Шағын романға үлкен жүк арту – шеберлік!

ӘДЕБИЕТ
2701

Әлемдік көркем сөздің ең биік шыңы – роман десек, осы жанр төңірегенде қазір көптеген ой-пікірлер өрбіп, тіпті сыңаржақ пікірлер де айтылуда. Әрбір қаламгердің сөз саптау шеберлігі мен ой қазынасы, ізденіс-талғамы баға жетпес мол мұра. Мыңғасырлық тарихы бар текті әдебиет өнерінің роман жанры да бүгінгі күні қарыштап дамып келеді. Сонда қалай және қай бағытта құлаш жаюдамыз? Көпшілік пікірге сүйенсек «роман тоқырады, әдебиет аз оқылады, сын-пікірлер айтылмайды?» деген сияқты оралымдарды жиі естиміз...

Жасыратын не бар, әдебиет қазір терең талғам мен байсалды қалыпта дамуға бет алды. Бүгінгідей қар­қынды ақпарат заманының жазу өнерінде «ғаламтор-әде­биет» қалыбы ерекше орын алғаны да рас. Әдебиетіміздің алып тұл­ғаларының саф мұраларын ға­ламтор арқылы электронды нұс­қада оқып, уақыт пен қолжетім­ділікті арттырудамыз. Барлығымыз да бала кезімізден-ақ Ж.Аймауытов, М.Әуезов, Ғ.Мүсі­репов, Ш.Мұртаза, Ә.Кекілбай сынды қаламгерлеріміздің шоқ­тығы биік шығармаларын сана­мызға сіңіріп өстік. Бүгінде жазу өнері қалыптасып, қарымы биік қаламгерлеріміз де сол арнадан сусындады емес пе? Алайда, қазіргі тұста көркем дүниені оқытудың да заманауи жолы өсіп отыр ма? Біздің айтпағымыз –  қазіргі шағын романдар хақында. Бұл жерде бұрынғы том-том көлемді романдар туралы сын-пікірлер айтудан аулақпыз, талқыға салайын деп те жатқанымыз жоқ. «Бүгінгі жазылып жатқан романдардың салмағы қандай дәрежеде, көтерер жүгі қайсы, шағын романдар оқырманға не береді?» деген сияқты сұрақтар төңірегінде ой бөліспекпіз.

Біз әлемдік әдебиетке көп жүгініп, соларды мысал етіп, заңды талдаулар жасап келеміз, дұрыс-ақ. ХХ ғасырдың өзінде-ақ Америкада Флобер (көлемді романдар) мен Хемингуэй (қысқа романдар) сынды сөз зергерлері жарқ етіп көрінді. Бірақ екеуін де әуелі америкалықтар, сосын әлем оқырмандары сүйсініп оқыды емес пе! Орыс әдебиетінде Толстой (ұзақ романдар) мен Тургенев (қысқа романдар) қатарласа танылды. Тағы да орыс оқырмандары, қала берді әлемнің әдебиет сүюшілері екеуіне де ыстық ықылас байқатып бақты. Демек, бар мәселе көлемде емес екені тайға таңба басқандай көрініп тұр. Дей тұрсақ та, ХХІ ғасыр оқырмандары мүлде бөлек, басқаша талғамға ден қойғандай... 

Классикалық үлгідегі М.Әуезовтің «Абай жолы», Ә.Нұрпейісовтің «Қан мен тер», Ә.Кекілбайдың «Үркер» романдары сөз жоқ, теңдессіз дүниелер. Ал қазіргі жаңа қалыптағы шағын, айтар ойы, көтерер жүгі ауқымды туындылардан кімдерді оқып, танысып жүрсіздер және құндылығы неде?! Мұндай шағын және көркемдік деңгейі жоғары дүниелер қатарына  қаламгерлеріміз Қ.Жиенбайдың «Жер үстінде жұмақ бар», Ж.Қорғасбектің «Көкжалдар», А.Алтайдың «Сират» пен Ж.Әлмашұлының бірқатар романдарын атауға болады. Енді ойымызды кеңінен тарқатып айтсақ.

