Сәуір айында ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің қолдауымен "QAZAQ EPOS" ағарту жобасының "Тұлпар мініп, ту алған" байқауы басталады.
"Тұлпар мініп, ту алған" байқауы республикалық көлемде жүзеге асады.
Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев аталған байқау ерекше жоба екенін атап өтті.
"Жоба мемлекет басшысының "Ұлы даланың жеті қыры" атты мақаласымен де, биылғы Жастар жылымен де тығыз байланысты. Басты мақсат – оқушыларды рухани адамгершілік қырынан дамыту және қазақ халқының Алпамыс, Ер Тарғын, Қобыланды және тағы басқа эпостары арқылы бай этно-мәдени және филосфиялық мұрасы негізінде тәрбиелеу", - деді министр ОКҚ-де өткен брифингте.
Оның айтуынша, жоба 6-10 сынып оқушылары арасында өтеді. Қатысатын оқушылар саны 50 мың адамды құрамақ.
"Оқушылар "Қобыланды батыр" жырын жатқа айтып, жырдың ішіндегі көнерген, тарихи сөздердің маңынасын ашып, қазақ әдебиеті оқулығы бойынша әзірленген сұрақтарға жауап береді. Алдын ала БАҚ-та жарияланған тақырыптар бойынша эссе жазады. Негізгі бағыт – тарихи эпостарды жаттау, туындыны толық жатқа айу, мәнерлеп оқу, эпостағы әр сөздің мағынасы мен мазмұнын түсіну басты талаптардың бірі", - дейді Абаев.
Министр оқушы поэтикалық мәтінді меңгеру арқылы тарихты терең түсіне бастайтынын атап өтті.
Байқау үшін "Қобыланды батыр" жырының Марабай жырау нұсқасы таңдалған.
"Қобыланды батыр" жырының 29 нұсқасы бар. Соның ішінде ғалымдардың ұсынуымен Марабай жырау нұсқасын алдық. Биыл 107 беттен тұратын "Қобыланды батыр" жырын 50 мың оқушы жаттайтын болады", - деді "QAZAQ EPOS" қоғамдық қорының бас директоры Бақытжан Жұмағалиұлы.
Оның айтуынша, байқау үш кезеңнен (екеуі – іріктеу, біреуі – ақтық) тұрады. Аудандық кезең осы жылдың 22-28 сәуірі аралығына, облыстық кезең 29 сәуір мен 23 мамыр аралығына, ал республикалық кезең маусым не шілде айына жоспарланып отыр.
"Байқаудың толық шарттары "Егемен Қазақстан" газетінің 6 ақпандағы санында жарияланады", - деді Жұмағалиұлы.
Байқау "Хабар" телеарнасы арқылы көрерменге жол тартпақ.
Оқушыларға арналған жүлде қоры:
- Аудандық кезең: 1-орын – 150 мың теңге, 2-орын – 100 мың теңге, 3-орын – 50 мың теңге.
- Облыстық кезең: 1-орын – 1 миллион теңге, 2-орын – 600 мың теңге, 3-орын – 300 мың теңге.
Облыстық кезеңде жеңімпаз атанған оқушылардың мұғалімдеріне де ақшалай сыйақы қарастырылған.
5 мың мектептен 25 мың ұстаз 50 мың оқушыға жыр жаттату арқылы әлемдік деңгейдегі рекордтарды жаңартып, Гиннес кітабына ену көзделіп отыр.