“...Ниетсіз, құлықсыз, құштарлықсыз, қиналыссыз сөздің салмағы жоқ...”Абыз Ахмет И...
Мықтыбек Оразтайұлы. Телефоның сені танымай тұр (әзіл әңгіме)
Бір танысым жетіп келіпті.
— Телефонның тілін білесің бе? Көмектесші, телефоным кешелі блоктан шықпай жатыр, — деді.
Телефонын тексерейін десем, экраны ашылмайды.
— Коды қандай?
— Код емес, өзімнің түріме қойып қойғанмын. Өзім қарасам ғана ашылатын.
— Онда ашып берсей, тексеріп көрейін.
— Сол ашылмай тұр ғой! Өзім қанша қарасам да ашылмай тұр.
— Қашаннан бері?
— Кешелі бері дедім ғой! Телефонсыз қор болдым. Сен аша алмасаң қалаға кетем. Ешкім аша алмасын деп жасатып ем, қайдан білейін.
— Бұлай жасатқаныңа неше күн болды?
— 4-5 күн боп қалды-ау.
Ары ойланып, бері ойланып тұрдым. Ойыма бірдеңе сап ете қалды.
— Сен мына сақалыңды алшы.
— Неге?
— Сақалың өскен соң түрің басқа боп кеткен ғой. Телефоның сені танымай тұр.
— Не дейді? Ондай да бола ма не?
— Болғанда қандай? Тіпті, басыңа петушок киіп алып қарасаң да ашылмайды.
— Жарайды, үйге барып қырынып көрейін.
Жарты сағаттан соң хабарласты.
— Мықа, ашылды-ей. Атаңа нәлет, болмайды екен бұл. Ертең жазда далада апталап жатсам қор болады екенмін. Құлпын ауыстырам...