Әуелде айтары асқақ көлемді романдарымен («Тар дүние» трилогиясы) танылып, соңғы 10 жыл ішінде өте шағын әрі ықшам жазуға бет қойған жазушы-драматург Ж.Әлмашұлының «Бақидан келген келін­шек», «Жатпланеталық жігіт», «Бумеранг» сияқты қып-қысқа романдары бар. Қаламгердің осы шығармалары туралы әдеби ортада әртүрлі пікірлер айтылып жатыр. Сын да айтылуда, мақтаудан да кенде емес! Біз бұл шығармаларды оқып, оның тіл­дік-көркемдік, бастысы – идеялық мазмұнына ден қойған едік. 

Өлшеулі ғана өмірде адам­зат­тың бүкіл ғұмыры сынақтар мен болашаққа деген үміттен тұра­тындай… Автордың «Бақидан келген келіншек» роман-дра­ма­сында оқиға желісі Байжұман есімді кейіпкер арқылы баян­далады. Мұны әуелгі байқаммен түйіндеп айтсақ, «фэнтези» жанрында жазылған дүние деп тануымызға болатындай. Яғни, мұнда Байжұманның бақиға кеткен жары Бижамалмен сырласуы, отбасылық өмірі мен жүріп өткен жолы, жан азабы екеуара әсерлі диалогтармен өріліп отырған. Бұл туынды «ғаламтор-әдебиет» пор­талында жарияланып, әртүрлі пікірлер айтылуда. Байжұман – басшылық қыз­метте істейтін қаладағы кәсіп­керлердің бірі. Жары Англиядағы қызына бара жатқан кезеңде ұшақ апатынан қаза табады. Арада уақыт өте келе, Байжұманның көңілі құлазып, асыл жарына де­ген сағынышы арта түскендей. Күн­дердің күнінде Бижамал түн ішінде адам кейпінде күйеуіне сырласуға келеді. Мұнда түс те, елес те емес, кейіпкер күнделікті өмірдегідей өткен шақтарды саралап, әңгіме өрбітеді. Алайда, ерінің мұндай жағдайдың бо­луының мүмкін еместігін сұра­ғанда Бижамал: «Бізге фәнидегі пенделердің әрбір қадамы, әрбір әрекеті мүлде жұмбақ емес. Бәрін көз алдымызға әп-сәтте, керек ет­кен кезде жылдам әкеле ала­мыз… Фәнидегілер бізді тез ұмытып, тез естен шығаратыны жанымызға батады. Тіпті бақи­лықтар туралы егіле-езіле айту қажет емес деушілер де бар», – деп жауап қатады. Осылайша, жары күн батып, қараңғылық түс­кенде келіп, таң атқанда мәң­гілік мекеніне оралып отырады. Оқиға әрбір әңгіме-талқыға қа­рай, жиырма жеті түнге жинақ­талып, ықшамдалып беріл­ген. Біз «өлгендер қайтып келмейді» дей­міз. Дейміз де, бұл тақырыпқа үл­кен нүкте қоямыз. Бұл тұрғыда қалам­гердің ой-қиялы басқаша көрініс береді. Ав­тор­дың идеясында – адамзат­тың тірші­ліктегі ар-ожданы мен іс-әре­­кетін таразылап, отбасы құн­­ды­лығын бағалап, яғни, бар нәр­сенің бағасын ұғыну теоре­масы алға шыққан. Мұндағы әр­бір түнде Бижамалдың диалогы ар­қылы жұптық өмірдегі кейбір өкпе-наз бен балаларының бо­лашағына алаңдаушылық, бол­жам жасау көрінісі байқалады. Мұны біз «аруағы қолдап жү­ре­ді…» деген ұғыммен ұштастыра аламыз. Яғни, мұнда жаны жаралы Байжұманға келіншегінің елес болып үн қатуы оған күш-жігер беріп, өткен кемшіліктері­нің ор­нын толтыруға себепші бо­луы – заңдылық емес пе?! Мұнда қилы тағдыр да, өкініш пен жас­тар тәр­биесіндегі еркіндік те кеңінен маз­мұндалған. Бақилық адам­­ның қайтып келмейтіндігі белгілі болғанымен, шығарманы адам рухымен сырласу деп түсін­сек жарасатындай. Не болмаса, бір кісінің өз қиялымен арпа­лысуы, ішкі ойлардың лықсып сыртқа шығуы десе де боларлықтай? Сыртқы дүниенің арпалысы мен ішкі толғаныс Байжұманға жұмбақтау күй кештіріп: «…Сон­ша­лықты дәрменсіз, сонша­лық­ты әлсіз екеніңді білемісің, о адам! Біріңе-бірің неге қырғи­ қа­бақтанасың? Неге бас біріктіріп, тізе қосып, ғажайып әлемге же­туге ұмтылыс жасамайсыңдар? Салғырт тірліктеріңе жол бол­сын, уа пенде!..» – деген ойларға жетелейді.

