Рабиндранат Тагордың өлеңдері

ӘДЕБИЕТ
2195
Рабиндранат Тагор

"Түйінді түйірлер"

("Коника") атты кітабынан

1899



КЕМЕҢГЕР КӨҢІЛІ

"Уа, жомарт Жер! - деді бірде Нарада,
- Ақылынан алжасты ғой бар адам.
Өздерінше шеттерінен бір керім,
Саған тіпті тигізеді тілдерін.
Шіріген бір ұяға сені балайды,
Балайды да, жиіркене қарайды,
Айырсаңшы астан, судан, наннан шын,
Ашықсын да Ұлылығыңды аңтарсын!"
Жер былай деп жауап берді:
"Жанымды ұқ
Ондай жаза - емес бауырым, әділдік.
Не қыламын бейпіл сөзді тиям деп,
Маған әсте одан келер зиян жоқ.
Ең алғашқы, ең ақырғы рет те
Емес қой бұл!
Артып қайтем құр өкпе!
Егер сол сәт қабақ түйсем бұлтартпай,
Ақымақтар кетеді өліп, тіл тартпай!"

ЖАЛАҚЫ МЕН ҚАЙЫР


"Уа, ұлы Жер.
Сен не деген сараң ең?!
Үздігемін үзім нанға бола мен
Соңғы кезде ұйқыны да ұмыттым,
Ащы терге неге сонша құнықтың?
Салмай жұртты сергелдеңге, сарсаңға,
Сахилыққа үйренсеңші
" Жер сонда Былай деді:
"Тереңірек ойлашы, Саған,
Маған оның қанша пайдасы?!
Мен жоғалтып алар едім барымды,
Сен жоғалтып алар едің арыңды!"

ЖЕР ЖҰМАҒЫ

Оң жағасы өзеннің, көздің жасын бір сығып,
Деді: "Арғы жаға ғой - шын бақыттың тұрағы!"
Сол жағасы өзеннің қарс айырыла күрсініп,
Деді: "Арғы жаға ғой - жердің нағыз жұмағы!"

МАҚТАУ ЖӘНЕ ДАТТАУ

Мақтау және Даттау бір күн сөз кесіп,
Жас дарынмен оңашада кездесіп,
Сауал қойды: "Бүкпесіз сыр айтыңыз,
Қажет сізге екеуміздің қайсымыз?"
Сонда былай жауап берді
Жас дарын: "Сенен де мен,
Сенен де мен қашпадым,
Екеуіңді бөле-жармай құшқам шын,
Екеуің де һәм доссың, һәм дұшпансың".

ПРОЗА МЕН ПОЭЗИЯ

"Сен не деген икемсізсің, - деді
Жебе Сойылға,
- Ұша алмайсың, иілмейсің - ауырлық бар бойыңда,
Кел, жарысқа түс менімен, екпініңнен есіп от,
Басты босқа мең-зең етпей, кеуделерді тесіп өт!"

МӘҢГІЛІК ПЕН ӨТКІНШІ

Деді Патша: "Дүниеге Әділдікті мен бердім!"
Деді Әділдік: "Дүниеге әлдеқашан келгенмін!
Батты сансыз күндерім, атты сансыз таңдарым,
Сенің дағы о, мырзам, әділ емес заңдарың!"

КҮН ЖАУЫ

Депті бірде Жапалақ:
"Не қыласыңдар дауласып,
Көктегі Күнмен жауласып,
Бекерге жүрген жоқпын ғой,
Жапалақ деген атақ ап".

ЖАЛҒЫЗ ҚАҚПА

Өтіріктен қорқып біздер,
Қақпамызды жауып алдық тас қылып.
Кірерге жер таппай Шындық!
Қалды сыртта, жанарына жас тұнып.

АБАЙЛАУ

Жақсылар мен Жамандар
Бір-біріне ит қосып, айтақтасып өтеді.
Ал дүбәра адамдар
Аяқтарын дүниеден байқап басып өтеді.

