен, сонан олар өзеннен малтап өтбек болады. Мысықтың малтауға онша шебер емес екенін білетін ит жүзіктен алаңдап:
– Ей, мысық, өзеннен өткенше жүзікті маған бер, сен жоғалтып аласың, – дейді.
– Болмайды, – дейді мысық, – қожайын маған: «Жүзікті сен алып жүр» деген, саған бере алмаймын.
– Мен саған қарағанда мұқияттаумын, өзеннен өткенше жүзікті маған бер, аузыма салып алайын, өзеннен өткен соң өзіңе беремін, – дейді ит.
Ақыры, мысық жүзікті итке береді. Олар өзеннің ортан беліне барғанда ит:
– Ойбай! Жүзік аузымнан түсіп кетті, – дейді.
– Енді қайттік! – дейді мысық.
– Мен іздеп көрейін – дейді ит. Алайда қанша іздегенімен жүзікті таба алмайды. Ақыры олар жағдайды қожайынға айту үшін үйге қайтады. Үйге таяғанда ит жазаланудан қорқып, орманға кіріп, ғайып болады.
Мысықтың тез қайтып келгендігін көрген қожайын алаңдап:
– Ит қайда? – дейді.
– Жүзікті жоғалтып қойып қашып кетті, – дейді мысық. Ашуланған бай иттің танауын тартпақ болып, ауылдағы басқа иттерді жинап алып оларға:
– Қайтсеңдер де әлгі итті тауып келіңдер, – дейді.
– Біз ол итті басқа бейуаз иттерден қалай парықтаймыз? – деп сұрайды әлгі иттер.
– Ол ерекше қартайып кеткен, аузында бір де тіс жоқ, сендер оның тісіне қарасаңдар, оңай тани аласыңдар, – дейді бай.
Сонымен, иттердің барлығын әлгі кәрі итті ұстап келу үшін жан-жақтан іздеуге аттандырады. Талай тау-тасты басып іздеуге аттанады. Олар талай тау-тасты басып, өзен-тоғайды аралап, алыс-жақындағы қалалардың барлығына барады. Алайда әлгі итті ешқандай жерден таба алмайды. Күні бүгінге дейін иттер алтын жүзікті, сол итті таба алмапты. Сол үшін қазір де иттер бірін-бірі көріп кездесе қалғанда «Байдың алтын жүзігін жоғалтқан ит мен емес, сенбесең қарап көр, тісім сау» деп тістерін ақситып, ырылдап қояды екен.
7. Қоянның құйрығы қалайша шолақ?
Сонау ерте заманда қоянның құйрығы ұзын болған екен. Ендеше, қоянның құйрығы қазір қалайша шолақ болып қалған? Бұл жөнінде ел аузында таралып жүрген мынадай ертек бар.
Ертеде екі қоян бір өзен бойында асыр салып ойнап жүріп, қарсы жағадағы жайқалып тұрған көкбеңбек шөпті көріп қалады. Олар: «Өзеннен өтіп әттең құмардан шыққанша жесек», – деп ойлайды. Бірақ екі қоян суда жүзе білмейтіндіктен өзеннен өтудің ешқандай шарасын таба алмайды.
Олар сөйтіп тұрғанда, су баяу толқып, бір үлкен тасбақа шұр-шұр етіп су бетіне шыға келеді. Тасбақаны көрген қояндар бір-біріне қарап, көздерін алақтатып, судан өтудің бір айласын ойлап табады:
– Тасбақа әжей, осы өзенді сіздің әулетіңіз сұрайды деседі ғой, рас па? – дейді. Мұны естіген тасбақа әжей қатты қуанып:
– Ол рас, бұл өзенде менің әулетім сан жеткісіз. Егер олар өзеннің бетіне қаз-қатар қалқып тұра қалса, екі қатар көпір болады, – дейді.
Әулетіңіздің соншалық көптігіне көзім жетпейді, қалайда біздің әулеттен көп болмас, – дейді қоян.
– Сендердің әулеттерің соншама көп болса, мен қалайша көрмеймін?-дейді тасбақа.
– Егер біздің балаларымыз түгел осында келсе, өзеннің жағасына сыймай қалуы мүмкін, – дейді енді бір қоян.
– Мақтанып тұрған шығарсыңдар, – дейді тасбақа.
– Сенбесеңіз, өзара салыстырып көрейік, кімнің әулетінің көп екенін сонда бірақ білесіз, – дейді қояндардың біреуі.
– Бұл не дегеніңіз, оларды қайтып салыстыруға болсын? – дейді тасбақа.
– Алдымен сіз әулетіңізді шақырып келіңіз, су бетін қалқып, өзеннің мына шетінен ана шетіне дейін санап шығамыз. Санап болған соң, біз де әулеттерімізді жинап келіп, өзеннің жағасына қатар тұрғызамыз, сонан сіз санап шығарсыз, – дейді бір қоян.
– Болады, – деп тасбақа өзенге шөгіп кетіп, әулеттерін түгел шақырып келіп, бетіне екі қатар етіп, тізе қояды. Олар айтып-айтбай өзенге салынған екі қатар көпір бола қалады.
Екі қоян қатар салынған «Тасбақа көпірге» шығып, әрбіреуі бір қатарын санаған болып, қарсы жағаға ілінеді. «Қулығымызды асырдық», – деп ойлаған екі қоян жағаға шыға беріп:
– Бізде қайдан оншалық көп әулет болсын, мақсатқа жеттік әйтеу, – дейді. Бірақ бұл кезде екі қоян секіріп жағаға шыққанымен, олардың шұбатылған ұзын құйрықтары судан әлі шығып болмаған еді. Қояндардың әлгі сөзін естіп қалған тасбақалар екі қоянның құйрығынан ала түседі. Сасқалақтаған екі қоян жұлқи тартқанда құйрықтары түбінен үзіліп, шолақ болып қалады.
Кейін бұл екі қоян көп әулетті болады. Бірақ көжектері мен немере-шөберелерінің барлығы шолақ құйрық болып туылады.
8. Сырттандар
Бұрында бір байдың жалғыз баласы болыпты. Байдың қадірлі ұлы да, қызы да сол екен. Күндерде бір күн әлгі байдың баласы ұйықтап жатып, түс көреді. Түсінде бір қара қасқыр жейін деп, баланың аяғына аузын сала бергенде, бала шошып оянады. Ертеңіне осы түсті тағы да көреді. Сөйтіп, бала осы түсті күн сайын көретін болады. Қасқыр баланың аяғынан тістей бергенде, бала шошып ояна беретін болады. Бала түнде ұйқы, күндіз күлкі көре алмайтын болады.
Әке-шешесі: «Осы біздің баламызға не болды?» – деп, бір күні баласынан сұрайды. Баласы көрген түсін айтады. Әке-шешесі мұны естіп, қатты қорқып, жан-жақтан түс жоритын сәуегей адам іздейді. Бірақ ешбір сәуегей, баланың түсін дұрыс жори алмайды.
Ақырында, бір қария сәуегей жорып:
– Сол қасқыр сенің балаңды жемей тоқтамайды екен. Тас пен темірден үй салып, соның ішіне қойсаң да, ол қасқыр сенің балаңды жейді, беті бері қарап шыққан екен, – дейді. Мұны есіткен соң, әке-шешесі қатты қорқып жылайды.
– Бұдан құтылуға амал бар ма? – деп жорушыдан сұрайды.
Сонда сәуегей тұрып:
– Мүмкін, қашып құтылса, ғажап емес, – дейді. Мұны естіген әке-шеше қалай шыдап отырсын? Баласын қашыруға ат іздейді. Әкесі көп жылқының ішінен баласы мініп қашарлық бір жарамды ат таба алмайды – бәрі де жабы екен.
– Балам, өзің барып, тауып мінбесең, саған жарайтын атты мен таба алмадым, – дейді.
Сонсын бала қолына жүгенін алып, жылқыға келеді. Көп жылдан бері жылқысын бағып жүрген бір шал бар екен, соған көрген түсін айтып:
– Қашып құтылатын маған бір ат тауып берші, – дейді. Сонда шал тұрып:
– Шырағым! Мен осы жылқыны баққаныма көп жыл болды, сені құтқарарлық жүйрік бар деп айта алмаймын, бұл жылқының бәрі де жабы. Жалғыз-ақ осында бір кербесті бар. Оның жабағы күніндегі өлі жүні әлі үстінен түскен жоқ, қырып аларға қызылы жоқ, жөнді от оттамайды, бауырынан жарайды да жүреді. Одан үміт қылатыным: түнде жүргенде тұяғынан от шығатын еді. Мен білсем, кербестіден басқа жылқы құтқара алмас. «Қас тұлпардың баласы аз оттап, көп жусайды, асыл тектің баласы аз сөйлеп, көп тыңдайды» дегендей, сенің бағыңа тұлпар болып шықса, ғажап емес. Не болса да кербестіні ұстап мін, – дейді.
Бала кербестіні жүгендеп, үйіне алып келіп, әке-шеше, ел-жұртымен қоштасып, жолға шығады.
Бала жүріп келеді. Кербестіні басы ауған жағына қарай, еркіне қоя береді. Осымен бірнеше күн жүрді. Бір күні бала артына қараса, көз ұшында бір шаң көренеді. «Ал, мені жейтін қасқыр осы болар ма?» – деп, жүрегі алып ұшып, кербестінің бауырына қамшыны сипай береді. Бұрынғыдай емес, кербесті де бірнеше күн жүрген соң, өлі жүнін тастап, басын жерден көтеріп, оқтаудай болып ширатылып, созылып аяғын пысық басып, көсіле бастады. Үш күннен соң артына қараса, манағы шаң жақындап қалған сияқты.
Шаң жақындаған сайын кербестінің шабысы да ширады. Осылай шаңды ертумен тағы екі күн шапты. Бір мезгілде артына қараса, шаңнан бір қара созылып шығып тартып келеді екен. Балада зәре жоқ. Анда-санда кербестінің көзін сүртіп қояды. Қара жақындап, дүбірі де естілген сайын, кербесті құстай ұшады. Кербестінің жүрісіне бір ғана ұшқан құс болмаса, ешбір хайуан баласы еріп болар емес. Кербестіден басқа жылқы болса, келе жатқан қара әлдеқашан қуып жеткендей. Кербесті кербестілігімен ғана баланы қуып келе жатқан ажалға бермей, алып ұшып келе жатыр.
Қараны осылай артына салумен кербесті тағы бір күн жүрді. Бала артына бұрылып қараса, бұларға көрінген жақындап қалған екен, қуып келеді екен. Көз тоқтатып қарауға баланың жүрегі тоқтамады. Кербестінің көзін сүртіп, бауырына қамшыны сипап ұрумен болды. Жақындағанын білген сайын, кербесті өршеленіп шабумен болды. Кербестінің осы кездегі шабысына көз тоқтатып болмайтын еді. Бір уақытта бала артына бұрылып қараса, айтқандай түсінде көрген қара қасқыр тілі сала құлаш шығып кеткен сілекейі шұбырып, жағын керіп, аузын арандай ашып, құлаштап ұрып келеді екен. Мұны көрген жан алатын әзірейіл артынан қуып жеткендей көрді. «Жалғыз менен басқа рақым етер ешкім жоқ қой!» – дегендей, кербесті ұшқан құстай алып келеді.
Қара қасқыр баланы жеуге құмартып, сілекейін шудадай созып, тілі аузына сыймайды. «Шынымен-ақ осы иттің аузына түсіремін бе?» – дегендей кербесті жануар жан ұшыруда. Қара қасқыр алуға, кербесті алғызбасқа, екеуі таласып келеді. Осылай таласумен шабыс ілгері тағы да ысырыла береді.
Жақындаған сайын адамның иісі қара қасқырдың мұрнын жарып барады. Исі мұрнына барған сайын жерік асына құмары артып, қара қасқыр сілекейін ағызып, ілгері ұмтыла түсіп, арс-арс етеді. Өмір бойы бір ішек болып, қатып қалған жануар кер тұлпар да қасқырдың дүбірін естіген кезде дүбір-дүбір етіп, ытып-ытып кетеді. Осы таласқа, осы шабысқа жалғыз кербесті болмаса төрт аяқты жануардың ешбірі де шыдап болар емес еді. Қара қасқырдың аузына жерік асын түсірмей, баланы ажалдан құтқарғалы алып келе жатқан кербестінің бұл жүрісіне сүйсінбейтін жан болмас!
«Апыр-ай, жетті-ау, етегімнен алды-ау!» – деп, бала жан-дәрмені қалмай, мойнын бұрып артына қараса, қасқыр құйрық тістесіп жетіп-ақ қалған екен. Екі көзі қып-қызыл от сияқты, үлкендігі тайыншадай қара қасқыр екен, арс-арс етіп өршеленіп, аузын салғалы ұмтылып қояды. «Шынымен-ақ мынаған жем болдым-ау!» – деп, бала өкіріп жылап жібереді. Баладан ес те кетті, зәре де кетті, аттың көзін сүртуге шамасы келмеді. Қамшыны әлсін-әлсін артына сілтеумен болды. «Енді өлдім ғой, қара қасқырдан құтыла алмадым ғой! Енді не қайран қылайын?» – деп, баланың жаны алқымға тығылады.
