ПАРАСАТТЫ ҰЛТШЫЛДЫҚ ПЕН ЖАБАЙЫ ҰЛТШЫЛДЫҚТЫҢ АРАСЫ– Сіздер «қаламы жүйрік жазуш...
Күн сәулесіне шағылысқан оксюморон-II
Әйел әлемі
Әйел дегеніңіз – біреу үшін Әлем секілді ашық, бәзбіреу үшін мың құлпылы есіктей жабық...
Әйел – Пейіште жүргенде-ақ Құдай «тыйым салған жемісті» бірінші жеген, Адам-Атаның қабырғасынан жаралған күрделі, «синтетикалық» жан иесі. «Қисықты түзетсем» деген ой – дұрыс ой, дегенмен оның морт – «парт» сынатынын ескерсек екен.
«Әйелдер әлемін» түсіну тым қиын, ал сезіну аса қолайсыздау болғандықтан да, көп ел осынау сөзді түсіндірме сөздігіне енгізіп қойған екен. Ол әлемнің ішіне енді ғана дендеп ене бастағандар өзі үшін үлкен жаңалық ашары сөзсіз. «Әйел затының жоқ дегені иә, ал иә дегені жоқ...» екенін дәлелдеген психоаналитик З. Фрейдке бәрі алғыс айтқанда, бір кейуана келіп: «Бұл да аксиома емес», – деуі – әйел өмірінің соңына шейін ішкі және сыртқы қайшылықпен, өз «шайтанымен», өз қалауымен, өз болмысымен, өз арымен, өз ойымен, өз-өзімен күресіп өтетіндігінің бір ғана дәлелі. Әйелдің артықшылығы – қателікті кешіре білуінде. Оның жаны НКВД архивіндей жабық әрі сан түрлі сырға толы келетіні – бітім-болмысынан. Жаратушының кереметі көп қой. Соның бірі – Ана, жар, қыз, әпке, қарындас. Әйел – Ана! Анадан хан да туды, қара да туды, ғалым да туды, залым да туды, үлкен де туды, кіші де туды, әлді де туды, әлсіз де туды, бәрі де туды... Кей-кейде қиялға беріліп, «қисық қабырға» ұғымын тәпсірлегенде, ұбақ-шұбақ сөз бен адам санасы ұғып-түсінбейтін «Морзе әліппесі» іспеттес код-шифр шыққанын байқап, таң-тамаша қалғанымыз бар. Ол – оның сезімі, жүрегі, танымы, қабылдауы, жүйкесі, дүниетанымы. Мына Дүн-дүниеге, жалпақ Жаһанға жанары жасқа толы әйелше қарау да белгілі бір деңгейде – адамның өсу сатысы, түлеуі деуге болар. Себебі, ол әлсіз бола тұра қатты, қатты бола тұра өте әлсіз, нәзік бола тұра темір, темір бола тұра бал, бал бола тұра тас, тас бола тұра су, су бола тұра жанартау, жанартау бола тұра самал жел, самал жел бола тұра арқаңды қаритын ақпанның аязы, аяз бола тұра тоңғанда, мұздағанда жылынатын от, от – От-анасы!.. Қазақ топырағында еріне адал, еліне сыйлы боп, Алла алдында үлкен дәрежеге көтерілген кісілер аз емес. Ел жадында жатталған есімдерді тізе берсек, сұмдық бір галерея түзіле түседі: Тұмар мен Зарина патшайымдар, Домалақ ана, Зеріп ана, Сары бәйбіше, Рабиа Сұлтан бегім, Еңлік пен Баян сұлу, Қарашаш ана, Гүлбаршын мен Құртқа, Ақжүніс пен Назым, Гаухар ана, Айша-бибі, Бабаджа-хатун, Абақ ана, Жаған бике, Бопай, Фатима, Тоташ, Күнімжан ханымдар, Ханбибі, Айтолқын, Гауһар батыр, Есенбике, Табын Сапар (Сапура) Мәтенқызы, қыз Данай, Айбике-Шаншар, Нұрбике-Шаншар, Қызданбике-Шаншар, Ботагөз батыр, Ақбикеш, Мұрын ана, Қызай ана, Бақты батыр, Зере мен Ұлжан, Айғаным мен Ұлпан аналарымыз, т.б. Дәл осы бір салқар көшке әдебиет, мәдениет және өнер саласында еліне елеулі еңбек еткен тұлғалар да енгені сөзсіз...
