Әр кезеңнің өзіне тән құндылықтар жүйесі түзіледі. Қоғамдық формациялардың өзгеріп, саяси, экономика...
Сындарлы тағдыр (Қуғын-сүргін азабын шеккен бір арыс туралы)
Алаш зиялысы, Алашорда үкіметінің мүшесі, Жетісудағы Алаш қозғалысының көрнекті мүшелерінің бірі, заңгер. 1888 жылы (екінші бір архивтік құжатта 1891 жылы туған деп көрсетілген) 20 мамырда Жетісу облысы, Лепсі уезі, Балқаш-Лепсі болысында (қазіргі Сарқант ауданы) дүниеге келген.
1900-1911 жылдары Верный ерлер гимназиясында оқиды. Алғашында Мәскеудегі Алексеев әскери училищесіне оқуға ынтасы болғанымен, 1911 жылы Қазан университетінің заң факультетіне түсіп, оны 1917 жылы бітіріп шығады.
Жоғарғы оқу орнында оқып жүргенде-ақ ол әр түрлі елдік жұмыстарға белсене араласады. 1916 жылы атақты «июнь» жарлығы шыққанда Қазанда оқитын қазақ студенттері ішінде Б.Мәметов те бар, тыл жүмысына бара жатқан сауатсыз, орыс тілін және жөн-жоба білмейтін қазақ жігіттеріне бас-көз болу үшін «Қазақ» газетінің бетінен «бүкіл ақ жүрек бауырларын» шақырып үндеу жолдайды.
Ақпан төңкерісінен соң Алаш қозғалысына белсене араласады. 1917 жылғы шілде айындағы Жалпықазақтық сиезде Жетісу облысынан Бүкілресейлік Қүрылтай жиналысына депутаттыққа ұсынылып және Бүкіл ресейлік мұсылмандар кеңесіне (Шоро-и-Исламға) өкіл етіп сайланады. Ал сол жылғы желтоқсанда өткен Жалпықазақтық сиезде Алашорда үкіметінің мүшелігіне облыстардан тысқары, яғни жалпы қазақ атынан кіреді. Осының өзі-ақ Б.Мәметовтің абыройының қаншалықты екенін аңғаруға болады.
Азамат соғысы жылдары басқа да ұлтжанды қазақ зиялылары сияқты Б.Мәметов те ақ пен қызылдың текетіресінде тектен-текке қосақ арасында қалған қазақ жүртшылығын аман-сақтап, қорғау мақсатында Семейде 1918 жылы 1 Алаш полкін жасақтауға және Жетісу жерінде қазақ жігіттерінен алаш сарбаздарын ұйымдастыруға атсалысады.
Жетісуда С.Аманжоловпен бірге аштық-күйзеліске ұшыраған жұртшылыққа көмек комитетін үйымдастырады. 1918 жылы 10-31 тамыз аралығында Лепсіде өткен Алашорданың Жетісу облыстық 2 қазақ сиезіне қатысып, оның кеңесінің мүшелігіне сайланады.
Колчак үкіметі тарапынан болшевиктермен қатысы бар деген желеумен Алашорда мүшесі Лепсі көмек комитетінің төрағасы Б.Мәметов қуғын-сүргінге ұшырайды. Қуғынға ұшыраған Алаш зиялыларымен қатар Б.Мәметовке де М.Тынышпаев ара түсіп, адмирал Колчакқа хат жазады.
Жетісуда казак-орыстардың қазақ ауылдарына жасаған адам айтқысыз айуандық істерін, Отыншының ерлік өлімін Семейге алғаш жеткізген және осыларды «Абай» журналына жазған Б.Мәметов пен Ы.Жайнақов болатын.
Кеңес кезеңінде де Б.Мәметов қуғын-сүргінге үшырап, 1928 жылы ұсталынып, тұтқындалады. 1931 жылы отбасымен Саратовқа жер аударылады.
Саратов, Қарақалпақстан, Жамбыл, Талдықорғанда әр түрлі шаруашылық қызметте болған 1946 жылы қайтыс болды
ӨКСІКПЕН ӨТКЕН ҒҰМЫР
1803 - 1917 жылдары Қазан қаласы Қазандық білім округінің орталығы болып, оған орта және төменгі Поволжье губерниялары кірді. Қазан білім округінің инспекторлары сонымен қатар осы округке қарасты қазақ білім ошақтарын да назарында ұстады. Қазан университеті мен Қазан ветеринариялық институтында XIX ғасырмен XX ғасырдың басында көптеген қазақ студенттері білім алды. Олардың біразы кейін көрнекті ғалым, мемлекет және қоғам қараткерлері болды. Солардың қатарында – Базарбай Мәметов, Ували Таначев, Махмуд Чултуров, Мұхамеджан Қарабаев, Шафкат Бекмұхамедов, Әбубәкір Алдияров, Мұхаммед-Қазы Чутаев және көптегендер. Қазанда білім алған қазақ түлектері қазақ зиялыларының белді когортасын құрап, Қазақстанның ғылыми, мәдени және саяси-қоғамдық өмірінде айырықша із қалдырды.
Аты тең дәрежесінде ардақталмай, туған ұлтына терең таныстырылмаған Алаштың бір арысы – Махетов-Мәметов Базарбай 1917 жылы Қазан университетінің заң факультетін тәмамдайды. Осының алдында 1911 жылы Верный ерлер гимназиясын аяқтаған болатын-ды. Баян желісін мұрағатта сақталып, әбден сарғайған сол арыстың өз қолымен жазған өмірбаянын арқау етіп, нақты деректерге сүйене бергеніміз жөн болар: (Аудармашы Заман Төлеуов)
«1988 жылы тамыз айында Жетісу губерниясы, Лепсі уезі, қазіргі Көктерек болысы (бұрынғы Балқаш-Лепсі болысы) Шілікті жайлауында руы Садыр, Асипов Мәметтің кедей отбасында дүниеге келдім. 1898 жылы жасым онға толғанда мені ата-анам Верный ерлер гимназиясының пансионына қазына қаржысы арқылы білім алуға тапсырды. 1900 жылы пансионның дайындық курсынан соң емтиханнан өтіп, гимназияның төменгі әзірлік класына қабылдандым. 1911 жылы аяқтап шықтым. Білімімді жалғамақ болып, Семиреченск әскери губернаторынан стипендия тағайындауын өтіндім, бірақ қолдау таппай сол жылғы маусым айында Ташкент қаласына кеттім. Бұнда келген соң да Түркістан генерал-губернаторына өтінішпен кірдім. Тағы да жолым болмады.
Білімімді ары қарай жалғастыра алмай және туған ел-жұрттан жырақта, ешбір таныссыз, күн көрістің өзі қиындыққа соқты. Енді амалдап нан тауып жеудің қамын ғана ойлап бір қызметке орналасуды ойластырдым. Осы мақсатпен жүргенде кездейсоқ Ташкен қаласына келе қалған танысым азамат Тынышпаевқа жолықтым. Ол өз тарапынан Ұлы князь Константин Константиновтың канцелярия меңгерушісі - сол тұста Ташкенде айдауда жүрген полковник Беловпен таныстырып, одан көмек өтініп, егер мүмкіндік болса жұмыс тауып беруін сұрады. Менің жағдайыммен танысқан соң ол Ұлы князға материалдық көмек сұрап жолыққанымды жөн көріп, өзі де қолқабыс көрсететінін айтты. Ұлы княздің жеке қабылдауында болып, өтінішім өтіп, маған бір жыл көлемінде айына 20 сом стипендия тағайындады. Бірақ, бір жыл өткен соң баяғы таршылыққа қайта тап болдым. Бұл тығырықтан шығуға Түркістан студенттер жерлестігі мен азамат Тынышпаев қол ұштарын берген еді. Жазды күндері қызмет жасап ақша таптым, сонымен қатар қыс айларында жалданып сабақ беріп, осының арқасында университет төлемақысы мен күн көрісімді де айырдым.
Осындай қиыншылықтарды бастан кешіре жүріп, 1917 жылы университетті бітірдім. Бұдан соң мамыр айының аяғында ?....(осы тұс анық жазылмаған) келдім, әртүрлі қоғамдық ұйымдар мен мекемелерде жұмыс істедім. Осы жылдың қыркүйек айында съезд шешіміне сәйкес Лепсі уезінің Кырғыз Комитетінің төрағасы болып сайландым. Бұл міндетті 1918 жылдың сәуір айына дейін атқардым. Керенский өкіметі құлаған соң, сол сәуір айының алғашқы күндері жалпы уездік съезде уез Совнаркомының мүшесі және Лепсі уезінің Әділет Халық Комиссары болып сайландым. Мамыр айының басында Мамонтовтың жазалаушы отряды келуіне байланысты Лепсі уездік Совнаркомының барлық Кеңесі Мамонтовтың бұйрығымен таратылды. Менің бас сауғалап ел ішіне кетуіме тура келді, тіпті одан әрі Шәуешек асып, бір айдай сонда бой тасалаған соң, Семей қаласына бардым. Семейде Сырдария және Семиреченск облыстарындағы ашыққандарға көмек ұйымдастырған облыстық комитетке қызметке тұрдым. 1918 жылдың қазан айында Лепсі уезіне іс сапармен келіп, осы уездегі ашыққандарға көмек көрсететін аудандық комитет құруды қолға алдым. 1919 жылы бұл комитет таратылып, мен қайта ел ішіне кеттім.
1920 жылы Лепсі уезінде Кеңес өкіметі орнауына орай, Романовск (Қазіргі Көктерек) болысының Халық Соты болып тағайындалдым. Сол жылдың қазан айында аудандық соттың қаулысы бойынша Лепсі қаласының 1-учаскесіне халық тергеушісі болып ауыстым. Осы айдың аяғында Лепсі уездік ревкомының қаулысы бойынша Лепсі уездік чекасына аға тергеушілікке жіберілдім. 1921 жылдың сәуір айында УЧека тергеушісі болып істеп жүрген кезімде тергеуімде қамауда жатқандардың жалған арызы мен Лепсі уездік Чека төрағасының кек алу әрекетінен тұтқынға алындым. Губерниялық чека, губерниялық атқару комитеті және Губерниялық комитеттің экспедициялық үштігі мені 12 тәуліктен соң босатты. Осы жылдың мамыр айында Семиреченск өлкесінің уездік съезіне, одан Семиреченск өлкесінің облыстық съезіне делегат боп сайланып Алматыға аттандым. Онда 1922 жылдың шілдесіне дейін болдым. Бастапқы кезде Семиреченск облыстық комитетінде, кейін облыстық Совнарсудта төраға орынбасары, одан Совнарсудтың Қырғыз бөлімін басқардым. 1922 жылдың шілдесінде облнарсудтың нұсқауымен Лепсі және Талдықорған уездеріне инструктор ретінде іссапарға шықтым, сонымен қатар маған осы уездердегі тергеу-сот қарарлары мен қордаланған істерді шешуге кеңес беретін қосымша сот міндетін де жүктеді. Қыркүйек айында Совнарсуд пен Облпрокурордан менің Лепсі уезінің прокуроры көмекшісі болып тағайындалғаным жөнінде қатынас қағазы келді. Содан 1925 жылдың ақпанына дейін сол қызметте болдым. Осы жылдың сәуір айында облпрокурор Губерниялық соттың кассация бөліміне прокурор көмекшісі қызметіне Алматыға шақыртты. Қаражаттың тапшылығынан және ден-саулығымның болмауына байланысты мен Алматыға жете алмадым. 1925 жылдың 6-қарашасында қызметтен босатылдым
Алматы қаласы. Б. Маметов
Қандай да себептерді арқау еткенімен бұл қадамы Кеңес өкіметіне қызмет етуден бас тартқан боп саналғаны айдан анық. Көзі ашық, кәсіби білікті адам тектен-текке бұндай тәуекелге бармасы да аян. Сөйтіп Мәметов Базарбай қазіргі Алматы облысы, Сарқан ауданы, Қарабөгет ауылының төңірегіндегі Бастаушы деген жерде сегіз бөлмелі ағаш үй тұрғызып, шаруашылықпен айналысады. Аталмыш үй - «Базарбайдың көк үйі» атанып, күні-бүгінге дейін көне-көз қариялардың жадында сақталған. Халық жауы деп сотталып, дүние-мүлкі талан-таражға түскеннен соң Базарбайдың үйін бұзып апарып, іргелес Бақалы ауылына емхана ғимараты етіп орнатқан көрінеді. Ал Кеңес өкіметі тас-талқаны шыққаннан кейін, ол ғимаратты қалталы біреу сатып алып, керегіне жаратпақ боп Алматыға аттандырыпты.
...Сонымен1928 жылы Өлкелік Комиссияның Бөрібай ауданы бойынша бекіткен шаруашылықтарды тәркілеу тізімі шығып, арасында бес болыс Садырға билік жүргізген Базарбайдың Тәсібегі бар, барлығы 11 адам қуғын-сүргінге ұшырайды.
Өлкелік Комиссиясының мінездемесі мен Алматы өлкелік ОГПУ-ының әлеуметтік-қауіпті элементтерді тіркеу меморандумына зейін қоялық:
«Маметов Базарбайдың шыққан тегі - Жетісу губерниясы, Лепсі уезі, Көктерек болысы, Балқаш-Лепсі ауылында (Бөрібай ауданы) үстемдігі жүрген ірі қазақ байы. Отбасы - бес адамнан тұрады. Екеуі еңбекке жарамды. Дерек бойынша 400 бас қой, 72 ірі қарасы бар (жалпылай ірі қара түрінде алғанда 152 бас). Тізімге 7 қой және 26 бас ірі қара ғана тіркелген, қалған малын Мұхаметов Мұхамеджан жасырып отыр. Сонымен қатар екі үй, екі бричкі мен дрожжі, соқа және тағы басқа шаруашылық саймандары меншігінде. Екі кедей шаруа отбасын ағайын деп бүркемелеп, еңбегін тамақтан асырмай қанаушылықпен ұстаған.
1917 жылы «Алаш» партиясы құрылған Орынбордағы Жалпықазақ съезіне делегат, одан Шора-Ислам съезінің делегаты, «Алаш-Орда» жасырын ұйымының мүшесі, «Алаш-Орда құрылтайшылар жиынының мүшесі, «Алаш-Орда» Кеңесінің мүшесі және іс басқарушысы болды. «Алаш-Орданың» екі отрядын жасақтап, ату-шабумен айналысып, біраз уақыт гарнизон бастығы болған.
Кеңес өкіметі кезінде бірталай лауазымды қызметтер атқарды, соның ішінде: губерния прокуроры, осы тұста қазына мүлкін талан-таражға салып, көптеген басқа да қылмыстар жасады. Қастандық пиғылмен жалған деректер таратып, Кеңес өкіметіне қарсы үгіт-насихат жүргізіп, ұлт-аралық наразылықты тудырған.»
Кеңес өкіметі Мәметов Базарбайдың университет бітіргеннен кейінгі өмірбаянындағы атаусыз қалған тұстарын бетіне басып, оны нағыз қаншеңгелді қаскөй қатарына жатқызып, сірә, кезінде қызметтен бас тартқанын кешірмеген тәрізді. Осы орайда оның Өлкелік атқару комитетіне жолдаған жеделхатына зер салайық:
«Не қызметімен, не рулық дәрежесімен ерекшеленбеген, тасыған байлығы жоқ кедей отбасының баласымын. Ақ патша тұсында кездейсоқ сәті түсіп оқуға ілігіп, оны ақпан революциясынан соң аяқтадым. Кеңес өкіметі кезінде алты жыл сот-тергеу органдарында істеп, денсаулығыма байланысты жұмыстан босадым. Совнаркомның 30-тамыздағы ұйғарымына сәйкес шаруашылықпен айналысамын, қарамағымда ірі қараға аударғанда 30 бас мал бар, ал мені соған қарамастан Совнарком КазЦик-нің 27-тамыздағы қаулысына таңып: ірі байлардың тізіміне кіргізіп, билер мен сұлтандардың ұрпағы санап, дүниемді тәркілеуге жатқызған.
Ешқандай қаулысыз, қылмысты іс қозғалмастан, аудандық милиция бастығының нұсқауы бойынша: 19-қыркүйекте Көктеректе ұсталдым. Ірі байларға қатысты Совнарком КазЦик-і қаулысының маңызын ауылдардағы кедей, орта қолды шаруалар мен «Қосшы Одағы» мүшелері арасында талқылау мақсатында конференция өткізілген. Кейбір жергілікті уәкілдер мен жанама комиссия мүшелері өздеріне берілген өкімет өкілеттігін асыра сілтеп, конференцияға қайшы пікір білдірмек болғандарға тиым салды. Мені әкімшілік қыспаққа алып, тізімдегілерді тұтастай тәркілеуге дауыс беруімді талап етті.
Әр тұлғаға жеке дауыс беру туралы жиын ұсынысы қанағаттандырылмады. Тәркіленуге жататын ірі байлардың тізіміне менің енгізілуім қателік деп санаймын. Ақтар мен патшалық режимге қызмет еткем жоқ. Тіпті, шыққан тегім мен тұрмыстық ахуалым да күмән тудырмайды. Сондықтан Совнарком КазЦик-нің қаулысындағы бір де бір пунктке менің жағдайым жанаспайды. Керісінше, комиссияның кейбір өкілетті мүшелерінің іс-әрекеттері заңсыз, Кеңес өкіметінің негізгі құқықтық қағидалары бұрмаланған. Осыған орай мені қамаудан босатып, ірі байлардың тізімінен шығарып, мал-мүлкімді тізімдеуді тежеуін сұраймын. Қисыны келсе, маған қатысты мәліметтер Каз.Совнаркомда қаралса.
Мәметов.
Енді, тәркілеу мәселесі бойынша Каз ЦИК-тің 1928 жылғы 30 қыркүйектегі парткомиссия отырысының хаттамасын алып қарасақ онда: «Мәметов Базарбайдың Каз ЦИК-тің тәркілеу жөніндегі Декретінің дұрыс қолданылмағаны туралы және істің басы ашылғанша дүние-мүлкін тәркілеуді тоқтата тұруды сұраған жеделхаты тыңдалды» делінген де, «Қанағатсыз қалсын» деп қаулы шығарылыпты.
