Осаму Дадзай. Қарлы түн хикаясы

ӘДЕБИЕТ
2331

Осаму Дадзай (19 маусым 1909 жыл – 13 маусым 1948 жыл) – ХХ ғасырдың басындағы ең атақты жапон прозашыларының бірі. Лақап аты – Дадзай Осаму, шын аты – Сюдзи Цусима). Канаги қаласында (Жапония) ауқатты ақсүйек отбасында туған. 1933 жылы токиолық «То-окуниппо» журналында «Поезд» атты ең алғашқы әңгімесі жарық көреді. Әңгімелері: «Шиелер» («Ото»), «Гуд бай», «Вийонаның әйелі», «Һұман Лост», «Манган», «Қарлы түн хикаясы». Повестері: «Жарымжан» адамның тәубесі», «Батардағы күн», «Докэ-но хана», «Студент қыз», т.б. Жазушы 1948 жылы Митакада қайтыс болған. 

Қарлы түн хикаясы 

Ол күні қар таң сәріден бастап қапалақтап, тоқтаусыз жауды. Жеңгемнің Тцуро-сан үшін арнайы тікпек болған шалбар дайын болғандықтан, оқудан қайтқан кезімде шалбарды алып, әпкемнің Наканодағы үйіне соқтым. Қайтарда маған сый ретінде екі дана кептірілген кальмар берді. Кичижожи станциясына жеткенімде әлдеқашан қас қарайып, қардың қалыңдығы 30 сантиметрден асыпты. Аспаннан қапалақ-қапалақ жауған қар тізбегі көбелекқанаттанып, жер бетіне дамылсыз қонып жатты. Көңілім сондай толқулы еді, аяғымда етігім болғанын ескере, қардың қалың жерімен адымдай алға жылжи бердім. Үйдің маңындағы почта жәшігінің алдында жеткенімде, газетке оралып жанқалтама салған құрғатылған кальмардың түсіп қалғанын сездім. Соншалық аңдаусыз болсам да, мұндай мүлік атаулыны ешқашан жоғалтпаушы едім, бірақ сол түні, қапалқтай жауған қар көрінісін беріле тамашалап, шаттана толқығанымнан болса керек, кльмарларды түсіріп алыппын. Жанымды ілезде бір көңілсіздік жайлай қалды. Құрғатылған кальмарды түсіріп алғаныма бола, мұңдана, үзілгеніме өзімнен-өзім ұялдым, мен оны тек жеңгеме бермекші едім. Жеңгем осы жазда босанатын еді. Құрсағында сәби болғаны үшін, тәбеті ашылып, уақ-уақ бірдеңелер жегісі кеп тұратын әрі енді екі кісінің асын жеуі керек-ті.  Жеңгем біз сияқты емес, талғампаз, сұлу жан. Осы уақытқа дейін ол үнемі канарейкалар сияқты аздан, талғап жейтін, бірақ соңғы күндері үнемі қарны ашып, мұнысына өзі ұялып жүр. Тәбеті ашылып, түрлі-түрлі нәрселерді аңсайтынды шығарды. Өткен күні кешкі астан соң айналаны жинастырып жатқанымызда, дауыстап «Еһ, ештеңеге тәбетім жоқ, тек құрғатылған кальмар жегім кеп тұрғаны», деп еді. Сол күні Наканодағы әпкем екі дана құрғатылған кальмар берген сәтте, бұны жасырын ғана жеңгеме беремін деп қуанып едім, бірақ кальмарларды жолда жоғалтып алғанымда, қуанышым құмға сепкен судай ілезде ғайып болды. 