Оқиғалар желісі қара­пайым да ұғынықты тілмен, әсі­ре­се, өте астарлы ой оралымдарымен, диалогтармен өрнектелген. Автор жанрын «роман-дра­ма» деп атапты, ендеше, бұл екі жанрдың синтезі болып шық­пақшы (проза мен драматургия). Әрине, бұл туынды – лири­ка­лық романға жатады. Шығармада үлкен тартыс пен шиеленіс жоқтың қасы, алайда мұндағы басты назарға алатын нәрсе – кейіпкер өз жан дүниесіндегі қатпар-қалтарыстарға үңіліп, сол арқылы өмірді түсінуге ұмтылады... 

Қаламгердің өзара хат жазысу арқылы өрбитін «Бумеранг» (роман-хат) шығармасын – жас күнгі достардың уақыт өте келе өзгеріп, өзгеше жолға түсуі мен араларындағы салқындық сияқты кінәраттарға үңіле отырып, тір­ліктің тағы бір құпия сырларын ашуға деген ұмтылысы деп қабылдадық. Мұнда қоғамдағы даму мен ілгерілеу арасындағы қат-қабат ойлар кейіпкер Айтоты бейнесі арқылы ширатыла берілген: «... Салт-дәстүрі өз жұртынан аса алмаған, көркем әдебиеті бұйығы, бірлі-екілі ғана үздіктері әлемге там-тұмдап танылған елді болашағы зор деуге аузың бармас. Ел ұлы болуы үшін – ол қай жағынан да телегей-теңіз болуы шарт. Өзінде барды, ең болмағанда, өзге елге таныстыра алмаған жұртты қанша мақтасаң да, ұшпаққа шығады деу – тым асыра сілтеушілік. ...Миым жетпейді. Адамзат қанша ұмтылып, талпынып, күресті өмір кешсе де, ең соңында сол баяғы жерге, сол баяғы жағалауға қайта оралатыны рас болса, оған неге таласамыз? Неге жаһандану деген тажал, ол жұтып қояды деп қорқып-үрке береміз!..». «Жоқ, адамзат тіршілігі дегеніміз – бумеранг емес!» «Адамзат өмірі тек алға бастайтын дамудан тұрады». Мұнда тіршіліктегі көп сауалдардың жауабы монологтар арқылы ой тастайды. 

