Шымкенттің шырайлы күндерінің бірінде өлеңдері де өзі секілді өр:Айтатыным, жазатыным – тек шы...
Ясунари КАВАБАТА. СӘУЛЕЛЕНГЕН АЙ
Аудармашыдан:
Жапон жазушысы Ясунари Кавабата 1899 жылы Осакада білімдар әрі бай дәрігердің отбасында туған. Ата-анасы сәби кезінде қайтыс болып, нағашы ата-әжесінің қолында тәрбиеленген. Балалық шағында суретші болуды армандаса да, ол небәрі 12 жасында жазушы боламын деп шешім қабылдайды.
Мектеп пен университетте терең білім алған Я. Кавабата 1914 жылы кейінірек «Он алты жастағы жасөспірімнің күнделігі» деген атпен жарық көрген өз өмірбаянын жаза бастайды.
Жас кезінде ол Батыстың Джеймс Джойс және Гертруда Стайн сынды модерндік бағыттағы жазушылардың әсерінде болады. Оның «Идзудан шыққан биші қыз» деген повесі жазушыға алғашқы табыс әкеледі – бұл шығармада студенттің әлгі қызға деген махаббаты суреттеледі.
30-жылдары ол өзінің бастапқы шығармашылық ізденістерінен бас тартып, жапон әдебиетіндегі дәстүрлі жолға түседі.
60-шы жж. аяғына қарай Юкио Мисиманың (жазушы, драматург, киноактер, оң бағыттағы саяси қайраткер) тікелей демеуіне ден қойып, коммунистік Қытайдағы «мәдени революцияға» қарсы петицияға қол қояды.
Ясунари Кавабата 1968 жылы әдебиет саласындағы Нобель сыйлығына ие болады. Сонда, өзінің Нобельдік дәрісінде: «Адам осынау тірліктен бойын аулақ салса дағы, өзін өзі өлтіруі қарсылық көрсетудің түрі бола алмайды» деген екен. Сөйткен Я. Кавабата 1972 жылы нашақор ретінде ауруханаға жатып шыққан бетте үйінде газға булығып, опат болады.
Оның Нобель сыйлығынан да өзге әлемге танытқан марапаттары толып жатыр.
СӘУЛЕЛЕНГЕН АЙ
Бірде Кёко қолайнаның көмегімен өзінің бақшасын екінші қабатта төсек тартып жатқан сырқат күйеуіне көрсетуге болатындығын аңғарды. Осынау жалғыз сөздің өзі оның алдынан жаңа тіршілік есігін ашқандай еді. Бірақ өзге де жағдаяттар орын тепті.
Бұл өзі не қылған айна дейсіз ғой? Ол күйеуінікіне өзі ала келген туалет үстелшесінің тартпасында сақталатын. Қалыңмалы осы еді. Туалет үстелшесі мен қолайнаның жиектемесі тұт ағашынан жасалған-ды. Кёко оны тұрмысқа шыққаннан кейінгі алғашқы кезде желке шаштары дұрыс жинақталғанын көруге пайдаланатын. Кимононың жеңі сырғанап оның қолын шынтағына дейін жалаңаштап тастайтын, сонда өзінің сан қысыла қымсынғаны Кёконың әлі есінде. Сол айна ғой баяғы...
Кёко шомылғаннан кейін туалет үстелшесінің алдына келіп отырғанда, ері: «Сенің ыңғайың келмей жатыр, қане, маған берші, мен ұстай тұрайын» дейтін. Ол оның қолайнасын тартып алғандай болып, оны келіншегі туалет үстелшесінің айнасынан өз желкесін анық көруі үшін әрқилы бұрыштарға салып бұраңдататын, сөйте тұра өзі рахатқа бөленіп тұратын. Ал Кёко болса, желкесі былай тұрсын, күйеуінің артында тұрып, әрі тесіле қарап тұрғанынан ыңғайсызданатын.