 Әдеттегідей біз бір отбасында ағам, жеңгем және мен үшеуіміз тұрамыз. Ағам өзі біртүрлі жазушы, қырыққа таяп қалса да әлі ауызға ілініп, атаққа бөлене қоймады, сонымен бірге еш табыссыз, үнемі өзін жолы болмаған бақытсыз жан санап, босқа таусылып жүргені. Бірақ мұнысымен санасып жатқаны шамалы, ылғи жоқ жерден бүлдіргі шығарып бақырып-шақырып бізді сөгіп жатады, дегенмен онысы да соңында құр сөз күйі қалады. Үй шаруасына саусақ ұшын тигізіп көрген емес, сондықтан да үй ішіндегі еркекке тән шаруа біткеннің бәрін де жеңгем өзі жасауға мәжбүр. Мұнысына ренжіп бір күні, «Аға, тым құрыса қолыңа дорбаны алып, бір уақ көкөніс алуға шықсаңыз, етті! Анау көрші үйдің еркектері солай істеп-ақ жүр ғой», дегенімде, ілезде ашуға басып, «Ақымақ! Мен ондай қайдағы біреу емеспін. Түсіндің бе? Кимико (жеңгемнің есімі), сен де мұны есіңе сақта. Біз отбасымызбен тіпті, аштыққа ұрынсақ та, мен ондай бейшара базарлық үшін көшеге шықпаймын. Мұны жақсылап біліп алыңдар. Бұл менің соңғы ескертуім», деп кәрін төккен.
Сонымен ағам қандай да бір аяқ асты  "сүйкімсіз" сенариге әзір болып шықты, «Атамаңдар! Дорба көтеріп, базарыңа шықпаймын», деп азарда-безер болуының себебі: шынымен әулетіміздің беделі үшін бе, әлде өзінің жалқаулығы ма, түсіне алмадым. Негізі әкем де, анам да Токиолық саналады, бірақ әкем ұзақ жыл Тохоку аймағындағы Ямагата қаласында бір мемлекеттік мекемеде жұмыс істегендіктен, ағам екеуміз де Ямагатада туылыппыз. Ямагатада әкем дүниеден қайтқан соң (ағам жиырмада, менің әлі бала кезім болса керек), анам мені арқалап, үшеуіміз Токиоға қайтыппыз. Бірнеше жыл бұрын анам да бақилық болды. Қазір отбасында: ағам, жеңгем, мен үшеуіміз қалдық. Ешқайсысымыздың не атақоныс санап табан тірейтін жеріміз, не қысылғанда ауылдан ас-ауқат жібергізіп, қол ұшын соза қоятындай жақынымыз жоқ еді; оның үстіне ағамның мінезі қиындау болғандықтан, еш жақын ағайын, досы жоқ; сондықтан да сирек қана тіске тиетін, таңсық дүниелер дастарқанымыздан табыла бермейді. Сол себептен де, құрғатылған екі тал кальмарды жеңгеме берген сәтте оның қалай қуанып, мәз болатынын ойлағанда, кальмардың қадірі арта түскен. Ақылға қонымсыздау болса да, тіпті, ізім де қалмаған, келген жолыммен кері жүріп, кальмарларды іздей бастадым. Бірақ таба алмадым. Рас, ақ қарда аппақ газетті табу мүмкін емес-ті; мұнымен қоймай қар үзіліссіз қапалақтап, үсті-үстіне дендеп қалыңдап барады. Кичижожи станциясына дейін барсам да, көзіме тіпті қарайған тас шалынбады. Қолшатырды топтап, терең бір тыныс алдым; басымды көтеріп түнгі аспан әлеміне назар салғанымда, бейне миллиондаған жарқырауық қоңыз бірде оңға, бірде солға толқи ұшып, көк жүзінен алтын маржан төгіліп жатқандай көрінді. Қандай ғажап, қандай сұлулық дедім. Жолдың екі шетіндегі ағаштар да қардан кимешек киіп алғандай, тал бұтақтары қардың ауырлығынан салбырай, иіле түсіпті, ара-тұра күрсініп жатқан сияқты, білінбестей ғана қимылдап тұр; қалай десем екен, бейне бір қиял патшалығында жүргендей сезіндім, әлгі кальмарлар есімнен шығып кетті. Дереу, қиялыма бір жылы пікір келе қалды. Осынау әппақ дүниені, мынау қар әлемін жеңгеме көрсетсем ғой. Құрғатылған кальмардан гөрі бұл әлдеқайда артық сыйлық болар еді. Негізі, үнемі жемек-ішпек хакында ойлай беру тым таяз, ұятты нәрсе. 