Тосын кездесу
Аптаның қай күні екені дәл есімде жоқ. Әйтеуір, мезгіл – күз. Ай – қыркүйек. 2013 жыл. Егер ұмытпасам, санамда сақталған хронология осындай болса керек. Қатты жаңбыр жауып тұрған. Аспанның түбі тесілгендей, тура. Қолымда – «Академ-кітаптан» сатып алған үш кітап: Вампиловтың пьесалар жинағы, Агни-Йога, Леонардо да Винчидың ой-толғаулары. «Алматы-2» теміржол бекетіне жақындаған тұста күртешесінің арқасына Дәуіт жұлдызы суретін тіктіріп алған, басына кипа киген, әрдайым ұшырасатын жебірейді кезіктіріп қалдық. Көше сыпырып жүр екен. Амандасып, жанына таяп барып:
– Шалом алейхем, – дедік қайтер екен деп.
Жалт қарады да:
– Здравствуйте!.. – деді салқын ғана.
– Сөйлесуге уақытыңыз бар ма?
– Жұмыстан кейін әңгімелесейік. (Қолыма қарап) Кітапқұмармысың?
– Иә.
– Үйімде үлкен кітапханам бар. Егер уақыт тапсаң, жұмыстан соң менімен жүр. «Александрия кітапханасындай» болмас, бірақ аса шағын да емес, – деді қалжыңдап.
– Бір сұрақ қояйыншы.
– Қой.
– Еврей ұлты неге әлемді жаулағысы келеді?
– Білмеймін. Өзімде ондай жоспар жоқ. (Күліп). Бір нәрсе айтайын... ғылым-білімге ден қоюға бәрі құқылы. Баланы кітапқа жастайынан баулу керек. Ал, қолдан келсе қоныштан басқанға не жетсін. Иосиф өзін өте қарапайым ұстайды. Туысқандары Йëся деп еркелетеді екен. Әлгі кісімен біраз әңгімелестік. Белгіленген аумағын сыпырып болған ол, киімін ауыстырып көлігіне мінді де кетіп қалды. Сыртқа сыр шашпайтын адам кейде «сын сұрақ», кейде «жын сұрақ», ал кейде «шын сұрақ» қойып есіңді аударады. Бір нәрсені өтірік білмегенсіп, сұқбаттасының парасат-пайымын, ой-өрісін тексеріп алады. Иосифпен сөйлесіп отырғанда шыны керек, ішімде қызғаныш сезімі пайда болды. Егер ынталанса олар үйренген дүниені қазақ та еңсере алады ғой. Олар білген нәрсені қазақ та біле алады емес пе?! Рас қой. Құдай біреуін артық, біреуін кем еткен жоқ. Бәрін тең жаратты. Бізге асылы қайсы, жасығы қайсы, айыратын кез жетті. «Анау мықты, мынау дүлей» деген сайын адам санасында «психологиялық барьер» пайда болатынға ұқсайды.