Жануар кербесті де қажиын деді, өзінен ешбір дәрмен жоқ аттың көзіне тер құйылып, кербесті де қиналуға айналды. Атаңа нәлет қара қасқыр тақымдасып, аузына әне салдым, міне салдым деп келеді. Бала мен қасқырдың тұмсығының арасы бірақ сүйем қалды. «Ауызды көміп, тұмсықты қандап, бытыр-бытыр шайнап, жерігімді бассам екен», – деп, құмартып, қасқыр мойнын созып тағы арсылдады. Мезгіл сабақтас. Дәл осы сағатта бір минуттік өмір балаға мың жылдай көрінді. Жалғыз кербестіден басқа балаға болысарлық жақында ешкім жоқ, кербестінің көзіне тер құйылып келеді. «Енді жем болдым ғой!» – деп, бала жаннан үміт үзді. Көз алдына өмір емес, өлім елестеді.
Қара қасқыр ауызды енді сала бергенде, кенеттен маңқ етіп үрген, бір иттің даусы естілді. Иттің даусы естілгенде қасқыр кідіріңкіреп қалды, кербесті ілгері басып кетті. Атаңа нәлет қара қасқыр соңына тағы түсті, тағы да жетті. Ауызды тағы сала бергенде, маңқ етіп үрген иттің даусы тағы естілді. Қасқыр кідіріп қала берді, кербесті ілгері асып, тарта берді, не керек қара қасқыр қоймады, тағы қуды, қуа-қуа тағы жетті. Жетіп, енді ауызды сала бергенде, бағанағыдай емес, жақынырақ жерден, маңқ етіп, ит тағы да үріп кеп қалды. Иттің мына даусы естілгенде, қара қасқыр пышақ кескендей тоқтады да қалды.
Баланы алып ұшып кербесті ілгері ұша берді. Сол шапқаннан шауып отырып, ми далада отырған жалғыз үйге келіп жетті. Үйдің алдына келіп, кербесті кілт тоқтай қалды, ат тоқтай қалғанда бала анадай жерге ұшып түсті. Есі жоқ, жатыр. Жатқан баланың қасына бір ит келді. Үлкендігі тайыншадай, алқымы даладай, екі құлағы тебінгідей, екі көзі қып-қызыл, екі езуі салбыраған ұзын тұмсық, жүндестеу келген қара ауыз, көк ит екен, баланы иіскеп қасына жетті. Бір уақытта үйдің адамдары көріп: «Бұл не қылған жан екен?» – деп үйге алып кірді. Бірақ балада ес жоқ, сұлқ жата берді.
Кешке жақын үйдің иесі келді. Жасы 26-27-лер шамасында, еңгезердей, ұзын бойлы, екі жағына екі кісі мінгендей, қақпақ жауырын, ат жақты, көзі өткір, түсі суық, қарасұр жігіт екен. Келген жерден:
– Бәленше байдың баласысың ба? – деп сұрай бастады. Бала көргенін бастан-аяқ айтып берді. «Сені қуған қара қасқыр адамға жерік еді. Ол қасқырдың сырттаны еді, сені алып қашқан кербесті жылқының сырттаны еді. Қара қасқырдың саған жерік болатынын кербесті құлын күнінде білді. Егер сол қасқырдың сырттаны келетін күн болса: «Сені алып қашсам-ау!» – деумен жүруші еді. Соны арман қылып, өмір бойы өзін-өзі жаратты, аз оттап, көп жусады. Үстінен өлі жүні түспеді. Ақыр алып қашқан екен, кербестіден басқа жылқы болғанда, қасқырдың аузына түсіп едің. Мынау жатқан қара ауыз иттің сырттаны еді. Кербестімен сенің қашып келе жатқаныңды, қара қасқырдың сені қуып келе жатқанын, екі сырттаның дүбірін қара ауыз күндік жерден естіді. Соны біліп, бұл үріп жіберді. Егер қара ауыз үрмегенде, қасқыр саған аузын салып еді. Егер қара қасқыр жеген болса, барлық қасқыр атаулы адамға жерік болар еді. Өмір бойы қасқыр адамды қойша домалатып жей беретін еді де, адамға қасқыр қожа болатын еді. Ал енді мен болсам, мен жігіттің сырттаны едім. Қара ауыз бен менің осы жақта екенімді кербесті білді. Ол шыққаннан-ақ осылай қарай бастап алып келді. Саған жерік болған қара қасқыр әлі кеткен жоқ, мына төбенің басында сені күтіп жатыр. Ол сені жемей тоқтамайды, сенің осында екеніңді біледі, бірақ кербестінің, қара ауыздың, менің осында екенімді біліп, үш сырттаның үстіне батып келе алмайды. Таң атқан соң қара ауызды ертіп, ол қасқырдың, соңына түсеміз. Өзің шаршап келдің ғой, бүгін дем ал», – деп, баланы сыйлап жатқызады.
Ертеңіне, таң атып күн шыққан соң, балаға жігіт айтты:
– Сен кербестіге мін, мен қара ауызды жетектеп, екеуміз мына төбенің түбіне барайық. Барған соң қара ауызды қоя берем. Бұл барып саған жерік болған қасқырмен арбасады. Бұлар арбасып жатқанда, мен ит жағынан барармын, сен кербестімен қасқыр жағына кел, сол уақытта қасқыр сенің исіңді біліп, саған қарай бұрыла берер, ол бұрыла берген кезде аңдып тұрған қара ауыз барып, қасқырдың мойнын бұрап тастайды. Сөйтіп, қара қасқырды өлтірмесек, ол тірі жүрсе, сені жемей қоймайды. Кербестіге мініп, қара ауызды ертіп, қара қасқырды қуар едім, бірақ кербесті мені көтеріп шаба алмайды. Ал сені қасқыр жеп қояды екен деп қорықпа. Ілгері ұмтылып, қасқырға таман барып қал, ол саған ұмтылады. Саған жетпей-ақ қасқырдың мойнын бұрайды, – деді. – Егер сенен бұрын мен барып қалсам, менің келгенімді біліп, қара ауыз маған қараған кезде, қара қасқыр қара ауыздың мойнын бұрап тастайды. Қара ауыздың мойнын бұраған соң сені де жейді, сені жеген соң бүкіл қасқыр адам атаулының бәрін жейді. Егер сен қорықпай барып қалсаң, ол сені жеуге ұмтылғанда, оны қара ауыз өлтіреді. Қайтсеңде қасқыр жақтан менен бұрын бар, қорықпа! – деп, әбден үйретіп келеді.
Төбеге жақындап түбіне барған кезде жігіт қара ауызды қоя берді. Қара ауыз төбенің басына қарай жөнелді.
«Қасқырдың артынан барып қалайын», – деп кербестімен бала да төбені айналып жетті. Жігіт иттің артынан ақырын жүгіріп келеді. Қара ауыз төбенің басына жеткенде қасқыр да оны көріп қалды. Екеуі бірін-бірі көрген соң жүндерін тікірейтіп, көздерін біріне-бірі қадап, ырылдасты да жатты. Екі сырттан бірі-бірі ала алмай, ырылдасып арбасумен жата берді. Бірінің қозғалғанын бірі байқайды. Әлдеқалай біреуі қылып етіп, қозғалса-ақ, біреуі барып бассалғалы тұр. Қара қасқыр жалын тікірейтіп, тұмсығын созып, көзін қадап ырылдағанда ешбір жүрек тоқтатып шыдап тұрар емес. Арқа жүнін тікірейтіп, көзін төңкере қадап, екі езуін ырситып, азуларын ақситып ырылдағанда, қара ауыздың да бет алдына, қара қасқырдан басқа ешбір хайуан шыдап тұрар емес. Екеуі осылай арбасып, бірін-бірі ала алмай, әбден ызаланды, көздері қып-қызыл оттай жарқ-жұрқ етіп кетті. Ызаның кернегендігі сондай, мойындары терісіне симай буынып барады. Арбасқан қалпында екеуі де орындарынан тұра келді. Бір-біріне қимылдауға таянып тұр. Екеуі де жақтарын керіп, ырылдасып бір-біріне жақындасып қалды. Сөйткенше болмады бір-біріне тап берді, алдыңғы екі аяқтары бір-бірінің иығында, езулерін ырситып, азуларын ақситып ырылдасты да тұрды. Бір-біріне ауыз салғызбады. Қарама-қарсы тіресті де қалды. Біреуі қылып етіп қозғалса-ақ, құлақ-шекені өрлей, кеңірдекті қапсыра, ауызды басқалы тұр. Осылай тіресе ырылдасып, арбасумен тағы біраз тұрды. Бір-бірін ала алмады. Бұрынғы арбасудан мынау әлденеше қиын болды. Алдыңғы аяқтарымен бір-бірінің кеңірдектеріне тіресіп тұр.
Ұзын тырнақ кеңірдектеріне кіріп барады. Енді біріне-бірі ауыз салғалы тұр. Бірі өлтіріп, бірі өлгелі тұр, көздері қанталап кетті. Енді тек бір-бірінің кірпік қағысуын ғана аңдып тұр.
Қасқырдың сырт жағынан келе жатқан бала, екі сырттаның ырылдағанын естігенде, жақындауға жүрегі тоқтамады. Қара қасқырдан әбден қорқып қалған. «Жақындасам, жеп қоя ма?» – деп, ілгері баспады. Тым болмаса, айқасып тұрған екі сырттаның төбесі көрінетін жерге де келмеді, анда-санда бір аттап, аяғын ілгері баспады. «Бала аржағынан келді ме екен? Итіме не боп қалды екен?» – деп, жігіт тез ұмтыла басып төбеге шыға келсе, онда әлі көрінбейді. Қасыр мен ит айқасып тұр екен. Баланың төбесі жаңа көріне бергенде, артына келіп қалған иесін біліп: «Ием келді ме екен?» – дегендей ит мойнын бұрып қалды. Сол уақытта аңдып тұрған қара қасқыр, қара ауыздың шықшытына басып жіберді. Мынаны көрген иттің иесі не боларын білмеді. Беліндегі қанжарын ала жүгірді, қара қасқыр иттің құлақ-шекесіне қарыс батып кеткен тісін жұлқылап суырғанша, жігіт те келіп жетті. Келе-ақ қара қасқырдың ішін қанжармен есіп кеп жіберді. Сол жерде ит те өлді, қасқыр да өлді.
Жігіт иттің өлгеніне қатты өкінді. Иттің өлігін құшақтап, зар жылап еңіреді... Балаға:
– Неге менің айтқанымды істемедің! – деп, бармағын шайнап ұрысты.
Ұрысқанымен не? Болар іс болып, ит өліп қалған соң.
– Қайтейін! Қара қасқыр тура маған бассалады ғой деп, қорықтым! – деуден басқа не айтсын бала.
– Қара ауыз ит өлтірген болса, ит атаулы қасқырға қожа болатын еді. Енді иттің ілуде біреуі-ақ қасқыр алатын болады. Әрине, қасқырдың да итті алатыны санаулы болады. Егер қара қасқыр сені жеген күнде, қасқыр атаулы адамға қожа болатын еді. Оны енді мен өлтірдім, енді адам қасқырға қожа болады, – деп, сырттан жігіт сөзін тоқтатты.
9. Сырттанның ажалы
Бұрында бір жолаушы жол жүріп келе жатып, бір үлкен далаға түсіп келе жатса, күн ауып бесін шамасы болғанда қасқырдың сырттаны ере бастайды. Күн кеш болып намаздыгер болғанда әлгі қасқырдың сырттаны бір ұлып жіберген екен елу шақты қасқыр жиылып қалады. Бейшара жолаушы шын ажалының жетуін білген соң көздің ұшында қарайған ағашқа қарай атын босатады. Сол шабыспен қасқырларға жеткізбей ағашқа барып, атын ағаштың түбіне қоя салып, өзі шыбын жанын қорғалау үшін үлкен ағаштың басына шығып кетеді. Әлгі жерде ашуына шыдай алмай келген қасқырлар қуып келісімен жолаушының атын жеп қояды. Сонымен қатар қасқырдың сырттаны әр уақытта ұлып-ұлып омырауымен ағашқа сілкініп-сілкініп қарғып барып, бес-алты қадам қашығырақ жерге барып жатады. Сол кезде елу қасқырдың бәрі бірдей ағаштың түбін тырмалап, бір мезгілдерде ағаштың түбін босатып қояды.