Ал «Жатпла­не­талық жігіт» – есейіп, ес жинаған жігіт ағасының жас кездегі ша­лыс қадамына өкінуі мен бармақ тістеуін толғайтын туынды дер едік. Мұнда астарлы ой арқылы тақырып атауы жұмбақты күйде ұсынылған. «Жатпланеталық жігіт» – кейіпкер Сезімбектің өз ұлы болып шығады. Отбасы тағдыры, мінез-құлықтар миниатюрасы мен қызметтегі ара-тұра болатын кереғар ұстанымдар, мораль мәселесі – бәрі де шағын роман аясында көрініс таба білген. 

Біз талдау еткен шығармалардың басты ұстанымы – адам тағдыры мен оның ішкі арпалысы, ой-сезім күйзелісі, көңіл шаттығы, жүріп өткен жолына есеп беруі дер едім. Мұнда сезім бұлқынысының сыртқа шығып, «ар соты» алдында жауап беру қағидаты алға шығады. Әрине, бұл біздің көзқарасымыз! Бәлкім, басқа оқырмандарға басқаша да әсер етуі мүмкін ғой. Оған да мәртебелі уақыт төреші!

Енді сөзге арқау болған туындыларды түйіндеп айтар болсақ, мынаны байқадық: біріншіден, мұнда тіл бар, сурет бар, көркемдік жүйе, образ тағы бар. Оқиғалардың шиеленісі мен кейіпкерлер қақтығысы да кісіні еліктіріп әкетердей. Екіншісі – терең идеяда! Мұнда ұлттық тәрбие де, адами құндылықты жоғары бағалау, қоғамдық қарым-қатынас, отбасы тағдыры,  жастар мінез-құлқындағы кемшін тұстар да басым көрініс табады. Біз көп жағдайда кемшілікті өзгеден емес, өз мінезімізден іздеуді шет қалдырып келеміз. Шығарманың басты арқауы да – адамның өзін-өзі зерттеп, ой елегінен өткізіп, баға беруінде! Ал үшінші ерекшелігі – көлемінің ықшамдылығында. Тым шолақ, барынша келте қайырылған роман бола ма? Әлбетте, жоқ. Өйткені, роман жанрының өз көтерер жүгі мен салмағы сақталуы тиіс. Бұл тұрғыдан айтқанда қаламгер оны да ескерген. Жоғарыда аталған шағын романдарда салмақты ой мен өзгеше қырынан көрінер дараланған образдар жүйесі де нақтыланған. 

Әрине, танымал жазушы Ж. Әлмашұлының бұл эксперименттік дүниелері төрт аяғымен тең тұрған жорға, міні жоқ десек, тым әсірелеп жіберген болар едік. Кез-келген жаңалықтың жақсы жағымен қатар кемшін тұстары да көрініп тұрады емес пе? Мысалы, айта кетсек, «Бумеранг» роман-хатында қаламгер негізгі идеядан ауық-ауық ауытқып, хаттарға көбірек көңіл бөліп жібергендей көрінеді (мүмкін автордың айтар ойы да эпистолярлық жанр арқылы түйінделмек болған шығар). 

Қорыта келе, көркемдік жүйесі кемелденген шағын шығармалар – оқып шығуға да, жылдам ой қорытуға да ыңғайлы екендігін баса айту қажет. Тіпті шағын дүниелерді қысқа метражды кино әлемінде де сөйлетуге болатындай. Мұндағы қат-қабат ойлар мен көркемдік жүйе элементтері замана легіне ілесіп, кино мен драма тіліне де икемделіп тұр. Автордың бұл шығармалар жинағында көркем проза мен драматургия және киносценарий өнері үндестік тапқандай.


Айнұр Найманбай,

филология ғылымдарының кандидаты, доцент



author

Жолтай Жұмат-Әлмашұлы

ЖАЗУШЫ

Жаңалықтар

Үндістанда 25 жастағы ер адам өзінің жерлеу рәсімінде тіріліп кетті, деп хабарлайды madeniportal.kz...

Жаңалықтар

“Көреміз” бағдарламасының журналисті Руслан Өтепбай әлеуметтік желідегі парақшасына виде...