Көктемгі элегия

ӘДЕБИЕТ
2125

О, Муза! Қош келдің! Шалқар шабыт, оян! Ен даламды көктем жайлады. Шұғылам, армысың! Қыс бойы суық өткен кеудеме шуағыңды аямай шаш! Рахатын-ай! Неткен ғажап иіс! Қуанышым қойныма сыймай жұмысыма қарай жүгіре жөнелдім. Қазір барамын да бірден көрген түсім жайлы өлең жазамын. Шабыттың шоғы тұтанды, енді ол жаныма жара шығармай жайдан-жай кетпес. Мен онымен бір ауырып тұруым керек. Тсс!!! Ел естімеген сөзді айтайын сізге: «Менің ауырғым келеді». Солай болады да. Себебі, көктем келді. Ол - менің Музам!

Қызметімдегі таусылмайтын қағаздардың әуресін бітірем дегенімше түскі астың уақыты таяп қалыпты. Жұмыс арасында терезе жаққа «Көктемім, күте тұршы, осыны аяқтап алайын. Сосын бастаймын» дегендей қиыла көз тастап қоямын. 

Қыстың суық ызғары әлі де қайта қойған жоқ. Таңқалатын дүние емес. Қарағандының ауа райын «Жаман қыздың мінезіндей» деп атап кеткен жұрт бұған да көнген. Сәл күннің көзі шағылса жақсылықтан дәмеліміз. 

Күй көңілім ойнап тұр. Қара сөмкемді көтеріп алып, таза ауа жұтып, өмірге риза жүзіммен үйіме қарай аяңдадым. Неге риза болмайын? Мені бүгін мақтады, өлеңімді жаздым, қайырымдылық бойынша жұмыстар алға жылжып келеді. Қырсық қыс та қылышын түсіріп, Көктем арудың алдына тастағандай. Қайырымдылық демекші, осы шараға әлі де демеуші іздеудеміз. Ұялы телефонымдағы барлық жүрегінде мейірімі бар-ау дегендерге әдемілеп тұрып жазып хабарлама жібердім. Жазған дүниемді бірнеше рет оқып, мұқият тексеріп, бірнеше адамның көз-қарасымен қарап, әбден «ұят болмайды-ау» дегенімде көшірмесін басып, барлығына тараттым. Иә, барлығына... Олардың ішінде мен ерекше ықылас танытатын бір жанның көңілінде үлесім бар. Ол да оқып қалар деген үміт те басым... Оқыса, бір жауабын берер. Қатулы қабаққа салып жауап алуы қиынға түссе, мен де жазбаймын боп қырсыққа салып отырмын.

Күнделікті күйбеңмен есім шығып, үйге қарай заулап барам. Дала тасқараңғы. Кеудемде сәл үрейлену бар. Кешкі көктемнің мінезі сәл ауырлау, сенің Музаңда шаруасы да жоқ. Таңертең ғана еркелей ескен самал жел, күн ұясына батқан соң жын кіргендей у-шулап, мазаны қашырады. Асыққанымды ұнатқандай, қырсық жел қарсы шығып тағы әуреге салды. Жылағым келді, қара суық неге мұнша қатал?! Көктемге қуанған күйімді қызғанып, желкемнен шығарғысы келді ме? Ойымда тек үйіме жету, ыстық пештің түбіне отырып, марғаулардай пысылдап ұйқыға бату. Сүйектен өткен суықпен алысып жатқанымда, қалтамдағы телефонның дыз-дызы тоңған жүректі дүрс-дүрс еткізіп жаныма қуаныш ұялатты.

- Менің досым! Қалың жақсы ма? Мен білсем сен өте мейірімдісің! Маған да әркез қолдау көрсете алатыныңа сенімім мол. Жетім балалар үйіне барып, қаракөз қандастарымыздың қалын біліп қайтайық. Көңілдерін көтерейік. Маған хабарлас! – дейтін өзім жазған хабарламаны тағы бір мәрте оқып алып, Аянның: 

- Досыңыз болғаныңыз үшін қуаныштымын. Мен де оқушылармен барам ба деп отырмын... - деген жауабынан ұзақ уақыт көзімді алмай, не жазарымды білмей, бір ысып, бір суып, әйтеуір есімді әзер жидым-ау...