Жолаушы сорлы өзінен үміт үзіп енді «өлмеген нем қалды айдалада қасқырларға жем болып, сүйектерім жапанда қуарып» арманда болып, ағайын, қарындастарын да көре алмай, ең болмаса, ішіндегі арманды айтып, қоштасып, кетерде дүниесі құрғыр тар болды. «Жапан далада тілсіз мақұлықтың талауына түсіп, ақыры ажалым осы қасқырлардан жететін болды-ау», – деп терең ойға түсіп, жүрегіне у толып, қу өмірден күдерін үзіп, ағаштың басында отыра береді. Айдалада жалғыз өзінің зарлағаны қабыл болып, бір күншілік жолда бір байдың сырттаны бар екен. Сол ит түн мезгілі ауқат құйып жатқанда аузын шалп еткізіп жұлып алып, азырақ тыңдап тұрып, қасқырлардың жолаушыны ортаға алып жатқанын сезіп ауқатын ішпей жүгіре жөнеледі, бір күншілік жолдан сырттан иттің даусын естіп елу қасқыр жоқ болып кетеді. Тек қана сырттан қасқыр жолаушының қасында жата береді. Бір мезгілде таң сарғайып атып келе жатқанында сырттан ит жүгірумен ағаштың қасына келеді. Бұл ит аулынан шыққанда байдың атқосшысы бір атқа мініп, бір атты жетегіне алып шыққан екен. Бір уақытта екі сырттан бір-біріне бата алмай тұрғанда ағаштың басындағы жолаушы «неде болса жерге түсейін» деп, ағаштың басынан жерге қарап түсіп келе жатқанда, ағаштың түбіндегі ит адамға бұрылып қарай бергенде, сырттан қасқыр келіп иттің басын жұлып тастайды. Сөйтеді де адамға қарамай, өз жөніне кете береді.
Мұңды болған жолаушы атынан айырылып, оның үстіне жанына себепкер болған иттен және айырылып, қатты уайымға түсіп отыра береді. Айдалада мінейін десе аты жоқ, ішейін десе ауқаты жоқ, тағы да болса жақын арада ел жоқ, одан ауыр ойға түсіп отырғанда күн сәске түс болғанда, бір атты жетектеп, бір атты мініп, бір адам шауып келеді. Оны көріп жолаушы «бір өзім едім, маған да жолдас келе жатыр» деп қуаныш қылып отыра береді. Жаңағы келген адам келісімен отырған жеріне қамшымен тартып-тартып өтеді. Сөйтеді де жолаушыға:
– Сен осы итке әйт демедің ғой, әйт дегенде қасқыр өлер еді, – дейді. Жолаушы менің әйт демегенім рас, – дейді. Одан соң азырақ сөйлесіп неде болса болды ғой, енді ауылға қайтамыз дейді де, бір атқа мінгізіп, өзі итін өңгеріп, араға бір күн қонып, баяғы байлы ауылға келеді. Бай үйден шығып ит аман ба деп сұрай бергенде, иттің өлігін көріп ит өліп қалған екен деп, үйіне отыра береді. Келген соң жолаушының мән жайын сұрап, жолаушыға қарап, «сен маған қайтсең де өз итімдей ит тауып алып келіп бересің» деп бұйрық етеді. Жолаушы бейшара да бетін қайтармай тауып берейін дейді. Сонан соң бай қолына сырттан қасқырдың құйрығын беріп, қай ауылға барсаң осы құйрықты қолыңа алып жүр. Сырттан ит болса осы құйрықты тістеп алады. әшейін иттер болса осы құйрықты көрген соң тұқымдары құрып қашып кетеді дейді. Сонымен жолаушы астына ат мініп, төрт ай ауыл қыдырса да, иттің бәрі безіп кетіп жүріпті, бір уақыттарда бесінші айға аяқ басқанда бір ауылға барса, иттерінің бәрі қашып кетеді де, жалғыз-ақ жарлы адамның күшігі бар екен. Сол ит жүгіріп келіп жолаушының қолындағы құйрықты тістеп алады. Сол жерде дуана болған жолаушы күшіктің егесімен тамыр болып, астындағы мініп жүрген атты беріп, күшігін алады. Сөйтіп, төрт жарым ай жүріп, баяғы байдың үйіне келеді. Бұған бай да қуанып, «бұл ит әлгі итімнен мың есе артық екен» деп, қуаныш етіп, жолаушының қызметіне рахмет айтып киіндіріп, астына жақсы ат беріп, қалтасына пұл салып еліне жібереді.
10. Зор өгіз
Бұрынғы заманда үш ағайынды кісі бар екен. Олардың ортасында жалғыз өгізі бар екен. Бір күні өгізі бұны-қаны болып, төгісіпті.
Бұл өгіз сусаған екен деп, үшеуі өгізді жетектейді. Біреуі жетелеп алдын, біреуі үстіне мініп алды, біреуі артынан айдап алды. Сөйтіп, ертемен келе жатса, алдынан бір кісі жолықты. Баяғы үшеуі жолыққан кісіден сұрайды:
– Көл, су алыс па? – деп. Сонан соң әлгі кісі айтты:
– Ертерек бар, жеткенше көл суалып қалады, – деді. Анда басын жетелеген кісі айтты:
– Алдағымызға барып айтыңыз, өгізді жылдам айдасын, – деді.
Сонан соң әлгі кісі жүріп, түсте өгіздің беліндегіге келді. Ол айтты:
– Өгізді жылдам айдасын деп айтады алдағы кісі, – деді. Сонан соң баяғы айтқан кісі күн батқанда өгіздің құйрығындағы кісіге келді. Сонан соң өгізді жылдам айдап, көлге келіп, бір көлді бүтін ішіп, бір көлді ішіп жатқанда, сол көлден балық шығып, өгізді сорып кетті. Сол өгізді сорған балықты бір бүркіт келіп, алып кетті. Бүркіт қайда қонарын білмей, бір ешкі қайтарған шалдың текесінің мүйізіне барып қонды. Сол ешкі қайтарған шал қорқып, текенің сақалына жабысады. Сонан соң бүркіт өгізді жеп бітіргенде, өгіздің бір дәліні тұмсығына ілінбей, түсіп кетті. Түсіп кеткенде, жерге түспей, шалдың көзіне түседі. Шал үйіне барады.
– Көзіме шөп түсті, – деп. Сонан соң шалдың көзіне үш азамат кіріп, шалдың көзіндегі дәліні сүйретіп шығады.
Сонан соң бір топ керуен келіп, қараңғыда дәлінің үстіне қонады. Сол қонған керуен жүз кісі екен, ол ертемен тұрып, шәй ішіп жатса, отырған жері қимылдайды. Шал шайқалып, екі жақты қараса, сол даланың бір басында ет қалған екен дейді. Соны түлкі жеп жатыр екен. Жүз кісі баяғы түлкіні қуып, ұстап алады. Бір жақ қапталын сойып алып, шек-арқасы тебетей болады. Бір жақ қапталын орай алмай, кетіп бара жатса, бір кемпір келе жатыр екен. Соны кемпірге айтыпты болған оқиғаны. Сонан соң кемпір келіп, бір қолымен ала салдырып, сойып алып, үйіне алып барып, бесіктегі баласына тебетей шықпай, бір кішкене малақай шығады екен. Сонда сұрағаны: өгіз шоң ба, бала шоң ба, түлкі шоң ба, бүркіт шоң ба? – деді.
11. Не үлкен?
Бір кедейдің үш баласының ортасында мал дегенде бір жалғыз өгізі болыпты. Өгіз орасан үлкен екен. Өгізді оттату үшін үлкені – басына, ортаншысы – беліне, кенжесі құйымшағына мініп, оттанады екен. Бір күні жайылымда жүргенде, өгіз оттамай қалыпты. Құйымшағында отырған кенжесі:
– Өгіз жапаламағалы бүгін он күн болды, осыны орта белдегі ортаншыға айта салыңыз, – деп, жанынан өтіп бара жатқан бір жолаушыға тапсырыпты. Жолаушы ұзақ күн жүріп, кешке қонаға өгіздің белінде отырған ортаншыға жетіпті. Жолаушы оған кенжесінің сәлемін айтса, ортаншысы:
– Осы өгіздің бүйірі орталанып, іші қабысып бара жатыр ма деп, өзім де күдіктеніп отыр едім, осыны өгіздің басындағы ағамызға, бара қалсаңыз, жолдан айта кетерсіз, – депті.
Жолаушы түнімен жүріп, таң ата өгіздің басына жетіп, өгіздің басындағы балаға:
– Мен осы өгізді өрлей, ат шалдырмастан дамылсыз бір күн, бір түн жүріп келемін. Құйымшақтағы кенженің өгіз жапаламағалы он күн болды деп, ортаншыңыз өгіздің бүйірі орталанып, іші қабысып бара жатқанын байқап отырмын деп, саған сәлем айтты, – дейді.
Сонда өгіздің басындағы бала:
– А, өгіз шөлдеп жүр екен деп, су іздепті. Мөлшерлі жерден өгіз қанарлық мол су таба алмапты. Енді кейін кетіп бара жатқан бір жолаушыға өгіздің басындағы бала тапсырыпты:
– Өгізді суаруға көл іздеп барамын, ортадағы ортаншыға әдейі жолығып айтыңыз, өгізді тездетіп тебінсін, – депті. Жолаушы жүріп отырып, шаңқиған түсте өгіздің белінде отырған ортаншыға келіп, ағасының тапсырғанын айтыпты. Онда ортаншы бала:
– Ендеше ерте барсаңыз, құйымшақтағы кенжемізге айта салыңыз, қаузап, қамшылай түссін, – депті. Жолаушы күн ұясына кіре өгіздің құйымшағындағы кенжесіне жетіп, ортаншының тапсырғанын айтыпты. Сонда басында отырған бала өгізді айдын шалқар көлге әкеп суғарыпты. Өгіз үлкен көлді үш-ақ ұрттап, қанбай қалыпты. Үшеуі өгізден түсіп тұрғанда, аспаннан бір ақиық бүркіт келіп, өгізді іліп әкетіпті. Өгізді алған бүркіт айналып ұшып жүріп, бір бәйтерекке қонса, ол бәйтерек бір серкенің мүйізі екен. Серке мүйізін шайқағанда, серкенің сақалында көлеңкелеп жатқан бір шалдың көзіне өгіз түсіп кетіпті. Шал көзін уқалап кемпіріне:
– Көзіме бір шөп түсіп кетті, арылта қарап, алып тасташы, – десе, кемпірі әрі қарап, бері қарап, таба алмай, әдейі арылта іздеуге сары атқа мінгізіп, қолына сабау ұстатты, салт атты кісі жіберіпті. Бұл кісі өгізді үш күн қарап, әзер тауып, көздің көліне түсіп, арам өлген жерінен тоқымға салып, сүйретіп, шығарып тастапты.
Екі-үш жылдан кейін өгіздің өлексесіне шөп шығып, сүйегі солқылдаған саз болыпты. Жауырын сүйектің жазығына ел жайлап, мал жайылатын өріс болыпты. Бір күні отырған ауылымен, жайылған малымен жауырынды бір түлкі сүйрей ала жөнеліпті. Ауыл адамдары бәйге атпен, қыран, тазымен жабыла қуып жүріп, түлкіні соғып алыпты. Түлкінің терісін илеп, бәйбіше баласына тұмақ қылып берсе, бір құлағына жетіп, бір құлағына жетпей қалыпты.
– Айтыңдар, балалар, кім үлкен?
12. Қасқыр неге ұлиды?
Ертеде Халық деген бір кедей өмір сүріпті. Мал дегенде он шақты ешкісі, жалғыз аты және алтын қауырсынды қоразы болыпты. Ол кезде қораз айғай салып, ешкі де бақырмайды екен.
Күндердің бір күнінде ақсиған тісі бар, адам қорқар түсі бар бір аң келіп, кедейдің екі ешкісін алып кетеді.
– Өзі барып тұрған қаскүнем екен, қырды да кетті, – дейді. Халық күйініп кемпірі мен баласына.
– Ол өзі бізге қас, ешкілерді қырды, демек, ол қасқыр ғой, – деп қалады сонда бала. Содан бастап қасқыр қасқыр атанған екен. Қасқырлар кедейдің малын қыруды қоймайды. Кеш қарайғанда, тіпті қамаулы тұрған ешкіні қораға түсіп алып кететін болады. Ондайда ешкінің бар бітіретіні: сақалы шошаңдап бақырады екен. Қораз болса алтын қанатын қағып-қағып жіберіп: «ку, ка-ре, ку!» – деп, айғайға басады. Онысы: қасқырлар келді, қуа гөр деп, Халық атайға хабар бергені екен деседі. Сол түн, сол күннен бастап қораз шақыратын болыпты, ешкі де бақыратын болыпты.
