Александр Александрович Блок - орыс ақыны, жазушы, публицист, драматург, аудармашы, әдебиеттанушы. Х...
Ұялшақ махабаттың ғұмыры ұзақ (повестен үзінді)
Бирге журдик бирталай,
Ол күндерим жырғалай
Азир жоқсың жанымда сен,
Еңсеп жүрек қинады-ай,
Арман, арман, арман, арман, арман-ай...
Қырғыздың әні «Арман-ай»
...Алматының тамылжыған мизам шуақты күзгі күндерінің бірі еді. Қазақтың мемлекеттік университетіне қарасты журналистика факультетінің үшінші курсының студентіміз. Қай пән екені дәл қазір есімде жоқ, философияның, жоқ әлде саяси экономияның лекциясы ма екен, әйтеуір қос топтан құралған курстастардың қарасы мол көрінді. Бұлай болатын да жөні бар. Өйткені Политэкономия пәнінен дәріс оқитын ағай мен Философиядан дәріс оқитын апайымыз өзге оқытушыларға қарағанда тым талапшыл болғандықтан біз ол кісілердің сабағынан себепсіз қалмауға тырыратынбыз. Сондай «төрт көзіміз түгел» жиналған лекциядан үлкен үзіліске шыққан бетіміз еді. Әскерге барып келгеннен кейін оқуға түскен біздің топтың бес-алты жігіті кімнің қалтасында қанша тиын-тебен бар екендігін анықтап алып, сосын бар қаражатты бір қолға жиып, жүрек жалғамақ ниетпен буфетке беттеу үшін оқшауланған едік. Бұл жоспарымызға бізге таяна келіп, тіл қатқан екі жігіттің сөзі бөгет болды. Біреуі қой көзді, дөңгелек жүзді, мұртты, мығым денелі тапал қара да, екіншісі бұйра шашты, ашаң жүзді сіліңгір ұзын.
- Жігіттер, үшінші курстансыңдар ма?-деді қос жігіттің мұрттысы.
- Иә.
- Бізге старосталарыңыз керек еді...
- Міне, мына жігіт,-деді Мақсұт өзіміздің мұртты Қаныбекті нұсқап. Осыдан кейін бейтаныс жігіттер Қаныбектен бастап, жағалай қолымызды алып, есімдерін атап, оларға қолымызды ұсына бере, біз де өз атымызды атап шықтық. Сонан соң төртпақ келген тапал қарасы сөз бастады:
- Жігіттер, жаңа айтқандай менің атым – Кеша, Керімбай. Мен де, мына Әлібек те Бішкектегі Қырғыздың мемлекеттік университетінде оқимыз. Сіздер секілді болашақ журналистерміз, біз де үшінші курстың студенттеріміз. Қазақстанға, Алматыға келген мақсатымыз, сіз бен біздің аталарымыз «Бармасаң, келмесең, жат боларсың» дегендей, қазақ курстас құрбы-құрдастарымызбен достық қарым-қатынас орнату. Бізде сіздегідей өз тілімізде жоғары білім беретін топ екеу емес, бір-ақ топ. Мен сол топтың старостасымын,-деп зып-зып ете сөйлеп, бір тыныстады Кеша-Керімбай. Біз мұндай күтпеген ұсынысқа жөпелдемде не айтып, не қоярымызды білмей аз-кем дағдарып қалдық. Сөйтіп ананы-мынаны айтып тұрғанда келесі сабаққа кіруге белгі беріліп, әуен ойналды. «Енді не істемек керек?..» «Ханда қырық кісінің ақылы бар» дегендей, бізді бұл тығырықтан, стартостамыз Қаныбек алып шықты.
- Кеша, Әлібек, біздің жігіттер сабаққа кіре берсін. Сендер жолдан келдіңдер ғой, қарындарың ашқан шығар. Жүріңдер, қалған әңгімені буфетке барып жалғайық. Ал сен Қайреке, сабақтан соң курстың «ақсақалдарын» біздің бөлмеге жина, 301-топтың старостасы Біржанға айтуды ұмытпассың. Бұл саған профорг ретінде тапсырма,-деді Қаныбек сөзінің соңын маған қарата. Осылайша «жүрек жалғаймыз» деп жинаған тиын-тебеніміз Қаныбектің уысында кетіп, қонақтарға бұйыратын болды да, біз аудиторияға беттедік...
Қос қонағымыз Алматыда бір қонып, ертеңіне күн еңкейгенше Алатаудың баурайындағы ақшаңқан қаланы аралатып, екіндідегі аутобуспен екі мейманымызды Бішкекке шығарып салдық. Алдымен келер жылғы сәуір айының үшінші сенбі-жексенбісіне қонаққа олар келетін боп келісілді. Қырғыз бауырлар бірінші боп достық ұсынғасын, «Сіздерге әуелі мейман болып өзіміз барамыз» деп өзеуреуге біз ыңғайсыздандық.