Аян – қала мектептерінің бірінде мұғалім. Қазақ тілі пәнінің оқытушысы. Парасат-пайымы жетілген, көңілі жомарт, ақылы мол, сері емес, сырбаз жігіттің нақ өзі. Жас кезінде өлең жазумен айналысқан. Өлеңдері жарыққа шығып, бірнеше мүшәйралардың жеңімпазы атанған ақындығы біртөбе. Мен оны бұрыннан білем деп айтсам артық болмас. Бір оқу орнында білім алып, оның талай жетістіктеріне куә болғаным бар. Дегенмен, таныс емес едік, сырттай жанашырлық танытқаным болмаса, ол менің көзіме қарап өтсе де, көрмегендей өте шығатын. Арамызда бір байланыстың барын қу жүрек сол кезде де сезген ғой. Содан бері талай уақыт өтті. Талай «тайғақ кешіп», тағдырымыздың тезіне көнген мезгілде ол бізді қайта тоғыстырды. Әдебиет, руханият адамы болған соң менің жұмыс орным – кітапханаға келмеуі мүмкін емес еді. Қытымыр қыстың кешінде тағдыр тұсауына түсіп, ендігі жолы тіл байластық. Аяқ асты алғашқы кездесудің диалогы мардымды болмағанмен, өте күлкілі еді. Асып-сасқан екеу жалтақ-жалтақ жан-жағына ұяла қарап, көздерінен бұрынғыны іздегендей аппақ жанарлар тағы құшақтасады. Байланыса алмаған байлаулы тілдің айта алмағанын отты жанарлар жасырмады. Қимай қоштасқан көздердің қарасы әлі есімде. Жүрегімде. Жүректегі дерттің емі - сол көздерді желіден іздедім. Іздедім де, таптым... Бірақ үн қатпадық...

Әупірімдеп қолға тиген байланыс нөмірі байланыссыз қалды... Не өшіруге қимайсың, не телефон шалуға дәтің жоқ. 

Көптен күткен сәт те жетті-ау... Бұл қайырымдылық шарасы жаңа қарым-қатынастың жандануына себепші болғанын тағдырдың өзі қалағандай. 

Аянның жазған хабарламасынан төбем көкке жетті, қуанғанымнан езуім жиылмай:

- Көп рахмет! – дедім де, артынан бауырсаққа ұқсас сүйіп тұрған домалақ «смайлик» бастардың үшеуін жібердім. Ризамын ғой. - Бізге қосыласыз ба? Бірақ, бұған кітапхананың қатысы жоқ, –деп, ыржиып тұрған тағы бір бауырсақ кетті. Көп күттірмей:

- Түсінбедім? Бұл жерде кітапхананың қандай қатысы бар? Не айтқыңыз кеп тұр сонда? Бұныңызда «кітапхананікі», «кітапхананікі емес» деген бөлінушілік жатыр ма? – деген жауап келді. Қатты састым. Аяннан мұндай жауапты күтпеген едім. Нәзіктік пен сүйіспеншіліктің жаратылысы болғанымнан ба, қаным басыма бірақ шапты. Ашуланып, «қатысқың келмесе бірден айтпайсың ба?!» деп жазып жіберуге сәл қалғанымда, Сабыр періштесі көзімнен желпіп өтіп, тәрбиесіздігімді көрсетуге жол бермеді. Шыныдай шытынағыш қасиетімді тастадым да, ғаламды басқарған желінің бас нұсқасында отырып, Аяныма ашуланбай былай дедім: «Иә, әрине. Ресми кітапхананың атынан шығып жатқан жоқпыз. Бұл жерде бөлінушілік жоқ. Аян, сіз мені түсінуіңіз керек!» - ақ ұлпаның өзі болып ақтарыла жаздым да, енді тоқ етерін айтарсың деген оймен жауабын тағатсыз күттім. 

- Сауға! Сауға! Сауға! Кешіре көріңіз! Мен 11-сыныпта оқитын оқушы қызбен шатастырып алыппын. Фотоңызды қарап айналып кеттім ғой! Сіздің маған жазып тұрғаныңыздың өзіне рахмет! – депті азаматым. Жаңа ғана төнгелі тұрған дауыл, тағы бір бауырсақтың еріксіз алған езуімен тынды. – Нөмеріңізді білмей қор боп жүр ем. Мына қырсықты қарамайсыз ба? Шатасып... Кешірдіңіз бе? 

Шіркін-ай! Түсіністік деген қандай ғажап дүние! Өлгенім тіріліп, өшкенім жанғандай жүрегім қуаныштан жарыла жаздады. Мен өзіме-өзім таңмын. Бөлменің бұрышында тұрған шкафтың айнасына барам да ыржиған түріме қарап, тағы мәз болам. Енесінен екі туғандай рахат күй. Ғажап адамыма сабырсыз күйде болсам да, сабырлы жауап жіберуім керек деген ойға келдім. «Сізді кешірмеу мүмкін емес қой» дейтін жылы жауабымды қанағат тұттым. 

Аян:

- Балаларды «әлгі кітапхана», «бергі кітапхана» деп бөлінбес үшін осылай беттерін қайтарып отырамын. Сол деп қалдым сізді. Жазғаныңыз қандай жақсы!

Ұнатқан жанды ойлау бір қуаныш болса, оның хабарламаны жазғандағы жүзін елестету – тіпті қуаныш. Ол жазған барлық тыныс белгі – бір сөз, ол жазған әрбір сөз – тарихи сәт! Осыны жібергенде жүзінде жылы күлкі бар ғой, ішінде бір төңкеріліс болып жатқаны анық қой. Сеземін... Бірақ жазғанын қалаймын. Қалаймын да, түсінбеген адам құсап: 

- Несі жақсы? – деймін. 

