Суһраб Сепеһри (1928-1980) – Иранның жаңа дәуір әдебиетіндегі қатарына Нима Йушидж, Ахмад Шамл...
«Бір жұтым қымыз» һәм қылаң дүние...
(Хроместезиялық эссе)
жазушы Қаржаубай Сартқожаның
1973 жылы жазылған – «Бір жұтым қымыз»
әңгімесін қайта оқығанда
Ең соңғы өмір – шөл қысқан жанның арпалысы дерлік. Әйгілі жазушы, турколог, ғалым Қаржаубай Сартқожаның ертеректе бозбала шағында кестеленген керемет әңгімесі – «Бір жұтым қымыз». Шыбын жаны шырқырап, хал үстінде жатқан Бибісара әжейдің ең соңғы аңсары осы әңгімеге арқау болған. Әңгіменің өрімі – өмірдің таусылуы мен бітер уақыттың үздіксіз қинауы, ажалмен арпалысы, жан тәсілім берер алдындағы жағаласу, аңсау сықылды түрлі ішкі психологиялық қайшылықтарды шебер салғастырудан басталады. Мамандығы әдебиетші, кәсібі – турколог, тауыриһатшы, ежелгі кеңісі кең, есе кеуіл еңбеккер Қаржаубайдың өмірге деген өзіндік жұмбағы сықылды тосын бір кредосы осы әңгіме арқылы ашылады. Өкінішті күйде өмірден өтіп бара жатқан жан егесінің жанарынан жақындап, алыстап, ағарған, қарайған елестер – шайтан сәулені «сөйлетеді»... Ең бастысы шығармада жаныңды қинап отырып оқылатын жадтексті бар. Суреткер, хаһи жандүниесінің қимайтын сәуесі – қылаң үмітке жіпсіз байланған жұпсыз тағдырды: тым-тырыс, табиғи тылсым көмескі өшкін-өшкін ақ, қара бояуларды қайта-қайта өңдейді, әрлейді! «Бір жұтым қымыз» – қып-қысқа визуалды әңгіме. Ай-Бүбі немересінің әжесіне деген ай дидары мен ниеті оның қалаған – уақыты, көргенсіз келіннің кеспіріндегі адамкөргісіз зілі – нілі оңған шұғадай уақыттың екінші жағындағы жалған бедер! Адамның өмірде көргенінің түгелі – өткендердің түп негізінен тараған мифологиялық жан мирасы немесе жазымыштың үлесі деген пайымды қузайды!? Тіпті өткен өмірдің қияметтерінен үйренісуінің кәдімгі типтік кәдесі болуы мүмкін дегенге де тіреледі. Әңгімедегі кейуананың жалғыз ұл баласы санасыз – Бекмирастың жұп-жұмыр сомдалған образындағы кейде эпизодтық сүрені сергек, кейде тіпті мүлдемге күңгірт кейіптеулері оқырманды ойландыра түседі, әрі біртүрлі құсаландырады да. Түрік жазушысы Азра Кохеннің (бүркеншік есімі – Акилах) «...біз бұ дүниеге үйренісу үшін келдік...» деген қатаң аталы пайымына өте ұқсас. Өмірдің ең ақырғы ғұмырбақилық өткеліне келіп тірелген кейуананың түңілуі мен аянышты кейіпінің сұлба сүрлеуін көреміз. Бибісара кейуананың – өтпелі тағдырға шарасыз мойынұсынуын талдап, жұмсақ гуманистік ұтымды ұғымды сюжетке жастау арқылы шебер өреді.
