Қазіргі таңда қазақ оқырмандары мен зерттеушілері арасында дәстүршіл және жаңашыл қазақ поэзиясы тақ...
Хорхе Луис Борхес. Қаскүнем әйел (новелла)
Дақпыртқа сенуге болмайды. Бірақ бұны кіші Нильсен − Эдуардтың өзі Моран округінде мыңда сегіз жүз тоқсан бірдемесінші жылы өз ажалынан көз жұмған ағасы Кристианның табытын күзету кезінде болған оқиға есебінде әңгімелеп беріпті. Бір нәрсе белгілі. Оны әлдекім сол бір қорқынышты төсекте ұзаққа созылып, бітпей қойған түнде естиді де Сантьяго Дабовеге жеткізеді. Оқиғаны маған айтып берген де − осы Сантьяго. Араға жылдар салып мен бұл оқиғаны жүзеге асқан жері − Турдерде тағы да бір мәрте естідім. Екінші нұсқа біршама нақтылау. Жалпы алғанда Сантьягоның айтқанына сәйкеседі. Рас, біраз қосымшалары мен шегіністер бар. Бірақ ол да заңды құбылыс. Енді бұл оқиғаны жазу себебіне келейік. Егер мен қателеспесем, одан астана төңірегінің бұрынғы тұрғындарының трагедиялық әрі ашық мінез-құлқы айқын көрініс береді. Қажет емес оқиғаларға да тоқталатын әдеби тұрғыдағы қызығушылыққа еріп кететінімді қазірдің өзінде-ақ сезіп отырсам да нақты баяндауға тырыспақ ойым бар.
Турдерде оларды Нильсендер, деп атайтын. Приход священнигі маған өзінің алдындағы діни қызметкердің осы адамдардың үйінен готикалық қаріптермен басылған қара тысы бар, алба-жұлба інжіл көріп таңғалыпты, дегенді айтты. Әлгі діндар інжілдің соңғы беттерінде адам аттары мен күндер жазылғанын да байқапты. Інжіл − ол үйдегі бірден-бір кітап-тұғын. Нильсендердің быт-шыт тарихы аяқталған. Өйткені бітпейтін құбылыс болмайды. Қазір ізі де қалмаған екі бөлмелі үй балшықтан соғылған-ды. Бірінің еденіне қызыл плита төселген, ал екіншісі жер еденді-тұғын. Жалпы, мұнда бөтен адам сирек келетін. Нильсендер оңашалықты ұнататын. Жабдыққа жұтаң бөлмеде, ағаш кереуетте ұйықтайтын. Құмар істері − ат пен әбзелдер, селебе пышақтар, сенбі сайын ішімдікті суша сапырып, тойлау болды. Олар жирен шашты еңсегей жігіттер еді. Бұл екі креолда өздері көрмек түгіл естіп те көрмеген Дания мен Ирландияның қаны бар тұғын. Округтегілер Жирендерден қорқатын. Әлдебіреуді өлтірулері де мүмкін ғой. Енді бірде ағайындылар бірігіп алып, полициямен де төбелесіпті. Тіпті, кішісі Хуан Иберраның өзімен қақтығысып, есесін жібермепті. Білетін адамдардың айтуынша осыдан-ақ көп нәрсені аңғаруға болатын. Олар мал да айдаған, тері де илеген, мал сойып, табындарға таңба да соққан. Ақшаның да қадірін біліпті. Күшті ішімдіктер мен құмар ойындарға ғана тарылмапты. Олардың қайдан келгені, туысқандары туралы да ешкім естімеген, білмеген. Жирендердің өгіз әбзелдері мен арбасы болыпты.