Сонымен Мәметов Базарбайға: «Сіздің ұсынысыңызды комиссия мақұлдамады, тәркіленіп және жер аударылуға жатасыз.» деген шешім шығарылады, Атақты 58-ші баптың небір тармақтары бойынша айыпталып, қыруар малы бар қанаушы тап өкілі деп танылып және «Алаш-Ордаға» сіңірген еңбектері бетіне басылып, ОГПУ қарамағындағы Алматы түзету үйіне қамалады. Дүние-мүлкі тәркіленіп, сотталып, бала-шағасымен жер аударылады.
Жасы сексеннен асса да әлі тың, сөзі саралы Сәуле Базарбайқызы (2014 жылы қайтыс болды) әке басына нәубет түскен кезде 3-4 жасар балақан екен. Қат-қат мұнар басып, соноу алысқа кеткен азапты күндерді апамыз көкірегі қарс айырыла еске алады:
- Әкем төрт ағайынды еді: үлкендері Мұхамеджан, Тілеулі және Құлахмет. Бауырлары Базарбай ұсталған соң оларда жан-жаққа бас сауғалай қашты. Мұхамеджанды қолға түсіріп, соттап, Қарағанды жаққа жөнелтті. Атылды ма, аман қалды ма онысын ешкім білмейді, хабар-ошарсыз кетті. Тілеулі де құрыққа ілініп, әйтеуір, 1935 жылы елге аман оралды. Құлахмет арғы бет асты.
Басынан өткен-кеткендерін әкем әңгіме-ғып көп айта бермейтін тұйықтау адам еді. Аз сөзділікке сол өткерген өмірі де төселткен тәрізді. Бірде 1920-21 жылдары соноу Ригаға барып, «Продпомощ» бойынша ашыққан ел-жұртқа азық-түлік әкелгені туралы айтқан болатын-ды. «Алаш-Орда» өкіметіне сіңірген еңбегі туралы осы аттас орталықтың шығарған кітабында аталады. Әкем кәсіби заңгер ғой, өкімет болған соң оның тәртібі, заңы демекші маңызды құжаттары сауатты жазылуы тиіс, менің ойымша соған қосқан үлесі де мол болуы керек.
Сонымен «Алаш-Орда» қайраткерлері бірінен соң бірі ұсталып, әкем де тұтқындалып, Алматыдағы түрмеге жабылды. Сол кезде есімді еміс-еміс білемін, шешем екеуміз кездесуге бардық. Сонда әкем түрменің тор терезесінен кішкентай шәй қасықты бізге лақтырған еді, талайға дейін сақтап жүріп, кейін жоғалттық. Сол бір көрініс әлі күнге дейін көз алдымда.
Әкемнің үстіне небір пәле-жала жамалған көрінеді. Тергеу кезінде беттестіруге бір қазақты әкеледі. Анау кірген бетте-ақ: «Е, міне, Мәметов Базарбай деген осы. Бұл Ойжайлау Лепсіде шекарашыларды аттыртып, Кеңес өкіметіне қарсы үгіт жүргізген!» дейді. Осы арада тергеуші шығып кетеді. Сол мезетте: «Қарағым, сені танымадым, мені қайдан білесің?» деп сұрайды әкем. Ол: «Шынымды айтсам, Сізді танымаймын, бірақ осындай жала жап деп мені зорлықпен көндірді.» депті. Бұл сөзді сыртта тұрған тергеуші де естиді. Осы сияқты небір қитұрқы әдістерді қалай қолданса да әкемді жауырынына түсіре алмаған соң, жер аударып қана тынған тәрізді.
Мен үшінші құрсақ едім, алдыңғылары шетінеп кеткен, сіңлім - Әлия тоғыз айлық. Анам айтып отыратын: «Аяғы ақсақ, көзі соқыр бір қыз бер деп құдайдан тілегеніміз - сен »деп. Екеумізді Серікбай деген туған бауырының үйіне тастап, шешем Мәскеуге ЦК-ға жол тартты. Бір ай жүріп жетіп, Калининнің қабылдауына кіреді. Ол сондағы «қазақ бөліміне» сілтейді. Кремльдің маңында қазақтар көп екен. Шешемді танып, құрмет-қошамет көрсетеді. Қазақ бөлімін басқарған Тұрар Рысқұлов: «Сізді мұнда кім өткізді?» деп салқын қарсы алады. «Рұхсат қағазбен кірдім!» деп шешем де тайсалмайды. Арызбен танысқан соң: «Қайта беріңіз, жауабы артыңыздан барады.» депті. Ақыры әлгі арызға ешқандай жауап келмей, әкем этаппен жер аударылып кетті. Арып-ашып Мәскеуден оралған шешемді кішкентай Әлия жатырқап, жоламай әлек қылғаны бар-тын. Анам сол азапты сапарын еске алғанда Тұрар Рысқұловтың қол ұшын бере алмағанына кейіп, ренжіп отырушы еді. Төл ұлтына іші бұрса да мүмкіндігін шектеген «қызыл саясат» қанша арысты ақ жолдан тайдырғаны мәлім ғой, ақыры сол Тұрар Рысқұлов та сойылын соғысқан жақтастарының құрбаны болып кеткен жоқ емес пе.
1929 жылы біз де әке соңынан сапар шектік. Бар мүлкіміз қос шабаданға сыйды, оның ішіндегі құнды дүниеміз: шешемнің 12 алтын қасығы, білезіктері мен сырғасы және әкемнің портсигары болатын. Осы барымызды арқалап, екеумізді жетектеп, шешем де этаппен пойызға отырды.
Саратовқа келдік. Қала шетінде цемент және бөшке құрастырғыш зауыттары орналасқан екен. Төңірегінде үлкен алма бағы бар. Со маңдағы бір орыстың үйіне пәтерге тұрдық. Екінші қабатынан бір бөлме босатып берді. Әкем цемент зауытына қара жұмысшы болып орналасты. Анам өмірі ауыр мехнат көрмеген адам еді, әлгі бөшке зауытына шегелеуші боп жұмысқа тұрды. Кетерінде екеумізді сыртымыздан қамап тастайды. Сонымен не қазақ емес, не орыс емес халде шүлдірлеп өсіп жаттық. 1931 жылы анам тағы бір қызға босанды. Атын Русия қойды. 1932 жылы жер аударылған мерзіміміз тәмамдалып, бостандық алдық. Бірақ, ел жаққа бізге тиым салынған еді, өз бетімізше баруға қорықтық, содан Қарақалпақстанда тұратын шешемнің бауыры Серікбайды сағалай тұрғанды жөн көрді. Ол су шаруашылығында инженер боп істейді екен. Арал теңізімен пароход арқылы Арал қаласына жеттік. Одан ескекшілері бар қайық жалдап, Амударияның төменгі ағысымен Төрткүлге (қазіргі Нүкіс қаласы) бет алдық. Өзен суы тасқынды сәт еді, біздің қайықпен ілісе ағаш, бұта, томар қатар жарыса ағып, шешем марқұм: «Е құдайым, сақтай гөр!» деп жол бойы жалбарынумен болды. Күн қайнап тұр. Әбден масаға таланып, шимандай қотырға айналдық. Әкем бізді кезек-кезек суға шомылдырып қояды. Сөйтіп келе жатқанда Русияның көйлегін суға ағызып алдық. Қызыл көйлек еді, су бетінде көлкілдеп ағып бар жатқаны әлі жадымда...
Төрткүлде әкем ГПУ-ға аудармашы боп орналасып, шешем де көзі ашық оқыған адам еді, паспорт столына жұмысқа кірді. Ол кісі кезінде приходская школа, гимназияда білім алған және ескіше де хат тани білуші еді. Шыққан тегі Жетісу өңіріне белгілі - Нияз батыр, ал әскер оқуын бітіріп, офицер болған ағасы Қожамсейіт ақтардың қолынан қаза тапты ғой. Шешем сол жердегі тұрғындардың кейбір қылықтарын айтып күлдіріп отыратын: «Фамилияң қалай десең күйеулерінің атын айтады, ақыры көбісі солай жазылып кетті!» деп.
Осы кезде бұл жаққа да ашаршылықтың салқыны жетті. Көбіне тұзды балық қана жейтініміз әлі есімде. Қасымызда Мамыт деген диірменші тұрды. Соның бақшасында жайқалып өскен жоңышқаның дәнді басын орып әкеп, бізге дәрумен болсын деп көже жасап беретін-ді шешем. Екі жасарында Русия көз жұмды. Мектеп жасына жеткен шағым еді, оқуға баруға жарамай төсек тартып жатып қалдым. Мені де өлмейді деген жоқ. Ақ қағаздай болған құр сүлдерім. Сол тұста Мәскеуден бір дәрігерлер келе қалғаны. Мені жастыққа салып бәтеңкелеріммен салбырата көтеріп, көрсетуге апарды. Тұзсыз нан мен витамин беру керек екенін айтады. Ұн алуға ақша жоқ. Қолдағы бар қымбат заттарды айырбастап болған. Сонда жалғыз ғана алтын қасық қалыпты. Соны «торгсинге» өткізіп, «саған арнап жүруші едім, бір кәдеңе жарады ғой» деп бір пұт жоғарғы сорт ұн алады. Сол қасықтың арқасында жаным қалған сияқты.
Қойшы әйтеуір, ашаршылық та өтті. Бұның алдында бір өзбектің тоқал тамында тұрып жатушы едік, енді мелисаның казармасынан бір бөлме берді. 1934 жылы Роза деген сіңлім туды. Ендігі ол да өмірден өтіп, артында Гауһар, Мира жене Ермек атты балалары қалды. Гауһар Мырзабекова жер - әлемге есімі әйгілі өнер шебері, тұлпардың тұяғы, асылдың сынығы деген осы емес пе.
Әкем екі-үш жыл бойы еңбек демалысынсыз жұмыс істеген-ді, кейде бірнеше тәулік ГПУ кеңсесінде жатып та жасайтын. Бір жақсысы, соңынан аңдып, қудалау болған жоқ. Ұйқымыз тыныш. Сонымен бір жыл демалуға рұхсат алды. Ұшарға қанатымыз болмай, шіркін, топырағын бір бассақ деп жүрген елдің дәмі де бұйырған сыңайлы.
Алматыға келдік. Осында Орталық Комитетте әкемнің бірталай бұрнағы таныстары бар болып шықты. Әкем мен шешемді аса құрметпен қарсы алып, өкіметтің қара «Волгасымен» қыдыртып, талай қошамет көрсетті. Біз Мұхамеджан атамыздың үлкен ұлы Сәкеннің үйіне тоқтаған едік, біраз қонақ болып, енді Қапалдағы шешемнің сіңлісі Берсүгірова Дәмештікіне баруды шештік. Сұлтанбеков деген күйеуі сондағы веттехникумның директоры екен. Олардікінде бір айдай жаттық. Ағайын-туғандар елге қайтыңдар деп кеңес берді.
Төрткүлге оралған соң, есеп айырысып, Жамбыл қаласына ат басын тіредік. Серікбай нағашымыз да Төрткүлден ауысып, осындағы су шаруашылығында бас инженер боп істейтін. Ол бізді өз қанатының астына алды. Қала шетіндегі Татарка деген пұшпақтан пәтер еншіледік. Ата-анамның да өңдеріне қан жүгіріп, мерейлері өсті. Бірақ бұл қуанышымыз да ұзағынан сүйіндірмеді. Ол кезде ағайын адамдарға жұмыс бабымен араласуға тиым салынған-ды. Және әкемнің кешегісі кесе көлденеңдеп, тағы да алдынан шыққан тәрізді.
Сөйтіп әкемді Бурно-Октябрск деген ауданға «Райводхоз» басшысы етіп ауыстырды. Қазына иелігіне ауысқан байдың бау-бақшасы бар үлкен үйінде тұрдық. Жағдайымыз енді жақсара түсті ме деген де, 1937 жылы тағы қудалау басталды. Әкемді қайта-қайта әкетіп жатты. Екі-үш күн жоқ боп кетіп, қара түндей түнеріп тарығып оралады. Шешемнің екі көзі бұлаудай. Біз әлі жаспыз, ересегі мен - 3-ші, әлде 4-ші класта оқитын болармын. Бала болсам да жағдайымыздың мәз емес екенін іштей сеземін. Біздің үйде «Алаш-Орда» қайраткерлерінің Омск, Томскіде жүргендерінде түскен көптеген суреттері мен бірталай құжаттар сақталып жататын. Соның ішінде есімде қалғаны Сәкен Сейфуллиннің және басына тымақ киіп түскен Ілияс Жансүгіровтың суреттері еді. Солардың арасында шешем де бар, ол кісі әкем қатысқан жиындардың бәрінде де болған көрінеді. Тінту жүрсе тауып алып айғақ етер деп қорқып, анам солардың бәрін өртеп жіберді. Апырай, орыс немесе неміс құрбыларымның үйіне сол құжаттарды неге жасыра тұрмадым деп кейін өкінемін де... Әкемді ары тергеп- бері тергеп, ештеңе таңа алмаған болуы керек қайтарып жүрді.
1939 жылы шет ауылға учаске гидротехнигі етіп ауыстырды. Казанка, Самсоновка, Турксиб, Алексеевка деген және тағы басқа елді мекендердегі колхоздарға ат үстінде жүріп су таратты...
...«Ел тірегі – ер» демекші, халқымыздың маңдайына біткен не бір асылдар мен арыстар - сол сұрқы сұсты жылдары сұм саясаттың құрбанына айналды. Тірі қалғандары тірсегінен қиылып, біртуар қабілеттері бағаланбай «тірі өлік» боп, тума халқының арасында қасіретті өмір кешіп, шарасыздықтан іштен тынды. Жау жар астынан емес, өз ортамыздан-ақ табылып, «мәре-сәре» боп жатқанда нағыз жаудың алапат ойраны бір бүйірден киіп кетті.
Соғыстың алғашқы жылдары, жұлдыздары шынайы жарасып қосылған жан жары Зейнеп - ауыр науқас зардабынан дүниеден өтті. Жақсылардың арасында да жарқылдап жарасым тауып, қиын-қыстауда да қасынан бір елі қалмаған асыл жарынан айырылған Базарбай, енді, тек балалары үшін ғана өмір кешті. Кейпі көп пенденің бірі, іші – қайнар көзі ашылар-ашылмастан тапталып қалған тұйық тұма іспетті; сусағанға сусын болмақ түгілі, өз ерні кеберсіді. Естияр шаққа жеткеннен білім қуып, халқының қамын жер ұлы екенін ерте түсініп, еліне еркіндік пен теңдік тілеген арда арманы адыра қалды. Түйсігіне түрпідей тиген ұраншыл, жалаң саясат - Базарбайдың сауаты мен заңдылықты арқау еткен сындарлы көзқарасын қажетсінбеді.
Енді «Жетісу» энциклопедиясындағы Мәметов Базарбайдың ғұмырнамалық дерегі ішінен, осы баянымызды толықтыратын мәліметтерге жол берейік: «...1916 жылы 25 маусым жарлығы бойынша тыл жұмысына алынған қазақ жігіттеріне бас-көз болу, артта қалған отбасыларына қамқорлық жасау жөнінде Қазанда оқып жүрген бір топ қазақ жігіттері алаш жұртына ашық хат жазды («Қазақ» газеті, 1916 ж., 15-қыркүйек, № 201). Ашық хатқа қол қойғандар арасында Мәметовте бар. Бұл хатты сол кезде Мәскеудегі «Земский союздің» бас комитетінде қызметте жүрген Ә. Бөкейханов қолдап, құптаған. Мәметов 1917 жылы Ақпан революциясынан кейін Алаш қозғалысына белсене араласты. 1917 жылы 21-26 шілде аралығында Орынбор қаласында өткен 1-Жалпықазақ съезіне Жетісу облысының өкілдері қатарында қатысты. Съезд Мәметовті Бүкілресейлік Құрылтай жиналысының депутаттығына Жетісу облысынан кандидат ретінде тізімге енгізді, әрі Бүкілресейлік мұсылмандар кеңесіне (Шура-и-исламға) өкіл етіп сайлады. 1917 жылы 5-13 желтоқсанда Орынборда өткен 2-Жалпықазақ съезінде Кеңеске 8 адамның бірі болып тікелей мүшелікке өткен. 2-Жалпықазақ съезінің шешімімен 1918 жылы 25 маусымда Алашорда үкіметінің төрағасы Ә. Бөкейханов халық милициясын құру туралы қаулыға қол қояды. Осы қаулыны жүзеге асыру мақсатымен Семей қаласында капитан Х. Тоқтамышов басқарған 1-Алаш полкін ұйымдастыруға Алаш басшылары Х. Ғаббасов, М. Тынышпаев, А. Тұрлыбаевтармен бірге Мәметов те белсене араласты. 1918 жылы 10-31 тамызда Лепсіде өткен Жетісу облысының 2-қазақ съезінде жергілікті Кеңес мүшелігіне сайланады. Азамат соғысы жылдарында С. Аманжолов екеуі Жетісу қазақтарына көмек қорын құрады. «Большевиктермен байланысы бар» деген желеумен Алашорда үкіметінің мүшесі, Лепсі көмек комитетінің төрағасы қызметінде жүрген ол Колчак үкіметі тарапынан қуғын-сүргінге ұшырады. Жетісуда Кеңес өкіметі орнаған соң, 1928 жылы жалған жаламен тұтқындалып, отбасымен түрмеге қамалады. 1931 жылы Саратовқа жер аударылады...»
Кеңес Одағы Жоғарғы Кеңесінің 1989 жылғы 16 қаңтардағы Жарлығының 1 – бабына сәйкес «30-40 жылдар мен 50-ші жылдардың басында қуғын-сүргінге ұшырағандар мен құрбандарына байланысты әділдік орнатуға толықтыру іс-шаралары» негізге алынып, 1989 жылы 6 сәуірде Мәметов Базарбай ақталды.
«Қатарыммен қоса неге атылып кетпеді екем?!» деген екен бір кезде тірі жүргеніне налыған Базарбай Мәметов. Енді міне, елі мен жері жаңарып, соңындағы ұрпағы ол көксеген арманға жетті. Шындық бетіне ақ таңдақ жағылған заманнан да өттік. «Халық жауы» деп нахақтан қарғысқа ілінгендер - әділет таңы туғалы «өз көгіне» қайта көтеріліп, халқының шамшырағына айналды.
...Лепсі кенті шетіндегі қалың зираттың бір бұрышында «Мәметов Базарбай-Алаш қайраткері» деген анықтама ғана қашалған қалқиған қара тас қараяды. Алпыс жылдан соң ата сүйегінің анық қай тұста екенін білмей, артындағыларының аңырап жүріп, жобалап тұрғызған құлпытасы – бұл.
