Бауыржанның "Қара машинасы"

ӘДЕБИЕТ
6449

Гауһар Жұматайқызы:

«Қара машинаның» қасіреті солай еді...»


–       Ақын Бауыржан Үсеновті ең жақсы білетін адамның бірі сізсіз. Ол кісі қандай азамат еді?

–       Бауыржан ұлтжанды, көркіне заты сай, сазгер, суырып салып айта беретін қасиеті бар «сегіз қырлы, бір сырлы» ақын еді. Мінезі өте жұмсақ, мейірімді болатын. Маған асыл жар, балаларына асқар таудай әке еді. Аса балажан, құлындарына айналып, үйіріліп тұратын. Әттең, ерте көз жазып қалдық. Бауыржан жас кезінен жылқы малын қатты жақсы көріпті. Көкпар тартып, бәйге атына көп мінген екен. Жылқыны жанындай көретіні сонша, кішкентай кезінде өзі сырттай иемденіп жүрген тайын әкесі сатып жібергенде, үш-төрт күн жылап жатып алыпты. Есейе келе бәйге атын баптапты. Мыңнан шығар тұлпарды, жүзден шығар жүйрікті жазбай танитын. Ән тыңдап, өлең ести алатын талғамды ортада құлашы жазылатын. Сал-сері, бекзат болмысты азамат еді... Баукең кішкентай кезінде кешке қарай атқа мініп, малды ауылға кетіп бара жатса, дәл бейіттің қасынан өткенде тайыншадай арлан қасқыр ырылдап алдына шығыпты. Кішкентай бала дала тағысының алдында не істей алсын, көзіне көзін қадап тұра беріпті. Бала деп есіркеді ме кен, біраз уақыттан соң арлан қасқыр бұрылып, жайына кетіпті. Бұл жағдайды Бауыржан Омаров «Қожа мен қасқыр» деген әңгімесінде жазады. Кейде осы оқиғаны ойлап отырып Бауыржан Үсеновтің алдынан ырылдап шыққан талай «қасқырлар» есіме түседі. Бірақ олар дала тағысынан да өткен жауыз, өте қанқұйлы, тістеген жерінде тісі қалатын жыртқыштар еді... 

–       Баукең екеуіңіз қалай таныстыңыздар? 