...Қонақтарымыздың келетін күні таянған сайын курстастар арасындағы абыр-сабыр көбейді. Әсіресе, курстың көшбасшылары әбігер. Үзіліс кезінде қонақтарды қалай қарсылап, қайда қыдыртатындығымыз аудиторияда айтылар әңгіменің ең басты тақырыбына айналды. Күн тәртібінде әсіресе, ақша мәселесі өте өткір тұр. Кім қандай керемет ұсыныс айтса да, ақыр аяғы қаржы-қаражатқа келіп тіреле береді. Алатын стипендиямыз сол кездегі кеңестік ақшамен 40-50 сом. Кеңес одағының мемлекет ретінде күн санап тынысы тарылып, инфляция дегенің күн өткен сайын қарқын алып, ақшаның құны қалмай барады. Бір ай бойы күткен ырыздығынан әр курстасымыз әрі кетсе 15 сом ғана бөліп берер. Одан әрі қинаудың өзі қисынсыз. Екі группаның старосталарына қоса, қос профорг пен қос комсорг* жатақханадағы бөлмелеріміздің бірінде оңаша талқылағанда «Курстастардың бәрі бірдей 10-15 сомнан бере қояр ма?» деген қауіп те айтылған-ды. Жеме-жемге келгенде әлгі күдік-күмән орынды болып шықты. Елу студенттен құралған екі топтан қызы бар, жігіті бар 12 курстасымыз қырғызстандық қонақтарды қарсылауға қаржылай қолдау көрсете алмайтындықтарын алға тартты. Олардың әрқайсысының өзіндік орынды уәжі бар екен. Бірі бөлмесіне несиеге алған теледидардың ақшасын екі айдан бері төлей алмай жүр, енді бірі денсаулығы сыр беріп, біраз дәрі-дәрмек алуға мәжбүр, тағы бірі ата-анасы пошта арқылы салған ақшаға стипендиясын үстемелеп, киім-кешегін барынша жаңғыртып-жаңаламақ ниетте. Иә, КСРО*-дай алып мемлекеттің шаңырағы шайқалып, үйреншікті қоғамдық формацияға қоса, меншіктік қатынастар күрт өзгеріп, инфляция құрық көрмеген асаудай жалынан сипатпаған өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары білім қуған студент түгілі, жұмыс істейтін адамның өзіне оңай тимеді. Алайда ақшаның орайы келді әйтеуір. Курстың әскерге барып келіп, оқуға түскен 11 жігіті былтырдан бері Алматыдағы үлкенді-кішілі газет-журналдардың редакциялары мен радиотелеарналарда жарты ставкада қызмет істейтінбіз. Стипендиямыздан беретін 15 сомның үстіне жаңағы он біріміз наурыз айына қатысты жалақымыз бен қаламақымыздан және 25 сомнан ортақ қазанға қосатын болдық. Бұған қоса екі топтың екі профоргі университеттің студенттік кәсіподағының төрағасына жағдайды жазбаша баяндап, курстың ортақ мүддесі үшін 200 сом қаржылай көмек алып бердік. Осылайша қонақ күтуге жарайтындай біраз ақшаның басы құралып, курс көшбасшыларының көңілі көншігендей болды...
Межелі күні қонақтарымыз жеті жігіт, тоғыз қыз болып, Бішкек – Алматы автобус қатынасының алғашқы рейсімен келді. Оларды үш-төрт жігіт болып қарсылап, жатақханаға әкеліп, алдын-ала қамдалған таңғы шайды бергеннен кейін екі топтың қос-қостан староста-комсоргтары бастап, меймандырымызды қыдыртуға алып кетті. Әуелі екі-үш сағаттай қала аралалап, сосын Медеуге бармақ. Ал екі топтың екі профоргі Нұрлан екеуміз ұйымдастыру шараларына бас-көз болып іште, жатақханада қалдық. Бәрі алдын-ала ойластырылып, кімнің қандай шаруаға жауапты екендігі күн ілгері белгіленіп қойылғандықтан, ұйымшыл курсымыздың қыз-жігіттері бірі-біріне қолғабыс болып, Нұрлан екеумізге еш салмақ салған жоқ. Қайта қыздар жағы әзілді-шынды «Қырғыз қыздар қолтықтап кетпей, бізбен қалған қос профоргіміздің қарны ашып қалмасын» деп біздің алдымызға дәм тосып, шай құюумен болды. Қайран, сол бір жыл – он екі ай бойы аспаны ашық, жаймашуақ жаздай жайдары студенттік дәурен-ай...
Қазағы бар, қырғызы бар қыдырып кеткен құрбы-құрдастарымыз кешкі сағат алтыдан кете оралды. Бәрі мәз-мәйрам, бәрі шат-шадыман. Әсіресе, конькимен алғаш рет сырғанаған қырғыз қыз-жігіттер Медеуден алған әсерлерін бірі-бірімен жарыса айтып, тауыса алар емес. Сондай керемет көңіл күймен дастархан басына жайғастық. Біздің қыздар құйған шай мен дайындаған дәм-тағам қонақтарымызға өте ұнады. Қырғыз жігіттер біздің қыздарға, біз қырғыз бойжеткендерге көз салып, әдемі әзіл, орынды қалжың айтып, әуелете ән шырқап, арамыздағы ақындарымыз өлең оқып, несін айтасың, керім бір жарасты отырыс болды. Сосын көктемнің керімсал кешінде қырғыз қыз-жігіттермен бірге жастық шақтың мәңгі жасыл жайлауы – ҚазМУ қалашығында серуендеп, көз байлана би кешін ұйымдастырдық. Ал ертеңіне Алатаудың арғы жағынан келген замандастарымызға ару қала Алматының біраз көрікті жерін аралаттық. Әсіресе, ақ шаңқан қала Алматының төріндегі 28 панфиловшыларға арналған саябақтағы Мәңгілік алау мен батырларға арналған ескерткіштер ансамблі қырғыз құрбы-құрдастарымызға қатты әсер етті. Бүгінгі ашық аспан, бейбіт күн үшін мерт болған аталарымыздың ерлігін қастерлеп, олардың мәрмәрдан қашалған тұлғаларына тағзым етіп, гүл шоқтарын қойдық. Сәске түс ауа КазГУ-градқа қайтып келіп, қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіровпен біздің университеттің бас корпусында өткен кездесуге қатыстық. Бұл жеті қат көкке самғап қайтқан батырдың ғарыштан оралғаннан кейінгі ел-жұртпен алғашқы жүздесуі еді. Дидары нұрлы, жүзі шуақты Тоқтар аға өзінің өнегелі өмір жолынан, сынақшы-ұшқыш ретінде қалыптасу кезеңінен, ғарышкерлер қатарынан қабылдануы мен ғарышқа ұшу сапарынан естеліктер айтып, студенттер қойған сұрақтарға шынайы жауап берді. Шынайылық қашан да әсерлі ғой, біз қазақтың қыранымен кездесуден қазақ-қырғызымыз бірдей ерекше қанаттанып шықтық. Көк жүзінен оралған қаһарманмен кездесуден кейін Көктөбеге көтеріліп, Алматыны төбе басынан біраз тамашаладық. Сосын "Ауыл" ресторанынан ұлттық дәм-тағаммен ауқаттанған соң, Көктөбенің етегіндегі "Арман" кинотеатрынан қазақтың танымал режиссері Талғат Теменовтың "Махаббат бекеті" фильмін көрдік. Романтикалық сипаттағы бұл кинотуынды біздің бәрімізге ұнады. Кинодан шығысымен сол маңдағы кафелердің бірінен жүрек жалғап, аутовокзалға бет алып, соңғы рейспен қонақтарымызды елдеріне шығарып салдық. Олар аттанарда мамыр айының алғашқы аптасының демалыс күндеріне бізді қонаққа шақырды, біз бұл ұсынысты қуана хош алдық.