Осыдан біраз жыл бұрын М.Тынышбаев атындағы қордың басы-қасындағы азаматтар мен Алаштың ардақты ұлдарының бірі генерал Ә.Болсамбеков бастаған бір топ зиялы қауым Базарбай Мәметовтың туысқандарының шақыруы бойынша Лепсі кентіндегі зиратының басына барып, рухына тағзым етіп қайтқан еді.
Базарбай Мәметов өмірінің аяғына дейін соңына от байланып, талай жердің дәмін татып, ақыры туып өскен Бөрлітөбе ауданына келіп тұрақтаған-ды. Бұнда әртүрлі шаруашылық жұмыстарда еңбек етіп, 1946 жылы 58 жасында қайтыс болды. Артында үйелмелі-сүйелмелі үш қыз қалған еді. Сол үш қыздың үлкені Сәуле апай. Бұлардан тараған ұрпақ мәуелі бәйтеректің бұтағындай жайылып, Гаухар Мырзабекова сынды немересі күллі музыка әлеміне аян.
Зиялылардың басы қосылған сол жолы «Халық жауы» деп нахақтан қарғысқа ілінгендердің бірі Мәметов Базарбайдың да рухы мен еңбегі қастерленіп, ол үшін де әділет таңы туар деген үміт оты оянған-ды. Ат төбеліндей ғана қазақ ұлтының алақанда аялар арыстары арасында есімі елеусіздеу қалған азаматты ел-жұртымен табыстыру жолын қарастырып, оның есімімен Лепсі кентіндегі атауы жараспай жүрген бір мектепті атаса деген ой туындаған болатын.
Кезінде «ақтың да», «қызылдың да» табасына ұшыраған арысымызды бүгінгі егеменді елінің ұлтжанды басшы азаматтары елеусіз қалдырмас деп сенеміз.
Авторы Заман Төлеуов
СЫНҒА ТОЛЫ ТАҒДЫР
Анамыз Сәуле Майшинова, қыз кезіндегі тегі – Мәметова, 1925 жылы 1 қазанда дүниеге келген. Әкесі Мәметов Базабрбай заңгер, алаш қозғалысының белсенді мүшесі, «Алашорда» өкіметінің бір министрі болған мемлекет және қоғам қайреткері еді. Жетісу өңіріндегі Лепсі кентінде 1946 жылы дүние салды. Анасы Ниязова Зейнеп атақты Нияз батырдың немересі, бауыры Қожамсейіт Омск кадет корпусын тәмамдаған кадрлық офицер, алаш әскерін құруға ат салысқан. Ал Зейнеп Жақыпқызы медицина қызметкері болған еді. 1942 жылы қайтыс болды.
Базарбайқызы Сәуле 2014 жылы 89 жасқа қарағанда өмірден өтті. Ғұмырының соңғы сәтіне дейін ақыл-есі түзік, сөзі салиқалы, дауысының әуезі сол жас кезіндегідей қоңыраулы еді. Себебі, анамыз телефонмен сөйлескенде оны жас адам секілді қабылдайтын-ды. Сексеннің сеңгіріне шыққан кісі дегенге ешкім сене бермейтін. Бос уақыты болмайтын, ең құрғанда кроссворд шешіп, содан соң өткен өмірі туралы, ата-анасының тағдыры жайлы естеліктер жазатын.
Анамның каллиграфиялық таңбамен түсірген қолжазбаларын ол өмірден өткен соң ғана көрдік. Осы құнды деректі оқып көрген соң, біз, балалары күні ертең немере-шөберелері де әжелерінің қандай адам болғанын және қандайлық тауқыметтерді басынан кешіргенін білсін деп кітап етіп шығаруды ұйғардық.
Сонымен Сәуле Базарбайқызының жазбалары
Әкесі Базарбай Мәметовтың өмірдерегі және еңбек жолы:
Менің әкем Базарбай Мәметов (Махетов) 1888 жылы 20 мамырда (қазіргі Алматы обылысы, Сарқан ауданы) Семиреченск облысы, Лепсинск уезі, Балхаш-Лепсі болысына қарасты Тастұма ауылында кедей, малшы Аспиев Махеттің от басында дүниеге келді.
Жасы онға толғанда, 1898 жылы Верный ерлер гимназиясының пансионына қазына есебінен оқуға жібереді. Бастапқыда дайындық сыныбында оқып, 1911 жылы гимназияны тәмамдап шығады. Ары қарай білімін жалғастырмақ ниетпен Семиреченск әскери губернаторына стипендия тағайындату үшін өтінішпен кіреді. Нәтиже болмаған соң, Ташкенге жол тартады. Осындай өтінішпен Түркістан генерал-губернаторына да барады. Өкінішке орай одан да қайыр болмайды. Сонымен ел-жұртынан жырақта, күн көрістің өзі мұңға айналып, оқуға іліне алмағаны да жанына батады. Өстіп салы суға кетіп жүргенде, кездейсоқ жағдайда өзінің жерлесіТынышпаев Мұхамеджанға жолығады. (Ол - қазақтың көрнекті саяси және қоғам қайраткері, алаш қозғалысының негізін салушылардың бірі, Алаш Орда үкіметінің мүшесі және оның төрағасының орынбасары, тарихшы-ғалым, қазақтан шыққан тұңғыш теміржол қатынастарының инженері). Өз кезегінде ол әкемді ұлы князь Константин Константиновичтың канцелярия меңгеруші, жер аударылып Ташкенде жүрген полковник Беловпен таныстырады.
Тынышпаев әкемнің білім алуына Беловтың көмектесуін сұрайды. Белов Базарбайға ұлы княздің атына білім алуға қол ұшын беру туралы өтініш жаз деп кеңес береді. Ал өз тарапынан қолынан келгенін жасамақ болып уәде етеді.
Осы өтініш қабылданып, Базабай Мәметовке бір жыл бойғы оқуына айына жиырма сом стипендия тағайындалады. 1911 жылы ол Қазан университетінің заң факультетіне оқуға түседі.
Бір жыл оқу мерзімі де өте шығады. Тағы сол таршылыққа тап болады. Осы арада бұған Түркістан студенттер жерлестігі қол ұшын береді. Ары қарай өзінің ет тірлігін танытып, сол жердегі бір ауқаттың татар байының шаруашылығын жүргізіп, сонымен қатар заңгерлік тұрғысында сабақ бере бастайды. Оқу мен жұмысты қатар алып жүріп, 1917 жылы аталмыш университетті бітіріп шығады.
Студент кезінің өзінде 1916 жылғы Алаш қозғалысына белсенді араласады. Өзге де студенттермен қатар күйеулер тыл жұмысына алынған отбасыларға материалдық көмек ұйымдастыру шараларына ат салысады. Осы туралы мақала «Қазақ» газетіне жарияланады.
Мәскеудегі «Земский советник» газетінде жұмыс істейтін Әлихан Бөкейханов «Қазақ» газетін оқып, жауап жазады. Бауырларым, сендер жас кездеріңнен бастап, халықтың мұңын мұңдап жүрсіңдер деген жақсы баға береді.
Базарбай білім ордасында жүргенде де қоғамдық жұмысқа белсенділікпен кірісіп, ресейде мұсылман студенттерінің съезін өткізу идеясын қолдайды. «Қазақ» басылымынң редакторы Ахмет Байтұрсынов болатын. 1917 жылы 2-8 сәуірінде Орынбор қаласында Торғай обылысының қырғыз съезі өтеді. Осы жолы Мәметов Базарбай Алаш партиясына мүшелікке өтіп, және Алашорда өкіметінің мүшесі болып қабылданады.
1917 жылы Орынборда өткен жалпықазақ съезіне Семиреченск қазақтарының құрылтайшылар жиналысы атынан депутат, сонымен қатар бүкілресейлік мұсылмандар кеңесіне уәкіл болып сайланады. 1917 жылдың қазаны мен 1918 жылдың сәуір айлары аралығында Лепсинск уезінің төрағасы, ал 1918 жылдың қарашасы және 1919 жылдың желтоқсаны аралығында Көктеректегі ашыққандарға көмек комитетінің төрағасы қызметін атқарады.
1920 жылы мамыр-қараша айларында әкем Көктерек болысының халық соты болды;
1921 жылы Лепсі уезінің аға тергеушісі;
1921жылдың тамызынан 1922 жылдың шілдесі аралығында Алматы облыстық халық сотының төраға орынбасары;
1922жылдың қыркүйегінен 1925 жылдың ақпаны аралығында Лепсинск губерниялық прокурорының көмекшісі;
1928 жылы жалған жаламен «халық жауы» деп айыпталды;
1929 жылы 58 бап бойынша қылмыскер атанып, Саратов қаласына жер аударылды.
Әкемді тұтқынға алған кезде оның ағасы Мұхамеджанды да қамауға алып, «итжеккенге» айдады. Сол жақтан ол оралмады. Екінші бауыры Тілеуліні жеті жылға соттады. Ал үшінші туысы Құлахмет жан сақтау үшін қашып, қытай асты. Әкеме тағылған айып: «Алашордашыл», бай-манап болды деген желеу еді. Шындығына келсек, әкемде мал болған жоқ. Мал шаруашылығымен шұғылданған үлкен ағаларының бар малын әкемнің атына жаза салғаны көпе-көрнеу қиянат еді.
Әкемді Алматы қаласындағы «Түзету үйіне» яғни түрмеге қамағанда, анам кездесуге мені алып барған еді. Сол кезде екі жарым жаста болуым керек. Бәрі есімде. «Сен не нәрсені болса да өзің жасауға тырысатын, жаның жаңалыққа құмар, қағылез, естияр болып өстің.» деп айтып отыратын Зейнеп анам. Осы кездесуде әкем маған кішкентай бал қасық сыйлаған еді. Бұл 1928 жылы болған жүздесу болатын-ды. Әкемнің сотталып, Саратовқа жер аударылатын білген анам, сот шешімін қолына алды. Мені Сарқан ауданындағы үйімізге апарып, Серікбай деген бауырының қолына табыстады. Ол кезде Серікбайдың жұбайы Опажан кісі болатын.
Анам Мәскеуге сапар шегер кезінде мен үшке таяп, Әзия бір жаста болатын. Осы мезгілде біздің үйімізді мал-мүлкіміздің барлығын тәркілеген еді. Жоғарыда айтқандай ағайындардың малын әкемнің атына жазды. Соның нәтижесінде әкем ірі бай болып шыға келді. Әкемнің үлкен ағасы Мұхамеджан қари еді. Бұл дегеніңіз мұсылман қауымындағы діни тұлға болып саналады.Тілеулі мен Құлахмет мал асыраған еңбекқор адамдар.
Сонымен анам Мәскеуге жол тартты. Партияның Орталық комитетіне барып, Калининнің қабылдауында болады. Михаил Иванович ЦИК-тің төрағасы еді. Халық арасында ол кісінің «бүкілодақтық староста» деп атайтын-ды. Анамның апарған арызын қарап шыққан соң, «разобраться» деп бұрыштама қойып қазақ консулдығына жібереді. Сөйтіп, Түркістан АССР-нің ЦИК төрағасы Тұрар Рысқұловтың алдынан бір-ақ шығады.
Ол бұнда анамның қалай кіргенін сұрайды. Анам рұқсат қағазы бойынша кірдім деп жауап береді. Әкелген арызды оқып шығып, кейбір жәйттердің мән-жәйін сұрап білген соң, елге қайта бер, жауабы соңынан барады деп қайтарады. Анам Мәскеуден оралғанда сіңлім Әзия бөтен адам көргендей қашып, шешесіне жоламай қойғаны бар-тын. Бұл оқиға 1929 жылы әкемді 58 баппен Саратовқа жер аударған тұста орын алған еді.
Он бес, он алты жасар кезімде болуы керек, анам маған бірталай әңгімелер айтатын. Өзінің жастық шағын, тусқандары туралы, жайлауға көшіп бара жатқандағы көрістерді еске алатын. Әпкесі Өріктің тұрмысқа шыққан кезі жадында қатты сақталыпты. Дәмеш тәте мен Сұлтанбек жездемнің үйленген сәті де көз алдында қалықтайды. Айтуынша, анамның ата-анасы 1920 жылы обадан қайтыс болыпты. Осы естіген мағлұматтар көкірегімде әлі күнге дейін сайрап тұр.
МЕНІҢ БАЛАЛЫҚ ШАҒЫМ
Анам тұрмысқа шыққан кезде он тоғызда болып, әкем отыз екі жаста екен. Екеуінің жас аралығы бір мүшел болса керек. Бұл уақыт аумалы-төкпелі, аласапыран мезгіл еді. Бір күні қылышын жарқылдатып «қызылдар» келсе, келесі күні кідіңдеп «ақтар» ат ойнатады. Сол кезде Андреевка селосының ар жағындағы Лепсинск елді мекенінде тұрған екен, ата-анам. Жетісу арқылы атаман Анненковтың әскері шегініп бара жатып, қара халықты қанап-тонап, зорлық-зомбылық жасаса, тағы бір лаққан әскер тобы атып-шауып, ойларына келгенін істеген шақ еді. Бұлардың қайсысы «ақ», қайсысы «қызыл» екенін елдің ажыратуға шамасы да болмады. Әйтеуір сырттан келгеннің барлығы жау екені күмәнсіз болатын-ды.
Осы кезде Дәмеш тәтем сүзекпен ауырып, төсек тартып жатып қалған екен. Анам сіңлісінің қасында отырыпты да әкем Лепсі стансасы жақта болған көрінеді. Анам жас кезінде өте көркем, сауатты, орыс тілін жетік меңгерген ойы озық жан болыпты.
Ақтардың гарнизоны осы Лепсинскіде тұрған тұста ақтың бір жас офицері анамды өзімен бірге Қытайға алып кетпекші болады. Анам сенімді адамдар арқылы әкеме жедел хабар береді. Әкем өзінің бір туысы мен екеуі түн жамылып келіп, анам мен сіңлісін ешкімге білдірмей ұрлап алып, қатерден аман қалады. Әпкелі-сіңлілі екеуі үстеріне сиырдың қиын, беттеріне күл жағып иістерінен кісі жеркенетіндей жағдай жасайды. Бұл 1919-1920 жылдары болған еді...
Маған дейін анам үш құрсақ көтеріпті. Амал нешік, олардың бір де біріне жарық дүниені ұзақ көру бұйырмапты. Содан құдайдан «соқыр қыз» болса да бере гөр деп тілеп жүргенде мен өмірге келіппін. Бұған дейін олар, бала сүюден үміттері үзілген шақта, жетімдер үйінен бала асырап алмақшы болған көрінеді. Арнайы барып танысыпты. Сол кезде көптеген балалар алдарынан жүгіріп шығып, «Тәте, мені алыңызшы!» деп сұранады екен. «Бір күні барғанда қарасам, елден шеттеу жерде үштер шамасындағы қыз бала көк алманы кеміріп, өзімен-өзі отыр екен. Керемет жаным ашып кетті. Осы ананың алақанынан қағылған, өмірге құлықсыз, бейкүнә сәбиді асырап алғым келді.»деп еске алатын аман. Ол қызға София деп ат қояды. Құлағынан бұлақ ағып, іші тоқтамай өткен кішкентай қыз, күтім көріп тез сауығады. Сөйтсе ол балақай өте көңілді, тілі сайраған сандуғаштай болып шығады. Көрген кісінің барлығы оны еркелетіп, басына көтереді екен.
1925 жылдың бірінші қазанында мен дүниеге келдім. Бұның өзі бір хикая десе де болады. Анамның айтуынша: кіндігімді әкем балтамен кесіпті. Сосын терезе сыртында тұрған кісіге яғни Дәмеш тәтеме «сатыпты». Қазақтың салты бойынша қой сойып, етін жеген соң, сүйектерін ақ матаға орап «жерлепті». Маған алғаш Тұрсын деп ат қояды да оны «жерлеген» соң, жаңадан азан шақырып, Сәуле деп ат береді.
Мені босанған соң, анам бір түс көріпті. Түр-тұпаты адамға ұқсайтын жап-жасыл, зып-зып еткен кішкентай бірдеңе жүгіріп, менің бесігімнің қасына барады. Анам оны ұстап алып, жоғары көтеріп қараса, кеудесінен қып-қызыл болып шығып тұрған өкпесін, жүрегін көреді. Сол іш-құрылысын жұлып алып жерге тастайды аяғымен езгілеп таптайды. «Сен зұлым екенсің ғой, менің балапандарымды қырып жүрген!» деп айғайлап, өз дауысынан өзі шошып оянады. Жан ұшырып менің қасыма барса, мен алаңысыз пысылдап жатқан көрінемін.
Бәрі жабылып, жоруға кіріседі. Расында бұл тегін түс емес еді. Өмір жасы ұзақ болады екен деп түйіндейді. Содан 1927 жылы Әзия дүниеге келді. Кейде отырып ойға қаламын. Маған дейін, менен кейін туған балалар тым ерте шетіней берді. Мүмкін осынша жасқа келген себебім: солардың жасамаған жастарын Жаратушы маған сыйлады ма екен деп. 1934 жылы Роза туды. Ол небәрі отыз бір жасында бақи болды. Соңында үш баласы қалды.
Әкемді айдап әкеткен соң, анам өзінің және біздің киім-кешектерімізді жинап, керек-жарақтарымызды арқалап Алматыға аттандық. Одан ары қарай әке соңынан Саратовқа жол тарттық. Жол азабын көріп, әрең дегенде жеттік-ау!
Жоғары білімі болса да әкемді цемент зауытына қара жұмысшы етіп қабылдады. Кейін осы ауыр жұмыс денсаулығына сызат түсірді. Анам мамандығы медициналық қызметкер бола тұра бөшке фабрикасында ағаш бөшкелерге құрсау қақты. Өзіміз Саратовтың шетіндегі бір орыстың үйін паналадық. Ағаштан салынған жертөлесі, шаруашылық жәйлары бар үй еді. Бізге бір жатын бөлме мен терезесі көшеге қараған залды босатып берді.
Үйдің қарсы бетінде көгалды далаңқай болды. Сол тұста жеміc-жидек ағаштары өсетін-ді. Оны арнайы күзететін. Бір күні сол маңға арбаларының үстін кілеммен жапқан, кезбе сығандардың бірталай көлігі келіп аялдады. Тұрмыстары жақсы сияқты болғанымен қайыр сұрағыш біреулер екен. Оларға есік ашпай терезеден ғана сығалап, қарадық.