Халық атай күнде үйіне қайтқанда өрістен қасқырлар жемей тастап кеткен ешкінің құйыршықтарын бір етек қып жинап ала келіп жүреді. Бір күні кедейдікіне сақалы беліне түскен бір ақсақал келеді. Ол:
– Жауыздықпен күресу менің парызым еді. Мә, мына кітапты ал. Оқы. Оқығаныңды көңілге тоқи біл. Ерінбесең, дұшпаныңнан құтыласың, – деп кедейдің баласына бір кітап береді.
Сол күннен бастап бала кітаптан көз алмайды. Оның бар ойы жауыз қасқырды өлтіретін дәрі жасап шығару болады. Ақыры, бірнеше шөп тамырларын қайнатып, дәрі жасайды. Оны апарып құйыршық жемтікке сеуіп қояды. Ешкілерді үйге қамайды. Қасқырлар бірінші күні келіп, үйді ториды, ешкілер көрінбейді. Екінші күні келеді, ешкілер шықпайды. Үшінші күні қасқырлар ырылдап келіп, үйдің іргесін қаза бастайды. Бірақ үйге кіруге батпайды. Ешкіден күдер үзген соң, жауыздар жемтікке жиналады. Қомағайлау біреуі келген бетінде арс етіп, жемтікті қауып өтеді де: «У-у-у..» – деп, мұрнынан шаншыла құлап түседі. Қалғандары басы ауған жаққа қаша жөнеледі.
Содан бері қасқырлар: «У-у-у!..» – деп ұлитынды шығарыпты.
13. Ит пен мысық адамға қалай үйренді?
Баяғы заманда бір кемпір мен шал болыпты. Балалары жоқ екен. Шал егін егіп, жинаған астығын қамбаға тығып қояды да, үнемдеп, шетінен базарға алып барып сатып, шай-тұзын арылтады екен.
Бір күні шал қамбадағы астығынан алып, базарға апарып сатпақ болады. Қамбаның есігін ашып қалса, тышқандардың өріп жүргенін көреді. Бірде-бір дәні бүтін астық қалмапты. Тышқандар жегенін жеп, жемегенін ортасынан қақ бөліп, шаша беріпті. Мұның зардабынан кемпір мен шал қайғырыпты:
– Осы астықпен күн көруші едік, енді қайтеміз? – деп зар еңірепті.
Сол кезде бұлардың тұсынан өтіп бара жатқан мысық мұңын естіп, қастарына келеді де:
– Неге сонша қайғырып тұрсыңдар? – деп, жөн сұрап құйрығын бұлғаңдатады.
– Қайғырмай қайтейік, – дейді шал мұңын шағып. – Алаяқ тышқандар қамбадағы астығымызды талан-таражға салыпты. Соның жазасын беретін біреу табылар ма екен бұл дүниеден?
– Сол айтқаныңды мен орындаймын, қане, көрсетші сұмырай ұры тышқандарды, – деп, мысық құйрығын бұлғаңдатады батырсынып.
– Ендеше бері жүр, – деп, шал мысыққа қамбаның есігін ашып береді. Мысық құжынаған тышқандарды көреді.
– Енді есікті жауып қой да, кете бер, – дейді мысық шалға.
Үй-үйдің арасын шарлап, аштықтан ішегі шұрылдап, қарны қабысып жүрген мысық қалың тышқанмен айқаса кетеді. Әп-сәтте бес-алтауын ұстап, қылғып салады да, тойынып алады. Үйсіз-күйсіз айдаланы қаңғып жүруші еді, енді су өтіп, жаңбыр тимейтін қамбада тұратын болды.
Сөйтіп, біраз уақыттан кейін тышқандар бұл маңнан біржола безіп, жоламай кетіпті. Соның салдарынан тамағы азая бастаған мысық кемпір мен шалдан:
– Қане, тағы қандай жұмыстарың бар? – деп сұрапты. Кемпір мысықтың жылтылдаған жүнінен сипалап, еркелетеді. Тышқаннан құтылғандарына қуанысады.
– Не қалайсың, кане айт, тілегіңді орындауға әзірмін, – депті шал.
Мысық өзінің қалауын айтады:
– Мен көп нәрсе сұрамаймын. Менің жалғыз-ақ тілегім бар. Тек үйлеріңнің бір бұрышынан орын берсеңдер болғаны.
Кемпір мен шал мысықтың қалауын қабыл алып, үйлеріне кіргізеді. Мысыққа үй ішінде не істесе де, ерік беріпті. Қайда жатам десе де, тыйым салмапты. Үшеуі тату-тәтті бірге тұратын болыпты.
Мысыққа кемпір күніне бір тостаған сүт береді. Сүтке тойып алған мысық жылы үйде пырылдап ұйықтап жатады. Тамақ іздеп, ешқайда қаңғымайды.
Бір күні түн ішінде шалдың қорасына қасқыр түсіп, бір-екі қойын жеп, басқасын жаралап кетеді. Мұны көріп шал қатты қамығады.
– Осы қойдың сүтін қорек етуші едік. Енді қалай күн көреміз? Бұл зұлымдардың зауалын беретін біреу табыла ма?
Сол кезде мысық шалдың қасына келеді де, құйрығын бұлғаңдатып, еркелей сөйлейді.
– Бар, ондай батыр. Мен соны іздеп тауып, ертіп келейін, – деп, айдалаға қарай жүгіре жөнеледі.
Мысық жалпақ даланы шарлап, итті іздейді. Бір кезде жер тіміскілеп, сүмеңдеп жүрген итті көреді. Қасына барады да:
– Мен сені іздеп келдім, – дейді құйрығын бұлғаңдата маңғазданып. – Саған бір ақыл айтайын. Бүйтіп көрінген інді қазып, сүмеңдеп тіміскіленіп жүргенше, адамның қорасын күзетсең, қарның тоқ болады. Жылы, жайлы жерде тұрасың.
Аштықтан бұралып жүрген ит айтқанына көнеді де:
– Баста ендеше сол адамның қорасына, – деп құлшынады.
– Ал кеттік онда, – деп, мысық соңынан итті ерітіп ауылға келеді.
Шалдың үйіне келген соң, кемпір итке тамақ береді. Қарны тойған ит қораның аузына барып, күзетке тұрады. Түнімен көз ілмейді. Түн қараңғылығы сейіліп, бозарып таң атқан кезде бір қасқыр қой қораға ентелеп жетіп келеді. Аңдып жатқан ит шап беріп, алқымынан ала түседі. Қасқыр өлдім-талдым дегенде зорға құтылып, қаша жөнеледі
Иттің ерлігін көрген кемпір мен шал:
– Сен де бір ер жүрек екенсің!.. – деп, итті тамаққа тойдырады. Есік алдына үйшік салып береді.
Сөйтіп кемпір мен шал, мысық, ит – төртеуі біріне-бірі көмектесіп, қамсыз тұра береді.
Мысық пен ит адам баласының қолына ең алғаш осылайша үйреніпті.
14. Ит пен мысық неге араз?
Ертеде ит пен мысық өте тату болған екен. Екеуін де адам асырап, үйінде ұстапты.
Күндердің бір күнінде бір адамның май сіңген тері дорбаға салып сақтап жүрген алтыны жоғалады. Қанша іздесе де, табылмайды. Алтыннан айрылған адамның күйі тайып, жүдеулене бастайды. Тапқан-таянғаны ішіп-жеуге жетпеуге айналады. Мұны көрген ит пен мысық қатты қынжылып, қожасының жоғалған алтынын іздеуге кіріседі. Екеуі ой-қырды аралап, бармаған тауы, баспаған жері қалмайды. Ақыры титығып, үйлеріне қайтады.
Ит пен мысық ұнжырғасы түсіп, үнсіз келе жатқанда, кенет қожасының май сіңген дорбасының иісі мұрындарын жарып жібере жаздайды. Қуанғаннан ит қыңсылап, мысық мияулап жібереді.
Ит айнала жүгіріп, тіміскілеп, ақыры бір тышқанның інін тырналап қаза бастайды. Мысықтың қуанышы қойнына симай, аңдып қарап отыра береді. Ит көп азаптанып, тышқан інінің түбіне жетсе, алтын салынған майлы дорбаны тышқан тығып қойған екен. Ит:
– Мынаны көрдің бе? – деп, алтынды мысықтың алдына лақтырып тастайды. Мысық сол кезде иесіне жақсы атанбақ болып, иттен бұрын алтынды ала қашады. Мысық үй-үйдің төбесімен қарғи жүгіріп, иесіне жетеді де, алтынды тастай салады. Мұны көріп, қожасы қуанып кетеді. Мысықты бауырына басып, аймалай береді. Сөйтіп тұрғанда қара терге түсіп, сабалақ-сабалақ болып, арсалаңдап ит те жетеді. Келген бойда қожасының аяғына оралып, қыңсылай еркелейді. Ештеңені түсінбеген ол итін теуіп, жекіріп қуып тастайды. Жәбір көрген ит ызаланып, мысыққа тап береді. Қожасы арашалап, екеуін зорға айырып алады да, мысықты үйіне алып кетеді. Сол күннен бастап итті үйіне жолатпайды.
Мінеки, содан бері ит пен мысық бірімен-бірі араз болып қалыпты. Мысықтың тышқанға өштесуі де сол күннен басталыпты.
15. Тышқан, ит және мысық
Ертеде ит, мысық және тышқан үшеуі дос болыпты. Сонда да ит пен мысық тышқанды онша жақтырмайды екен. Тышқан күні-түні тынбайтын еңбекқор болыпты. Ал ит пен мысық тапқанын жеп, жұмсақ шөп пен жылы жерде жатып алады.
Бір күні ит қасындағы мысыққа:
– Осы тышқанның жұмысы таусылмайды, тіпті, күйбеңдейді де жүреді, – деп қынжылады. Сонда мысық:
– Өзіміз шолжиып жатып біреуді күндейміз. Осынымыз дұрыс па? – деп, итке жөнін айтады.
Ит ұялып қалады да, өзі де шаруа істемек болады. Содан былай қарай тышқанға көмектесіп жүреді.
– Сен де қол ұшыңды бер, – дейді енді ит мысыққа. Оған мысық көнбейді.
– Өздерің-ақ істей салыңдар!
Ит пен тышқан оған:
– Жалқаулықты қой, бірге жұмыс істе, – дейді.
– Әй, мен сендердің жұмыстарыңды күндеп жатқан жоқпын ғой. Неге тиісесіңдер, – деп, мысық ашуланады. Ит пен тышқан үндемей жүре береді. Мысыққа тамақ қалдырмай, өздері жейді. Аш мысық енді ит пен тышқанның тапқанын ұрлай бастайды. Мұны көріп қойған тышқан мысықтың ұрлығын итке айтады. Ит оңдырмай талайды.
Содан бері ит пен мысық өш екен. Бірін-бірі көрсе, талап тастауға дайын тұрады. Ал тышқанға ыза болған мысық оны ұстап алып жей салады екен.
16. Суыр сұңқар, су қайда?
Ерте заманда сиыр сызылған кербез, суырыла шапқан жүйрік болыпты. Әрі асқан тәккаппар, мақтаншақ та екен.
Бір күні әлгі сиыр атпен ерегесіп қалып, екеуі жарысқа түсуге уәде байласады. Бұрынғы өткен жарыстардың бәрінде сиыр бәйге бермейді екен. Осы жолы аттан да озып, төрт аяқты жануарлардың арасындағы ең жүйрігі деген атаққа бір жола ие болуды мақсат етеді.
Көмбеге төреші болып арыстан келеді. Бәстің жайын ұққан соң ат пен сиырды бір күншілік жолға жолбарыс айдап барып, екеуін қатар тұрғызып қояды да, өкіріп тұрып кері қайтуға белгі береді.
Құйрығын көкке шаншып алып, танауы пысылдап, сиыр ә дегеннен-ақ қарасын үзіп, зулай жөнеледі.
Сиырдың артынан желдей жүйткіп, үдей шауып, ат келе жатады. Жол ортасында бәсекелесушілерге сусын беру үшін суыр тосып отырады.
Бір кезде оза шауып, елірген сиыр суырға жетіп келеді де:
– Суыр сасық, су қайда? – дейді.
Сиырдың тәкаппар мінезіне ренжіп қалған суыр:
– Сиыр сасық, су мұнда, – деп, сасып, борсып кеткен лай суды ұстата салады. Шаңырқап, шөлдеп келген сиыр судың қандай екеніне қарамастан, сіміріп жібереді де, одан әрі шапқылай жөнеледі.
Әрі-беріден соң суырдың қасына, шөлдеп ат келеді.
– Суыр сұңқар, су қайда? – деп еркелетіп.
– Жылқы тұлпар, су мұнда!– деп, суыр мөлдір, тұнық суды атқа ұстата береді. Таза тұнық суға қанып алған ат бойына тың қуат қосылғандай болып, құстай ұшып, самғай жөнеледі.
Сасық, лай су кеудесін алып қалған сиыр онша ұзып кете алмайды да, екі-үш қырды асқан соң ат қуып жетіп, жанынан желдей жүйткіп өте шығады. Содан көмбеге бірінші болып жетеді.