...Міне, біз сапар-саяхатқа шығатын күн де келіп жетті. Сенбі күні таңғы сағат сегіздегі автобуспен біздің курстың жеті жігіті мен он бір бойжеткені айыр қалпақты ағайындардың астанасы – Бішкекке бағыт ұстадық. Асфальт жолмен «Икарус» автобус жүйткіп келеді. Алматы мен Бішкектің арасы 3-4 сағаттық жол. Билетте көрсетілген орындарымызға жайғасып, көңіліміз жайланған соң біздің курстың өнерлі жігіттерінің бірі Ерлан өзімен бірге ала шыққан домбырасының құлақкүйін келтіріп алып, сол жылдары студенттік ортада жиі шырқалатын композитор Мэлс Өзбековтың «Тобылғысайын» сызылтты.
Сұрасаң ауылымды Белтұрғанда,
Майысар қайың ағаш жел тұрғанда-ай,
Сұлуын өзге ауылдың неғылайын,
Бұралып сәмбі талдай сен тұрғанда-ай...
Қайырмасына келгенде келгенде курстың қыз-жігіттері қосыла шырқады,
Жұлдызымсың нұрын шашқан-ай,
Атыңнан айналайын Тобылғысай...
Алғашқы әннің бел ортасы ауа гитарасының құлақкүйін келтіруге кіріскен Қаныбек-староста «Тобылғысай» аяқтала бере, халық әні «Ой, көкті» әуелетті. Осы ән тәмамдала бере Ерлан «Маусымжанға» басты:
Қыз қосылса, теңімен жыламасын-ай,
Көздің жасын тектен-тек бұламасын-ай..,
Бұл әннің қайырмасын тек біздің қыз-жігіттер ғана емес, автобустағы өзге жолаушылардың біразы қосыла шырқады:
Маусымжан, Маусымжан,
Танимын қалқам, даусыңнан...
Іле-шала «Маусымжанның» сөзін білетіндер оның шумағын да Ерланмен бірге шырқауға көшті. Осы ән аяқталысымен автобустың алдыңғы жағында отырған бір келіншек «Жайдарманды» бастады.
Жан көрінбес көзіме өзіңдей боп, ей,
Жаңа шыққан егіннің көгіндей боп, ей
Жайдарман, жақын кел,
Жан жар етем, қолың бер!..
«Жайдарманнан» кейін әлгі келіншек қазақ арасына кең таралған қырғыз әні «Жылқычының ырын» таза қырғыз тілінде шырқай жөнелді:
Асыл бир туқым мингеним,
Салқын төр жайлао жургеним,
Эрикпен жылқы қайтарып,
Қайдасың, келчи суйгеним?!
Жылқы оттайд шоптин турлерин,
Мен жуптайым жупар гулдерин
Санадан тақыр чықпайсың,
Сағындым келчи, суйгеним
Ырғыздар желге жалбырап,
Ырғыштан үркед арғымақ
Қамықпа келед дегендей,
Ай қарайд көктен жалдырап
Қуанам жылқы баққанға,
Қиялым учуп аспанға
Жаныма келсең болмой ма,
Жылқылар жушап жатқанда
Мен жылқычы, сен шопан,
Қиқырып тобын жөн салам,
Өлкемиз учун иштерден,
Өркендеп өссин гул заман
Боздақ бир төрди жай қылып,
Бос кезде жорға салдырып,
Чаршаған кезде демалсақ,
Жалыққан атты шалдырып
Не деген назға толы әуезді ән еді! Қайта-қайта тыңдай бергің келеді, қосылып шырқап кеткің келеді!.. Осы әннен кейін жөн сұраса келсек, қолында әлдилеген бөпесі бар әлгі әнші келіншек Жамбыл облысының жігітіне тұрмысқа шыққан қырғыздың Айшөрек (Айчурок*) есімді қызы екен. Айшөрек жеңешеміздің төркіні Алатооның арғы жағындағы айыр қалпақты ағайынның Нарын өңірі болып шықты. Отағасы екеуі бір жастан енді асқан тұңғыштары Дәуренді алып, балдырғанның нағашы жұртына қыдырып бара жатқан бойы екен. Мамыражай мамыр айында төркіндеп бара жатқан Айшөрек жеңешеміз алдындағы балбөбегі «ақ мамасын» сұрап қыңқылдағанша, кезектестіріп қазақ пен қырғыздың үш-төрт әнін шырқап үлгерді. Бізден бірер жас үлкен отағасы Еркін Кеңес одағы кезінде Отан алдындағы азаматтық әскери борышын Фрунзеде* өтеген көрінеді. Сол жылдары ол Қырғызстанның астанасындағы консерваторияда оқитын болашақ жарымен қала бойынша әскери патрульдік қызметте жүргенде саябақта танысқан болып шықты.
- Қаныбек, «Қызыл гүлім-айды» айтайық,-деп әнге қатысты алғашқы ұсынысты біздің курстың тықылдаған ең пысық қызы ақтөбелік Алтын айтты. Қанекеңде қайт жоқ, лезде «Қызыл гүлім-айды» қалықтатты.
Кездескенде жан еркем назданасың,
Жасыра алмай сырыңды көзқарасың,
Жадыратшы жанымды жаз боп келіп,
Қол жетпейтін Қызыл гүл сен ғанасың
Бұл әннің де қайырмасын курс болып, қосыла шырқадық:
Қызыл гүлім-ай, ай-ай,
Қызықтырдың-ай, ай-ай,
Аппақ гүлім-ай,
Ардақтымсың-ай...
Кезек сол жылдары КазГУградқа қоса, бүкіл Алматыны тербеп тұрған Табыл Досымовтың әндеріне келді.
Ақ дидарың-ай, сенің ақ дидарың-ай,
Жүрек сырын сезбедің көп қинадың, еркем-ай,
Жүрек сырын сезбедің, көп қинадың-ай,
ақ дидарың-ай...
Қас-қабағың-ай сенің, қас-қабағың-ай,
Жанарыңа қарауға жасқанамын еркем-ай,
Ару қызы сен бе едің, астананың-ай,
қас-қабағың-ай...
Назды күлкің-ай сенің, назды күлкің-ай,
Назды күлкің көңілдің жазды бұлтын-ай, еркем-ай,
«Сүйем» деген айтармын сөзді бір күні-ай,
назды күлкің-ай...