Содан бері пәлендей көп уақыт өте қойған жоқ-ты, айналасының тұт жиектемесі әлі қажи қойған жоқ-ты, бірақ соғыс, жаппай көші-қон, ерінің ауыр ауруы килікті, сөйтіп, Кёко алғаш рет оған бақшаны көрсетуді ойға алғанда, айнаның өзі бұлдыр тартып, жиектемесі шаң мен оған себілген ақ бояудан кірлеп кеткен-ді. Бұл оған уайымдай қойған жоқ, тіпті назар аудармады, өйткені айнаның мынадай күйінде де одан бақша айқын көрініп тұратын. Бірақ содан бері айнадан айрылмай, дәйім бас жағында ұстап жатқан күйеуі – әлде амалсыз қимылсыз жатқандықтан ба, әлде аурушаң адамға тән тітіркенгіштіктен бе – айнаның жиектемесін тазартып, өзін жайнатып қойды. Әрі кейін Кёко оның айнаға үрлеп және ықтияттап сүрткілеп жатқанын талай көрді. Оған мынадай ой жиі келетін: міне, ол айнаға үрледі, сонда ағаш жиектеменің көзге көрінбейтін сызаттарында көкірек ауруының қылтаншалары ілігіп қалады ғой... Оның шаштарын тарағанда, Кёко оларды камиланың майымен шылайтын, ал ол болса, алақандарымен шаштарын сипалап, одан жиектемені ысып тұрып жылтырататын, анау жайнап кететін, ал туалет үстелшесі күңгірт қалыпта тұра беретін.
Тағы да тұрмысқа шыққанда, Кёко сол үстелшені қалыңмал ретінде ала кетті.
Бірақ ол күйеуін жер қойнына бергенде, қолайнаны жағып жіберді. Жаңа күйеуіне ол жайлы тіс жарған жоқ. Енді туалет үстелшесінде камакура[1]
әдісімен қашалған, лакпен әспеттелген жаңа қолайна жарқырап тұрды.
Қайтыс болған күйеуінің мүрдесі табытқа салынғанда, дәстүрге сай қолдары кеудесінде айқастырылды. Сондықтан айнаны оның қолына ұстатуға мүмкін болмады, сөйтіп Кёко оны марқұмның кеудесіне қойды.
Сонсоң айнаны төмен қарай ауыстырды:
− Сіздің қашанда кеудеңіз ауырушы еді ғой, айнадан артық салмақ түсіп жүрмесін, − деп күбірледі.
Ол сондықтан ә дегенде өздерінің жұбайлас ғұмырының белгісі санатында марқұмның кеудесіне, жүрегіне таман қойып еді. Ол жұбайының туыстары айнаны байқап қалғанын қаламады, әнің үшін оны бақытгүлдермен қалқалап қойды. Мәйітті көмердегі жалын айнаны балқытып жіберді. Ол майысып, жуантық кедір−бұдыр трубкаға айналды, түтін шалып, сарғайып кетті.
− Шыны сияқты ма? Бұл не нәрсе өзі? – деп ағайындарының бірі таң қалды.
Гәп Кёконың бұл қолайнаға өз несессерінен (әйелдердің әлекей-шүлекейлерін салатын қобдишасы. − Ауд.) алған кішкентай айнасын да қосқанында жатыр еді. Ол екі жақты, тандзаку[2] үлгісінде жасалған болатын. Кёко оны үйлену тойының саяхатына ала кетсем деп армандап еді, бірақ соғыс басталып кетті де, бұл сапар жайына қалды. Бұрынғы күйеуінің тұсында бұл айнаны қолға ұстаудың сәті ақыры түспей кетті.
Жаңа жұбайы үйлену тойының саяхатына алып шықты. Кёконың несессері қажалып, тіпті көгеріп кетуге айналған-ды, сондықтан жаңасын алды. Әрине, оның да айнасы бар.
Жол шеккендегі алғашқы күні күйеуі Кёконы құшақтап тұрып:
− Сен тура қыз сияқтысың. Беу, байғұсым−ай! –деп сыбырлады.
Оның дауысынан кекесіннің ізі де сезілген жоқ, қайта оқыстағы қуаныш сәуле берді. Бәлкім, оған тап бір Кёконың ешқашанда тұрмысқа шықпағандай көрініп тұрғаны жанын терең тебірентсе керек. Бірақ күйеуінің осы сөздері оны қатты күйзелтті. Кёко еңіреп жіберді де, бір-ақ уыс болып бүрісті де қалды. Ал ол болса, мұнысын тағы да қызға тән қымсынысқа теліді.
