Ұларбек Нұрғалымұлы. Біздің ауылдың Наурызы

ӘДЕБИЕТ
2793

Біздің ауыл сонау Өр Алтай төрінде, нақтылап айтсақ, қазір­гі Қытай елінің Моңғолия­мен шекараласатын тұсында ор­наласқан. Мен ес білгеннен бері Наурыз тойлайды.

Мереке таян­ғанда ауылдың естияр балаларында қуанышпен бірге қорқыныш та болатын. Ол – қойдың кезегі дегендей топтан бөлініп қалар бір шаруаға ұрынып қалмау. Сол үшін мейрам болардан бір апта бұрын үл­кен­дер қандай іске жұм­саса да, қырқарын жинап қайта жіберген зырылдауық ойыншықтай зымырайтын едік. Әр үйде ауланы тазалау, қабырғаларды әктеу, үй маңындағы қоқысты өртеу, жиһаздарды реттеу, жас келін­дер мен қыздар келі-келсаппен көрші-қолаң, үлкен үйлердің бидайын түктеу, жент бұлағау, шүйірмек жасау, түрлі тамақ пісі­ру­лер кем дегенде 4-5 күн бұрын басталатын.

Мерекенің негізгі көркі – дас­тарқан. Өйткені, бұл мезгіл айран, сүт, қатық, қойдың уызы, сиырдың уызы, шұбат, ақ ірім­шік, қызыл ірім­шік, ке­бе­­же түбіндегі мәйек ірім­шік, ежі­гей құрт, сықпа, қарын құ­ры­­шын­­дағы күзгі сүт­­тің сары­м­айы, ұнға ораған соқта­лы қа­зы, майлы сүр жамбас де­­­ген­дер­­дің бәрі әр үйде сауда­сыз ба­зар аш­қандай самсап тұрады. 

Мереке 22 наурыз күні таңертең басталады. Мереке­ні ең алдымен бастайтын – балалар. Онда қалыптасқан бір жайт, тақыр кедейдің таз баласы болсаң да, үстіңе жаңа бір­деңе ілесің. Аяқ киімің бе, шал­барың ба, жейдең бе, бас киімің бе, әйтеуір біреуі жар­қырап тұруы тиіс. Үстіңдегі бір киім­нің аса жарқырағаны – өз­ге ескі киімдерді бұрынғыдан бе­тер көнертіп көрсетіп, онан әрі бейшара ғып жіберетіні тағы бар ғой. Арқа-мойын арасында әне жеріңді қымқырып, міне жеріңді жымқырып, топ баланың дүбіріне елігіп шауып ала жөнелесің. Десе де, жарқ етіп шыға келгеніңе алғаш ке­зік­кен анау-мынау кісіден кіш­­кене қысылатының бар. Алай­да оның бәрі топ ішіне кір­ген­ше ғана. Топқа кіріп бойың үйрене бастаған соң, ұялғанның өзі ұят.
Жалпы, біздің ауылда үйге келген адам үй сыртынан ыс­қыру, есік алдына келіп дыбыс беру дегендер атымен жоқ. Иті қаппаса болғаны келген бет­те кіресің. Бұйымтайыңды ай­та­сың, шаруаң болмаса шай ішіп, кеңес соғып отырасың. Тек мереке күні ғана емес 365 күн солай. Әлі сол қалпында. Со­ны­мен біздің алғашқы қадам бай­ғазы сұраудан басталады. Көрші үйге жүгіріп бара­сың да босағасында тұра қа­лып өлең­детесің. Әлгі киі­міңе кө­рімдік сұрайсың. Былай деп:

Киімімді көріңіз,
Бар жақсыны төгіңіз.
Барар жерім әлі көп,
Байғазымды беріңіз!


Ол күні ауырып отырған­­дар болмаса, барлық адам ашық-жарқын болады. Әдет­те, қа­бақ­тары құрмадай құры­сып жүретін шалдардың өзі шұ­наң­дап балаларға тіл қата­ды. Өздері де сәнді киінеді. Кей­­­біреуі әдейі алақанын ше­к­е­сіне қойып, күн көзіне қа­ра­­ғандай сығырайып өне-бо­йы­­мызды өрлей-құлдай тү­гел тінтіп шығып: «Өйбай-өййй мынауың самырсындай сың­ғырлап тұр ғой а, қа­лай бай­қамағанбыз! Мә, жең­дер, мә, мә» деп уыс-уыс кәм­пит береді. Ала салып, жалт бе­ріп кері жөнелеміз. Ауыл балалары құрала келе 30-40-қа дейін топтасамыз. Әлгі бай­­­ғазы сұрау 5-6 үй көр­ші­­­ден ұзаған соң жарамай қа­л­а­ды. Бірімізден, біріміз дауы­­сы­­мызды асыра көтеріп «асса­­лау­м­а­­ғалейкумдеп» алға тартамыз.

