Жанат Жаңқашұлы. Екінші әлем. Уақыттың екінші тоғысында

ӘДЕБИЕТ
2054

Микропоэма



«Кеңістік пен уақыт - бұл біздің өмірдің шарты емес, біздің ойларымыздың негізі».

«Кеңістік-уақыт өзінің бар екендігін мәлімдемейді, тек гравитациялық өрістің құрылымдық сапасын көрсетеді».

Альберт Энштейн


«Тәуке ханның тұсында жоңғарлар он екі жыл қытаймен соғысты. Осы он екі жылда Тәуке хан соғысқа қамданып, от қару алғанда «Ақтабан шұбырынды» болмас еді дейді Мұхтар Мағауин.  Бұл «Ақтабан шұбырынды» үш қазақтың екеуін һарап қылған ұлттық апатқа апарып соқтырды» дейді тағы да… Егер 1723-жылғы қанды қырғын болмаса қазақ орысқа бодан болмайтын еді. Аштық пен қуғын-сүргін көрмес еді. Онда бүгінгі қазақтың саны жүз миллионнан әрі барып жығылар еді. Қандай ел болар едік?! Мүмкін уақыттың бір бұрышында, келесі бір кеңістікте мұндай Қазақстан бар шығар. Уақыт біздің таңдауымызға қарай екі жарылып отыруы мүмкін ғой. Біз Тәуке ханның екінші шешімінде өмір сүріп жатырмыз… 

Бұл жырды «Ақтабан» мен аштықта һәм қызылдардың қуғынында қырылған белгілі баһадүрлер мен атсыз, атаусыз, зиратсыз кеткен барша қазақтың ақ шейіттеріне арнадым.

Автор

Ол жақта да 2022, біздегіндей,

Онда да күз, күзгі алаң, күздегі үрей.

Ол жақта да Жаңқашұлы жыр жазып жүр,

Шумақтап қайтқан құстың тізбегіндей.


Ал жыры менікіндей мұңды ме екен?

Қаламы қалқан бе екен, сүңгі ме екен?

Достары менікіндей аз ғана ма,

Дұшпандары білмеймін кім-кім екен?


Мен білмейтін сыры көп бұл әлемнің,

Сағым көрдім, сағымнан шұға көрдім.

Бетпақдағы керуен арасынан,

Қиялыммен қаңғырып шыға келдім.


Ол жақта да Қазақстан, бірақ тағы,

Хандар отыр қисаймай мұрақтары.

Білмейді Жаңа Қазақстаныңды,

Мүлде естіп көрмеген құлақтары.


Ол жақта жолдау да жоқ, көпірмелі,

Айдаһардың білінбес от үргені.

Аюдың ақырғанын пысқырмайды,

Байқоңырдың жабық тұр көк ілгегі.


Ол жақта бәрі басқа, мүлде бөтен,

Қазаққа күнде думан, дүрмек екен.

Орыс дейтін моп-момын көршісі бар,

Жоңғар дейтін жұрт әлі іргеде екен.


Басқа екен дүниежүзілік карталары,

Дархан дала, шалқар көл шартарабы.

Астанасы Көкшетау, бір-бір ұлыс —

Баянауыл, Ұлытау, Қарқаралы.


Ташкенті бар, Астархан, Омбысы бар,

Елтаңбасы жайқалған мәңгі шынар. 

Қағанға ода айтатын бір ақын жүр,

Балтабектей ол біздің бәңгі шығар.


Діні қалай дейсіз бе, діңі қалай?

Ақ мешіттер онда да, құбылалы Ай.

Бірақ та, Бекболаты қобызшы екен,

Түркістанға баруы ұмырадай.


Уахабизм деген дерт көрмепті де,

Шамға барып ал ешкім өлмепті де.

Қожа Ахмет Йассауи бабамыздың,

Басына жұрт жүр екен ел деп түнеп.


Аштық, соғыс болмапты өткенінде,

Қуғын-сүргін күні жоқ көктемінде.