Кёко өзін өзі аяғаннан, әйтпесе бұрынғы күйеуін есіркегеннен жылай отырғанын түсінбеді. Ол бұл жағдаяттарды бірінен бірін ажырата алмады. Сонда, қазіргі жұбайына әділетсіздік танытып тұрғанын аңдап қалды да:
− Солай ма? Неғып сіз мұндайды айырасыз? – деді ойнақылау күйде. – Бірақ, ізінше ыңғайсыздыққа тап болғанын және аңғарып қалды да, қып-қызыл болып кетті. Күйеуі, керісінше, ырзашылықтан ырсиып тұрды. Онысымен қоймай:
− Осы сенің балаларың да болмаған сияқты ғой, − деді де, Кёконың жан жарасын тағы да тырнап алды.
Бұрынғы күйеуінен өзге өктем күшпен қақтығысып қалған Кёко өзін еріккеннің ермегі болғандай аса кемсітілген күй кешті.
− Бірақ менде бөбек тәрізді жан иесі болған, − деп Кёко қарсылық білдірді де, ізінше үнсіз қалды.
«Егер оның өлетіндігі анық болған болса, мен оған жақындап барудан неге қашқақтадым?» − деп ойлады ол.
− Мен Мориді тек пойыздың терезесінен ғана көретінмін, – Кёконы құшақтап тұрып, жаңа күйеуі оның туған қаласын атады. – Шамасы, шоқтоғайлар қоршаған әдемі қала шығар. Оны Мори деп бекерге атамаған. Сен онда қай кезіңе дейін тұрдың?
− Колледжді бітіргенімше. Ал еңбек міндеттілігімді Сандзё қаласындағы әскери зауытта өткердім.
− Яғни, сен Сандзёге жақын жерде тұрғансың ғой? Міне, сен сондықтан әйбат екенсің−ау. Этиго провинциясындағы Сандзёден шыққан сұлулар деп текке айтпаған.
− Мен пәлендей әдемі емеспін, – Кёко қолын төсіне апарды.
− Сенің қолдарың да сымбатты, аяқтарың да сымбатты. Яғни өзге ағзаларың да тамаша деген сөз.
− Жоқ−жоқ! – Кёко қолының өзіне кедергі болып тұрғанын сезді де, қолын кеудесінен алды.
− Егер сенің кішкентайың болса да, мен бәрібір сені әйелім етіп алар едім, − деп сыбырлады құлағына. – Оны өз балама балап асырар едім. Әрине, ол қыз болса, тіпті тамаша болар еді.
Бәлкім, оның ендігі ұлы болғандықтан сөйтіп тұрған шығар деп ойлады Кёко, бірақ оның айтқаны махаббаттың нышаны болса да, ыңғайсыз көрінді. Бәрінен бұрын оның келіншегі үшін үйлену тойы саяхатын тұтас он күнге орайластыруы ұлымен менің кездесіп қалуымды соза тұруға талаптанғанынан туындаған шығар...
Күйеуінің былғарыдан жасалған, жолға алып жүретін мықты несессері болатын. Кёконың несессері оныкімен еш салыстыруға жарамайтын. Анау үлкен де мығым, су жаңа болмаса да төзімді дүние еді. Күйеуі жиі жүріп−тұратын, бірақ, шамасы өзінің несессерін өбектеп ұстайтын болуға керек, өйткені, онысы тек бағзы қымбат заттарға тән ерекше жарқырап тұратын. Кёко өзі қолына бір рет те ұстамаса да көгеріп кеткен бұрынғы несессерін есіне түсірді. Тек ондағы титтей айнаны баз-базда күйеуіне ұсынатын және оны марқұммен бірге о дүниеге жөнелткен-тін. Табыттағы қолайнаның үстіне өзі салған титтей айна ғой... Олар оттың жалынында бірге балқып кетті, олардың екеу болғанын ешкім аңғармап еді. Осынау өзгеше түрде жымдасып қалған шынының бұрында айна болғаны ешкімнің қаперіне де келген жоқ-ты. Ал Кёконың өзі бұл турасында ешкімге лә деген жоқ.
Онда сол екі айнада сәулеленген сан әлемдер аяусыз түрде жағылып жіберілгендей түйсік орын алды. Ол өз күйеуінің тәнінің бір уыс күлге айналғандығы мен айналардан айырылғандығының арасына айырма жасаған жоқ. Алдында күйеуіне өзінің бақшасын көрсеткісі келген кезде, Кёко оған қолайна берді, бертін келе, ол одан айрылмай қойды, бірақ кейін қолайнаны ұзақ ұстауға да шамасы келмей қалды, содан Кёкоға оның кеудесі мен қолдарының сүйектерін үздіксіз сыйпалауға тура келді. Сонда ол оған кішкентай да жеп-жеңіл айна беруге шешім қабылдады.