Ай сайын Саратов комендатурасы тексеру жүргізіп отыратын-ды. Біздің қарыс басқан қадамымыз аңдулы еді. Анамның ең кіші сіңлісі Тойжікен осындағы Саратов медициналық институтында білім алушы еді. Оның жатаханасына барып, хал-жағдайын біліп тұратынбыз. Бір жол мен ыстық шәй құйған шәйнекті құлатып алып, аяғымды күйдіріп алдым. Нәсілі тынымсыз болған секілдімін.
Кейбір күндері кешқұрым, Тойжікен бізге қонаққа келеді. Ол мысықша басып есікке таяйды да ақырын ғана тық еткізіп, бұрышта ілінен киім-кешектің артына барып тығыла қалады. Әзия етбетінен жатып есіктің саңлауынан сығалайды. Ал мен болсам оны аяғынан ұстап кері тартам.
Біз тұрған үйдің отбасының бір ұл, бір қызы бар еді. Үлкені мектепте оқыйтын, естияр қыз бала болатын. Ол бізге ертегі оқып беруші еді. Тағы бір жолы кітаптың арасынан қағаз ақшалар тауып алдым. Мәз болып өз бөлмемізге әкеліп, столдың үстіне жайып салдым. Анам киім жамап отыраған, мен оның төңірегінде секіріп ойнап жүргем. Бәр кезде Валяның айғайлаған дауысы шықты. «Сонька, ақшамды ұрлап кетіпті!» деген. Анам менің уысыма ақшаны салды да апартып бергізді.Сонан кейін әдемілеп тұрып, шапалақтап алды. Сөйтіп ғұмыр бойы ұмытпайтын сабақ алдым. Кейін шынымен де ақша тауып алсам, алған жеріңе қайта апар дейтін болды. Тауып алдым дегеніме еш уақытта сенбеді. Көкірегімді өртеген осы бір өксік мәңгі сақталды.
Әлі есімде екінші класта оқып жүрген кезім болуы керек, дәрігер болуды қатты армандадым. Ақ халат киген адамдар қатты ұнайтын. Дәрінің иісі, жалпы аурухана тынысы бір ғажап дүние секілді баурап тұрушы еді. Саратовта болған уақытта үстіме шешек шығып аурухана түстім. Ол кезде төрт-бесте кезім. Палатада емшектегі баларлары мен әйелдер де жатты.
Бізден кейінгі келесі палатада он екі жасар қазақ баласы бар екен. Ол орысша мүлдем сөйлей алмайтын болып шықты. Мен қазақша түсінетінмін, бірақ сөйлемейтмін. Дәрігерлерге оның сөзін аударып беріп жүрдім. Кейін біраз күннен соң, ол бала қайтыс болды. Оған жаным қатты ашыды. Саратовта біз секілді жер аударылып келген қазақтар көп еді.
Ауруханадан шығар алдында түнімен қатты жаңбыр жауды. Таңертең тұрған бетте, жалаңаяқ бақтың ішіне жүгіріп барып, сиреньнің гүл сабақтарын жұлып алып келдім. Халатым аяғыма оралып кіре бергенде няняларға ұсталып қалдым. Олар мені палатаға апарып, тез орап-қымтап жатқызды. Бұл ережеге құлақ аспау қылығым текке кетпеді. Содан үш күннен кейін мені үйге алып келген сәттен екі аяғым басуға жарамай қалды. Бір ай шамасы төсек тартып жаттым. Беті-қолыма аппақ дақтар жайыла бастады.
Бұл, зат алмасу үрдісінің бұзылуынан, уақыт өте бәрі жоғалып кетеді деп дәрігерлер көңілімді орнына түсірген болды. Кетсе де тым баяу кете бастады. Мойнымды ашып немесе жалаң аяқ жүруге ұялатын болдым.
Тұрмысқа шыққан соң, осы пәледен бір жола құтылдым. Сонымен 1930 жылы Русия дүниеге келді. Оны соншалықты керемет жақсы көрдік. Өзі де балдай тәтті бөбек еді. Сол кезде Сәкен аға жұбайы Фатимамен Саратовқа біздің үйге келді. Біраз уақыт бізбен бірге тұрды. Себебі қудалауға ұшырап, амалсыз бой тасалауға мәжбүр болған кездері еді. Әлі есімде Фатима тәте Русияны құшақтап сүйіп, кеудесіне қатты қысып қалғанда ол тәтенің үстіне кәкетіп қойғаны. Бәріміз шек-сілеміз қатқанша күліп едік. Ол кісілердің біздің үйде қанша мезгіл болғанын білмеймін, соңынан Қазақстанға қайта оралды.
САРАТОВТАН ТӨРТКҮЛГЕ
1932 жылы біздің Саратовтағы сергелдеңіміз аяқталды. Пойызға отырып Аралға жеттік. Ары қарай Төркүлге Аму дария арқылы қайықпен баруға тура келді. Екі өзбек ескекішіні жалдап жүзіп кете бардық. Қайық кең екен. Біздің заттарымыз толық сыйды. Және өзіміз де қысылып-қымтырылмай еркін отырдық. Арнасы кең өзеннің суы лай еді. Жағада жатқанның барлығын шәйіп, ілестіріп ағады екен. Ағаш, томар, қауын-қарбыз дейсің бе неше түрлі қоқыстар да қатарласа ағып келе жатты.
Мый қайнаған ыстық тұрды. Маса, шыбын жан-жақтан ызылдап, үсті-басымызға жабысып мазаны алады. Әкем, бізді кезек-кезек суға малып, шомылдырып қоятын-ды. Сондай бір сәтте Русияның көйлегі суға түсіп кетті. Көйлегі қызыл түсті матадан тігілген еді, көлкілдеп су бетінде ағып бара жатқаны әлі күнге дейін көз алдымнан кетпейді.
Қойшы әйтеуір, шыбын, масаға таланып Төркүлге де жеттік-ау... Анам сол кезде отыз бір жаста еді. Жол-жөнекей «Сақтай гөр, құдайым!» деп жалбарынумен болған. Бір жағалауға келіп тоқтадық. Сол жерден Серікбай мен Есімбек аға қарсы алды. Серікбай аға Қарақалпақ Су шаруашылығы министрлігінде істейтін. Есімбек аға заңгер. Біздің барған жеріміз: қалың ағашты, төңіректің бәрі жеміс-жидек сыңсыған табиғаты тамаша өлке екен.
Серікбай аға, ұзын бойлы, ақылы мен көркі және білімі жарасқан зиялы жан еді. Бетіндегі тарыдай ұсақ қорасан дақтар оның әдемі жүзіне көлеңке түсіре алмайтын-ды. Оның ұлы Болат әкесіне бой жағынан да жүрісімен де қатты тартыпты. Әсіресе көздері өте ұқсайтын еді. Сонымен Қарақалпақ АССР-не келіп, табан тіредік. Серікбай аға екінші рет төсек жаңғыртыпты. Әйелінің аты Әсем екен. Жасы он алтыда. Ол үй шаруасына мүлдем жоқ болып шықты. Оны анам ас пісіру, киім тігу сияқты әйел адам білуге тиісті көп нәрсеге баулыды. Әсемнің ата-анасы бау-бақшаны жақсы баптайды екен. Қауын-қарбыз жеуге сонда баратынбыз.
Көп ұзамай біздің соңымыздан Саратов медициналық институтын тәмамдап, анамның сіңлісі Тойжікен де жетті. Кейін таман өзі секілді дәрігер Акрам Ыдырысов дегенге тұрмықа шықты. Өкінішке орай балалары болмады. Акрамның екінші әйелінен балалары болды. Олардың көбісі дәрігерлікті қалады. Акрам Ыдырысов Алматы қаласындағы онкодиспансерде еңбек еткен еді.
Сонымен қатар Берсүгіровтердің келіні, анамның сіңілісі Дәмеш тәте де Төрткүлге келіп қайтты. Ол кісі үш құрсақ көтерді. Ұлы Талап, қыздары Жібек және Шұға. Шұға тым жас шағында шетінеп кетті. Төрткүлге орналасқан соң ата-анам қаланың шет аймағынан пәтер жалдады. Төбесі аласа, едені жер, кіп-кішкентай, сығырайған терезелері бар баспана екен. Әкем ГПУ-ға аудармашы заңгер болып жұмысқа тұрды. Анам паспорт столына орналасты. Анам айтып отыратын: «Мындағы әйелдер жазу-сызудан мақұрым, қараңғы еді. Тіпті өздерінің аты-жөн, тектерін де дұрыс айта алмайтын. Көбісі күйеулерінің атына жазылып кетті» деп. 1932 жыл аштықтың өзеуреп тұрған кез еді. Тіске басар қылтанақ табу мұңға айналған шақ. Біз тұздалған балыққа быламық қосып жүрек жалғадық. Бұны әке-шешем жұмыстан әкелетін. Сол әкелген нандарынан өздері бір тістемеген де шығар деп ойлаймын.
Бізді сыртымыздан құлыптап кетеді. Сосын нан тілімдерін кезегімен қай сағатта жеу керек екенімізді мұқият тапсырады. Мен терезеден айғайлап Болатты шақырам. Ол да інісі Қанат екеуі әкелері бола тұра тірі жетім еді.
Бұл жерде неше түрлі дерт қаулап тұр екен. Трахома, сүзек, сарыауыру сияқты не бір пәлекеттер. Анам жерге түсіп кеткен тамақты қайта алып жеуге рұқсат етпейтін. Бір күндері өзім де жалпамнан түстім. Қандай дертке шалдыққанымды ешкім білмейді. Салдыраған қу сүйегім ғана қалды. Сол кезде жеті-сегіз жасар болуым керек. Бірінші класты да бітірмеген кезім. Бір күні әкем мені киіндіріп, жастыққа жатқызып көтеріп алды. Екі аяғым қамшының өріміндей салбырап, бәтеңкелерім салақтап қалды.
Анамның айтуына қарағанда сол кезде Мәскеуден бір топ дәрігерлер келген көрінеді. Себебі науқастар тым көбейіп кеткен болатын. Әйел дәрігер мені қарап болған соң, әбден азып кеткенімнің емін дәрумендер мен құнарлы тамақ ішіп реттеуге болады деді. Тұзды нан жемеу керектігін ескертті. Дәрумен атаулының қолда бары жоңышқа ғана. Соны борщ секілді қайнатып ішуге тура келді. Қалада «Торгсинг» (Торговый синдикат)деген ашылған-ды. Ол жерде алтын, күміс қабылдап, орнына ұн және тағы басқа түрлі тамақ беретін. Анамның кәмпекеден қалған он екі алтын қасық пен білезік және алтын сырғалары бар еді. Біразын Саратовта жүргенде ұрлатып алды. Енді біразын күн көріске жұмсады. Сонан қалғаны маған арнап сақтап жүретін жалғыз алтын қасық екен. Мен төсек тартып жатып қалғанда сол қасықты Торгсингке (Торговый синдикат) апарып өткізді. Оған бір пұт (16кг) ақ ұн алып келді. Дәруменіміз сол жоңышқа.
Бізбен көршілес бір ауқатты өзбек тұрды. Оның диірмені бар еді. Жоңышқа қанша керек болса, сонша ал деп рұқсатын берді. Аракідік ет, балық та болып қалып жатады. Ажалымның жоқтығы болар, сол қасықтың арқасында тірі қалдым. «Сені аман сақтаған сол қасық» деп әрдайым айтып отыратын анам. Зират маңындағы сол жер кепеде Русия көз жұмды. Мен көз жасымды көлдетіп, ылғи зират басына қарай жүгіретінмін. Бұл қайғылы жағдайдың алдында мен үйдің маңында ойнап жүргем. Русия есіктің көзіне таман жерде жатқан. Анам түйенің өркешін шыжғырып, майын суысын деп кастрөлге құйып, сыртқа қойған. Екі литр шамасында болуы керек. Тиіспеңдер, суысын деп қойдым деп бізге де ескертті. Ал Әзия өзінше түсініпті. Ол катрөлді алды да төгуге әкетті. Кішкентай Русия аттан салды: «Азюка, Азюка!» деп. Бұл айғайды естіп анам жеткенше Азюка ыдысты төңкеріп үлгерген еді. Содан Азюка оңбай таяқ жеді. Бәріміз қосылып жыладық. Жылағаннан не пайда. Жалпы анамыз бізді анда-санда әйбатылап, тарсылдатып алатын. Кейде жайдан жай, ал кейде таяқты өзіміз іздеп табатынбыз. Неге бізді кейде аямай сабады екен деп ойға қалам. Сөйтсем, анам іштегі шер болып қатқан қайғысын осылай шығарды ма деп ойлаймын. Өз басым балаларыма ешқашан қол көтерген емеспін. Олар әмісе менің қас-қабағыма қарап, ешқашан кесе көлденең өткен жоқ. Анама кінә таға алмаймын. Оның басына түскен анадай ауыртпашылық кімді болса да сындырар еді. Ашаршылық жылдары әкемніңң паегі мен анамның қол еңбегінің арқасында күн көрдік. Ол кісінің қолы өте ісмер еді. Пүлүшпен қапталған түлкітымақ, түлкі терісінің қалған-құтқан қиындысынан шақай тігетін. Сол кезде маған түлкі ішік тігіп берген. Тапқан-таянғанымызды тамаққа айырбастадық. Анамның іс тігетін қол машинасы болды. Оны кейін 1962 жылы Жансүгірде жүргенде сатып, орнына аяқ машинасын алған едім. Ол машина әлі күнге дейін үйде сақтаулы.
Төрткүлдің базары керемет еді. Не бір слекейіңді шұбыртатын тағамдар самсап тұратын. Әсіресе тәттілерді айтсаңшы. Аларға ақшаң болмаған соң, көзді сатып қайтасың. Базарда лепешке пісіретін нан базары болды. Түнге қарай оның ішіне қараусыз, жетім балалар кіріп түнейтін. Таңертең дам шошырлық кейіпте, күйе-күйе болып шығып жатқанын көресің. Сол есіме түскенде өз балаларымның басына сондай сұмдық келмесе екен деп тілеймін.
Русиядан айырылып қалған соң, милиция барағынан бір бөлме берген еді. Балбақша қасымызда. Әзияны сонда бердік. Мен бірінші кластың табалдырығын аттадым. Тұрмысымыз түзелейін деген секілденді. Үйдің қасында үлкен бақ бар еді. Отбасымызбен кейде сонда барып серуендейтінбіз. Анам кітап оқығанды қатты ұнататын. Біздің үйде Пушкин, Лермонтовтың кітаптары болды. бір жолы анам бізге Отелло мен Дездемоно туралы айтқаны есімде қалыпты.
Бір жол паркте отырғанбыз. Анам Серікбай ағасына Сәуле үлкендерге арналған кітаптарды көп оқиды деп менің үстімнен арызданды. Ағасы оқыса оқи берсін деп қарсы білдірмеді.
Екінші класта оқып жүрген кезім еді. Анам әкеме түсік тастату туралы айтып жатқанын құлағым шалып қалды. Түсіктің не екенін анық білмесем де анамның сыртынан аңдуға бел будым. Келесі күні анам үйде жалғыз қалып, кір-қоңды жуып, бөлмені әктеп, түскі астан соң бірдеңелерін жинастырып шығып кетіпті. Жүгіріп үйге келсем, есік құлыптаулы. Ізіне түсіп, балабақша тұсынан қуып жеттім. Жеткен бойы «Қайда барасыз?» деп бас салдым. Тісі ауырған соң ауруханаға бара жатқанын айтып, мені кейін қайтуға көндіре бастады. Мен жата қап жыладым. Егер осыдан кері оралмасаңыз Русияның қасына барып жатамын деп егілдім. Менің оңайшылықпен көне қоймасыма көзі жеткен соң, амалсыз кері қайтты. Сөйтіп дүниеге Роза келді. Сүйінші сұрап көрші-қолаңды түгел аралап шығып едім. Қуанышымызда шек болмады. Роза өте момақан және сүйкімді еді. Төрт жасқа дейін оны емшектен шығармады. Әлжуаздау болып, аяғы кейін шықты. Осы жарық дүниеге келуіне себепші болған Розаны жасы төртке келгенше арқамыздан түсіргеміз жоқ. Ол Әзия екеумізге жанды қуршақ секілді еді. Онымен ойнағанға мүлдем жалықпайтынбыз. Маңдайына жазылғаны сол болар. бар болғаны отыз бір жасында ауыр науқастан соң, дүние салды. Әрине тұрмысқа шығып, үш бала сүйді. Үлкендері осы Гаухар және егіз туған Ермек пен Меруеттің көретін жарығы болып тұр ғой. Бір өзек күйдіретіні: солардың қызығын көре алмай кеткені жанымды ауыртады.
1934жылы әкем кезекті еңбек демалысын алып, Қазақстанға жол тарттық. Ата-анамыз Шарджоу арқылы ұшақпен жетуге ұйғарды. «Кукурузник» ұшағына міндік. Қорқыныш бір жағынан, қызықтау екінші жағынан кеулеп барады. Ұшқышы жалғыз екен. Ұшақтың құйрық жағындағы тақтай орындыққа біз жайғастық. Сол тұста тесік саңлау бар екен. Содан төмен қарап келеміз. Сіріңкенің қорабындай ғана үйлер, жылға сияқты шұбалған өзен, құмырсқадай жыбырлаған адамдарды көрдік. Әкем ұшқыштың қасында отырып, аракідік бізге бұрылып, басын шұлғып қояды.
Шарджоуға аман-есен жеттік. Ол жерден пойызға отырдық. Вагон лық толы жолаушы, жорғалаған қандала мен жылмаңдаған қалта қаққыш жүліктер. Қанша жүргенімізді білмеймін, әйтеуір Тәшкенге де жеттік-ау! Ары қарай Алматы түсуіміз керек.
Жер жаннаты деген осы ғой! Арықтарда күміс күлкісі сылдырап мөп-мөлдір су ағып жатыр. Алмалары қандай десеңізші! Апорттың үлкендігі баланың басындай!