МӘҢГІ ЖАСАРУ

Батар Күннің бал-бұл жақ оған бетінен
Сүйді де Түн, былай деді:
"Өтінем!
Ұлым менің! Қорықпа сен! Ажалмын!
Қойнымда бір мұңсыз-қамсыз демалғын!
Сені өмірге мен бергенмін!Қайта алам
Қайта аламын, берем бірақ қайтадан.
Не қыласың жанарыңа жас алып,
Мәңгі осылай отырасың жасарып".



"ТАРТУЛАР"

("НОЙБЕДДО")  АТТЫ КІТАБЫНАН 

1901


Бағамдатпас бар ғажабын басқаның,
Сүйемін мен бұлтсыз Бенгал аспанын.
Иә, осынау көлеңкесіз кеңістік
Сұлулардың судан таза жас жанын.
Көз алдыңа елестетсе несі бар,
Және де бір әсем әнді есіңе ал,
Ол да мұның танытады бір қырын.
Қабақ шытпай тұрған кезде нұрлы Күн.
Одан сайын ыстық тартып мекенің
Сезінесің махаббаттың не екенін!
Ауыр емес оның маған жүгі түк,
Арқалаймын өзімді-өзім ұмытып.
Барамын ол шақырса да қай-қайда
- Алапатқа, һәм ажалды майданға!
Қадіріңді кімде-кім білмесе егер,
Білмесе егер, көзіне ілмесе егер,
Ілмесе егер көзіне, күндесе егер,
Күндесе егер, безіне тілдесе егер,
Сүйе алар ма өзіңді - Отанды ол?!
Қарға оны! һәм теріс батаңды бер!
Жебеушім-ау, Көңілді кеткен үсіп Жылытасың!
Жүргем жоқ текке құшып.
Өзің жайлы жырлайды маған дәйім
Арайлы таң, самал жел, шөптегі шық!
Сұлулықтан кей-кейде сен елес боп Көрінесің.
Бірақ - Өз өңі емес, - деп
Бас шайқайды бар әлем. Жоқ куәсі!
Құлақ аспа! Уақытқа төрелес тек!
Көп нәрсенің керегі жоқ,
Мен ырзамын өмірге,
Мен әрқашан қолда барға ырзамын.
Бірақ, бірақ жазалайды
Маза бермей көңілге
Не жоғалтсам
Өкініші - бір залым!
Өкінішпен - сол беймаза тасқынмен
Жанарымда мұз еріп,
Жартас сынды түнеріп,
Тайталасып келемін мен жас күннен, -
Жыр болса деп атағың,
Шырқалса деп шат әнің,
Бақыт құсы қонса екен деп қолыңа,
Қолда барды құрбан қылып жолыңа.
Сен оларды азырқанба, ал қабыл,
Қиналғанда қиын-қыстау жолда бір,
Қас жауыңа бәсекелі
Құдіретіңді паш етеді
- Бөлеп дәйім зор құрметке, не даңққа.
Сондықтан да, Тілегіме Құлақ асып,
Жүрегіңе сақта! Әсте жоғалтпа!
Белдері түгел қуарған,
Көлдері түгел суалған,
Бұлағы сылдырламайтын,
Құрағы сыбдырламайтын.
Ұмытқан әсем бар әнді,
Аспаны Айсыз, қараңғы,
Кезі жоқ тіпті нұр көрер,
Сөйлеуге тіл де күрмелер.
Шыға алмай іштен өлеңнің
Шерменде болып бірге өлер,
Құлазыған бір аймаққа
Барарға білмей қай жаққа.
Тұсында қалсам мен егер,
Ту қылыш : күй-әнді,
Күй-әнмен қозғап қиялды,
Қуаныш болып мәңгілік.
Жұбаныш болып мәңгілік,
Көкірегіме ене гөр!
Екі шырақ, - екі көзге жас бұлап,
Жалбарынам, ақ тілекке ас құлақ:
Осалдықты қуып бойдан, жазала!
Жүрегімді жұмға, мұңнан тазала!
Мұқалмайтын темір төзім бер мықты,