Коммунизм тудырған ашөзектер,

Байлық тиеп қашпапты көктемірге.


Нұрсұлтан дейтін біреу болған шығар,

Билігі жоқ, жер сатар, жолдан шығар…

Әулетінен ешкім де байымапты,

Мықтағанда жәй ғана молда шығар.


Егіздер жоқ езгіге салған елді,

Дариға жоқ, мұрагер қалға* мөрлі.

Асқар дейтін үріккен тана көз жоқ,

Кәрім дейтін сатқын жоқ, ал не болды?


Жемқорлардан ешкім жоқ біз білетін,

Жағымпаздан ешкім жоқ үздігетін.

Бұл жақта Абайевтың сұхбаты жоқ,

Түк қызық жоқ яғни сіз күлетін.


Перуашев бұл жақта жұбанғыш ақ,

Жыламайды тілі жоқ Ыбан құсап.

Депутаты бұл елдің ұйықтамайды,

Әкімдері бал ашпайды сыған құсап. 


Тоқаев та президент емес мұнда,

Смайылов жоқ, ай сайын кеңес құрған. 

Қаңтар деген жәй ғана қыстың айы,

Айкөркем қыз алтыда, емес құрбан.


Жер де аман, ел аман, ұлыс аман,

Жаралы жоқ қолына ту ұстаған.

Айдос Сарым мандатқа сатылған жоқ, 

Айдос Сарым мұндағы дұрыс адам.


Алданған жоқ бұл елде, опынған жоқ,

Ешкім тақта отыз жыл отырған жоқ.

Жер сатам деп ешкім де айта алмайды,

Комитетке ешкімді шақырған жоқ.


Алтынбек пен Заманбек тірі мұнда,

Тірінің қадірі жоқ ұғымында.

Бұл жақта Абай ескі, не айтқанын, 

Омар Жәлел керек жоқ ұғынуға.


Бұл елде ғылым да бар, білім де бар,

Саф алтындай сақтап жүр тіліңді олар.

Көшеде кездескен жан мұңлы емес,

Көшеде кездескен жан күлім қағар. 


Банктер борышты айтып мазаламас,

Бұл елде мәйіт қана аш, тыр жалаңаш.

Қыздары қазақпыз деп қысылмайды,

Ұлдарының кеудесі тұнған Алаш.


Солай, солай бұл жақта басқа бәрі,

Қазақстанымды ойласаң жас тамады.

37-де тектісі атылмаған,

Құлға айналып кетпеген қасқалары. 


Кеңістіктің шеткері бұрышында,

Келісуге құмар-ақ, ұғысуға,

Қазақстан жайқалып өсіп жатыр,

Бөлінбейтін жүзбенен ұлыс, руға.


Шіркін, пай-пай, бәрі де ғажап мұнда,

Шомылып тұрғандайын өзі-ақ нұрға.

Алшаң-алшаң басады, а пірім-ай,

Мен сорлы осы қазақпын ба?


Елес пе екен, сағым ба, сағыныш па?

Отыр ма әлде ақынның шалығы ұстап?

Жүз миллион қазақтың әруағы,

Уақыттың бір бұрышын жатыр қыстап.


Сайыпқыран, сайын хан, саңылақтар,

От шалмаған, күймеген шаңырақтар.

Туғаны бар, жалғанға тумағаны,

Қазақта,

Жүз миллион әруақ бар.


Ергенек боп көп жүрген есігіңде,

Қасіретті хақым жоқ кешіруге.

Біз әлі сорлап жүрміз, Әз-Тәукенің,

Сәтсіз туған екінші шешімінде…

Ол жақта да 2022…


Жаңалықтар

Жаңаөзенде 11 жастағы оқушы қыз сыныптасын ұрып-соғып, оқиғаны видеоға түсіріп алған, деп хабарлайды...

Жаңалықтар

Асхат Аймағамбетов әлеуметтік желідегі парақшасында жақсы жаңалықпен бөлісті. Енді халықаралық ғылым...