–       Бауыржан екеуміздің танысқанымыз да қызық. КазГУ-де бірінші курста оқып жүрген кезімде Қайрат Әлімбеков деген ақын жігіт болды. Бауыржан Үсеновтің жолдасы, ол да журфакта оқыған. Ерте қайтыс боп кетті. Бірде троллейбуспен ағамның үйіне кетіп бара жатсам, Қайрат пен Бауыржан (Жақып) екеуі Арман кинотеатрына киноға бара жатыр екен. Ағамның үйі де сол жақта-тұғын. Ол екі жігітпен қоғамдық көлікте таныстым. Бұл таныстықтан кейін олар менің филфакта оқитынымды біліп, біздің факультетке, жатақханаға жиі-жиі келіп тұрды. Киноға, театрға шақырады. Бір күні Қайрат «киноға барамыз» деп екі билет алып келген екен, бармайтынымды айттым. Себебі, оның маған деген көңілін аңғардым. Менде оған деген ешқандай сезім жоқ болатын. «Босқа үміттендірмейін» деп ойлап, ашығын айтып, жолға салдым. Қайрат ренжіп кетіп қалды. Көңіл күйі жоқ ақын жатақханасына барады. Барса бір топ ақын жиылып, өлең оқып отырады. Ішінде Бауыржан Үсенов те бар. «Саған не болған? Қабағың түсіп кетіпті ғой», – деп сұрайды олар Қайраттан. Қайрат: «Филфакта оқитын, 8-жатақханада тұратын Гауһар деген қызға біраз уақыттан бері көңілім кетіп жүр еді. Бүгін сол қыз қатты кетті. Қу дүние құм басқандай құлазып отырмын. Мазамды алмаңдаршы», – деп марқұм теріс қарап жатып алады. «Сендей алтын жігітті менсінбеген ол қандай қыз екен? Араларыңа жүріп, ол қызды қолыңа қондырып берейін, Қайрат. Басыңды көтер!», – деп Бауыржан досын жұбатады. Бір күні жатақхананың төменгі қабатында жүрсем қыздар келіп: «Ойбай, сені Бауыржан Үсенов деген ақын іздеп жатыр», – деді. Бұл есім маған таныс болатын, бірақ өзін көрмегенмін. Біздің жатақханаға қарама-қарсы 5-жатақхананың балконынан әр кез ән әуелейтін. «Балқадиша», «Маңмаңгер», «Жиырма бес» тағы да басқа әндер айтылғанда студенттер ұйып тыңдап, шапалақ ұрып мәре-сәре болып жататын. Сол әндерді орындайтын Бауыржан Үсенов екенін еститінмін. Бөлмемнің алдына келсем, сұңғақ, ұзын бойлы, әдеміше келген мұртты жігіт күтіп тұр екен. «Бұл бөлмеде тұратын Гауһар деген қыз кім?» – деп сұрады. «Іздеген адамыңыз мен боламын», – деп қонақты ішке кіргіздік. Шай ішіп, біраз әңгіменің басын шалдық. Баукең Қайрат досының жоғын жоқтап, мұңын мұңдап келгенін жасырмады. Осы «мәселемен» Бауыржан біздің бөлмеге қайта-қайта келіп жүрді. Кейде бөлмемізде отырып өлең жазады. Светқали Нұржан, Бауыржан Омаров, Еркін деген достарын да бірге ертіп келіп жүрді. Ақыры бір күні Баукең маған өзінің ғашық екенін айтты. Қайрат екеуінің арасында сол кезде сәл-сәл реніш те болды... Сол таныстық Баукең екеуміздің арамыздағы үлкен махаббатқа ұласты. Ол кезде екеуміз де бірінші курста оқитынбыз. Сөйтіп 1985 жылы жазда үйлендік.

–       Үйленген кездеріңізде нешінші курста оқисыздар?

–       Мен төртінші курсты бітіріп, бесінші курсқа өткен кезім. Бауыржан «Қара машина» деген өлеңі үшін оқудан шығарылып, КазГУ-дің бас штабында жұмыс істеп жүрген шағы-тұғын. Баукең «Қара машинаны» екінші курста ма, үшінші курста ма жазды. Студенттер жиналған жерде, жыр кештерінде сол өлеңін оқитын. Аяғында «Қара машина» үшін Баукеңді кәдімгідей қудалады. Қауіпсіздік комитеті «антисоветтік өлең жазды» деп Бауыржанның ауылдағы үйін, оқыған мектебін, менің төркінімді түгел тексерді. Бұл жерде «Бауыржан Кеңестік жүйеге, үкіметке қарсы болды» деген ұғым тумауы керек. Ол Алаш арыстарының жазықсыз қудаланып, атылып, жапа шеккенін әділетсіздік санады. Қылышынан қан тамған кешегі заманда ондай ақиқатты айту оңай емес еді. 

–       «Қара машина» кейін қалай жоғалып кеткен?

–       Үшінші курста оқып жүргенде Бауыржан біздің бөлмеге келді. Менен тәрелке сұрап алдырып, «Қара машина» жазылған парақты көзімше өртеді. Бір-екі шумағын жаттап қалғанымыз болмаса, бізде ол өлеңнің басқа жазылған нұсқасы жоқ еді. «Бауыржан, бұл өлеңді неге өртедің?» – деп сұрадым. Баукең: «Осы бір өлең түбіме жететін болды, болашағымды ойрандады. Өртеп тынайын. Біреу-біреудің қолына түссе, жағдай тіптен қиындай берер. Жарайды, жана берсін. Бәрібір өзім жатқа білем», – деді. Кейін Баукең қайтыс болып, қолжазбаларын реттеген кезде «Қара машина» қолжазбалар арасынан табылмады. Ұшты-күйлі жоғалды. Іздеу салсақ та таппадық. Екі Бауыржаннан (Омаров, Жақыпов) да сұрап көрдім. Бір жолы Сәуле Жиреншинаның курсына келдім. Ол өзі Баукеңмен бірге оқыған, «Хабар» арнасында жұмыс істейтін. Бір адамдар арқылы Баукеңнің «Қара машинасы» сақталған жерді де таптық. Сәуле ол мекемелерге телеарна атынан «біз «Ызғар шалған желтоқсан» деген хабар дайындап жатыр едік, соған Бауыржанның сіздерде сақталған «Қара машина» өлеңі керек болып тұр» деп хат та жазды. «Бізде жоқ» деп олар құтылды. Сонымен соңғы үмітіміз үзіліп, «Қара машинадан» күдер үзгенбіз. Кейін Бауыржан Омаровтың арқасында ол өлең табылды-ау, әйтеуір.