Бер және де өр мінез бен ерлікті!
Содан кейін қиындыққа сал қайрап,
Жан болмасам қалқан әбден сор қайнап,
Жекіп шығам, солды-солды сермеймін,
Адамдарды ездікке әсте бермеймін,
Барлығы да басын биік ұстайды,
Ешкімнің де аяқтарын құшпайды.
Бұл әнімді шырқап көкке саламын,
Өзімді-өзім сөйтіп қолға аламын,
Машқар күні барғанда да алдыңа
Сол қалпымда - өр қалпымда қаламын!
Отандасым! Өр қалпыңды сақта сен!
Намысыңды саудагерге сатпа сен!
Арбайды олар, арбайды олар көзбенен,
Алдайды олар, алдайды олар сөзбенен.
Сондықтан да алды-артыңды пайымда,
Бағытыңнан - өз жолыңнан тайынба!
Отауыңды бақ ұясы етерлік
Жүрегіңнің қазынасы жетерлік.
Алтын... Алтын... Алтын деген немене?!
Зұлымдықтан басқа одан өне ме?!
Жылдар бойы армандаған, аңсаған
Бостандықтан қымбат емес ол саған.
Тек сол ғана бір сен үшін қайғы-мұң,
Ал, әйтпесе кедейлігің - байлығың!
Қорқыныштан көтере алмай еңсесін,
Қорлыққа кім, зорлыққа кім көнсе шық
Айтқан нәрсе нағыз өткір шындық деп,
Ол үшін бір көрінеді сұмдық боп.
Адамды да ақ ниетті, дұғалы
Шектен шыққан алаяқ деп ұғады.
Өмір оған - өтіріктер әлемі,
Мәңгі-бақи үзген үміт-дәмені.
Қимылынан, ойларынан, сөзінен
Өтіріктің иісін өзім сезінем,
Жанына әбден ірге тебе бастаған
Жуа алмайсың, Қуа алмайсың, әсте одан.
Бірдей оған, бірдей тіпті ақ, қара
Өтірікке бас иеді тек қана.
Шарлаған тұла бойды бұл қанымда
Тірлігі бар әлемнің бұрқануда,
Шақырып беймәлім бір жеңістерге,
Хас әні құштарлықтың шырқалуда.
Және де жүрген жерін оттай қарып,
Алапат көрсоқыр күш көкті айналып,
Қонуда көсілген кең жазираға
Алқызыл гүлге айналып, шөпке айналып.
Дүниеде болған ба әсте сірә, тыным,
Басталып, аяқталудан тұратұғын.
Өткенді болашақпен жалғастырып,
Баянды қылады өмір гүл атуын.
Шарлаған тұла бойды бұл қанымда
Тарихы бар әлемнің бұрқануда.
Ерлеріңді ер болуға үйреттің,
Ездеріңді өз қолыңмен күйреттің.
Жеңілсе егер жауыңды да кешіріп,
Уа, Үндістан, өзіңді-өзің сыйлы еттің.
Қабақ шытпай тұру үшін күліп Күн,
Жүректерді жақсы ойлармен жылыттың
Соңғы кезде ақ тілегін, ақталып,
Соғыс деген сөзді де жұрт ұмытты.
Бәрінің де көңілдері қош тіпті,
Шын шаттықтың лебі еседі бетінен.
Құшақ жайып қарсы алады достықты,
Кедей рас, Жомарт бірақ шетінен.
Бұлар қанға сен сіңірген қасиет,
Сендік ақыл, Сендік құдірет бар мұнда.
Бізге өйткені бересің сен өсиет
Болып қайтып тәңірінің алдында.
Құшақ жайып қарсы алады достықты,
Кедей рас, Жомарт бірақ шетінен.
Бұлар қанға сен сіңірген қасиет, 
Сендік ақыл,
Сендік құдірет бар мұнда.
Бізге өйткені бересің сен өсиет
Болып қайтып тәңірінің алдында.