Көзқарасың-ай сенің, көзқарасың-ай,
Неге сонша мәз болып назданасың, еркем-ай,
Көрмеп пе едің қазақтың бозбаласын-ай,
Қайтем сені маңдайға жазбағасын-ай,
көзқарасың-ай...
Біздің журфактың студенттері өзіміздің факультеттің түлегі Табылдың бір әнімен шектелуші ме еді?! «Астананың аруынан» кейін «Ұнатамын мен сені...», «Кешіккенің қайткенің?», «Күнікей қыз», «Солдат сағынышы», «Сәйгүлік көрем...» секілді біраз ән әуеледі. Бір кезде біз шырқап отырған әндердің көш-керуенін терезеден сыртқа көз салып отырған Гүлнәрдің,
- Қырғызстанның аумағына кірдік,-деген даусы үзді. Бәріміз жапатармағай тысқа көз тіктік. Қазақстаннан еш айырмашылығы жоқ көрініс. Сол таулар, сол дала, ерке самалмен тербелген сол гүлдер. Егіз қозыдай ұқсастық. Тіпті, жолай ұшыраған айылдардың* тыныс-тіршілігі де қазақ ауылдарынан айнымайды. Әнебір төңіректің төрін бермей құлдыраңдаған құлыншақ, анабір өріске бұзау айдаған бала, сәске түс шамасында көлден иінағашпен су алып келе жатқан балауса бойжеткен... Бәрі-бәрі бала кезімізден көзіміз үйреншікті көріністер. Осылайша біз әндетіп отырып, Бішкекке қалай жеткенімізді байқамай қалдық. Аутовокзалдан бізді Кеша-Керімбай бастаған үш жігіт қарсылап, екі шағын "Рафик" аутобуспен Қырғыз мемлекеттік университетіне қарасты қалашыққа жеткізді. Бір жатақхананың алдына тоқтай бергенде бір топ қыз-жігіт бізді көліктің есігі ашылар-ашылмастан әрқайсысымызға бір-бір шоқ қызғалдақтан ұсынып, құшақ жая қарсылап, бұрыннан танитындарымыз амандық-саулық сұрасып, бірден мәре-сәре бола кеттік. Іле-шала жаңағы жатақхананың үшінші қабатына көтерілдік. Тура өткендегі біз секілді қырғыз достарымыз да өздері тұратын жатақхананың кеңірек бір бөлмесінен дастархан қамдап қойған екен. Шіркін, жастық шақтың шырқау шыңы – студенттік дәурен-ай, күн сайын қызық, күн сайын думан, күн сайын мереке, күн сайын мейрам! Бір-екі кәсе шай ішіп, біз таңдай жібітісімен Кеша-Керімбай отырысты үйіріп ала жөнелді,
- Әуелі Қанеке, меймандарды өзіңіз таныстырып өтсеңіз.
Мұндайға біздің Қаныбек-староста қамшы салдырған ба?! Әп сәтте бәріміздің аты-жөнімізге қоса, студенттік қоғамдық жұмысымызды, тіпті кең байтақ Қазақстанның қай өлке-өңірінен екенімізге дейін айтып шықты. Өз кезегінде Кеша-Керімбек,
- Мені бәріңіз білесіздер, екі тарап та түгелдей таниды. Сол себепті мен таныстыру рәсімін біздің топтың профоргі Құрманжан қарындасымыздан бастайын. Өткенде біз сіздерге барғанда Құрманжан Венгрияға жарысқа кетіп, Алматыға бара алмай қалды. Сонымен, біздің топтың профоргі, көркем гимнастикадан КСРО-ның спорт шебері Құрманжан Жанаева,-дей келе өзінің оң жағындағы бойжеткенге көз қиығын салды. Іле-шала елік жанар, гүлдей нәзік, сәмбі талдай сымбатты бойжеткен орнынан көтеріліп,
- Құрманжан,-деп күлімсірей басын изеген мезетте қырғыз жігіттердің бірі, - Сіздің профорг кім еді?-деп сұрап қалды. Мен орнымнан көтеріліп,
- Қайырхан,- деп атымды атадым.
- Міне, сәйкестік!-деп тағы килікті жаңағы жігіт, - Қызметтері бірдей, оған қоса, тіпті есімдеріне дейін ұқсас, Қайырхан – Құрманжан. Демек, қос профоргті қатар отырғызу керек!
Бұл сөзге өзге қыз-жігіттер ду күлісті, ал екеуміз бір-бірімізге сол сәт жылышырай қарап, сен маған жанарыңнан нұр шаша жымиып тұрдың. Екеуміз осылай танысып едік, жаным!..
- Мына біздің жігіттердің ішіндегі ертелетіп боза ішкенді ең жақсы көретін Эркен менің миссияма килігіп кетіп жатыр. Оны айыпқа бұйырмаңыздар. Бірақ сөйте тұра, Эрекең жөн сөз айтты. Неге бірі-бірімізді жатсынып-жатырқағандай қазақ-қырғыз болып бөлініп отырмыз? Қанкеки, Қайырхан мен Құрманжанды қатар отырғызайық, қалғанымыз үзілістен кейін көрерміз,-дегені Кеша-Керімбайдың. Сол-ақ екен айналамдағы қыз-жігіттер ысырыла орын беріп, Құрманжанның менің жаныма төрлетуіне жағдай жасады.
- Міне, енді қазақ пен қырғыздың, яки Қайырхан мен Құрманжанның тойында отырғандай болдық!-деп бір арманына жеткендей желпінді Эркен. Бөлменің ішін тағы күлкі кернеді. Ал сен жүзің алаулап, жанарыңды төмен салдың...
- Керімбек, сен жаңа Құрманжанның спорт шебері екенін айтың ғой. Ал біздің профорг Қайырхан да көптің бірі емес, студенттер арасынан бокстан Қазақстанның үш дүркін чемпионы, халықаралық жарыстардың жеңімпазы. Біздің жігіт те спорт шебері,-деп тәптіштеді Алтын. (Негізі, Алтын менің мерейімді үстем етем, мәртебемді биіктетем, абыройымды асқақтатам деп отырып, сәл-пәл артық кетті. Бірді-екілі халықаралық жарыстардың жеңімпазы екенім рас, тек Қазақстанның үш дүркін емес, екі мәрте чемпионымын. Он жыл бокспен шұғылданғанда бірде бір рет сыр бермеген оң қабағым биылғы финалда қайта-қайта жарылып, қан тоқтамай, ақыры рефери* ақырғы айқасты мерзімінен бұрын тоқтатып, мен сол жолы күміс медальды місе тұтуға мәжбүр болдым...)