–       Қалай табылды? 

–       Біраз жылдың алдында Тұрсынбек Кәкішев марқұм, Бауыржан Омаров бәрі Арқа жақтағы бір тойға бірге барыпты. Сонда Тұрсынбек ағамызға сөз берген асаба жігіт «Қара машина» өлеңіндегі Сәкенге қатысты бір шумағын оқыпты. Құлағы елең ете қалған Омаров сол тойда асаба арқылы бұл өлеңнің дерегін табады. Әңгіме былай. 1988 жылы КазГУ мен Қарағандыдағы КарГУ арасында студенттер айтысы болған. Айтысқа Бауыржан Үсенов те барған. Баукеңнің айтыстағы сөз саптасы, мақамы Жақсыгелді Кемалов ағамызға ұнаған-ау. Үйіне шақырып, өлеңін оқытып магнитофон таспасына жаздырып алса керек. «Қара машинаны» сол таспадан таптық. Бұл өлеңді сақтап қалған – Жақсыгелді ағамыз. Табылуына себепкер – Бауыржан Омаров. 


ҚАРА МАШИНА

Үш ұлы адам дарын ескен түрінен,
Келбетіне Құдайдайын үңілем.
Бір-ақ жылда қайтыс болған, тарихи,
Құбылыс деп ойлайтынмын мұны мен.

Бір тынбаған қамын ойлап халықтың,
Күреңітіп тұрмасын деп жарық күн.
Бірақ халық жауы болып ұсталып,
Кеткендігін кейін біліп, қамықтым.

Естеліктер жазып жүрген сан адам,
Бірақ бүгін көрінбейтін арадан.
Қалайша жау қазақ әдебиетінің,
Іргетасын құлдар құсап қалаған?!

Адамзаттың ажарлысы, өзі ақын,
Қазағым деп қамшылаған боз атын.
Сырнай үнмен әсем әнін созатын,
Жан бар ма еді Сейфуллиннен озатын?!

Алатаудан Ақсу болып бұрылған,
Қыран жырды қайыратын қырымнан.
Жансүгіров емес пе еді Құлагер,
Ол қалайша айбалтаға ұрынған?!

Талантына табынам мен қай елдің?
Мен өзімнің қазағымнан май емдім.
Бейімбеттің жазығы не, паш еткен,
Еркек түгіл коммунисін әйелдің?

Қалайша жау ардагерлер топ жарған?
Ақиқатын сұрадым мен көп жаннан.
Қырандарға көкте қанат қағатын,
Кімдер екен, кімдер екен оқ жонған.

Оларға оқ жаумағаны хақ көктен,
Жауабы жоқ, жаныма осы батты өктем.
Бірде біреу деді: «Оларды бір түнде,
Қара машинамен келіп ап кеткен...»

Қалың топты жарып шыққан мергенді,
Қазақ қашан асылына теңгерді?
Қолымызбен ұстап берген ерлерді,
Іздегенмен тірілтпейсің сен де енді...

Содан бері шошынамын дүсірден,
Содан бері көз алмаймын мүсіннен.
Қараңғы түн, қап-қара бір машина,
Шықпай қойды, шықпай қойды түсімнен.

Әлі алдымда батпағым көп кешпеген,
Көкейімде құпиям көп шешпеген.
Шындық жайлы айта берсем, бір түнде,
Қара машина ап кетердей сескенем...