Содан бері жылқы төрт аяқты жануарлардың ішіндегі жүйрігі болып қалыпты. Кеудесін лай, сасық су алып қалған сиыр содан бері шабандап, жүгіре алмайтын күйде қалады. Сиырдың жатқан кезде ыңырана күрсінетіні – өзінің астамшылық етіп, суырға айтқан дөрекі сөзіне күні бүгінге дейін өкінген екен деседі.
17. Жапалақ көрсең, атып ал
Күндерде бір күн Сүлеймен патша:
– Алтын, күміспен көмкерілген ақ ордаларда отыра-отыра жалықтым. Енді маған әдемі қырналған ақ сүйектен, кемігі жоқ қақ сүйектен, ылғи ғана бас сүйектен, сарғаймаған жас сүйектен сарай салынсын, – деп бұйырады. – Сарайдың бірінші қабаты әйелдердің, екінші қабаты еркектердің, үшінші қабаты құстардың бас сүйегінен қалансын!
Адамдар мен құстардың әрбір алты ағайындысының үшеуінің басы, бес ағайындысының екеуінің басы, үш ағайындылардың біреуінің басы алынатын болыпты.
Хан жарлығы екі бола ма! Сонымен қаһарлы ханның қайырымсыз жарлығы орындала бастайды.
Күндерде бір күн кезек үш ағайынды үкілерге келіп, патша жарлығы бойынша ең кенже інісі Байғыздың сүйегін апарып берер уақыт жетеді. Бірақ қайсар да батыр Үкі хан жарлығын орындаудан бас тартады. Ол жапалақ інісін жардың жарығына, Байғыз інісін тастың қуысына тығып тастап, отыра беріпті.
Көкжендет дейтін бір қанды балақ құс бар екен. Құстарды қыру міндеті соған жүктеліпті. Ол хан сарайындағы кәрі Самұрықтың ең сенімді қолқанаты екен.
Үш ағайындының біреуін алу үшін Көкжендет бір күні Үкіге жетеді. Келе екілене дауыстайды:
– Балақ жүнің балпиып,
Жалғыз өзің жалпиып,
Батырымсып талтиып,
Құлағыңды қалқитып,
Екі ұртыңды салпитып,
Неге отырсың шалқиып?!
Үкі үн қатпайды. Көкжендет сестене әкіреңдейді.
– Хан жарлығын неге орындамайсың? Байғыздың басы қайда, тап! – дейді.
Үкі қос құлағын тікірейтіп алады да, кет дегендей жуан шеңгелмен сермеп қалады. Жармаса кетсе, жазым боларын сезген жендет құс:
– Қап, бәлем, патшаға айтпасам ба! – деп, кете барады. Сол бетімен келе жатса, ағасының айтқанын орындамай, тығылып жатқан жерінен шығып, Жапалақ жалп-жалп етіп, жар басында ойнап жүр екен.
Көкжендет көре салып, Жапалақтың қасына жетіп келеді де:
– Байғызды тауып бер, сонда патшаның тойына бақыршы болып, тамаққа тоясың, – деп алдайды.
Үкі де жендет құстың артынан қуа шыққан екен, оның Жапалаққа айтып тұрған сөзін естиді. «Айтпа» деп ымдайды. Бірақ әрі қорқақ, әрі опасыз Жапалақ тастың қуысына тығылып жатқан інісі Байғызды жау қолына ұстап береді.
Міне, сол күннен бастап, Жапалақ үкі маңына жоламай кетіпті. Опасыздық жасап, өз бауырын бір уыс жемге сатқаны үшін бүкіл құс атаулы жерініпті. «Жапалақ көрсең, атып ал, жаманнан бойыңды сатып ал» деген сөз содан қалған екен.
Үкі қасиетті құс саналып, оның балақ жүнін қыз-бозбала бөркіне тағатын болыпты.
18. Қыран мен құзғын
Бір күні бүркіт қара қарғаға кезігіп:
– Қарағым, екеуіміздің де тегіміз құс, бірақ сендер жуас құссыңдар, не болса соны жеп, үш жүз жылға дейін өмір сүресіңдер. Ал біз болсақ, отыз жастан әрең асып барып жығыламыз. Бұл қалай? – деп сұрапты.
Сонда қарға:
– Сендер ылғи жемтікті тірідей жеп, қанын ішесіңдер. Біз болсақ, тек өлекселермен ғана күн көреміз, – депті.
Содан кейін бүркітпен қарға екеуі жемтік іздеуге шығады. Ұшып келе жатып айдалада бір жылқының өлексесін көздері шалады. Іздеген жемі табылған қарға өлексені құшырлана шоқи бастайды. Ұзақ өмір сүруге себепші болар ма екен деген оймен бүркіт те дәм татуға кіріседі. Жемтікті шоқи берген бүркіт кілт шегіншектейді:
– Құрысын иістеніп кетіпті, өте дәмсіз екен. Жүрегімді айнытты. Мұндай жем жеп үш жүз жыл өмір сүргенше, ата-баба салтынан айнымай, отыз-ақ жыл өмір сүргенімнің өзі артық екен, – деп ұша жөнеліпті.
19. Құрым сары айғыр мен сыншыл шолақ қасқыр
Бұрында бір бай болған екен. Ол байдың жылқысына сан жетпейді. Ұшан-теңіз көп болыпты. Осы жылқының басы – бір айғыр екен. Байдың барлық жылқысы да бір, осы айғыры да бір екен. Мұны құрым сары айғыр деп атайды екен. Мұның үйірін еш уақытта жылқышы бақпайды, құрым сары айғыр өзі бағып, иіріп, қайырып, өргізіп, тұрғызып жүреді екен. Құрым сары айғырдың үйірін ұры алып, я жұттан өліп көрмепті. Құрым сары айғыр тұлпар екен. Бұдан туған құлыны да тұлпар болады екен. Құрым сары айғыр өмірінде қасқырға жылқы алғызбапты. Құрым сары айғырдың баласы бәрі де тұлпар болып туады екен. Мұны бір сыншыл шолақ қасқыр біліп, ылғи осы құрым сары айғырдың құлынын өсірмей желіде тұрғанда жеп кететін болыпты. Тіпті құрым сары айғырдың ұрығы дарыған бие, байталға да өш болыпты. «Ит жүйрігін бөрі сүймейді» деген. Құрым сары айғырдан тұлпар туып, жүйрік көбейсе, қасқырға жайсыз тиетінін сыншыл шолақ қасқыр ертеден білген, бұл қасқырдың сырттаны екен.
Сыншыл шолақ қасқырдың өшіккенін біліп, құрым сары айғыр оған жылқы алғызбай жүріпті. Шолақ қасқыр қанша торуылдап шапса да жануар құрым сары айғыр кеуделесіп жылқыға дарытпапты.
Құрым сары айғыр осылай сыншыл шолақ қасқырға жылқы бермей жүре беріпті. Бір замандарда құрым сары айғырдың балаларының алды құнан, дөнен, беске шығар болды. Мұны көргенде сыншыл шолақ қасқыр өзіне ажал оғы жеткендей көрді. Жейін десе, құрым сары айғыр алғызбады. Құрым сары айғыр өлсе, басқасын жеу оңай көрінді. Құрым сары айғырдың өзіне сыншыл шолақ қасқыр талай рет жейін деп шапса да ала алмай жүрді, жекпе-жекке түгіл жылқы да бермейді.
Бір жылдары қыс өте қатты болды. Мұндайда қасқырдың құтырып кететіні қандай. Жерік айы туған соң құтырынып қасқыр атаулы малға жериді. Шолақ қасқырдың көзінен от үзіліп, үнемі аңсағаны құрым сары айғыр болды. Оны жемей жерігін баспайтындай көреді.
Бір қатты боранда сыншыл шолақ қасқыр ұлып, көп қасқырды қасына жинап алып, құрым сары айғырдың үйіріне келе-ақ тиіседі. Құрым сары айғыр жалғыз өзі көп қасқырға жылқы бермеуге көп уақыт тартысады. Ақырында қоймайтын болған соң, жануар өзі қашады. Не керек, сол сияқты тұлпарды көп қасқыр мұзға қамап жарып өлтіреді. Бұл солай жата тұрсын. Енді басқы жағына келейік. Құрым сары айғырдың қайыруымен ғана тұрған жылқы оның үстіне қасқырдан үркіп желігіп, дүркіреп шауып жөнеледі.
Ертеңінде іздеп келсе, жылқы жоқ, ығып кеткен екен. Бір жерде құрым сары айғырдың өлімтігін тауып алады. Байға хабар да барып қалды. Құрым сары айғырды жоқтап бай үнемі жатып алды. Ойнап, күлмеді. Сонда бір сыншы айтты дейді: «Құрым сары айғыр тұлпар еді, одан туған құлын да тұлпар еді, соны біліп құрым сары айғырды жеген сыншыл шолақ қасқыр. Егер шолақ қасқыр өлмесе, ол сенің жылқыңның тұқымын құртады», – депті.
Мұны естіген соң бай құрым сары айғырдың баласынан төрт атты баптап қатырып, жаратады. Аттар әбден бабына келген соң, қасқырды іздеп шығып, бір жерден көп қасқырдың ізін табады. Ізге түсіп қуа-қуа кетіп бара жатқан қасқырлардың үстінен шығады. Ішінде сыншыл шолақ қасқыр да бар еді. Бұл қуа береді. Бір мезгілде сыншыл шолақ қасқыр бұрылып, артына қарайды. Қараса бір ат оқшау алдында келе жатыр екен. Шолақ қасқыр қасындағыларға білдіреді. «Бұл аттың арты аласа, алды жоғары екен. Өрге қарай шабайық», – дейді. Шолақ қасқыр бастап бұлар өрге қарай шабады. Әрі-бері жүрген соң алды жоғары ат өрге шаба алмай қалып қояды. Мұның алдына екінші бір ат шықты. Мұны да сыншыл шолақ қасқыр қарап көріп: «Бұл аттың арты биік, алды аласа екен, ойға қарай шабайық», – деп төмен қарай шабады. Алды аласа ат ылдиға қарай шаба алмай, бұ да қалып қояды. Мұның алдына үшінші бір ат шығады. Сыншыл шолақ қасқыр мұны да қарап: «Бұл аттың көзі шағыр екен», – деп күннің астына қарай шабады. Күннің астына қарай шапқан соң, көзі күнге шағылып бұл ат та шаба алмай қалып қояды. Мұның алдына ең ақырғы төртінші ат шығады. Шолақ қасқыр қарап: «Бұл аттың он екі мүшесінде мін жоқ екен», – дейді. Жүйрік ат бір қалса аяғынан қалады, деп неше түрлі тау-тасқа салып жорта береді. Ақырында осы атпен сыншыл шолақ қасқырды қуып жетіп ұрып алады. Сөйтіп, құрым сары айғырды жеген шолақ қасқырды өлтіріп, дұшпанын мұқатып, мұратына жетеді.
20. Маса неге ызыңдайды?
Тарихта Нұх пайғамбар дін жолын үгіттеп жүріп жер жүзіне ашуы түсіп топан су қаптатып жіберіпті де, жершарындағы 18 мың ғаламнан орын алып қалыпты.
Осы кезде тышқан кеменің тақтайын тесіп жіберіп, кемені суға толтырыпты. Мұны көрген жылан:
– Мен кемеге кіріп жатқан суды тоқтатсам, талабымды орындайсың ба? – деген екен.
Нұх пайғамбар оның талабын орындауға мақұл болған екен. Жылан тесікке құйрығын тығып, суды тосыпты. Судан аман шыққаннан кейін жылан Нұхқа:
– Мен дүниежүзіндегі өлген өліктердің дәмін татып, қайсысы тәтті
болса, соның қанын азықтансам, – дейді. Мұны біліп келуге Нұх пайғамбар масаны жіберген екен. Маса екі сағатта келуге серт береді. Бірақ маса уағында келмеген соң, масаны іздеп келуге қарлығаш жолға шығады. Алдынан кезіккен маса:
– Көп нәрсенің қанын сорып жүріп, уақытым асып кетіп жай қалдым, – депті. Қарлығаш:
– Ненің қаны тәтті екен? – дегенде маса:
– Адамның қаны тәтті екен, – депті. Қарлығаш:
– Қане, тіліңді ашшы мен көрейін, – дегенде маса:
– «Міне» деп тілін аша бергенде, қарлығаш масаның тілін бірақ
жұлып әкетіпті. Сонан қайтып барған маса жыланға ызыңдағаннан басқа ешнәрсе ұқтыра алмапты. Ешнәрсе ұға алмаған жыланға қарлығаш:
– Саған маса, тышқанның қаны тәтті, – деп тұр дегенде, қарлығаштың
сөзіне шамданған жылан, қарлығашты бас салып, шақпақшы болып, қарлығаштың құйрығынан тістеп қалғанда, қарлығаш ұша жөнеліпті. Содан қарлығаштың құйрығы аша болып, маса ызыңдайтын болған екен.