- Енді былай істегеніміз жөн болар,-деді Кеша-Керімбек, - Бірі-бірімізге тезірек бауыр басуымыз үшін ән шырқайық. Қазақ бауырлардан қонақкәде сұрамас бұрын айылдың алты ауызы бізден болсын, қанеки!
Сол сол-ақ екен қырғыз достарымыз әуелі өз тілдерінде махаббат сезімі тұнған ән "Жаңбырлы түнді", сонан соң қазақ пен қырғызға ортақ тұлға Ілия Жақановтың "Жайлаукөл кештерін" сызылтты. "Адамзаттың Айтматовы" атанған дүние жүзіне танымал қырғыз жазушысы Шыңғыс Айтматовтың біраз шығармаларындағы басты кейіпкерлерге арнап, бірінен бірі өткен бірнеше ғажайып ән жазған композитор Ілия Жақановтың қырғыз елінде де өте танымал екендігінен біз бұрыннан хабардар едік. Енді міне, соның айшықты мысалындай алатоолық* бауырлар "Жайлаукөл кештерін" сондай шынайы беріле шырқап, бәрімізді толқытып, тебірентті. Ән аяқтала бере дуылдата қол соғып, бірі-бірімізбен жарыса әсерімізді ортаға салуға көштік. Сөзге біраз қонақ берген Кеша-Керімбай сәлден соң тізгінді қайта қолға алды: - Алыс жолдан келген достар, шай ішіп, дәм алып отырыңыздар. Дұнған халқының ұлттық тағамы мына лағманды ұлты дұнған құрбымыз, біздің топтың ең сұлу бұрымды бойжеткендерінің бірі Зүлфияның өзі сіздер үшін арнайы пісірді. Алдарыңызға келген ас суып қалмасын, алып отырыңыздар. Кеша-Керімбайдың тап осы сөзін күтіп отырғандай, біздің курстың тағы бір тобының профоргы Нұрлан Қалқа, - Ой, Кереке, сен әлі білмейсің ғой, мен дұнған халқының ұлттық тағамы лағманды әуелден, ал сол лағманды керім дәмді ғып пісірген Зүлфия сұлуды бүгіннен бастап жақсы көремін,-деп шалқыды. Осыдан соң баршамыз ыстық дәмнен алуға кіріскендей едік, алайда айыр қалпақты ағайындардың комсоргі жаңағы Эркен тағы да аяқасты "шу" шығарды.
- Тамада мырза, мені әлеуметтік әділеттілік мәселесі қатты мазалап, жаныма жай таптырар емес.
Бәріміз дерлік ішер асымызды жерге қойып, аңтарыла қалдық.
- Егер сені мазалаған әлеуметтік әділеттілік мәселесі болса, ондай шаруаны кейінге қалдыруға болмайды, айт-қын,-деді староста-тамада.
- Бәрің қараңдаршы, қос профорг Қайырхан мен Құрманжан қатар отырып, қалай жарасым тапты! Ал неге екі комсорг ылғи дүрдараз күшік пен мысық құсап, екі жақта отыруы тиіс? Осы да әлеуметтік әділеттілік пе, достар?- деп жан-жағын жорта бейкүнәмсіген көзімен шолып шығып, сонан соң тосын ұсынысына тек содан ғана қолдау күткендей біздің топтың комсоргі Гүлжанарға жымия қарады.
- Е-е-е, бәсе, манадан бері сені Қайырхан мен Құрманжанды неге лиро-эпостық жырдың басты кейіпкерлеріне айналдыруға құмар бола қалды десем, сен өз мүддеңді алыстан орағытып отыр екенсің ғой,-деп группаласын тобықтан бір қағып өтті Айбек. Алайда Эркен Айбектің бұл зілсіз қағытпасын шыбын шаққан құрлы көрмей, ақыры Гүлжанардың қасына жайғасып тынды.
- Біздің жігіттер, сендер байқаңдар, менің нағашыларымда "Түркімен төрін бермейді" деген мәтел бар. Менің нағашы жұртымнан келген сұлулармен қатар отырамыз деп, өздерің түгел төрге шығып алып жүрмеңдер,-деп әзілді-шынды ескерту жасады қырғыз бойжеткендердің бірі шырайлы Шынар. Өткенде Айбек те, Шынар да бізге қонаққа келген-ді. Сол себепті олардың екеуі де бізге көзімізге ескі таныстардай жылыұшырайды. Әрі екеуінің сөз байласқан ғашықтар екендігін де естуліміз. Сәлден соң Айбек баянмен сүйемелдеп, Шынар екеуі "Таңсәрі" әнін шырқады. Өмірде де, өнерде де көрген көз сүйсінетіндей сондай жарасымды жұп! Махаббаттарың мәңгілік, бақыттарың баянды болсын, достар!
...Бішкектің төріндегі алғашқы отырысымыз да тап Алматыдағыдай әдемі әзіл, орынды қалжың әрі әуезді әндермен өріліп, екі сағаттың қалай өтіп кеткенін аңдамай қалдық. Қазақ-қырғызға тән ата-баба салтымен ас қайырып, бата жасап, дастарқан басынан тұрған соң қырғыз елінің астанасын араладық. Біздің Алматы сияқты Алатаудың баурайындағы Бішкек те көрікті қала екен. Әсіресе, бірнеше метрлік биік тұғырға орнатылған Манас батырдың еңселі ескерткіші қандай керемет! Халқының ар-намысын, ел-жұртының бірлігі мен теңдігін бәрінен биік қойған халық батыры тақымындағы тұлпары қыранға айналып, күллі қырғызын жарқын болашақ, кемел келешекке бастап ұшып бара жатқандай. Қырғыз елінің орталық мемлекеттік музейіне барып, бүгінгі күнге жеткенше қазақ халқы құсап, мың өліп, мың тірілген айыр қалпақты ағайынның тақсіретті тағдыры, шерменді шежіресімен таныстық. Алматылық студенттер әсіресе, Жүсіп Баласағұн, Тоқтағұл, Аалы Тоқамбаев, Шыңғыс Айтматов сынды руханият әлемінің шамшырақтарына қатысты деректер мен жәдігерлердің тұсына көбірек кідірдік. Сондай-ақ біз осы музейде ХІХ ғасырда заты әйел болса да, ел басқарған көсемдігімен, сөз бастаған шешендігімен, қара қылды қақ жарған әділдігімен, ер жүрек батылдығымен ерекшеленген қырғыз халқының арғы-бергі жылнамасындағы ең ұлы тұлғалардың бірі – Құрманжан датқаның өнегелі өміріне біраз қанықтық. Сенің есіміңді "Халқына Құрманжан датқадай қалтқысыз қызмет қылсын" деген ниетпен атаң мен әжең қойғандығын екеуміз музей жәдігерлерін тамашалап жүргенде өзің айтқансың.
