Желіде зерттеуші, Париждегі Жоғары зерттеулер практикалық мектебінің докторанты Агат Гидің жылқы еті...
«Ұлы дала сазы» жобасы көрерменге жол тартады
Жаңа жобаның мақсаты - атадан балаға мұра болған дәстүрлі ән, жыр-термелер мен күйлерді одан әрі дамытып, өскелең ұрпаққа жеткізу.
17 концерттен тұратын жаңа музыкалық жоба ұлттық арна эфирінен 13 қаңтардан бастап апта сайын сағат 21:05-де көрсетіледі. Ұзақтығы - 1 сағат. Дәстүрлі өнер шарасы үстіміздегі жылдың тамыз айына дейін тұрақты жүргізіледі.
«Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында ұлттық құндылықтарды заманауи тұрғыда дәріптеу мәселесі көтерілді. Біздің мақсатымыз - Елбасы мақаласындағы көтерілген идеяларды жүзеге асыру. Осы тұрғыда ұлттық арна төл өнерді жаңаша насихаттау мақсатында телевизиялық жоба жасады. Ұлттық арна бұған дейін де бірнеше жобаны жүзеге асырып келеді. Ал бұл жобаның мақсаты - дәстүрлі музыканы ұлықтаумен қатар, осы салада жүрген өнерпаздардың басын қосу. Концертте бүгінде ұмыт болған халық әндері мен қазақ композиторларының шығармалары орындалады», - деді «Қазақстан» телерадиокорпорациясының басқарма төрағасы Ерлан Қарин ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, жобада орындалған шығармалардың барлығы ұлттық арнаның алтын қорына енеді.
«Ұлы дала сазы» жобасының түсірілімі өткен жылдың қараша айында басталып, онда 177 шығарма орындалды. Өнер шарасына барлығы 91 өнерпаз, оның ішінде 16 термеші, 34 күйші, 39 әнші және 2 жыршы қатысты.
Сондай-ақ, аталған жобаға Секен Тұрысбеков, Рамазан Стамғазиев, Сәуле Жанпейісова және тағы басқа елімізге танымал дәстүрлі өнер майталмандары қатысады.