"АРНАУ"

("УТШОРГО" АТТЫ КІТАПТАН) 

1903



Жаңа жыл келді!
Ұлылығыңды ұғынып,
Уа, байтақ Отан, аяғыңа бүгін жығылып,
Сыйлаймын саған - өмірімнің барлық жиһазын,
Сыйлаймын саған - көңілімнің зарлы күй-сазын,
Сыйлаймын саған - аққорған бүзған күшімді,
Сыйлаймын саған - атқарған ізгі ісімді,
Сыйлаймын саған - қанымның жігер-аптығын,
Сыйлаймын саған - жанымның түгел шаттығын.
Бойымда егер бар болса бір құрт-қорқыныш,
Ойымда егер бар болса күңгірт көп күдік,
Қол ұшын бер сен!
Сыйла сен маған мол тыныс!
Құртайын оны!
Құртайын көзін жоқ қылып!
Жалбарынамын, көзімнің жасын бұлап бір,
Жырыма менің,
Сырыма менің, құлақ тұр!
Өзіңді өзім басыма қонған бақ көрдім,
Қолымда барды қалдырмай қылау ап келдім.
Қорашсынба тек!
Қарама түйіп қабақты!
Табамын қайдан інжулі алтын табақты?
Кедей атаулы ақ үміт артып өзіңе,
Тілейді тілек.
Сене гөр мына сөзіне:
"Безінбей,
Төзіп,
Тәлкекке салған тірліктен
Жайларымыз бар рақым күткен - нұр күткен
Орнайды қашан біздерді тәңір құптар кез?
Құтқарар болсаң бейшаралықтан, құтқар тез!"
Сүйікті тіпті,
Сүйікті сендік пәк есім,
Уа, нәмәрт өлкем,
Уа, жомарт өлкем,
Бхарат!
Барлығымызға бағы заманнан әкесің,
Сең барда қалай ұлдарың сенің жұтамақ?!
Ардақтайды олар көнекөз сендік мұраны,
Өзіңсің әркез,
Өзіңсің, асқақ жыр-әні!
Қызықпайды олар жат елдің атақ-даңқына,
Түнек түндерде
Күй болып көкте Жарқыра!
Жетуі үшін
Жете алмай жүрген жеріне,
Жете алмай жүрген жеріне
- Өмір өріне, Өмір өріне
- Аспани мекен жұмаққа
Жол тауып бер сен!
Тамұқ-құздарға құлатпа!
Жаңа жылда серт береді ұрпағың,
Жаңа жылда топырағыңды сүйеді,
Бұдан былай бостандықтың шырқа әнін,
О, Бхарат! О, Үндістан киелі!
Керек емес сыйы мүлде жат елдің,
Керек емес киімі де жат елдің,
- Қарызға, - деп, у тілінен май тамып,
Арбамасын! Беру керек қайтарып.
Жат адамдар істемей ме жаттығын,
Тоналады, жоғалады шаттығың.
Мына сөздің ақ, қарасын айыршы:
Жарлымыз ғой, емеспіз біз - қайыршы,
Уақыт жетті, уақыт жетті ар ойлар,
Күркелер бар, жоқ болса да сарайлар,
Ормандар бар, жоқ болса да қалалар,
Ұлан-ғайыр айналайын дала бар,
Ұлың аз тек, солар үшін алысқан,
Көзге қораш көрінесің алыстан.
Бірақ, бірақ, біздер қайта жаралып,
Келдік бүгін, келдік саған оралып.
Ақ махаббат бір жүректі қылды егіз,
Біреуі - сен! Біз сенімен біргеміз!
Өзге ошаққа қолымызды жылытып,
Туған үйді тәрк етіппіз, ұмытып;
Ұмытыппыз ана тілін және де,
Есі дұрыс пенде осыған көне ме?!
Өзгертіппіз әкеміздің атын да,
Мұндай ада болармыз ба ақылдан!
Сонда дағы ұшыратпай кәріне,
Кемеңгерім, шыдапсың-ау бәріне.
Азапты да, мазақты да көріпсің,
Тілсіздіктен, үнсіздікпен көніпсің,
Жатыпсың тек кеуделерді мекендеп,
Саналардан сызылмасам екен деп.
Ұстап бірақ аталы сөз тізгінін,
Өсиетіне бас иеміз біз бүгін.
Сертіміз бұл, сертіміз бұл, шешімді,
Жат жерліктен тазалаймыз төсіңді.
Тазалаймыз, таза ауаңды жұтамыз,
Сол ерлікті мәңгі мақтан тұтамыз!
Жан досым,
Күннің көзін жасқап бүгін,
Қою бұлт төбемізден тастап мұңын,
Қамаған темір торға құстардай-ақ
