Еламан Қабділәшім: «Жердегі Аспан сөйледі!...»

ӘДЕБИЕТ
3756
Жақында қазақ айтысында өзіндік талантымен таныла білген алдаспан ақын, «Алтын домбыра» иегері, Баянауыл ауданының Құрметті азаматы, Халықаралық жыршы термешілер одағының мүшесі Аспанбек Шұғатайдың «Жердегі Аспан сөйлесе...» атты кітабы жарық көрді.

Аспанбек Шұғатаев есімі менің есімде, оқушы кезімде, «Қазақстан» ұлттық арнасынан берілген «Аламан айтыста» айтқан бір сөзімен сақталып қалды. «Үйір салар айғырлар жалды келер...» деген еді ол, шашына тиіскен қарсыласына.
Одан кейін студенттік жылдары «Қазақ әдебиеті» газетінде жарияланған «Алтын домбыра» айтысындағы Болатбек Оразбаевпен өткен сөз сайысын оқыдым. Туған жерді сағынып жүргенде газет бетінде «табысқан» жерлесімнің:
«...Мен – Сақтың ұлы қазақпын,
Дүниені басқан дүмпуім.
Алтыннан сауыт киініп,
Алты құрлықты сілкідім...»
және
«...Қазақ руға бөлінбейді,
Қазақ рудан құралад...» деген сөздерін санама түртіп қойғанмын.

Енді міне, «Жердегі Аспан сөйлесе!...» жыр кітабы қолыма тиіп, Аспанбектің айтыстарын оңаша оқып отырмын. Кітапқа ақынның үздік айтыстары мен жырлары топтастырылған. «Айтыстар» бөліміндегі Болатбек Оразбаев, Ринат Зайытов, Еркебұлан Қайназаров, Серік Қалиев, Қалижан Білдәшев, Айбек Қалиев, Мақсат Аханов, Тілеген Әділов, Абай Жолмағанбетов, Шұғайып Сезімхан сынды ақындармен өткен сөз сайыстары мазмұндылығымен, көркемдігімен ерекшеленеді. Ал, «Жырлар» бөліміндегі «Азаттық деген бір сөзде...», «Туғаннан Құдай текті еткен...», «Аумады бастан не күндер...», «Шапқан сайын үдеген...», «Алашымды қорғай көр, Алла, дерттен», «Өмір – кеме, дін – желкен...», «Не көрмеді бұл қазақ...» және өзге де жырлар оқырманның жігерін жанып, намысын қайрай түседі.Кітапқа қазақтың белгілі ақындары алғысөз жазып, сәттілік тілепті. Жүрсін Ерман Аспанбектің ізденгіштігін баса айтса, Серік Елікбай «ғашықтық, сүю мен күю секілді тар соқпақ, естанды шумақтарға да әуестігін сезбегенін» жазыпты. Ал, Ринат Зайытов: «Ақынның әр шумағынан өзім кең даланың еркіндігін, азат өскен ұрпақтың асаулығын көремін», - депті.
Шынын айту керек, айтыс ақындары мен жазба ақындардың «ауылын бір-бірінен алшақ қондырғаны» қашан?! Бұған кім немесе не кінәлі? Бұл туралы ұзақ сөйлеуге болады. Олай кете берсек, жіптің ұшын ұстай алмаспыз.
Аспанбектің кітабын оқу арқылы мен өзімді айтыс өнерінің өкіліне бір табан жақындай түскенімді сездім. Айтысты тыңдау бір бөлек те, оқу мүлдем өзгеше әсер береді екен. Баяғы әдетімше өзіме ұнаған тұстарды ерекшелеп отырып оқыған кітабым жайлы аз-кем сөз айтуды жөн көрдім.

Ақын айтысқа жан жақты дайындалып баратыны біз айтпсақ та белгілі. Айтыс аламаны қай жерде өтсе, сол жердің тарихын, тұлғаларын зерттеп-зерделеп алу, оны жырға қосу Аспанбектің басты «қаруы» екен. Кітапқа 12 айтыс енген болса, ақын соншама жерді жырына арқау еткен. Аспанбек Тараз, Ақсуат, Алматы, Қарағанды, Астана, Орал секілді өңірлерді шебер тілмен, сол өңірдің әйдік қалқасы кестелеген жібек орамалдай әсем тілмен әспеттейді. Бұл әдіс айтыс өтіп жатқан уақытта көрерменнің ыстық ықыласын алу тәсілі болса, енді мүлдем басқа мәнге, өзге мағынаға ие болып отыр. Кітапта бұл жолдар оқырманды сол өңірге құрметпен қарауға шықыратындай.