Бірін-бірі құттықтап қыдыр­­ған адамдар. Біз ешкім айтып тапсырмаса да, 40 үйден кем айттамауды өзі­міз­ге міндет санап алғанбыз. Кей үйден көже ішеміз, кей үй­де кісілер толып отырады. Есік­тен жылтың ет­кен бізге жілік ұстатады. Кей­біреуі­мізге ортан жілік ойынды етімен тиеді. Біріміздің алақанымызға жүзің көрінетіндей сүрленген жамбастың мөлдір майынан жапырақ-жапырақ қып салады. Май жегенді мақтайды.

Сонымен бесін ауған шақта ауылдың сыртында ойын-думан басталады. Балуан салады, қол күрестіреді. Қыз қуу, көкпар дегендер қыс қы­сыл­май мал күйлі шыққан жыл­дарда болмаса көп бола бер­мейді. Мектеп оқушылары, мұ­ға­лімдер дайындаған ән-күй орын­далады. Елжіреген күн көзі­не арқа-жонын тосып ауыл адам­дары айнала отыра­ды. Өнер­лері бары ортаға шы­ғады. Ақ­са­қалдар жылдың жайын, тәубе, шүкірін айтады. Алла­дан елдің тыныштығын сұрап алақан жаяды.

Дала думаны тарқаған соң үл­кендер жағы бір бөлек, жас­­тар жағы бір бөлек топтасып мерекені үй-үйде жалғас­тырады. Ақсақалдар өнегелі әңгіме айтады. Жыр айтады. Жазу-сызу білмейтін Лұқпан деген ақсақал «Қыз Жібектің күймесі-ай, күймеге таққан түймесі-ай» деп бастап, одан да басқа талай жырды жатқа соға­тын. Қыз-жігіттер әртүрлі ойын­дар ұйымдастырып, ән айтып, би билейді. Екі араға кезек жү­гіріп табанымыздан тозып біз жүреміз. Әбден түн­ге қарай шар­шап, қара сан бо­лып, ішіміз үрген қарындай шең­берек атып үйге жетеміз. Күп­­ті болып ауда­ры­лып-төң­кері­ліп ауыратынымыз тағы бар.

Мереке үш күн бойы болады. Екінші, үшінші күндері үл­кен думан болмайды, тек туыс-туған, дос-жаран, көрші-қолаң­дар бірін-бірі қонаққа шақырып өздері тойлайды. Сөйтіп, күн мен түн теңелген Наурыз мере­ке­сінде қыр арқасын қыс қажа­ған қалың ел, арқа-мойнын кең­ге салып бір жырғап қалады. 

Әр жылы Наурыз келген сайын біздің ойға ауылдың Наурызы оралады. Оны көрме­ге­лі міне, он жылдан асып бара­ды екен. Ол жақта Наурыз әлі де бұрынғыдай тойланады дейді. Бірақ, қазір ол ауылда баяғыдай шулап-шұрқырап жүретін балалар жоқ. Топ бала жоғалған! Жоқ!..

Үркердей үш-төртеуі ғана кө­зге шалынады… «Ассалау­ма­ға­лей­кум» – деп оң қолы­мен кеудесін басып екіленіп тұрып сәлем беретін қазақтың баяғыдағы мәрт балалары емес олар, кісі келе жатыр-ау деп қарап та қоймайды. Шүлдір-шүлдір етіп өзге тілде сөйлесіп бара жатады...
Тай-құлындай тебісіп, қозы-лақтай өрісіп, ауыл арасын қызыққа бөлеп, топ бала той­ламаған мереке, мереке болып па?!.

Ұларбек Нұрғалымұлы,

ақын, жазушы

author

Ұларбек Нұрғалымұлы

АҚЫН

Жаңалықтар

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы энергетик сусындарға қатысты пәтуа шығарды, деп хабарлайды ma...

Жаңалықтар

Шығыс Қазақстан облысында зорлау туралы көрінеу жалған хабарлау оқиғасы анықталды, деп хабарлайды ma...