АЙ-БҮБІ – ДАНАЁ
Кезінде «Би-ана» атанған ғажайып ана еді... Енді денін шырмаған дерттің әлегі – шайтан сәуленің құшағында, өз көлеңкесін шаршаған арық тәнімен бүркеп, бүк түсіп жатыр... Үмітінен гөрі науқасты меңдеткен ішкі үрейлі күдігі, түнере түсіп, түріп келе жатқан түңілісі әурелейді. Уақыттың ұшында қылаңдап қайтып бара жатқан сол құс дәуренімен үнсіз сырласатын сықылды сырқат!? Үміттің алдында күдік жүре ме, әлде керісінше ме!? Бұрынғы тұлымды қыз, бүгінгі науқас кейуананың мына сұрқы аңыз сияқты!? Осынау бір сәттік сұлба, қырағы оқырманды Нидерландтық ұлы сүгіретші Рембрандт Харменсзун ван Рийн (Rembrandt Harmenszoon van Rijn1660-1669) жасаған: аңыздағы әкесінің қолынан қаза болғызылған бейкүна қыздың бейнесіне қарай жетелейтіні ләзім... Бейкүна періште қыз Данаёның қиылған жаны – бұл әңгімедегі бірінші абзацта тұрған сюжет – әжесіне сусын (атаукересі болуы мүмкін – РС.) ұсынған Ай-бүбі қыздың пәк сүгіретіне дәл ұқсас. Бір керемет метафизикалық драманың хаһи кейіпі көрінеді мұнда. Өткен шақ пен келер шақтың дәл түйісінде – кәрі әже ғұмыр мен жас немеренің ең соңғы сүгіреті сызылған. Жазушы шегініс пен алға ұмтылыстың нәзік тетігін сиқырлы түрмен сәтті контекстейді. Ақылды немересі Ай-Бүбі мен арапшы келіні Мәриянің әрекетін оқығаннан кейін: аңыз Данаё тағылымының барлық байыбын барлауға болатындай?! Жазушы, бұл өмірде – «көлеңкесіз жан болмайтынын...» еске салумен қатар: қатты қиналып жатқан кейуананың өлімші халі мен оның жан күйзелісін бір жұтым нәрді аңсауымен ұштап ұсынады. Оның жұмбақтап, ой тастап айтайын дегені – мәңгілік мейірім, мәңгілік қасіреттің, күйзелістің бәрі де бір жұтым нәрде ғана екенін зорайтып көрсету болған сыңайда. Үстірттеп әсірелемей, әсілі дұрыс керілеген үлкен ғибратты келісімді ойлар түзіледі әрине. Мінеки...
– Тастай батып, судай сiңiп қайда кеттiң? Сен де өлмелi кемпiрмен бірге өлейін деп отырмысың! Төргі бөлмеден шәңкілдей шыққан бұл сөз бiр аяғы жерде, бiр аяғы көрде жатқан шүйкедей кемпірді қасқа маңдайдан қақ салып өткендей болды да, артынша қыстығып жылап жіберді. – Апырым–ай ит өлiм–ай! Жанымды қинамай ала салсаңшы! – деп шын пейiлмен жалына, жалбарына күбірледі. Келініне деген өкпесі қара қазандай болып, тәңірге жалбарынды. Сосын бір мезет қалаға келгеніне өкiндi. Жас шылаған көзін ашып еді, қабырғада ілулі тұрған шалының суретін көрді. Қабағы қатыңқы, бетін бері бұрмастан көзiнiң қиығымен немқұрайлы ғана қарап тұрғандай... ...Маңдайынан шыпшып тер шықты. «Жасаған–ай кімнің қарғысына қалды екенмiн?!»
ҮШ СҮГІРЕТТЕГІ – ҮШ САУАЛ
Кейуана қарсы қабырғадағы кергіште ілулі тұрған шалының ескі сүгіреті мен келіні Мәрияның жап-жас кезіндегі әдеміше кескініне алма кезек жалбарынған жанарын қадап қарай береді. Біріншісі, өзінің жары – өмірден өткеніне сегіз жыл болған жолдасы. Екіншісі – жалғызының жары Бекмирастың құдай қосқан қосағы – өз келіні! Шалынан қалған жып-жылы ұясының біртүрлі суық молаға айналып кеткеніне өкінсе де жалғызы үшін өз ойына да тым иланғысы да келмейді. Сұңғақ бойлы шалының бітім болмысына жаутаңдап қараған сайын көзінің сынық сүлдері өзінің бүткіл мұңы мен зарын қозғайды. Кереуетте шалқалап шарасыз жатқан – құр сүлдері, көзінен бұлбұл ұшқан өмірлік жарының сөлсіз өлі сүгіреті, жалғыз ұлының жары – келінінің суық жүзі, кекшіл бітім, бейнесі! Үш бұрышты кеңістегі сұрықсыз ғұмырдың үшеуінде де үш сұрақ тұр!? Ешқашан жауабы табылмайтын, тіпті мүлдемге құпия, бір-бірімен бірікпейтін параллелді сауал! Саңылаусыз сауалдан ғана тұратын сұм жалғанның жауапқа қырсыз сауапсыз жаңғырығы ғана жақын!!!