Содан күйеуі кеудесінде шамалы жаны барда қос айнаның көмегімен әйелінің бақшасын ғана көріп қана қойған жоқ, сондай-ақ аспан пен бұлттарды, жауған қарды, алыстағы таулар мен жақындағы орманды аңғарарлықтай халге жетті. Айды, дала гүлдерін және жыл құстарын жанарының алдына әкелетін болды. Айнада адамдар көшеден әрлі-берлі өтіп жатты, балақандар бақшада асыр салып жүрді.
Кёконың өзі титтей айнадан айқара ашылған ауқымды да әрқилы әлемге таңғалды. Айна дегеніміз – сырт пішініңді баптауға қызмет ететін туалет заты ғана, оның үстіне қол айнаның өзге айнадан өз желкеңді көруге ғана әлі жетеді... Ал сырқатқа табиғат пен адам қайтадан ашылды! Күйеуінің бас жағына тізе бүккенде, Кёко да айнаға қарағыштап, онымен бірге не көріп жатқандықтарын ортаға салатын. Уақыт өте келе ол нағыз ғаламды айнада көрінгеннен айырудан қалды. Олар ол үшін өз алдына тірлік жасайтын қос ғаламға айналды, оның үстіне, айнадан сәулеленген жаңа әлем ақиқаттырақ болып көріне бастады.
− Айнадағы аспан күміс түспен арайланып тұр, − дейтін ол: − Ал терезеден қарасаңыз – сұрғылт.
Айнадағы аспан иықтан басатын ахуал шақырмайтын – онда ол шындығында жарқырап тұратын.
− Бәлкім, бұл сіздің айнаны соншалықты ыждаһатпен ысқылайтындығыңыздан шығар?
Күйеуі терезеден аспанға көз салғалы басын әнтек бұратын:
− Рас, ол қазір сұрланып, күңгірттеніп тұр. Айтқандайын, адамның көздері, мәселен, иттің әйтпесе торғайдың көздері аспанды бірдей көре ме? Және аспанның қай түсін оның нағыз түсі деп кім айта алады?
− Ал айнадағы аспанның түсі – айнаның көздері көргендей түс пе?.. – Кёконың «бір-бірін сондай нәзіктікпен сүйетін екі адамның көздерімен қарағандай ма?» дегісі келіп кетті. Айнадан сәулеленген ағаштардың жапырақтары нағыз өздеріне қарағанда айқынырақ, ал лалагүлдердің ақтығы мүлде аппақ.
− Мынау сенің оң қолыңдағы бас бармағыңның қалдырған ізі. – Күйеуі айнаның шетін нұсқады. Неге екені белгісіз, Кёконың жүрегі солқ ете түсті. Ол айнаға жақындап келіп үрледі де, ізді асығыс сүрткілей бастады.
− Тиіспе. Ал сен маған алғаш рет бақшаны көрсеткеніңде, айнада тағы сенің саусағыңның ізі қалған-ды.
− Мен байқамаппын.
− Сен назар аударған жоқсың, ал мен дәл қазір сенің бас бармағың мен сұқ саусағыңның қандай іздер қалдыратындықтарын анық білемін. – Шамасы, төсекке ұзақ сал аурумен шегеленген адам ғана өз әйелі саусақтарының іздерін айыра білетін болуға керек.
Бұлар үйленгеннен былай қарай күйеуі аурудан көз ашқан жоқ. Оның тіпті соғысқа қатысуға да шамасы келмеді.
Олардың өз үйлері өртеніп кетті, содан бұлар Кёконың таныстарының бір бөлмесін жалдап тұрды. Басында күйеуі қызметке барып-келіп жүретін. Бір айдан асар-аспастай өз үйінде және таныстардікінде екі ай – күйеуінің өзіне қарап қалмаған уақыты осы ғана.