–       Әділетсіздікке жаны күйетін ақын Желтоқсан көтерілісінде қайда болды?

–       Алматыда, Орталық алаңда болды. 1985 жылы мен ұлымды босанып, ата-енемнің қолына барғам. Ол кезде Бауыржан журфактың күндізгі бөлімінде сырттай оқып жатқан. Тура Желтоқсан оқиғасы кезінде ауылда осы әңгіме тарады да қайын әпкем бір түнде мені жұмыстан шығарып, 18 желтоқсан күні Алматыға келдік. КазГУ-ге барсақ, ешкім жоқ. Бәрі Орталық алаңға кетіпті. Біз де солай бардық. Алаң толы адам. Бізді ішке қарай кіргізбеді. «Күйеуімді іздеп келіп едім, ішке қарай кірейінші», – деп едім, алаңды қоршап тұрған әскерлер кіргізбей қойды. Бір кезде үлкен-үлкен машиналар келіп су бүркіп, айқай-шу болды да кетті. Студенттер ығысып, жан-жаққа қашты. Студенттермен бірге мен де КазГУ-ге келдім. Біраз уақыттан соң Бауыржан келді. Бізді көріп: «Сендерді кім шақырды? Неге келдіңдер?», – деп шошып кетті. Сол күннен бастап Баукеңді сұрақтың астына алды. «Бауыржан КазГУ-дің студенттерін ұйымдастырып, алаңға алып шықты» деген айып тағылып, күнде тергеу басталды. Баукеңді кешке әкетеді, таңға жуық әкеледі. Ақыры Баукең ауырып, екі бүйрегі сыр берді. Ауруханаға жатты. Мұндай аурудың қатты соққыдан болғандығын Ленинградтан келген дәрігер де айтты. Сосын академиялық демалыс алып, біз ауылға қайттық. Екеуміз де ауыл мектебінде мұғалім болдық. Ауылда жүріп Қайрат Рысқұлбековтің қайтыс болғанын естігенде Баукең үш күн бүк түсіп жатып қалды. Басын көтерген соң Қайратқа арнап «Жыр гүлі» деген өлеңін және «Желтоқсан» деген поэмасын жазды. Баукең 1987 жылдың қаңтарынан бастап аурудан көз ашпай, 1991 жылы сәуірде миына қан құйылып қайтыс болды. Пендеміз ғой, кейде сол Баукеңнің миына қан құйылар алдындағы салған уколдан да күмәнданамын. Ауылға барып тыныш өмір өткізген айналдырған екі-үш жылда Бауыржан кейде тілшілік бабымен, кейде мәдени іс-шараларға, айтысқа байланысты сапарларға шығып тұратын. Асыға күтеміз, келеді. Қайтыс болғаннан кейін де сондай сапарға кеткен сияқты сезіліп, бір жақтан келіп қалатындай жолына қарап жүрдім. Сұм өмір Баукеңнің енді қайтып келмейтініне де сендірді. 

–       Баукең әдебиетке келген шақ қазақ поэзиясына біраз талантты қыз-жігіттер қосылып, Жұматай Жақыпбаевтың «Қағанаты» дүрілдеп тұрған кез емес пе?..