Жоғалттық үніміздің асқақтығын.
Айтшы сен, шыныменен көк түнере,
Әлемге ақырзаман жетті ме, не?!
Тіршілік шыныменен тұл қалды ма?!
Ер сенім ез күдікпен ұрланды ма?!
Ендеше, жоқты іздеп құр еңіреген
Болдық қой біз бір - ғаріп, емі неден?
Серпіліп түнек түннің түнергені,
(Мәңгілік мүмкін емес Күн өлмегі!)
Жан досым, есіңде ме, әлдеқайдан
Еркіндеп ескен кезде жігер желі.
Үмітке кеудемізді қарық қылып,
Атқаны сол бір Таңның зарықтырып;
Нұрымен шомылдырып кең өлкені,
Қуғанда кең өлкеден көлеңкені.
Құстардай темір торға қамаған біз
Өмірге іңкәрлікпен қарағанбыз.
Шығысқа қанша қада жанарыңды,
Көрмейсің күліп тұрған бала-күнді.
Нақ қазір таулардың да иығы талған
Көтеріп ауыр қайғы, нала-мұңды.
Жан досым, жүрегімде жылау барда,
Және де білегімде бұғау барда
Қағады сен болмасаң кім арқаны?!
Көк тұман төңірегім мұнартады.
Сәулесіз, сұрғылт мекен құшағында
Қиялдың сарғаюда шынар-талы.
Тағатсыз жанымды арман тырналайды,
Қанатсыз бұлбұл - көңіл жырламайды,
Мына бас қасіретке көнді ертерек,
Тілегім: біз көргенді сен көрме тек.
Бұғаудың білмей-ақ қой не екенін,
Жылаудың білмей-ақ қой не екенін,
Кендікті, еркіндікті әнге қосқан
Тұрағың болсын сонау заңғар аспан,
Естиік сілкіндірген бар тау-шыңды,
"Сөнбес Күн көрдім!" - деген өр даусыңды.
"Армандаумен, Күн, сені,
Көз жасымның терең көлін кештім көп.
Құшағына сыйғыза алар кім сені? 
Аспан ғана!
Одан өзге ешкім жоқ, - деді 
бірде мұңға батып мөлдір Шық,
- Сезінемін кеткенімді көлгірсіп,
Не қылайын әуре болып бекерге,
Ұмтылғанмен қолым саған жетер ме?!
Жауап берді Күн сонда:
"Бар әлемнің төбесінде тұрсам да,
Құлақ асып арызыңа - жылауға,
Мен дайынмын көкірегіңе құлауға,
Мен дайынмын айналаңды ән қылып,
Жүрегіңе жайғасуға мәңгілік."
Иә, сол әйел - арманым... һәм мұратым,
Бір кездерде осы ауылда тұратын.
Сонда осынау жалғыз аяқ жолменен
Талай рет көл жағаға келген ем,
Сары белден соққан салқын желменен,
Жұпар иіс - жердің иісі бұрқырап,
Басын ие күтіп алды гүл, құрақ.
Ағыл-тегіл құйды кейде ақ нөсер,
Жайқалды орман, шайқалды орман ән салып.
Барлығы да - жанға ләззат, жанға әсер!
Қарай бердім, қарай бердім тамсанып.
Себеп болды сол келіншек - сол керім;
Жақын досым болмаса егер, ол менің,
Білмес пе едім, бәлкім, мен бұл аймақтың
Табиғатын - көк шалғынын, көлдерін.
Білмес пе едім аққайраңның не екенін,
Қалды есімде шомылғаны... жүзгені...
Білмес пе едім шаттанғанның не екенін,
Қалды есімде жүгіргені... іздері...
Көргенімді жүрегіме жинадым,
Барлығы да қалды есімде сақталып.
Апарды ол храмына Шиуаның,
Апарды ол ауылына, мақтанып.
Кешкілікте әйелдер ән айтқанда,
Құмыра алып, суға барып қайшанда,
Тұстарынан сан өттік біз сызыла,
Барлығы да көз тастады қызыға.
Ауылдан сәл аулағырақ еді үйі.
Тұр дүние қаз қалпында, со күйі
Сондағыдай желқайықтар, қара әні,
Оңтүстікке баяу жылжып барады.
Қайықшыға шаруалар қол бұлғаса,
Өз-өзімнен әр түрлі ойға кетемін:
Мен, сол әйел осы ауылда тұрмаса,
Білмес пе едім өткелдің де не екенін?!