Қанаттың әкесі Сәкеннің үйіне тоқтадық. Әйелі Фатима мен Нұргүлшім тәте үйінде екен. Қабжан теміржол техникумында оқитын. Алматыда әкем мен шешем ел қыдырумен болды. Балалар үйде қалдық. Оларды алып кету үшін қара «ЗИМ» келетін. Орталық комитетте қызмет істейтін әкемнің таныстары ата-анамызды қолды аяққа тұрғызбады. Кейін солардың барлығы «халық жауы» атанып, атылып кетті.
Өмірдің сандаған асу-белдерінен асқан соң, артыма қарап ойға қалам. Олар өздерінің тағдыры осылай болады деп ойлады ма? Пешенеге жазылғаннан құтыла алмайсың деген осы болар. Әкем мен шешем және олардың араласқан жолдас-жоралары көресісін көріп, бұл жалғанның запыран дәмін мейілінше татып өтті-ау! Өз басыңа түспей, бөтеннің қайғысын білмейсің...
Алматыда бір ай болып, сосын Дәмеш тәтеміздің үйіне бет алдық. Дәмеш тәте мұғалім еді, ал Сұлтанбек аға педагогикалық техникумның директоры болатын. Сол арада анамның сіңлісі Тойжікен де болды. Ол дәрігер болып істеді. Бірақ сол кезде дімкәс еді. Демалыс күндері ол Әзия екеумізді өзімен бірге ертіп, тауға серуендеуге апаратын. Олар ұжымымен бір-ақ демалатын. Әлдебір себеппен біз топтан қалып қалдық. Сонда үлкен бір құс жанымызға қонып, қанатын жайып жіберіп ысылдады. Тойжікен тәте бізді етегімен бүркеп, ана қахарлы құсқа айбат шегіп, үркіте бастады. Ол құс керек болса, қойды көтеріп әкете беретін самұрық па деп ойлаймын.
Қапал жасыл желекке малынған көркем мекен екен. Тау төсінен аққан суды «Тамшыбұлақ» деп атайды екен. Анам осы бұлақ туралы көлемді жыр жазып еді, оны кейін жоғалтып алдық. Әпкелі-сіңлілі Дәмеш пен Зейнептің бойында ақындық қасиет бар еді. Дәмеш тәте айтыстарға қатысып жүрді.
Бір жолы Дәмеш тәте фермадан бидон толы кілегей алып кеген-ді. Бізді тізіп қойып, кезегіміз келгенде күрежкемен кілегей іштірген. Талап төрт жаста, ал Жібектің екі жарым жастағы кезі. Сөйтіп, өте тамаша тыныққан соң, қайта Алматыға бардық. Онан Қарақалпаққа аттандық. Әкем жұмыстан шығып, есеп айырысқан соң, Жамбыл қаласына қоныс аудардық.
1934-1935 жылдары Серікбай аға Төрткүлден Қазақстанға ауысып, Жамбыл қаласындағы Талас су шаруашылығы басқармасына бас инженер болып орналасты. Тойжікен тәтә Серікбай ағаның қолында тұрды. Олар Пушкин көшесінде тұрып еді. Сол жылы Тойжікен дүние салды.
Біз татар слабодасынан пәтер жалдадық. Сығандар қаптап жүретін. Ал ұры-қары одан да көп болған сияқты. Әкем сол Талас су шаруашылығына жұмысқа тұрды. Өкінішке орай ағайынды адамдар бір жерде жұмыс істеуге рұқсат жоқ еді. Бір жыл ғана еңбек етті. 1936 жылы Бурно-Октябрьское селосына аудандық су шаруашылығы бастығы етіп жіберді. Анам аруханаға аға медбике болып орналасты. Сонымен бар жиған тергенімізді артынып-тартынып жаңа қонысқа да жеттік. Бізге берген үйді көргенде аузымызды аңқайта ашып қалдық. Жатқан бір ханның сарайы! Төрт бөлмелі даңғарадай темір шатырлы, кең үй. Атқора, сарай, екі жертөле. Төңіректің бәрі көкорайға малынып тұр. Бәрі тәртіппен салынған. Құлпынай, сиырбүлдірген, алма дейсің бе неше түрлі жеміс-жидек сыңсиды. Бақша салатын жеке учаскесі бар екен. Үйдің сыртында қалың жоңышқа жайқалады. Іргеде арық сылдырайды. Таяқ тастам жерде өзен ағып жатыр. Қысқасын айтқанда жұмақтың төрінен бір-ақ шықтық.
Оқу жылы басталды. Әзия бірінші класқа барды. Анам ауруханаға медбике болып орналасты. Бурно-Октябрьское деген көлемді ауыл еді. Оның шет жағында Ауыл шаруашылық техникумы орналасқан-ды. Ұзын, түп-түзу жалғыз көшесі болды. Айнала кілең бау-бақша. Соғыстың алдында онжылдық мектеп ғимаратын тұрғызыпты. Тұрмысымыз бұрынғыдай емес түзелді. Таяу маңда сүт фермасы бар болатын. Содан барып, сүт, кілегей алып тұрдық. Анамыз орыс пешінде нан және тоқаш секілді өзге де нан тағамдарын шебер пісіретін еді. Әкемізді қатты жақсы көрдік. Біздің балалық шағымыз бақытты, алаңсыз өтіп жатты. Мен пионер отрядының звено басшысы болдым. Мерекелерге дайындық жасап, саппен жүруші едік. Ерлікке шақыратын патриоттық әндер айтатынбыз. Осының бәрі Бурно-Октябрьск деген әдемі елді мекенде өтіп жатты. қазіргі балалар неге ән салуға құштар емес деп таң қаламын. Сахнаға шығып қолымыздан келген рольдерді ойнайтынбыз. Мен көбінесе жатқа айтқанды ұнататынмын.
Әлі есімде, Казанкада шыт-шұбыр жағы өте қат боп тұрды. Ал біз балалар, таңғы алтыға дейін дүкеннің алдын кезек алу үшін күзететінбіз. Таңертең анамыз келіп, тігін тігуге сәтен, шыт сатып алатын. Бірін-бірі итермелеген ел. Айғай-шу. Алқым-жұлқымы шықса да көңілдері жәй болып, алдыңғы кіргендер базарлықтарын құшақтап шығып келе жатады. Біз үшін жаңадан тігіп берген сәтен көйлекті киіп көшеге шығу қандай бақыт еді! Оған әсемдік үшін лента тағылса және шашыңа тарақ қыстырылса бір ғанибет емес пе...
Отбасымызда әкемізді аса құрмет тұттық. Дәмді нәрсені сол кісінің алдына қарай итермелеп отыруға тырыстық. Өз басым ешуақытта ата-анамыздың ұрыс-керісін, кейбіреулер секілді төбелестерін естіген де көрген де емеспін. Ойымша, олар бір-бірін қатты сыйлап, сүйген сияқты.
Бір жолы әкемді бір айға Шымкентке іссапарға жіберді. Үй шаруасына қолқабыс етуге Қапсемет қалған еді. Тауық, үйрек, қоян асырайтынбыз. Қапсеметтің жасы он төртте. Әкем пойызбен келе жатқанын ескертті. Анам жұмыста болатын. Қапсемет әкемді алып келу үшін «Серко» деген атты арбаға жекті. Мен әкемнің алдынан өзім шығып қарсы алам деп оған бой бермей, ақыры көндірдім. Таранатас отырып, делбені қағып қалып, салдыртата жүріп кеттім. Бір кезде тәртелері ағытылып кетті. Жолай кетіп бара жатқан кісілер көмектесіп, қайта жегіп берді. Стансаға жете бергенде тәртелер тағы ағытылды. Маған қарсы жүк машинасы келе жатқан. Үсті тол адам. Солардың арасынан әкем қолын бұлғайды. Машинадан түсіп, атты қайта жекті де ауылға тарттық. Менің танауым көкке кетіп, масайрап келемін. Әкем маған гитара және ақ түсті бәтеңкесімен кәңки сатып әкеліпті.
Сол Бурно-Октябрьскіде тұрғанда анамның үлкен әпкесі Өрік тәте ұлын ертіп, қонаққа келген еді. Ол баласы 1942 жылы майданда қаза тапты. Өрік тәте кимешек киіп жүретін. Үлкендер сыртта отырған. Әзия екеуміз кимешек пен камзолды киіп алып, малынып далаға шықтық. Бізді көрген олар шек сілелері қатқанша күліп еді. Тегі кимешекті егде әйелдер ғана киетін-ді. Ала кішкентай қыздарға оны киюге тиым салынған-ды.
Жергілікті тұрғындар сауын сиыр ұстайтын. Анамның да сиыр ұстауға саңы қатты ауды. Алдымен екі тайынша сатып алып, соларды бір жыл жемдеп өткізген соң, түскен пұлына сауын сиыр алған жөн болады деп әлдекімдер кеңес беріпті. Айтылды болды. екі тайынша сатып алынды. Біреуінің түсі қара да екіншісі қызыл-қоңыр еді. Жемдеуге кірістік. Обалы нешік, күжірейіп өсіп шыға келді. Тек қара өгізшеден көресіні көрдік. Жаюлы тұрған кірдің қас жауы болды. Ақ жем қып, шәйнәп тастайды. Әрең дегенде саудалап, олардан да құтылдық. Құнажын сатып алдық. Тағы бір сиыр алсақ па деген ой келді, анама. Бірақ ақшаның қыйсыны келмеді. Біреулер торапай сатып алып, асырап көріңдер деп ақыл салыпты. Сонымен торапайды алдық. Үйдің маңындағы өскен шөп-шалам, жоңышқаға қартоптың қабығын қосып қайнатып, тамақтандырдық. Оған жалпы Қапсемет қарайтын. Арасында біз де қол ұшын беріп тұратынбыз. Анам торапайды «арам» деп маңына жоламайтын. Ол кісі өте діндар еді.
Күндердің күні суық та түсті. Біз кілең балалар, торапай тоңып қалмасын деп оған ыстық картоп беретінбіз. Торапай өсіп жатты. Тек біз ойлағандай еніне емес, ұзынына қарай. Сонымен ол жіп-жіңішке, сүйріктей болып ер жетті.
Мал дәрігеріне көрсеттік. Ол ыстық тамақ бермеңдер деп ескертті. Көктемге қарай сатуға ниет білідіріп едік, ешкімнің алғылары жоқ. Әркімнің өздерінде шошқа да сиыр да бар. Жазға қарай балалар демалыс лагері құрылғанын тостық. Өзеннің ар жағындағы лагерге әкем барып жолықты. Сойып әкелсең ғана қабылдаймыз депті. Енді қайттік? Көп ойланбай әкем «Серконы» жегіп, шошқаны тиеп, Бурное стансасындағы базарға сатуға әкеттім деп жолға шықты. Екіара жеті шақырымдай болатын. Мен бірге бармақшы болып сұранып едім алмады. Олар кете салысымен бақшаны кесіп, Теріс өзенінен өтіп, базарға төтелеп жаяу тарттым. Олар айналма жолды орап өткенше, мен үш шақырым алдыға ұзап кеткен едім. Әрине екі өкпемді қолыма ұстап, құстай ұшып жүгіргенім рас. Алаңсыз келе жатқан әке-шешем алдыда ұшып бара жатқан баланы көріп, «Апырау, мынау біздің Сәуле емес пе, Базеке?» депті анам жағасын ұстапты. Әкем айтады екен, «Жоқ, мүмкін емес» деп. Қуып жетіп қараса, расында менмін. Енді қайтеді, амалсыз арбаға отырғызып базарға бет алдық. Базардың қызып жатқан кезінде жеттік. Аспан айналып жерге түсердей ыстық. Түс ауғанша тұрдық. Қолды бір сілтеп үйге қайттық. Шошқа қорсылдап, шыңғырып, жаны шығып барады. Күні бойы аш, су да ішкен жоқ.
Бес-алтыларға таман үйге келдік. Анам маған бырқылдап ұрсып жүр. «Бұл сенің қырсығыңнан болған іс. Сенің арқаңда өзіміз де күнаға баттық!» деп. Анам ауруханасына кезекшілік жұмысына кетті. Әкем бір кісіні ертіп әкеліп шошқаны сойдырып, апарып өткізіп ақшасын алды. Осының бәрін анам келгенше жасап үлгірдік. Ыдыс-аяқты тап-таза етіп жуып-шәйіп қойдық.
Келесі таңда анам жұмысынан оралғанда еш жерде мүңкіген иіс-қоңыс жоқ, бәрі мұнтаздай таза болып тұрды. Анамның көңілі көтеріліп, арқасы кеңіді.
Жалпы тұрмысымыз жаман болған жоқ. Жазды күні мол қып, тоспа қайнатып алдық. Өзге де жеміс-жидек түрлерінен тоспа қайнаттық. Аузымыздан ақ май аға бастады.
Өкінішке орай бұл қуанышымызда ұзаққа бармады. Біздің тұрған тағы бір үлкен басшыға қажет болған сыңайлы. Казанкаға қоныс аудардық. Ол жерде бір бөлмелі пәтер жалдадық. Бір күз, бір қыс сонда паналадық. Сол кезде әлденеге көмір жоқ еді. Тезек жағатынбыз. Малы жоқтар даладан тезек тереді. Жазды күнгі балалардың ермегі мен кәсібі: суға түсу және тезек теру болды. Тезек теру мен үшін бір ғанибет шәруа еді...
Тезек теруге соншалықты төселіп алғаным: түс пен кеш аралығында бес мөшекті толтырып алатынмын. Әкем атпен келіп, өңгеріп алып кететін. Тезекті өзен жағалауынан, сол аумақтағы алаңқайлардан, қалың шалғын арасынан жинайтынбыз. Торсиған қалың тезекті көргенде көзің жайнап кетеді. Сарайдың аузы-мұрнынан шығып тезекке толды. Анам келім-кетім кісілерге менің қызымның жинаған тезегін көріңдер деп мақтанатын.
Әке-шешем тату-тәтті өмір сүріп жатты. Олардың бір-біріне дауыс көтеріп, қабақ шытысып, ұрыс-керіс шығарғандарын көрмеппін. Әкем салқынқанды, бір тоға мінезді кісі еді. Әкем ерте тұратын. Су әкеліп, отын жарып, аяқ киімдерді тазалап, анамның бір жағынан шығып жүретін. Сыртымыздан бізді «шоқынғандар» дейтін. Себебі оңтүстік жақтың еркектері үй шаруасына араласпайтын. Бәріміз де үйде орысша сөйлеп, орыс мектебінде оқитынбыз. Біздің отбасы орыс қауымымен етене араласты. Содан болар қазақы салттарды онша біле бермейтінбіз. Басымызға қонған бақтың ұшатын да кезі таяп қапты. 1937 жыл келді. «Черный ворон» деп ел арасында атаққа ие болған машинамен әкемді түнде, кейде тал түсте тергеуге әкете бастады. Бірнеше күн жоқ болып кетеді. Ол жақтан қара түндей түнеріп, қап-қара болып оралатын-ды. Біз сылдыр еткен дыбыстан зәре-құтымыз қалмай шошып, әкемнің келгенін тосып отырамыз. Біздің үйде бір қалың папка толы фотосуреттер еді. Олар: «Алашордашылардың», «Алаш» съезі делегаттарының және сол жылы атылып кеткен арыстардың суреттері болатын. Анам көзінен көл-көсір жасы ағып отырып, сол суреттердің бірін қалтырмай өртеп жіберді. Әскери киінген кісі көрсек, жүрегіміз тоқтап қала жаздайтын-ды.
Әрине бұл суреттерді мықтап орап, бір жерге көміп тастауға да болар еді.
Бүгіндері ол суреттердің қадірі керемет артып, мұрағарт үшін табылмас қазынаға айналар ма еді. Оқыған, зиялы қауым өкілдерін бірінен соң бірін әкетіп жатты. Аурухананың бас дәрігері Смоляков деген өте мәдениетті егде кісі болатын-ды. Жұбайы оқытушы болып істейтін. Олар менің ата-анаммен араласып тұрды. Сол кісіні атып тастады. Оның Лиля деген қызы менімен қатар төртінші класта оқыды. Менің әкемді қаралауға нақтылы дәлел таба алмады ма әйтеуір сұрақтан сұрақ алып, қыр соңынан қалмады. Қазақтың: «Қырық жыл қырғын болса да ажалсыз өлмейді» дегеніндей әкемнің көретін тозағы әлі алда екен. Қапаланған кезінде: «Бүйтіп қорлағанша атып тастағаны жақсы еді!» деп күйзелетін-ді. Смоляковтың әйелі де көрмегенді көрді. «Халық жауының қатынысың!» деп көзіне де шұқыды. Лиля біздің үйге келіп паналайтын. Сол қыздан қышыма қотыр жұғып, анам екеумізді де емдеп жазды.
1938 –жылдың аяғына таман бізді Казанка колхозының бір түкпіріне көшіріп жіберді. Бастапқыда бір жер кепені пана еттік, сосын көктемге қарай бау-бақшасы жоқ, екі бөлмелі бір үйді сатып алдық. Едені жер болатын. Үйге қабырғалата салған сарайы болды. Бәрі бір шатырдың астында. Бір күні үйдің артқы керегесі тозықтан құлай бастады. Анам жұмыстан келген соң, өзі батпақ айдап, жыртығын жамап, майлап, әктейтін. Біреуді жалдауға көк тиын жоқ. Бір жақсысы осы жер кепеде үлкен орыс пеші бар еді.
Анам қолда бардан неше түрлі тамақ пісіретін. Сөйтіп жүріп жұмысқа да үлгерді. Жыртығымызды жамап, жуып-шәйәтін. Қазіргідей кір жуатын машина жоқ. Үйдің іші мұнтаздай таза болды. бірнәрсені төгіп-шашудан, жерден бірнәрсе алып ауызға салып көргеннен құдай сақтасын!. Басыңа әңгіртаяқ ойнайды!..
Әлі есімде біздің өзімізде тауық бола тұрса да мен көршінің ұясынан екі жұмыртқа қымқырып алып келгем. Анам ұрлығымның үстінен өзі түсіп, әлгі екі жұмыртқаны басыма жарды. Бұл бөтеннің ала жібін аттамауыма зор сабақ болды. Анам қолы ашық, дастарқаны кең жан еді. Ашуланса, қайтымы тез болатын. Әңгіме айтқанда майын тамызатын. Жастық шағын еске алатын. Әкем екеуінің қалай қосылғаны туралы сыр шертуші еді. Біз тыңдағаннан жалықпайтынбыз.
Әкем астында өкіметтің аты болды. Сол атпен ол төңіректегі колхоздарды аралап тұратын-ды. Су шаруашылығының учаскелік технигі болып істеді.