21. Қоянның ерні неліктен жырық?
Қай кезде екені белгісіз, бір қырғауыл, бір қасқыр, бір түлкі және бір қоян төртеуі төс соғыстырып, дос болыпты. Олар өздерінің арасында атағы шыққан ақылды қоянның болғандығын зор мәртебе көріп, мәз болады екен, қоян да өзінің шағын топқа басшы болғанын үлкен қуаныш көреді екен.
Күндердің бірінде осы төртеуі аң аулауға шығыпты. Түске шейін сабылса да, ешнәрсе кезіктіре алмапты, қарындары қатты ашып, ішектері шұрылдайды. Осы кезде қоян қоржын салған бір сал келе жатқанын анадайтын жерден көріпті. Соның арасынша ол бір амал тауып, серіктерін оңаша шақырып алып, мұны олардың құлағына ақырын сыбырлапты. Олар да табылған ақыл екен деп шұрқырасып, қоянның айтқаны бойынша істейтін болып бытырасыпты.
Түлкі қоянның айтуы бойынша жылдам жүріп, салдың жолындағы шоқ тоғайға кіріп, оны тосып тұрыпты. Сал таяған кезде ғана орманнан шығып, мертігіп ақсаған болып, салдың алдына түсіп, шойнаңдай жүріпті.
Алдынан шыға келген ақсақ түлкіні көрген сал қуанып кетіп, «Бұл да болса құдайдың бергені ғой, енді түлкі тымақ киетін болдым, – деп екі қолын соза өңкең қағып, түлкіні қуа жөнеліпті. Неше дүркін ұстай бергенде тайып кетіп, түлкі жалт беріп, сытылып кетеді екен. Сөйтіп, сал түлкіні бірталай қуыпты, қара терге түсіп шаршапты. Сонымен, ол иығындағы қоржынын бір жерге, тымағын бір жерге, етігін бір жерге лақтырып, түлкіні жеңілтектеніп алып қуыпты.
Осы кезде оларды аңдып қоян, қырғауыл және қасқыр жетіп келіп салдың барлық нәрселерін алып кетіпті.
Бір ауықтан соң салды көз жаздырып түлкі де жетіпті. Сөйтіп, олжаларын бөлуге кірісіпті.
Қоян салдың тымағын қырғауылға ұсынып:
– Сен атыз басына барғыш едің, бұл тымақ сенікі болсын, мұны
басыңа киіп алсаң, ешкім сені ұра алмайды, – депті.
– Жарайды, жарайды, – деп жырғап, мәз болған қырғауыл, сонымен ол тымақты басына киіп алып өз бетіне ұшып кетіпті.
Онан кейін қоян етікті қасқырға беріп:
– Сен қойға шауып ұрлық етуге құмар едің, етік сенікі болсын, мұнан
былай жортуылға шыққанда осыны ки, лайсаң жерде жүрсең, аяғың су болмайды, – депті.
– Жарайды, жарайды, – депті қасқыр қарық болып, сонан соң ол етікті
аяғына киіп алып, тайып тұрыпты.
Сонан соң қоян қоржынды алып, ішіне қолын тығып, бір мыс дабылды
алып шығып:
– Сенің балаларың көп қой, мұны сенің үлесіңе берейін, алып барып
даңғырлатып соқ, балаларың бір жырғап қалсын, – депті түлкіге.
– Жарайды, жарайды, – деп түлкі де мыс дабыл алғанына мәз болып,
өз жөніне кетіпті.
Ең соңында бір қоржынбас әдемі қуырылған май бауырсақ қалыпты.
Көңілі алып ұшқан қоян мұны жалғыз өзім жейтін болдым деп үйіне бет алыпты.
Алдымен қырғауылға келейік. Салдың тымағын басына киіп алып қырғауыл дән теріп жеу үшін атыз басына келіпті. Басына киіп алған тымағы ерапайсыз шошақ, үлкен болып, көзіне түсіп, алдын көрсетпегендіктен, адамдар оны құйрығынан ұстап алыпты. Ол қанатын сабалап, жанталасып жүріп әзер дегенде құтылыпты, бірақ құйрығы жұлынып, солардың қолында қалыпты.
Ал қасқырға келейік, салдың етігін киіп алған соң, тірі жанға шалдырмаспын деп, қоралы қойды төңіректепті, шопан оны байқап қалып шоқпарын қолына ала ұмтылыпты, етікпен жақсы қаша алмай, аяғына шоқпар тиіп мертігіпті. Сонан аяғынан етігі түсіп қалған соң ғана әрең қашып құтылыпты.
Ал түлкішек, оның жағдайы да басқалардыкінен жақсы емес екен. Мыс дабылды ініне алып барған соң, күшіктерінің құз басында ойнап жүргенін көріп, мыс дабылды қағып-қағып жіберіпті. Ол асылында балаларын бір қуантайын деген екен, бірақ өмірінде мұндай даңғырды естіп көрмеген күшіктері шошып кетіп, түгел құздан құлап өліпті.
Қырғауыл, қасқыр, түлкі үшеуі бір жерге жиылып, қоянның өздеріне істеген қастығын сөз етісіпті. Қоянды тауып, кегімізді аламыз деп үшеуі даурығып жолға шығыпты.
Іннің аузында бауырсақты қомағайлана жеп отырған қоян, анадайдан қырғауыл, түлкі, қасқыр үшеуінің сұстанып келе жатқанын көріп, жағдайдың өзіне тиімсіз екенін сезген ол дереу жерден бір тасты алып, өзінің аузына өзі періп кетіпті. Тас «тақ» етіп тигенде, оның үстіңгі ернінен қан дір ете түсіпті. Сонымен ол қырғауыл, түлкі, қасқыр үшеуінің алдынан шығып:
– Ойбай! Салға келісіп алданыппыз. «Қараңдаршы, оның бауырсағын
жеймін», – деп аузым дал болып, ернім жырылып қалды, ауырып жаным шығып барады, – деп безек қағады.
Бізді алдаған салдың өзі екен ғой деп, алдаған сөзіне әбден сеніп,
сонымен, олар, қоянға тиіспей райларынан қайтып, өз жеріне кетіпті.
Бірақ сол күннен бастап қоян атаулы ұрпақтан-ұрпаққа жырық болып қалыпты.
22. Торғай неліктен жүре алмайды?
Бір кептер үш жұмыртқа тауып, онан үш балапан шайқап шығарыпты. балапандары бара-бара ақ үрпектеніп, сүйкімді болып өсіпті. Балапандарын жанындай жақсы көретін кептер күнде таңертең шыбын-шіркей ұстауға кетіп, балаларына түстік азығы етеді екен.
Күндердің бірінде кептер күн ұясынан шыға, ұшып шығып шыбын-шіркей ұстауға кетіпті. Балапандары аналарының тезірек оралуын телміре күтіп отырыпты.
Бұл арада бекершіліктен қолы босамайтын, бекер сенделіп күнді кеш қылатын оңбаған торғай тұрады екен. Ол кептердің сүйкімді балапандарына сұғын қадап, «Үшеуінің сүйегі жас шеміршек қой, бұлардың еті қандай дәмді екен!» деп ойлап жүріпті, кептердің әр күні жем іздеп сыртқа кететінін де біліп алыпты.
Сол күні әлгі торғай кептердің алыс сапарға кеткен орайынан пайдаланып, оның тұратын жеріне келіп, ұясына кіріп, үш бірдей балапанын жепті. Ұясын бұзып, ағаш бұтақтарын сындырып, сол маңның әптер-тәптерін шығарыпты.
Кептер бірталай шыбын-шіркей ұстаған соң ұясына қарай ұшыпты, ол «Бүгін кешігіп қалдым, тезірек ұшайын, шапшаң барайын, балапандарымның қарыны ашып қалған шығар...» деп ойлап қанатын жылдам қағып ұшып отырыпты. Жолда шашылып жатқан ағаш бұтақтарын көргенде «Рас кеш қалыппын-ау, отыншылар келіп кетіпті» деп ойлапты. Есігінің алдына келіп қан дақтарын көргенде «Балаларымды қатты сарылтқан екенмін, ет асым уақыт өтіп кетіпті ғой, балапандарымның үні неге шықпайды, әлде олар менің келгенімді байқамады ма? », – деп ойлапты. Осы оймен ауласына кіріп қараса, ұясы тас-талқан болып жатыр екен. Балапандары да көрінбейді.
Кептер қатты қайғырып: «Балапандарымды өлтіріп, ұямды талқандаған кім екен деші? Әлде торғай шығар! Сол-ақ сұмпайы еді», – деп күңіреніпті. Сонан ол ұшып отырып құс патшасы көкекке келіп, торғайдың үстінен мұңын шағып, еңіреп қоя беріпті. Онан өшін алып беруді өтініпті.
Мән-жайды ұққаннан кейін құс патшасы көкек қатты ашуланып қасындағы қарғаға:
– Дереу торғайды ұстап алып кел, – деп әмір беріпті.
Патшаның әмірі бойынша қарға торғайды барлық жерден іздепті. Бір үйдің дөдегесінде күнге қақталып отырған торғай ұшып келе жатқан қарғаны анадайдан көріпті де, қулық сайлап үлгеріпті, ол қарғаның сырын әбден біледі екен, қарға жалбырлап келіп, торғайдың қасына келіп қарлыққан үнмен:
– Мені әбден сенделттің! Кептер сенің үстіңнен шағым айтты, көкек мені сені ұстауға жіберді, жүр шапшаң, – депті.
– Торғай ерте қомданып отыр екен, ол күлмің қағып аппақ қаданы қарғаның мойнына тағып шықылықтап:
– Қареке, біз ежелгі доспыз ғой, сіз қайтып барып, көкекке мені таба алмадым деңіз, – депті.
Қарға қадасын алған соң оған бет келе алмай, құр өзі қайтып барып көкекке:
– Төңіректің төрт бұрышынан түгел тінтіп болдым, сонда да әлгі сұмды таба алмадым, – деп мәлімдепті.
Ол осы өтірігімен кетсе бір сәрі, бірақ мойнындағы қада сол бойы
жабысып алынбай қойыпты. Ала қарғалардың тамағының астындағы ақ содан қалыпты.
– Арамтамақ! – деп ақырыпты құс патшасы көкек. Сонан соң
қасындағы сауысқанға:
– Сауысқан, әккі торғайдың қол-аяғын байлап алдыма әкел, тез бол! –
деп әмір беріпті.
Сауысқан орманнан ұшып шыққан бойы әлгі үйдің дөдегесіне келіпті.
Ұшып келген сауысқанды көрген торғай: «Сауысқан қарғаға қарағанда қуырақ, оны бір қадамен алдап түсіруге болмайды, көбірек шығындар болуға тура келер», – деп ішкі есебін жасап тұрыпты.
Соның арасында сауысқан келіп қоныпты.Торғай оны жалбырақтай
қарсы алдынан шығып қарсы алыпты, әрі ақ түбіттен тоқылған тізе киімді оған тарту етіпті:
– Сәке, жапа тартып келіпсіз, мына қақаған суықта тым жалаң борбай
жүргеніңіз не, осы су жаңа тізе киімді сіз киіңіз, – депті.
Тізе киімге қызыққан сауысқан оны қолына алған соң торғайды ұстау
жұмысы жөнінде ауыз ашудан ыңғайсызданып қайтып кетіпті. Ол барған соң көкекке:
– Торғай шынында тым қу екен, қай жерге кіріп алғаны белгісіз.
барлық жерді шарлап таба алмай келдім, – депті.
Оның киген тізе киімі де етіне ет болып жабысыпты. Сауысқанның
денесіндегі ала сол екен, ол ұрпағынан-ұрпағына қалып келеді. Торғайды ұстай алмай қарға мен сауысқанның құр келгеніне көкек қатты ызаланып, қырғиды шақырып, оған:
– Сен төтенше зерделі ыспар едің, торғайды не қылсаң да алдыма әкел,
– деп тапсырыпты. Көкектің сөзі біте қырғи самғай ұшып, бұлт арасына сүңгіп, лезде ғайып болыпты. Ол зеңгір көкте қалықтап, шартарапты шарлап, дөдегенің үстінде күнге қақталып отырған торғайды көріпті. Сонан ол қанатын қомдай сорғалап, торғайдың төбесінен түйіліпті. Кім екенін айырып болғанша торғайды іліп үлгеріп, құс патшасы көкектің тұрған жеріне қарай алып ұшыпты.
Сәлден соң есін жиған торғай, өзін ұстап әкетіп бара жатқан қырғи екенін біліп, «Мақтауға жаны құмар, бұл ақымақтың табанына әсем сөзден баспалдақ қойғанда ғана шеңгелінен құтылуға болар» деп ойлап:
– Кім екен десем, батыр қырғи екенсіз ғой, мені алып ұшам деп
қиналдыңыз білем, әнтек тыныстап алсаңызшы, – депті.