АҚШ-тың девизі: «Ақша таусылғанда соғыс ашу керек». Расында да солай. Саяси тұрақсыз елдерде көтерілістер қолдан ұйымдастырылатыны, оның көптеген жоспары, сценарийі бар екені ешкімге жасырын емес. Бұндай аса ауқымды жобалардың басты мақсат-мұраты республиканың бар байлығын басып алуға бағытталған-ды. Психология, биология, генетика, химия, медицина, дін, саясаттану, әлеуметтану сынды салалармен қаруланған «Ақылдылар алқасы» Жер планетасында өз билігін орнатуға ниетті. Дүние күйіп кетсе де отырған орнынан бір қозғалмайтын мінезімізді жөн көріп, «қойдан қоңыр» деп сылап-сипаумен әлі келеміз. Уақытындағы катаклизмге сабырмен қараған жапон жұртының мінезі бір ғана жылда не бір ғана ғасырда қалыптаспағаны мәлім. Ол самурайлар салған сара жолдан айныған жоқ. Рухты екенін көрсетті. Арына түскен қара дақты харакиримен жуып-шаюға әдеттенген олар Фудзияма басына шығып, Жаратушыға барлық сырын айтуға дайын жүретіні септігін тигізсе керек (осынау нәрсе адамды шынайы әрі ашық болуға тәрбиелейді). Жапония қиын кездерді басынан өткеріп жатқанда бір тәтеміз айтпақшы: «Жапондар жақсы халық. Себебі, африкалықтар жаман болмайды, білемін», – деп бір шарада елді күлдіргені бар. Дәл сол кезде шетелден келген қонақтардың құлақшындары (әлде аудармашы тетікті басып үлгерді ме екен?! Қалай болғанда да о жағы бізге бұлыңғыр) істемей қалып, әлгі сөз қазақы күлкінің фонында қалып қойды. Егер ана сөзді конференцияға жиылғанның бәрі тегіс естісе нағыз масқара сонда болар еді. Ұлт үшін... қазақ ұлтына сын айтылып, ұятты жағдайда қалар ма едік, кім білсін?! Қайта Құдай сақтады. Әлгі тәтем кітаптың құндылығы, оның адамзат өміріндегі мән-маңызы турасында бөсіп отырған. Бір сөзі қазақша, бір сөзі орысша, енді бірде ағылшын «сленгтері» де сөз арасына кірігіп кетіп жатты. Соңғы қатарда отырған студенттер ішін ұстап күлкіге көмілді. Ал, тәржімашы бүкіл сөзді «ақсүйектер тіліне» аударып, тігісін жатқызып әлек. Бұ жерден де аман өттік, әйтеуір.
«Бір ел – бір кітап»
Есте жоқ ерте заманда «Дао дэ Цзин» трактатының авторы, қытай ойшылы Лао-Цзыға бейтаныс жігіт кеп, шәкірттікке қабылдауын өтінеді. Байқаса, талапкер талай кітапты тауысыпты. Сонда дана дастарқанға жайғасып, шайды алдыменен өзіне түбінен ғана, ал әлгінің шынысын ернеуінен асыра құяды. Жігіт шошып, «мына шалекең алжи бастаған екен» деген оймен орнынан тұра бергенінде, ғұлама: «Сен – мына кесе сияқтысың, бәрін тегіс талғамай оқи беріпсің. Келесіге шейін тәкаппарлығыңды жең-дағы, алдыма әлі ештеңе оқымағандай боп кел! Сенде оқу бар да, бірақ тоқу жоқ екен», – деп жылы шыраймен шығарып салыпты.
Оқу – қараңғылықтан қорғар оққағар, сауатсыздықтан сақтар сауыт. Бала кезде әлі есімде, көп оқып, жырақтау жүретіндерді: «Оқу өтіп кеткендер», – деуші еді, ауылдағы ағайын. Басқа-басқа, бірақ мен үшін шын мәніндегі зиялылар, шын мәніндегі интеллектуалдар – солар-тұғын. Кітап оқып, кісіліктен кеткендерді әлі жолықтырмадық. Қайта, қатарыңнан қара үзіп, іштей өсетінің өтірік емес. Қылаяғы артыңда ежелгі ассириялықтардың аңызындағыдай: «Ол – оқыды!» – деген белгі қалмақ.
Бояу сыры
Тегінде, өнер адамының жандүниесін, табиғатын, бойына қонған ерекше қасиетін, дарыған дарынын, шама-шарқын шығармасы арқылы танитынымыз шындық. Автордың орнына туындысы сөйлеуге тиіс. Бұл – шығарманың көрерменмен және оқырманмен беттесетін жауапты сәт. Көбіне-көп суретшілер қауымы әлемді қанық бояу қалпында қабылдайтындығын Винсент Виллем Ван Гог мысалынан көруімізге болады.
