«Академик – карлик, профессор – плагиатор, ректор – гном»

Жаңалықтар
966

Белгілі академик, физика-математика ғылымдарының докторы Мұхтарбай ӨТЕЛБАЙДЫ жас шенеуніктердің қастығы мен жалған ғалымдардың соры толғандырып жүр екен. Сондай-ақ, академиктің сөзінше, қазақша сөйлейтін ұялы телефон тұрғанда, балабақшадағы балаға ағылшынды оқытудың қажеті  жоқ екен.

Шіренген шенеуніктер қайдан шықты?

Мемлекеттік лауазымды қызметте жүрген жастардың  (министрлер, вице-министрлер, компания басшылары, агенттік, комитет, департамент төрағалары, директорлары т.б.) қазақ тілінде сөйлемейтіні және шала сауаттылығы қатты ойландырады. Өйткені, Конституциямызда жазылғандай, елімізде мемлекеттік тіл – ағылшын тілі де емес, орыс тілі де емес, қазақ тілі! Бұл олардың біразының ана тілі болмауы да мүмкін (шешелері де қазақ тілін білмейтін шығар), бірақ, сөз жоқ, баба тілі немесе әже тілі!

Мемлекеттік тілді білмеу  «Мәңглік ел» болу ұмтылысына, «Рухани жаңғыру» үдерісіне (процесс) зор кедергі. Егемендігіміздің баянды болуына күмән тудырып, жастарды отаншылдық  рухында тәрбиелеуге нұқсан келтіріп отыр.

Осындай рухсыз кадрлардың тым көбейіп кетуінің негізгі себебі – үлкен қызметтерде көп жүрген немесе түрлі амалдармен ен байлықты иемденіп қалған «ел ағаларының» өз ұрпағына, өз адамдарына тықпыштап қызмет әперуінің нәтижесі. Яғни жауапты орындарға маман қоюда, білімнің сапасын анықтауда, мемлекеттік қызметтің қарапайым ғана этикасын сақтауда (мемлекет тілін білмей, халыққа қызмет етуге бола ма?..) принципсіздік – біздің сорымыз болып тұр.

Демек, олардың мұндай әрекеттері  болашақ ұрпақты тәрбиелеу ісіне жасалған аса үлкен қастандықпен бірдей.

Талантты өсірудің орнына өшіріп жүрміз

Мені толғандыратын екінші мәселе – білім беру және білімді басқару жүйесіндегі көптеген кемшіліктер. Олардың күрделеніп, молаюына себеп – жалған (псевдо) ғалымдардың көбейіп кетуі. Олар ғылымның да, білімнің де іргелі (фундаменталды), баянды болуына үлкен кедергі келтіріп отыр. Өйткені псевдо-ғылымның табиғаты сондай: талантты өсірмеу, үздікті көрмеу, өтірік айту, жылтырақ сөйлеу, елдің басшылығын да, халықты да алдап соғу.

Жас мамандарды дұрыс бағыт таңдай алатындай етіп тәрбиелеу мүмкіндігіміз жылдан-жылға тарылып келеді. Білімнің, ғылымның жауапты орындарына шығып алған пысықайлар, псевдо-ғалымдар тұтастай жастарға өте жаман өнеге көрсетіп отыр. Біріншіден, олар өзі сияқтыларды таңдап, ынталандырады, өсіреді. Екіншіден, нағыз талантты балалар мұны көріп ғылымнан шошынады. Әрі-бері шаршаған соң «құрысын» деп, шетелге ұмтылып, сонда қалып қояды.

Қазіргі студент-жастардың көзі ашық: олар интернеттен барлық профессордың, ректордың, академиктің деңгейін, әлеуетін біліп, бағалап отырады. Әділ бағалап, «анау – карлик, мынау – гном», «анау – плагиатор» деп, өз арасында дәлелдеп, талқылайды. Енді «карликтің», «гномның» «плагиатордың» академик, профессор, ректор деңгейінде ақыл айтып тұрғанын көрген студент қандай ойда болатынын, қандай тәрбие алатынын болжау қиын емес.

Сондықтан ғылым, білім жүйесін басқаратын, осыларды қадағалайтын, бұлармен араласатын кадрларды өте мұқият таңдамасақ, арты  не боларын болжау қиын емес. Сорымызға қарай, біздің көп басшыларымыз жіберген қатесін мойындап, түзетудің орнына «қателесу процесін» одан әрі дамытып келеді. Бәрі жеке басының пасық («низменный») мақсаты үшін ғана.

Қалта телефон қазақ тіліне қызмет етсін!

Бүгінде қазақ тілі, ағылшын тілі, технология дегенді көп айтамыз. Рас, әлемде технология қарыштап кетті. Мысалы, күні-түні байланыстағы мына қалта телефонымызды да қазақ тілінің мүддесіне қызмет еткізе білуіміз керек. Қазір ұялы телефонмен бірінші адам өз ана тілінде (араб – арабша, неміс – немісше, ағылшын – ағылшынша…) сөйлейді, ал нәтижесінде әрбір тыңдаушы (немесе қабыл алушы, әңгімелесуші) өзінің тілінде еркін қабылдай береді.  Бұл – ұялы телефон бір тілден екінші тілге оп-оңай аудара алады деген сөз.