Шынымды айтсам, Бішкектегі бас музейге бас сұққанша, қырғыз жастарының арасынан шыққан тұңғыш олимпиада чемпионы Қаныбек Османәлиевтың 1980 жылы Мәскеуде өткен ХХІІ жазғы олимпиада ойындарында жеңіске жеткендігінен басқа атақ-даңқын білмейді екенмін. Сөйтсек, 1953 жылдың қарашасында жарық дүниеге көрінген Қаныбек ағамыз ауыр атлетикадан бірнеше рет КСРО чемпионатында топ жарғандығына қоса, Еуропаның екі мәрте, ал әлемнің төрт дүркін чемпионы екен!
Музейден шыққасын Жүсіп Баласағұн атындағы Қырғыз мемлекеттік университетінің бір аудиториясында 1986 жылы Алматыда орын алған Желтоқсан оқиғасында қазақ жастарын ұрып-соғудан бас тартқан КСРО Қарулы күштерінің сол кездегі қатардағы жауынгері Талайбек Ысқақтегімен кездестік.
- Ол бір қазақ елінің аспанын еңсені езер, жан-жүрегіңді жаншыр сұр бұлт тұмшалаған сұрқай күндер еді ғой. Қаншама иығыңа погон ілген, командиріңнің бұйрығын бұлжытпай орындауы тиіс әскери болсаң да, туған бауырға, туысқан халықтың ұл-қызына қол көтеру мүмкін емес екен,-деп тебіренді сол жолы Талайбек бауырымыз.
- Ұлттық намыстың екпінімен алаңға шығып, "Менің Қазақстаным!" әнін ұлттық ұранға айналдырып, теңдік талап еткен қазақтың өндірдей жігіт, өрімдей қыздарын әскерилер қабаған итке талатып, сапер күрегімен соғып, бастарын жарып, жаппай ұрып-соғып, әсіресе, зіңгіттей-зіңгіттей түр-түсі шикіл сары солдаттардың қазақ қыздарын шаштарынан сүйреп, құдды әкесінің құны кеткендей қаракөз қарындастарымызды іш-құрсақтарынан аяусыз тепкілегенін көргенде жаным түршікті. Тіпті, шарасыздықтан жынданып кетем бе деп ойладым. Сөйте тұра, "Суға кетер кісі тал қармар" дегендей, әйтеуір, әупірімдеп жүріп, қазақтың төрт-бес қыз-жігітінің қанды қасаптан біртіндеп сытылып шығуына жағдай жасай алғаныма әлі күнге дейін тәуба деймін,-деп терең тыныстап, ауыр күрсінді Талайбек азамат.
– Жайшылықта адамның бәрі батыр, ал қазақтың басына "Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама" қайта төніп, ақырзаман орнағандай болған алмағайып кезеңде ағайынға деген ақ пейіл, адал ниетіңнен айнымай, тау көтерген Толағайдай табандылық танытқан саған мың алғыс, Талай-тұлға! Қазақ-қырғыздың бірлігі бекемденіп, берекесі еселеніп, ынтымағы нығайып, ырысы молая берсін, бауырлар!-дедім мен Талайбек замандасыма біздің делегацияның атынан алғыс айтып.
...Талайбектей үлкен жүректі азаматпен ғибратлы кездесуден кейін біз Бішкектің орталық саябағында серуендедік. Кешкі самал санамызды сергітіп, сезімді қытықтады. Сол кеште мен сенің қарлығаштың қанатындай нәзік алақаныңнан алғаш рет аялай ұстап, екеуміз қатар жүріп қыдырдық, Құрманжаным менің – құралайым менің! Желдей есіп, көбіктей көпіріп, көп сөйлеген жоқпыз. Жан-дүниемізбен ұғыстық, көз-жанарымызбен тілдестік, бірі-бірімізге әлсін-әлсін жымия қарап, қол ұстасып келе жатқан саусақтарымыз арқылы түсіністік. Жүрегіміздің лүпілі қол ұстасып келе жатқан саусақтарымыздың ұшынан сезіліп тұрды! Сол сәт маған егер екеуміздің ең нәзік тамырларымызды кесіп, бірі-біріне жалғаса, бірден жарасып, бірден үндесе бүлкілдеп соға жөнелетіндей көрінді. Саябақтағы гүлдер кешкі самалмен жәй ғана ырғалып, екеуміздің қатар жүріп қыдырғанымызға қуанышты екендіктерін сездірді. Самал жел бізге "Екеуің бір-бірің үшін жаралғансың!" деп желпіне сыбырлады. Біздің әр қадамымызды қатар өскен жапырақ-жүрек жас қайыңдар иіле құптады. Тіпті, сол күні саябақтағы сандуғаштар да біз үшін сайрады-ау, сірә. Мен бастап, сен қостап, "Әселім-әнімді" ыңылдай сызылттық:
Самалы жұпар жазғы бір кеште,
Ойласаң болды Ыстықкөл жақты
Айтылған сырлар түседі еске,
Оятқан сонда ақ махабатты
Тулайды жүрек толқындай шалқып,
Аңсайды жүрек өзіңе тартып,
Сағынтқан әнім,
Әселім - жаным...
Сол шақ қандай керім кез, керімсал сәт еді, жаным! Бішкек шәһары өзінің алқаракөк аспанын жамылып, мың-сан жұлдыз бізді көріп мәз болып, жымыңдай бастағанда жатақханаға оралдық.