Торғайды жарым күн қанат жимай алып ұшқан қырғи недәуір шаршаса
керек:
– Жарайды, – деп көне кетіпті.
– Қырғидың өз сөзін бұза алмағанын көрген торғай іле-шала:
– Батыр қырғи, сіз құс патшасы көкектің әйгілі батырысыз, ал мен
ілікке алғысыз қылмыстымын, сізбен ақыр жерде қатар отырып демалғаныммен келіспес, сіз мәнсап иесісіз, сондықтан биіктеу отыру сізге лайық, үйдің үстіне отырып дем алыңыз, мен қылмыскермін, сондықтан, сіздің аяқ жағыңызда, төменде отырып дем алайын, – депті.
Торғайдың сөзі жанына жаққан қырғи көп-көрім желпініп қалыпты, бірақ торғай қашып кетіп жүре ме деп қауіптеніп дағдарып, бірдеме демепті. Мұны сезген торғай:
– Көзіңіз менен гөрі өткір, оның үстіне ұшу жағынан да менен тезсіз,
несіне алаңдайсыз? – депті.
«Тауып айтты, бәрібір менен құтыла алмайды» деп ойлаған қырғи
торғайды қоя беріп, өзі дөдегенің үстіне кәміл сеніммен жан-жағына құшырлана көз тастап отырыпты.
Қырғидың тегеуірінінен босаған торғай, жан-жағынан бой тасалайтын
жер іздепті. Сонан соң сиырдың мүйізін көзі шалып, қырғи сылана берген әредікте лып етіп, мүйіздің ішіне кіріп алыпты.
Қырғи жерде отырған торғайдың жоқтығын байқап, абыржып жалма-жан аспанға көтеріліп, торғайды іздепті. Бірақ оның көлеңкесін де көре алмапты. Жерде жатқан мүйізді ғана көріп «дәуде болса осы мүйіздің ішіндесің ғой, қанша әккі болсаң да, менен құтыла алмайсың» деп ойлап сорғалап келіп, мүйізді жерден іліп алып, құс патшасы тұрған орманға қарай ұшыпты. Мүйіз зілдей ауыр екен, оның ішінде бір торғай бар, сондықтан қырғи бір ауық ұшқаннан кейін әбден болдырып, алдыға қарай ұшуы мұң болыпты, сонда торғай қашып кетер деп шеңгелін жазбай тісін-тісіне басып ұша беріпті.
Ұша-ұша әлі құрып, көзі қарауытыпты, аспаннан жерге құлап түсіпті. Жерге қатты түскендіктен есеңгіреп бірнеше домалап та кетіпті. Сиырдың мүйізі де тасқа түсіп, быт-шыт болыпты. Бірақ оның ішіндегі торғай ештеңе болмапты. Ол бірер сілкініп, бір үйдің дөдегесіне шығып алып, қыбы қанғандай мәз болып:
– Қырғи да масқара болды! Жерде домалап жатқан түрін-ау, шоқ, шоқ
бәлем! – деп шиқылдай беріпті.
Жерде бір қанша рет домалаған соң, есін жиған қырғи ұшып барып,
дөдегеде отырған торғайды ұстап алып, көкекке апарып беріпті.
Көкек торғайды сұраққа тартыпты. Торғай сайқалдықпен құтыла алмайтын болған соң, шынын айтыпты. Кептердің үш балапанын жеп, ұясын бұзғандығын мойындапты.
Құс патшасы көкек қырғиға: «Ол мұнан былай адымдап емес, екі аяғымен секіріп секектейтін болсын, аяғына кісен сал», – деп бұйырыпты. Сондықтан торғайдың бүгінге дейін адымын ашып жүре алмайтыны осыдан екен.
23. Ақбас торғай
Ерте, ерте, ертеде бір жыл үш жүз алпыс бес күн бойына тырс етіп жаңбыр тамбапты. Жер бетіндегі мәуелеп өскен ағаш та, құлпырған әсем гүлдер, жайқалып тұрған өсімдіктердің жапырақтары шыжыған ыстықтың салдарынан сарғайып солыпты. Бұдан былайғы жерде тірі жүрудің қиындығын білген құстар су табудың амалын қарастыру үшін көп болып жиналып кеңес құрыпты. Сонда құстың бірі:
– Теңіз жағалауына барсақ кеберсіген тұмсығымыздың суға тиюі сөзсіз
ғой, бірақ ол тым алыс, енді не істесе болар екен, – депті. Ақ тырна:
– Оның шарасы жеңіл! Теңіз жағалауынан шоқып бір арық алсақ, судың
өзі ағып келеді, – депті.
Құстар бұл ақылды жөн көріп, теңіз жағалауына арық алуға бармақшы
болыпты. Тек бір торғай ғана жаным қиналмасын деп төбе жағын аппақ қып бояп алыпты да құстарға:
– Қылшылдаған жас емес, қырқылжыңның бірімін, басым да ағарды!
Бұл жұмысқа қайтып ат салыспақпын? – депті.
Құстар оған қалсаң қал дегеннен басқа ештеңе айта алмапты.
Сөйтіп құстар теңіз жағасынан тұмсықтарымен шоқып арық алуға жапа-тармағай аттаныпты. Олардың шоқи-шоқи тұмсықтары қанап кетіпті. Шыжыған ыстық күн қанаттарын күйдірермен болыпты. Олар ыстықтан пысынап өлуге айналғанда ғана суы бар салқын жерге барып, аз тыныстап алып, жұмыстарын қайта жалғастырады екен. Олар сөйтіп жеті күн-жеті түн жапалы шайқас жасап, теңіз жағасынан арық тартып келіпті. Су ағып өткен алқап жасыл түске еніп, гүл-шешектер құлпыра ашылыпты. Бұны көріп шаттанған құстар шаттық әнін шырқап шарқ ұрып, қуаныштарын салтанат етіпті.
Басын ақ борымен бояған манағы торғай ғана ішқұста болып жабырқайды екен. Қанат қағып шарықтауға, ән шырқауға оның дәті бармапты. Басқалар мазақтап күлеме деп басын да көтере алмапты. Қанша жуып арпалысса да, басындағы ақ борды да кетіре алмапты. Сондықтан жұрт оны қазірге дейі «ақбас торғай» деп атайды.
24. Сарыала қаздың бауыры қалайша сары?
Ертеде, бір бақа мен қоян көкорай текшеде ойнап жүріпті. Олар ойнап жүріп әдемі, кіп-кішкене алтын күбі тауып алыпты. Сонда бақа тұрып:
– Мұны мен таптым, алдымен мен көрдім, мен аламын, - депті.
Сөйтіп, олар қызыл кеңірдек болып таласыпты. Сәлден соң сөзін
тоқтатып, бақаға нәсихат айтыпты.
– Біз таласуды қояйық, етектен тау басына қарай жарысайық,
қайсымыз күбіге бұрын жетіп ішіне секіріп түссек, күбіні сонымыз алайық, жарысатын күніміз ертең болсын депті, – қоян.
Өзінің жүйріктігін, бақаның шабандығын әбден білетін қоян, өзін сөзсіз
ұтып аламын ғой деп күпіршілік ойлайды. Бақа да, жарысса, өзінің ұтылатындығын әбден біледі де, қулық ойлайды. Ол түр-түсі өзімен біп-бірдей екі досын шақырып келеді, біреуін тау басындағы күбінің ішіне түсіріп, біреуін орта жолға тұрғызып, өзі етекке түседі.
Ертеңінде таң сәріде қоян келеді. Олар жарысқа түседі. Бақа бір-екі
шоршығанша, қоян көп ұзап шығады. Қоян жол ортаға келгенде, ойламаған жерден бақаның өзінің алдында кетіп бара жатқанын көріп іш тартып қалады. Ол «Мен бәрібір басып озамын деп ойлап ұшырта жөнеледі. Сол бойында тау басына жеткенде әлдеқашан күбінің ішінде отырған бақаны көреді. Сөйтіп бұл жарыста қоян ұтылып алтын күбіден құр қалады.
Бақа алтын күбіні ұтып алғанымен, оны етекке алып түсіре алмайды.
Сөйтіп, әңкі-тәңкі болып отырғанда ұшып келе жатқан бір сарыалақаз онан «неге дағдарып отырсың» деп сұрайды. Бақа күбіні етекке жеткізе алмай отырғанын айтып, етекке жеткізіп бере аласың ба деп сұрайды. Қаз: «Бұны жеткізіп беруіме болады. Бірақ алтын күбінің тең жарымын маған бересің», – дейді. Басқа табар айласы болмаған соң, бақа бұған көнеді. Қаз алтын күбіні етекке алып түсіп, екіге бөледі. Ол әдемі алтын күбінің өзіне тиген сынығын талқандап, омырауына сеуіп алады.
Сарыала қаздың бауырының алтындай сары болуы осыдан екен.
25. Ақ тырнаның құйрығы мен қызыл төбетайы
Ертеде ақ тырна мен қарқара жастайынан бірге өсіп, біте қайнасып, қарасу жағасын мекендепті. Ол екеуінің түс-тұрқы, айырғысыз, сирақтары сып-сидам ұзын, денелері аппақ, мойындары сорайған, тұмсықтары біздей үп-үшкір екен. Ол екеуі қатар тұра қалғанда қайсысының ақ тырна, қайсысының қарқара екенін жыға тану қиын екен.
Шыжыған шіліңгір ыстық күндердің бірінде, бұл екеуі суға түсіп жуыныпты. Жуына-жуына денелері мұнтаздай болып, кіршіксізденіп бейне жер бетінен жарып шыққан жауқазындай жайнап кетіпті. Қарқара жуынып бола жағаға шығып күншуақтап су жаққа көз тастаса, ақ тырна суда әлі асыр салып ойын-тамашамен жүр екен. Мұны көрген ол «Ел-жұрт екеуімізді бір-бірінен қалыспайтын көрікті деседі, бірақ мынаның қауырсыны менікінен гөрі салалы әрі ақ екен, бұл бірер тал қауырсын тауып әрлесе, менен әлдеқайда көрікті болып кетер» деп ойлап, күншілдік көкейін өртейді де: «Мұны алдап жағаға шығарып, бір шеңгел балшықты атып, тұла бойына жағайын, сонан соң оның аппақ болып тұрғанын көрейін» деп оған сұмдық сайлапты, осы оймен қопаға барып бір шеңгел балшық алып, оны құйрығының астына жасырыпты да, талтаңдай басып су бойына келіп:
– Бауырым ақ тырна, тез ұмтыл, шөкпе тастың жапсарына бір ақ шабақ
кіріп алыпты! Тез келмесең ары кіріп көрінбей кетеді! – деп айқайлапты.
Ақ тырна бұның қулық екенін қайдан білсін, ол жалма-жан бір сілкініп
қарқараға қарай аңқалаңдап ұмтылыпты. Таяп келгенде қарқара оған құйрығының астына жасырған балшығын су лаймен жіберіп қалыпты. Оның бұлай істерін ойламаған ақ тырна бұлтара алмай, қара балшық аппақ құйрығына былш етіп жабыса кетіпті, қарқара оған қарқылдай күліп:
– Ақтырна, сен енді қара тырна болдың! – депті мәз болып. Бұны естіп
ашуланған ақ тырна қарқараға тап беріпті. Сонда қарқара қатты сасып жалма-жан жерден тас алып ақ тырнаға жіберіп қалған екен, ол тас ақтырнаның дәл төбесіне тиіп, тас тиген жері лезде қып-қызыл болып томпайып шыға келіпті.
Сонан қарқара тайып тұрыпты. Жарақатының ауырғанына шыдап,
орнынан тұрған ақ тырна суға түсіп құйрығына жабысқан балшықты тазаламақшы болыпты, бірақ балшықтың желге тиісімен бүйтіп қатып қаларын кім білген, қанша жуса да, балшық бұрынғыдан ары баттасып, кетпей қойыпты. Төбесінің жарақатын жуса, ол да жуған сайын қызара түсіпті. Десе де бұл оған көрік қосыпты. Аспанда бір сәт ұшып ақ тырнаны «табалап, мазақтайын!» деп қайта оралған қарқара қанатымен су сабалаған ақ тырнаның аппақ тұлғасына жарасым жасап, сән кіргізген қып-қызыл төбетайы мен құндыз қара құйрығын көргенде қызғаныштан жарылып кете жаздаған болса да:
– Бауырым-тыру, көркің сұлу, тым сұлу! – деп қошамет етіпті.
Оның бөтен ниет, бөгде ойын аңғарған ақ тырна қанатын таранумен оған пысқырып та қоймапты. Бұған ішқұста болған қарқара сол күннен бастап, күні бүгінге дейін күні бойы: «бауырым-тыру, көркің сұлу, тым сұлу» деп қиқулап жүреді екен, ал ақ тырна оған тіс жарып үн қатпай томсарған бойы қанатын таранумен болады екен.