"ҚҰРБАНДЫҚ ЖЫРЛАРЫ"

("ГИТАНДЖАЛИ") АТТЫ КІТАБЫНАН 

1903




Табыстым асау сезіммен,
Табыстым бүгін аптығып.
Жаңбырым жауып көзімнен
Жанымның көгін жапты бұлт.
Тауымнан бұлақ - жыр құлап,
Жағалап жүрек бөктерін,
Найзағай жатыр ұрғылап
Көңілдің нәзік шектерін.
Аң-таң боп солай тұрғанда
Құшағына алды көк тұман.
Көрінбей биік тұлғам да,
Айналып түнге кетті маң.
Достастым жынды желменен
Ол әсте тыным тапқан ба?!
Қарқылдай күліп, Жолменен
Жын ұра билеп тартты алға.
Іздеп келем, сені мәңгі іздеймін,
Өле-өлгенше үмітімді үзбеймін,
Әр күн сайын жаңаша өмір бастаймын,
Дүниеге жаңаша көз тастаймын,
Жанарларды жаңалықпен жасқаймын,
Сонда рана көңшіннің, қыз қойнын
Сыйлайсың сен! Үмітімді үзбеймін!
Сырларың көп, алу қиын ұғынып,
Қырларын көп, тұрады ылғи құбылып.
Мейлің тіпті, мейлің, қандай өңге енсең,
Қарсы келіп мен сабылған жолмен сен,
Күлімсіреп, кәдімгідей қол берсең,
Туар еді-ау тағы бірі ізгі ойдың.
Іздеп келем, сені мәңгі іздеймін!
Жау қамаса — қаумаласа қорқыныш,
Қорқыныштан толқып көңіл - толқып іш,
Берерімді бере алмай қиналып,
Көрерімді көре алмай қиналып,
Бүл өмірден - тұл өмірден түңілсем,
Күлкі сыйла!
Жүрегіме үңіл сен!
Сөйле сонсоң, сөйле ойлы, пайымды,
Ақтығымды, пәктігімді ұқ танып.
Қой де сонсоң, қой де қайғы-уайымды,
Үмітсіздік уысынан құтқарып.
Іздегенім табылса, деп көкседім,
Оңға баспай қойды бірақ ісім бір.
Көз жасына, күлкіге де жоқ сенім,
Неге олай?
Түсінбеймін!
Түсіндір!
Ойлаймын кейде аһ ұрып,
"Таусылдым-ау, - деп - сірә мен."
Дейсің сен маған ақырып:
"Шертсеңші сазды бір әуен!"
Сергітіп үнің бойымды,
Өртеніп жүрек отынан,
Сол сәтте сөзбен ойымды
Жеткізе алмай отырам.
Дауысымнан безіп бұрынғы,
Түс ауа біраз күтінем.
Күңіреніп, кешкі жырымды
Күн батар шақта бітірем.
Түн жыры бірақ қауышып,
Қайтадан құлаш сермеймін.
Мезгілдер осылай ауысып,
Көп болды ұйқы көрмеймін.
Алтын күн жайып қанатын,
Ашылды көңіл аспаны.
Көзімнен менің қара түн
Біртіндеп қаша бастады.
Оранып нұрға дүние,
Оранып нұрға бар маңай,
Келгендей құлақ күйіне
Мәз болып қалды... арман-ай!
Бойымды шарпып ыстық дем,
Жапырақтарға жан кірді;
Тойлады түгел құс біткен,
Осы бір сәтті ән қылды.
Күтпейін қалай мен дәйім?!
Күтпейін қалай оны мен?!
Жүректің әжім маңдайын
Сипады алақанымен!
Желге ғана кіріптар
Көк жүзінде қалқып ақша бұлттар,
Алыс ағар-қойнауда
Көлеңке мен Күннің нұры ойнауда.
Бал жинамай аралар
Барады ұшып...
Қара, әне...
Әне, олар...
Қара және сен суға
Ауық-ауық ақ шабақтар шоршуда.
Нақ солардың шолпылынан аумаған,
Көңіліңді аулаған
Күлкі қандай.
Беріле бір балаша,
Күн ұзаққа досым-ау,
Тыңдауды шын қаласаң
Сыбызғының осынау
Сазы қандай тамаша...
Барлығы да жүрегімді тербейді,
Үйге қайтқым келмейді.
Дүниенің сұлулығын, кеңдігін
Сезгендеймін мен бүгін.

"ЖЫРЛАР"