Біз қала аралауға кеткенде іште қалған қырғыз құрбыларымыз дастарқанды тағы да жайнатып қойған екен. Жігіттер жағы сәске түстегідей боза қоюды да ұмытпапты. Қырғыз бен қазаққа ортақ осы ұлттық сусынның өзім сол күні өмірімде бірінші рет дәмін татсам да, боза маған бірден ұнады. Ежелгі шығыс шайырларының бірі Омар Һәйәм жарықтық,
Қойса да білім, шіркін, басқа қонбай,
Өтейік уайымшыл қасқа болмай,
Түсірмей қолдан келсе, шарап ішіп,
Шалқиық сау да болмай, мас та болмай,-деп гөзәл жыр тізгендей, қырғыз достардың меймандос пейілінен, оған қоса өзімнің жанымда аспан-көктің жұлдызындай, өзен-көлдің құндызындай Құрманжан құрбым жүргендіктен сол күндері мен шынында да саудың да санатында емес, мастың да есебінде де емес, әйтеуір, шаттықтан санам шайқалып, бақыттан басым айналғандай керемет бір күй кешкенмін. Бәлкім бұған онсыз да алып-ұшып тұрар жас көңілді онан сайын желпінткен боза шіркіннің де әсері болған шығар... Кім білген, қазақтың қайсар да арқалы ақыны Қасым,
Біз келеміз күйге малып аяқты,
Қолтығыңнан қанат біткен сияқты,-деп шалқығанда, мүмкін ол да мен сияқты ғашықтық ғаламатын бастан өткерген шығар...
Сірә, бірі-бірімізге үйренісе бастағанбыз-ау, кешкі дастарқан басында әзіл-қалжың манағыдан молырақ айтылып, ән де жиірек шырқалды. Отырыс бел ортасына ауа достарымыз кезекті әнді қосыла шырқауға көшкенде екеуміз балконға шықтық. Бішкектің барқыт түні алқаракөк айлы аспанында мың-сан жұлдызын жымыңдатып, екеумізді қуанышты қарсылады. Сан мыңдаған шақырым қашықтықтағы жұлдыздар екеумізге "Жұптарың жазылмасын, жұптарың жазылмасын!" деп жымыңдайтындай. Сырласып біраз тұрдық. Бір кезде мен саған жұмбақ жасырдым,
- Құрманжан, ана қатар тұрған ерекше жарық екі жұлдызға ат қойшы.
Сен бірден бірнеше нұсқа ұсындың: –Алматы мен Бішкек, Алатоо мен Алатау, айыл мен ауыл... Қалай, ұнады ма?
- Ұнады, бірақ?..
- Не бірақ?
- Мен өз ұсынысымды айтайын ба?
- Ооба*...
- Қайырхан мен Құрманжан!
Менің ұсынысыма сен аяқасты қуанған балдырғандай алақаныңды шапалақтай күліп, мәз болдың. Мөлдір бұлақтың сылдырындай, күміс қоңыраудың сыңғырындай сенің шынайы күлкің түнгі саф таза ауамен жаңғырып, бөлменің ішіне ерекше естілді-ау деймін, іле-шала Нұрлан Қалқаның әзіл-шыны аралас өктемсіген даусы естілді,
- Мәссаған, қашан да, қайда да халықпен бірге болуы тиіс кәсіподақтың қос көсемі неге біздің көзімізді ала бере көптен бөлініп кеткен? Мен құсап қалың бұқарамен бірге отырмай ма? Қайырхан, Құрманжан, қане, кіріңдер ішке!
- Азир,-деп сен кілт бұрылғанда иығыңнан төгілген шашың менің жүзімді желпіп өтті. Сенің жібектей шашыңнан менің туған ауылым Қызылжардың қырына көктем сайын құлпырып шығатын қызғалдақтың жұпар иісі аңқыды... Балконды ашуға соза берген сол қолыңның білегіне менің оң қолым қонды. Білегіңнен ұстап, бері қаратқасын, қыпша беліңнен тартып, өзіме жақындатып едім, нұрлы жанарыңмен наздана жымидың да, кірпігіңді төмен түсірдің. Жігіттің ойы жүйрік қой, сол бір ауасы мақпалдай жұмсақ түннің жұлдыздары жымыңдаған алқаракөк айлы аспаны аясында мен сенің ақ жүзіңнен алғаш рет өбіп, гүл ерніңнен тұңғыш рет сүйдім. Не деген барқыт түн еді, не деген балшырын сәт еді, жаным!..
Екеуміз балкон есігінің жәймен ашылғанын байқамаппыз, сықырлай жабылғанда ғана селк ете түстік. Есік қайыра толық жабылмай, сәл саңылау қалғандықтан, іштегі әңгіме бізге анық естілді.
- Сүйінші! (Бұл – біздің тықылдақ Алтынның даусы. Демек, жаңа балконның есігін ашып-жапқан осы пысықай болды.)
- Не үшін сүйінші?-деп сұрады даусында қызғаныштың табы бар біздің топтағы сүйкімді бойжеткендердің бірі Гүлнұр.
- Той болатын түрі бар!
- Немене, қазіргі заманғы қазақ-қырғыз лиро-эпосының басты кейіпкерлері сүйісіп тұр ма екен? (Бұл емін-еркін сөйлей беретіндігіне біз де үйреніп қалған Эркеннің даусы.) Егер тап осы сәтте біз кіріп келе жатпағанда, әлгі сауалға зуылдақ Алтынның не деп жауап берерін кім білсін?! Ол балконнан қол ұстасып кіріп келе жатқан бізді байқады да, ілезде ойын да, бойын да жинақтап, біз жаққа қулана жымиып, көзін қысып үлгеріп:
-Жоға, сүйісуге әлі ерте емес пе?! Міне, тура осы қазір кіріп келе жатқандарындай екеуі қол ұстасып, бірі-біріне қарап, өмірге риза қалыпта мәз болып тұр...
Біздің курстың маңдайалды юморист-сатиригі Ермахан бозаға қызып қалғанға ұқсайды. – Менде бір ұсыныс бар,-деп ол оң қолын көтерген күйі орнынан көтеріле берді: - Көзімізді ала бере, бізден бөлініп кеткені үшін Қайырхан мен Құрманжанға музыкалық айып, а, то есть, музыкалық салық салу керек!
- Жақсы, ат-шапан айып бізден, достар,-дедім мен Құрманжан ыңғайсызданып тұрған әңгімені әрі қарай созғым келмей. - Қай әнді айтамыз, Құрманжан?
- "Әселім-әнім".
- Құрманжанға сырнай беріңдер, жігіттер,-деді қырғыздың сұңғақ бойлы сұлуы Аймира.
- Қайрекеңе – гитара,-деді біздің комсорг Гүлжанар.