- Білмеймін, ұнайды... – дейді. Көп нүктесін-ай! 

Әлгі уақытта төбем көкке жетіп отырған сәтте жіберген сүйіп тұрған бауырсақтарыма нұсқап:

- Мына домалақтарыңыздан ішімде көбелектер қанат қағып кетті. «Бабочки в животе» деуші ме еді орыс әдебиетінде? 

Аянның бұл сөзі ұялтып жіберіп, ернімді тістелеп кішкене кідіріп отырып:

- Көбелектеріңіз ішіңізде қалып қойсын. Сыртқа шықса қиын болады - деп тіл қаттым. 

- Іште мұң қалып қойса да, қуаныш қалып қойса да дұрыс болмайды. Шығару керек, бөлісу керек. Сізбен бөлісу мүмкіндігі болса, титтей-ақ мүмкіндік, басым міне, мойным міне, мен ақтарыла салуға дайынмын! Сізге... Сізбен бөлісуге... – сырттанымның айтқаны осы болғанда жазғанын сыртта оқып отырған жүректің дүрсілін сездіртуге намыс құрғыр жібермейді-ау... Әлсіз ғана үміттің шоғын жақтым да, әңгімемді аяқтауға көштім:

- Тағдырдың қалауы болса, әлі-ақ жолығармыз. Ал... ішіңіздегі көбелектердің жөні бөлек - дедім.

- Үлкен сыныптың оқушылары сұрайды: қыз бен жігіттің қарым-қатынасы қандай жағдайда ұзаққа барады, деп. Мен айтамын: конфликтпен басталған таныстық ұзаққа барады. Сол сияқты конфликтімен бастағанымыз қандай жақсы! Тағдырымда ондай сызықтар болса мен күтуге, шыдауға дайынмын. Алдыңғы күндеріме жарқын үміттің тағы бір шуағы қосылды. 

- Сол көбелектер маған бағынбайды... – мұғалім жігіттің сөзі жүректі шымырлатып қойды да, шыны көңіл шырт етті... 

Қарағанды көктемінің ызғарлы болғаны да жақсы, Көктем иісін ұзақ уақыт сезінеміз, ерке самалымен ойнап, еріп жатқан мұздақтар тамшыларының салған тәтті әніне куә боламыз. Олардың әні – махаббат, желі – шабыт, хош иісі – өлең! Ақынның арманы - Көктем, Көктемі – Өлең! 

Шимай-шимай тағдырымның жолында сенің кездескенің қандай жақсы! О, Музам! Сен осыған куәсің! 

* * *

Асығыс-үсігіс жиналып жатып, ұмытып барам. Саған көрсетем деген өлеңім қайда... Ноутбугымды ашып тез жазып ала қояйын. Осы алаңғасарлығым бір күні түбіме жетер. Ол көкесі қосылам дегенінше үлкен сөмкедегі заттарды кішірек сөмкеге салып, күртемнің қалтасын тағы бір ақтарып, қалып қойған тиындарды қонаққа ғана киіп баратын пальтомның қалтасына ауыстырып үлгердім. Тез арада қажетті пәрмендерді баса отырып, ғашығыма арнаған өлеңімді суретке түсіріп ала қойдым да, үйден зыта жөнелдім. 

Асыққан сайын жүрегім дүрс-дүрс етеді. Әрине, бүгін кездесу күні, егіз көңілдің жүздесуі күні. Есалаң екеудің екі дүниені ұмытып екі кештің арасында аяқ асты жолыққан күні.

О, Тоба! Әлем деген екі көзге мұнша сияр ме еді! Қоңыр дала, қоңыр жел, қоңыр көздер... Еркелігін жасыра алатын қасиеті жоқ самал көркем жиналған толқын шаштарыммен алысып Көктем қыздың бейнесіне айналдырғандай. Қарашықтарымыз қадала, көңілдерімізге нұр құйыла:

- Айға шағылып, жағаға ұмтылған толқыным-ау сол – деп, мені құшағына басты. Алғашқы кездесуде-ақ жарқ еткен сәуле, жылт еткен үміт Махаббаттың алауын жаққан еді. Есалаң да, есті де емеспін мен. Мен тек – ғашықпын!

Музаның бұйрығымен сыңғырлаған тамшылардың әуеніне елтіп, телефонға түсіріп алған өлеңіме телміре, сазды үніммен ғашығыма жүрегіммен сездірте оқып келемін. Бізді табыстырған сиқыр емес, тағдырға жазылған бұл көктем-ау...

Бұл – біздің көктем!..

Мадина Ыдырыс

Жаңалықтар

Елордалық өрт сөндірушілер Нұра ауданы Қабанбай батыр даңғылында автобустың жануын сөндірді, деп хаб...

Жаңалықтар

Әлеуметтік желілерде қайырымдылық қор құрылтайшысының қаржысын жымдықды деп айыпталып отырған Пери...