Енді соғыс аяқталуға тақалғанда, оны әскерге алды. Ол аэропорттардың бірінде небәрі шамалы күн жер қазумен айналысты, бірден құлап түсті де, үйге оралды. Сол күні соғыс та аяқталды. Ендігі ол жүруден қалды, сонсоң Кёко оны ауылға алып кетті, оған ата-анасы да көшіп кеткен-ді. Өз жиған-тергенінің ауқымды бөлігін, сондай-ақ күйеуінің заттарын да алдын ала сонда жөнелтті.
Күйеуі таулардан кішкентай үй сатып алды да, емделе бастады. Бұлардан басқа бұл баспанада көшірілгендердің отбасы тұрды, бірақ, соғыс аяқталғандықтан, олар көп ұзамай Токиоға оралды. Кёкоға әлгілерден жердегі бақтан қазылған, ауқымы үш те үш кэн[3] ғана кішкентай бақша қалды.
Мұнда, ауылда, олар шаруалардан көкөніс сатып алуға мүмкіндіктері болды, бірақ бақшадан өнгеннің де артықшылығы жоқ еді, сөйтіп Кёко құдайдың құтты күні өзі өсірген көкөністің қалай жетіліп келе жатқанына ықылас қойып, жерді қазғылай бастады. Ол бақшаны кейде күйеуінің кереуетінен алшақтау болғысы келгеннен айналдырған жоқ. Тек іс тігу мен тоқыма тоқу мұңға батырады екен. Оның үстіне бақшадағы жұмыс ерінің жазылуына деген айқын үміттерді орнықтыра түсетін, оған деген махаббатының еріксіз көрінісі іспеттес болатын. Ал күйеуімен ол оған дәйім кітаптарды дауыстап оқып берумен де бірталай уақытын өткізетін. Және де: ауру баққаннан шаршағандықтан ба екен, білмеді, әйтеуір Кёкода бәрі де оралмасқа кететіндей сезім туындады, сөйтіп ол осы жұмыспен өзіне жан тыныштығын қайтаруға үміттенді.
Олар тауға қыркүйектің ортасында көшті. Бұл жерлерді ыстықтан қашқан астаналық тұрғындар тастап шыққанда, ерте түскен күзге тән суық жаңбырлар сіресіп тұрып алды. Бірақ бірде ымырт үйірілердің алдында құстардың көңілді дауыстары естілді, аспан айқара ашылды. Сонсоң Кёко жанарын көтеріп, таулардың алыстағы шыңдарында еркін жүзген қызғылт бұлттарға тамсана қарады. Ол ә дегенде күйеуінің екінші қабаттан келіп жатқан дауысын аңғармай қалды. Қолындағы топырағын сілкіместен, жоғарыға жүгіре жөнелді.
− Мен кеңірдегімді соза бақырып жатырмын. Не жолы естілмейді?
− Кешіргейсіз, мен ойланып қалыппын.
− Сен ана бақшаңды тасташы әрі! Сені шақырып алғанша өліп кетуге болады. Сонсоң: мен сенің қайда екеніңді, не істеп жүргеніңді білмеймін.
− Бақшада жүремін мен. Тек егер сіз талап етсеңіз, мен оған енді бармаймын.
Күйеуі тынышталды.
− Сен көкшымшықтың қалай сайрағанын естідің бе? – Ол мұны бар болғаны осыны сұрау үшін ғана шақырған екен. Олар осылай сөйлесіп жатқанда, тақаудағы шоқтоғайдан тағы да құс салған ән келіп жетті. Шоқтоғай кешкі аспанның аясында айқын көрініп тұрды. Кёко көкшымшықтың әнін есіне сақтап қалды.
− Кішкентай қоңырау сатып алсақ қайтеді – сізге мені шақыруыңыз оңай болады. Ал мен әзірше сіздің бас жағыңызға әлдебір затты қоя тұрайын. Егер мен қажет болсам, терезеден лақтырып жібересіз.
− Сен не, екінші қабаттан шәшкелерді лақтыруды бұйырасың ба? Мынауың жаңалық екен!
Сөйтсе дағы, күйеуі Кёкоға бақшаны айналдыруына тыйым салған жоқ. Ол таулардағы ызғарлы қыс өтіп, көктем келгенде ғана күйеуіне өз бақшасын көрсету үшін айнаны пайдалануға болатындығын аңғарды.