Олар Есерсоқтар жағалауы мен мәшһүр осынау мекеннің жергілікті тұрғындарынан болмыс-бітімімен де ерекшеленетін. Тағы да бір білетініміз − ағайындылардың өзара достығы. Олардың біреуімен араздасу − екеуін де жауықтыру деген сөз еді. Нильсендердің бозбалашылығы да болды. Алайда олардың серілігі басқаның төсегімен немесе жезөкшелер үйімен ғана шектелді. Кристиан үйіне Хулиана Бургосты жетектеп әкелгенде лап еткен өсек өртінің де бір себебі сонда жатыр. Оған керегі − алдымен қызметші әйел тұғын. Бірақ оған әдемі әшекейлер сыйлап, көңіл көтеретін жерлерге ерте баратыны да расты. Көрші-көлемнің бас қосуында басқаның қызын қаратып алуға жол жоқ. Әрі би жарықтықтың да әзірге жан рақатына айнала қоймаған кезі. Хулиананың көздері − мойылдай, терісі – қара қоңыр тұғын; көз тоқтата қарасаң болды − күле салатын. Жұмыс пен қам-қарекет әйелдерді тоздырып жіберген кедей кварталда ол тартымды болып есептелді.
Эдуардо алғашында олармен бірге жүрді. Себебін кім білген, артынша Арресифеске аттанып, жолай әлдебір қызды ала қайтты. Бірақ бірнеше күннен соң оны қуып жіберген. Онан сайын томаға-тұйықтанып, бас көтермей ішкен, жұрттан аулақ болуға тырысқан. Ол Кристианның әйеліне ғашық еді. Мұны оның өзінен де бұрынырақ аңғарған квартал ағайындылар арасындағы бұл бәсекелестіктің немен аяқталарын табалай күтті.
Бірде шарапханадан түн ортасында оралған Эдуардо діңгекке байлаулы тұрған Кристианның тор атын көреді. Салтанатты киінген ағасы оны патиодан күтіп тұрған-ды. Әйел де төсегін ұстай кіріп келген. Кристиан Эдуардоға:
− Фаристағы бас қосуға жалғыз бара жатырмын. Хулиана осында қалады. Қаласаң − пайдалан, − дейді.
Ағасының даусы әмірлі де мейірбан еді. Не істерін білмеген Эдуардо ағасынан көзін айырмай тұрып қалады. Кристиан орнынан тұрып Эдуардомен қоштасады. Хулиана жаққа көз де салмайды. Ол бар-жоғы мүлік қана болатын. Атына отырады да шаба жөнеледі.
Сол түннен бастап ол екеуіне де ортақ әйел болды. Осы аймақтағы имани тәртіпті тас-талқан еткен бұл үштік одақтың қалай жалғасқанын да ешкім білмейді. Үш апта ың-шыңсыз өткен. Бәрібір бір өзгеріс болуға тиісті-тұғын. Ағайындылар Хулиананың атын да атамайтын болды. Бірақ қажетінде тауып алып жатты. Соған орай өзара ренішке деп себеп табыла кететін. Егер дау қандай да бір теріні сату туралы болса − сол теріде тұрған ештеңе де болмайтын. Мәселе басқада. Кристианның даусы өктем шығады, Эдуардо үндемей құтылады. Олардың жүректеріне өз еріктеріне бағынбайтын қызғаныш ұялады. Кек алудың қатаң қағидасына сай еркекке "бұл әйелге деген төсек қатынасынан да басқа бір құмарлығым бар-ау осы" деген ой ауыр соғатын-ды. Олардың екеуі де әйелге ғашық еді. Соған орай екеуі де өздерін қорланған адам санады.
Бірде кешкісін Ломас алаңында Эдуардо Хуан Иберраны кезіктіреді. Хуан оған "ана бикештің басын айналдырып алғаныңмен құттықтаймын" деген сияқты сөз айтады. Меніңше, Эдуардоның оның жазасын беруі де сол жолы сияқты. Оның көзінше ешкім де Кристианның намысына тие алмайтын.
Әйел екеуіне де жануарға тән бағыныштылықпен кызмет етті. Алайда өз қызығынан бас тартпайтын, сондай-ақ бұл үйдегі тәртіпке басымдығын байқатпайтын кішісін жүрегіне жақын тұтты.