ОН БІРІНШІ ҚАЛАМҰШЫНДАҒЫ – БЕЙСАНА
Қаржаубай Сартқожаұлының сонау 1972 жылы жазылып, 1973 жылы тасқа басылған – «Бір жұтым қымыз» әңгімесінің өзегі өрттей өңге һәм жаңашыл-ды. Ол мүлдем өзгеше күрделі стилистикалық сұлбаларға қарай да қалам тартады. Оңды, солды он бірінші қаламұшпен сүйкей салған бірсыдырғы оңайлау шимайы емес: – ол, аламан абсурдтардан құрастырылған сан түрлі пайымның саф реңклі парадигмалары да жұққан біртүрлі жазба. Жетпісінші жылдардағы соцреалистік қасаң жүйеде жүріп, дәл мұндай әңгіме жазу мүмкіндігі кімнің ойына енеді?! Жан-жақтың түгелі тұмшаланған қып-қызыл идеологиялық құрсаулы құрылғылар жиі бақылап, ми айлана алмайтын тап-тар шеңберлер тұрғанда!? Таланттың бәрі кемел Толстой да, керемет Набаков та емес қой! Қаржаубай аға да өте жас бозбала шағында осынау бейсанамен (unconscious) «ауыра бастағанын» білмесе керек. Браво!
ДҮНИЕҚҰРДЫМДЫҚ САНА – КОНТЕСТЕ
Еуразияда қысқа әңгімелері мен романдары арқылы әлемге аса танымал түрік жазушысы Хасан Али Топташтың – «Өлі заманның кезбелері» (Өлү заман гезгинлери), «Көлеңкесіздер» (Gölgesizler), туындыларын тауып оқыған кезде соның күшті әсерінен қаншама тәулік бойы, күлгін күндерде ой құсаланып тыныштала алмаған едік. Бүткіл атмосфераны бүрістіріп әкеліп хаһ төбеңен ұрып өткендей салмақты әсерде жүргенбіз. Адам ғұмырының аяқталуға жақын қалған тұсындағы оптимистік құлаудың көрінісі дәл осы – «Бір жұтым қымыздығыдай» төгілсе шіркін! Боп-боз әлемдегі бір – кеңіс, екі – бостан ой, сана, үшінші көздің үшбу алаңы – «Бір жұтым қымызда» осылай туған, ашылған. Ақиесі туындының ішкі мотивациясы – тағдыры жаналқымға түскен мұңлықтың түпкі сырларын түсіндіруге онша құлшынбайды. Осының өзі (форма мен мазмұнның да үйлеспейтін жағы – РС.) – психикалық бейнелеудің формасы ретінде шығарманың өзіндік маңызын аша түсетін секілді. Өлім аузындағы кейуанаға деген ішкі өштігінің шын сырын, адуын келіннің ашулы күңкілінен толық ұғуға болатындай. Аядай бөлменің аурасын бүлдіріп жіберетін осынау дүниеқұрдымдық контесте кеселдің бәрі-бәрі беркін мәлімделеді.