Ұялы телефонға (немесе компьютерге) бір-екі емес, жүздеген тіл сан мыңдаған сөздік қорымен сыйып кететіні белгілі. Енді телефонның аудару қабілеті күннен-күнге арта түспек.

Демек, тіл білу (мысалы, ағылшын тілін білу) – техникалық шешімі бар проблема. Жақын болашақта барлық халықтың адамымен солардың «тілінде» сөйлесе беретін боламыз. Яғни смартфондағы (телефон т.б.) сөздік жанымызды қинамайды.

Әлемде осындай технологиялық төңкеріс жүріп жатқанда, біздің балабақшадан бастап «ағылшын тілі» деп жанығуымыз мүлдем теріс болып шығады. Тіпті бұл А.Байтұрсынұлының өсиетіне, неміс, жапон т.б. елдер тәжірибесіне қарсы екенін айта-айта жағымыз талған жоқ па?! Осы жағдайда біз қазақ тілін дамытуға, қазақ тілін терең білуге тырысуды қолдап-қолпаштауға тиіспіз. Мына заманда бір тілді терең біле түсу – аса қажет базалық дүние. Өзіңіз ойлаңызшы, әр нәрсені тиіп-қашып істеген жұмыс нәтижелі ме, орнықты жұмыс нәтижелі ме?..

Біз – аға толқынбыз. Осы шындықты шетелде оқып келген жап-жас білім саласы басшылары көзін жұмып алғандай білмей, ел басшылығын «үш тіл бізді ұшпаққа шығарады» деп алдаусырату – қай жағынан да қисынсыз, өнімсіз, болашағы жоқ бірдеңе (дұрыс емес нәрсені «идея» деу де күпірлік).

Әйтеуір, қазаққа тек Құдай көмектесіп жатады. Әлгідей ана тіліне еш зиян тигізбейтін, қайта оның қолтығынан демейтін технологияның Қазақстанға жететін күні де алыс емес. Жоғары лауазымды мемлекеттік қызметкерлер осы мәселеге шұғыл көңіл бөлгені дұрыс болар еді.

Қазақша «білетін» ұялы телефон жүйесі (смартфон) қазақтан басқа ешкімге керек емес. Қай ұлтты болсын ана тілімізде «сөйлететін» телефон, әрине, аспаннан аяғы салбырап түсе қалмайды. Біз сол үшін күресуіміз керек. Ондай «тілмаштыққа» орыс тілі де жарайды десек, әлем алдында күлкіге қаламыз.

Сондықтан Қазақстанға келетін немесе бізде сатылатын телефонның бәріне қазақша жад салу, қаріп енгізу (бүгінгі кириллицаны да, бекітілген латиницаны да) міндетті. Бұл  мемлекеттік жұмыс, бағдарлама болуы тиіс.

Нақты ақиқат: қазақша «білмейтін» телефондар мемлекеттік тілге қарсы жұмыс істейді (табиғаты солай). Бүгінде 1-сыныпқа барып жүрген бүлдіршіндер мектепті бітірген кезде ұялы телефондар ең мықты аудармашыдан (тілмаштан) әлдеқайда мықты аудармашы болады. Сондықтан жеткіншектеріміз бір тілді, яғни Қазақстанның мемлекеттік тілін өте жақсы (бүкіл ішкі дүниесімен, сезімімен) меңгергені дұрыс деп білемін.

Үш немесе одан да көп тілді «ми спорты» ретінде үйренуге, әлбетте, ешкім қарсы емес. Ол  әркімнің жеке ісі. Ал қалың көпшілікті рухани жаңғырту үшін, Қазақстанның толыққанды азаматы ету үшін қазақ тілін 100 пайыз еркін меңгерту – мемлекеттің №1 міндеті.

Осыдан 10 жылдай бұрын тілмаш телефон жасау шешілмейтін проблемадай еді. Бүгін ол ақиқатқа айналғалы тұр.

Мен сол кезде-ақ ІТ, информатик, ақпараттық технология мамандарына «тілмаш телефон жасауға қорықпай кірісе беріңдер» деп ұсыныс жасаған едім. Бірақ олар құлақ аспады. Құжаттарды (документ) орысшадан қазақша аударатын бағдарлама (програм) жасап, ақша тапқандарына мәз еді. Осы мәселе туралы баяндама жасап (Әбу Қуандықовпен бірге), бір алгоритм жасаған едім. Алгоритмін (өте қарапайым) ұсынғанмын. Информатиктер тілмаш телефонның пайда болғанын менен естіп-біліп жүргені ұят-ақ. Шет мемлекеттерде ғылымның алғы шебі қалай дамып жатқанын жастарымыз мұқият қадағалап жүрсе деген тілегім де бар.

Әлемдік ғылымның алғы шебінде не болып жатқанын қадағалап отыруға интернет және басқа ақпарат құралдары жеткіліксіз. Тіпті барған сайын жиілеп бара жатқан конференциялар, конгрестер де «көштен қалып», оны айта алмайды екен.