26. Сауысқанның жұмыртқасы мен бөдененің құйрығы
Алақанат сауысқан, бір жылы он сегіз жұмыртқа тауыпты. Ол шалқыған көңілімен ағаштың ұшар басына қонып алып, жұмыртқасын аймалап отырады. Сол шақта момынды алдап, пысықты жалдап кәніккен әлгі түлкі сумаң етіп келе қалады.
– Сауысқан, сауысқан жұмыртқаңның бірнешеуін берші! – депті ол
сауысқанған.
– Жоқ, жоқ! Мен саған бере алмаймын! – депті азар да, безер болып.
Түлкі оны қорқытып:
Бермесең жұмыртқаңды бүгін маған,
Ойрандап баспанаңды бүлік салам.
Бермесең жұмыртқаңды қазір маған,
Жығамын мына ағашты болар жаман.
Шашылған жұмыртқаңды жерден теріп,
Асаймын бірін қоймай етіп тамам, –
дейді.
Түлкінің бұл сөзін естіген сауысқан қатты сасыпты. Оның үстіне түлкінің ағашты құлатпақ болып құшақтай алғанын көріп, жүрегі алқымына тығылыпты. Сонан ол жан азабына шыдап, көз жасын парлатып тұрып, бір жұмыртқасын тастайды. Түлкі жұмыртқаны жеген соң өз жайына кетеді.
Ертеңінде әлгі түлкі тағы да жұмыртқа сұрай келеді, сауысқан бермейін десе, ол ұя салған ағашыңды қопарамын, баспанаңды ойрандаймын деп тағы құқай көрсетеді. Амалы таусылған сауысқан тағы бір жұмыртқасын береді, түлкі оны жеп тағы кетеді.
Сауысқанды қорқытып кәніккен түлкі, үртіс он жеті күн келіп, он жеті жұмыртқасын жейді. Сөйтіп, сауысқанның тек бір жұмыртқасы қалады.
Он сегізінші күні таңсәріде сауысқан қалған бір жұмыртқасын түлкіге берейін десе қимай, бермейін десе, оның жолын таппай, қиналып жылап отыр еді, оның қасына бір бөдене келеді, ол сауысқаннан:
– Сауысқан, сауысқан неге жылап отырсың, – деп сұрайды:
– Мен жыламағанда кім жылайды? Сұм түлкі келіп жей-жей, бір ғана
жұмыртқам қалды, бүгін келсе, оны да жейді ғой, – дейді сауысқан көз жасын сүртіп.
– Оған бермесең болмай ма, әлде оған қарыздармысың? – дейді
бөдене сауысқанның қасына қонып жатып.
Түлкінің әр күні келіп қорқытып айтатын сөздерін сауысқан бөденеге
айтып береді. Бөдене басын шайқап, тамағын кенеп:
– Бәрекелді-ай, саған бір ақыл үйретейін, егер бүгін түлкі тағы келетін
болса, онда сен оған:
Ойрандайтын баспанамды қырың қайсы,
Жығатын бұл ағашты түрің қайсы?! – деп сұра дейді.
Егер түлкі бұл ақылды саған кім үйретті деп сұраса сен:
«Көп дөңбекшіп таптым, ұйықтап түсімде көрдім», – деп айт, алайда менің атымды аузыңнан шығарушы болма, – деп ұшып өз жөніне кетеді.
Бір сәттен кейін жұмыртқа жеп дәніккен түлкі күндегісінше тағы бір жұмыртқа сұрайды, сонда сауысқан:
– Менің саған бес бересім, алты аласым жоқ, жұмыртқамды неге
беремін, – дейді.
Бұны естіп долданған түлкі өзінің дағдылы сөзін айтады, сауысқан оған
жұмыртқаны бермегені былай тұрсын, қайта одан:
Ойрандайтын баспанамды қырың қайсы,
Жығатын бұл ағашты түрің қайсы, – деп сұрайды.
Не дерін білмей әлгі түлкі құйрығын бұлғақтатып, басын шайқап,
ағаштың түбіне шоқайып отыра кетеді де:
– Бұны саған кім үйретті? – деп сұрайды. Сауысқан сонда:
– Көп дөңбекшіп жаттым, ұйықтап түсімде көрдім, – дейді ерлене
жауап беріп. Ызаланған түлкі:
Айтпасаң егер шыныңды маған,
Ағашыңды қиямын тісіммен, бәлем.
Демесең егер расыңды маған,
Бұзылды енді мына баспанаң!!! – деп аузын арандай
ашып, тісімен ағашты шайнап-шайнап жібереді.
Түлкінің ағашты қаршылдатып шайнап жатқанын көрген сауысқан қорыққанынан жалма-жан:
Бө-дене айтты, бө-дене үйретті, – дейді асып-сасып.
Бұл сөзді естіген соң, ызалы түлкі бөденені іздеп жүріп кетеді.
Сауысқанның қасынан қайтқан бөдене, бір шоқтоғайға келіп, күншуақта ұйқыға бас қойып жатыр еді. Бөдененің ұшқан бағытын мұрынымен шалып, түлкі де оның ұясына жетеді. Сонан шырт ұйқыда жатқан бөденені аузына салып та үлгіреді.
Енді шайнап қылғиын дей бергенде бөдене түлкіден:
– Уа, түке, сіз қырдың қызыл түлкісісіз бе? Әлде ойдың ор түлкісісіз
бе? – деп сұрайды. Таңданған түлкі:
– Қырдың қызыл түлкісі болсам қайтпексің? Ойдың ор түлкісі болсам
қайтпексің? – дейді.
– Бәлі, ойдың ор түлкісі бір нәрсе жегенде тісі саудырап түсіп қалған
кемпірлерше омыраңдайды, ал қырдың қызыл түлкісі аузын еркін ашып жаймен жейді, – дейді. Бөдененің бұл сөзін естіген түлкі:
– Мен әтей қырдың қызыл түлкісінше аузымды еркін ашып, жаймен
жеймін, – деп аузын аша бергенде бөдене түлкінің аузынан сып етіп шыға жөнеледі. Түлкі жан дәрмен тісін басып қалғанда бөдененің құйрығы оның аузында қалады.
Сондықтан бөдененің құйрығы қазір де жоқ.
27. Мысық, жолбарыс және тышқан
Ел аузындағы аңыздарға қарағанда, жолбарыс хайуанаттардың патшасы болып оларды билеуден бұрын қойдан қоңыр, сиырдан топас, түйеден аңқау екен. Маймыл мен түлкі оны үнемі алдап-арбап келемеж етеді екен. Оның терісі де әсілінде кілең сары түсті болыпты, онда қазіргідей қара теңбілі жоқ екен. Бұл теңбілдер маймыл мен түлкінің тұяғы мен тісінің салған айғызының табы екен.
Көп қорлық көрген соң, жолбарыс мысықтың алдында өнер үйренуге келіпті. Ол кезде мысық күллі хайуанаттардың ұстазы екен, маймылға шапшуды, қасқырға тіс жұмсауды, итке иіс айыруды, сиырға тілмен орауды... сол үйретіпті.
Бірақ мысық үйреткісі келмей жолбарыстан ат бойын ала қашыпты, өйткені маймыл, қасқыр, ит және сиыр өнер игерген соң жақсылықтан жалтайып ұстаздарын ұмытқан екен. Сондықтан жолбарыс қанша жалынып-жалбарынса да, мысық міз бақпапты.
Тілек-өтініші қабыл болмаған соң, жолбарыс тауына қайтып тайып тұрыпты. Сөз десе ішкен асын жерге қоятын тышқан есігінің алдынан сүмірейіп өтіп бара жатқан жолбарысты көріп:
– Туыс, сүлкініңіздің түсуін кімнен сұраймыз, – депті. Сонда жолбарыс
көз жасын сорғалатып тұрып:
– Мен өнерден кенде болғандығымнан, ылғи елдің мазағына
ұшыраймын, – деп мысықтың ұстаздық істеуге көнбегендігін, жолы болмай келе жатқанын тышқанға айтып мұңын шағыпты.
Жылмағайлықтың жөнін білген қаптесер, сонда сәл ойланып алып, бір
ақыл үйретіпті. Ол тамды тесіп бара алатын өнерге баулыған мысықтың әрекетін осы тесіктен күндіз-түні көріп үйрен деп сол жерге жолбарысты тұрғызып қойыпты.
Мұнысы табылған ақыл еді! Дес бергенде мысық балаларын аяқтандырған соң-ақ өзінің атылу, алып соғу, табанға басу сынды үш өнеріне баули бастапты. Бірқанша күн көз жазбай көрген жолбарыс та оның өнерлерін дерліктей меңгеріпті.
Екі күн өткеннен кейін, жолбарыс мысыққа кезігіп, оған «ұстаз» деп күлімдей тіл қатыпты, әрі өзінің үйренген үш түрлі өнерін көрсетіпті. Бұған таң-тамаша болған мысық, мұны қалай үйрендің деп сұрапты. Жолбарыс мән-жайды оған түгел башайлап айтып беріпті.
Өнер үйренуге осынша берілген жолбарыстың бұл қылығына сүйінген мысық адал ниет білдіріп:
– Әттеген-ай, басынан бастап үйренбей, орта жолдан килігіп кеткен
екенсің. Егер өнерімнің барлығын жете үйренген болсаң, хайуанаттардың патшасы болғандай екенсің, – депті.
Бұны естіп жолбарыс мысыққа құлдық ұрып, онан өз бойындағы өнерін
түгел үйретуді талап етіпті. Мысық оған тағы өзінің иіс айыру, тіс жұмсау, тілімен оралу және шапшу өнерлерін үйретіпті. Бірақ жолбарыс сабырсыздық істеп, иіс айыру, тіс жұмсау өнерін үйренуге көңіл қоймапты да, тіл мен оралу мен шапшу өнерін шала-шарпы үйренген екен.
Ең соңында мысық өз өнерінің ең асылы есептейтін айбар шегу өнерін үйретіпті. Мұнысы бір керемет өнер екен. Ол көзін шақшитып, жүнін үрпитіп, құйрығын шаншып, айбар шеккенде айналасындағы қастастарының зәре-құтын алады екен. Бұл өнердің атылу, алып соғу, табанға басу, иіс айыру, тіс жұмсау, тілмен орау және шапшу өнерлеріне қарағанда тіпті маңызды екенін білген жолбарыс бар зейінін сала мұқият үйреніпті.
Сөйтіп, мысықтың шәкірті болған жолбарыс, мысықты барынша қадір тұтыпты, оны табанымен жер басқызбай арқалап жүретін болыпты.
Қылжаққой тышқан:
Мысық ұстаз болыпты,
Жолбарыс шәкірт көніпті.
Ергежейлі мықты екен,
Еңгезерге мініпті, –
деп жолбарысты мазақтапты.
Жолбарыс көп өнер үйренсе де, бірақ оның түйе сияқты аңқаулығы әлі де басым екен. Тышқанның сөзіне ол қатты шамданыпты, қабағы да ашылмайтын болыпты. Бір күні ол мысықты арқалап келе жатып оқыс қимылдап, оны жерге алып ұрып, атылып барып аяғымен қаққан екен, мысық қан жоса болыпты. Ол жан дәрменімен ағаш басына өрмелеп шығып алыпты.
Үлкен абиыр болғаны – ол өзінің осы өнерін ғана жолбарысқа үйретпеген екен.
Мысы құрыған жолбарыс, тас қабырғаға сүйеніп тұрып мысыққа шекшірейіп:
Қарғыс атқан мысық ағашқа асылып өл! Қарғыс атқан мысық ағашқа асылып өл! – деп қарғысын жаудырыпты.
Ызаға булыққан мысық оған орай:
– Қарғыс атқан жолбарыс тас дауалға қадалып қал! Қарғыс атқан
жолбарыс тас дауалға қадалып қал! – деп қарғапты.
Жолбарыс пен мысықтың түс шайысып қалғанын байқаған тышқан, қатты
қорқыпты, түнделетіп таудан қашып кетіпті. Сөйтіп ол күндіз сыртқа шығудан да қалыпты, сонан ұрланып түн жастана шығып бірдеме теріп жейтін болған екен.
Бірақ қанша жасырын қимылдаса да ізіне түскен мысық тышқанды аңдып жүріп тарпа бас салатын, жұмарлап өлтіріп жейтін болыпты.
Содан бастап жолбарыс тауда дәурендеп өмір сүріпті.
Қазірге дейін мысық жолбарыс пен тышқанға өш. Жолбарыс қазірге дейін ағашқа шыға алмайды екен. Адамдар қазір де өлген мысықты ағашқа асып қояды, соғып алған жолбарыстың терісін тас дауалға сүйеп қойып сыдырады.