–       Иә, Баукең де сол «Қағанатта» болды. Ол туралы жазылып та, айтылып та жүр. Біз пәтер жалдап Алматыда тұрған кезде Жұматай Жақыпбаев біздің үйге жиі келетін. Өлең оқып, домбыра тартатын. Жұматай Баукеңе қалжыңдап: «Осы сенің Гауһарың Ләйлаға қатты ұқсайды. Келіншегіңді көрсем, Ләйланы көргендей болам», – деп қалжыңдайтын. Баукең Жұматай ағасын қатты жақсы көрді. Тоқсаныншы жылдары Жұматай қайтыс болғанда ақынды ақтық сапарға шығарып сала алмай қалды. Ол бір хикая. Жұматай қайтыс болғанда Бауыржан ауруханада жатқан. Тап сол кезде әкем Қызылордадан Меркіге санаторийге келген. Ол кезде мен өзіміздің ауданда мұғаліммін. Әкем мектепке звондап, жағдайымды сұрап, демалуға келгенін айтты. Жұмыстан кейін үйге келсем ата-енем, ауруханада жатқан Бауыржан – бәрі жиналып отыр. «Не боп қалды сіздерге?» – десем, Бауыржан: «Тез жинал. Әкең қатты ауырып қапты. Қызылордаға жүреміз», – деді. «Папам Меркіде курортта дем алып жатыр. Мен бүгін сөйлестім ол кісімен, бағана жұмысқа звондаған», – деп мен ештеңені түсінбей тұрмын. Ата-енем де, Бауыржан да «бол, болдың» астына алды. Қайта-қайта түсіндірсем де ол кісілер тезірек жолға шығуға асықтырды. Пойызға билет те алып қойыпты. Сонымен вокзалға келдік. Мен Бауыржанға: «Үй жаққа, туыстарға телефон соғып көрші. Ол кісі ауырған жоқ», – деп тағы да айттым. Баукең мен берген нөмірлерге телефон соғып еді, қырсыққанда ешқайсысына жалғанбады. Сол сәтте пойыз да келді, жолға шығып кеттік. Сөйтіп менің төркініме де жеттік. Үйге кірсек, інім ғана отыр, басқа адам жоқ. Енем кірген бетте інімді бас салып, «қайран құдам-айға» басып, көрісе жөнелді. Ол ештеңені түсінбей аң-таң. «Папам өлген жоқ, ол кісі Меркіде», – деп інім айтқанда барып ол кісілер маған көрсетпей келген телеграмманы шығарды. Онда «Жұматай қайтыс болды. Сәрсенбі күні ақтық сапарға шығарамыз» деп жазылған екен. Менің әкемнің аты да Жұматай. Бауыржан ауруханада жатқанда үйге келген телеграмманы ата-енем оқып, Бауыржанды ауруханадан шығарып, мен үйге келгенде «Қызылорда қайдасың?» деп жүріп кеткеніміздің себебі осы екен. Ол телеграмманы Жұматай Жақыпбаев қайтыс болғанда Алматыдан Бауыржан Жақып жіберсе керек. Сөйтіп біз тентіреп Қызылордаға кетіп, Баукең Жұматай ағасына топырақ сала алмай қалды... Айтпақшы, мұндай тағы бір қызық болған. КазГУ-де оқып жүргенде Жолбарыс пен Сақанай деген курстастарымыз үйленді. Ләззат Дүйсенбекова деген қыз екеуміз Мақтаралға тойға бардық. Мен қыз жолдас болдым. Құрбымыз Шәуілдірге келін болып түсті. «Шаншардағы» Уәлибек те бар. Беташар анау-мынау біткен соң Алматыға қайтайық десек, билет жоқ. Ләззат Жансүгіров ауданының қызы еді, аудандарында Жансүгіровке қатысты бір шара өтетін болды да оны қайтсек те пойызға мінгізуге тура келді. Бәріміз жүгіріп жүріп бір адамға орын таптық. Ләззат пойызға шығарда: «Гауһарды Бауыржан сұраса, не деймін. Мынау қиын болды ғой», – деп маған жалтақ-жалтақ қарайды. «Гауһарды Манап алып қалды. Үйіне апарып, басына жаулық салды. Бауыржанға солай айт», – деп Уәлибек қоймайды. Ләззат солай айтатын болып кетті. Манап та менің курстасым, Шәуілдірдің жігіті. Бұрын менде көңілі болған. Сөйтіп жалғыз басы сопиып Лаззат Алматыға барады. Жатақханаға келсе, қыздар: «Әй, жалғыз кепсің ғой, Гауһар қайда?» – деп сұрайды. Ләззат Уәлибектердің тапсырғаны бойынша айтады. Оған онша сенбеген қыздар «нан ұсташы» десе, іштей «Құдай кеше гөр» деп Ләззат нанды да ұстайды. Оңтүстіктің салтын жақсы білетін жатақханадағы қыздар жылап-сықтап, бұл хабарды Бауыржанға да жеткізген. Бауыржанның достары, курстастары ақылдаса келе, ақша жиып, ұшаққа билет алып, Баукең мен Дана деген құрбым екеуін Ташкентке ұшырады. Ол екеуі Ташкенттен түсіп, таксимен Шәуілдірге келгенше біз Алматыға аттанып кеткенбіз. Сосын олар Жолбарыс пен Сақанайдың, Манаптың үйіне барды. Барған жерлері етін асып, күтіп бәйек болады. «Манап Гауһарды үйіне кіргізіп алды ма?» – деп жайлап сұраса, «не айтып отырсыңдар», – деп ауыл адамдары өздеріне аңтарыла қарайды. Өздері де алданғанын біліп, Алматыға тартады... Сөйтіп қызық болған.  

