Данияр ДӘУКЕЙ, «Төбет – қазақы ит» қорының жетекшісі: Қазақы төбет тұқымына жететін ит жоқ

Жаңалықтар
6007

Ірі қалалардың бәрінде «ит базары» бар.  Ит іздеген адам  осы жерден Орта Азия төбеті, Кавказ төбеті, Ауған борзасы, Қытай күшігі, далмантин, кәнден, колли, бульдог, бультерьер, ротвейлер, боксер, шнауцер, стаффордшир сынды ит тұқымының неше атасымен танысып, қалауынша таңдай алады. Құрығанда, құжаты бойынша әкесі кандидат, шешесі чемпион кінәз күшіктердің талайын қызықтап қайтады.

Бір қызығы, ит сатушылардың аузынан «қазақы төбет тұқымы» деген бір ауыз сөз естімейсіз. Қайдан естиік, «Ортаазиялық овчарка», «алабай», «азият» деген атымен ғылымға белгілі сырттан иттің тұқым – төркінін індетушілер оны міндетті түрде түркімен төбетіне апарып телитін болса. Басқаға төрін бермейтін түркімендер итін қайтып иеленте қойсын?! Сонан да әлемге түкті кілемі, ақалтеке арғымағымен қоса, аталған алабай итімен де әйгілі. Осыдан бірнеше жыл бұрын Ашхабадта түркімен итін ту еткендердің ұлттық мамандандырылған клубы құрылып, елдің ауыл шаруашылық, сауда министрлігі тарапынан текті итті тап басып танып-білудің жөн-жосығы бекітілген. Яғни мемлекеттік тұрғыда қамқорлық пен қорғауға алынған.

Құдайға шүкір,  қазақы төбеттің шын жанашыры, шын қамқоршысы жоқ емес, аз да болса бар. Ол – қазақтың ұмытыла бастаған ұлттық құндылықтарын жаңғыртып жүрген Данияр Дәукей деген бақуатты азамат. Жүйрік жылқы ұстайтын атбегі, алғыр тазы мен қазақы төбет ұстайтын итбегі. Өзінің жеке қонақ үй, мейрамхана бизнесі бар. Мал шаруашылығымен жиырма жылдан бері айналысады. Аңға шығады, көкпар тартады, төбет пен тазы өсіреді. Қазір қолында жүзден астам иті бар, мыңға тарта итін жұртқа тегін таратып берген. Оларды Ресей, Украина және еліміздің түкпір-түкпірінен жинаған. Осылайша иттерді тұқымына қарай табиғи сұрыптап, асылдандырып отырады.

Даниярдың айтуынша, Түркіменстан елі – алабай тұқымды итін шетке шығартпайды. Тек ұрлықы жолмен ғана алуға болады. «Алабай» аталып кету себебі, түсінің көбіне алабажақ болып келуіне екен. Әйтпесе іштерінде шымқай қара реңділері де аз емес көрінеді. Түркіменстан, Өзбекстан, Кавказда испандықтардың корридасы сияқты халықтық мереке, үйлену тойларында ит төбелестіру үйреншікті әдетке айналған. Бір жағы ақша табудың көзі. Алматыда да ит төбелестіретін орындар бар екен. «Ит төбелестіріп ақша табу – харам. Ал негізінде «Түркімен алабайы», «Ортазиялық овчарка» деп жүрген иттер – өзіміздің төбетіміз. «Түркімен алабайы» деген тұқым ешқашан болған емес, өзбек, түркімен бауырларымыздың өзі біз «алабай» деп жүрген итті өмір бойы «қазақ иті» деп айтқан» дейді Данияр.

Расында, азиялық өзге тұқымдастарындай өңкиген дәу болмағанмен, қазақ иті қайратты келген. Білетіндердің айтуынша, түркімен төбетінің ежелден бақташылықпен аты шықса, қазақы төбет қашаннан қасқыр алатындығымен ерекшеленген. Өзі де кең далада өскендіктен қасқыр сынды еркіндікті сүйген, жүректі әрі көкжалға ұқсас болған. Жалпы, ит сұлтаны ретінде әлемдік кинологтарды бір кісідей мойындатқан азиялық төбет тұқымының төрт мың жылдық тарихы бар. Бір кезде дүрілдеген Тұранның даңқы осы «алп-алп» еткен жауынгер иттерімен де шыққан. Көнеден жеткен әфсаналарда қасқыр алатын қазақы алыпсоқтардың барыспен, аюмен алысып жеңгені айтылады.  Негізінде, тұлпар аттың белгісі 13-қабырға болса, асыл тұқымды иттің айырықша белгісі 6-тырнақ көрінеді…

Білетіндердің айтуынша, бүгінде таза тұқымды қазақы төбеттің ел ішінде бірен-саран кездесетінінің екі себебі бар. Бірі – кешегі Қазан төңкерісінен кейінгі үркіншілік жылдарында мал-жанымен шет елге ауған бай-болыстардың қасқыр алатын асыл тұқымды иттерінің бірге кетуі. Екіншісі – кезінде жергілікті Кеңес белсенділері мен індет-қадағалау стансасы мамандарының сылтауымен ит атқыштар бригадасының атып құртуы. Осы атқыштардың кесірінен көбісінің айдалаға безе қашып, түз тағысына айналып кетулері.

Қайран, қазақ иті-ай! Қандай алапат күшті әрі сыртта айбарлы-ызбарлы бола тұра, үй жағдайында одан өткен мейірімді, мейлінше жуас хайуан жоқ. Бұрын алыс ауылдарда ғана бірен-саран сақталып қалған таза қанды тайыншадай төбеттерді қойшының балалары ат қып мініп, үстінде ойнақ салып жатса да қыңқ демейтінін Данияр бала кезінде талай көрген. Иесіне ақ-адал осындай қазақы төбет тұқымы Данияр секілді асыл азаматтар болмаса, біржола құрып бітер ме еді, дейсің.

«Төбет – қасқырмен беттесе алатын бөрібасар ит. Мал бағуға жақсы, адамды онша үйірсектей бермейді. Негізі, қазақ пен төбеттің мінезі ұқсас келеді. Екеуі де салмақты, орынсыз ешкімге тиіспейді. Бірақ, жылқы мінезді қазақ бір ашуланса, дауыл тұрғызады ғой, төбет те солай.  Өзі тимейді, тисе аямайды. Қазір мал бағатын көп қазақ төбет танымайды. Бүгінгі ұрпақ тіптен беймағлұм. Сондықтан  бірнеше жылдан бері таза қазақы тұрмыста өмір сүріп келемін. Қала қазақтарын қызықтыру мақсатында ауылыма ертіп апарып, аңға алып шығамын, көкпар тартамыз. Ата-баба дәстүрі ұмытылмауы тиіс.  Қазақ баласы жылқыға, малға жақын болып өсуі  қажет» дейді Данияр Дәукей.

«Таза ел»

Жаңалықтар

Оқиға Алматының Наурызбай ауданында қоғамдық көлік аялдамаларының бірінде күндіз орын алған, деп хаб...

Жаңалықтар

Журналист Гүлмира Әбіқай «Елге көмек» қайырымдылық қоры туралы тың мәлімет жариялады, де...