Динара Сұлтан не себепті бес баласының әкесімен үйлену тойын тым кеш атап өткенін айтып берді. Таным...
Репрессия құрбандарын ұлықтайтын музей ашылды
Бүгін 27 желтоқсан күні Талғар ауданы, Жаңалық ауылында 3 экспозициялық залдан құралған, репрессия жылдарында жазықсыз жапа шеккендердің есімін мәңгі есте қалдыру мақсатында Саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған музей ашылды. Музейдің ашылу салтанатына Алматы облысының әкімі Амандық Ғаббасұлы Баталов, Ілияс Жансүгіровтің ұлы – Саят Жансүгіров, профессор, алаштанушы Мәмбет Қойгелдиев, Жаңалық ауылдық округінің ардагерлер кеңесінің төрағасы Тұрсынғали Саудабаев және Қазақстандағы репрессия музейлерінің басшылары, тарихшылар, зиялы қауым өкілдері, репрессия құрбандарының ұрпақтары, т.б қонақтар қатысты.
Ашылу салтанатында Алматы облысы әкімі Баталов Амандық Ғаббасұлы жиынға қатысушыларды құттықтады. Мекеме қызметкерлері жиынға қатысушыларға 1930 – 1950 жылдардағы қуғын-сүргін тарихы туралы бірінші залдың экспонаттарын таныстырды. Олардың қатарында қазақтың зиялы қауым өкілдері – М.Тынышпаев, І.Жансүгіров, Ж.Күдерин және басқалары туралы фото құжаттық материалдар кіреді. Сонымен қатар, осы залда Алматы облыстық Ішкі Істер департаментінің архивінен алынған, Алматы облысы бойынша тұтқынға алынғандардың (қуғын-сүргінге ұшырап, кейіннен ақталғандар) іс көшірмелері қойылған. Сталиндік лагерьлердегі тұтқындардың өмірі төрт диорамада ашылып көрсетілген. Жаңалық ауылында атылып, жерленгендердің жеке заттарын да осы залдағы тақырыптық бөлімдерден кездестіруге болады.
«Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу» залында жазықсыз жазаланған 4125 адамның аты мен тегі мәрмәр тасқа қашалып жазылып, қабырғаларына ілінген. Олардың қысқаша өмірбаянын қазақ және орыс тілдерінде осы залға қойылған ақпараттық дүңгіршектерден көруге болады. Жаңалық ауылында мемориал орнатудың бастамашысы болған, репрессия құрбандары туралы 9 томдық «Азалы кітап» шығармасының авторы Қазақстандық «Әділет» тарихи-ағартушылық қоғамының қызметіне музейдің 3-ші залының экспозициясы арналған.
madeniportal.kz