Бір кезде ағам, кісінің көзімен көрген көріністі жадына сақтап қала алатындығы  жайында айтқанды. «Жанған лампаға қарап, көзіңді жұмған соң да көз алдыңнан сәулелі ұшқын көре аласың ғой. Ал, саған дәлел. Данияда осыған байланысты баяғы заманда мынадай бір оқиға болыпты». Ағам осылай деп маған бір қысқа хикаяны баян еткенді, әдетте оның айтқан әңгімелері асыра мақтанға толы болатындықтан, түк те илана алмайсың; алайда сол қияли әпсәнәларының ішіндегі осы әңгімесі өтірік болса да –менше бір жақсы хикая еді. 

Баяғыда Даниялық бір дәрігер, кемесі суға батып ажал құшқан жас теңізшінің мүрдесіне аутопсия жасап, теңізшінің көздерін микроскоппен бақылапты, оның көз қабатынан бір отбасының дастархан басындағы бақытты  сәтінің көрінісін байқай сала, мұны жақын жазушы досына айтады, ал жазушы досы бұл мұһжизалық жағдаятқа дереу мынадай сипаттама береді: Бұл жас теңізші, көтерілген долы толқын ішінде қалып, кемесі суға шөге бастайды, соңында тулаған толқын оны жағаға сүйреп шығарып тастаған. Қолына алғаш ілінгені теңіздегі маяктың терезе тұтқасы екенін білгенде қатты қуанса керек. Көмек сұрап енді дауыс шығарайын дегенде терезе әйнегіне көзі түседі әрі осы сәтте теңіз маягі қорғаушысының отбасымен аса жағымды бір кешкі ас үшін дастарқан басына жайғасып жатқанын көріпті, содан «жоқ, болмас, қазір дауыс шығарар болсам, бұл отбасы дастарқанының берекесі қашар», деп ойлайды; осы кезде терезе тұтқасынан саусақтары сытылып шыға беріпті де, бір ұлы толқын алып теңіздің ашық құшағына тарта жөнеліпті. Жазушы, «Жағдай еш шүбәсіз осылай болған, бұл теңізші дүниедегі ең дарқан, ең мейірбан жан», деп баға береді. Дәрігер де бұны қос-қоллдап мақұлдап әрі екеуі бірге теңізшінің сүйегін құрметпен жерлепті. Міне, хикая осы. 

Мен бұл аңызға сенемін. Ғылыми тұрғыда қаншалық қисынсыз болса да, сенгім келеді. Сол күнгі қарлы түнде бірден осы хикаяны есіме алдым. Көзіме осынау әдемі қарлы көріністі сақтап алып, үйге қайтып, «Жеңге, көзімнің ішіне қара, мұқият қара. Құрсағыңдағы сәби сұлу болады», дегім келді. Өткен күні жеңгем ағама, «Көрікті біреудің портретін бөлмемнің қабырғасына ілсең қайтеді? Әр күні сол рәсімге қарап, бір сүйкімді сәби дүнге әкелемін», деп күлімсірей өтініп еді, ағам да басын изеп, «Ымм, туымнан бұрын – бағым, деген. Бұның жөн-ақ», деді де екі дана Но маскасы (тартымды әйел Магаожиро мен сүйкімді қыз бейнелі Юки-но-ко-омото) фотографын қатар-қатар қабырғаға ілді. Бастапқыда әп-әдемі көрініп тұрғанды, соңынан ағам өзінің сәлмиген бір портретін әуелгі екі фотографтың дәл ортасына асқан сәтте бәрі быт-шыт болды.
 «Өтініш, өтінемін өз суретіңді алып тасташы. Оған қараған сайын, тынысым тарылады»,  деді жеңгем. Иілгіш жеңгем де бұған шыдай алмаса керек, дұға жасаған кісідей қос алақанын жайып ағама жалбарынды, ақыры ағам суретті алуға мақұл болған. Жеңгем ағамның суретіне қарағыштай берсе, сөзсіз маймыл пішінді біреуді дүниеге әкелетін еді. Ағамның жүзі шынында басқаша, бірақ өзін шамалы тартымды санайтын. Ал, жеңгем құрсағындағы сәби үшін әлемдегі ең сұлу көрініске қадала қарауға әбден риза еді; сол үшін мен бүгінгі қар көрінісін көздеріме сақтап алып, жеңгеме көрсетсем, оған кальмар апарғаннан гөрі, осынау ғажайып көріністен көзайым еткенім үшін, он есе артық сүйінбек. 