Осыдан біршама жыл бұрын Қазақстан Жазушылар одағы мен «Қаламгер-Медиа» орталығының ұйымдастыруымен қылқалам шебері, Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің түлегі – Алмас Сырғабайдың ақтаңгер ақын Мұқағали Мақатаевқа арнаған «Қарлығашым, келдің бе?» атты жеке көрмесі өткен еді. Тауарихта суретшінің ақынды объекті есебінде қарастырғаны туралы мысал көп. Айталық, Сандро Боттичеллидың Дантеге, Орест Кипренскийдың Пушкинге, Михаил Врубельдың Брюсовқа, Пабло Пикассоның Сабартеске, Газанфар Халыковтың Низамиға, Әбілхан Қастеевтің Абайға арнаған портреттері – соның айнымас айғағы. Сондағы ақ, қара, көк, сары, қызғылт түстерді мақсатына қарай қолданған «Реквием» атты картина анадайдан көзіме оттай ұшырауы мұң екен, алдында біразға шейін тұрып қалдым. Ортада – Мұқағали, оң қолында – ұшы жалт-жұлт еткен қалам, сол қолында – қағаз, одан кейін өткен мен бүгінгіні жалғап жатқан Пырақ (Пегас), ал ең артында – қап-қара рояль. Аталған қалам иесінің портретін салғандар аз емес. Солардың бірі – Жұмақын Қайрамбаев. Мэтр Жұмақын Қожақынұлында академизм басымдау болса, уақытында біраз шәкіртті сурет өнерінің қыр-сырына баулып, графика, иллюстрация, портретке ден қойған Алмас Сырғабайда эклектика барын байқадық. Суретші осыған қатысты ойын былайша түйіндейді: «Еңбектерімнің негізгі тақырыбы – Мұқағали. Сондықтан да, Мұқағали шындығы арқылы қазақтың болмыс-бітімін ашып көрсеткім келді. Ақын туған топырақтан нәр алғандықтан да бала кезімнен оның өлеңдерін бойыма сіңіріп өстім. Өсе келе сол өлеңдердің құпия-сырларын қылқалам көмегімен бейнелеуге ұмтылыс жасадым. Көп іздендім, оқыдым, зерттедім. Әртүрлі жанрларды қамтуға тырыстым. Әлі де ізденіс үстіндемін. Жалпы, кез келген әсерлі поэзия әдемі суретке сұранып тұрады. Әйтсе де, сөзді бейнеге айналдырып, оған жан бітіру жеңіл жұмыс емес».
Тағы да Әдебиет туралы
Әлқисса...
Есте жоқ ескі заманда бір адам болыпты. Жазғанды жақсы көреді екен. Естіген, білген, оқыған, түйгенін түртіп отыратынға ұқсайды. «Жазу да ұлылықтың бір түрі. Алла берген қасиет», – дейді екен жанындағыларға. Бәрі оған: «Теңдессіз шебер!» – деп лақап ат қойыпты. Жасы жетпіске толған шағында бүкіл ғұмыр бойы жазған дүниесі елу есекке жүк болыпты. Әлгі ақсақалдың білмейтін нәрсесі, оқымаған кітабы жоқ екен. Бір күні ол асау өзеннен өтіп бара жатқанда барлық дүниесі суға кетеді. Шал жағада не істерін білмей ары жүгіріп, бері жүгіріп, сол жерде жан тапсырады. Осы жағдайдан кейін ел арасында: «Білгеніңді бізге қалдыр!» – деген сөз қалыпты.
***
– Сартрды білемісің?
– Жоқ, кім ол?
– Әдебиет пен философияда «сана ағысы» деген бар. Оны экзистенциализм дейді. Соның ірі өкілі.
– А-а-а… – деді бәрі таң қалып.
– Марсель Пруст деген жазушы бар. Ғажап, енді.
– Прус?
– Прус емес Құдай-ау, Пруст, Пруст!
– А-а-а... Қайдан білейік.
– Джеймс Джойстың «Улисс» деген романы бар. Соны оқыңдар. Сендер оқымайсыңдар, білмейсіңдер... Ізденіңдер!
Дәл осы бір әңгімені әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-інде оқып жүргенімізде Одақ фойесінде отырған қаламгер ағамыздың аузынан естіп қалғанбыз. О кезде «Оба», «Бөгде» және «Калигуланың» әсерімен жүрген біз үшін Камю бөтен көрінбеді. Дегенмен, француз жазушысынан алған со әсер кәсіби әдебиетші биігінен емес, оқырмани ой-түйіні аясында ғана қалып қойған еді. Кейін Сана турасында Батыс және Шығыс ойшылдарының еңбектерін оқыған соң, тұмсығымыз Чеховтың «конфликт адам ішінде» концепциясына тірелді. Ескіні жаңа деп таныған біраз кісілердің сөзіне қарап, шыны керек, қарныңыз да ашады екен. Біздіңше, әлем әдебиетін өзіңді өзге әдебиетпен салыстырып, дамудың қай тұсында тұрғаныңды бағамдау үшін қажет (ең басты қажеттілік те осы деп ұққан жөн секілді). Көп оқығанын бұлдап, көп білгенін міндетсіну әдебиетке қаншалықты пайдасын тигізетінін айту қиын. Алайда, мына бір нәрсе анық – әдебиет әркез түрленіп тұруға тиіс.