О шіркін, жай ғана айна сал ауру күйеуі үшін жас көкөністің әлемін қайыра туындатқанында, ол қаншалықты қуанды десеңізші! Ол енді Кёконың жапырақтарды зиянды құрт-құмырсқа, шыбын-шіркейден қалай тазартып жатқанына дейін көре алатын болды. Бірақ оларды бір бірінен ажырата алмайтын, сондықтан Кёко оларды күйеуіне көрсету үшін екінші қабатқа алып баратын. Ол сондай-ақ әйелінің жерді қалай қазып жатқанын да көретін.
− Мен айнадан жаңбыр құрттарын байқап қалдым, − дейтін ол кейінде. Кейде күн батуға бет қойып, оның сәулелері қиғаш түсе бастағанда, Кёко айқын жарық түскенін аңғарып қалатын. Ол жанарын көтеріп күйеуінің ана жақтан, жоғарыдан бұған қарай титтей шұғылаларды бағыттап, жөнелтіп жатқанын байқайтын. Ол оған сонау студенттік шақтан сақталып келе жатқан арзан матадан кең шалбар тігуге әмір етті. Ол әйелінің осы ақ бұршақты, көк шалбарды киіп алып, бақшада түртінектеп жүргенін көріп, рахаттанатын.
Кёко күйеуінің айнадан көріп жатқанын білетін, бірақ жұмысқа кірісіп кеткенде, кейде оны ұмытып та қалатын. Мен сонау тұрмысқа шыққанымдағы алғашқы кезде тіпті шынтағыма дейін ашық қалған қолымнан қымсынатын кезімнен бері қаншалықты өзгергенмін, ә деп Кёко сол шақты есіне түсірді, сөйтіп, әлдебір жылымық толқын жүрегіне қарай лықси берді...
* * *
Жапония соғыста жеңіліс таба бастаған кездің өзінде-ақ Кёко мүлде боянбайтын. Сонсоң ақ бояумен ерін далабын жағуға ауру күйеуінен қысылды, содан косметикамен тек екінші рет тұрмысқа шыққаннан кейін ғана айналыса бастады. Ол өзін ақ бояу мен ерін далабының қалай әсемдендіріп жіберетінін аңдайтын. Ол табан астында деген сұлуға айналып шыға келетін. Ол әрі жаңа күйеуінің өздері оңаша қалған сәтте мұның сұлулығына соншалықты таңғалғанына да сене бастады.
Кёко енді шомылғаннан кейін өзін айнадан қарағыштауға қысылмайтын болды. Ол өзінің әдемілігін көретін болды. Бірақ оның марқұм күйеуі оны айнада сәулеленген көркемдігін өзге адамдардан гөрі басқаша қабылдауға үйретті, және ол осынау сезімді сақтап қалды. Және айнадан көрінетін сұлулығына күдіктенгеннен емес. Ол тек айнада мүлде өзге әлем бар дегенге әбден сенді.
Десе дағы, ол өзіне өзі қарағанда, сонсоң айнадағы бейнесіне үңілгенде сырттағы сұрғылт аспан мен мұндағы күміс сәулелі заңғардың арасындағы айырмашылықты байыптай алмайтын. Бәлкім, бұл қашықтықтар арасындағы айырмашылықпен ғана түсіндірілмейтін шығар. Мүмкін, бұл жерде төсекте жаншылған күйеуінің мұңлы ахуалының да өзіндік рөлі бар болар. Ол мұны қолайнадан қарағыштап жатқанда, бақшада күйбеңдеп жүрген келіншегі қандайлық сұлу болып сан рет көрінді десеңізші! Бірақ Кёкоға енді мұны білуге тағдыр жазбады. Ал ол тірі тұрған кезде бұл әлгіндей жағдаятты түсінбеді.
Және өзін айнадан ауру күйеуі көргендегідей кейпі, әрі айнада сәулеленген володушканың (қосжарнақтылар тобына жататын, емдік қасиеті мол өсімдік. – Ауд.) көкшіл гүлдері, лалагүлдердің аппақтығы, жазықтың жиегінде ойнап жүрген балалар, әрі алыстағы қарлы шыңдардың үстіне көтеріліп келе жатқан таңғы күн... Кёко осының бәрін өз зердесінде жаңғыртумен емес, бір кезде өзі мен қайтыс болған күйеуіне тиісті өзге әлемді аңсап зарығумен уақыт өткізді. Ол кез келген сәтте аңсаған ынтызарлық ретінде жұлқынып шыға келуге әзір тұрған осынау асау сезімді тұқырта тұруға талпынды, өйткені қазіргі күйеуін абыржытқысы келмеді; ал бұрынғысын мүлде басқа да алыстағы, бұл жердегі емес болмысқа лайықты елес ретінде ойлауға өзін өзі мойындатты.