Мысалы, Аспанбек Арқа төрінде өткен айтыста:
«...Қазыбек биден тартсаң да,
Бұқар жыраудан тартсаң да,
Қарағанды - қазақтың
Демократиялық ордасы...», - дейді.
Алатау баурайынан:
 «...Иранбақ – парсылардың Алматысы,
Алматы – жер бетінің Иранбағы...», - деп үн қатады.
Ал, Атырау төрінде Аспанбек былай деп атой салады:
«...Ұлдарының жонында,
Арыстанның жалы бар.
Қыздарының қолында
Қырық үйдің шамы бар.
Сөзімнің айтсам дұрысын,
Алтын, күміс, мырышым,
Батысым, сенде бәрі бар!
Шөп тисе қаулап кететін,
От тисе лаулап кететін,
Бұл жақтың мұнайында да,
Кіші жүздің қаны бар...»
Осындай нәрлі де, мәнді шумақтар ақын жырының өн бойында өрнектеле өріліп отырады. Ал, маған Ақтау қаласында жергілікті ақын Абай Жолмағанбетовпен өткен айтыстағы өлеңі ереше әсер етті:
«...Маңдайың таңдай нұрлы Маңғыстауым,
Мәриямның түнде көрген жарығындай.
Жіпсіз байлап тастайтын жерлері көп,
Жүсіптің жанарының жалынындай...
Аюдай алыптардың ауылы бұл,
Аюбтың сарқылмайтын сабырындай...
Алшынның баласына сәлем бердім,
Алшаң басып жүретін хан ұлындай.
Ассалаумағалейкум, қалың Адай,
Алаштың алынбайтын алыбындай.
Жерінде үш жүз алпыс екі әулие,
Үш жүздің алпыс екі тамынындай...»
Мейман боп отарған мекеннің мерейін осылай асыратын Аспанбек туған жерінің де беделін биіктетіп, абыройын асырып отырады. Ол жырларға тоқталмай-ақ қояйын. Мақтанып кеткендей болармын...
Бірақ, ақынның Ертіс-Баян өңірі жайлы, осы жерден түлеген тұлғалар жайлы айтылған жырлары бірсарынды болып кететінін аңғардым.

Айтыскер ақынға тән тағы бір қасиет – қарсыласын тығырыққа тіреп, сөзден тұқырту. Аспанбектің қарсыласына тиісе сөйлеудің шебері екенін аңғартадым. Ол азулы қарсыласы Ринат ағасына:
«...Сөзін жазып әндердің,
Мәтініне мән бердің,
Тіліңнің төгіп шекерін...
Бәрін айт та бірін айт,
Эстраданы тіреп тұрсыңдар,
Есентаева екеуің...», - деп тиіседі.
Ал, Қалижан Білдәшевке:
«Аман-есен келдің бе ақсақ түйе,
Аузына жел айдаған қаңбақ түсіп...», - дейді.
Еркебұлан Қайназаровты:
«...Астанада цирктер көп екен ғой,
Көз салып қарасаң да қайда барып.
Циректің ең үлкені – билік екен,
Қаламмен соғысатын, найза қалып.
Ішінде арланынан түлкісі көп,
Арқадан жеп, құсатын сайға барып.
Талай борсық диванда ұйықтап жатыр,
Табаны мен қарынын майлап алып...
Еркебұлан, ел үшін қызымет қыл,
Ерігіп жата бермей шайға қанып,
Аңдармен өз тіліңде сөйлессеңші,
Бұлан деген атыңды пайдаланып...», - деп астары терең қалжыңмен қағытады.

Кітапты оқып отырып, аңғарғаным – Аспанбек өзіне қойылған сауалдарға да, қағытпа қалжың, өткір сынға да табан астында тауып айтып, қарсылас уысынан сытылып шығуға бейім екен.
Бір айтыста Еркебұлан Қайназаров Аспанбекке: «...Қалайсың павлодарлық «Кунг-фу Панда?», - деп тиіседі. Бұл сөзге Аспанбек:

«...«Кунг-фу Панда» дегенің бір түрлі екен,
Ағамның ұнамады бұл өлеңі.
Панда деген – Қытайдың аюы ғой,
Кунг-фу деген – сол елдің бір өнері.
Ер Төстікті білмейді бүгінгілер,
«Кунг-фу Панда» болам, - деп шіренеді.
Ағайын, ол көршіден сақтаныңдар,
Олардың да осы ғой тілегені,
Бірінші Пандаларын жібереді,
Артынан бандаларын жібереді...», - деп қарсылас құрығынан құтылып кетеді.
Енді бір айтыста Қалижан Білдәшевке:
«...Сұр жебеден өткірмін,
Көбеңді кеп тұр сөктіргім.
«Ринат болам» деп жүргем жоқ,
Мен Аспанбек боп тудым.
Шапанын маған сыйласа,
Қасында жүріп талай жыл,
Тәлімін алған текті ұлмын.
Қалижан, бұл дегенің,
Жолбарыстың терісін,
Жамылғанымдай, - деп тұрмын.
Терісіне тағының
Төбет өлсе де жоламас,
Орныңды басып көп тұрдың...
Ағама ұқсасам айып па?
Халықтың мұңын айтқанда,
Дәуіттің жасын төктірдім...
Ринаттай отты ұлдың,
Атағын әкелмесем де,
Қаһарын әкеп кеп тұрмын...
Мақамын әкелмесем де,
Мақалын әкеп кеп тұрмын.
Шатағын әкелмесем де,
Шапанын әкеп кеп тұрмын...», - дейді.
Ал, Мақсат Ахановпен өткен айтыста:
«...Келіп алып бұл жерге,
Мәскеу жаққа бар дейсің.
«Жериновскийді ұстап ап,
Құрбандыққа шал» дейсің.
Ал, енді бері қарашы,
Көктен түскен қошқардай,
Өсірген Алла бағасын,
Қайрат пенен Ерболды,
Құрбан қып еді Алашым.
Айналайын, Мақсат-ау,
Қасиетті Құрбан Айтта,
Шошқаны қайтіп шаласың?!», - деп жауап береді.

Аспанбектің әр айтысында өткір шумақтар, сәтті тіркестер молынан ұшырасады. Әсіресе, халық даналығымен, бабалар нақылымен ұштасқан тіркестері табиғилығымен иландырады. Бірнешеуін теріп алдым:
 «...Бағалы болсын сөздерім,
Кешегі Тұржан сұлудың,
Құлағындағы сырғадай...»,
немесе,
«...Сөзден сасып көрмегем,
Сасан бидің жағындай...» (Ринат Зайытовпен айтыста айтқаны).


***
 «...Иығымнан түскенше,
Иілмеген бас болам...»,
немесе,
«...Сөнгендер қайта жанғанмен,
Өлгендер қайта тірілмес...» (Еркебұлан Қайназаровпен айтыста айтқаны)

***
«...Тойдың сәні кірмейді,
Түйенің қарнын ақтармай.
Сөздің сәні кірмейді,
Топқа кіріп баптанбай...» (Серік Қалиевпен айтыста айтқаны)

***
«...Мәшһүрдің иісі тілімде,
Қасқырдың иісі қанымда...»,
немесе,
«...Торғыннан шапан кисе де,
Алтын үйге кірсе де,
Кімнің мәңгі еді ғұмыры?!»  (Қалижан Білдәшевпен айтыста айтқаны).

***
«...Жүгірсе ойдың жорғасы,
Шайырдың сол ғой олжасы...» (Айбек Қалиевпен айтыста айтқаны).

***
«...Қарға адым жер мұң болар,
Арғымақ ат ақсаса.
Дәуренің жүріп тұрғанда,
Тұяғыңменен тас қаша.
Бұл жастық мәңгі тұрмайды,
Ертең-ақ қолын бұлғайды,
Қос тізеңіз қақсаса...»,
немесе,
«...Қазанда піспей қоймайды,
Қанжарға түскен бағылан...»,
немесе,
«Айғыр құтырса, ат болар,
Ат құтырса, ет болар...» (Мақсат Ахановпен айтыста айтқаны).

***
«...Жаман аңшының мылтығы,
Өзін құртады бір күні...»,
немесе,
«...Дауласқалы келгем жоқ,
Дау іздеген оңбайды.
Жауласқалы келгем жоқ,
Көзі ашық жанға көр қайғы...
Арлан орманды қорғаса,
Орман арланды қолдайды...»,
немесе,
«...Таяқ жеген дуана,
Мазарға қарай шабады.
Сызат түскен қоңырау,
Сыңғырлаудан қалады...»,
немесе,
«...Қарға тамырлы қазақтың,
Ақсұңқары мен едім.
Қарға болып қарқылдағанша,
Биіктен құлап өлемін...» (Тәлеген Әділевпен айтыста айтқаны).