Жаздай тағы сол қыстың қамы үшін тезек тереміз. Одан басқа жағатын отын болмады. Жер еденді сиырдың жас қиымен майласа, кепкеннен кейін сыпырған кезде жылтырап тұрушы еді. Әрине, иісі қолқаны ататын.
1940 жылы анам егіз бала туды. Ұл мен қыз. Обалы нешік, ол екеуі ары кетсе екі ай ғана жарық дүниені көрді. Ол аз болғандай үйдің артқы қабырғасы мүлдем құлап қалды. Көшедегі ел көрінетін болды. Өз күшімізбен сабан араластырған домбақпен бекітіп, жамап-жасқап алдық. Өстіп жүргенде анам өкпесіне суық тигізіп алып, көкірек ауруына шалдықты.
Анамның ата-анасы: әкесі Жақып, шешесі Айша. Олардың тоғыз баласы болды. Бәрінің тегі Ниязов болатын-ды.
1. Қожамсейіт
2. Ұлтуған
3. Өрік 1895ж.
4. Зейнеп (менің анам) 1901ж.
5. Дәмеш 1904ж.
6. Серікбай 1908ж.
7. Жаңылыс 1906ж.
8. Есімбек 1910ж.
9. Тойжікен 1912ж.
Анам Қожамсейіт ағасының қолында бойжетті. Ағасы қатты еркелетіп, жақсы көрген екен. Анам өте көркем және ақылды қыз болыпты. Бір байдың баласына айттырыпты. Бірақ оған тұрмысқа шығуға үзілді-кесілді қарсы болып, мал-жаны тасыған бай болмаса да Қазан университетінің заң факультетін тәмамдап келген білімді адам, әкеме қосылыпты.
СҰРАПЫЛ СОҒЫС
1941жылы орта мектептің жетіжылдық класын үздік бітірдім. Шымкент металлургиялық техникумына құжаттарымды тапсырған едім, оқуға қабылдандыңыз деген хабар келді.
1941 жылдың 22 маусымында соғыс басталып кетті. Басқыншылар қысқа мерзім ішінде ентелеп талай жерді басып алды. Бұндай аласапыран уақытта мені ит арқасы қиянға жіберуге қарсы болып, оқудан бас тарттым. Сонымен сегізінші класқа барып, білімімді жалғадым. Мектеп Бурно-Октябрьскіде еді. екі ара алты-жеті шақырым. Бізден онша алыс емес Красный Октябрь колхозында Дәмеш тәтелер тұратын-ды. Олар да Қапалда тұрған кезде қуғынға ұшырады. Сұлтанбек аға «халық жауы» болып, атылып кетті. Не болса бізді паналап, жақын таман келген түрлері еді. Біз де кеудемізді көтертпейтін ауыр нәубеттің астында жүріп жаттық. Жоқшылық пен қайғы қыр соңымыздан қалмады. Анам өкпе дертіне ушығып, күннен-күнге семіп бара жатты. Құнарсыз тамақ, дәрі-дәрмек те жоқ. Иттің майын ішіп, ет же деп кеңес береді. Анам иттің майын ішуге үзілді-кесілді қарсы болды. Және оны кім әзірлеп бере қояды. Әкем күні бойы дала жұмысында. Сол гидротехник.
1941 жылдың күзінде анам мүлдем төсек тартып қалды. Басын көтергені болмаса, тұруға шамасы болмады. Аузы жарып тамақ та іше алмады, сыз батпақ пен жүйке күйзелісі анамды бір жола діңкелеткен сынды.
Бірінші тоқсанды аяқтаған соң, оқуды тастауға тура келді. «Мен ары қарай оқи алмаймын. Анамды күтуім керек» дедім. Мектеп директоры Елисей Семенович Хан деген кісі болатын. Ол маған оқуды тасмағаның дұрыс болар еді, жағдай солай болса қайтесің деп өкініш білдірді.
Біздің үйде қолда бармен жемдеп отырған құнажын бар еді. Соны союға тура келді. Анам ақ ішсін деп ешкі сатып алдық. Мені әкем үйге алып келді. Анам мүлдем әлсіреп кеткен еді.
Бұл кезде майданнан жаралы сарбаздар келіп жатты. жер аударылған жебірейілдерді үй-үйлерге таратты. Бұған дейін депортацияға түскен поляктар мен әзірбайжандар тұратын осы колхозда. Біздің үйге үш кісіні әкеп паналатты. Ерлі-зайыпты мен жеті жасар ұлды. Еркегі өте еңбекқор кісі екен. Бақша отырғызып, күтіп-бапта, соның арқасында отбасын аман алып қалды.
Осылар сияқты тағы бір отбасы болды. Шешесі мен қызы екеуі еді. Отыз бес жастағы сұлу әйел болатын. Харьковта жұмыс істепті. Міне солар өздерімен бірге ала келген қорлары түгесілген соң, аштан өлді.
Біз де сүрініп-қабынып жүріп жаттық. Анам өз бетінше тұра алмаған соң, ауа-райы жайлы күндері көтеріп, сырқа шығаратынбыз. Жан-жағына соңғы рет қарағандай сұқтана көз тастайтын. Аспан, күн, төңіректегі көк шөпті қимай, іштей қоштасатын секілденді. Енді бұл дүниенің адамы емес екенін білді. Анам өстіп жатып қалғанша мен үй жұмысынан хабарсыз едім. Нан жаю, кір жуу дегенді білмеппін. Шындығында ол маған осы жұмыстарды сеніп тапсыра алмайтын-ды. Бір күні ол мені қасына шақырып: «Қызым, кір жууыңа болады» деді. Сондағы менің қуанғанымды айтсайшы. Маған сенім артты ғой! Қолма-қол су ысыттым да сағат оннан түс қайтан кез, екілер шамасында бір кәритә кірді қолмен жуып тастадым. Жуылғанда да керемет жуылыпты! Анам менің пысықтығыма қатты разы болып, қуанышын жасыра алмай «Менің алтын, қызым!» деп айта беріп еді.
Өмірден өтер алдында мені қасынан қарыс қадам ұзатқысы келмеді. Жанында болғанымды қалады. Дүние салардан екі-үш күн бұрын әкемді шақырып: «Базеке, Сәулені қайткен күнде оқыт. Ол аяғына тік тұруы тиіс. Ол сонда ғана Әзия мен Роза бас-көз бола алады. Далаға тастамайды. Менің өстіп жатып қалған кезімде ол отбасына адал екенін дәлелдеді. Үлкен жауапкершілікті мойнына ала білді. Қызымның адамгершілігіне көзім жетті!» деді.
1942 жылы 10 мамыр күні сағат күндізгі төртте анам мәңгілік көз жұмды. Әкем ол кезде елу төртте еді. Мен он алтыға толғам. Әзия он төртте. Роза жетіге келген. Туысқан атаулыдан қасымызда жалғыз Дәмеш тәте болған. Ол кісі де сіңлісін жерлеген соң, балаларын ертіп,Талдықорған жаққа ел арасына кетті. Біз бөтен жұрттың арасында аңырап қала бердік. Қаңыраған үйде әкем мен үш бала қалқиып, жетім-жесір хәлге түстік.
Азық-түлік жағы қиындады. Эвакуацияланғандар қаптап кетті. Барлығының қолында шытырлаған ақша. Ет, май дейсің де әйтеуір бар тамақты олар бытырлатып сатып алып жататын. Сөйте-сөйте екі-үш айдың ішінде азық-түлік бағасы күрт өсіп кетті. Біздің қолымызда ақша жоқ. Анам қайтыс болғаннан біраздан соң, әкем кейбір киім-кешектерді базарға апарып, айырбасқа салмақ болып еді. ешкім ала қоймады. Базардан қатты қапаланып оралды.
Бізге іргелес көрші болып Әліш деген кісі тұратын. Әйелінің аты Жәмила. Әліш атқорада ат бағушы болып істейтін. Мінуге жарамсыз деп саналған ауру жылқыны бауыздап, өлексесін үш-төрт шақырым жердегі апанға апарып, үстіне кәрелен құйып тастайтын-ды. Кейде жылқыны әдейі ауру қылатын да секілді. Ондай кезде оған кәрелен құймайды. Түн жамылып әр үйден бір-бір кісі топтасып, жағалай өскен бидайдың арасымен сол шұқырға жасырынып баратынбыз. Соғыс кезінде егістікті арнайы күзет қарайтын-ды. Ат тұяғының тықылы естілсе, бет-бетімізге қашып, бой тасалаймыз. Шұңқырға арқан арқылы үш-төрт адам түседі. Олар жылқының терісін сыпырып, мүшелеп бөледі. Әрқайсымыздың дорбаларымызға ет салып арқанмен жоғары тартып аламыз. Төмендегілер кімге қандай ет салғанын айтып тұрады. Не себепті ет кесектерін жақсы немесе орташа деп бөлетінін ол кезде түсінбеуші едім. Осыны бұйыртқанға тәуба қылатынбыз. Қазы, жал-жаяны бізге бермейтін. Оның не екенін де білмейтінмін. Етті арқалап үйге жеткен соң, көже әзірлеуге кірісем.
Анам қайтыс болғаннан кейін көп ұзамай, мен колхозға мүшелікке өтуге арыз жаздым. Соғыс кезінде кім жұмыс жасамаса немесе оқымаса оны ФЗО-ға (фабрично-заводское обучение) Қарағанды шахтасына жөнелтетін-ді. Сонымен қолхозшы болып шыға келдім. Алғашқы күні бізді арық қазып, тазалауға жұмсады. Түске таман белімді жаза алмай қалдым. Екі қолым дуылдап, белім сырқырап, басым солқылдап үйге қалай жеткенімді білмеймін. Абиыр болғанда екі-үш күннен кейін денем ширап, елден қалмай жұмыс жасап кеттім.
Біз жасамаған жұмыс қалмады. Орақпен егін ордық. Шөп жинап, шөмеле салдық. Орылған бидайды бір орыннан екінші орынға көгеріп кетпесін деп сапырылыстырдық. Қол елекпен бидай тзаладық. Ол елек-треер деп аталушы еді. Оған шелекпен бидай салып, қолмен айналдырасың. Қара күшті талап ететін тым ауыр жұмыс еді. Колхозда әйелдер, қыздар және әскер жасына жетпеген жасөспірімдер жұмыс жасады.
Мый қайнаған ыстық. Қарын тойып тамақ та ішпейсің. Әлсіздіктен басың айналады. Жұмыс күні біткен соң, өзен жиегіндегі көгалға жатып тыныстаймыз. Бекер жатпай, ән айтамыз. Тегі елең-алаңнан тұрып жұмысқа шығушы едік. Колхоз басқармасы кеңсесінің алдына жиналамыз. Біргадір бізді жан-жаққа бөліп, таратады. Тая жерге жаяу кетсек, алысына арбамен апарып тастайды. Жол-жөнекей ән салып барамыз. Қаншалықты қиындық көрсекте еңсемізді түсірмедік. Ертеңгі күннен жақсылық тосатынбыз. Осындай сенімнің арқасында аш-жалаңаш жүргенімізді де ұмытып, кемел келешектің нұрынан қуат алушы едік.
1942 жылдың мамыр айынан қарашаға дейінгі тапқан еңбегім екі мөшек бидай ғана болды. Бұл жаман жұмыс істегенімнен емес, астық майданға қажет болды. Үй-үйді аралап жылы киім, темекі, оны салатын кисет жинайтынбыз. Майданға хат жаздық. Өзіміз азып-тозып, бір де тоқ, бір де аш жүрсек те сағымыз сынбады. Ән салудан да жаңылмадық. Ала таңнан қара кешке дейін тынымсыз еңбек етіп, Ұлы Жеңісті жақындату үшін тер төктік.
1942 жылы отбасымызбен Таңшығыс колхозына көшуге мәжбүр болдық. Себебі Казанкада жұмыс болмады. Жаңа жерде әкем келісім-шарт бойынша бас бухалтер болып орналасты. Еңбекақы ретінде айына бір центнер ұн, үш килограмм сары май және үш литр сүт беретін болды.
Таңшығыс қолхозы ауданның ең бір түкпіріндегі тау бөктеріндегі елді мекен екен. Бір жесір әйелдің үйінен бір бөлме таптық. Әкеміз күні бойы жұмыста. Мен де қолхоз шаруасымен үйде отырмаймын. Роза кішкентай. Әзияның үй шаруасына шамасы әлі жете қойған жоқ. Бір күні әкем мені қасына шақырып алып: «Сәулетай, осындағы ауыл ақсақалдары маған үйлен деп қолқа салып жатыр. Ең құрғанда кір-қоңдарыңды жуып беріп, қарындарыңды аш етпейді дегендей әңгіме айтты. Сен қалай қарайсың?» деді. Мен оған: «Егер үйленгің келсе, анам сияқты адаммен бас қос. Ондай адамды қайдан табасың?» дедім. Әкемнің ұнжырғасы түсіп кетті.
Таңертең жұмысқа жиналып жатқанда анамның Елена Владимировна туралы айтқан сөзі есіме түсе қалды. Сол Лена Черкасская деген тәтей анаммен ауруханада қызметтес болып еді. Өте сыпайы, сүйкімді кісі болатын. Оны 1938 жылы «халық жауының әйелі» ретінде Оңтүстік Қазақстанға жер аударған еді. Балалары Украинада қалып қойған-ды. Анам көз жұмар алдында: «Лена, менің балаларымды тентіретпей, бас-көз болшы. Егер өз балаларың табылмаса, менікін өзіңдікіндей көргеніңді қалаймын» деп оған бізді аманат еткен-ді.
«Сіз неге Елена Владимировнаға барып жолықпайсыз?» деп едім, әкем қуанып кетті. Сол күні шананы жегіп, Казанкаға жол тартты. Кешқұрым ана кісіні үйге алып келді. Қалай дегенмен қаншалықты керемет кісі болғанымен ол біздің анамыздың орнын толтыра алмады. Әкем мен кішкентай Розаға жақсы қарады. Шынын айтсам, әкем жасарып кеткен сияқтанды. Төңіректегі қазақтар бізге қырын қарады. Қазақтың әйелі құрып қалғандай, әкемнің орыстан қатын алғаны оларға ұнамады. Ең бастысы біз үшін әкеміздің жесірлік тауқыметті көрмегені еді. Үйдің іші тап-таза. Тамақ уақытында әзір тұрады. Мен де алаңсыз қолхоз аралап, жұмысымды тыңғылықты істей бастадым. Агент ретінде үш қолхоздың ел-жұртымен жүздесіп, салық мәселесін шешіп, хат-хабар жеткізіп, қаржы жинап, майданға арналған әскери-заемге жазылуға үгіттеймін.
Халық ыңыршағы шыққан кедей болса да салықтарын уақытылы төлеп, бір тиындарын аямай, заем алатын. Олардың көксеген ең басты армандары соғыс бітіп, ел басына бейбіт өмір келгені ғана болатын-ды. «Бәрі тек, майдан үшін! Бәрі тек Жеңіс үшін!» деген ұранмен жүріп жаттық.
Жиналған қаржыны аудандық орталық поштаға жеткізетінмін. Атыма мініп, жолға шықтым. Қақаған қыс. Сақылдаған сары аяз. Ең 20-25 шақырым қашықтықта. Қапалақтап қар жауды. Ол біраздан соң бұрқасынға айналды. Қас қарайғанда Благовещенск селосына ат басын тіредім. Сол жерде қалып, түнеп шықанның орнына ары қарай сапарымды жалғастырдым. Түркісіб қолхозына жетіп, солардан салық жинап алған соң, ары қарай жүрмек болдым. Екі шақырымдай ұзап шықтым. Қараңғы түсіп кетті. Бір қалыпты бозарып жатқан қардың сілемі ғана көлбеңдейді. Адасатыныңды білсең аттың басын бос қоя беру керек деген есімде бар. Тізгінді босатып, атты еркіне жібердім. Бір кезде атым күрс етіп бір шұқырға түсті де кетті. Сасқанымнан тізгінді қатты артып қалғанда ат жұлқынып қалды. Мен ерден ұшып жерге түстім. Бір аяғым үзеңгіде қалды. Бір жақсысы жылқы тырп етпей орнында тұр. Ал мен болсам, тұра алар емеспін. Осы сәтте шақшадай басым шарадай болып, қандай ойлар келмеді дерсің. Менің бағыма орай жылқым жуас екен. Ары-бері қозғай-қозғай аяғымды босаттым. Киген буркам үзеңгіде қалды. Оны алып қайта кидім. Атқа мінуге дәтім бармады. Және үзеңгіге аяғым да жетпес еді. Содан белуардан келетін қарды омбылап, атымды жетектеп, тау бөктеріндегі шамы сығырайған ауыл жақты бетке алдым. Соңымдағы атым менің ізімді басып келе жатты. Егер алда-жалда сүрініп жығылар болсам, ол мені таптап кетуден тайынбайтын секілденді. Мый дала. Қара түнек.
Өлдім-талдым дегенде атқораға да жеттім. Сөйлеуге шамам жоқ. Жалп етіп еденге бір-ақ құладым. Ат қараушы менің жылқымды алып, ақырға апарып байлады. Есімді жиған соң, ауылдық кеңестің төрайымының үйіне қонуға кеттім. Найман руынан тараған Әлиша деген әйел еді. Жол түскенше сол үйде екі күн жаттым. Содан кейін ауылдық кеңестің төрайымымен Төңкеріс, Самсоновка, Чапаев ауылдарына салық жинауға шықтық. Чапаев қолхозында екі күн тежелдік. Жол жоқ. Қалың қар басып тастаған. Әкем тұратын Таңшығысқа қайтатын уақытым да болған. Чапаев қолхозының шатауаты әйелі екеуі жол түсіп, күн ашылғанша әлі де қала тұр деп қолқа салды. Тегі Сансызбаев деген еді. оларға мен көне қоймадым. Өрекпі мінезім жеңіп, төтелеп тау арқылы жүрсем үш-төрт шақырым ғана болады және тауда қар да қалың емес деп өзімді сендірдім.