Бірде Кёко мамырдағы таң азанда радиодан ормандағы құстардың сайрағанын естіді. Бағдарлама оның алғашқы күйеуі қайтыс болған жерге тақау тұстан жүргізілді. Жаңа жұбайын қызметіне жөнелтіп салып, туалет үстелшесінен қолайнаны алды да, сол сәтте айқын көрініп тұрған аспанды айналдырып қарай бастады. Сонсоң айнадағы бет-жүзіне үңілді. Сөйтіп кенет бір тосын жаңалық ашқандай болды: айтқандайын, өз бейнеңді тек айнадан ғана көре алады екенсің, ал онсыз мәніс болмайды. Енді ол күн құрғатпай дидарын қарағыштап, сипалай беретін болды, айнадағы бет-бейнесі онсыз да көрінетін жүзі екендігіне нақты сенетін болды. Бірақ Жасаған адамды өз бейнесін көре алмастай етіп несіне жаратқан?
«Ал егер бұл жағдаят адамның қолынан келетіндей болса ол таза абдырар ма еді, тіпті есінен ауысып кетер ме еді, қайтер еді?» − деп сұрайтын ол өзінен өзі.
Жоқ, бәрінен бұрын, табиғат адамға әу бастан өз жүзін өзі көре алмасқа бұйырған ғой. Ал ана дәуіттер мен инеліктер өз-өздерін көретін сияқты.
Адамның бет-бейнесі өзгелердің көруі үшін ғана қажет пе? Әлдебір махаббат сынды сезімді оятуға дегендей...
Ол қолайнаны былай қойды да, кенет туалет үстелшесінің тұт оюы мен қолайнаның камакуралық өрнегінің қиыспай тұрғанын аңғарып қалды. Бұрынғы айнаның күйеуімен бірге өртеніп кеткендігінен туалет үстелшесі мүлде жетімсіреп қалғандай көрінді. Ол күйеуіне қолайнаны және сонсоң тағы титтей айнаны бергенде, бұл оған мейірім мен жамандықты бірге ала келді-ау. Өйткені жұбайы күн сайын олардан өзінің бет-жүзін көріп жатты, аурудың ауырлауы мен тақалып келе жатқан ажалдың жаңа белгілерін аңыстап жатты ғой. Егер айнаның көмегімен кісі өлтірудің тәсілі бар болса, Кёко оны жүзеге асырған болмай ма? Ол айнаның өзіне жасырған зұлымдығын баяғыдан аңғарған-ды, оны күйеуінен күштеп алғысы да келді, бірақ жұбайы үзілді−кесілді қарсылық білдірді.
− Сен мені көру рахатынан айырғың келеді, − деді ол сонда, − ал мен әзірше тірі жатқанымда көзге көрінетін дүниемен ләззаттанғым келеді!
Ол айнадан орын тепкен жалғанға тірлік сыйлау үшін, өз өмірін құрбан еткен еді. Ол айнадағы ауладағы жаңбырдан кейінгі жайылмадан сәулеленген айдан рахаттанатын. Әрі сол сәулеленген ай жайлы зерде – тек сәулеленген ай ғана ма? – әлі күнге жүрегінде хатталып қалған-ды.
Оның жаңа жұбайы:
− Таза махаббат тек қана дені сау адамдарда ғана болады, − деп нығарлайтын, ал Кёко болса, әрдайым басын қысыла изейтін, бірақ десе дағы, жанының тұңғиық жапсарында онымен келіспейтін. Ол әуелде өзін кінәлайтын: ауру күйеуіне жақындаудан қашқақтаудың қажеті қанша еді? Бұл амал бәрібір оны ажалдан арашалап қала алмас еді ғой! Бірақ осынау ойлар мұңлы махаббат жайлы естеліктерге айналды, ал сонсоң олар естеліктер болып қалса да, махаббат дегеніңіз оның жүрегінен асып төгіліп жататын – содан ол өзін кінәлауды кілт тоқтатты.