БІР ЖҰТЫМ ҚЫМЫЗ – АҢСАР
Меніңше – әңгіменің түпкі түйімі: түнеріп бүркеп келе жатқан мейірімсіздік дерттен құтқаруды уағыздау немесе оны оқырманға ұғындыруға бағытталған ғаяттығында. Жандүниенің жабырқап өлуі, түйсік көзінің сөнуі, қарапайым ақиқаттардың тұйыққа тірелуі, ішкі сезімнің күйреуі, санасыздықтың бағзы ұстанымдарды бұзған құйтырқы қылықтарды бейкөркем хикаяттық талғауға жақын тәсілдермен көрсете білген – сюрреализм (surréalisme) нышаны еді бұл. Ажалмен арпалысып жанталасып жатқан жанның жан аңсары! Қымыздың кеңсірікке жеткен еңкіл иісі... Тұманданған көз алдында абажадай мейіз сабаның аузынан асып, төгіліп, ысқырып тұныған қымыздың елесі... Жер бетінде жыбырлап жүретін уақыты біткенін кейуананың өзі іштей сезінуі... Демі жиілеп, кеудесінен шыбыны шықпай шырқырауы... Тілініп, көгеріп кеткен еріні шөл басар бірдеме ішуді аңсауы... Бір жұтым қымыз аңсап жатқан әжесінің ең соңғы жүзін көрген Ай-Бүбінің шошып шыңғырған дауысы...
ҚҰДАЙСЫЗ ҚОҒАМНЫҢ СҮДІНІ
Кейуананың өмірінің біржолата түгесілуі – жалпыадамзаттық масштабтағы құндылыққа есе жетпей, қабыспай қалуы мүмкін!? Алайда ХХ ғ. жетпісінші жылғы жас жазушының отты, энергиялы, қуаты өрттей өршелене тұтанғаны белгілі. Осыдан соң шет жүрген таланттың саналы түрде боздап жүретін сәруәр үнді ізденімпаз болғанын қалай жасыруға болады!? Қаржаубай Сартқожаұлы құдайы жоқ қоғамда өссе де, көр қазып, тас бітіктеп жүріп: түріктанудан ғылыми тарихи бестселлерлік сипаттағы ірі көлемді монографиялық еңбектер жазумен қатар – «Қош бол апа!», «Қыран тағдыры», «Бір жұтым қымыз» сықылды жінтікті көркем повесть, әңгімелер оқырманға ұсынған-ды. Сол бір кезеңде Бесқалада туған белгілі де бедерлі, көкірегіне бозторғай ұялаған ұлт ақыны Есенғали Раушановтың – «Бәлшен кемпір» атты бір қысқа өлеңі де жарияланғаны есімізде. – «...Бұрынғыдай жадырып тұр көктем кеп, сағым жүзді Бестөбені бөктерлеп. ...Бәлшен кемпір қайтыс болды сол жылы, айтарлықтай өзге ештеңе өткен жоқ...»!? Сол Есенғалидың осы өлеңі секілді – Қаржаубай аға да – «Бір жұтым қымыз» әңгімесі арқылы бәрін айтқысы келді. Бірақ, бүткілін бүкпей ашып айтпады... Айтуға тиісті бейсаналар түренінің түгін қоймай түгендемегеннің өзінде: біршама мәселенің шиін шығарып тастағанын ішкі ойымызбен оқып, мұңайып отырған оқырман!!! Өңін өмір атты – сұм жалған мүлде өшіріп, өзгертіп жіберген, өз тамырынан үзіліп өңге дүниеге қарай: – өңешті өзегіне бір жұтым қымыз өтпестен, өте өкінішпен Бессаланың бөктерінде Бибісара кемпір де өлді. Өзге ештеңе өзгерген жоқ. Өмір өтіп жатты!
БҰЛ НЕ СОНДА?!
Ғұмырдың нәрі – бір жұтым қымыз сықылды да оның бірегей бояуы шынайы хроместезиясында! Жазушының өрімдей жас шағындағы осы әңгімесі – форма жағынан – новелла, эссе, хикяттардың жаңаша түрені сықылды бізге ерекше сезілген-ді... Иә... Өңгеше!
Сұраған РАХМЕТҰЛЫ