Бірде Хулианаға бас патиоға екі орындық қоюға, сосын өзінің жоламауына пәрмен беріледі. Ағайындылардың әлденені ақылдасуы керек тұғын. Ол әңгіменің ақырын күтіп, ақыры демалу үшін бөстекке жантайған. Сол кезде оны шақырып алады. Оған бүкіл боқташағын, тіпті шыны таспиығы мен анасынан қалған айқышын да қапқа салуға бұйырады. Ешқандай сөз айтпастан оны ауыр да ұзақ жолға алып шығады. Жолды жаңбыр бүлдірген-ді. Олар Моронаға таңғы бесте ғана жетеді. Моронода қызды жезөкшелер үйінің қожайынына сатады. Ағайындылар сауданы бірлесіп жасайды. Кристиан алған ақшаны қаққа бөліп, жартысын інісіне береді.
Махаббат дауынан (өздерінің ажалына айналған) құтылған Нильсендердің Турдерге оралып, байырғы еркектер арасындағы тіршілігін жалғастырмақшы еді. Сөйтіп, баяғы төбелес, баяғы ішімдік пен дау қайта қызады. Шамасы, ағайындылардың қатерлі даудан оңай құтылғандарына сенбеген кездері де болған сияқты. Алайда әрқайсысының әр түрлі өтірікті-шынды сылтаулармен жол жүретін кездері де жиі болып тұрыпты. Жаңа жыл қарсаңында інісі Буэнос-Айреске баратынын айтады. Ал Кристиан Моронға аттанады. Әлгі атақты үйдің алдынан Эдуард оның атын таниды. Ішке енеді. Онда кезек күтіп інісі отыр екен. Шамасы, Кристиан оған:
− Егер бұлай бола берсе − аттарды зорықтырамыз. Ең дұрысы − қыздың қасымызда болғаны, − деген сияқты.
Қожайынмен әңгімеден соң ақшаларын төлеп, ағайындылар қызды өздерімен бірге әкетеді. Хулиана Кристианға ілескен. Оларды көрмес үшін Эдуард та атына тақым басады.
Бәрі де басында баяндалған оқиғаға қайтып оралған. Даудан құтылу әрекеті ақталмады. Бірін-бірі алдаудан екеуі де қорланады. Қабылдың рухы тым тақауда жүрген-ді. Алайда ағайынды Нильсендердің бір-біріне деген бауырмалдығы ересен тұғын. Бұл ахуалдан олардың қаншалықты зардап шеккенін ешкім де тап басып айта алмайды. Осыдан бастап екеуі де ашуларын басқалардан: өзге адамдардан, иттерден, араздық әкелген Хулианадан ала бастайды.
Наурыз айы аяқталып келе жатқан. Бірақ аптап басылған жоқты. Жексенбі күні (бұл күні адамдар үйлеріне жылдам тарқасады) альмасеннен оралған Эдуардо Кристианның өгіз жегіп жатқанын көреді. Кристиан оған:
− Мұнда кел Пардоға бірнеше тері жеткізу қажет. Мен артып та қойдым. Салқын кезде жетіп алған жөн, − дейді.
Пардоның сауда қоймасы, меніңше, Оңтүстікке қарай болса керек. Олар Лac-Tpoпac жолымен шығады. Сосын басқа бағытқа бұрылады. Түнге қарай жазира далаға шығады.
Өлең шөп өскен томардың қасынан өтеді. Кристиан сөнбеген сигаретін жерге тастап, аспай-саспай былай дейді:
− Ал енді іске кіріселік, бауырым. Одан кейінгі шаруа − құзғындардыкі. Мен бүгін оны өлтірдім. Мейлі, заттармен осында қала берсін. Енді бізге залалы болмайды.
Көз жастарын әзер тежеп, екеуі құшақтасқан. Олар тағы да бір ортақ тұзаққа шырмалғанды. Өздері қимай тұрып құрбан еткен әйелді ұмыта қою да оңай емес тұғын...