Сондықтан аптасына бір-екі рет өткізілетін тұрақты ғылыми семинарлар керек. Мұндай семинарлар математиктерде дәстүрге айналған. Алматы, Астана, Қарағанды, Шымкент, Тараз, Ақтөбе қалаларында аптасына бір рет семинарлар өтеді. Математиктердің көрсеткіштері жақсы болып жүргенінің бір себебі осында.

Ғылымның басқа салаларынан экономист Орақ Әлиев ұйымдастырып жүрген бір ғана семинардың бар екенін білемін. Одан басқа тұрақты, дәстүрлі семинар туралы естіген емеспін. Осындай қарапайым себептердің нәтижесінде ғылымдағы күрделі жаңалықтарды білуге тиісті ғалымдар кешігіп естіп жүр. «Тілмаш телефонның» пайда болуы «үштілділік» проблемасын қайта қарауға мәжбүрлейтіні сөзсіз.

Егер жақын арада «тілмаш телефонды» қазақша үйретпесек (олар қазір жүз тіл біледі), ол телефондар қазақ тіліне қарсы жұмыс істей бастайды және де ана тілімізді мейлінше әлсіретіп, түбінде егемендігімізге зор қауіп төндірері сөзсіз.

Біздің информатиктер мен математикалық логика мамандары және тіл мамандары бірігіп «тілмаш телефонға» бір жылда-ақ қазақша үйрете алады. Күннен-күнге аудармашылық қабілетін жетілдіретін («самообучающийся») чип жасай алады.

Еліміздегі жауапты қызметкерлер қырсықпаса, аяқтан шалмаса, бәрі жасалады.

«Алдымыздағы 15-20 жылда тілмаш телефондар ең жақсы аудармашыдан әлдеқайда сапалы аудара алатын болады» десем, күмәнданбаңыздар.

Естеріңізге «шахмат ойнайтын программаны» түсірейін. Қазір компьютерден әлем чемпиондары да жеңіліп жүр. Ал кезіңде «компьютер ешқашан чемпион адамды шахматтан жеңе алмайды» дейтін еді ақылгөйлер.

Жаһандану заманында тілмаш телефондар және интернет жүйесі егемендігі жоқ көп халықтың жойылып кетуіне себепкер болады. Егер де біз тілмаш телефонға қазақ тілін жедел түрде үйретпесек, біздің  жағдайымыз да қуанарлықтай болмайтыны айдан анық. Себебі олар батыстың, Ресейдің идеологикалық экспансиясына өте тиімді (эффективті) қызмет көрсететін күшке айналады. Технологиялық іс насырға шапса, біз жас ұрпағымызды өзіміз тәрбиелеу мүмкіндігінен мүлде ажыраймыз, жастарымыз өзін «қазақпыз» деп сезінуден қалады.

«Әкем де – қазақ, анам да – қазақ, тауым да – қазақ, бауым да – қазақ, төрт түлігім де – қазақ, бұйымым да – қазақ» дейтін жасөспірімді немесе ойыншық аң-құсымен, қуыршағымен ана тілінде «сөйлесетін» бүлдіршіндерді таппайсыз.

Мен жылқы қиының иісі, жылқы терінің иісі мұрнына келсе, сүйсініп рахаттанатын қазақтар үзілмей, бола берсе екен деп тілеймін. Мұқағалидай ақын қазақтар дүниеге келе берсе екен деп армандаймын. Халқымыз жаһандану заманына жұтылып кетпей, тілін және салт-дәстүрін аман сақтап, мәңгі ел болатынына үміттенемін.

Тағы бір ойым бар. Ол – Google-дың Қазақ елінде филиалын ашу. Қазірдің өзінде осы ғаламтор жүйесінде қазақтар қызмет етеді. Таяу болашақта елдер, халықтар техникалық аудармамен байланысып, ықпалдасып өмір сүретін болады. Қонақүйде, мейрамханада, музейде т.б. көпшілік орындарда сізді робот қарсы алып, қызмет көрсетеді. Біреулер «құлтемір» деп жүрген осы темір мен технологиядан жаралған «қызметшіні» қазақ тілінде сөйлетуге міндеттіміз.

Ғылым мен техниканың ұлы жетістіктері бізді жай ғана жұбатпай, рухани барымыз бен нарымызды жетілдіре түссе, қазақ көштен қалмайды. Ол үшін осы саланың отаншыл, елшіл, ұлтын шексіз сүйетін азаматтарын бағалау, сөзіне құлақ асу, мінберден қиқулап төмпештеп түсірмей, идеясының жүзеге асуына мүмкіндік туғызу, шәкірт таңдауына қолдау көрсету – нағыз мемлекеттік іс болмақ.

Мұхтар ӨТЕЛБАЙ, академик.

Фото: vadua.wordpress.com

zhasalash.kz

Жаңалықтар

Түркістан облысы Келес ауданындағы N8 Т.Бегманова атындағы жалпы білім беретін мектебінің өзбек тілі...

Жаңалықтар

Қостанай облысында зауыт жұмысшысы зауыттағы бетон араластырғышқа құлап, қайтыс болды, деп хабарла...