Қазақстандық пианист Гүлдана Әбдірахман Италияда аэропортта Батырхан Шүкеновтің музкасын орындап, ит...
Тоқтар Әубәкіров. "... өлсем өлейін дедім де, ғарышқа ұшуға келісімімді бердім"
Ғарышқа ұшқан кезімнен ертеректе Дінмұхаммед Қонаев мені шақырып алып, ғарышқа ұшу туралы ұсыныс айтты. Егер менде жеке бас мақтанышы күшті болса, қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкер болайын деген ой болса, сол кезде ұшып кетер едім. Бірақ мен бірінші басшының ұсынысын құп алған жоқпын. Мен сол кезде үлкен жұмыста жүрдім. Бірінші басшы айтты екен деп жұмысымды ысырып қойып ғарышқа ұшып кетуге болмайды. Көп кешікпей Қонаев қызметінен кетті.
Тағы бір айтар мәселе, одан кейін дәл осындай ұсыныспен Нұрсұлтан Назарбаев та бір емес, екі рет тамырымды басып көрген. Ол кезде Назарбаев Қазақстан Компартиясының бірінші хатшысы болатын. Оған да келісім берген жоқпын. Мен қызмет етіп жүрген Микоян бюросында бірнеше әріптестеріміз қаза болып кетті. Аса қиын жұмыстарға қабілеті жететін екі-ақ адам қалдық. Өзгелері жас. Оған олардың қарым-қабілеті жете қоймайтын. Сондықтан жастарды үйрету үшін уақыт керек болды. Осы себепті мен Назарбаевтың өтінішін орындай алмайтынымды айттым.
Бірақ Нұрекең үшінші рет шақырып алып: "30 жыл біздің жерімізден ғарышқа басқалар ұшып жатыр, әлі күнге дейін бір қазақ жоқ…" — деді. Көп ойланып жатпай, келісімді сол күні бердім. "Қоянды қамыс өлтіреді, жігітті намыс өлтіреді" дейді ғой, өлсем өлейін дедім де, ғарышқа ұшуға келісімімді бердім.