Облыстық тарихи-өлкетану музейі

МУЗЕЙ
2643

Сіз Ақ Жайық өңірінің тарихынан сыр шертетін, Қазақстанда ең көне музейлердің бірі болып саналатын, облыстық тарихи-өлкетану музейіне хош келдіңіз!

Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің жылнамасы ХІХғасырдың 30-жылдарынан басталады. Бұл туралы мұрағаттық деректерде: музей негізінің 1836жылы Орал қаласындағы әскери училище жанында, училище мұғалімі М.К. Курилин мен белгілі зерттеуші ғалымдар Г.Карелин, Н.Северцев, Л.Бергтің қатысуымен құрылғаны баяндалған. Бүгінде музей 1879жылы шығыстық стилде орыс-қырғыз қолөнер мектебіне арнап салынған ғимаратта орналасқан.

Қазіргі таңда күрделі жөңдеуден өтіп, бүгінгі күн талабына сай жабдықталған, 170 жылдық тарихы бар облыстық музей ғасырлар қойнауынан ата-бабамыздың тарихы туралы сыр шертетін асыл мұралар мекені. Оның қорында 100 000 бірліктен астам жәдігерлер сақталуда.

Музейдің жұмысы сан қырлы. Атап айтар болсақ: телегей теңіз экспонаттарды ғылыми-танымдық талаптар тұрғысынан ұтымды жүйелеу, оны көпшіліктің талғамына сай ұсыну ,зерделенген жәдігерлер негізінде басылымдар шығару елдегі, облыстағы атаулы күндер мен тарихи тұлғаларға арнап көрмелер жабдықтау, өлке тарихына қатысты мәдени шаралар өткізу, белгілі бір көрнекті тұлғалармен кездесулер ұйымдастыру, қаламыздағы оқу ордаларының студенттеріне дәрістер оқу сияқты қызметтерді атқару арқылы халқымыздың асыл қазынасын болашақ ұрпаққа жеткізуді көздеп отыр.

Музей қорында Орал өңірінің өткенінен дерек беретін жәдігерлер жеткілікті. Осы қор негізінде Қазақстандағы А.С. Пушкин жылы аясында орыстың ұлы ақыны А.С.Пушкиннің Орал шаһарына келгеніне 173 жыл толуына орай ұлы ақын ғұмырының үш тәулігін өткізген ғимаратта-«атамандар үйінде» -“А.С.Пушкин музейі” жабдықталып, ашылды. Сөйтіп тағы да бір тамаша музей дүниеге келіп, біздің филалдарымызды толықтырды.

2006 жылы Ақ Жайық өңірінің тарихи асыл қазынасы мен құндылықтары сақталып отырған қара шаңырақ-облыстық тарихи-өлкетану музейінің құрылғанына 170 жыл толды. Осыған орай Европа мен Азияның кіндігінде орналасқан Орал қаласында Қазақстан мұражайлары мен көршілес Ресей елінің өкілдерінің қатысуымен «Батыс Қазақстандағы мұражай ісі: тарихы және қазіргі заман» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізілді.

Ал 2007 жылы Сырым ауданының орталығында Сырым бабаның 265 жылдық тойы аясында 1917жылғы ұлт-азаттық қозғалысының басында болған Күн Батыс Алаш Орда Үкіметі қызмет істеген ғимаратта Сырым Датов мұражайы жаңа экспозициямен жабдықталып, ашылды.

Музей өз мамандарының іскерлігін арттыруға ерекше көңіл бөліп отырады, әсіресе жас кадрлар тәрбиесі басты назарда. Облыстық музейдің үш филалы- “КСРО Батыры М.Мәметова” музейі, “М.Шолохов атындағы музей кешені”, “Табиғат және экология” музейлерінің өз алдына дербес музей болып бөлініп шығуы - музей қызметкерлерінің біліктілігінің жылдан-жылға артып келе жатқанынының нақты айғағы. Және мұның өзі облыстық музей құрамынан олардың қалыптасып, бекіп, өсіп, ұядан ұшқанын білдіреді.

Тарих деген шетсіз-шексіз шалқар әлем болса, музей-ел келбеті. Сондықтан бүгінгі күннің өзі-ақ ертең тарих болатынын ұмытпай, облыс аумағында, мекемелерде атқарылып жатқан игі істермен музей қорын толықтыруға атсалысайық.

Жаңалықтар

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев жуырда ғана қайырымдылыққа аударған қазақстандықтардың қаржысын жымқы...

Жаңалықтар

Оқиға Алматының Наурызбай ауданында қоғамдық көлік аялдамаларының бірінде күндіз орын алған, деп хаб...