–       Ақынға құрмет көрсетіліп, еске алу шаралары ұйымдастырылып тұра ма? 

–        Жуалы ауданына ақынның атына көше берді. Ауданымызда ақындар клубы бар, солар өткен маусым айында Бауыржанға арнап кеш өткізіп, мүшәйралар ұйымдастырды. Республикамызға танымал ақындар, аудан, облыстардан журналистер қатысты. Жастар орталығы «Жуалы азаматтарының құрмет тақтасына» ақын есімін ұсынды. Ауданымызда жаңа мектеп ашылған еді, соны «Бауыржан Үсенов атында атасақ» деген ұсынысты да жастар орталығы көтерді. Мүмкін болашақта ол шаруа да ретін табар. 

–       Үсеновтің курстастары, достары қазір республикаға танымал, сөзі өтімді, қолдарынан іс келетін азаматтар. Ол кісілердің шарапаты қаншалықты тиді?

–       Бауыржан Омаров көп жақсылық жасады. Бауыржан Үсеновтің елу жылдығында ақын туралы мақалалар республикалық басылымдарда жарияланып, телеарналар ақын туралы хабарлар көрсетті. Осының бәрі Омаровтың арқасы. Өзі де мақала жазды. Басқа да курстас достары Баукең туралы мақала жазып, хабарласып, хал-жайымызды біліп тұрады. Тек кейбір атағы таудай шығармашылық одақтар ақынның кешін өткізіп, кітабын шығарып, мерейтойын атап өткенін көрмедім. 

–       Егер сізге өмірді басынан қайта сүру мүмкіндігі берілсе, осы тағдырыңызды қайта таңдар ма едіңіз?

–       Иә, осы тағдырымды қайта таңдар едім, ешқандай өкінбес едім. Бауыржандай азамат, арқалы ақынға жар болдым. Бауыржан секілді еліне қызмет етіп, халқының мүддесін бәрінен жоғары қоятын азаматтар – бұрын да, қазір де аз. Сол аздың бірі мені жары етіп таңдаса, несіне өкінейін. Құдайға шүкір, Баукеңнің түтінін түтететін екі ұлы – Талғат пен Мұхаметсалық бар. Құдайым соларға ғұмыр жас берсін. Талғатым әскери оқуды бітіріп, қазір сол сала бойынша үлкен қызмет істейді. Ол балам Талғат Бигелдинов атасының жолын қуды. Атын да атасы сол кісідей болсын деп ырымдап қойған болатын. Мұхамедсалықтың атын Баукең өзі қойды. «Мұхамед-Салық Бабажанов секілді ғалым, ағартушы болса екен» деп ұлына сол есімді қоятынын ұлым өмірге келмей тұрып айтып жүретін. Ол ұлымыз да ғылым жолын қуды. Мұхамедсалығым қазірге дейін жеті-сегіз тілді меңгерді. Арманның, үміттің орындалғаны сол емес пе?..

Сұхбаттасқан Ырысбек ДӘБЕЙ

(Автордың келісімімен жарияланды)

madeniportal.kz

author

Бауыржан Үсенов

АҚЫН

Медицина

Шығыс Қазақстан облысында дәрігерлер салмағы небәрі 700 грамм болып туған нәрестенің өмірін сақтап қ...

Жаңалықтар

Бұл мереке 1997 жылғы 24 қарашада Қорғаныс министрінің Қарулы күштердің қажеттіліктері үшін педагоги...