Оқу, білу, іздену былай тұрсын, біз әлем әдебиетінің озығын толық игере алдық па? Кітаптан бас алмағандарды «батысшыл» деп айыптап, тұқыртып отырған да өзіміз емес пе?! Ал Шығыс әдебиетін зерттеп, зерделегендерді «шығысшыл» етіп шығаруға бейімбіз.
Әдебиет біздің бөліп алған еншіміз емес. Бірақ басқа оқымағанды өзің біліп алып, соны ұлы жаңалық ретінде көрсеткіміз келетін ғадет мақтаншақтық, кеудемсоқтық, даңдайсуға ұласып, роман, повесть, новелла «интеллектуалдық проза» деген әдемі сөздің қанжығасында кетпесіне кім кепіл?! Фолкнер өзін ешқай әдеби кланға, әдеби кастаға, ешқай әдеби топқа, ешқай ағымға жатқызбауын өтінген. Алайда сыншылар қауымы оны «сыни реализмнің патриархы» етіп сайлапты. Ал түрік жазушысы Орхан Памукқа Набоков қолтаңбасы қатты ұнағанымен оның жазу стилінен орыс қаламгеріне тән ешқандай ұқсастық байқай алмадық. Әдеби ортада: «Памук «дискуссиялық романның» жазушысы», – деген пікір басымдау. Бірақ ол өз сұқбатында: «Мен ешкімге еліктемеймін. Өзімді мазалаған дүниені ғана жазамын. Шығармамда жаман, не жақсы кейіпкер жоқ. Мен үшін ағым шартты ұғым», – деген еді. Оны бір сыншылар «авангардист» десе, енді бірі «жаңаша жазатын Бальзак» деп жатты. Бұнымен келісуге де, келіспеуге болады. Әдебиетшілердің оған берген бағасы қаншалықты дәл екені туралы көп дауласуға болады.
Сыйлық
Құдайдың бақырбастыға берген ең үлкен екі сыйы бар. Біріншісі – өмір, екіншісі – сана. Бұрынғының жомарты әрі аңғал батыры Робин Гудтың: «Өмір керек пе, әлде ақша ма?..» – деп сұрайтынындай, жаннан тәтті не бар, бірақ қаржы да қалтаңа ауырлық етпес еді деген дәме, кейде қараңғыда дән іздеген көртышқанның тірлігін көз алдыңа елестететіні бар. Іздейді, еңбектенеді, іздейді, еңбектенеді, ақыры дегеніне жетеді. Алтынның артынан кетіп, Элдорадоны тапсақ деп көксеген конкистадорлар күтпеген жерден адамзат өркениетінің бір бөлшегі, кешегі – инк, майя, кечуа, аймарлардың мұрасына тап болғанын кейін білген-ді. Осы мысалды әдебиетке алып келсек...
Әдебиет тарихын ақтарып отырғанда саналы ғұмырын сыйлықсыз, сый-сияпатсыз өткізген жазушылардың бар екенін де көрдік. Саусақпен санарлық болса бір жөн ғой. Біршама екен. Дегенмен, олар жазды, тоқтаған жоқ. Заманы мен ортасы бөлек болған дейсің. Сол қаламгерлердің туындыларын жаһан сөз жауһары антологиясынан оқисың да бәрін ұмытасың. Біз де бәрін ұмытуға дайынбыз ба? Бірақ ұмытылмайтын бір нәрсе бар. Бәйгеден орын алып, сахнаға шығып, көрермен қошеметіне бөленген кезің... Алған қаламақыңды айтпағанда, өзіңе белгісіз бір сезім, сені алдыға сүйрейтін түсініксіз сезімді ұмыту мүмкін емес. Қатарластарың мен аға-інілеріңнің құттықтағаны сені ынталандыра түсетіндей. Ерекше бір күй кешіп, со күй – бір-екі апта, кейде бір ай көлемінде көлеңкедей қасыңнан қалмай жүретін. «Кет!» – дейін десең қуып жіберетін күшік емес. Уақыт өте келе алған әсер жоғала бастайды да, өз-өзіңе келгендей боласың. Айналаңа қарайсың. Әлем орнында екен! Тек сен ғана өзгергенсің. Менмендік мекен еткен кеудеңде сағынышқа ұқсас бір Ұлы кеңістік, Ұлы шөл пайда болады да, бәз-баяғы қалпыңа түсесің. Сонда есіңе Пушкиннің жағада тесік науа ұстаған кейуанасы түседі.