Осылайша кальмар іздеуден баз кештім әрі үйге қайтар жолда айналамдағы аппақ әлемге барынша тесіле, үңіліп бақтым. Осынау аппақ, мінсіз табиғат көрінісін тек сырт көзбен ғана емес, ішкі рухыма да көшіріп, сақтап алғандай сезініп үйге келдім.
 «Жеңге, көздеріме қарашы, көзімнің іші шексіз сұлулыққа толы».

 «Қалай? Не істедің, сонда?». Жеңгем күлімсірей орнынан тұрып, арқамнан сипады, «Көздеріңе не істеп, не қойыпсың, көрелік?». 

 «Есіңізде ме, ағам бірде айтып еді ғой. Адамның соңғы рет көрген көрінісі  жад-жанарында сақталып қалады деп».

  «Ағаңның хикаясы ма? Ұмыттым. Онсыз да бәрібір өтірік емес пе». 

 «Алайда, ішіндегі тек осы хикаясы тура. Мен мұның дұрыстығына сенгім келеді, сол үшін көзіме қара, кәні. Мен сондай әдемі қар көрінісін тамашалап келдім. Кәні, көзіме қара. Әлі-ақ тұла бойы қардай аппақ бір сәби дүнеге келетін болады. Сөзсіз».
Жеңгем бір мұңлы бейнемен маған жүзін бұрды.

 Кенет, қанаттас бөлмеден «Оһһ!», деп дауыстап ағам шыға келді, «Чунконың іш пысырарлық көзіне қарағанша, менің көздеріме қарағаның одан жүз есе қызықтырақ».
 «Не дедің сен? Не дедің?».  Ағама ашуланғаным сонша, оны ұрғым келді. «Сенің жанарыңа қараған сайын, жеңгемнің демі сығылады, өзі солай деген».

 «Келіспеймін. Менің көзім жиырма жыл бойы әппақ қар әлеміне куә болған көздер. Жиырмаға дейін Ямагатада болдым. Сен, айналаңда не болып, не қойғанын парықтай алмайтын {жасңыда-ақ} біз Токиоға көшіп келдік.Сен Ямагатаның ғажайып қысын  көрмеген соң, Токионың әсерсіз қысқы табиғатына таң боп жүрсің. Менің көздерім, қыстың мінсіз қарлы табиғатына сенен жүз, мың есе артығымен, тіпті жалығарлықтай көп кәу болды. Не десең, о де менің көздерім – сенің көзіңнен әлдеқайда үстем». 

Жеңіліс таптым, жылап жіберуге шақ қалып едім. Демде, Жеңгем құтқарып қалды. Сабырлы кейіппен, күлімсірей:
 «Сенің көздерің табиғаттың сұлулығына жүз, мың есе артығымен куә болса да, алайда жамандық атаулыны да жүз, мың есе артығымен көрмеді ме?».

 «Солай, солай. Жақсылығынан гөрі жаманшылығы басым. Сондықтан көздерің жауар бұлттай сұрланып тұр. Иуу».
«Әдепсіз неме, қайдағы айтпа».

Ағам ашуға булықты да, қанаттас бөлмеге кері қайтты.

Түрік тілінен аударған: Естемес Шакіржан

Жаңалықтар

Елордалық өрт сөндірушілер Нұра ауданы Қабанбай батыр даңғылында автобустың жануын сөндірді, деп хаб...

Жаңалықтар

Әлеуметтік желілерде қайырымдылық қор құрылтайшысының қаржысын жымдықды деп айыпталып отырған Пери...