("ГИТАЛИ") АТТЫ КІТАБЫНАН

1903


Ситараның ескі шегін ауыстыр,
Құлақ күйін қайта келтір басқа ғып.
Күндізгі жыр өз өмірін тауысты,
Жұлдыздарды жастанып,
Кешкі жырды басталық,
Ситараның ескі шегін ауыстыр,
Құлақ күйін қайта келтір басқа ғып.
Есігіңді шалқасынан лақтыр,
Дүниенің төрт құбыласына құлақ тұр.
Күндізгі жыр өз өмірін тауысты,
Қоштасалық жылап бір,
Санамыздан сызып бәрін тасталық,
Кешкі жырды басталық.
Ситараның ескі шегін ауыстыр,
Құлақ күйін қайта келтір басқа ғып.
Махаббатты, Зұлымдықты, екеуін де жыр қылып,
Ізіңе ере кіріп келді ол есігіңді сындырып.
Емес бірақ бейшара да, қайыршы да, кеміс те,
Жаулап алып жаныңды ол жетеді үлкен жеңіске,
Соған қарсы аттанады,
Саған қарсы шығарса кім бір бүлік.
Ізіңе ере кіріп келді ол, есігіңді сындырып.
Жүрек жұтқан сарбаз-сынды, алмас қылыш қолында,
Өлімге де бас тігеді ол өлмес өмір жолында.
Көрем десең болашағын, сенем десең қара алға,
Өз билігін жүргізеді ол он сегіз мың ғаламға.
Соған қарсы аттанады
Оған қарсы шығарса кім бір бүлік.
Ізіңе ере кіріп келді ол есігіңді сындырып.
Қайығы мендік жырлардың
Ақ айдын көлде келеді.
Желкенін мықтап құрғанмын
Жырта алмайды әсте жел оны.
Ақ, адал бір құс қуанса,
Ол солай қарай ығады
Жағадан бір қыз су алса,
Ол солай қарай ығады.
Көгілдір ажал - бар аймақ
Көз қысып ылғи тұрады.
Толқындар қуып, жел айдап,
Ол солай қарай ығады...
Тоқтамауды бақытына балаган
Адамдардың
Әр қадамын санаған
Ақтабан жол! Менің адал серігім!
Мәңгі-бақи қол үзбеймін мен одан!
 Жылдар... жылдар... көшін алға жылжытты.
Ал, солардың ізі қайда?
Кім жұтты? Әрине сол - ақтабан жол!
Кіл қатпар
Көкірегінде көз ілуде ұрпақтар...
Өзім қашан атқа қондым?
Жоқ есте! Бүкіл дүние айналғандай елеске
Жұмбақ әлем шақырады, кел дейді,
Көз алдында жаңалықтар көлбейді,
Сондықтан да аямастан өзімді,
Қиындыққа қайрап салып төзімді