Лев Толстой «Что такое искусство?» атты еңбегінде көптеген «эстетикалық теорияларға» қарсы шыға келе, қасқырмен бетпе-бет келген бала кейін жанындағыларға со оқиғаны айта отыра, оларды да үрейлендіріп, қорқыныш сезімін сезіндіру турасында ғажап мысал келтіреді. Жазушы да сондай «эмоционалды көңіл-күйді толыққанды беруге тиіс» дегенді ерекше ескертеді. Ақсақал: «Сонымен? Повестері мен романдарындағы сюжеті талас-тартысқа толы Золя, Бурже, Гюисманс, Киплинг, т.б. оқығанда ешқандай әсер алмадым. Алғашқы сөйлемінен-ақ автор не айтқысы келгенін аңғарып қойған соң, ары қарай оқудың ешқандай мән-маңызы қалмады. Одан бұрын жазушының повест не роман жазуға ғана құштарлығы болғанын түсіндім. Сезім жоқ. Сол себептен, көркемдік атаулының төмендігінен олар еш әсер етпеді. Ал, өзіме белгісіз бір автордың бала мен балапан туралы әңгімесін бас алмай оқып шықтым. Себебі, жазушы мені терең сезімге жетелеп, өзі сезінген оқиғаны бастан кешуге мүмкіндік берді» деп жазады. Автор Шекспир мен Бетховенге іші жыли қоймағанымен, Шекспир Шекспир күйінде, Бетховен Бетховен күйінде қалды. Қалай дегенмен де, Толтой ең негізгі нәрсе – болашақта жеңіл сюжет пен жеңіл жазу басымдыққа ие болатындығын әулиелікпен болжай алды. Нобельді айтпағанда әлемдегі ең белді делінген Либерти, Х.К.Андерсен, РКС, Дублин, Орыс Букері, Оңтүстік-Шығыс Азия, АБС, Букер, Гонкур, Пулицер сыйлығы лауреаттарының шығармасын оқығанда осыған көз жеткізгендей боласыз.
Бір қаламгерлердің регалийі WORD-тың тұтас бір бетіне сыйып жатады. Ал, библиографиялық көрсеткішін арлы-берлі ақтарғанда оқитын тұшымды нәрсе таба алмағанда мысың құриды екен. Әдебиетке адалдық, жазудағы тұрақтылық, жазушының өзіне деген қатал талап та қиын, кей кездері мүмкін еместей көрінеді. Бірақ идеал – қол жетпес арманға деген құмарлық пен құштарлық уақыт өткен сайын өсе береді, ұлғая береді. Сыйлық – ынталандырушы фактор ғана. Оқырман үшін ең ұлы сыйлық – қаламгердің сапалы, көркем шығармасы. Автордың тоқсан толғанып отырып, жүрекпен жазған дүниесінен асқан тосынсый жоқ қой, адамзат үшін.