Ал жаңа жұбайы ше?.. Ол әйелдің махаббатын тым қарабайыр түсіне ме, қалай?!
− Сіз, осынша мейірімді адам бола тұра, бұрынғы зайыбыңызбен неге ажырастыңыз? – деп сауал қойды Кёко бірде. Анау үндемеді. Кёко оған қайтыс болған жұбайының ағасы табанды түрде көндіруімен шыққан еді. Олар үй болардан бұрын төрт ай бойы жолығысып жүрді. Жаңа күйеуі өзінен он бес жас үлкен болатын.
Кёко бойына бала біткенін байқағанда зәресі зәрмән кетті. Ол күйеуіне жабысып: «Мен қорқамын, қорқамын», − деп қайталай берді. Жүрегінің қатты айнығандығынан есі ауысып кетуге жақындағандай көрінді. Ол аулаға жалаңаяқ жүгіріп шығып қарағайдың инелерін шайнаумен болды. Өгей баласын мектепке шығарып салып жатып, неге екені белгісіз, екі қорапшаға да күріш салып, ұсынатын... Әйтпесе, кенет туалет үстелшесінің жәшігіне көз тіккенде, ол оған мөлдір түске малынып, оның ішінен камакуралық әдіспен қашалған жиектемесі бар қолайнаны көргендей әсерде қалатын. Ол түн ортасында оянып алып, ұйқы құшағындағы күйеуінің төсегіне отырып, оның бет-бейнесін ұзақ бағдарлай қарап отыратын. Сөйтіп еңіреп қоя беретін. Күйеуі оянып кететін, оны емірене тыныштандыратын және белдемесін қайта байлайтын. Ал Кёко жаз ортасы болса да, түнде де қыстығып, одан суыққа килігіп дірдек қағатын.
− Кёко, сен сәбилі болатындығыңды ұмытпа, − деп күйеуі оны иығынан сілкілеп, сабырға шақыратын.
Дәрігер оны ауруханаға жатқызуға кеңес берді. Кёко илікпей жүрді, бірақ ақыры оны көндірді.
− Хайыр, мен ауруханаға жатайын, бірақ мені бірер күнге ата-анама жіберіңіздер, − деп өтініш айтты ол.
Ал келесі күні ол кейінгі уақытта бұрынғы күйеуімен бірге тұрған тауларға кетті. Қыркүйектің басы болатын – онда олар он күн кейін келген-ді. Пойыздың ішінде оны жүрегі айну мен басы айналу тағы да азапқа салды. Ол тіпті пойыздан ерте түсуге тура келеді-ау деп те қорықты. Ақыры ол діттеген жеріне жетті, сөйтіп, стансадан түскенде, және таза ауаны кеудесін толтыра жұтқанда, жеңілдеп сала берді. Ол өзіне өзі келді – бір сәтте өзін қайдағы бір ібілістің әурелегенінен құтылғандай сезінді. Кёко іркілді де, қоршаған тауларға әлдебір оғаш сезіммен көз салды. Қарауытқан, көкшіл түсті таулардың жалғастары аспанның аясында айқын көрініп тұрды. Кёко айналасындағы тірі ғаламды еркін сезінді. Жылымық жастар бунаған көздерін сүртті де, өздерінің бұрынғы үйлеріне бағыт алды. Әрі дәл бүгін де, тап сонау кездегідей күн батарда қызғылт тартқан шоқтоғайдан көкшымшықтардың сайрағаны талып жетіп тұрды.
Үйлерінде әлдекімдер тұратын сияқты – екінші қабаттың терезесінде шілтерлер ілулі тұр екен. Кёко жақынырақ баруға бата алмай, үйге қарап тұрды да, кенет, өз сөздеріне таңғала, баяу күбірледі:
− Егер сәби сізге ұқсас болса, не істейміз? − Сөйтті де, жаны жай жапқандай болып, стансаға қайыра кетті...
2013 ж. қыркүйекте тәржімеленген Марал Хасен
[1] Камакура – қашау мен лактауды бірге жүргізу. – Бұл жерде және әрі қарай аудармашылардың ескертпелері.
[2] Тандзаку – танка (жапон поэзиясының таптық құрылымнан келе жатқан түрі. – Ауд.) өлеңдерін жазатын ұзынша қағаз.
[3] 1 кэннің ұзындығы 1,81 м.