Ағысымен сарқырама күндердің
Сапар шектім өміріме ілгергі.
Жол жатыр, әне... Қара алға!
Көмкеріп шетін көк аспан.
Сонда да әрбір адамға
Адасу - енші, о бастан.
Жұмбағы оның өте көп,
Бүгеді ішке сыр ойлы.
Белгісіз - қайда жетелеп,
Апарып қашан тірейді??
Табиғат - Ана көмекке келеді дәйім
Ақ таңда Қанатын құстар қаққанда;
Көрсоқыр түнде – түнекте
Жұлдыздар шырақ жаққанда.
Мінгізіп мезгіл арбасы,
Алайда, бізді билейді.
Біріне-бірі жалғасып,
Өз сүрлеуімен сүйрейді.
"Таң атты..." деп Түн жылады егіліп
"Басқа жаққа көшемін-ау...",- деді
Бұлт. Ұлы Теңіз қабырғасы сөгіліп:
"Еркіндікке шыға алғаным жоқ әл
Толқындарым жарқабаққа соғады..."
Деп күрсінді. Қайғы болса, ал енді:
"Жүрем, - деді, - шарлап бүкіл әлемді..."
"Мен" былай деп күбірледі:
"Өшемін! Бұ жалғаннан мәңгілікке көшемін".
Деді Дүние: "Қадірімді білсе кім,
Қабіріне қоямын мен гүл шоғын".
Мақтанды Аспан: "Мың-сан шырақ жақтым" деп;
"Бақытыңды сол арқылы таптың" деп.
Махаббат та сонда былай уәж етті:
"Адам үшін тек мен ғана қажетпін".
Ақырды Ажал:
"Болма, - деп, - сен босқа алаң,
Өміріңнің қайығын мен басқарам".
Тыңда мені, жүрегімнің, тұрғыны.
Күлкің қайда? Неге үнсіз мүлгідің?
Айналаға қара көрпе жапты іңір.
Аспан айсыз. Қара қоңыр тартты қыр.
Сейілмесе қараңғылық - қалың мұң
Сайрамайды сыбызғысы жанымның;
Бұған көңіл бөле көрме бірақ та,
Шашсын нұрын - шырпы тигіз шыраққа.
Сонда ғана, сонда ғана, қалқашым,
Саған арнап тоқимын гүл алқасын.
Сонда ғана түн дей тұғын тәңірің
Бізге мүлде жүргізе алмайды әмірін.


Аударған Ж.Әбдірашев

author

Рабиндранат Тагор

АҚЫН

Жаңалықтар

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі алтын, күміс, қорғасын, мырыш және басқа да қатты пайдалы қазба қ...

Спорт

Қазақстандық Шавкат Рахмонов пен ирландиялық Иан Гэрри арасындағы айқасқа екі аптадан сәл-ақ астам у...