Әли
Өзінің арғы тегі антропологтардың пікірінше «адамзаттың Отаны саналатын» – «Қара құрлықтан» бастау алатын, Алланың сынағын Тағдыр деп қабылдап, ұлы азапты кездерді өгіз белі майыспай көтерген ұлдар аз емес-тін. Солардың бірі – джеб пен хуктың теңдессіз шебері, панчер әрі нокаутер Кассиус Марселлус Клей 2016-жылы 75 жасқа қараған шағында дүниеден озды. Паркинсон дертімен ұзақ жылдар бойы күрескен ол, бұны да Жаратушының «сыйы» деп ұқты. Миллиондаған жанкүйер жиған, аты аңызға айналған боксшыны достары әзілдеп «ақын» дейді екен. Қарсыласын қай раундта сұлататынын алдын ала шешетіні өз алдына, бұған қоса суырыпсалмалыққа салып, адамның жігерін құм қылатын, ашу-ызасына тиетін тақпақтар шығарып, горилланың тұлыбымен ойнайтын әдеті – үйреншікті нәрсе-тін. Бойы – 1.90, салмағы – 90 кг, қолы – ұзын, әрі ауыр спортшының жаны нәзік болған-ды. Кезекті бір жеңістен кейін үйіне келе жатқан Әли қанаты сынған кептерді көреді де, оны екі апта бойы баптайды. Әлгі құс ұшып бара жатып Мұхаммед Әлидің басына саңғыпты-мыс. Со бір жылдары қара нәсілділердің боксқа көптеп келуі «янкилердің» қызғанышын тудырған. Алайда, «шын мықтыны шаршы алаң ғана анықтайды» деген сөз кей сәтте ұран секілді естіліп, саяси сипат алғаны да заңдылық еді. Расизмнің белең алғаны сонша, ата сақалы аузына түскен шал-шауқанның өзі: «Қаралар – қарғыс атқан нәсіл», – деп боқтанып отыратын болған. Луисвилльдік гений жастайынан нәсілшілдік қорлығын көріп өседі. Анасы – Одесса Клей үй қызметшісі, әкесі – Кассиус Клей суретші болған. Бір күні қатты шөлдеген үшеуі бір ақ нәсілдінің үйіне кіріп, су сұрағанда әлгің оларды қуып шығып, есікті тарс жабады. Ал, 1960 жылы Рим Олимпиадасында жеңіп алған алтын медалімен бір ресторанға кіріп, кофе сұрайды, М. Әли. Жауап жоқ. Қызметші «енді қайтейін?!» дегендей сыңай танытып, теріс бұрылып кетіп қалғанына қатты қапаланған боксшы алқаны Огайо өзеніне лақтырып жібереді. Ол кішкентай кезінде: «Періштелердің бәрі ақ нәсілділер ғой. Ғайса да ақ. Біз өлген соң жұмаққа бара аламыз ба, шеше?» – деп сұрағанда жанында тұрған әкесі шыдамай, далаға шығып еңіреген екен. Әуесқой деңгейде 100 жекпе-жек өткізіп, оның 8-інде ғана жеңілген мақтампаз әрі өзіне өте сенімді қара балаға ұрыссыз-ақ берілгендер шаршы алаңнан кетпей, көз жасын көл қылып жылап тұрғанына көрермен талай рет куә болған-ды. Кәсіби деңгейде 21 жыл бойы бокстасқан спортшы өзін: «Ұлымын!» – деп жар салған. 12 жасында спортқа барған Әли ағасы – Рудольфқа: «Әлем чемпионы боламын!» – деп уәде береді де, оны 22 жасында орындайды. Оның боксқа келуіне басты себеп – қызыл велосипедінің жоғалуы. «Ұрлықшыны тапсам сазайын беремін!» – деген балаға бір кісі: «Алдымен төбелес техникасын үйрен», – деп кеңес береді. Содан бастап қара бала әлі ешкім ашпаған әдіс-тәсіл іздейді. Рингте билеу, қос қолын бос кою үрдісі кейін өңгелерге үлгі болды. Мұсылмандыққа бет бұруына себепші болған, оның рухани ұстазы атанған, «Ислам ұлттары» ұйымының төрағасы – Элайджи Мұхаммед дүние салғанда спортшы қатты қайғырады. Ал, боксшы аты-жөнін ауыстырғанда оны бәрі: «Өскелең ұрпаққа жаман үлгі көрсетті», – деп айыптады. Былғары қолғап шеберінің спорттағы ең ұлы екі жеңісі – Джо Фрейзер мен Джордж Форманмен байланысты. Біреуі «Ғасыр жекпе-жегі», екіншісі «Маниладағы триллер» деген атпен тарих жадында қалды. Американың Въетнамға қарсы әрекеті, жетім-жесірлер күйі, зәңгілердің жайы, бәрі-бәрі Әлиді қатты толғандырды. Оның: «Менің жүрегіме адамзат сыйып кетеді!» – деуінде де бір сыр бар. 4 рет үйленіп, 7 қыз, 2 ұл сүйген Мұхаммед Әлидің жолын 3-ші әйелінен туған қызы – Лейла Әли жалғастырып, Әлем чемпионы атанды. Ол тек спорт Олимпына ғана көтеріліп қойған жоқ, ол ел есінде мәңгі қала алды!
Әлібек БАЙБОЛ