Таңғы шәйді ішкен соң, атқораға барып бақташыға жылқыма қарай тұр деп тапсырдым да жаяу тауға қарай тарттым. Қар белуардан асады. Малтығып, қарға адым аттау бейнет болды. Таудың етегіне жеткенше малмандай су болдым. Кері қайтқым келіп кетті. Бірақ лүп еткен әлсіздікті жеңіп, ары қарай қалың қарды есіп, жүре бердім. Аспан көгілдір тартып шәйдай ашылған. Жан-жақ ақшағырмақ болып, күміс теңгелер шашып тастағандай қардың беті жылт-жылт етеді. Таудың ішінде мене өзге тірі жан жоқ секілді. Қарайған ноқат көзге шалынбайды. Түске таяп қалды. Ал мен болсам, жарты жолды игергем жоқ. Өзіммен бірге ең болмаса бір жапырақ нан, бір ұрттам су алмаппын. Қарды асап, шөлімді қандырмақ болам. Одан қалса, сілекейімді ғана жұтам. Болдырған кезде қарға жалп етіп құлай кетем, әл жинаған соң қайта қозғалам. Тауды құлдилай түсіп бара жатып, бір терең омбыға тап болдым. Аяғымды суырып басуға шамам келмеді. Сосын әрең дегенде отырып, қарға аунап, денеммен таптауға кірістім. Сөйтіп амалдап, әрең дегенде бұл қақпаннан да құтылдым. Күн батар мезгілде әбден қалжырап, ауылдың іргесіне таядым. Алдымда терең сай жатты. Жерүйдегі контор сол тұсқа жақын еді. Менің көмекке шақырған дауысымды әкем естіп, екі жігітті маған қарай жіберді. Ол екеуі мені қолтығынан көтеріп, дырылдата сүйреп, сайдан аман-есен арғы бетке алып шықты. Артынан олар маған, сол тұста қасқырлардың жүретінін айтты. Құдай сақтап, мен түз тағыларының көзіне түспеппін.
Сілікпем шығып үйге келдім. Елена Владимировның екі көзі атыздай болып, қатты шошыды. Келесі күні тұра алмадым. Сол жақ иығым мен басымның жартысы жансызданып қалды. Әйтеуір емдеп жазып алды. Тірі адамға көктем де келді. Наурыз айы туып, төңірек жылынып, шуаққа бөленді. Менде аурудан арылып, жаңа туған адамша қайта түлей бастадым.
Соғыс оты әлі де лапылдап тұрған шақ еді. 1943 жыл болатын-ды. Әскерге 1925 жылы туған, он сегіздегі жас жігіттерді ала бастады. Оңтүстік қазақстан облысы үлкен аймақ еді. Қолхоздар да мал көп болды. Бірақ елдің жағдайы жұтаң еді. Ер адамдардың қатары жылдан-жылға сирей түсті. Барлық жерде әйелдер мен қыздар еңбек етті. Мен «жорға» деген атпен қолхоздарды аралап жүрдім. Мінген атым шынымен жорға еді. Әткеншек тепкендей шайқалып отыратынмын.
Бурное стансасынан Түкісібке дейін жиырма бес шақырым. Салт атпен жүру оңай болмады. Әсіресе жас қыз үшін Райфо агенті болуы оңайға соқпады. Өстіп ел аралап жүрген кезімде не қилы оқиғалар басымнан өтті. Көбінесе ауылдық кеңестің еден жуушысы, бір жесір әйелдің үйіне түнеп жүрдім. Оған шамам келгенше салық жағынан жеңілдік жасап, көмек көрсеткен болдым. Жалпы алғанда жұрттан жапа шеккен жоқпын. Тек Төңкеріс қолхозының төрағасы Бейсембай деген сұмнан ғана болмаса. Ол тапалтақ бойлы, екі-үш тал боп ербиген тышқан мұртты, көздері жылт-еткен бір сүйкімсіз біреу еді. Жасы елулер шамасында. Мені көрсе болды: «Көзін қарашы!» деп таманып тұрғаны. Сол қолхоздың шатауатын араға салып, маған қырындағысы келді. Анау жас келіншек еді. Үйіне қонаққа шақырды. Ананы-мынаны әңгімелеп отырғанда уақыт жәй болып кетіпті. Сол үйге қона салдым. Жерге төсек салып, жеке жатқызды. Таң алды болар, әлденәрсе аяқ жағымда жыбырлап, өрлеп келеді. Ұйқылы-ояу қалпымда қос аяқтап бір-ақ тептім. Сөйтсем, ол – әлгі, маған сілекейі шұбырып жүрген төраға екен. Жалп етік шалқасынан құлады да атып тұрып, тұра безді.
Жедел киініп алып, әкемнің берген планшетін мойныма іліп сыртқа шықтым. Таң қылаң беріп, енді атып келе жатыр екен. Ағаштың түбіріне отырып, ал жыламайсың ба келіп... Артынан аңғардым. Мына шатауат қатын мені әдейі шақырып, арандатпақ болған екен. Анамыз бұндай қылтың-сылтыңға өте қатал болды. Ұлдардың маңына жолауға қорқатынбыз. Осындан кейін ол қолхозға қонаға қалмайтын болдым.
Соғыс кезінде шал-шауқандардың басы кете бастады. Өздерінен өзге еркек кіндік қалмаған соң құтырды. Жас келіншектерге көз салып, тіпті уыздай жас қыздарды әйелдікке алып жатты. Мүмкін сондай сұмдықтарды көзім көргеннен соң ба еркек атаулыға сенімім азайды. Себебі олар жасқа қарамады. Сол уақытта он жеті-он сегіздегі кезім еді. Нәпсіқұмарлық хайуандарға айтар сөз бар ма?..
Кейін анамның зиратының басына Тәкен екеуміз барған кезде, сол сұмырайға әдейі соғу керек еді. Барып бетіне түкіру керек еді. Бір жағы ит пен ит болып қайтем дейсің.
1943 жылы жазғасалым әкем: «Сәуле, Аягөздегі техникумға түссең қалай болады?» деді. Районодан жолдама алып, Бурное стансасына бет алдым. Бұған дейін РайФомен есеп айырысып, аяғыма қазықөкше төпли сатып алғам. Бұл менің баяғыдан бергі арманым болатын-ды. Анам дүниеден кетерін біліп, өмірден күдерін үзген бір шағында маған сандығындағы бұлдарды көрсетіп, осыдан көйлек тіккізіп ки деп еді. Көгілдер атлас пен ақ чесуча-жібек екен. Аманат еткеніндей жергілікті тігінші апарып, көйлек тіктіріп алдым. Жолға шығар түні Елена Владимировна әкемнен: «Қызыңа? туфли сатып алуға ақшаны сен бердің бе?» деп сұрағанын құлағым шалып қалды. Таңертең ештеңе естімегендей болдым. Әкемді режіткім келмеді.
Пойызға билет еркін сатылмайтын. Сонымен қатар мен аттанып бара жатқан Аягөзде ешқандай техникумның жоқ екенінен де хабарсыз едік.
Бурное стансасына келдік. Ол кезде салдырлаған ашық машинаға отырасың. Әкем сберкассаға облигациясын айырбастап немесе тексертіп алуға кетті. Бір кезде жерден жеті қоян тапқандай қуанып жетті. «Жарығым, жолың болады екен! Ақша ұттық!» деп. Билет алдық. Жүз елу сомды жеке жанқалтама салып, азын-аулақ ақшаны жол-ырысқұтыңа деп қолыма ұстатты.
Анамның плюш палтосы мен өзімнің киіп жүрген сұр палтомды тастап кеткем. Жазды күні болған соң тоңбаспын деп, жеңіл-желпі жолға шықтым7
Қайда бара жатырмын? Қайда баратынымды да анық білмеймін. Әкем айтқан, Матай стансасында Қабжан тұрады, ал Лепсі стансасында Сәкен деп Ол кісі біз Саратовта тұрғанда бірінші әйелімен келіп, біздің үйде біраз қонақ болғаны бар-тын. Туған-туысқандардың бірі тұтқындалып, енді бірі жер аударылып жатқан кезде анамыз әкемнің артынан этаппен Әзия екеумізді ғана алып кеткен еді. Ал София деген асыранды қызды соларға тастаған болатын. Олардың өз балалары жоқ-тын. Бірақ кейін олар Софияны балалар үйіне өткізіп жіберіпті.
1944 жылы әкем отбасымен Лепсіге арнайы шақыртумен көшіп келді. Сол кезде Софияны іздеді. Бірақ таба алмады. Әкем Елена Владимировнаны ерте келген-ді. Бірақ Тілеулі ата мен басқа да үлкен ақсақалдар бұл әйелді кейін қайтаруға ұйғарым шығарып, әкемді көндірді. Жол қаражатын, тамағын беріп, ың-шыңсыз шығарып салдық.
Кейін біз Лепсіде тұрып жатқанда одан хат келді. Бізге таяу маңда тұрғысы келетінін жазыпты. Үштөбеге келмек болған сыңайлы. Мен оған жауап жазбадым. Себебі оған өкпелеп қалған едім.
Сонымен Матай стансасына табан тіредім. Кешкі сегіз-тоғыз шамасы. Ешкімді танымаймын. Кездескен біреуден: «Қабжан Мұхамеджанов қайда тұрады?» деп сұрадым. Үйінің қай тұста екенін көрсетті. Айнала бұйрат-бұйрат құм. Қызыл шағыл аяқ бастырмайды. Сөйтіп теміржолшының жатағын таптым. Орыс па неміс пе ұлтын ажырата алмадым бір әйел қарсы шықты.
- Қабжан, осы үйде тұра ма? Деп сұрап едім, ол:
- Сен кімсің? –деді.
- Аталас ағасының қызымын, қарындасы болып келемін, - деп сосын ата-анамның кімдер екенін айттым.
- Ол қарындасым бар деп айтқан емес, - деді мені жақтырмай. Оған оңайшылықпен беріле қоятын мен емес:
- Сіз оған қоңырау шалыңыз, - дедім. Ол қоңырау шалып:
- Костя, мында бір қыз келіп, сенің қарындасыңмын деп тұр, - деді.
Көп ұзамай, Қабжан да жетті арсалаңдап. Қуанышында шек жоқ. Келе сала мені құшақтап, бетімнен сүйіп, мәре-сәре болды. Осыдан соң ғана маған әлгі әйел үйге кір деп ыңғай танытты. Дастархан жайып, шәй берді. Әбден шөлім қанғанша іштім. Жолды көтере алмай ауырып қалдым. Содан сол үйде үш күн жаттым. Кішкене сауықсам, Лепсіге кететінімді айтып қоям. Қабжанның әйелі:
- Қолыңнан қандай іс келеді? Арнайы білімің жоқ. Осында тұра бер, -
деді. Шынымды айтсам, ол үйде тұра да алмас едім. «Отырсаң опақ, тұрсаң сопақ» демекші, ары жүрме, бері жүрме деп ана қатын мені аңдумен күні өтті. Олардың үш-төрт жасар Грета деген қыздары бар еді. Әйелдің ойы: мен соған қарап, арасында үй шаруасын да істесе деген сияқты. Ертең бәрібір кететінімді айттым. Сенекке төсеп сап берді. Төплиімді төсек астына қойып, көйлегімді ілдім. Таңертең тұрсам көйлегім ілулі тұр. Төплиім жоқ. Шабанданға салған жүз елу сом да қолды бопты. Елена Владимировна берген ақ нәскей де ұрлаған. Көз жасым көл болды. Қабжанға айттым, сенің қатының ғана алды, ода басқа кім алады деп. Ол әйелін жақтап шықты. Оның ондайы жоқ деп. Жолға билет алып берді. Әйелінің аты Зина еді, оған бір төплиіңді берсеңші деп еді, ол «бұл қыздың аяғына сыймайды» деп бермей қойды. Бұрышта төрт-бес пар жатқан еді. аяғым да киіп көрдім, шап-шақ, бірақ ана қатын қасарысып бермеді. Содан Қабжан өзінің аяғындағы қырқыншы размер сандалын шешіп берді. Газетті бес-алты қабат қып аяққа орап, киім алдым да сапарыма шықтым.
Жан адамын танымайтын Лепсі стансасына да жеттім. Бар білетінім, әкемнің туысы Сәкен ағаның осында тұратыны ғана. Екі ара қырық минуттық жол екен. Кешкі он-он бірлер шамасы. Вокзалға кірдім. Іші қап-қараңғы. Пештің түбіне барып, арқамды сүйеп тұрдым. Менімен бірге түскен бір әйел анадай жерге барып отырды. Бір қария кіріп келді де әлгі әйелді бас салып құшақтап жатты. Сөйтсе ол ауруханадан шығып келе жатқан көрінеді. Олар бір-бірін жетектеп шығып кетті. Сол кезде өзімнің жалғыз қалғанымды біліп, «аталап»соңдарынан тұра жүгірдім. Олар кідіріп мені тосып алды. «Ата, мен Базарбайдың қызымын!» дедім. Ол бетіме қарап: «Зейнептің баласымсың?» деп сұрады. Сосын бауырына басып, маңдайымнан сүйді. Өздерімен бірге ерте кетті. Жолай: «Ата, Сәкен аға қайда тұрады?» десем, «Ол әскерде, фронтта жүр. Мені сені Айтжамалға апарайын» деп өз үйіне ерткісі келмеді.
Бұл кісілер жетінші кварталда тұрады екен. Сусылдаған құм аяғыма толып кетті. Жүру алмаған соң, салпылдағымды шешіп алып, туыстарымның үйіне жалаңаяқ тарттым.
Әкем айтып еді, сол өңірдегі елге: «Мен Базарбайдың қызымын десең, бәрі біледі, сені қарсы алады» деп. Айтжамал тұратын тоқал тамның да тұсына келдік. Ата: «Рәбиға, Айтжамал, Сәуле келді!» дееп айғайлады. Олар далаға атып шықты. Көрісіп, беттерімізден сүйіскен соң, үйге де кірдік. Қолма-қол самауыр қойылды. Рәбиғаның сауын сиыры бар екен. Сүт толы құты дастарханға жайғасты. Бар мәзірлерін аяған жоқ. Астыма көрпе салып, ханшайымша төрге шығарып күтіп-ақ жатыр. Аузыма салға түйірмід жұта алмадым. Тамағыма өксік кептеліп, егіліп тұрып жыладым. Басымнан өткеннің барлығын айтып, шерімді тарқаттым.
Ертеңгісін Айтжамал аяғындағы төплиін шешіп маған берді де өзі мен киіп келген сандалы аяғына ілді. Керегетастағы туыстарымызға ертіп апарды. Артынан естідім. Анамның әпкесі Өрік осында келіп, Тынышбектің үйінде қонақта болыпты. Оның әйелінің есімі Роза еді. Тынышбек кейін Алматыда Орталық комитетте қызмет істеді. Ол соғыстан жаралы болып оралған екен.
Өрік апа мені Үшаралға алып барды. Ол кісінің екі ұлы майдан даласында қаза тауыпты. Ал үлкені Абай осындағы ауыл шаруашылығы басқармасында бас бухгалтер екен. Оның әпкесі Зейнеп өзімен бірге тұратын көрінеді. Зейнепті Сталин атындаығ қолхозға мұғалім ретінде жолдамамен жіберіпті. Сонда барып қонақ болып қайттық. Ол менің көйлегіме қызығып, біреуін сұрады. Өзімдегі бар болғаны екі көйлек қана, қайтып берем, бере алмадым. Біраз болған соң, Лепсіге қайтатынымды айттым. Абай мені жүк көлігіне отырғызды. Молдау етіп картоп және ұн салып берді. Артынша Әбітай келді. Әкелген сарқыттың біразын үйге тастап, қалғанын сатты. Маған қара төпли алып берді. Мен оны Айтжамалға тарту еттім.
Бос жүруге болмады. Жұмыс іздеуге шықтым. Мені Райздравқа есеп-қисап түгендейтін хатшы қылып алды. Ауруханалардан түскен есепті жинақтап, ары облыс орталығына жөнелтетін жұмыс екен. Бір жетідей жұмыс істедім. Аяқ-асты мені Райисполкомға шақырды. Олар мен поселкелік советке хатшы ретінде жібермекші екен. Қолыма жолдама ұстатты. Жұмыстағы басшым Иманбековаға келіп, есеп айырыстым. Ол мен сөге бастады. жаны ашып жұмысқа алғананын айтып, жақсылықты түсінбеген ақылсыздығымды бетіме басты.
Сөйтіп жылап жүрып поселкелік советке хатшы болып бардым. Мен түсінбейтін шараулар көп екен. Жұмыс бастан асады. Нан карточкаларын куәландыру, анықтамалар жазу, салық жинау, тексерулер толтыру сияқты қыруар жұмысқа тап болдым. Ара-арасында көз жасты сығымдап алуға да тура келді. Бір ай өткен соң, бәріне төселіп алдым.
Қыс пен күз кезінде үйінде түйесі бар әйелдер жусан, құрай дайындауға тауға шығады. Кешке қарай селолық совет кеңсесі қасына жиналады. Сол жерден әр мекемеге бір-бір түйеден таратып бересің. Бұл жұмыстың да өзіндік қызығы бар-тын. Аяқ-қолың тыным таппай, кешке дейін зыр жүгіресің. Аш жалаңаш жүрсек те көңіліміз пәс болған емес.
1944 жылы мені қайтадан Райиспокомға шақыртып алды. «Гособеспечения» бөлімінің аға инспекторы етіп тағайындады. Бұл жерде көбіне күйеулері соғыста қаза тапқан жесірлер мен азаматтары майданда жүрген әйелдер еді. Олардың хал-жағдайларын тексеріп, көмек көрсетуің тиіс. Әрқайсысына үш жүз сомнан артық қаржы беруге болмайды. Ал базардағы нан бағасы бес жүз сом болып, шырқап тұрған кез. «Плиточный чай» бес жүз сом. Солдат жейделері жеті-сегіз жүз сом. Шалбары мың сом. Шашың шақ келмейді.
Қалай дегенмен де жұрт ештеңеден жалтармады. Майданға көмек үшін қолда барын аямады. Ақша десе ақшалай, кейбірі нәскей тоқып үлес қосты. Жеміс-жидек өте қат. Бір тал алманы бес сомға сатып алғаным әлі есімде.
Үйінде сиыр ұстағандар малын өздері жататын жайдың бір бөлмесіне қамауға мәжбүр болды. Себебі, ұрлық та өршіп тұрды. Көбісінің шиеттей бес-алты баласы бар еді. Поссоветте істеп жүргенде бейсауат жүрген балаларды ұстайтынбыз. Он екі-он үш жасар балаларды ФЗО-ға жіберетінбіз. Сондай нұсқау болды.