***
«...Қарғыс деген нәрсе бар,
Қақыратып жіберер,
Адамға тисе кінәсі.
Алғыс деген нәрсе бар,
Жарқыратып жіберер,
Сөзімнің бар ма шүбәсі?!
..Тірілерді демейтін,
Өлілерді жебейтін,
Адамзаттың дұғасы...» (Абай Жолмағанбетовпен айтыста айтқаны).

***
«...Ат үстінде жүргенде
Жердің бетін жаулап ек.
Жаяулатқалы бері,
Шауып кеттік сауда деп.
Арзандап кетті бағасы,
Алтыннан қымбат ар бар ед...»,
немесе,
«...Атқа мінген кезімде,
Найзам жерде қалған жоқ.
Атымды бере салсам да,
Ақымды бере салғам жоқ...» (Еркебұлан Қайназаровпен айтыста айтқаны),

***

«...Батыр болу да қиын ғой,
Қулары көп заманда...» (Шұғайып Сезімханмен айтыста айтқаны).

Аспанбек айтыстарында елдік, ұлттық мәселелерді өткір қозғайды. Солардың ең бастысы – бірнеше айтысында айтқан Павлодар мен Петорпавл қалаларының атын ауыстыру жайы. Ол туралы Еркебұлан Қайназаровпен өткен айтыста былай дейді:
«...Бұйыртса, біз де қазақ ат алармыз,
Адамдар қоймаса екер заманды жеп...
«Алтын домбыра» шешпейді Павлодарды,
Алтын тақта отырған адам білед...» дейді.
Тілдің жайын да жырлаудан жағы талмайтын ақын:
 «...Қасым-Жомарт та айтуда,
Қазақ тілге бірінші,
жасаңдар, - деп жағдайды.
Бүкіл қазақ баласы,
Өз тілінде сөйлесе,
Жер шарын қайта жаулайды.
Өйткені, жұртым, білсің,
Бір тілде сөйлей алмаған,
Біріге де алмайды...», - дейді.       

«Жердегі Аспан осылай сөйледі!»

Құрметті оқырман!
«Теңіздің дәмі тамшыдан» білінетінін айғақтау үшін көңіліме қонған жырлардан аз да болса, назарыңызға ұсындым. Көре білген оқырман, Аспанбек ақынның артықшылығын да, кемшілігін де аңғарады деп ойлаймын. Өзіне қажеттісін жүрегіне жинап, санасына сақтайды деп білемін. Менікі тек, «Кітапты өртеп жіберуден де үлкен қиянат бар, ол – кітапты оқымау» дегендегі қиянат болмасын деген жанашыр көңіл ғана.
Айтпасыма болмайтын бір жайт – кітаптағы пунктуациялық, орфографиялық қателердің көптігі. Жақсы кітап барлық жағынан жақсы болып шығуы керек еді.
Осы орайда бір ұсыныс – кітап шығарумен айналысатын, кітап басып пайда табатын, осы шаруаны бизнеске айналдырған баспаларда қазақ тілін жетік меңгерген корректор, редакторлар болуы, мемлекеттік «Тіл туралы» Заңмен міндеттелсе екен. Ол жекеменшік мекеме болса да. Әйтпесе, кітап қолжазбасындағы қателерді дұрыс түзете алмайтын корректорлар шашымнан да көп. Ондай шала сауаттылар қазақ тілінің шырайын кетіріп бітті.
Сонымен бірге, автор да кітаптың сапалы шығуына аса мән беріп, жауапкершілікпен қараса екен.

Кітаптан оқыған әсеріммен бөліскен жазбамды Аспанбектің өз сөзімен аяқтайын:
«...Батырлар да – ұстазым,
Жауды құлатқан жебесі ем.
Жыраулар да – ұстазым,
Қара жердің бетімен,
Жүргізіп кеткен кемесі ем.
Халық деген – ұстаздың,
Өнерге қаққан шегесі ем...».
Сол шеге мәңгілік берік болғай!


Еламан ҚАБДІЛӘШІМ,
Баянауыл ауданы.
author

Еламан Қабділәшім

АҚЫН

Жаңалықтар

Елордалық өрт сөндірушілер Нұра ауданы Қабанбай батыр даңғылында автобустың жануын сөндірді, деп хаб...

Жаңалықтар

Әлеуметтік желілерде қайырымдылық қор құрылтайшысының қаржысын жымдықды деп айыпталып отырған Пери...