Екеуміз қатар тұрып, қос аспаптың құлақкүйін келтіруге кірісе бергенде сен:
– Соңғы екі шумағын айтпай-ақ қояйық,-дедің маған ғана естірте. Мен үнсіз басымды изедім. Сөйте тұра, әдемі әннің әсерімен сенің жаңағы өтінішіңді ұмытып кетіппін. "Әселім-әнімнің" екінші шумағын мен бастай бергенде, сен бірер секунд маған наздана қарап бұртиып тұрдың да, іле-шала қосыла шырқадың:
Тағдырмен қатал ойнатқан сонда,
Қайдасың менің армансыз күнім?
Бақ құсы едің, қонбадың қолға,
Қапыда қалдым зар толып үнім.
Тулайды жүрек,
Толқындай шалқып,
Аңсайды жүрек,
Өзіңе тартып,
Сағынтқан әнім,
Әселім – жаным...
Алыссың, жатсың білемін, сәулем,
Тағдырға нала не керек айтып?
Шіркін-ай, сол бір жарқ еткен дәурен,
Әселім, бізге келер ме қайтып?..
Тулайды жүрек,
Толқындай шалқып,
Аңсайды жүрек,
Өзіңе тартып,
Сағынтқан әнім,
Әселім – жаным...
Сен екеуміз көптің көзінше алғаш рет шырқаған ән керім әсерлі шықты. Сырнайдың сызылған, гитараның сыңғырлаған үні онсыз да әдемі әнге онан сайын ерекше әр берді.
- Керемет!
- Супер дуэт!
- Жарасымды жұп!
- Идеальная пара!
Біреуі, «Жұп болсын!» десе, екіншісі, «Құрманжан мен Қайырханның танысқаны, қырғыз бен қазаққа құт болсын!» деп іліп әкетіп, несін айтасың, қаумалап отырған құрбы-құрдастарымыз қазақша-қырғызшаға қоса, тіпті, орысша мадақ-мақтауларын бірінен-бірі асыра, дуылдата қол соқты. Орнымыздан тұра бергенде Құрманжан, "Ошы бизге коз тийбесе жакшы болот эле...¹" деп тек маған естілердей сыбырлап үлгерді. Достардың сұрауымен екеуміз қос халықтың ел ішінде, халық арасында танымал төрт әнін орындап бердік. Сол күнгі би кешінің соңын ала қыз-жігіттер бізден және ән сұрап, екеуміз қатарынан қос ән шырқадық. Не керек, сол күнді біз әнмен батырып, сол таңды біз әнмен атырдық. Не деген көңілді күн, көгілдір түн еді! Не деген әсерлі күн, әдемі түн еді, жаным!..
Ертеңіне таңғы шайдан кейін және екі сағаттан аса қала аралап, түскі дәм-ырыздықтан соң біз қайтуға жиналдық. Алматыға аттанарда біз қырғыздың халық әні "Арман-айды", ал сендер қазақтың халық әніндей болып кеткен "Қызыл гүлім-айды" шырқадыңдар.
- "Арман-айды" енді айтпаңдаршы,-деп қиылдың сен.
- Неге?
- "Арман" деген қазақ тілінде қандай мағына береді?
- Арман деген – арман, мечта, романтика.
- Ал "арман" деген сөз қырғызша "қайғы-қасірет", «біржола қоштасу» деген ұғымды білдіреді. Енді айтпаңдаршы, жарай ма?
- Жақсы.
Мен сенің "Әселім–әнімнің" соңғы екі шумағын екеуміздің неге қосылып шырқағанымызды қаламайтыныңды осы диалогтан кейін түсіндім. "Алыссың, жатсың білемін, сәулем, Тағдырға нала не керек айтып..." Кездейсоқ өзі жолықтырған тағдыр бізді енді алыстатып, жат қылмаса екен...
Қоштасарда сені құшағыма алып, қызғалдақтың жұпары аңқыған шашыңнан тағы да құшырлана иіскегім келген. Сен айналадағылардан ыңғайсыз екендігін көзқарасыңмен ұқтырып, көпшіліктің көзін ала бере, "Ұялшақ махабаттың ғұмыры ұзақ екендігін ұмытпағайсың, Қайырхан" деп сыбырладың. Жанарыңа тұнған жастан өзімді көрдім, сен де менің жүрегіме қоныстанып үлгердің, жаным!
Енді үш аптадан кейін жазғы сессия, ізінше өндірістік практика басталады, сосын жазғы каникул. Өндірістік практиканы мен өзімнің туған өлкеме, Алматыдан «алты айшылық» жердегі Орал өңіріне алдым. Себебі соңғы кезде әкемнің сырқаты үдеп кетті, барынша қасында болып, көз алдында жүрейінші деген ой еді... Ал сен болсаң, жазғы каникулға шығысымен, Ыстықкөл жайлауының төріндегі ата-әжеңе жол тартасың. "Атам мен әжемді қатты сағындым, әрең шыдап жүрмін..." дегенсің кеше. Енді біз араға айлар салып, ауыл шаруашылығы жұмыстарынан оралып, сабақ кестесі бір жүйеге түскен, студент біткен жатақханаға орналасып, әбден көңілі жайланған күрең күзде бір-ақ кездесеміз. Ғашықтардың гүл жайнаған көктемге қоса, жадыраған жаймашуақ жаздың да тез өтіп, күздің лезде келгендігін аңсайтын кезі болады екен-ау. Мен саған сөз айтып, сен маған серт беріп үлгермедің. Бірақ жан-жүрегімен ұғынысқан жандарға ондай шарттылықтың не қажеті бар?! Онсыз да бәрі түсінікті емес пе?..
Қол бұлғап мен кетіп барамын, қол бұлғап сен қалып барасың. Күрең күз тез келсе екен, жаным!..
*********************************************************************************************************************************************************************************************************************************
Айчурок*– қыз есімі, сұлу, әдемі, әсем деген мағынаны білдіреді.
Фрунзе* – Қырғыз Республикасының астанасы Бішкек қаласының КСРО кезіндегі атауы.
рефери*– рингтегі төреші
комсорг* – Кеңес өкіметі кезіндегі жастардың шағын ұйымының жетекшісі.
КСРО* – Кеңестік социалистік республикалар одағы (мемлекеттің атауы)
айыл* (қырғызша) – ауыл деген сөз.
Алатоо – Алатау
Ооба – иә
"Ошы бизге коз тийбесе жакшы болот эле..." * – Осы бізге көз тимесе жарар еді...
Бауыржан ҒҰБАЙДУЛЛИН,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,
Орал қаласы