Өте қиын кезең болғанымен ертеңге деген үміт оты қуат беретін-ді. Сондағы Промкомбинат пима басатын. Оны да майданға жөнелтеміз. Сол тұста түрмедегі науқастарды денсаулығына қарай босатып, тылға жіберді. Поссоветте істеп жүрген кезім. Түскі уақыт еді. Солардың екі адамы келді. Соның біреуі арқыша келген орта бойлысы Найденов деген еді. Бармағынан бал тамған етікші екен. Екіншісінің бет-аузы домбығып ісіп кеткен түрі піскен бауырсақтай. Ол байқұс біз түскі астан келгенше жан тәсілім беріпті. Аты-жөнінде сұрап үлгермедік.
Кеңсеміз жеркепе, жартысының шатыры ұшып кеткен. Жаңағы Найденов осы жақта үйленді. Расында шебер адам айтқысыз шебер еді. фабрикадан шыққандай етіп тігуші етікті.
Сол соғыс уақытында ішкі ресейден сода шығаратын және шайба және шеге жасайтын зауытты бізге әкеліп орнатты. Күйеуі майдандағы бір отбасында шешесі мен баласы аштан өлді. Барып қарасақ, төсеніш қып салған сабаннан өзге ешнәрсе жоқ. Дүние салған анасы мен үлкен ұлын жер қойнына тапсырып, қалған екі ұл мен он жасар қызды балалар үйіне жөнелттік. Олар біз келгенде бүрісіп бұрышқа тығылып отырған-ды. Тырдай арық. Аштықтан ісініп-кебініп кеткен шешелері сабан үстінде көз алдында жатты. Карточкасы бар жұмысшыға бес жүз грамм нан тиесілі, ал әр отбасындағы мүшеге үш жүз грамнан таратады. Тұздалған балық, қайырған май сатып жүрген қазақ әйелдерінің күн көрісі басқаларға қарағанда әжептеуір.
Тағы бір оқиға көз алдынан кетпейді.
Мені Рыбак қолхозынан Үлгі совхозына іс-сапармен отбасыларын тексеруге жіберді. Жүк машинасымен барамыз. Ол кезде автобус деген жоқ. Үстінде он-он бес адамбыз. Лепсіден Гигант арқылы шықтық. Екі-үш шақырым өткен соң, жол жиегінде өліп жатқан он жасар қыз балаға тап болдық. Неден өлгені белгісіз. Неліктен жерлемей тастап кеткен?..
Үлгіде үш-төрт күн болдым. Сондағы Ақжүніс деген анама туыс боп келетін кісінің үйінде жаттым. Балыққа тойғаным соншалықты сонан кейін неше жыл бойы бетіне қарай алмадым. Аса тамақсаулығым жоқ еді, мүмкін әмісе бір де аш, бір де орта құрсақ болғандықтан шығар, жей беріппін.
Майданнан бір шалдау адам оралды. Атын ұмытып қалыппын. Ол мені қонаққа шақырып, түсі шымқай қара мақпал юбке сыйлады. Әкем туралы жақсы лебіз білдіріп, көңілімді марқайтып тастады. Әкемнің қайда жүргенін сұрады. Ол кезде мен жалғыз өзім едім. Шаруларымды тәмамдап, қайтуға айналдым. Ерттелген ат берді. Бұл бір қызық жылқы екен. Қанша қақпайласам да қиықырайып алып шыққан жаққа тарта жөнеледі. Итшілеп жүріп, Қарашыған да іліндім-ау... Сағат бес-алты болса да күн әлі төбеде сияқты. Атты қалдыр деген кісіге апарып тапсырдым. Бір таныс әйел кезігіп: «Баратын жерің алыстау ғой, қона салсаңшы» деді. Мен жұмыстан кешігіп қалам ба деп алаңдадым.
Балық зауытының тұсында он-он екі жасар бір ұл бала отыр екен. Неғып отырғанын сұрадым. Ол осындағы әкесіне келіпті. Енді үйіне қайтпақшы. Мен оған: «Жүр жаяу кете берейік, алдында машинамен келгенде алыс сияқты көрінбеген» деп азғырдым. Сонымен жүріп кеттік. Біраздан соң күн ұясына батты. Төңіректі қараңғылық жайлады. «Қорыққанға қос көрінеді» демекші, қарайғанның бәрін қасқыр екен деп зәр иманымыз қалмады. Жолшыбай екі-үш адам ұшырасты. Олар жиырма-жиырма бес шақырым жердегі Қарашығанға кетіп барады екен. Бізге қарағанда жоқ. Екеумізде не бір жапырақ нан, не болмаса ала шыққан бір ұрттам су жоқ. Жарты жолды өткендейміз. Жолда өліп жатқан қыз бала есіме сап ете қалды. Қасымдағы ұлға: «Гиганттың маңындағы қалың ағаштың шетінде, жол жиегінде өлген қыздың денесі жатыр. Жақындаған кезде төмен қарамай, жоғары аспанға қарап өт» дедім. Одан бұрын өзімнің зәрем ұшып барады. Анау қашып кете ме деп едім, қашпады. Байқұс қыздың денесі әлі сол жерде жатыр екен.
Гигант қолхозына жете бергенде ауылдың бәр иті арпылдасып, соңымыздан ерді. Ауласына кіріп үйлердің есігін тақылдаттық. Ешкім ашпады. Содан ауылдың ортасына да жеттік. Бір киіз үй қалқиып тұр екен. Сығырайған жарық көрінеді ішінен. Баланың жылағаны естілді. Ауласында шөмеле үюлі. Шарбақ ішінде пысылдап қойлар жатыр. Мен: «Ата, апа!» деп дауыстадым. Бір кезде бір кемпір шықты. Оған: «Апа, мен осы ауылда жұмыс бойынша болып кеткем, Мен Базарбайдың қызымын.» десем, кемпір: «Базарбайдың қызы болсаң, түнде неғып тентіреп жүрсің?» дейді. Сосын: «Жәрәді, кір.» деп қақпасын ашты. Мені үйге кіргізді де ұлды кіргізбеді. Ұл: «Тәте, сіз кіре беріңіз, мен шөмеленің түбіне түней саламын.» деді. Отанасы бізге айран беріп, жүрегімізді жалғады. Ертесінде ертелеп Лепсі стансасын бетке алып, жолға шықтық.
Сағат тоғызға таман кеңсеге жеттім. Бетім домбығып ісіп кеткен. Бейсембай деген бөлім басшысы менің мына түрімді көріп, барып демал деп үйге қайтарды. Қайдағы бір жетіскен үй бар дейсің! Әзия екеуміз бір бөлме жалдап тұрамыз. Пәтерге келіп жата кеттім. Ұйқы келсеші. Жолдағы өліп жатқан қыздың сұлбасы көз алдымнан кетпейді. Өмір деген кейде осындай аяусыздық танытады екен. Адам түгілі ит өліп жатса, өлігін тасалау жерге апарып көмуші еді. Мынадай сұмдықтан денең түршігеді. Ауыр тұрмыстың салмағынан адамның жаны езіліп, мал боп кете ме деп ойладым.
Алғаш осында келгендегі әйелін тосып алған қарт адам менің анамның аталас туысы екен. Ол суырып салма ақын және қолынан көп нәрсе келетін шебер болып шықты. Өкінішке орай ол мені үйіне шақыра алмады. Себебі тым кедей тұратын көрінді.
Кейін өзіміз балалы-шағалы болған тұста, Фарида, Қалима, Райхан туған кезде, Мақсұт ата кішкентайларға арнап, сүйретпе арба жасап беріп, ақысына тамақ сұрайтын-ды. Еңбегіне бір мөшек ұн берген едік.
Әкемнің туысының әйелі Айтжамалға нан карточксын алып бердім. Ол кезде поссоветте істейтінмін. Ауданның барлық қоғамдық жұмысына белсенді ат салыстым. Комсомол ұйымының хатшысы, райком комсомолының бюро мүшесімін. Сіңбіруге уақыт жоқ. Түскі асқа бармауға тырысам. Ал кешкісін келгенде өзіңе тиесілі төрт жүз грамм нанды келесі таңға және кешке бөліп қоясың. Дәмі аузыңнан кетпейтін сияқты әлі күнге дейін. Соған қарамастан киноға, биге барамыз. Дегенмен елдің бәрі кедей-кепшік болған жоқ. Бастықтар мен олардың әйелдері қыста басылған пима кисе, күзді күндері жылтыраған былғары етік киіп бұлғақтады.
Пималарды ең алдымен майдан үшін басты. Ал жергілікті жұртқа өзінің өткізген жүніне орай пима басып беретін-ді. Жүнді қайдан аласың? Бір жолы жұмысқа келе жатып тіземді үсіріп алған едім. Сақылдаған сары аяз, ол аздай бетіңе қарсы суық жел азынап тұр. Аяғымда жұқа шолақ етік. Ол қайбір қорған болар дейсің. Екі тізем от қарығандай болып күйіп-жанды. Кеңсе іші де азынап тұр. Екі аяғың сіресіп мұздап қалады. Төзгеннен басқа амал жоқ. шыдадық бәріне.
Пендешілікті қойсаңшы, сол жылы үйде түк жасамай, рахат өмір кешіп жатқан бастықтардың әйеліне қызығып, оларға бұйырған бұндай бақты іштей қызғанатынбыз. Сағат тоғыздан кешкі алтыға дейін тапжылмай жұмыс жасап, бір күн қалмай, соғыс уақытының заңымен еңбек еттік. Күні бойы құрай теріп келген әйелдер түйелерімен мекемелерге отын үлестіреді. Көмірдің орнына осындай қурай, жусан жағады. Аяз бен суықтан әйелдердің беттері қап-қара болып, қаны шыға жарылып кеткен болатын. Алым-жұлым, аш-жалаңаш жүрсе де басқа түскен қиындықты белдері бүгілмей көтере білді. Солардың біреуі осы нәубетті көтере алмай асылып, не болмаса у ішіп өлді дегенді ешқашан естіген емеспін. Бәрі бұл сынақ деп түсініп, тек жеңіс күнін ғана тағатсыздана тосты. Дүкендер қаңырап бос қалды. Нанды карточкамен берді. Бес жүз грамм жұмысшыға, төрт жүз грамм қызметкерлерге, жұмысқа жарамсыздарға үш жүз граммнан. Нанның іші су, дәмсіз, тек уқалап шәрік жасағанға ғана жарамды.
Жұмыстан соң канал қазуға аттанамыз. Облыстағы бір басшы осы Лепсі өңірінде көгалдандыру жұмысын жүргізбекші болып, канал қаздыруды қолған алған. Бұл қалхоз-совхоздарға қажет екен. Сонымен барлық мекемелер мен ұжымдардың жұмысшылары өз жұмыстары аяқталған соң, және демалыс күндерді білек сыбанып канал қазды. Қайбір жетіскен канал дерсің? Айнала қызыл құм, аңыраған жел. Құмды боран ауылды басып қалады. Төбе оң жақта болса, келесі шағыл көшіп төбе сол жаққа ауысады. Қолмен қазамыз. Техника жоқ. Мансабы жоғары облыстық бастықтың бұл әрекеті іске аспады.
Аудандық мекемелердің қызметкерлері тиісті міндеттерімізбен қатар майданнан келген делегаттарды қарсы алатынбыз. Олардың рухын көтеру мақсатында концерт қойып, көңілдерін көтердік. Делегаттарда орта құрсақ, жетіскендері шамалы еді. Мен «Қыз-Жібек» операсындағы Төлегеннің рөлін сомдадым. Менен қайбір Төлеген шыға қойсын! Шамамың келгенінше ән салып, образға кірген болдым.
ТӘКЕНМЕН ТАНЫСУЫМ
1944 жылы Лепсі стансасына майданнан делегат болып Тәкен Майшинов пен Әзілхан Нұшайықов келе қалды. Бізге келер алдында олар Қызылорда облысында болыпты. Ол жақтың жұрты майданға бір вагон күріш және балық жөнелтіпті. Жол-жөнекей ол екеуі Алматыға соғып, Қазақ ССР Совнаркомы төарағасының орынбасары Д.А. Қонаевтың қабылдауында болған екен. Ол кісі жылы қарсы алып,жағдайларын сұрап, туған-туыстарыңа барып қайтыңдар, демалыңдар деп кеңес береді. Тәкен Димаш Ахметұлына: «Аға, менің жалғыз ағам бар. Ол өзі мүгедек. Шиетте үш баласы тағы бар. Өздері биттерін сығып отырғанда үстеріне қайтып барам.» дейді. «Ондай болса, ауылға бар» деген екен Димаш Ахметұлы, Тәкенге.
Солай деген соң, өзі хатшысын шақырып, бұларды жақсылап қарсы алсын барған жері деп нұсқау береді. Пойызбен келді. Вокзалдың перроны төңіректегі колхоздардан келген кісілермен толып кетті. Аудан басшылары да түгелімен осы арада. Тәкен ұзын бойлы, үстінде оңып кеткен гиманстерка, басында пилотка. Ерекше салтанатпен құрметті меймандарды осылай қарсы алдық.
Оны райисполкомда өзінше болып қоқиып жүргенін көріп, жақтырмай қалдым. Олармен кездесуді каналдың басында өткізбекші болды. Үгіт-бригадасы концерт қою тиісті еді. мен бармаймын деп кетіп қалдым.
Таңертең және кешкісін келіп, кеткенде арнайы жорналға қол қоямыз. Кешігуге болмайды. Кешке таман біздің бөлімге Тәкен кірді. Отырған он шақты кісімен қол алысып амандасып шықты да маған екі саусағын ғана ұсынды. Сосын Жаңатаровтың кабинетіне кіріп кетті. Жаңағының істеген қылығына таң қалып: «Мынау жынды ма?» десем, қыз-келіншектер оның өйткені екеу боламыз дегені деп мен әжуа қылды.
Тәкен қайта шықты. Тағы солай қол алысып қоштасты да ал маған екі саусағын ұсынды. Сөйлескен де жоқпыз. Ол келген жағына кетті. Тіпті ол туралы ұмытып та кетіппін.
ӘКЕМНІҢ ЕЛГЕ ОРАЛЫП, ҚАЙТЫС БОЛУЫ ТУРАЛЫ
1944 жылы әкемді райисполкам арқылы осында шақыртып алу орайы келді. Оны ұйымдастырған аталас ағайыны Рамазан деген кісі еді. Ол жоғары теңзші оқуын бітірген алысқа жүзетін үлкен кеме капитаны еді. Қараша айында ол отбасымен бірге Лепсіне келді. Туған елдің топырағын басып, суын ішу бір ғанибет қой. Ағайын-туған шұрқыраса жүздесіп, бір мәре-сәре болып қалды. Стансаның бір пұшпағынан уақытша тұра тұратын бір жер кепе де табыла кетті. Әзия мен Розаны ертіп әкем де жетті. Ол кезде Елена Владимировна әкемнің әйелі еді. 1942-1944 жылдары олар бір отбасы болып бірге тұрды.
Келген бетте әкем промкомбинаттың басшының орынбасары болып орналасты. Одан кейін райисполкомға ауыстырып, жоспарлау бөлімінің бастығы етіп тағайындады. Лена тәтей өзара уағдаласу бойынша Украинадағы жоғалып кетіп табылған қызына кетті. Әкем тағы бойдақ болды. Бауырында бір қызы бар Алтынсара деген әйелге үйлендірдік. Бірге тұрып жаттық. Сонымен әкемнің жұмысы бар, Әзия да жұмысқа тұрды. Менің бұрыннан жұмысым бар. үйде тек қана Алтынсара мен оның қызы, сосын Роза ғана қалатын-ды.
Өгей шешеміздің сиыры бар еді. Шәйға қататын сүтке зәру емеспіз. Дегенмен кедейшілік бізден кетпеді. Бір жетіспеушілік қыр соңымыздан қалмады. Сол кездегі байқағаным, туған мен тумаған дегеннің қандай екені. Қалай болса да өгей шешеміз бізді бөліп отыратын. Әкем де қатты налып жүрді, елге келгеніне. Өзінің тері шалбар киіп жүргеніне қатты намыстанды. Бұндай қорлықты көргенше өліп қалғаны жақсы еді, ол үшін. Кешегі дүрілдеген Базарбайдың түрі мынау ма деп жұрт күлетін болды деп қатты қайғырып жүрді.
Райисполкомда біраз қызмет істеген соң, мал айдаушы болып ауысып кетті. Матайдан Құрақсуға мал айдайтын-ды. Әкемнің бойында малшылыққа үйір қасиет жоқ еді. Оны көрінген жалақ шабан алдап кете алатын-ды. Әкем жаңа отбасымен Құрақсуға көшті де Әзия екеуміз Лепсіде қалдық. Күні бойы жұмыстамыз, кешкісін «умашкөже» жасап ішеміз. Бұл бір уыс ұнды сумен араластырып, қайнаған суға тастап қайнататын тамақтың түрі. Оның үстіне бар болса, бір қасық сұйық май немесе тоң май қосасың. Жоқ болса, бір кесе сүт құюға да болады. Дәмді тамақ, соғыс кезінде соған тойып алып, тәтті ұйқының құшағына кететінбіз.
Матай стансасынан Құрақсудағы әкемізге жиі қатынап тұрдық. Көбіне түйеге мініп барушы едік. Түйенің тез жүргені жақсы ғой. Оны кейде желдіртіп, кейде тайраңдата шаптыртаныбыз. Ол жақтан малдығ құстың етін, қатық алып қайтушы едік. Бұл да болса бізге талайға дейін азық қой. Өкінішке орай әкем ол жерде бір жылдай ғана жұмыс істеді. Аяқ-асты мал қырылып, соның бәрін әкемнің мойнына артты. Сүйремеген жер қалмады. Әйтеуір көрмегенді көріп, ол бейнеттен де құтылды. Сосын Лепсіге қайта оралды.
1946 жылы тоғызыншы қараша күні елу сегіз жасында өмірден өтті. Бар болғаны бір жетідей ауырды. Қос өкпесіне қатты суық тиген еді. адамның ала жібін аттамаған, момын, ақыл десе ақылы бар, өмірден жазықсыз жапа шеккен қайран әкем осылай мәңгілікке көз жұмды. Оның маңдайына жазылғае пешенесі осындай болыпты.
(Қысқартылып алынды.)
Сәуле Базарбайқызы
Орысшадан аударып, көркемдеген Заман Төлеуов